• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

КЛАССИКПЕН КЕЗДЕСУ

Серікқали ХАСАН, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қалам қуаты, қаламгерлік өнеге дегеннің құдіреті қай кезде де шығармашылық өресінің биіктіктері арқылы ғана бағаланып отырылады. Бұл – еш дәләлдеуді қажет етпейтін аксиома. Әлемдік әдеби үрдісте оның талайғы нақтылы мысалдары да баршылық. Бүгінде жер-жердегі кітапханаларымыздың төрі мен ғаламтор желісіндегі талай жүздеген томдық классикалық туындылардың өздері де әлемдік рухани игіліктер қорына қосылмас бұрын, шығармашылықтағы талайғы жылдарға дейін созылған ізденіс, шеберлік, таным-білік, өмірлік тәжірибемен бірге, маңдай тер және төзімділіктің де терең тамырлары мен іргелі іздерін байқатпай ма?! Алайда, бұл тұрғыдағы мәселені тек бір өзімізге қатыстырып айтар болсақ, кешегі кеңестік дәуір келмеске кеткенде, тіпті, өзіміз құшақ жая көріскен тарихи тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының өзінде де «көркем әдебиетке деген үлкен құштарлық сол кешегі кеңестік дәуірмен бірге кетті» дегендей әңгімелер де жиі айтылды ғой. «Сол кездегідей жұлдызды сәттер немесе көл-көсір қуанышымызға айналған небір атақты шығармалар, соларды өз шығармашылығында туындатқан қаншама таудай-таудай тұлғалар енді тап бұрынғыдай жиі төбе көрсете қоймас» дегендей сөздер де кездесіп жатпады ма?! Дәлелдері де жоқ емес, сөздері де келісіп-ақ тұр. Соған қарап, кейде соның бәріне өзіміз де шын-ақ сеніп қалғандай едік. Әдеби басылымдардың таралым саны өте аз, баспалардан бұрынғыдай топырлатып кітап та шықпайтын. Бұрынғыдай жер-жерде қазақ кітаптарын жалаулатып тұрған кітап дүкендерін де көрмейтінсің. Кітап, кітапхана, кітап дүкендері және қаламгерлер қауымына деген көзқарас, жоқ-ау, оны айтасыз, көп жерлерде күні кеше ғана төпелете жазып, баспалардан жылына, не араға бір-ер жыл салып, өзінің кірпіштей қалың көркем шығармаларын шығартып жүрген қаламгерлер қауымының өздерінің тірліктері де мүлдем басқаша бағыт алғандығы байқалатын! Бірақ, кешегі кеңестік дәуірде-ақ атағы шығып, сол кеңестік кезеңдегі әдеби үрдісте ұлттық әдебиетіміздің көшін бастаушылардың алдыңғы қатарына қосылған, бертінгі тәуелсіздік заманында да қаламын еш суытпай, тәуелсіздік рухы, заман рухындағы қилы-қилы шығармаларын туындатып, әдеби ортаны да таң қалдырумен келе жатқан, әрі бүгінде 80-нің сеңгіріне шығып отырған Мұхтар аға Мағауин бұл кезде Алматыда тұратын. Өзі, тіпті, әлі де өндірте жазып, баспалардан кітаптарын да жиі шығартатын. Таралымы аздау, жер-жерге жеткізіліп, оқырмандардың қолдарына тиюінде ғана сәл-пәл қиындықтары бар. Сөйте тұрса да, әдебиетсүйер қауымның оның жаңадан жарық көрген кітаптарына деген сұранысы да ерекше еді. Оқырмандар Мағауиннің шығармалары арқылы тарихтың терең қойнауларына қарай сүңгіп, тереңдегі талайғы қуатты сарқырамалар мен арқыраған жүлге-өзектердің үндеріне дейін қызығып, әрі мұқият құлақ асқысы-ақ келетін. Тереңнен сыр аңдап, қазақ рухы, қазақ руханияты деген алып бәйтеректің қантамырларына да нәр жүгіртіп, бұрынғысынан да нұрлана түскендігін қалайтын. Оны Мұқаң да сезетін, оны әрдайым өзінің қаламын суытпай, үнемі жазу столынан табылып отыруға жетелейтін күш те осындай жағдай еді. Иә, кезінде өзінің «Аласапырандай» атақты тарихи роман-дилогиясын өмірге әкеліп, республикамыздың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болғаннан кейін, есімі атақты «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясымен бұрыннан да елге танымал жазушы аға енді «өз шығар биігіне жетті-ау» деген тұста да, қаламын еш суытпай, кезең-кезеңімен тағы талай әртүрлі тақырыптардағы әңгіме, хикаяттарымен бірге, «Өмір жыры», «Сары қазақ», «Шаһан-Шері» романдарын жазып шығарып, өз еліндегі әдеби орта ғана емес, қазақ әдебиетіндегі болып жатқан іргелі жаңалықтар мен ілкімді ілгерілеушіліктерге бей-жай қарай алмайтын өзге туыстас елдердегі қалам қайраткерлерінің арасында да алымды, шығармашылық күш-қуаты мол көрнекті тұлғаға айналмады ма?! Оның шығармашылық қорындағы жаңа ғасыр белесінде өмірге келіп, кеше мен бүгін және қанша дегенмен, сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиеті мен мәдени жәдігерліктердің адамзат өркениетіне қосқан үлесі айрықша бағалы екендіктерін дәлелді түрде суреттей әңгімелеген «Мен» атты роман-хамсасы, «Жармақ» және бірнеше кітаптан тұратын «Шыңғысхан» романы бар екендігін есепке алсаңыз, нағыз дара келбетті суреткердің шынайы бейнесі де анық-айқын көрінер еді. Бір қызығы, өзінің осынау ұзақ шығармашылық жолында талай томдық тарихи-көркем шығармаларын өмірге әкелген Мұқаң да кезінде шығармашылықтағы ең алғашқы жолын қарбаласы көп журналистикадан бастапты. Сол тұстағы республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының білдей бір бөлімін басқарып, әдебиеттану бағытында біраз іргелі шаруалар да тындырып үлгеріпті. Былайынша айтқанда, ол да кезінде қазақ журналистикасының ыстық-суығымен бірге қайнасып, ал, бертінде мол тәжірибе жинақтап, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы болып қызмет жасап жүріп те, тағы талай жылдар бойына редакцияның ішкі шығармашылық жұмыстарынан бөлек, қалың елі, жер-жердегі қаншама қазақ оқырмандарымен тұрақты түрде байланыс жасап, рухани өмірдің қайнарын тереңдетуге ерекше көңіл бөліп отырды. Әсіресе, кешегі тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бері қарайғы кезең – Мағауин редакторлығының ең бір қызықты, әрі айтулы кезеңдері десек те, жарасар еді. Сан ғасырларға дейін созылған патшалық отарлық жүйенің зардаптары мен кеңестік тоталитарлық кезеңдегі қазақ халқының көрген азабы мен тауқыметті тірліктері – бертіндегі жаңа толқын ғалым-зерттеушілердің ғана емес, қаншама қазақ қаламгерлерінің де шығармашылықтағы іргелі ізденістері мен қадау-қадау тақырыптарына айналмады ма?! Сонау жиырмасыншы, отызыншы, тіпті, кешегі соғыстан кейінгі жылдары да тоқтаусыз жарық көріп, ал, енді содан былай қайта басылым бетін көрулеріне қатаң түрде тыйым салынған ұлттық рухани жәдігерліктеріміздің өздері де тағы талай томдарды құрайтын еді ғой! Өздері өткен өмір белесінің әр кезеңдеріндегі әдеби өмірімізбен өте тығыз байланысты болғандықтан және тәуелсіздік дәуіріндегі ақтаңдақтарымыздың орнын толтырудағы маңызы ерекше болғандықтан да, көп ретте авторлар өздерінің ондай тың зерттеу, зерделеу, әдеби-публицистикалық ой-толғаныстарына толы дүниелерін бірден «Жұлдыздай» беделді, әрі беттері қалың журналға ғана алып келетін. Оның сыртында, кешегі ашаршылық жылдары мен саяси қуғын-сүргін кезіндегі «елім, жұртым» деген ұлт зиялылары мен қайраткер тұлғалардың көрген қорлығы мен азабын өз алдына бір кең ауқымда әңгімелейтін аса құнды мұрағаттық дерек-мәліметтермен жазылған қомақты дүниелердің өзі де бір төбе еді-ау. Мұқаң, өз тәжірибесіндегі жазуға отыратын, шығармашылықпен шұғылданатын белгілі бір уақыты, арнайы тәртібі бола тұрса да, соған қарамастан, ол соның бәрін де кезек-кезегімен оқып, олардың әрқайсысының мән-мазмұны мен құндылықтарына қарай отырып, бірден тездетіп басылым бетіне ұсынудың ретін де тауып жататын. Мен өз басым Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхтар Мағауинмен ол басқарған «Жұлдыз» әдеби журналында ұзақ жылдар бойына бірге қызмет жасағандықтан да, бұл жағын жақсы білемін. Бұл ретте мен бұның бәрін өзім кезінде алдын көріп, талайғы тәлімін алған алдыңғы толқын ағаларым, қазақ журналистикасындағы аттары аңызға айналған Мереке Құлкенов, Болат Бодаубаев, Есенғали Раушанов, Жұмабек Кенжалин, Аманхан Әлімұлының бас редакторлық жұмыс тәжірибелерімен салыстырып қарасам да, олардың араларындағы кейбір жас айырмашылығы ғана болмаса, редакторлық алымдылықтары мен шалымдылықтарындағы анаукерім көп айырмашылықты көре алмас едім. Бұлардың бәрі де қазақ оқырмандарына өздерінің журналистикадағы орнықты орындары және өнегелі шығармашылық іс-тәжірибелерімен де әбден танымал болып кеткен жандар еді. Менің бұл тұста Мұқаңа ерекше тоқталыңқырап отырғандығымның өзіндік бір себебі де жоқ емес. Мен біраз жылдар бойына Мұқаң басқарған «Жұлдыз» әдеби журналы редакциясының бөлімін басқарып, тағы біраз жыл редакцияның жауапты хатшысы да болдым. Мұқаңның әдебиеттегі кейінгі буын жастарды үлкен әдеби ортаға баулып, тәрбиелеп келгендігі әдеби үрдіске бұрыннан да белгілі жағдайлар еді ғой, ал, мен оның өзімен бір редакцияда бірге қызмет жасағасын, жазушы ағамыздың кейде «көмектес», кейде «соңыра қасымда бірге бол» деп, әртүрлі шығармашылық кездесулерге өзімен бірге мені де алып жүрген кездері болды. Мүмкін, менің әу баста осы бір әңгімені бастауыма түрткі болған жағдай да сондағы жүрекке ыстық тиетін тұстардың бірі шығар?! Оған да арада ондаған жылдар өтіпті-ау, тегі. Редакцияның ішкі шығармашылық жұмыстарынан бөлек, әлгіндей қызықты кездесулердің өзі де өз алдына бір әңгімеге сұранып-ақ тұрғандай емес пе?! Солардың ішіндегі, әсіресе, Алматыдағы Жоғары милиция мектебінде, бір кездегі әл-Фараби атындағы КазМУ-дегі дәрістерін тыңдаған ұлағатты ұстазым, профессор Файзолла Оразаев басқарған Журналистер академиясында және Мұқаңның өзінің атақты «Аласапыран» атты тарихи романының бас кейіпкерлерінің бірі Қадырғали Жалайыридің тарихи ауылы Шеңгелдіде (Алматы облысы) өткен кездесудің кезінде де жүректің қылын шертердей толғанысты сәттер көп болмады ма?! Одан бері арада көп жылдар өтіп кеткенмен, соның бәрі де күні бүгінгідей-ақ есте емес пе?! Жаз кезі еді. Қапшағайдан сәл төменірек, бүтіндей алматылықтар жаз бойына етегіне келіп, кейде, тіпті, қона жатып, тағы бірде қашан қоңыр кешке дейін тұнық суына шомылып, рахаттана демалыс жасайтын алып көлдің ең бір көрнекі, әрі ең бір шұрайлы алқабына шоғырланған Шеңгелді ауылындамыз. Сондағы жағалаудағы ауа да бейнебір кеудеңді кергендей болып, бойыңды тіптен-ақ сергіте түскендігіне дейін де есте. Сол күні осындағы жергілікті жалпы білім беретін мектептің акт залында қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауинмен өткен қызықты кездесуден кейінгі жайылған дастархан басындағы әңгіме де Мұқаңның әйгілі «Аласапыран» романындағы бас кейіпкерлері, олардың тарихтағы шын болмыс-бейнелері, қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммедпен бірге Ертістің бойында, әлде сондағы бел-белес, сай-сала, ой-шұқыры көп қалың шабындықтың арасы мен ит тұмсығы да өтпес қалың тоғайдың етегінде ме екен, бір уақ бел жазып, қаршыға салып жүргенде, Сібірдегі орыс әскерінің тұтқынына түсіп, бүтіндей бір Ордалы жұрты алдағы болашағынан зор үміт күтіп отырған алтын тақ мұрагерімен бірге қосақталып, бірден сонау шалғайдағы Мәскеуге әкетілетін хан сарайының кеңесшісі, ханзадалардың тәрбиешісі асыл туған Қадырғали Жалайыридің осынау туған жері, өскен ортасы, оның соңында қалған рухани мұралары хақында ғана өрбіп сала берді. Бұл өзі тарихтағы 1588 жылдың оқиғасы еді ғой. Атажұрттан сол кеткеннен мол кеткенмен, қалың қазақтың ортасынан шыққан екі алып бертінде жат ел, жат жерде жүріп те, өздерінің бірлігі, татулығы, қастерлі атажұртқа деген сағынышы мен адал махаббаттарынан еш айнымайды. Бәлкім, олардың рухындағы осы бір ұлылықтың арқасында шығар, күш-қуаты кемеліне келіп отырған орыс елі де оларды дәл бір өздерінің атажауы санап, қаралай жер қылмай, қайта керісінше өздерімен іргелес отырған көрші елдің ұлыларын өз дәрежесінде бағалап, өз деңгейлерінде қызмет етулеріне де барынша мүмкіндіктер жасайды. Бұны дер кезінде және жақсы түсінген Қадырғали Жалайыри өз Ордасы, өз ата-бабаларының өмірінен жазылған «Жылнамалар жинағы» атты елеулі еңбегін достық пен татулықтың бір белгісі ретінде, сол тұстағы атағы күркіреп тұрған орыс патшасы Борис Годуновқа сыйға тартады. Бұның мән-мағынасы тіптен де ерекше еді. Бұл ниетті өз тұсында орыс патшасы да оң тұрғыдан түсініп, дұрыс қабылдағанға ұқсайды. Арада үш-төрт жылдай уақыт өткенде, алтын тақта отырған Борис Годунов өз еліндегі барлық сыннан сүрінбей өтіп, өз ортасында үлкен беделге ие бола бастаған Ораз-Мұхаммедті Кермен қаласындағы Қасым хандығының алтын тағына отырғызады. Одан арғы жағдайдың бәрі, Ораз-Мұхаммедтің бұл тұста да өресі биіктен көрініп жатқандығы Мұқаңның тарихи романында егжей-тегжейлі суреттеліп, өте шеберлікпен кестеленбейтін бе еді?! Жазушы өзінің аталмыш романында тарихи тұлға, ұлы қолбасшы, жүрегі «халқым, қазағым» деп өткен Ораз-Мұхаммед, оның өскен ортасы, тәлімі, қалыптасуы, өзге жұрттың ортасына тап болған соң да, өзінің қазақы мінез-қалып, жүріс-тұрыс, таным-түсінігінен танбағандығы хақында жан-жақты, әрі тереңнен қазып, суреттей жазғанда да, өзі де тұтастай бір романға сұранып-ақ тұрған зиялы тұлға Қадырғали Жалайыри туралы да тағылымдық мәні ерекше жәйттерді тілге тиек етуді ұмытпайды. Шын мәнінде, Қадырғали Жалайыри өз туған еліне өсиет, ұрпағына рухани мұра боларлықтай мол дүниелерін де сол бір тар кезеңде жазып үлгермейтін бе еді?! Екі алыптың іргелес патшалық империялық мемлекеттегі тағдыр талайы, жүрер соқпақтарына дейін екі бөлек болды дегенмен, олардың сондағы бірге болған, бірге жүрген, бірге шешім қабылдаған күндердегі ең бір ұмытылмастай сәттері, өзара сырласулары мен үнемі бір-бірін арқа тұтып, бір-бірін іштей демеу, сүйеніш көргендіктерінің өзінде де бүгінге дейін жетіп отырған ұлы сағыныш, өшпес өнеге жатқан жоқ па?! Сондағы Шеңгелдідегі кең жайылған дастархан басындағы жалғасқан әңгіме де осы турасында еді. Бұл отырыс та өзінше бір шығармашылық сыр шашудың сәтіне айналмап па еді?! Қаншама уақыттан бері қарауында қызмет атқарып жүрсем де, Мұқаңды шығармашылық кездесуден кейінгі осындай кең отырыстың үстінде алғаш рет көруім. Манағы жергілікті орта мектептің акт залында өткен кездесудің үстінде Ораз-Мұхаммед, Қадырғали Жалайыридың романдағы тарихи бейнелерін сомдаудың кезіндегі қиындықтар мен қызықты жәйттерге қатысты талай-талай сұрақтар қойылып, Мұқаң соның бәріне де еш жалықпай, тиісінше әдемілеп тұрып жауаптар қайтарған болатын. Алматыдағы үлкен ұжымдар, сондағы шығармашылық орта, кітапханалар мен аудиториялардағы кездесулердің жөні бір басқа да, ал, сол романның бас кейіпкерлерінің бірінен саналатын тарихи тұлғаның тарихи туған жері саналатын, бүгінде бір қауым ел отырған және өздері өз туған жерлерінен шыққан ғұламаны ерекше мақтаныш ететін ауылдың тұрғындарымен өткен кездесудің жөні тіптен де бөлек болады екен. Қадырғалидың кіндік қаны тамған туған жері негізінен Сыр өңірінде болғанмен, кезінде хандарға қызмет еткен танымал әулетімен бірге көшіп-қонып жүріп, қазақ даласының көптеген тарихи өңірлерінің де дәмін татады. Қадырғалидың өзі терең білімді, ғұлама адам болғандықтан, ол негізінен көп уақыт бойына атақты Тәуекел ханның сарайында қызмет етіпті. Оның өз ана тілімен бірге, араб, парсы тілдерін де жетік біліп және сол кезде сол тілдерде әдемілеп жаза алатындығын, не хан ордасында жас бекзадаларды оқытып, тәлім-тәрбие берумен көзге түсіп, ұлы әміршінің өзін де әбден разы еткен тұлғалар өте-мөте сирек болғандығын ескерсек, бұл кезеңдегі Қадырғалидың өз ортасындағы тарихи рөлі де біршама айқындала түсер еді. Мұқаң айтады: «Қадырғалидың өмірдегі шәкірттері аз болмаған, бәрі де тек шетінен сен тұр, мен атайындардың сойынан ғана еді, алайда, Қадырғалидың өзінің үлкен үміт күткен шәкірттерінің бірі де, бірегейі Ораз-Мұхаммед болатын. Мен көрген, мен іздеп тапқан тарихи деректерде де дәл осылай делінетін», - дейді. Сондай тарихи дәйектердің нақты бір өмірдегі дәлелі емес деп қалай айтарсың?! Ораз-Мұхаммед Ертіс, Тобыл сапарында өзінің қасына Қадырғалиды да ертіп жүрмейтін бе еді?! Осының өзі-ақ олардың арасындағы үлкен сыйластықты, шәкіртінің ұстаз-тәлімгеріне деген зор құрметін де көрсетіп жатқан жоқ па?! «Жақсыны жауы да сыйлайды» деген сөздер кезінде, сірә, сондайдан қалмады ма екен?! Әлгіндей тағдырдың тәлкегіне түсіп, жат елдің қанжығасына байланып кете барғанмен, екі алып тұлғаны империялық елдің патшалары, ақсүйектері мен әскербасылары да бөлектемей, үнемі екеуіне бірдей зор құрметпен қарамайтын ба еді?! Екі алып тұлға Ораз-Мұхаммед пен атажұртынан алыстап кетпестен бұрын-ақ даналығымен танылып, ғұлама атанып үлгерген Қадырғали Жалайыридің есімдері романда да үнемі қатар аталынып, қоса-қабат өріліп отырылады. Бәлкім, бұл романның бүгінге дейін дөп басып айтылмаған бір терең сыры, шырайлы беттері де осында жатқан шығар?! Алыста қалған көне дәуір, өзінің бүгінге дейінгі сыры әліге дейін таусылмай келе жатыр дегенмен, қатпары қалың сол бір көне тарихтың да қадау-қадау өз құпиялары тағы бар емес пе?! Алайда, дәл осы бір тұстарда «әттең, әттең...» дегендей өкініш те қарсы алдыңнан кесе көлденеңдей беретіндігін қайтерсің?! Мен өз басым Мұқаңның өз қаламынан туындаған осынау іргелі шығармасы «Аласапыран» туралы арада қаншама жылдар өткеннен кейін де еш өзгермеген өз ой-пікірі, әдетте өзгелері алдына келіп, сол романының әлдебір айрықша көзге түскендей көркемдігі мен құндылығы, сондағы бас кейіпкерлері Ораз-Мұхаммед пен Қадырғалидың тарихи бейнелері хақында сан тарау соны пікірлерін білдіріп жатса да, солар өзін, өзінің қолынан шыққан кесекті туындысын дәл сөйтіп мақтап жатыр екен деп, тап онша елп ете қалмайтын мінезін де жақсы білетінмін. Сондықтан, біз де, өзгелері де Мұқаңның «Аласапыранда» айтылған ой-толғаныс, жазылған сырлардан бұл тек тарихи өмірде, тарихи жұрағаттарда, оны айтасыз, соның бәрін кезінде өз қолымен тірнектеп жинап, талайғы шаң басқан мұрағат қоймаларында отырып, керек десеңіз, өзінің қолындағы әлгіндей тарихи жәдігерліктердің көрсетулері бойынша тағы талай ұзақ сапарға шығып, Хан-Кермен, ондағы қаны қазақ, тегі қазақ, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, соңына қалдырған өсиет, өнегелеріне дейін ата салтынан еш айнымаған алыптарымыздың іздері қалған тарихи жерлерді талай рет аралаған Мұқаңның шығармашылық қоржынында әлі айтылмаған, не жазылмаған ештеңе қалмады-ау деп ойлайтынбыз. Жоқ, сіз енді мына ғажайыпты қарасаңызшы! Дәл осы Қадырғали Жалайыри бабамыздың ауылында, дәл осындағы «Аласапыран» романының авторына деген ерекше қызығушылық пен құрмет сезімінің алдында отырып, Мұқаң да бір шешіліп: «Әттең, ол кезде уақыт шіркін тарлық етті ғой, әйтпесе, әлі де айтатын, жазатындарым бар еді... Романымның бас кейіпкерлерінің өмірі, өнегесі, олардың арман-тілегі тек сондағы айтылғандармен ғана бітпейтін... Мына жақта қалың елі, атажұрты бар еді ғой... Атажұрты олардың тағдыр талайын ойлап, үнемі қам жеумен ғана болса, олар да атажұрттың келер күндеріне тіптен-ақ ерекше алаңдамайтын ба еді?!» - деп, дәл сол кез, дәл сол тұстағы тарихи оқиғаларды қайта қопарып, бір сәт өзі мәңгілік рухани ескерткіш етіп бейнелеген тарихи тұлғалар Ораз-Мұхаммед пен ғұлама Қадырғали Жалайыриды да қайтара бір көз алдымызға дейін елестетіп, тарихтың сонау қатпары қалың, соны соқпақты кезеңдеріне дейін алып барғандығы естен кетер ме?! Дей тұрғанмен, бұның бәрі де осыдан он бес-он алты жылдай уақыт бұрынғы Мұқаңның қасында жүріп, өзім куә болған бір ғана тебіреністі, толғанысты сәттер ғана еді ғой. Ал, Мұқаңмен Алматыдағы Елбасы жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғары әскери академиясында өткен кездесу ше?! Әсіресе, осы бір кездесу, сондағы оның шығармашылық, тарихи тақырыптағы ізденістер, тәуелсіздік тағлымдары хақындағы толғаныстары менің де есімде мұқият сақталып қалыпты. Бұл 1998 жылдың 26 наурызы болатын. Сондағы күн де кереметтей ашық еді-ау. Іргедегі тау шыңдары күнге шағылысып, көңілге небір көрікті ойлар туғызғандай болатын. Алматы өзінің осындайылықты қызық қылықтарымен де ерекше емес пе?! Осы жылы Мұқаңның қаламы тым жақсы жүріп, әлі сиясы кеуіп үлгермеген, бірақ, жаңалығы көп, әсері күшті бірқатар дүниелері журнал беттерінде де жарық көріп жататын. Бұндай кездегі басшымыздың әр таңдағы әңгімесі елдегі әдеби-рухани хал-ахуал, шығармашылық қарбалас, әртүрлі бағыттағы ізденістер, қаламдастар, замандастар, осы кезге дейінгі журнал беттерінде жарық көріп, оқырмандардың қуаныштарына айналған үлкенді-кішілі дүниелер хақында ғана өрбитін. Кешегі кеңестік тоталитарлық қоғамның кезінде тыйым салынған тақырыптар, саяси тұрғыдан қуғын көрген қаншама қайраткерлеріміз, айтулы алаш ардақтылары, олардың бай шығармашылығы, не солардың өз шығармашылықтарымен сонау жиырмасыншы, отызыншы жылдардың өзінде-ақ әдебиетімізді алға қарай көп ілгерілеткендіктері, не одан кейінгі кездердегі тұтастай ел-жұрт, халық болып көрген азабымыздың тағы талайғы қатпар-қатпар қыр-сырларын ашатын тарихи материалдар және соңғы жылдары мұрағат қоймаларынан табылған тарихи материалдар хақындағы жәйттер де ұмыт қалмайтын. Ал, күнделікті Мұқаңа келіп, өздерінің шығармашылықтағы ілкімді ізденістері, мұрағат қоймаларынан табылған маңызы ерекше тарихи материалдарға қатысты ойлары мен өздерінің кеше ғана қолға алған әлдебір көлемді тарихи-көркем шығармаларының әу-жайына қатысты ақылдасып, сыр бөлісіп жататындардың да қарасы тым көп болатын. Мұқаң күнбе-күн редакцияда солардың бәрімен де кездесіп, әңгімелерін тыңдап, ал, керек жерінде өзінің де ойларын қосып, тағысын-тағы ағыл-тегіл ақыл-кеңестерін беріп, осы кезге дейінгі бар көрген-білген, көңілге түйген жәйттерімен ортақтасудан еш жалықпайтын. Ал, сол күні әдеттегідей ертеңгілік «Жұлдыз» журналының редакциясындағы жұмысыма келсем, Мұқаң мені бірден өзіне шақыртып: «Мені Алматыдағы жоғары әскери академияның студент-тыңдаушыларымен кездесуге шақырыпты. Бірге барасың», - деді. Қуана келістім. Мұқаң әдетте шабыттана жұмыс істеп, қаламы тым жүрдектік танытып жүрген кездерде, бұндай кездесулерге баруға аса бір кереметтей құштар емес-ті. Көп ретте соларды сәл кейінге, өзінің қаламнан қолы босаған кездерге қарай ығыстыра беретін, ал, бұл жолы бәрі басқаша! Мұқаңның қызметтік жеңіл көлігімен дәл айтылған уағында академияның қаланың шеткері аймағындағы ғимаратына дейін жетіп барсақ, бізді штабтың алдынан академия президентінің орынбасары полковник Нұғыманов қарсы алып, оқу орны басшысы генерал-майор Тасболатовтың кабинетіне алып барды. Генералдың есімі Абай екен. Өзі маған сонда тіптен де жап-жас болып көрінді. Сөйте тұра, өзінің генералға лайықты сұсы да бар, әрі өзі қара мұртты, келбетті, сұңғақ бойлы, көз тартарлықтай-ақ азамат екен. Мұқаңды құрақұшып қарсы алды. Кездесудің алдындағы азды-кемді таныстық, өз оқу орнындағы жоспарлы жұмыстары, елдің болашақ жоғары шенді офицерлерін, әскери мықты мамандар, әскери ғылымға бейімі бар адамдарды жан-жақты тәрбиелеп жатқандықтарына қатысты қызықты, жаңалыққа толы деректерін де айтып үлгерді. Штабтың оң жағында академияның үлкен, келбетті мәдениет сарайы бар екен, кездесу сонда өтті. Іші де үлкен екен. Пәленбай жүз әскерилер лықа толып отыр. Ұйымдастырушылар сахнадағы стол басына Мұқаң мен генерал Тасболатов және оның орынбасары полковник Нұғымановты, Мұқаңның оң жағына мені отырғызды. Бұл кездесу бұған дейінгі мен қатысқан Мұқаңмен өткен кездесулердің ішіндегі ең мәнді, ең қызықты, әрі ең бір ұзақ өткен кездесу еді десем де еш артықтық етпес. Бұл өзі Республика күні қарсаңындағы айтулы күндердің бірі емес пе еді?! Жер-жердегі үлкенді-кішілі мерекелік шаралар қызу түрде басталып кеткен. Ел, жер тағдыры, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы небір соқтықпалы, соқпақты жолдары хақында тереңнен сыр толғайтын ақындарымыз бен жазушыларымыздың шығармашылық кештері, тақырыптық әдеби басқосулар Жазушылар Одағының мәжіліс залында да жиі өтіп жатса, бұл бағыттағы шығармашылық үрдістен бүтіндей шығармашылығы халықтың арғы-бергі өткендерімен тығыз байланысты Мұқаң басқаратын «Жұлдыз» әдеби журналы да қалысып жатқан жоқ. Қандайылық үндестік десейші?! Осының алдында ғана академияның мәдениет сарайында ел өмірінің айтулы мерекесіне орай, оқу орны ұжымы мен тыңдаушы-курсанттарының күшімен «Біздің ата-бабаларымыздың мәңгі өшпес жарығы» деген тақырыппен әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылып, дәл осы кең сахнаның төрінде өнерлі ұландар өздерінің әскери академиядағы тәлім-тәрбие, кәсіби шеберліктерін көрсете отырып, кешегі өткен тарихи кезеңдерде ел ертеңі, тәуелсіздік жолындағы күреске толы күндерде бір бастарын тауға да, тасқа да ұрып, талайғы қиын шақтарды бастан кешкен тарихи тұлғаларымыз – Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қабанбай, Қарасай, Ағыбай және басқа да тау тұлғалы қазақ батырларының бейнелерін сомдап, көрермендерді әбден разы етсе, өз ретінде көркемсөз оқу шеберлері ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржанына айналған тарихи өлең-жырларды мәнерлеп оқып, он саусағынан өнері тамған ұландар қолдарына қос шекті домбыра ұстап, қазақ күй өнерінің классикасына айналған талайғы патриоттық рухқа толы күйлерді құйқылжата орындаған еді. Мерекелік шараның сценарийіне дейін үлкен шеберлікпен ұйымдастырылыпты. Академия басшылары елімізге белгілі жазушы Мағауинді таныстырғанда, залдағыларға оның кешегі кеңестік дәуірден бері қазақтың арғы-бергі тарихи өткені, тарихи кезеңдерде қазақ халқының келешегі үшін жан беріп, жан алысқан хандары, билері, батырлары, солардың бәрінің шежірелі өмірін жыр тілімен ұрпағына мұра етіп қалдырған ақын, жыршы, жырауларының өмірін егжей-тегжейлі зерттеп, талай томдық тарихи-көркем шығармалар жазып, сол кеңестік дәуірдің өзінде-ақ халқының сүйікті жазушысына айналғандығына дейін айтып өтті. Бұл залдағылардың арасында бір үлкен қызығушылық туғызғандығы байқалды. Енді сөз кезегі өзіне берілгенде, Мұхтар аға да бабымен көсіліп, кең тұрғыда сөйледі. Сондағы оның ең алғашқы ауызға алған сөзі одан бері арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін есімде. Ол: «Мен осыдан біраз жыл бұрын, тұңғыш ғарышкеріміз батыр ағаларың Тоқтар Әубәкіровпен кездестім. Қол беріп амандасқанда, сенесіздер ме, Тоқтардың күректей алақаны менің қолымды орап алды... Таң қалдым. Осы кезде баяғыда жоңғарды түре қуып, тізерлеткен Қабанбай батыр-бабам бірден есіме түсті», - деді. Залдағылар гүрілдете қол соқты. Мұқаң бұндайда білімді, әрі көп білетін және әріден толғап айтатын әңгімешіл ғана емес, дәл бір өзінің кезекті тарихи прозалық шығармасын жазып отырғандай-ақ, кең көсіліп, шешен сөйлейтін де жазушы ғой. Толғап-толғап ұзақ сөйледі. Менің атақты Мағауинмен Алматыдағы қалың оқырман қауыммен өткен кездесу кешіне қатысуым тек бірінші рет қана емес-ті. Өзі де үлкен шығармашылық толғаныстар үстінде жүрген, күнделікті қаламынан қол үзіп көрмеген ағамыз өзінің бұндайдағы оқырмандарына деген құрметін анық сездіре отырып, талайғы қызықты дәйек-деректерін ақырындап сыр етіп, кең тұрғыда ағыта бастайтын. Залдағылардың көңіл күйін де тез аңдап, өзіндік бір деңгейді ұстауға тырысып, тым қатты шалқып та кетпей, қашан да сабырмен сөйлейтін. Оның бұнысы өзінің сүйікті оқырмандарымен өзінше бір сырласуы да секілді болып көрінетін. Алайда, бұл жолы Мұқаң өзінің қолына қалам ұстағалы бері халқын, ұлтын, елін, жерін шексіз сүйетіндігі мен тарихи өткендерімізге асқан құрмет сезімімен қарайтындығын, тіпті, әлі өзінің қағаз бетіне түсіріп үлгермеген бірқатар ой-толғаныстарына дейін де ағытып, кең көсілді. Мұқаң кешегі кеңестік тар заманда да проза саласында өндірте жазып, талайғы тың дүниелерін Мәскеудің танымал баспаларынан шығартқан атақты жазушы ғой. Айтудың, жазудың, сөйлеудің де ретін білетін. Бірақ, бұл жолы тәуелсіз елдің болашақ қалқаны боларлық жас әскери мамандардың алдында ерекше толғанып, өзінің атақты «Аласапыран» романы жазылып болып, оны енді Мәскеуге апарып тапсырып, артынша сондағы жасы Мұқаңның өзімен тетелес Курчаткин деген үлкен жазушы аталмыш романын орысшаға аударып отырғандағы бір тосын әңгімені есіне алды. Курчаткин Мұқаңа романды мұқият оқып шыққандығын, ұнатқандығына дейін айтып және «тарихи романыңды жақсы жазыпсың» деп мақтай келіп, өзінің біраз сыни көзқарасын, сын дегенде, «өзіңнің халқыңды асыра мақтап жіберіпсің» дегенді анық аңғартыпты. Бұл сол кеңестік дәуірдің 80-ші жылдарының бас кезі еді ғой, Мұқаңның сондағы күйіп кеткендігі де осы тұс болса керек, сондықтан, алдағы романның орысша нұсқасы мен оның алдағы үлкен баспадағы басылымының тағдыр талайы әлі қалай болып өрілеріне анық көзі жетпесе де, өзі де еш айылын тартпай: «Қазақ, менің байырғы ата-бабаларым дәл осындай, дәл осындағы мен суреттегендей болмаса, мен осының бәрін қалайша сезініп, осыншалықты мол дүниені соларға деген шексіз махаббат, сүйіспеншілік рухында дәл осылайша жазып шыға алар ма едім, қайта осы тұрған сіз менен: «Мұқтар-ау, романыңды тезірек шығартуға күш салып жатырсың ғой, шыныңды айтшы, осы мол дүниенің ішіңде әлі де айтылмаған ой, таусылмаған сыр, әлі де қаузай түссем деген тарихи дәйек, деректер қалды ма?!» - деп сұрасаңыз етті?!» - дегендігін алға тартқанда, залдағылар тағы да өздерінің сүйікті жазушыларына деген құрмет сезімін танытып, дуылдата қол соқты. Бұл тек кездесудегі әңгіменің басы ғана еді, Мұқаң енді бірде шығармашылық жұмыстармен Мәскеуге барған кездерінің бірінде Қызыл алаңдағы тарихи мұражайдың бірінші қабатындағы көрме сөресінде тұрған, ұзындығы алты қарыс, жіңішке, әдемі, қайқы басты қыпшақ қылышын көргендігін ауызға алды. Ағамыз бұл тұста сондағы қылыштың көрінісіне таңырқап тұрған жоқ, бұдан мың жыл бұрын, әдетте ұрыс даласында жауларын ат үстінен-ақ шабатын ондай қылышты жасау үшін Ұлы Далада өте жоғары технология болғандығы, қылышты жасаушылар металдың химиялық, физикалық құрамын тәжірибе тұрғысында жетік білгендіктерін ескеріп, соның бәрін игерген бабаларға деген құрметі шексіз арта түскендігін де еске салып отыр ғой. Тіпті, Мұқаңның өзінің атақты романындағы жоқ көріністер, романда айтылып, жазылып үлгермеген де сөздері ме дерсің-ау, осыны, ендігі бірде жаугершілік замандарындағы ең жақсы сауыт, ең жақсы садақтың да қазақтың байырғы ата-бабаларының игілігіне қызмет еткендігіне қатысты тағысын-тағы толып жатқан мысалдарын келтірді. Бертінге дейін жеткен ең жақсы жебені де дәл бір алақандағыдай-ақ етіп суреттеп өтті. Қызығы да ерекше, Еділ, Жайық, Алтайға дейінгі аралықтағы бабалардың атажұртты жаудың табаны астына таптатпау жолындағы жорықтары үстінде жергілікті садақшылар садақ тартқан кезде, оның жебесі алты жүз қадам жердегі сауытты бұзып өткендігіне дейінгі дәлелдері де жеткілікті. Бұның бәрі өткен ел тарихында шын болған, бәрі де тарихи жұрағаттармен жан-жақты дәлелденіп отырғандығын қайтерсің?! Бүгінгі тәуелсіз елдің әскерилері елді, тәуелсіздігімізді қорғау күзетінде мүлдем жаңа қару-жарақтарды қолданып, қазіргі заманның озық технологиясына сәйкес, мүлдем басқаша тұрғыда іс-қимыл, әрекет, ерлік істерін көрсетсе де, болашақ жоғары шенді әскери мамандар, әскери ғылымды жоспарлы оқу-білім арқылы игеріп жатқан ұландарға бай тарихи өткеніміздің шежіресі тіптен де қызықты екендігі аңғарылады. Ал, Мұқаң, әу баста қаламының жүйріктігі мен ойының озықтығын «Қобыз сарыны» атты атақты монографиялық еңбегімен-ақ танытқан Мағауин тарихи тақырыптарға арнап, көркем шығармалар жазудың шебері ғана емес, адам жанының терең білгірі де ғой. Тәуелсіз еліміздің, қаншама уақыттан бері әлемді мойындатып, ендігі жерде алдағы үлкен шаруаларына мықтап кіріскен елдің байлық, берекесін, тыныштығын күзетіп, ел аңсағандай берік қалқаны болуға бағыт ұстап отырған жас әскери мамандарға соғыс технологиясы ғана емес, соғыс өнеріндегі шексіз үлгі-өнегелерін көрсетіп кеткен батыр бабалардың жүріп өткен жолдары, бастан кешкендері мен қат-қабат өмір-шежіресі де қызықты емес пе?! Атақты «Аласапыранның» авторы Қазақ хандығы, қазақ мемлекеттілігі тарих сахнасына шыққалы бері, елді, жерді күзетіп, елдің іргесін нықтаудың барлық шаралары мықтап қолға алынғандығы мен әр ғасыр, әр кезеңдерде ел үшін, жер үшін қолға қайқы қылыш ұстап, үнемі жауымен жағаласып, ел тыныштығы мен тұтастығын сақтап, кей кездерде бұрынырақта жау жағының қанжығасында кеткенмен, жаңа заман, жаңа дәуірдегі батыр, есті, елжанды ұрпақтың байырғы атажұртты түгендеудегі өлшеусіз қызметтерін де ұмытпауға тырысады. Бұл ретте ұлы бабаларымыз Қасым хан мен Есім хан есімдері алдымен ауызға алынар еді. 1598 жылы Орта Азияға қарсы үлкен жорық жасалып, қазақтың байырғы аласапыран заманда Бұқар хандығының иелігіне өткен жерінің өз атажұртына түгел қайтарылуы, Сырдың бойы, Түркістан, Шымкент, Ташкенттің түбіне дейінгі аймақтарда байырғы бабаларымыздың бәз өмірі қайта басталғандығы... «Халықтың айтуында» дей отырып, көнеден жеткен аңыздарға сүйеніп, өз дәуірінде талай ғасырларға жететіндей өнегесін қалдырған Есім ханның тарихи болмысын да суреттеп, алып тұлғаға деген сенің де бір ерекше сүйіспеншілік сезіміңді оятқандай болады. Мұқаң өзінің ұлттың бұрынғы тарихи өткендеріне қатысты деректі еңбектерінде әр жолы Есім ханның есімі ауызға алынған жерде, оның ұлы Салқам Жәңгірдің де өз тұсында көреген саясаткер, данышпан әскери стратег, қайтпас қайсар тұлға, ержүрек жауынгер болғандығын еске алмай тұра алмайтын. Бұл жолы да сөйтті. Солардың сара жолын жалғастырған тағы талайғы қазақ хандары, әсіресе, Абылай ханның өнегесінде тіптен шек жоқ екендігін нақтылы деректерімен тағы да біраз дәлелдей түсті. Қызықты кездесу әрі қарай да өз қызықтарымен қызу түрде жалғаса берді. Айналып келіп, әңгіме тақырыбы тағы да Мұқаңның бүгінгі әскерилер, өздерін туған елдің шынайы патриоттары санайтын ұландар үшін аса қымбат және дер кезінде жазылған, қазақ тарихындағы ең бір өзекті мәселелерді қозғаған «Аласапыран» романына ауысты. Менің байқауымша, әскерилер, елдің болашақ жоғары шенді офицерлері, генералитеттері үшін Мағауиннің кешегі кеңестік дәуірде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болған, оқырмандары әлі күнге дейін сүйсініп оқитын, әр жолы да тарихи өткенімізбен бетпе-бет жүздескендей күйге бөленетін «Аласапыран» атты тарихи романындағы бас кейіпкері Ораз-Мұхаммедтің тағдыры, жазушының көне дәуірлердегі тарихи тұлғамыздың болмыс-бейне, кескін-келбет, ішкі рухани әлемін қалайша жаңғыртып, қалайша бүгінгі ұрпақтарына жақындата суреттегендегі шеберліктері, ізденістері, соған қажетті тарихи құжат, дерек-мәліметтерді қайдан, қалай тапқандығы, соның бәрін қағаз бетіне қалайша түсіре алғандығы көбірек қызықтыратын сынды. Оны әлгіден бері Мұқаңның өзі де біліп-ақ тұр. Кездесуге қатысушылар үшін мүлдем тың бір тақырып. Бәлкім, Мұқаңның өзі де бұрын бұл бағытта тереңдетіп сөз етпеген шығар-ау?! Енді Мұқаң айтады: «Менің осы романды жазбастан бұрынғы көптеген мұрағат қорларын ақтарғандығым, сондағы қуанғандығым, ең алғашқы қуанышымды сондағы мұрағаттанушылармен бөліскендігім, сондағы шаң жұтып, күнде кешкілік үйге көздерім қарауытып, шаршап қайтып жүргендігім сіздерге тап онша қызықты емес шығар. Ал, менің сондағы тапқандарым мен көмескіленген тарихи деректердің сыры мен шынын осыншама тереңірек білгім келіп, заманында Ораз-Мұхаммед өмір сүрген, оның ғұмырбаянындағы кезеңдік оқиғалар өткен тарихи жерлерді араға аз уақыт салып, жиі-жиі аралағандығым, әсіресе, ол хандық құрған Қасым хандығы (Хан-Кермен) иелігіндегі тарихи өңірлерде талай тәуліктер бойына жаяулатып жүріп, сондағы талайғы тарихи бел-белес, таудай төмпешіктерге ой көзімен қарап, терең толғанған, сондағы болашақ бас кейіпкерімнің ылғи да өзімнің көз алдыма дейін елестеп, бейнебір дәл сол бір сәттерде өзім қасында бірге жүріп, телегей теңіз сырларға толы әңгімесін қызығып, құныға тыңдағандай болғандығым өзімнің де есімнен кетпейді» - немесе: «Ораз-Мұхаммед өмір сүрген заман, сол дәуірдің шындығы мен тарихи сыр-сипатын, нақтылап айтсам, 1590 жыл мен 1610 жылдар аралығындағы Еуропаның соғыс өнерін, қару-жарақ жайын, әскери ахуалын, тіпті, ол қатысқан, ерен ерлігімен көрінген соғыс даласындағы жағдайларға дейін де жақсы білуім керек еді. Алдағы өзім үлкен үміт күткен тарихи романға даярлық барысында Алматыдағы жазу столымды уақытша қоя тұрып, алыс сапарға шығып, әртүрлі ізденістер жасап, әлем халықтарының соғыс өнері, әскери әдіс-тәсілдер, талайғы тарихи ұрыстарға қатысты ағыл-тегіл әдеби жәдігерліктерді қолға алып, көз майын сарқып, терең үңілуіме де тура келді», - дегендігі мен бір замандардағы Юлий Цезарь мен Ганнибалдың алтын тақта отырғандағы әмірі ақырып тұрған кезеңдер мен бұрын тек тарихи шежірелерде ғана үздік-создық етіліп айтылып, енді көркем романда тарихи көркем образы қалыптасып, өзінше сөйлеуге, тарих қойнауынан бүгінгі ұрпағына өзінше үн қатуға таяп қалған тұс, әсіресе, сондағы Ораз-Мұхаммедтің өз тарихи өткенінің шындықтарын шырқырата айтқандары тәуелсіз елдің бүгінгі сенімді қорғаушылары, берік қалқандары, әскери ғылымның сырын әріден аңдап жатқан білікті мамандардың көздеріне де ыстық жас алғызғандай еді-ау. Шынында да, солай емес пе?! Жас ханзада Сібірдегі Ордасының иелігінде қапыда жау қолына түсіп, жат жерге кете барса да, өзінің еңсесін түсірмей, қашан да биік адамгершілік, азаматтық қалпынан бір айнымайды. Орыс әскері өздеріне көп қатер төндірген шведтермен соғыс жылдарында оны жауға қарсы кескілескен ұрыстарға пайдаланып еді, жоқ, ол онда да ұрыс даласындағы қарсы жақты еңсере жеңіп, ақыры әміршілерін «опыр-ай, бұл қазақ батырлары осындай-ақ болады екен ғой» дегізерліктей таңданысқа қалдырады. Ораз-Мұхаммедтің ғұмырын ұзартқан, алдағы өмірін өзгеше бағыттарға жетелеген де сондағы өз бойындағы осындай ата-бабаларынан өсиет-өнеге, мұра болып қалған, өзі соны лайықты ұстана білген бай рухани қадір-қасиеттері еді ғой. Кезінде Ораз-Мұхаммедпен бірге тұтқынға алынып, қалған бар өмірі сырт елде өткен хан кеңесшісі Қадырғали Жалайыридың да кемелдігінен арылмай, әрдайым өзінің таным-білік, ғұламалығы, даналығымен орыс халқының қазаққа деген бір үлкен сүйіспеншілігін туғызумен болған тарихи тұлға екендігіне сен енді қалайша сүйсініп, тәнті болмайсың?! Жазушы романда тұтастай бас кейіпкерлердің жатжұрттың жерінде өткен өмірі, оқиғалары, ой-толғаныстары, азаптарына қатысты сөз еткенмен, шығарманың өнбойында іргедегі Қазақ хандығы, өздері жоқта да ондағылардың өздерін азат етуге әртүрлі әрекеттер жасап, онылары қапелімде болмай жатқан күннің өзінде де, ел іргесін нықтап, Ордалы елдің мерейін үстем ету тұрғысындағы жатпай-тұрмай, кең тұрғыда толғап, іргелі іс-әрекеттер жасап жатқандықтары, өз туған халқының жұдырықтай-ақ болып жұмылып, алда қандай қиын жағдай болса да, елдік, халықтық қадір-қасиет пен атажұрттың терең тамырларынан ажырамауға жан салып жатқандықтары хақында ғана толғанады. Олардың осындайдағы өре биігі, саналарының тереңдігі, өз бойларынан табылған күш-жігер, үміт-сенім мен ұлы рухы да көңіл аудартпай қоймайтын. Толғаныс үстінде осылайша көсіле сөйлей отырып, Мұқаңның өзі де бұрыннан белгілі, өзіне әбден таныс жәйттердің өзіне енді мүлдем жаңа бір қырынан келіп, осыншама ағыл-тегіл сыр ақтарғанына және сондағы залда отырған қалың оқырмандарының да жүздеріндегі жарқылдарына көбірек көзі түскендігіне іштей қатты разы болғандай еді. Онысы сондағы кеш бойына да аңғарылып-ақ тұрды. Сол отырғанда, менің өзім де Мұқаңның соншалықты аңсарлығына, оқырмандарының көкейіндегілерді дәл тауып, кейде өзіне тағы қандай қадау-қадау сұрақтар қоятындығын асыға күткендігіне біртүрлі қызыға қараймын. Шығармашылық адамына, әсіресе, тарихқа және бүгінгі күннің тақырыптарына қалам тербегенде, өз оқырмандарының қалың жұртшылықтың көкейіндегі ең бір өзекті, дәл қазіргі сәтте қозғамасаң, ертең тым кеш болады-ау дегендей жәйттерді аңдап, басты назарда ұстауға тырысатын Мұқаң үшін ең бастысы да осындай кездердегі тебіреніс-толғаныстар еді. Мұқаңның осы бір кездесуі туралы артынша бірқатар республикалық мерзімдік басылымдарда арнайы қысқаша хабарлар да жарық көрді. Бірақ, жоғары әскери академияның басшылығы мен ондағы тәрбиеленіп жатқан болашақ жоғары шенді әскерилердің руханиатқа, әсіресе, кешегі кеңестік дәуірдің өзінде де өзге жұрттармен иық түйістіріп, үнемі алдыңғы шептен көрінуге мүмкіндік алған ұлттық әдебиетіміз бен бүгінгі әдеби үрдісімізге деген ынта-ақыласы мен ерекше бір құрметтерін тіптен де ұмытуға болмайтын. Олар сол жолғы кездесу соңынан Мұқаңның академия кітапханасына жеке өзінің, «Жұлдыз» журналы мен қазақ ақын-жазушыларының атынан өз қаламынан туындаған «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Аласапыран», «Көкмұнар», «Доңыз жылғы балалық», «Қазақ тарихының әліппесі» атты туындылары мен елге танымал ақын-жазушы, драматургтердің шығармаларынан топтастырып, сыйға тартқан шағын кітапханасын өзінің лайықты орнына қойып, тыңдаушылар мен курсанттардың рухани игілігіне айналдыруға мүмкіндік жасауға уәделерін берді. Бұл кітаптардың академия кітапханасындағы өзге кітаптардан басты бір ерекшелігі, олардың бәрінде де авторларының қолтаңбалары бар еді. Оның үстіне, сондағы Мұқаңның өз оқырмандарымен өткен қызықты кездесуі кезінде өзіміз де елдің бетке шығар әскери академиясының өмірімен жан-жақты танысып, бұнда болашақ ел қорғаны үшін осы бастан-ақ қыруар шаруалардың атқарылып жатқандығына қатысты көп жәйттерді тиісінше көңілге де түйіп үлгергенбіз. Бұл тұрғыда бізді академия басшылығының, әрі тұтастай академия ұжымының бұл кездегі тәуелсіз Қазақстанның бай өткені, байырғы ата-бабалар, кезек-кезегімен толысқан батырлар дәстүріне қазіргі заман тұрғысынан ерекше мән беріп, өз әскери ғылымының арғы-бергідегі алтын тамырлы бастауларын барынша елеп-ескеріп, тыңнан жол салу бағытындағы ізденістері де қатты қызықтырған. Аз уақытта ел тыныштығы үшін әскери өнердегі осындай бір үлкен бағытқа бел буған бұндай бағалы бастаманың басында қазақ әдебиетінің арғы-бергісі мен тарихи жәдігерліктер негізінде өмірге келіп жатқан қадау-қадау дүниелерімен жете таныс, әрі аталмыш академияны көптен бері басқарып келе жатқан генерал-майор Абай Тасболатовтың өзі тұрғандығы, тіпті, оның өзінің ортасында қазірдің өзінде-ақ әскери ғылымның соны сипаттарын қалыптастырып, оқу-тәрбие, әскери ғылым саласындағы қолданысқа енгізіп үлгергендігіне дейін де қатты сүйсіндірер еді. Бұл тұрғыда сол күнгі қазақ тарихының тамаша білгірі, осы заманғы тарихи романдар жазудың шебері Мағауинмен академияда өткен кездесу, сондағы сұрақ-жауаптардың өзі де олардың елдің тарихи өткеніне деген зор құрметтері мен ғылыми тұрғыда өрістеген кезекті тағлымы ерекше дәрістерінің бірі еді деуге де толық негіз бар. Бұның бәрін мен кездесу соңынан да басшылықтың Мұқаңды жібермей, сол мәдениет сарайындағы бір шағын бөлменің едені үстіне төсеніш төсеп, өздері ұйымдастырған шағындау дастархан басындағы шәйға шақырып, манағы кездесудің кезінде егжей-тегжейлі айтылып, әрі Мұқаңа да қойылып үлгермеген сұрақтарын тұс-тұстан тағы жаудырып, әңгімеге тартқандықтарынан да анық аңғарған едім. Соның бәрі де сондағы бір ғана кездесудің кезінде... Жоқ-ау, мен бұны бұлай деп тағы еш айта алмас едім. Қайта бұл жолғы оқырмандармен кездесуді өзінің тұтастай шығармашылығында қазақтың байырғы хандары, билері, батырлары, басқа да атақты, тарихи тұлғалары хақында үздіксіз қалам тербеп, қай кезде де шығармашылықта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан атақты жазушының өз тәуелсіз елінің байырғы өткеніне бүгінгі заман, қоғам, келешек тағдыры тұрғысынан ой көздерімен қарап, өзіндік берік ұстанымдарын қалыптастырып жатқан ел қорғандарымен бетпе-бет жүздесіп, алдағы үлкен рухани өрлеуге соны серпін беріп, сәтті жол көрсететіндей жағдайдағы сырласуы, әдеттен тыс ашылып әңгіме айтуы немесе бұрынғылардың кейінгілерге қалдырған өсиет-өнегесін уақыт-заман үрдісінде қайтадан құлпыртып, жаңғыртуы да дер едім. Былайынша айтқанда, көрнекті жазушының шығармашылық өміріндегі қарапайым ғана бір кездесу, не қай кезде де өз оқырмандарының ынта-ықыласына бей-жай қарай алмайтын, қайта содан әрдайым өзіне шексіз ләззат тауып, шабытына тағы үсті-үстіне шабыт шалқарын қосардай кезекті бір ыстық жүздесуі де шығар бұл. Бірақ, бұнда да Мұқаң бұрынғы өткен шығармашылық кездесулердің үстіндегідей, тұс-тұстан оқырмандар қойған сұрақтарға нақпа-нақ, кей ретте әлгінде ғана оқырман жүрегінен суырылып шыққан салауатты, салмақты сұрақтардың өзін де өзінше бір шағын-шағын тақырыптарға айналдырғандай етіп, өзінің көптен бергі ішке сақтап жүрген, сол кезге дейін әлі ешкімге айтып, не қағаз беттеріне түсіре қоймаған небір көрікті ойларын да еш бүкпесіз ортаға салды. Бұл тұрғыда ол: «Ұлы хан, дана қолбасы Абылай хан туралы жазу негізінен жоспарымда бар, сіздерге енді бұны қалай десем екен, бәлкім, ол алда-жалда роман, не өзінше бір деректі ғұмырбаян, ал, шындығына келгенде, соның екеуі де болып шығуы тіптен ғажап емес!» - дей отырып, өзінің ағымдағы бірқатар тарихи-танымдық тұрғыдағы мақала, эсселерін тиісінше қағазға түсірумен бірге, соңыра сәтін салса, алдағы уақытта қазақтың басқа да айтулы қолбасылары мен хандарының өмірлерінен әр тұрғыдағы тарихи-танымдық дүниелер жазарына, оларын да алдымен мерзімдік басылымдардың беттері арқылы өз оқырмандарымен бөлісеріне сенімді екендігін де жасырмады. Жазушы аға бұл бағытта өзінің бір көсілте жазса, тек жоғары деңгейдегі шеберлік тұрғысында, не көркемдік кемелдік биігінен ғана көрінуге бейілді екендігін еш бүкпесіз ашып айтып, шығармашылықтағы, өз таңдаған кәсіптеріндегі шеберлік, кемелдік дегенді өз таңдаған әскери өнерлерінде үнемі өздерінің жүректерінің төрінде ғана сақтайтын болашақ жоғары шенді әскерилерді үсті-үстіне тағы жігерлендіре де түскендей болды. Әлгіндегі мазмұнды кездесу, сондағы өзінің бір толғанысы тағы бір толғақты толғанысқа ұласып, осыншама ағыла сөйлегендері мен зал толы тыңдармандарының сондағы өзін соншалықты ықыластана тыңдап, әлсін-әлсін қолдап-қолпаштағандай болып, қолдарын дуылдата шапалақтағандары Мұқаңның өзіне де қатты әсер еткені емей немене; дәл осы бір сәттердегі оның жүзіндегі шырайы, күлімдеп, мейірленген көздеріне дейін де соны осыншама аңғартып-ақ тұрғандай еді ғой. Өз шығармашылық өміріндегі кезекті бір қызықты кездесу ғана дегенмен, әдеттегі көп кездесулердің кездеріндегідей, «Сіз жазуға қашан отырасыз? Тәулігіне қанша бет жаза аласыз? Сіз әдетте қандай қаламды ұнатасыз? Қаламмен жазасыз ба, әлде қарындашпен жазасыз ба? Бос уақытыңызда не істейсіз? Шахмат, әлде тастаяқ ойнайсыз ба? Тауға шығасыз ба? Шыңғыстаудағы туған ауылға жиі барып тұрасыз ба? Өмірде достарыңыз көп пе?», тағысын-тағы дегендей өнбес сұрақтардан ада, тек бірыңғай өндірте жұмыс жасап жүрген жазушының шығармашылық толғаныстары мен ішкі шығармашылық лабораториясының сырларына көбірек құлақ асып, оның өзімен бірге толғанып, бірге сырласқандай болған тыңдармандары – елдің болашақ жоғары шенді әскербасыларына деген ризашылығы, сондағы өзіне тағы талай ой салғандай болған үнсіздік пен үнсіз ұғысулар Мұқаңның алдағы патриоттық рухқа толы, туған ел, атажұрттың арғы-бергі өткеніне қатысты телегей теңіз ойларға толы жоспарларына да дем бере түскендей ме, қалай?! Бұл күнгі шығармашылық кездесуді, шынында да, солай деп қабылдауға толық негіз бар. Мұқаң кейін өзінің аталмыш академиядағы сөйлеген, сондағы толғаныстары кезінде айтылған ой-толғаныстарын жинақтаған сөздерінің магнит таспасынан қағазға түскен көлемді нұсқасын «Жұлдыз» журналының 1998 жылғы №12 санында «Батырлар әулеті» деген тақырыппен жариялаған болатын, ол бертінде жазушының 13-томдық шығармалар жинағының 6-томына да енгізілді. Осы тұстағы бір көңіл аударарлық жәйт, бұндағы батырлар әулеті деген сөздің өзі де кең тұрғыда айтылған, әрі өзінше бір үлкен мән-мағынаға ие сөздер еді. Қазақ тарихында ешкім ешқашан батырларды тағайындамаған, сен батыр бол, осы жолғы майдан даласынан елге батыр атанып орал деп, енді ғана жауға қарсы шапқалы тұрған қазақ жігіттерінің ешқайсысын бөле жарып, ешкімге тап солайша міндеттемейді де! Батырлық қасиет – қазақтың қанында бұрыннан-ақ бар қасиет! Ғасырлар бойына көшпенділікпен күн кешкен халқымыздың тарихи өткенінде лайықты ел қорғаны бола білген, талайғы небір қиын сындардан сүрінбей өткен азаматтарымыздың бойларындағы батырлық пен батырлар әулетінің де дәл осылайша бір-бірімен жалғасып, ұдайы бірін-бірі әр қырынан толықтырып, тағылым-тәлімдерімен барынша байытып отырған батырлар мектебі қалыптасқан. Бір ғана кезең-кезеңімен өрістеген қазақ-жоңғар соғысы жылдарының өзінде-ақ қазақтың талайғы батырлар әулеті қалыптасып, бұл дәстүр, тіпті, бергі замандарда да өзінің заңды бір жалғасын таппады ма?! Бертінгі дәуірде тәуелсіздігі қолынан сусып шығып кеткелі тұрғалы жерінде тіптен-ақ ширыға түсіп, қалың елін өздерінің соңдарына ертіп, ақыры алмай тынбауға бекінген алып тажалмен бетпе-бет айқасқа шығып, тәуелсіздік үшін жан пида деген батырлар әулетінің алдыңғы сапында бұрынғы өткен хандардың бір асыл перзенті Кенесары Қасымұлының өзі жүргендігін тағы қайда қоясыз?! Демек, қаншама ғасырлар бойына өз атажұртын құзғыштай-ақ қорумен болған Қазақ Ордасы, Қазақ хандығының арғы-бергі өткеніне зор құрметпен қарайтын бүгінгі жұрт, бүгінгі тәуелсіз еліміз де заманына сай, батырлар әулеті деуге әбден-ақ лайықты емес пе?! Тым әріге бармай-ақ, сол күнгі әскери ғылыммен уақыт-заман талабына сай, осыншама тереңдеп шұғылданып жүрген басшылығы арнайы шақырып, ал, қадірменді Мұқаң болашақ жоғары шенді әскерилердің алдарында осыншама көсіле сөз сөйлеген Жоғары әскери академия да батырлар әулетінің ең озық, жақсы, әрі заманға әбден лайықты және ел мүддесін ту еткен батырлар әулетінің бай дәстүрін бүгінгі өмірде лайықты деңгейде жалғастырып отырған бірден-бір киелі қара шаңырақ екендігін айтсақ та, жетіп жатыр ғой! Артынша жаңағы кеш соңынан жайылған шағын дастархан басындағы әңгіме кезінде де әскери академия басшылығы мен оқытушылар корпусының қазақ тарихы, сан ғасырлық өткені ерекше Қазақ хандығының басында тұрған талайғы тарихи тұлғалар, тарихи кезеңдерде суырылып алға шыққан қаншама қадау-қадау қазақ батырлары, олардың тарихи кезеңдердегі өз жауларымен бетпе-бет шайқастардың кездерінде көрсеткен небір төтен ерліктері, соғыс тактикалары мен жеңіске бастар қадамдарын жоғары бағалаумен бірге, ел өткеніндегі сол бір тарихи оқиғаларды тарихи маңызы зор жәдігерліктер негізінде өзінше бір тарихи-көркем шығармаларға айналдырып, бүгінгі елдің рухани игіліктеріне айналдырып отырған қаламгерлер қауымымен тығыз шығармашылық байланыста болуға деген ұмтылыстары мен соның өзін Мағауиндей алдыңғы толқын жазушы ағаларымыздан бастағанды жөн көргендіктері де анық аңғарылып жатты. Соның артынша мен Мұқаңның тапсырмасы бойынша, Жоғары әскери академияның генерал-майор Тасболатов басқарғалы бергі өміріндегі талайғы қызықты жаңалық, деректері, бағалы бастамаларын арқау етіп, әрі академия курсанттары мен тыңдаушылары, олардың да арасындағы ең үздік, өз өнерімен талай елдердегі әскери сынақ-байқауларда өзге жұртты таңырқатып жүрген ұландарды қатыстыра отырып, бірқатарымен академияның оқу залындағы дәрістерінен кейін, анайы жолығып, әңгімелесіп, соңынан «Генерал Тасболатовтың шәкірттері» деген көлемді мақала жазып, оны сол тұстағы өзіміз қызмет жасайтын «Жұлдыз» журналында жарияладық. Журналдың сол саны және бертінде Мұқаңның әскери академияда сөйлеген «Батырлар әулеті» атты сөздері кейін академияның оқытушы-офицерлері мен тыңдаушыларының арасында да үлкен қызығушылық туғызыпты. Сол кезден тағы бір мұқият есімде қалғаны, Мұқаңның сол жолғы Жоғары әскери академиядағы кездесуіне академияға жоғарыдан басшылық жасайтын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің генерал-инспекторы, генерал-майор Сабыржан Темірбеков қызмет жағдайымен уақытылы келіп үлгермеген екен, ол енді мәдениет сарайындағы кездесу аяқталып, Мұқаң (қасында мен де бармын) шағын дастархан басына шәйға шақырылған кезге тап келді. Байқаймыз, өзінің Жоғары әскери академияда атқарылып жатқан жұмыстарға, оның ұзақ жылдардан бергі басшысы генерал-майор Тасболатовқа деген ықыласы да ерекше. Ағамыз келе салып, аздаған әзіл айтып, бізді біраз күлдіріп те алды. Елдің жоғары шенді әскерилерінің арасында әскери жаттығулардың санатында ұзақ қашықтыққа жүгіру деген де бір жоралғысы бар екен. Көпшілікті сынға салып, көп ретте біраз қинайтындығы да осы жүгіріс екендігі аңғарылады. Жасы ұлғайып, бүгінде үлкен лауазымдық қызметтерді атқарып, дәл бұрынғыдай ағымдағы көптеген әскери-спорттық жаттығуларға қатысуға мүмкіндігі болмаса да, кім қалай жүгіреді, сол өзі қанша уақытқа дейін шыдайды екен дегендей қызығушылық пен әуестік жоғары шенді әкерилердің арасында да болып тұрады екен. Ондай алыс қашықтыққа онсыз да тиісті қызметтік жұмыстары көп, тіпті, өзінің академиядағы жұмыс кабинетінде оңашаланып, қағаз жазып отыруға көп уақыты бола бермейтін генерал-майор Тасболатовтың қатысуы тіпті міндетті де емес екен, бірақ, соған қарамастан, өзінің бүтіндей саналы ғұмырын әскери өмірге арнап келе жатқан Абай Бөлекбайұлы бір-ер сағаттық демалысы кемдеу болса да, қашан да өзінің қатарынан қалмай, әрдайым өз қатарластарымен бірге жүгіріп, жаттығу алаңдарында осыншама ақ тер, көк тер болып та жатады екен. Дастархан жерге жайылғасын ба, ешқандай ресмилік жоқ, бейнебір ауылда, әлде алып Алатаудың бөктеріндегі бір саяда ғана отырған сияқтымыз. Дастарханның бас қонағы әлгінде ғана академияның мыңдаған тыңдаушыларының алдында тебірене сөз сөйлеп, талайғы қызықты сұрақтарға тиісінше жауап беріп, жалпы әдебиетке, қаламгерлер қауымы мен кітапханалар жұмыстарына деген бұрынғыдай қызығушылықтар сиреңкіреп қалған кездің өзінде де, қазақ қаламгерлерінің әлгіндей уақытша қиындықтарға тұсалып қалмай, әрдайым тыңнан жол тауып, реті келген жердің бәрінде де өздерінің қаламдарын көсілтудей-ақ көсілтіп жатқандықтарына қатысты бірқатар соны пікірлер айтқан Мұқаң болғандықтан, бұл жердегі басты әңгіме тақырыбы да әдебиетке, қазақ әдебиетінің тәуелсіздік дәуіріндегі үрдісті өміріне ғана қатысты өрбіді. Қос генерал арғы-бергідегі қазақ әдебиеті, әсіресе, әскерилердің өмірін арқау еткен прозалық жанрдағы дүниелер мен осы бағытта үздіксіз қалам тартумен болған қабырғалы қазақ жазушыларын, олардың бай шығармашылықтарын да жақсы білетін болып шықты. Дәл осы жолғыдай шырайлы, жүрекке ерекше бір жылу үйірірдей кездесулердің Мұқаңның кейінгі шығармашылығына да өзіндік оң әсерін тигізіп, артынша жазу столына отырғанда, оның сонда күнделікті қалыпты уақытынан да ұзақ отырып, бұрынғысынан әлдекқайда шабыттырақ, әрі өнімдірек жұмыстануына әсер ететіндігін сеземін. Бұндайды кейде Мұқаңның өзі де айтып қалатын. «Тек осы бір кездесу, оның дәл осы жолғы толғаныстары кейін өзінің қай шағармасында айырықша бір іздерін қалдырар екен?!» - дегендей де ой келеді. Жоқ-ау, бәрінен бұрын, сондағы қос қазақ генералының кездесуден кейінгі ақырындап әңгіме шертісе отырып, Мұқаңды аула ішіндегі көлігіне дейін шығарып салғандарына дейін де өте әсерлі болғандығын айтсайшы! Академиядағы тағлымдық мәні ерекше кездесуден кейін де арада тағы біраз уақыт өткен. Мұқаң да өз шығармашылығына шабыттана кірісіп, қадау-қадау дүниелерін өмірге әкеле бастаған. Жазушылардың өмірінде де бұндай қарбалас шақтар тіптен аз кездеспейтін. Кейде бұндайда сенің өз-өзіңді ұмытып, жаңа бір шығарманың қалың оқиғаларының арасында жүріп, сондағы дара кейіпкерлеріңнің рухына берілгендей күйді бастан кешетін кездерің де аз емес. Күніне бір тәуір нәрсе жазып, көңілі біршама көтеріңді жүрмесе, тіптен мазасы болмайтын Мұқаң да осылайша өмір сүріп жатқан. Жоқ, сөйтсе, содан бірнеше күндей уақыт бұрын, тау бөктеріндегі Жоғары әскери академиядағы әскери-патриоттық шараларды ұлттық дәстүрімізге сәйкес, үлкен ұйымшылдықпен өткізген әскери-басшы, әрі Абай атамызбен аттас генерал ағамыздың қазақылығы, зиялылығы да мықты болып шықты. Ол бертінде атақты жазушы Мұхтар Мағауин мерейлі алпыс жасқа толып, соның алдында ғана белгілі жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері Мереке Құлкенов ағамыз басқаратын «Ана тілі» ұлт газеті мен жазушы-замандасымыз Жүсіпбек Қорғасбек басқаратын «Қазақ әдебиеті» газеті және бірқатар республикалық орыс-қазақ тілдеріндегі газет-журналдар Мұқаңның шығармашылығына арнап, топтама материалдар ұсынып, ел-жұрты осыншама шулатып тойлатып жатқанда да, Мұқаңның бай шығармашылығының бүгінгі ел қорғандары үшін өлшеусіз тағлымы хақында әріден сыр аңғартып, қазақ тілінде арнайы мақала жазып, онысын республикалық мерзімдік басылымдардың бірінде дәл Мұқаңның мерейтойлық шарасы Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының ұйымдастыруымен, әрі белгілі ақын, драматург, Одақтың сол кездегі төрағасы Нұрлан Оразалин ағамыздың жүргізуімен М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында аталып өтілетін күні жариялатты. Мағауиннің сондағы мерейтойлық шаралары өте жоғары деңгейде өткендігіне қатысты артынша ел газеттері де жарыса жазды. Ал, елдің, Алматының қақ төріндегі бас драма театрына жиналған қалың көптің алдында жазушы ағамыз тағы бір мәрте классик жазушы және әдебиеттегі бұрынғы өткен алыптардың іздерін лайықты түрде жалғастырған асыл тұлға атанды. Заманында ұлы Әуезовтың алдын көрген, оның ұлағатты дәрістерін тыңдаған шәкірті деген сөздерге дейін де айтылды. Ұзақ жылдық шығармашылығы, қазақ руханиятының алтын қорын ұзақ жылдар бойына өзінің қаламынан туындаған тың да, соны сипаттағы тарихи-көркем туындыларымен байыта түскендігі үшін алғыс айтқан құттықтау хаттары қаншама?! Мұқаңның соңғы жылдары жазылып, оқырмандар арасындағы қызығушылық әліге дейін бір сейілмеген том-том шығармаларына дейін талданып-таразыланып, жоғары деңгейдегі өзіндік бағасы берілді. Әдебиеттанушы-ғалымдар тарапынан айтылған тілектер де көңілді марқайта түскендей болатын. Солардың бәрі де өзінің байырғы және кейінгі жылдардағы тұрақты оқырмандары, әрі үлкен бір жанашырлары еді. Осы бір күндерде Мұқаң да оларға ерекше бір разылық пейілде болды. Көңілі де әбден-ақ толған секілді, алайда, Мұқаң өзінің Тасболатовтай жақсы көретін генерал-інісін сол күнгі театрда өткен мерейтойыма келіп, көппен бірге қатыса алмады ғой деп еш ренжіген жоқ, қайта оның сол күнге лайықтап, оқырмандары көп газетке арнайылап мақала жазғандығы үшін де қатты риза болған еді. Бірақ, арада бір-ер жетідей ғана уақыт өткенде, алдыңғы толқын зиялыларға деген құрметі ерекше, өзі де аңғарымпаз, адамгершілігі зор генерал-ғалым ағамыз Абай Тасболатов қолында бір корзина толы алқызыл гүлдері бар, әрі өзінің қасындағы алматылық зиялы серіктерімен бірге кеш те болса, Мұқаңды ел-жұрты осыншама шулатып атап өтіп жатқан мерейтойымен құттықтайын деп, Қазақстан Жазушылар Одағының ғимаратына арнайы келіпті. Алдын-ала осындай бір хабар болғасын, әрі өзіміз сол қастерлі ғимараттың бірінші қабатында отыратындықтан, мен Мұқаңның тапсырмасымен есік алдына қарай шығып, қонақтарды қарсылап алдым. Мұқаң бұл кезде өзінің «баяғыда Ілияс Есенберлин басқарған «Жазушы» баспасында лауазымды қызмет атқарғанда, отырып едім» дейтін бірінші қабаттағы тұтастай бір қабырғасы шкафтағы кітаптар мен журналдың көне сандарына толы жұмыс кабинетінде отырған еді. Өзі де қатты қуанды. Қонақтарымен құшақ жайыса көрісті. Осы жерде де елдік, ұлттық-патриоттық рухтағы және жазушының соңғы кездері қолына іліктірсе де, әлі қағаз бетіне түсіп үлгермеген дүниелеріне бағышталып отырған аса құнды жәдігерліктеріне қатысты біраз қызықты әңгімелер ортаға салынды. Осындайылықты кішілік жасаған генерал, ғалым інісіне де өзінің шын жүректен шыққан алғысын білдіріп, шығармашылығына биік табыстар тіледі. Мен бұның бәрін неге әріден қазып айтып отырмын? Бір ғана кездесу... Мағауиндей алыптың өмірінде бұған дейін де бұндай шығармашылық кездесулердің талайы болмады ма? Ол сол кездердің бәрінде де өз оқырмандарына деген ерекше құрметі мен ілтипатын білдіріп, талай рет осыншама ағынан жарылмады ма?! Жоқ, мен сол күнгі генерал ағамыз әдебиет алыбы Мағауинмен ұйымдастырған кездесуде және одан кейінгі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қара шаңырағымен арадағы азды-кемді шығармашылық байланыстар кезінде де ел рухының ұлттық әдебиеттен ешқашан ажырамағандығын, қайта елдегі қызу нарықтық өмірдің кезіндегі уақытша қиындықтардың бәрі сәл уақыт өте келе сейіліп, кейін қалың Қазақ елі, қазақ халқының өз ұлттық рухани қайнарларына жаңа кезең, жаңа дәуірде бұрынғыдан да ерекше бір құрмет және үлкен құштарлықпен ден қоятындығын, әрі десе, қазақтың ұлы рухы, жаны, жады, тіні, тұңғыш Елбасымыз айтқандай, «ұлттық кодымыз» бен қазақ жазушысы, қазақ әдебиеті қозғайтын тақырыптардың арқауы, өзегі, арнасы, айдыны мен шалқары қашан да бір екендігін қайтара бір есіме алып, өзім де іштей қатты қуанған едім. Ғасырлар мен ғасырлардың арасы тек осындайда ғана жақындасып, арғы дәуірлердегі ұлы бабалар рухы мен кейінгі ұрпақтарының құшақтары айқасар рухани әлемнің өрісі де осындайда ғана анағұрлым кеңейе түспейтін бе еді?! Ұлы Абайдан жеткен, Абайдан кейінгі алыптарымыз жалғастырған әдеби дәстүріміздің өлшеусіз өнегесі де осындай еді ғой! Сол жол әрі қарай да биік белестерге өрлеп, жалғасын таба бермек.

624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз