• Заманхат
  • 09 Қаңтар, 2013

ТАЛЫС (Аңғарту орнына)

Тұрсын Жұртбай, жазушы

Ең қасиетті де киелі күрес – рухани бостан­дық пен рухани тәуелсіздік жолын­дағы жан қасымы, ең жауыз және ең қастаншықпағыр саясат – бір ұлтты екін­ші ұлттың рухани тәуелді етуіне бағытталған саясат. Саяси, экономикалық, шекаралық тәуелділікке ұшыраған ұлт – құрып кетудің қаупі төнген ұлт. Ал, осыған қоса рухани тәуелділікке ұшыраған ұлт – құрып кетуге бет алған ұлт. Саяси, экономикалық, шекаралық тәуелсіздігі бар, бірақ та рухани тәуелді ұлт – құрыған ұлт. Өйткені, оның санасы тәуелсіз ұлттың санасы емеc, Абай айтқан, түйсігінен ұйыған «көп айтса көндіге» көндіккен «баспақтың» көндімі. Туған халқын көксеген азаттығына жеткізген ұлы күрескерлер де басыбайлылық пен бостандықтың психологиясынан құтыла алмаған. Бұған Мұхтар Әуезовтің Дж. Нерудің «Индияны тану» атты кітабындағы: «Индияның бүкіл болмысы менің қанымда қайнап тұр, оның бойындағы құбылыстардың барлығы менің жандү­нием­ді қатты тебірентеді. Сонда да, мен өз еліме, оның бүгініне, өзім байқаған өткен­нің сарқыншақтарына жаттың көзімен, және сондай жеккөрінішпен қарадым. Мен өз елімді батыстың көзқа­расы арқылы таны­дым және кәдімгі дос­тық пейілдегі еу­ро­палық оған қалай қараса – мен де солай қарадым... Өйткені менің елімнің тари­хы ағылшындардың көзқарасымен жасал­ған тарих еді»,– деген тұсына көк бояулы қарын­дашпен: «Менің халқымның да тарихы солай жазылды»,– деп белгі қойғаны дәлел. Иә, ұлылардың ойын ұлылар ғана терең түсінеді. Демек, біз қанша дербес ойлаймыз, тәуелсіз жазушымыз, тарихшымыз дегеннің өзінде, жанымыз бен тәніміздегі басыбайлылыққа байлаулымыз. Ұлы адамдардың ұлы жүрегін кеулеп кеткен тәуелділіктің күйдіргісі – ғұмырын тәуелсіздік үшін күреске бағыштаған жандардың жанын шырмап алғанда, пейілін пиғылына жеңдірген қарапайым пенденің көкірегіндегі өксік қаншама десеңізші! Міне, бұл әфсана осындай ұстанымды нысана еткен, жеке тұлғаның басына қатыс­ты оқиғалар мен себеп-салдарға, түр­лі психологиялық, идеологиялық аран­датулар мен бопсаларға қатысты деректер мен құжаттарға, жымсымалар мен сыпсымаларға, хабарлар мен хаттарға берілген түсініктеме ғана емес, сонымен қатар, сол тұстағы заман талқысына түскен, жұлын-жүйкесі шүйкеленген, түйсігі үреймен тітіркенген тұлғалардың пенделенуі мен пенделердің ірілену барысындағы жантығы мен жансарына деген автордың көзқарасы да болып табылады. Егерде кейбір ашық кекесінді есеуіріндер ұшырасса, ол біздің сол адамға деген жеке жатсынуымыз емес, жазушының өзі ұстанған көзқарастың сесі мен мысы екенін, соны аңғарту үшін сол ырықта жазылғандығын ескертеміз. Сондықтан да, жалпы қоғамды жанталас­қа түсірген жансебіл жанығудың есебі мен себебін қазымырлана қазбала­ғандай көрінгіміз келмесе де, тұлғаны құмықтырған қысымның қыспағы оқыр­ман­ның да жадын жаңғыртып, сол көңіл-күйді сезіне отырып, санасында саралатуды қалаған жазушылық ырқымыз болды. Кей тарауда тікелей басты тұлғаға қатыссыз аты-жөндер сыналана кіріктіріліп, басы артық сілтеме мен үзінді келтірілген сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, сол «қыстырмалар» арқылы жазушы да әлденені емеуірін етіп отырғанын біз де сіздерге емеуірін ете кетеміз. Отыз жыл екшеп, он жыл жазылған «Жегі» мен «Тездің», соның ішінде «Талқының» ұзына желісін байыппен шыжымдаған аңғарлы зиялы мұның астарын аңғарар, әдібін жазар деген үміттеміз. Тіпті, сонша бір тереңдеп те жасырылған жоқ. Шындықтың да кейде осындай бір дәрменсіз күйге түсетіні бар екен. Сонымен, бұл әфсана: рухани тәуелді­ліктің танымына талыс боп тартылып, тартысып өскен ұрпақтың тәуелсіз «мәң­гі­лік ел» тұжырымына негізделген Біртұтас Алаш идеясының ұстанымын – тәуелсіз санамен тәрбиеленген келер толқынның назарына ұсынған тәжірибе толғамы1. Рухани тәуелділік атты талыстың көні әлі жібіген жоқ. Соның пұшпағын жібітетін бір бүркім су болса екен деген тілекпен, барлық жиған-тергенді жеке бір тұлғаның тағдырына негіздей тәпсірледік. Сонымен қатар, әр жерде үзінді, жеке пікір ретінде жырымдалып жарияланған үзіктердің басын қосып, «Ақиқат» арқылы сол тұлғаларды тұмсыратқан бір ғасырлық рухани арандатудың астарын ашып, әдібін жазғымыз келді. Ниет – дұрыс, тілек – қалыс. ТҮРМЕ ТАЛҚЫСЫ 1. Ұлттың, тұлғаның, таланттың, әр пенденің рухы – қасиетті. Одан асқан асқақ және мәңгілік күш жоқ. Дүниенің тұтқасы да сол рух. Рух өлген тұстан, рухани тәуелділік басталады. Ал, рух телмірген, телінген сәттен бастап адамзат – ақыл-парасатты дербес шешімінен, ұлт – тәуелсіздігінен, тұлға – дара ойлау жүйесінен, талант – танымнан, адам – ар-ождан бостандығынан айырылады. Рухсыз – Алланың қолындағы аманатқа берген жаныңның өзі кеудеңе қонақ таппайды, яғни, рухыңның өзі күштінің шеңгеліне ілінеді. Рух еркіндігінің көрінісі – рухани мәдениет, өнер, әдебиет. Ал, рухани мәдениет еркіндігінен айырылған ұлт пен талант – жаны кеудесінен суырылып алынған, сүлдесін сүйретіп, жанын жалдап күн көрген кебін иесінің кебін киеді. Ерік-жігерсіз сүлде иесі жанын сатып, жалдамалы күн кешіп, күшті мен «күшті өкіметтің» (Шәкәрім) аса қауіпті жазалау құралына айналады. Қадым заманнан бері ешқандай мемлекет пен жаhангердің ашықтан-ашық жүзеге асыруға дәрмені мен пәрмені жетпеген мәңгүрттік жазалау тәсілін кеңес өкіметі қысылып-қымтырылмастан-ақ «іске қосты». Міне, бұл ұлт пен ұлыстың, тұлға мен таланттың, тобыр мен жеке адамның жаппай басыбайлануының басы, мәңгүрттік дәуірдің қарсаңы еді. Сондай алмағайып сәтте: «Әдебиет соңынан жарық алып түстім»,– деген Мұхтар Әуезовтің де маңдайының бақыты мен сорының қаншалықты қалың екендігін екшеп жатудың қажеттігі бола қоймас. «Дүние астан-кестен болған заманның адамдары» (Мағжан) болғандықтан да пешенесіне осындай талқы жазылып­ты. Мұны олардың өздері де, сүлде сұрқыл­тайлары да сезді. Өйткені, азаматтық соғыс аяқталысымен, дәлірек айтқанда, жиыр­ма екінші жылдан кейін, кеңестік кеңкелестер ең шешуші және қасіретті майданды, өздерінше айтқанда «мәдениет майданын», ал, мағынасы бойынша «мәң­гүрттік майданын» ашты. Бұл ұзаққа созылатын, бірақ, ешқашан да жеңіске жеткізбейтін руханият майданы еді. Түбінде жазасыз құтылмайтынын білсе де, дүние дүр сілкінген дәуірде, рухани күш иелері де бір серпіліп жан-жүйесін, санасын, өнердегі танымын талқыға салды. Ол ізденістері ақыры шарасыздыққа алып келді. Келешектің жолы кесіліп қалды. Ірі тұлғалар атылды, асылды, өзіне-өзі қол салды. Ол аздай, ұлты үшін барлық түрме мен азапты, қорлықты көріп, шыдап келген қазақ зиялыларына тұқымының үзілу қаупі төнді. «Алаш ісі» деген сылтаумен алдыңғы толқын түрмеге қамалып, үкімі шыққан тұста, екінші толқынның соңғы тұяқ серперінің бірі – Мұхтардың да басына зауал үйірілді. Рухында елдік қасиеті бар белсенді зия­лы­лар ойсоқты күйге түсті. Елдің иесіз қал­ғандығын, «Қужақтың» есе-теңдік бермей еңсеріп, жұртты қуырып бара жатқанын, рухани әлемнің жүдеп-жадағанын, Қалмақан Әбдіқадіровтан ұлттық тұтқа шықпайтынын анық сезінді. Кеңес өкіметін өз қолымен құрған Сәкен Сейфуллиннің өзі қызыл революцияны – жұтқа ұшыраған көтерем қызыл атқа балап дастан жазды. Алайда, не рухани көсем-идеолог дәре­жесіне көтеріле алмай, не өзінің дербес идеясын қалыптастыра алмай, Адам Атадан бастап Абайға дейінгінің түгелінің бетіне түкірген, бесігінен безгендер тобы шықты. Әдебиеттің ет пен терісінің арасында жүрген олар қазақ ұлтының рухани игілігіне қатты қауіп төндірді. «Жаңбыр бір жауса, олар екі жауып», шолақ өрт қойып отырды. «Қужақ» оларды өте ептілікпен пайдалана білді. Тірі куә қалдырмау үшін кейін өршелене өңешін жыртқан бұл «қызыл кеңірдектердің» де үнін өшірді. Мәскеу­дегі «Әдебиет энци­клопедиясында» Ахмет Бай­тұрсынов пен Мұхтар Әуезов туралы жоғары баға беріл­ген анықтама басылғанда әлгі «қызыл кеңір­дектердің» өзектері өртеніп кетті. Ораз Исаев пен Ізмұқан Құрамысов шырға тастап, Ғаббас Тоғжанов пен Әбдірахман Байділдин, Хамза Жүсіпбеков жазып, С.Сапарбеков пен О.Жандосов қол қойған «Ашық хат» 1929 жылы 19 көкек күні «Советская степь» газетінде: «Бір топ жолдастар – «Прав­да» газетінің және «Әдебиет энцикло­пе­диясының» редакциялық алқасы­на кейбір жазушы қазақ­тардың творчест­восына баға беруде «Энцикло­педияда» жіберілген қате пікірлерге орай қар­сылық – хат жолдады. Көпшіліктің ерек­ше назарын аударған осы хатты то­лық жариялап отырмыз»,– деген түсінікпен жария­ланды. «Жазушы – қазақтардың творчест­восы туралы» бұл «Ашық хат» Голо­ще­киннің айызын қандырды. Алаш азаматтарын «құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешуші соққының міндетін атқарған бұл хатты біз де толық келтіреміз. «Құрметті жолдастар! Біздің пікіріміз­ше, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығар­ма­ларына маркстік көзқарасқа мүлдем­ жат баға беріл­ген. Бәрінен бұрын Әуезовке тоқталайық. «Әдебиет энциклопедиясында»: «Ол қазіргі замандағы аса көрнекті жазушы, оның көр­кем шығармалары таңғажайып дәлдігімен және тарихи шындығымен дараланды»,– деп жазылған. Біздің ойы­мызша, бұл сы­пайылап айтқанда Әуезовтің өзін де, оның творчествосын да білмеу, түсінбеу болып табылады. Біріншіден, Колчактың тұсында, «Алаш­орданың» шығыс бөлімінің бел­сенді қайраткерлерінің бірі ретінде Әуезов Колчакқа қарсы күреспеді, күрес­кісі де келмеді, керісінше, сол кездегі бүкіл «Алашорда» үкіметі, оның ішінде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, кеңес өкіметіне қарсы күрескені белгілі. Бірақ та, кеңес өкіметі орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өтті де Қазаткомның хатшысы міндетін атқарды, алайда бұған қарамастан Әуезов саясатта да, әдебиетте де буржуазияшыл ұлтшыл қазақ байларының идеологы болып қала берді. 1922 жылы партияға қарсы алашор­дашыл идеологиясы үшін Әуезов партия­дан шығарылып, жазушылық пен оқытушылық қызметке ауысып кетті. Ол өзінің барлық шығармаларындағы қазақтың тіршілігін өткенді көксеген байдың көзқарасы арқылы баяндайды, қазақтың ескілігін – азаматшылығын жырлайды, қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, «данышпан» билерін, ардагер ақсақалдарын және феодалдық сал-серілерді мадақтайды, мадақтағанда да үнемі жағымды, бүгінгі күннің өзінде де оларды қадір тұтуға, үлгі етуге болатындай бейнеде суреттейді (Қараңыз: «Қаракөз», «Еңлік-Кебек»). Бұл – бұл ма. Жазушы Әуезов өзінің осынау реакциялық идеологиясын «әдеби сын» саласында да уағыздаумен болды. Байтұрсынов туралы берілген баға да дәл емес. Рас, революцияға дейін Байтұрсынов қазақтың ұлттық зиялы­ларының жетекші­лерінің бірі болды, патшалық саясатқа қарсы күресті, сол кезде ол қазақ тұрмысындағы ал­дың­ғы қатарлы буржуазиялық револю­ционер боп табылды. Алайда, мұның барлығы ешкімге де: «Байтұрсынов – қазақтың аса көрнекті ақыны» – деуге құқық бермейді... Ол ақын болған жоқ. Ол публицист болды және пуб­лицист болып қалады. Байтұр­сынов буржуазиялық ұлтшыл-қазақ байла­рының идеологы болып қала береді... Ол контрреволюциялық идеологияны уағыздады. Бүгінгі қазақ қоғамы Бай­тұрсыновты біздің партиямызға қарсы күрескен және күресіп келе жатқан реак­циялық алашордашыл интел­лиген­цияның бір көсемі деп санайды. «Әдебиет энциклопедиясының» редак­ция алқасы жіберген қателіктерді түзету мүддесін көздеген біздің бұл пікі­рімізге «Правданың» бетінен орын беруіңізді өтінеміз. Коммунистік сәлеммен: О.Исаев, Ә.Құра­мысов, Ғ.Тоғжанов, С.Сапар­беков, О.Жандосов, Х.Жүсіпбеков, А.Бай­ділдин». Сол кездегі қазақ зиялыларының қаймағы мен идеологтары мақұлдап қол қойған бұл «Ашық хат», шын мәнінде, мемлекеттің атынан жасалған ресми айыптау мәлімдеме еді. Бұрын Мәскеуге жалтақтаған жандар енді олардың да сөзіне қарсы уәж білдіре алатындықтарын байқатып, жонын көрсетті және мұқым кеңес империясына оларды жау деп жариялады. Іле-шала бір айдың ішінде Ахмет пен Жүсіпбек, Мағжан қамауға алынды. Қазақ ұлтының рухани тұтқалары тұтқын­далған соң, саяси сахнаны тылсым тыныштық басты. Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Сағыр Камалов, Ілияс Қабылов іспетті әр нәрседен дәмелі ұрпақтардың әдебиет төңірегіндегі шақпа тілді ұрандары баспасөзде жарияланғанымен, олардың пікірінің ұлы идеологияға ықпалы жүрмеді. Олардың сөзіне әлі тұлғалық салмақ біте қоймап еді. Тек өшіп бара жатқан қазанның отын қағыстырғандай ғана әрекет-тін. Ғаббас Тоғжанов қана киіп-жарып, қиғылық салып қойып отырды. Ал, мемлекеттің идеология саласын басқаратын қайраткерлер дымын ішіне тартып алды. Өйткені, Әбдірахман Байділдиннің өзі абақтыға қамалған соң, есерге де өмір керек, олардың барлығы бұқпалап, қалтарыста қалды. Өздерінің де жазалау диірменіне жем боп тартылып кететінін тез аңғарды. Диірменнің тасы етектеріне тиіп кетіп, тиіп кетіп жүрді. «Қарғайын десе – жалғыз, қарғамайын десе – жалмауыз» болды. Қамаудағы қайраткерлер оларды жақтырмаса да жалған айып тағып, біз көргенді – сен де көр демеді. Онда қазақ ұлты мүлдем иесіз қалатынын білді. Ал, әйгілі белсенділер тіске жұмсақ байлардың тамырын шабуға кірісті. Сонда да, түрме жақтағы дыбысқа қуыстана құлақ түрді. «Алашордашылардың» алдыңғы тергеу ісіндегі айыптау қорытындысын кейінгі лекке орайластыру үшін тергеушілер Дінше Әділев сызып берген кестеге сүйене отырып, Әбдірахман Байділдиннің: «Бірде ол (С.Сәдуақасов – Т.Ж.) ме­нің бөлмеме келді. Бұл құрылтайдан кейін шамамен 11-12 күн өткеннен соң болатын. Әңгімесін зілді салмақпен бастады. Ол: отаршылдар мені қуда­лауын тоқтатқан жоқ, керісінше, мені партиядан шығарып тастауы да мүмкін. Сондықтан да, бір батыл қадам жасағым келеді, бірақ не істерімді өзім де білмеймін»,– деді. Әуезов оған: «Ташкентке ауыс, содан әрі қа­рай басмашыларға қосыласың»,– деп ұсыныс жасапты. Әуезовтің бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместігін, бірақ та ол туралы менің пікірімді білгісі келетінін айтты. Мен Смағұлға не айта­рымды білмедім. Оның жағдайының сондай қиын екенін және көңілінің қобалжып жүргенін білетінмін. Алайда мен оның дәл осындай ойда жүргенінен және басмашыларға қосылып кетуге келісім бергенінен мүлде хабарсыз едім әрі ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған: дәл осындай келеңсіз кеңес берген обком партияның мүшесі және Казаткомның саяси хатшысы Әуезовтің кеңесі түсініксіз, оғаш көрінді. Мен біздің мақсатымызды (ұлт мәселесі жөнінде жүргізіп отыр­ған партияның бағдарламасын) басшылардың мүддесімен сәйкестендіре алмадым. Мен өзімше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебір шірік мақсатты көздеді ме деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуа­қасовтың көзін құртып, біздің ара­мыздағы көсем өзі болғысы келді ме екен деп топшылаймын. Себебі: ол кезде біздің мақсатымыз ортақ болса да, жершілдік, рулық тұрғыдан алғанда әрқайсымыздың жекелеген ішкі мүддеміз бар еді: Әуезов – семейлік, ал біз Сәдуақасов екеуміз – ақмолалық едік. Соңғы мәселе – Әуезовтің көкейін тескен шешуші мәселе сияқты боп көрінді маған... Бұл оқиғадан кейін мен Әуезовке күдікпен қарайтын болдым. Ол менің көз алдымда екіжүзді адам боп елестеді: бірінші Әуезов – партия мүшесі, жауапты қызметкер, ақылды кісі, біздің көзқарасымыздың көсемдерінің бірі, ал екінші Әуезов – бірінші адамның қасиетіне ие, бірақ та әлдебір астарлы оймен жүрген сияқты көрінді»,– деген көрсетуі негіз қалады. «Правдаға» жолдаған хаттың негіз­гі авторы және Мұхтардың өзімен түй­дей құрдас («Мұхтардың меншікті сұр­қылтайы»), 1897 жылы туған, «Пе­тро­павл округінің арғын руынан шыққан» (анкетада дәл осылай жаз­ған) Ә.Байділдин екені анық еді. Тер­геу барысында Байділдин өзін де, Әуе­зовті де Колчактың сыбайласы, «сәдуақасовшылар тобының» бел­сен­ді мүшесі қатарына қосты. Өзін «Алашорданың» жас қайраткері әрі Колчактың барлаушысы, сонымен қатар кеңес өкіметінің белсенді адал қызметкері ретінде сезінетін «Қаламның» – Ә.Байділдиннің шегінетін жері де қалмаған болатын. Өзін‑өзі әшкерелеу арқылы Смағұл мен Мұхтардан іргесін ажыратып алуға тырысқан ол, қырындысын қалдырмай қағазға түсірген. Осының өзі-ақ айып қорытындысын шығаруға толық жарап жатқан болатын. Бұл өте салмақты алғышарт еді. Сондықтан да, тергеушілер ойланып жатпастан Мұхтар Әуезовке: «Алашорданың» атынан Колчактың үкіметімен келісім жүр­гізді», – деген айып тақты. «Алашорда» үкіметінің Колчакпен уақытша одақ құрып, қазақ ұлтын қантөгістен аман сақтауға ұмтылғаны тарихи шындық. Мұхтарды «Алашорда» үкіметінің саясаты үшін жазғыруы жалпы қисынға келгенімен, тергеуде ол дәлелсіз күдік қана болып қалды. Саясат сахнасына енді ғана шыққан жиырма жастағы семинария оқушысымен келісім жүргізетіндей адмирал Колчактың басына ол кезде мұндай күн туа қойған жоқ болатын. Қалайда Әуезов пен Колчактың байланысын тікелей әшкерелейтін ешқандай сылтау да, дерек те табылмады. Сондықтан да тергеушілер Мұхтарды қаралап тынатын, бұлтартпайтын өзге қылмысты қарастырды. Екінші баптағы: «Ұлтшыл-контррево­лю­циялық астыртын ұйымға қатысты»,– дегенге Д.Әділевтің: «Сөйтіп жағдай шиеленісіп кетті... 1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін. Ташкентте мен оқу-ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президиум мүшесі болған. Мен Қожановтың әйелінің ағасының үйінде тұрдым. Сол кезде Жандосов та Ташкентке келді»,– деген жауабы себеп болды. Ал, тергеушілер «қыстап, барлық тәсілді қолданып, жалған мәлімет жаздырған Есім Байғасқинның: «Әнуар паша мен Заки Уәлидидің саяси сахнаға шығуына байланысты 1922 жылдың мамыр айында алашордашылардың арасында бір қозғалыстың басталғанын, алашордашыл Әуезов Мұхтар мен Тоғжановтардың қазақ ауылдарында ұлы түрікшілдік рухты насихаттағанын айтқамын (Менің бірінші жауа­бымды қараңыз). Петропавлдық алашор­дашылардың арасына осы ұлы түрік­шіл үгіт-насихатты жүргізген тұста, бір жолы сол кездегі губерниялық атқару комитетінің төрағасы Қазбеков Сма­ғұл, губерниялық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бейсенов Мұхамеджан және Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов, тағы да басқа мен аты-жөнін ұмытып қалған адам­дар өзара ұзақ кеңесті, бі­рақ ор­тақ ше­шім­­ге келген жоқ, сонда да өзара пікір алысуларын жалғас­тыра берді, ақырында Әнуар мен Заки­дің іс-әрекетінің нәтижесіне қарай қимылдамақ боп, ешқандай ше­шім қабылдамауға келісті»,– деген көрсетін­дісіне байланысты М.Әуезовке: «Орта Азиядағы басмашылардың қозға­лы­сы­на жетекшілік етті», – деген айып тағылды. Тура сол күндері қазан мерекесіне орай сөйлеген сөзінде Голощекин: «Тергеу кезінде Аймауытов: Екінші съезд кезін­де тек қана қазақ уәкілдерінен тұратын кеңес шақырылғанын, оған Әуезов төрағалық жасағанын, ... онда отар­шылдармен күрес туралы мәселе қа­ра­­лып, ұлттық мүд­­де­ні көздейтін ше­шім қабылданғанын мойындады»,– деген сөзі – баспасөзге жариялана қалды. Тергеушілер мұны Мұхтарға қосымша айып ретінде тақты. Жүсіпбектің түрмеге қамалғанына үш жыл толған және ол ату жазасына кесілуге ұйғарылып, үкімді Мәскеудің бекітуіне жіберген болатын. Мұхтардың егізінің сыңарындай боп өмір сүрген досының тағдыры Бутырканың түрмесіндегі ажал жаңғырығын күтіп тұрды. «Қужақ» түрмедегі жауаптарды ашық жариялау арқылы қазақ зиялыларының арасына сенімсіздік пен алауыздық септі. Күдіксіз нәрседен күдік тудырды. Әйтпесе, Әбдірахман Байділдиннің көрсетуі бойынша хаттамаға түскен – 1921-1922 жылғы аштық пен қазақ халқын аштықтан құтқарудың жолын қарастырған бұл кеңестің ешқандай қылмыстық сыпаты жоқ болатын. Жүсіпбек Аймауытовтың өзі соның ішінде жүріп, белсене атсалысты. Сондықтан, бұл деректің айтылуы, қағазға түсуі заңды. Оның үстіне Жүсіпбек аштарға көмек көрсеткені үшін тергеуге алынып, өзін-өзі ақтап шыққан болатын. Демек, бұл үшін көңіл қобалжытатындай пәле Әуезовке төніп тұрмаған еді. Бұл кеңес өкіметінің ұлттық тұлғаларды толықтай жаныштап, талқыдан өткізіп, Троцкий мен Фрунзе сияқты көсемдерін аластатып, енді «мәдениет майданындағы» тұлғаларды тұқыртуға көшкен қатерлі бағытының күш алған тұсы болатын. Дәл сол кездері «Байтұрсыновтың және басқа да алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыр­тын ұйымының қастандық әрекеттері туралы қылмыстық істің» (Бас құжатқа бастапқыда «Д.Әділев бастатқан...», одан кейін «Е.Омаров бастатқан...»,– деп жазылып, ең соңында «А.Байтұрсынов бастатқан...»,– деген атауға тоқталған – Т.Ж.) тергеуі аяқталып, олар Мәскеудің пәрменін күтіп жатқан. Мағжан Жұмабаев ұйымдастырған «Алқа» әдеби үйірмесіне, яғни, тергеушілер көрсеткендей, астыртын контрреволюциялық ұйымға Мұхтар Әуезовтің қатысқаны да «анықталып», арнайы бап ретінде қарастырылды. Ал, тергеушілердің қатты ұстанғаны «Ашық хаттағы»: «Колчактың тұсында, «Алашор­даның» Шығыс бөлімінің белсенді қайраткерлерінің бірі ретінде Әуезов Колчакқа қарсы күреспеді, күрескісі де келмеді, керісінше сол кездегі бүкіл «Алашорда» үкіметі, оның ішінде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкіметіне қарсы күрескені белгілі... Бірақ та, Кеңес өкіметі орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өтті»,– деген сөздер де еді. Сөйтіп, Мұхтар Әуезов аяқ астынан басмашы, ұлтшыл-контрреволюционер боп шыға келді. Сонымен, бұрын Қазақстаннан сырт жерде жүріп, назардан тыс қалып келген Мұхтар Әуезов те қарауылға ілінді. Мұхтардың бостандықта жүруі оларға кешірімсіз жайт сияқты көрінген іспетті. 1930 жылы 17 қыркүйек күні таңсәріде Ташкент қаласындағы Салар өзенінің бойындағы үйінде Мұхтар Әуезов тұтқынға алынды. Осы оқиғаның көлденең куәсі болған сол кездегі шәкірт, кейінгі академик Шапық Шөкин: «1927 жылдың тамызында Орта Азия университетіне түсуге келдім... Біз шағын үйдің ашық себетінде түнедік, сол үйдің қарсы жақ қанатында университет оқытушысының үй-іші тұратын. Ертеңгілік колонка қасында жуынып жатқанда, біз бәріміз бірдей жамырап, толыса бастаған, маңдайы кере қарыс, қараторы қазақпен амандасушы едік. Таныстық. Мұхаңның бізден тілек-талаптарымыз болса айтуымызды сұрағаны есімде. Менің әлі оқуға түсе қоймағанымды білген ол, мені арқамнан қағып: «Ұнжырғаң түспесін. Ең бастысы – оқуға құмарлық, – деді де, – сәл ойланып тұрды да ол кенет: – Ендеше мен университеттегі кісілермен сөйлесейін. А? Сол Ғазиза Сүлейменовамен де сөйлесейін?»,– деді ол мені жігерлендіргісі келгендей. Қапелімде қысылып қалғандықтан, ол кісіге рахмет айтуды ұмытып: Ғазиза былай да мені қолдап жүр, шамасы, ұзамай мәселе шешілетін де шығар,– деп жауап бердім. Мұхаң қолын жайып қоштасып, аспай-саспай, Қазақ орман техникумы қорасынан шығып жүре берді. Оның әйелі Валентина Николаевна ертең­гілік бауға сирек шығатын, көбіне кішкене қызымен айналысатын. Тағы бір айтатыным, со жылдары ол асқан сұлу әйел еді. Бірақ, мінезі тұйықтау болып көрінген. Күйеуі жұ­мыс­тан кеш қайтатын, біз қарсыдағы себетте пысылдатып примус әзірлеп жататынын еститінбіз. Енді бір сағат өткен шамада, Мұхаң бау ішінде сейілдеп жүрер еді. Оның көзіне тағы бір рет түсіп, көңілін аударатындай ынта-ықыласымыз болмады. Және сабақтарымыз да басталып кетті. Басқа нәрсеге көңіл бөлуге мына жаңа, жауапты ісімізден қол тимеді. Бастапқы кезде кәдімгідей шаршап жүрдік. Біз бұл жерде онша көп тұрма­дық. Бір күні ертеңгісін портупеялы екі кісі (олар милицияның ба, не басқа бір форма киіп келді ме – білмеймін) келіп, оны алып кетті. Себеттің еденінен ұшып тұрып, мен әлгі екеудің біреуі – Мұхаңның алдында, екіншісі – соңында, оны бау ішімен қақпаға қарай айдап бара жатқанын көрдім. Әуезов артына бұрылып қарамай, алдына байыптай қарап, баяу басып бара жатыр екен»,– деп еске алды. Мұхтар Әуезовтің түрмеге қарай «байыптай қарап, баяу басып бара жатқан» күні – 1930 жылдың 17 қыркүйегі болатын. Ташкентте алдын-ала шолақ тергеуден өтіп, одан кейін Алматының түрмесіне жеткізілді. 1930 жылы 8 қазан күні ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің КССР бойынша өкілі Поповтың қатысуымен анкеталық өмірбаян толтырылған. Анықтамалық анкетадан: «Осы тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған М.Әуезов – 33 жаста, Семей округінің Шың­ғыс болысында туған, Ташкент қала­сы­ның тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, партияда жоқ. 1922 жылға дейін БК(б)П мүшесі болған, Ақпан төңкерісіне дейін оқуда болған, Қазан төңкерісіне дейін оқыған және мұғалім болған, мамандығы педагог, жоғары білімді, ұстаз-журналист, үйленген, 2 баласы бар, жалақымен күн көреді, қазақ болғандықтан да әскерге алынбаған, бұрын тергеуге алынбаған, сотталмаған». 1930 жылы 15 қазан күні Ерекше бө­лім бастығының көмекшісі Волоховтің келісі­мі­мен жасалған «Алдын-ала айыптау қорытын­дысында»: «Қылмысты істер кодексінің 58-11 және 59-3 баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Досмұхамедовтардың № 2370 тергеу ісін қарай отырып Әуезовтің: қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысып, Қазақстандағы кеңестік нау­қандар мен шаралардың маз­мұнын бұрмалау мақсатын көздегені; өкі­мет мекемелері мен БК(б)П-ның, жерге қоныстандыру мекемелерін, мәдени-ағар­ту және оқу орындарын, баспасөзді өздері­нің ық­палына қаратып, жаулап алуға ұмтыл­ғаны; Орта Азиядағы басмашылардың қозға­­лы­сына жетекшілік жасап, сондай қозға­лысты Қазақстанда да ұйым­дастыруға әрекет­тен­гені; кеңес өкіметін құлатуды алдына мақсат етіп қойғаны – толық әшкереленді. Сондықтан да УПИ-дің 128 тар­мағына сәйкес азамат Әуезов Мұх­тарды № 2370 тергеу ісі бойынша жауап­қа тартып, оған қыл­мыстық іс­тер кодексінің 58-71 және 58-11 баптары бойынша айып тағып, бұл туралы ОГПУ мекемелеріндегі тергеу жұмыстарын бақылайтын Прокурорды хабардар етуге қаулы қабылданды»,– деп көрсетілді. Сонымен, Мұхтардың 1918 жылы жазған өз сөзі өзінің басына келді. Ол: «Елін сүйіп, елдігін іздеді. Елдікке келген қауіпке... күйініп, қарсы шықты. Елдігі аман қалуы үшін енді бейнетке, өлімге, иә басқа да түрлі қазаға шыдап кетіп, тарих жүзінде» – соны дәлелдеуі ғана қалды. (Жалғасы бар)

719 рет

көрсетілді

90

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз