• Тарих толқынында
  • 02 Мамыр, 2020

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары: ЫНТЫМАҚ ҮШІН ЫМЫРА МАҢЫЗДЫ

– Жансейіт Қансейітұлы, Жамбыл облысындағы оқиғадан кейін Үкімет комиссиясының құрамымен Қордай ауданында болып қайттыңыз. Ел ішіне барып, білгеніңізді, көрген-түйгеніңізді өз аузыңыздан естісек...

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жергілікті халықпен бірқатар кездесу ұйымдастырылып, Қордай, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елді мекендерінің жағдайымен таныстық. Екі тарапты тыңдай келе, көпшіліктің ортақ пікірінен кейін тұрмыстық жанжалдың бірнеше себебі анықталды.

Біріншіден, дүнген этносының тығыз қоныстануы, соған арқа сүйеген кейбір өкілдерінің заң талаптарын белден басуы, әлеуметтік теңсіздік пен ұсақ-түйектен басталып, қалыпты жағдайға айналған әділетсіздіктер жоғары шегіне жеткен.

Екіншіден, жергілікті атқарушы және кейбір құқық қорғау органдарының тұрғындардың арыз-шағымына құлақ аспауы, тиісті заң талаптарының орындалмауы араздықтың басталуына негізгі себеп болып отыр.

Үшіншіден, арандатушылық әрекеттер мен үндеу ақпараттардың тарауы және отқа май құя түсушілер жағдайды тіпті ушықтырып жіберді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев туындаған жағдайдың себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң талаптарына сәйкес жазалауды тапсыра отырып: «Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге де тиісті міндеттер жүктелген, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті», – деп атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады», – деп кінәлілер анықталғаннан кейін ұлтына қарамай тегіс жауапқа тартылатынын жеткізді. Қазір тергеу жүргізілуде.

– Еліміздегі барлық этносты бір мақсатқа жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан тұрақтылықты қалпына келтіру үшін қандай қадамдар жасалды?

– Ең алдымен, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» парадигмасы осы жолы өзінің оң нәтижесін көрсетті. Мемлекет басшысы хабар жетісімен мәселені реттеу бойынша Қауіпсіздік кеңесі мен Үкіметті бірден іске қосты. Арнайы комиссия құрып, сол күні Қордай ауданына аттандырды.

Сол уақыттағы Премьер-Министрдің орынбасары, қазіргі Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен Үкімет комиссиясының құрамында Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Хахазов және «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Воинце жұмыс істеді. Еліміздегі барлық Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен кездесулер ұйымдастырылды. Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Бәйтерек, Қарасу, Қаракемер ауылдарындағы қазақтар мен дүнгендердің қатысуымен Ақсақалдар кеңесі құрылып, ҚХА ғылыми-сарапшылық топтары жағдайды тереңінен зерделеу мақсатында Қордай ауданына жіберілді. Оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында этномәдени бірлестіктердің «Жақыныңмен бірге бол!» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен өңірлердегі ҚХА хатшылықтарына және жергілікті әкімдіктерге қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын күшейту жөнінде міндеттер жүктелді.

– Қазақстан Президенті Twitter парақшасында «Бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!» деп жазды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз мәлімдемесінде «Қылмыс ұлтқа бөлінбейді» деген пікірді қолдайтынын білдірді. Екі халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кетпеуінің түпкі себептері неде?

– Этнос өкілдері тығыз орналасқан барлық аймақтағы мәселелерді шешу үшін тез арада жүзеге асып, нәтижесін беретін арнайы бағдарлама қабылдануы керек. Өйткені, жинақы қоныстанған ауылдардағы өзге ұлт өкілдерінің біздің қоғамға кірігіп, бірігіп кетуі үшін көптеген кедергі кездеседі. Олар көп жағдайда өз ана тілдерінде білім алады, бұл әр ұлттың өз салт-дәстүрін сақтап, төл тарихын білуге жақсы болғанымен, таяқтың екінші ұшы бар. Мектеп бітірген этнос жастары көп жағдайда Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсе алмайды, сол ауылдарда қалып, жұмыссыздар қатарын толықтырады. Болмаса, егістіктерде күні-түні бел жазбай еңбек етіп, сауда жасайды. Шамалары келгендері жеке кәсіп игеруге кіріседі. Шаруасын дөңгелеткендерге жалданатын тұрмысы төмен қазақтың қыз-жігіттері. Осыдан кейін олар өздерін – зор санап, қаракөздер өз жерінде өзін қор тұта бастайды. Әлеуметтік қайшылықтар бірте-бірте дау-дамайға, астамсуға алып келеді. Осыған дейінгі тұрмыстық төбелестердің барлығы осындай теңсіздіктерден, кедейшіліктен, жұмыссыздықтан туындағанын көреміз.

Дүнген этносының да тұрмыс-тіршілігі осыған саяды. Мемлекеттік тілді меңгермегеннен кейін қоғамнан оқшауланып, томаға-тұйық күн кешеді. Қыздарын жастай тұрмысқа беріп, ұлдарын ертерек аяқтандырады. Әскерге барып, азаматтық борышын өтейтіндер саны көп емес.

Халықпен кездесу барысында жағдайын жақсартып, бизнесін жолға қойғандар жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарымен тіл табысып, кез келген мәселені тамыр-таныстықпен шешетіні айтылды. Емханада да, мейрамханада да, сауда орындарында да қарапайым халыққа жоғарыдан қарап, заңды белшеден басу етек жайған. Бұл, әрине, қазақ ауылдарының ашу-ызасын тудырады, наразылығын оятады, намысына тиеді. Қазақ азаматтары арасындағы жұмыссыздық, тиісті орындарға сөзін өткізе алмауы, дер кезінде тиісті қолдаудың болмауы – қайшылықты күшейте түседі. Құқық қорғау органдары осындай келеңсіздіктермен күресіп, дер кезінде жауапқа тартып, тәртіпке шақырып отырса, жағдай осыншалық деңгейге жетпес еді.

Дегенмен, қандай түсінбеушілік, әділетсіздік орын алсын, оны реттейтін бізде ең алдымен заң бар. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Тәртіп бар жерде, тәрбие бар. Біреуге жұдырық ала жүгіріп, үйін тонап, көлігін қиратып, ауылды өртеп, астан-кестеңін шығарғаннан мәселе шешілмейді. Тәртіпке бағынбай, заңды аттап өтудің ақыры осындай өкінішке әкеліп тірейтіні белгілі.

Тәуелсіз ел атанып, егемендікке қол жеткізгенімізге 30 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде мемлекеттік, елдік мәселелер шешімін тапты, әлемге танылдық. Толеранттылық танытып, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекеніне айналдырдық. Әлі де түйіні тарқатылмаған әлеуметтік мәселелерді бейбіт жолмен, қантөгіссіз, ауызбіршілікте бірге шешуіміз қажет. Өзара түсіністік, сыйластық, бір-бірімізді құрметтей білу ғана бізді өркениетке жетелейді.

ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстандағы этностық топтар арасында мемлекетке таласу, жерді басып алу, саяси билікке ұмтылу деген сияқты ұлтаралық қақтығыстар тіркелген емес.

Дүнген этносы елімізге тұрақтаған 142 жыл ішінде территориялық тартысқа түсіп, мемлекеттің ыдырауына қауіп төндірмеді. Сондықтан, тұрмыстық жанжалдар мен бұзақылық әрекеттерге «ұлтаралық қақтығыс» деп баға беріп, өшпенділікті өршітуге болмайды.

Тепсе темір үзетін жастағы азаматтардың өмірін қиып, ешкім жеңіске жеткен жоқ, екі жақ бірдей зардап шекті. Оннан аса шаңырақ ортасына түсті, әйел жесір, бала жетім қалды. Осыдан кім ұтты, кім ұтылды, бағамдап көрейік.

Аталарымыз тағдыр талайымен жерімізге келген барлық ұлтқа кеңпейіл, жомарт көңілін көрсетті. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлағатты сөзін ұлттық қағидатқа айналдырды. Біз де осы жолдан айнып, мұсылманшылықтан кетіп, адамгершіліктен аттамауымыз қажет.

Өз кезегінде құшағын ашып, бауырына басқан қазақ халқына алғыс ретінде тілін үйреніп, үлкенін сыйлап, кішісін құрметтеп жүрудің де еш қиындығы жоқ.

Елбасымыз: «Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес, жаулықтың ең үлкені, ең қиыны – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау», – дейді. Алдағы күнімізді, жарқын болашағымызды ойласақ, сабырға жүгініп, ынтымақ үшін ымыраға келу керек.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірқатары, кейбір зиялы қауым өкілдері мен танымал сарапшылар, БАҚ өкілдерінің өзі жағдайға жіті баға бере алмады. Олардың дені «бұл ұлтаралық қақтығыс» деген сарыннан әрі аспады. Тіпті «дүнгендерді шекара асырып қуып тастау керек, Ассамблеяны тарату керек, қазаққа қарсы жұмыс істеп отыр» дегендер де табылды. Мәселенің мәніне тереңінен үңіліп, астарын айқындауға тырыспады. Біржақты қаралаудан тұратын айыптаулар ақиқатқа жеткізбейтіні анық.

Жекелеген адамдардың бұзақылық әрекеттері үшін тұтас бір ұлт пен Ассамблеяның еңбегін тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Сол сияқты елімізде тұратын 70 мың дүнген халқының ел дамуына қосып жатқан азды-көпті үлесін мүлде жоққа шығарып, бұра тартуға болмайды. Ассамблея тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатын шараларға тайлы-тұяғымен белсене қатысады. Арыс оқиғасында да шет қалған жоқ. Былтырғы жылы апаттан зардап шеккендерге жіберу үшін Сортөбе ауылындағы дүнген этносынан 30 миллион теңге көлемінде қаржы жиналды. Бұдан бөлек, көп балалы отбасыларға үйлер салып, өз күштерімен 4 бұрғы қазып, ауызсу құбырларын орнатты. Игілігін 1000 отбасы көріп отыр.

Оларға мемлекеттік тілді үйрететін 5 дүнген тобы жұмыс істейді. Масанчи ауылында қазақ халқына алғыс ретінде ескерткіш орнатылған.

– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жағдайларды ушықтырмай, тұрақтылықты күшейтуді тиісті құрылымдарға және Қазақстан халқы Ассамблеясына тапсыра отырып, алайда «Ассамблеяның өкілетті құқығы жоқ» екенін айтты. ҚХА құзыреті немен шектеледі?

– Тәуелсіздік жылдарында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету бойынша саяси-құқықтық, институционалды-басқару жүйесі қалыптасты, этносаралық қарым-қатынастар саласы бойынша нормативті-құқықтық негіз жасақталды.

1995 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент Әкімшілігі жанындағы кеңесші орган ретінде қоғамдағы келісім мен татулықты сақтауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстарын жасап, этносаралық қатынастарды реттеуге атсалысады.

Ассамблея 25 жыл ішінде этностарды мәдени алмасулар шеңберінде біріктірді, түрлі мәдени-ағартушылық, танымдық шаралар арқылы халықтар достығын дәріптеп, негізгі міндетін атқарды. Бірде-бір этнос оқшаулану стратегиясын таңдап, саяси талаппен шыққан емес. Барлығы да ортақ Отанымыз – Қазақстан, ортақ мақсат, бір мемлекетке қызмет етеміз деп келеді. Қазіргі күні демографиялық ахуал өзгерді, қазақтың саны 70 пайызды құрап отыр.

Осы тұста Елбасының «Тарихымыз бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды. Бұл біздің кемшілігіміз емес, керісінше бізді томаға-тұйықтықтан сақтап тұратын фактор. Солай болғандықтан, біз барлық қазақстандықтарды біріктіретін ортақ ұғымның төңірегінде топтасуымыз керек. Қазақстан халықтары Ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясы деп өзгерткенімізді қоғам түсіністікпен қабылдап отыр ғой. Бізде халық біреу – Қазақстан халқы. Түптеп келгенде, біз осы идеологиялық қадамның қазақтың ұлт ретінде әрі қарай нығаюына, этностық топтар өкілдерінің жай ғана қазақстандық тұрғын емес, ділі мен дүниетанымының қазақстандық рухта қалыптасуына барынша ықпал ету жағын басты нысана етіп алуымыз керек. Бұл жолда қазақ халқының алдына өзге этностарға өзінің рухани құндылықтарын сіңіре отырып, тұтастай елдікті қалыптастыруға қатысты тарихи рөл жүктелмек» деген сөзін назарға алғым келеді.

Ендеше, мемлекеттің тұтастығы мен қоғамның бірлігін сақтау, ұлттық идеологияны қалыптастыру Ассамблеяның ғана емес – Қазақстанды мекен еткен барлық азаматтың қасиетті борышы болуы тиіс.

– Еліміздегі қоғамдық бірлік пен этносаралық татулықты сақтау үшін алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер қайталанбасын десек, ендігі жерде қандай тұжырым жасалуы тиіс?

– Ең алдымен этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтардағы ахуал жыл он екі ай қатаң бақылауда ұсталып, жанжалдардың туындау себептеріне дер кезінде назар аударылып, тиісті орындар шешім қабылдап отыруы қажет.

Шекарамен байланысып жатқан аймақтарға арнайы талдау топтарын жиі жіберіп, жағдайды зерттеп отыру да маңызды деп есептеймін.

Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілетті органдармен бірлесіп, этностар тығыз қоныстанған аумақтардың «қауіптілік картасын» жасауды көп ұзатпай қолға алғаны тиімді болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығымен және ғылыми-сарапшылық кеңесімен де тығыз әріптестік байланыс орнатып, этносаралық қарым-қатынас саласындағы бірыңғай әлеуметтік және этномониторинг жүйесін қалыптастыру да күн тәртібінде талқыланатын уақыт келді.

Қордайдағы оқиға жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарының төтенше жағдайда жедел әрекет етуге дайын еместігін көрсетті. Сол себептен шиеленісті жағдай қаупі туындағанда, орталық және жергілікті атқарушы билік өкілдерінің іс-қимыл алгоритмі мен кешенді жоспарын бекіту қажеттігі туындап отыр. Біз өз тарапымыздан этностар шоғырланған шағын жерлерде құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметкерлер үшін оқыту семинарларын ұйымдастыруға баса назар аудармақпыз.

– Жамбылдағы жағдайдан кейін этностардың интеграциясы қызу талқы-ланды. Қайтсек бір-бірімізге құрметпен қарап, татулығымызды нығайта түсеміз?

– Ең алдымен, мемлекеттілік идеясын белсенді түрде насихаттау керек. Бос даңғойлық, популизм мен әсіреұлтшылдық және жалған патриотизмнің қауіп-қатерін түсіндіріп отыру артық етпейді. Зиялы қауым өкілдерін мемлекеттің қоғамдағы тұрақтылық пен келісім саясатын жұртшылыққа түсіндіруге жұмылдыру қажет.

Бұған қоса, қазаққа бәрі дұшпан, бәрі қас, «өзге ұлттардан қауіп төніп тұр» дейтін популистік көзқараспен күресу керек.

Жалғыз біздің еліміз ғана емес, Ресей, Болгария, Батыс Еуропада да тығыз қоныстанған этностар бар. Оларда да осындай бұзақылық әрекеттер бой көрсетіп отырады. 2005 жылы Ресейде – Кондопога оқиғасы, 2007 жылы арабтар бүлігі орын алды, 2016 жылы Франциядан сығандар қуылып, Болгария мен Румынияға қашып келді.

Дәл осындай жағдайлардың туындауына не түрткі болатынын дәл болжап айту қиын. Дегенмен, ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, олардың дені кәмелетке толмаған балаға, әйелге жасалған зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты қылмыстық әрекеттерге қарсылық ретінде басталып, қоғамдық дүмпуге ұласады.

Қазақстан бойынша Түркістан облысында тәжіктер, Жамбыл облысында дүнген мен күрдтер, Алматы облысында ұйғыр, күрд және түрік месхедтері, Алматы қаласының «Заря Восток» шағын ауданында дүнген мен күрдтер тығыз орналасқан. Түрлі этнос өкілдері тығыз тұрып жатқан аумақтардың әлеуметтік, экономикалық мәселелерін шешуге Ассамблеяның құзыреті жетпейді, бұл әлеуметтік-экономикалық салалар мен білімге, мәдениетке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылатын жан-жақты, кешенді жұмыс.

– Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өткен аптада сізді қабылдап, Жамбыл облысындағы дүнген қауымының жергілікті қазақ қауымдастығымен араласуына, қазақ тілін үйренуіне мән беруді тапсырды...

– Достық үйлерінде қазақ тілін үйрету бойынша курстар ашу, этностарға арналған тіл үйрету әдістемесін жасақтау туралы ұсыныстарымызды тиісті орындарға жеткізетін боламыз. Ассамблея өз жұмысында қазақ қоғамының ерекшеліктерін үнемі ескеріп келеді. Яғни, мемлекеттің иесі – қазақ екенін, барлық этностар қазақ ұлтының төңірегінде топтасатынын, мемлекеттік тілдің – қазақ тілі екенін естен шығарған емес, осы бағыттағы жұмысын жалғастыра береді. Осы мақсатта жұмыс істейтін «Қазақтану» бағдарламасы бар. Өзге ұлт өкілдері қазақтың салт-дәстүрін, тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, тұрмыс-жағдайын үйретуге арналған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге бағытталған «Мәміле», «Мың бала» бағдарламасы жұмыс істейді. Өзге этнос өкілдері арасында жылына бір рет қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тексеру үшін жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы қолға алынды. Түрлі ұлт өкілдері қатысқан республикалық деңгейдегі шара тек қана қазақ тілінде өтті. Қазақ тілінде өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелер көтерді. Абайдың өлеңдерін оқып, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджін жариялады. Орыс, украин, неміс, поляк, дүнген, корей ұлты өкілдерінің мемлекеттік тілдегі әңгімелерін тыңдай отырып, ниет болса, тіл үйренуге ешқандай кедергі жоқ екеніне көз жеткіздік.

Тіл форумы Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында жалғасын тапты, әрі қарай барлық аймақта қолға алынатын болады.

Түрлі халықтардың басын қосып, ынтымаққа үндейтін рухани шаралардың елді етене араластыруға, біріктіруге тигізер пайдасы көп. Түрлі ұлт өкілдері былтырғы Арыс оқиғасында жұдырықтай жұмылып, нағыз бауырмалдылықтың үлгісін көрсетті. Екі күн ішінде 51 млн. теңге жинап, зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып қолұшын созды. Жалпы, осы оқиға кезінде этнос өкілдері 156 млн. қаражат аударып, 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айырылған 46 мың оқушыға 514 миллионнан аса теңгенің көмегін көрсетті. Жалпы, Ассамблея өткен жылы мыңға жуық қайырымдылық шара ұйымдастырды, қайырымдылықтан түскен жалпы қаражат мөлшері 4,5 млрд. теңгені құрады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан, біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз. Барша қазақстандықтың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды» деген сөзі бар.

Ассамблеяның этно-мәдени бірлестіктері, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, Жастар ұйымдары, Медиация кеңесінің қызметі үшін арнайы қаражат бөлінбейді. Құрылымдардың барлығы қоғамдық негізде ортақ Отанымызға деген шексіз патриоттық сезіммен жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Бұл ширек ғасырдағы Ассамблеяның жүргізген тиімді саясатының нәтижесі. Олар осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін атқара береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Дина ИМАМБАЕВА 

465 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз