• Заманхат
  • 01 Маусым, 2020

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ

Қайыржан ТОҚЫШЕВ, Республикалық «Sanaly urpag» жобалық кеңсесінің жетекшісі: Елімізде біршама уақыттан бері жастардың жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру бағытында «Саналы ұрпақ» жобасы жүзеге асып келеді. Осы ретте біз республикалық «Sanaly urpag» жобалық кеңсесінің жетекшісі, қоғам қайраткері  Қайыржан Тоқышевпен жүздесіп, аталған жобаның мән-маңызы жайында білген едік. Аталған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Қайыржан Ахметбекұлы, «Sanaly urpag» жобасының мақсаты қандай? Мұндай жобаның идеясы неден туындады? – Жобаның мақсаты – білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру. «Sanaly urpaq» жобасы (бұдан әрі – Жоба) ҚР cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің салалық жобасы болып табылады, ол еліміздің білім беру саласындағы жоба субъектілерімен (балабақшалар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, орта арнайы (кәсіптік) және жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар, докторанттар, оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, ата-аналар) олардың құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, академиялық адалдықты, оқу орындарының ашықтығы бойынша жүйелі және ауқымды жұмыс жүргізуге бағытталған. Білім беру саласы cыбайлас жемқорлыққа бейім сала екені бәрімізге белгілі. Халықаралық сарапшылар еліміздегі жоғары білім саласындағы жемқорлықтың жоғары деңгейіне назар аудара отырып, осы саладағы cыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін елеулі шаралар қабылдау қажеттігін атаған болатын. Атап айтқанда, осы саладағы cыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ауқымды талдау қажеттілігі, cыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарлауды жетілдіру, қызмет және аккредитациялау ашықтығын қамтамасыз ету, сатып алу тәртібін жетілдіру және т.б. Ел халқының төрттен бір бөлігі, яғни, 4,5 миллион адам – мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мұғалімдер мен оқытушылар білім саласында. Ал, осы санға білім саласымен тікелей байланыстағы ата-аналарды қоссақ, Қазақстан халқының тең жартысынан астамы болып шығады. Сондықтан, жобаның идеясы халықтың көп шоғырланған салаға cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және алдын алу мақсаты үшін туындаған. Жоба 2018 жылғы 18 сәуірден бастап республикалық жоба ретінде Алматы қаласында жұмыс істей бастады. Өйткені, Алматы қаласында 39 жоғары оқу орны, оның ішінде 8 Ұлттық университет, 88 колледж, оның ішінде 27-сі мемлекеттік республикалық және қалалық колледж, 266 мектеп, оның ішінде 205 мемлекеттің меншігіндегі мектеп және 893 бала-бақша, оның ішінде 185 мемлекеттік бала бақша жұмыс істеп келеді, сондықтан, Алматы қаласында жобаның оң тәжірибелерін сынақтан өткізіп, республиканың басқа аймақтарына таратуға ыңғайлы. – Жобаның осы уақытқа дейінгі нәтижелері жөнінде айтып өтсеңіз? – Жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ғылыми-білім беру кластерін ұйымдастыру жолымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдады. Кластердің өзегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ болып табылады, оның негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру жолымен сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жаңа тәсілдер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияларды әзірлеу, іргелі іздестіру және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесі және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы жаңа арнайы курстар әзірленіп, білім беру бағдарламаларына енгізуге мұрындық болды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламаларына келесі элективті курстар енгізді: «Мемлекеттік қызметкердің этикасы»; «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет негіздері»; «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері», «Парасаттылықты қалыптастыру мәселелері», «Құқықтағы парасаттылық», «Цифрландыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет құралы ретінде». Сонымен қатар, «Парасаттылық пен парасаттылық көшбасшылықтың негізі ретінде» пәнаралық курсы енгізілді. Білім беру саласындағы әрбір мақсатты топ үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдар мен бағдарламалар әзірленді. Білім беру мекемелері қызметінің негізгі бағыттарын зерделеу және талдау үшін сараптамалық топтар құрылды. Білім беру ұйымдарының басқару шешімдерін қабылдаудың ашықтығы мен мөлдірлігі, жоғары оқу орындары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігі, жоғары оқу орындарының корпоративтік этика кодекстері, білім беру мекемелеріндегі ішкі тәртіп ережелерінің үлгілері дайындалып, таратылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді, оның негізін екібасты қағида – ғылыми көзқарас пен жүйелілік құрайды. Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті сапасын талдау негізінде әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінде: Мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде мүмкін болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Осылайша, мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің, орта-арнайы оқу мекемелердің (колледждердің) және жоғары оқу орындарының картасы жеке әзірленді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Парасатты қала туралы ертегі» мультипликациялық анимациялық фильм, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері» электрондық мультимедиялық оқулық, «Парасаттылық пен ізгіліктің әдебі» бойынша оқу құралы шығарылды. ҚазҰУ-дың цифрлық платформасында жоғары оқу орындарының студенттері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадан бірінші республикалық онлайн олимпиадасы өтті (Олимпиада екі кезеңде өтті. Бірінші кезең тестілеу түрінде өтсе, екінші кезең – бейнефайлдардың презентациясы түрінде өтті. Олимпиадаға Қазақстанның және жақын шетелдердің жоғары оқу орындарынан 144 студент қатысты). – Қоғамның, жастардың жемқорлыққа қарсы иммунитетін, сана-сезімін қалай қалыптастыруға болады? Жемқорлықтың мемлекетімізге әкелетін зардаптары мен зиянды тұстары қандай? – Алдын-алу сипатындағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуі қажет. Мұндай іс-шаралар мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының барлық негізгі тұстарын қолжетімді формада жеткізуі керек. Сонымен қатар,парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру мақсатында ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін, ырым-тыйымын насихаттасақ нұр үстіне нұр болар еді. Нақты ақпаратты жеткізуде жастармен кері байланыс алу, тәжірибеде әрбір оқу орнында, басқа да мекемелерде жемқорлық тәуекелдерін қалыптастыратын сұрақтар мен мәселелерді нақтылау маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс формальды сипатта емес, нақты ұйымдастырылуы қажет. Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау құралдарының барлық арсеналын пайдалану әлі де өзекті проблема болып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат бір жолғы акциялармен және науқандармен, бұқаралық ақпарат құралдарындағы шаблон түрдегі сөздермен шектеледі, интернет кеңістік әлі де болса жеткіліксіз пайдаланылады. Сондықтан, біз алдын-алу профилактикалық жұмысты жүйелі жүргізуміз қажет. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясы сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатеріне қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршамызға мәлім деп ойлаймын. – Өткен жылдармен салыстырғанда елімізде жемқорлықпен күрес саласында ілгерлеушілік бар деп айта аласыз ба? – Әрине, ілгерлеушілік бар. Мысалы, Қазақстанда жемқорлыққа қарсы тиімді тетіктерді қалыптастыру бойынша дәйекті қадамдар жасалуда. 2015 жылғы 18 қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негізін құрайтын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Жаңа заңның қабылдануы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізудің заманауи нысандары мен әдістерін қалыптастыруда маңызды болды. 2019 жылдың 26 қарашасында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге бағытталған түзетулер пакеті бар. Осы Заңның қабылдануымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айтуға болады, өйткені, тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет бірінші басшылардың қоластындағы адамдар үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Тікелей бағынысты қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық анықталған жағдайда лауазымынан кетеді немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, басшыларға ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі міндеттерін жүйелі түрде орындамағаны үшін жауапкершілік енгізілді. Яғни, тікелей бағыныштылар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамаған болса да, бірақ, мысалы, талдау осы мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарылағанын көрсетсе, тиісті басшының тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралатын болады. Қабылданған Заңның тағы бір маңызды жаңалығы – нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы енгізу. Бұл механизм заңнамалық және заңнамалық актілерді әзірлеу сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. 2019 жылдың аяғында біздің еліміз халықаралық, беделді Еуропадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер ұйымына, қысқаша GRECO, қабылданды. Қазақстанның осы ұйымына қосылуы Еуропа елдерінің тәжірибесіне негізделген GRECO ұсынымдарын орындау арқылы ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік береді, сонымен қоса GRECO мүше мемлекеттердің құзыретті органдарымен тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың басында біздің Үкімет сыбайлас жемқорлық туралы мәлімдеген азаматтарды көтермелеудің жаңа Ережесін қабылдады. Осы Ережеге сәйкес төмендегідей көтермелеу сыйақы белгіленді:- пара немесе келтірілген залал немесе келтірілген жеңілдіктер немесе қызметтердің құны 1000 АЕК-тен аспайтын сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін (2 651 000 тенге) - төлем мөлшері (қылмыс санатына байланысты – ауырлығы - орташа ауырлықтағы, ауыр қылмыс үшін және аса ауыр қылмыстар үшін) 30-дан 100 АЕК-ке дейін (79 530-дан 265 100 теңгеге дейін);- егер пара немесе келтірілген залал сомасы немесе келтірілген жеңілдіктермен қызметтердің құны 1000 АЕК-тен (2 651 000 теңге) асып кетсе – комиссия мөлшері көрсетілген соманың 10% құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды (10 604 000 теңге). Осы Заңға және заңнамаларға енген өзгерістер биылғы және алдағы жылдары өз нәтижесін береді деп толық сеніммен айта аламыз. – «Sanaly urpag» жобасының оқу орындарында іске асуы қалай? – Жоба аясында республика бойынша 715682 оқушыны біріктіретін 3361«Адал ұрпақ» мектеп клубы жұмыс істейді және 472007 студентті қамтитын 808 «Саналы ұрпақ» студенттік клубы бар, олар парасаттылық пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Еліміздің оқу орындарында адалдық пен парасаттылық принциптерін қалыптастыру үшін 2170 «адалдық дүкені» ашылды. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін 68 студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылған (анықтамалар беру, дипломдар мен транскрипттердің телнұсқаларын беру, студенттерді оқу пәндеріне тіркеу және т.б.). Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы эссе, суреттер, бейнероликтер, өлеңдер мен жобалар конкурстары («Сыбайлас жемқорлық – теріс құқықтық және әлеуметтік құбылыс» тақырыбындағы дебаттар; «Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым» брейн-рингтері; «Адал бол» акциясы аясында жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің бейнеайналымы ұйымдастырылды; Алматы қаласы жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын түсіндірме-бейнеайналымдары; сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта әлеуметтік бейнероликтер, вайндар мен челлендждер дайындалды және әлеуметтік желілерде орналастырылды; жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы жастар ұйымдарының рөлі» тақырыбында үздік эссе конкурсы; «Отан отбасынан басталады» байқаулары және т. б.) тұрақты өткізіліп келеді. Мысалы, алғаш рет «Мен жастарға сенемін» форумы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-инновациялық жобалар байқауы өткізілді (Байқау қорытындысы бойынша «Opportunity building» жобасы үздік деп танылды, ол Парасаттылық мектебі аясында халықтың барлық топтарын біріктіретін ІТ-платформасын құруды; өмірлік маңызды мәселелерді шешу мақсатында студенттердің, ПОҚ-тың күш-жігерін біріктіру үшін парасаттылықтың арнайы сайтын ұйымдастыруды көздейді). Оқу орындарының басшыларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу тәртібі бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен әдістемелік семинарлар ұйымдастырылды (Осы мақсатта ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді: «Цифрлық құқық: Қазақстандық үлгінің ерекшелігі және дамудың жаңа бағыттары». «Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құқықтық және басқару тетіктері (ұлттық және шетелдік тәжірибе)»; «Біздің таңдауымыз құқықтық мемлекет». «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері: проблемалары мен жетістіктері»; «Академиялық адалдық: мәселелері мен шешу жолдары»; және т.б.). Құқықтық пәндерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы пәндерді оқытатын педагогтардың біліктілігін арттыру бағдарламасы дайындалды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оларды жою жолдарын анықтау бойынша мектеп және колледж директорлары үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Жобалық кеңсе эксперименталдық режимде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүйесін сынақтан өткізді. Жалпы алғанда, ол еліміздің жетекші ЖОО-ның 16 мыңнан астам студенттері мен оқытушыларын қамтыды (Мониторинг әдіснамасы «Оқытушы студенттер көзімен», «Оқытушы әріптестер көзімен», «Студенттердің қанағаттануын бағалау», «Университет түлектер көзімен», «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» сияқты жаппай сауалнама жүргізу және ішінара сауалнама жүргізу негізінде пікірді анықтаудың тұтас сериясын қамтиды. Олар жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жай-күйі мен тиімділігін бағалаудың бірыңғай жүйесін құрайды. Оның негізіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» жобасы аясында жеті жыл бойы жұмыс істеген практикалық әзірлемелер алынды. Осы жобаны жүзеге асыру университет қызметінің барлық салаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялардың тұтас кешенін енгізуге және олардың тиімділігін үнемі бағалап отыруға ықпал етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің сыналған жүйесі студенттер мен оқытушылар тұрғысынан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтауға мүмкіндік береді. Ол келесідей маңызды параметрлерді бағалауды қамтиды: оқытушылардың корпоративтік мәдениет кодексінің нормаларына сәйкестігі және кәсіби құндылықтарға бейімділігі, білім беру-тәрбиелеу процесінің ашықтық дәрежесі, оқу жетістіктері мен академиялық адалдықты бағалаудың объективтілігі, көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану және ЖОО-да әділетсіз, теріс әрекеттердің таралу деңгейі). Жобаның «Академиялық адалдық» бағыты бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың, білім беру ұйымдары үшін академиялық адалдық кодексінің, ЖОО-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы туралы ережелердің және т.б. жобалары әзірленді. Қазіргі уақытта барлық оқу орындары аталған құжаттарды қабылдады. 2019-2020 оқу жылының басында қабылданған академиялық адалдықтың ережелерін сақтау мәселелері бойынша студенттермен және профессорлық-оқытушылық құраммен кездесулер өткізілді. Көптеген университеттерде «Универ» жүйесі жұмыс істейді және оған оқытушылар мен студенттер жеке логины мен паролі болған жағдайда кіре алады. Жүйеге студенттердің сабаққа қатысуының, үлгерімінің электронды журналы, электрондық ведомостар енгізілген. Оларды қолданушылардың кез-келгені көре алады. Жүйе оқытушылар үшін журналға балл қою және ведомостарға баға қоюға уақытын шектейді, сабаққа қатысу, үлгерім журналдарына қойылған күмәнді белгілер туралы есептер қалыптастырады, емтихан билеттерінің генерациясын жүзеге асырады, емтихан құжаттарын шифрлайды, онлайн-тестілеуді және бітіру жұмыстарының антиплагиат жүйесі арқылы өтуін қамтамасыз етеді. Профессорлық-оқытушылық құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың ағымдағы деңгейін әлеуметтік зерттеу мақсатында 2019 жылы қысқы және жазғы сессия қорытындылары бойынша екі рет еліміздің жоғары оқу орындары студенттерінің арасында анонимді сауалнама жүргізілді. Сұралған студенттердің 71,6%-ы (қысқы және жазғы сессия қорытындысы бойынша қайта сауалнама жүргізу кезінде саны 73,5%-ға дейін өсті) ешқашан жосықсыз іс-әрекеттермен (пара, сыйлықтар, жеке байланыстар) кездеспеген. Сауалнаманың нәтижелері ректорлармен талқыланып, зерттеу нәтижелерін профессорлық-оқытушылық құраммен одан әрі талқылау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша алдын-алу шараларын қабылдау үшін университеттерге жіберілді. Осы жылы «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы Қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттерінің арасында онлайн-сауалнама жүргізді, онда жобалық кеңсе осы сауалнаманы ұйымдастыруға белсенді қатысты. «Таза сессия», «Адал бол» акциясы, ашық сабақтар және басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде «Парасат» атты парасаттылық мектептері мен орталықтары, лекторлық топтар (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰҚПУ, ҚазҰАУ және т.б.) құрылған. Жалпы, ел бойынша барлығы 1695 парасаттылық мектебі жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың басынан бері Жоба аясында жалпы саны 285 920 адамды қамтыған, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдайтын тұлғалардың санын ұлғайтуға бағытталған 8821 іс-шара өткізілді. Оқу орындарының мөлдірлігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мәселелерінде білім беру ұйымдарының сайттарына талдау жүргізіледі және мониторинг қорытындысы бойынша сайттарды толтыру бойынша ұсыныстар жіберіледі. Бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану ақпараты сайттарды толтырудың міндетті талаптарының бірі болып табылады. ЖОО сайттарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» бөлімі бар. Бұл бөлім «Ректордың виртуалды қабылдауынан», «Ректордың блогынан», «Студенттер мен ата-аналарға арналған сенім телефонынан», «Сенім жәшігінен» тұрады. Жыл сайын білім беру ұйымдарының бизнес процестерін автоматтандыру және оңтайландыру жақсаруда. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында жатақханадан орын беру үшін білім алушылардан өтініштерді қабылдау және өңдеу процесі цифрландыруға көшірілді. Сол сияқты, мемлекеттік қызмет көрсетудің, мысалы, балабақшаға, мектепке тіркеу сияқты түрлері сандық форматқа ауыстырылды. – Еліміздің басқа өңірлеріндегі жоба үйлестірушілерімен байланыс жасап отырасыздар ма? Жұмыс жоспарларыңызды қалай жоспарлайсыздар? – Міндетті түрде басқа өңірлеріндегі жоба үйлестірушілерімен тұрақты байланыс бар. Былтырғы және үстіміздегі жылдары мен әдістемелік көмек көрсету мақсатында Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында, Шымкент, Семей, Теміртау қалаларында болдым. Алматы қаласында барлық өнірлердің өкілдерімен жобаның негізгі бағыттарын іске асыруға арналған әдістемелік семинар өткіздік. Жоба аясында өнірлерде айтарлықтай жұмыс бар. Мысалы, Ағымдағы жылдың басынан бастап Алматы облысының жастарға қызмет көрсету орталықтары жанынан Студенттік омбудсмендер бұрыштары құрылды. ЖОО-да студенттер арасынан баламалы негізде студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін омбудсмендер сайланады. Бұл жоба студенттердің дамуына, құқықтық сауаттылығын арттыруға және дуальді білім беру бағдарламасы ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Шымкент қаласында «Саналы ұрпақ» жобасы аясында «Парасат қонағы» клубы жұмыс істейді. Онда ағарту штабының мүшелері, қоғамның белсенді мүшелері және басқа да құрметті қоғам қайраткерлері жүйелі негізде парасаттылық қағидаттарын тарату және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша семинарлар өткізеді. Тек Қарағанды облысында парасаттылыққа арналған іс-шараларға165920 адам - мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының оқушылары қатысты; СҚО-да 20 колледж және 125 мектеп базасында «Адалдық аумағы»акциясы өткізілді, оған 2 мыңнан астам студенттер мен 18 мыңнан астам мектеп оқушылары қатысты. Ақтөбе облысының жастары бүкіл республика бойынша өз ізбасарларын тапқан «Адалдық Жолымен» челленджінің басталуын жүзеге асырды. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан және батыстағы 4 облыстарға бару жоспарланып отыр. – Өзіңіз жайында айтып берсеңіз? Қай жерде туып-өстіңіз? Еңбек жолыңыз жайында біле отырсақ? – Мен Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданында тудым. Қарағанды қаласында оқып, білім алдым. Инженер-механик және заңгер мамандығым бар. Институттан кейін сол кездегі Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы Қоянды совхозында механик, бас инженер, партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқардым. Одан кейін Егіндібұлақ аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, Егіндібұлақ ауданы Қазыбек би ауданы болып аты ауысқанда аудан әкімінің орынбасары, 1997 жылы Қазыбек би ауданы жабылып, Қарқаралы ауданына қосылғанда аудан әкімінің бірінші орынбасары болып қызметім жалғасты. 2000 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агентіктің Қарағанды облысы бойынша департаменттің басшысының орынбасары, 2011жылдан бастап осы департаменттің басшысы-тәртіптік кеңестің төрағасы болдым. 2014-2018 жылдары аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменттің басшысы – әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болып, зейнеткерлікке шықтым. 2018 жылдың сәуір айынан осы уақытқа дейін республикалық «Sanaly urpag» жобалық кеңсесінің жетекшісі ретінде Алматыда қызметім жалғасуда. 2019 жылдың қараша айынан бастап «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшесімін. Тағдырым маңдайыма кең байтақ еліміздің орталық, батыс және оңтүстік өңірлерінде қызмет жасауға жазған екен. Бүгінде жинақталған өмірлік тәжірибемді жастар тәрбиесіне, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат жүргізуге пайдаланудамын. – Қашан көрсек те, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүресіз. Тәжірибеңіз де жетерлік. Осы орайда соңыңыздан еріп келе жатқан жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай? – Жастарға айтарым, біз еркіндік деп екпіндеген, тәуелсіздік деп тулаған, бостандық деп бұлқынған байрақты бабаларымыздың ұрпағымыз. Жастардың бойында Абай атамыз айтқан парасатты адамның үш қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек болуын қалаймын. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, болшағымызды баянды ету, жемқорлықсыз, жаңа тұрпатты қоғам құру – жастардың қолында. Біз санасы сергек, ойы орамды, жүрегі жалынды жастардың қолдауымен ғана жемқорлықтан арыла аламыз. Оқуда дана, еңбекте дара, елге пана болыңдар деп тілек айтамын.

– Әңгімеңізге рақмет! Әңгімелескен Айбол АБАШОВ

 

1629 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз