• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

ДИМЕКЕҢНІҢ ДАНЫШПАНДЫҚ ӘЛЕМІ

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы

Ақыл-ой анықтамасы

Адамзат тарихында «данышпан» деген ұғым ертеден келе жатыр. Құранда айтылатын Сүлеймен, Нұқ, Мұса және Лұқпан хакім, тарихта аттары жазылған Аристотель, әл-Фараби, Конфуций, тағы да басқа толып жатқан даңқты адамдардың бәрі данышпан атанғандар. Ғылым данышпандық қасиетті былай түсіндіреді: «Данышпандық – бұл бүкіл адамзаттың игілігі үшін өлшеусіз еңбек етіп, ұлы мәселелерді парасаттылықпен шеше алатын адамға тән психологиялық қасиет».

Қазақ еліндегі ұлы философ әл-Фараби мен хакім Абай қазір әлемге белгілі данышпандардың санатындағы ұлы адамдар екенін әлдеқашан санаға сіңірген.

Қазір бұлардың қатарына кемеңгер мемлекет қайраткері, ғұлама-ғалым, академик, еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз, ақыл-ойдың алыбы, адалдығы аңызға айналған Дінмұхамед Қонаев қосылып отыр. Өйткені, ол кісінің ақыл-ойы  мен еңбегі жоғарыда айтылған данышпандық қағидаға сай келеді. Сондықтан, әңгіме Димекеңнің данышпандығы жайында.

Кеніштің келешегін болжауы

1935 жылы болашақ тау-кен инженері студент Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қоңырат кенішіне өндірістік практикаға келіп, бес-алты ай «практикант десятник» болып тәжірибеден өтеді. Теориялық білімін өндірісте көрсетіп, жарты жылдай тәлім алады, әрі жұмыс істейді. Болашақ диплом жұмысына «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын айқындау» деген тақырыпты алады. Туғаннан зерек Димаш дипломды үздік қорғайды. Оның осы жобасы бойынша кешенді істер мен жүзеге асатын жұмыстардың жоспары жасалады. Өндіріске енгізілген болжам-жоба көп өтпей нәтижесін береді. Мөлшерленген 90 мың тонна қара мыс уақытында өндіріледі. Ақыл-оймен еңбек ізденісі арқылы алысты болжай алатын болашақ инженердің көрегендігі алғаш осылай кен орны кеніште әріптестерін қайран қалдырды. Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын Қызыл дипломмен (1936 ж.) бітірген жас тау-кен инженерінің қабілеті мен пайым біліктілігі және парасаттылығы оның түбінде алысқа баратынын айғақтаған еді.

Орталық Қазақстандағы Қоңырат кенішінің келешегін студент-практикант кезінде-ақ дәл болжаған Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ерекше қасиет күні бүгінге дейін тәнті етіп, таңдандырады. Яғни, көрегендік Димекеңе діндар дана, әулие-кемеңгер, кемел рухты ата-бабаларынан дарыған.

Димекең бойында көрегендік пен алған бетінен қайтпайтын қайсарлық қашан да қатар көрінеді. Ол кезде Кеңестер Одағында теңдесі жоқ Қоңырат кенішінің жұмысына қатысты Кремльде Сталиннің серіктестері Г.Маленков пен Н.Булганиннің қабылдауында болып, кеніш келешегі жөнінде өзінің ұсынысы мен талабын батыл айтуы және оны жүзеге асырудың жоспар-жобасын дәлелдеуі шынында ғажап. Дәлелдеуді талап етпейтін мамандығы инженер Қонаевтың көрегендігі қашан да көз алдымызда тұрады. Міне, сондықтан, жасы әлі отызға толмаған өте талантты, ерен қабілетті инженер КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасы М.Калинин ақсақалдың қолынан айрықша марапат медалін алады.

Кремльде сұңғақ бойлы, иманжүзді, жүзінен нұр төгілген қазақ жігітінің өз еліндегі кеніштердің болашағын болжап сөз сөйлеуі  оның бойындағы даналарға тән көрегендік пен кемеңгерліктің түбінде бір жарқырап көрінетінін дәлелдегендей еді.

Дүние құбылысына байланысты Димекең ашылмай жатқан құпияның ашылатынын, шешілмейтін жұмбақтың шешілетіні жөнінде ой толғайды.

Жанталас еңбек немесе соғыстың болуын сезуі

Қоңыратта қабілеті мен кен істеріне қатысты жоспары жүзеге асып, көрегендігі астана Алматыға жеткен дарабоз, дарынды инженер Дінмұхамедті Орталық Комитет  Алтайдағы Риддер кенішіне қызметке ауыстырды. Талант танитын, кісі бойындағы ерекше қасиетті аңғаратын Партияның сол кездегі жетекшілері және тау-кен істерінің білгірлері Димаштың онда баруын жөн деп табады. Мұнда ол қызметі жоғарылап директор болып келеді. Орда бұзар отыз жасында зор кеніштің бастығы ерен ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізеді. Оның керемет инженерлік болжамдары мен нұсқаулары жүйелі іске аса бастады. Тұралап, жұмысы тоқтауға айналған кенішке жан бітіріп, орындалмайтын жоспар орындалды. Басшылық қызмет пен инженерлік ізденісті қатар алып жүру оңай емес еді. Алла-Тағала аямай ақыл-ой мен ерен қайрат және мол сабыр-парасат берген Димаш сойқан қопарылыстар жасалып, соғыстағыдай жойқын жарылыстар болатын кеніш-шахтада күн демей, түн демей жұмыс істеуге мәжбүр болды. Өйткені, Батыста соғыс басталған болатын. Кеңес Үкіметі қауіпті сезіп, Қорғаныс үшін қорғасын мен темір өндірілетін кеніштердің жұмысына ерекше көңіл бөліп, мұны қатаң қадағалап отырды. Сондықтан, бар тіршілік әскери жағдайға көшкен. Инженер Қонаев соғыстың болатынын алдын ала білді. Өйткені, естелігінде «соғыс болмай қалмайтынына күмән жоқ еді» деп жазады. Сол үшін әскери қару-жарақ жасауға қажетті өнім өндіретін кеніште орасан жұмыс жүрді. Жоспар екі-үш есе еселеніп жасалды. Нәтижесінде көзделген меже, ауқымды жоспар артығымен орындалды. Қонаевтың таңғажайып  инженерлік шешімдері мен болжамдары жүзеге асты. Риддер кенішіндегі инженерлік ақыл-ой жұмысына қатысты ойын Димекең естелігінде былай тұжырымдайды: «Мен ешбір кітаптан, ешбір диссертациядан  кездестірмейтін ондаған, тіпті, жүздеген инженерлік шешімдер туралы ұзақ әңгімелер едім».

Тау-кен істеріне байланысты орасан ғылыми-зерттеулердің авторы Димекеңнің бұл саладағы еңбегі өз алдына әңгіме.

Риддердегі кеніш директорын онда барып көрген басшылар Н.Скворцов пен Ж.Шаяхметов оны Алматыға шақырып, одан соң Мәскеуге бекітуге жіберіп, соңында Қазақстан Халық комиссарлар Советі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады. «Менің Риддерде кеніште істегенім жөн ғой» деп басында келіспейді. Бірінші хатшы Н.Скворцов «Сізге қатысты мәселе әлдеқашан шешілген» деп айтқанынан қайтпайды.

Соғыс кезінде Димекеңнің Ауыр өнеркәсіп саласын басқарып, қару-жарақ жасайтын заводтар үшін кен шикізаттарын өндіруге байланысты ұлы ұйымдастырушылық еңбегі осылай жалғасты. Қазақстандағы ауыр өнеркәсіп орындары тоқтаусыз жұмыс істеді. Көлік қатынасында кідіріс болған жоқ.

Соғыстың болатынын білген Димекең тылда – қару-жараққа қажетті темір мен қорғасын өндіретін кеніштердің жұмысын ширатып, өзі тікелей басқарып, «Майдан үшін» маңдай терін төгіп, ақыл-ойын сарп етіп, кейде күн мен түнді ажырата алмайтындай жағдайда жүрді.

Майдандағы «Т-34» танкісінің сауыты Ақшатау мен Балқашта байытылған вольфром мен молибденнен жасалғаны белгілі. Соғыс кезінде өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Димекең еңбек еткен Қоңырат кенішінде өндірілгені қазір айтса ертегі сияқты елестейді.

Нағашылары болып келетін сәуегей Бөйіт сопы екеуі кейде кеңесетін. Құлшылық кезінде соғыстың жеңіспен аяқталатынына анық көзі жететін.

Қытай ғалымдарын таңдандыруы

Тікелей кен өндірісінде жүріп, нақты ғылыммен шұғылданып, қопарылыстар арқылы кен өндіру жөніндегі жаңалық ашқан Димекең 1952 жылы Қазақ Ғылым академиясының президенті болып сайланды. Қазақстанға белгілі біраз кен орындары осы академиктің барлап, болжауымен табылып, таңбаланғанын көп біле бермейміз.

Геология саласындағы білгір ғалым әрі білікті ұйымдастырушы академик 1954 жылы Қытай Халық Республикасына ғылымдағы жетістіктер жөнінде байланыс жасауға қатысты барып қайтты. Делегация құрамында Н.Хрущев, тағы да басқа белгілі мемлекет қайраткерлері мен атақты ғалым, жазушылар бар еді.

Академик Қонаев геология ғылымы бойынша Қытай Ғылым академиясында, Тау-кен істері ғылыми-зерттеу институтында және көптеген білім ордаларында баяндама жасайды. Димекең баяндамалары миллиондаған таралыммен шығатын Қытай басылымдарында жарияланып, ел ғалымдарын таң қалдырады. Өйткені, Қытай жер асты байлықтарын әлі игере алмай жатқан болатын. Кеңестер Одағында, оның ішінде Қазақстандағы геология ғылымы мен Тау-кен істерінің жұмысы Қытай үшін үйренетін және үлгі алатын іс еді. Қазба байлықтарды игерудің заманауи жолы мен тәжірибесін түсіндірген академикті Қытай зиялылары хан көтеріп, құрметтейді. Димекең Қытайда бір айға жуық болады. Қытайдың атақты өлкелері мен қала-кенттерін толық аралайды. Бәрін көзбен көріп, көңілге түйеді. Бес мың жылдық тарихы бар Қытайдың өткеніне, социалистік өркендеуі мен дамуына шолу жасай келіп, әлемде теңдесі жоқ еңбекқор халық, жаңа заман орнатқан ел түбінде дамудың шырқау биігіне көтерілетіні жөнінде болжам айтады. Шынында Димекең Қытайдың болашағын болжап кеткен екен. Қытайдың болашағы жөнінде сәуегейлікті бұдан 150 жыл бұрын Шоқан да жобалап айтқан. Ал, Димекең дәлелдеп, шын көз жеткізеді.

Адамзат тарихында компасты, қағаз бен оқ-дәріні  ойлап тапқан Қытай қазір алпауыт ел АҚШ-тың өзімен тайталасып отыр. Экономикасы бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді.

Димекең Қытайдың  кие санайтын қасиетті орындарының көбінде болып, халық рухына байланысты ой түйеді. Ұлт үшін Пайғамбар саналатын философ Конфуцийдің туған жерін көріп, мұражайын тамашалайды, Қытай қорғанына  келіп оның тарихымен танысады.

Пайғамбар хадистерінде айтылғандай, ғылым мен білім ежелден дамыған осы ел жөніндегі «Халықтық Қытайдағы 30 күн»  атты құнды еңбегін жазып (1955ж.), оны кітап етіп шығарады. Оқыған адам Қытай жөнінде  академиктің қалай данышпандық ой толғағанына көзі жетеді.

Алатаудағы жойқын жарылыс немесе шын данышпандық шешім

Алатау етегіндегі бөктер-қоныс, ежелгі кент-мекен ертеректе «Ну – Алматы», «Су – Алматы» деп аталған екен. Иттің тұмсығы өтпеген ну-тоғай және сарқыраған өзендер мен сансыз бұлақтар осы өлкенің таңғажайып табиғат байлығы еді. Отаршылар келгенде ойрандалып, әсіресе, тоғай жоқ болып, құрып кеткен. Димекеңнің ұлылығы мен көрегендігі сол бұрынғы жоғалған тоғайды қайта тірілтіп, Алматыны саябаққа айналдырды.

Пәлен мың жылдан бері тоқтамай үнемі апат әкелетін «Су – Алматыдағы» селді бөгеудің де жолын Димекең тапты. Министрлер Кеңесі төрағасы болып тұрған кезінде елуінші жылдардың ортасында Медеуде селге қарсы бөгет жасаудың жоспар-жобасын ойлайды. Өйткені, 1921 жылғы жойқын сел апатының сойқаны мен зардабын көзімен көрген. Үйдей-үйдей қой тастардың домалап келіп, қала көшелерінде жатқанын көріп, бұл құбылыс түбінде тағы да қайталанатын шығар деп ойлаған. Себебі, Димаш ес білгелі сел сойқанын талай естіп өсті. Әсіресе, жаңбыр шелектеп жауған жылдары немесе таудағы қар еріген жазды күндері қала тұрғындары селден үрейленіп, шошитын.

Алпысыншы жылдардың басында басты жұмыс қолға алынды. Бірақ, зор платинаны тез бітірудің қиынға соғатыны белгілі болды. Сондықтан, таулы далада талай қопарылыс жасап, мол тәжірибе жинақтаған тау-кен инженері тауда жойқын жарылыс жасап, селге қарсы «қалқан-қорған» тұрғызуды дұрыс деп тапты. Жарылыс жасауға алғашында кейбір ғалымдар мен партия қайраткерлері қарсы шықты. Алматыда дүмпу болып, соңы жер сілкінісіне әкеліп, орасан апатты жағдай орын алады деп ойлады. Атақты сібірлік академик М.Лавреньтевпен ақылдасып, бар жауапкершілікті өзі алып, жарылыс жасаудың жобасын бекітіп, күнін бекітеді. 1966 жылы алғашқы жарылыс сәтті болды. Одан кейінгі 1967 жылғы жойқын жарылыс та ойдағыдай аяқталып, Алматыға еш қауіп келген жоқ. Нәтижесінде көп өтпей, қуатты сел тасқынына қарсы бөгесін «қалқан-тау» тұрғызылды. Егер ол қол күші арқылы салынса, кемінде он жылға созылар еді.

Димекеңнің данышпандық шешімі мен кемеңгерлік болжамы және тәуекелшілік рухы әлемді қайран қалдырды. Алатаудағы табиғат апатына қарсы жасалған таңғажайып құрылыс жөнінде дүниежүзі құлақтанды. Мың кісілік зор жұмысты бір минутта бітірген Димекең жайында ақын Жұбан Молдағалиев поэма жазды. Бұрын-соңды дүниежүзінде мұндай тау қопару болмаған.

Димекеңнің данышпандығы мен көрегендігі сол, соңғы селдің болатынын он шақты жыл бұрын болжап, тілсіз жауға қарсы алдын-ала әрекет жасауында жатыр. 1972 жылы «тау қалқан» бөгет толық аяқталды. Келесі жылы 1973 жылы маусымда жойқын сел болып, ол тасқынға төтеп берді. Алматы апатты селден аман қалды. Данышпандар еңбегі тарихында бұл сирек құбылыс. Пайғамбарлардың өзі мұндай көрегендік көрсетіп, таңғажайып дүние жасаған емес. Осы оқиғаның алдында Димекең тұңғыш рет Еңбек Ері атағын алған болатын. Данышпанды Құдай қолдап, періште «әумин» деген ғой.

Тұлғаны «тай күнінен» таниды

1959 жылы әлемді шулатқан Теміртау көтерілісі Қазақстан тарихындағы төтенше оқиға еді. Дүрбелеңді тоқтату үшін Мәскеуден Л.Брежнев, Алматыдан А.Қонаев келді. Л.Брежнев жұмысшылардың жұмыс орнын, жатақханасын және асханасын тексеріп, кемшілікті көрген соң, олармен іш тарта сөйлеседі. Ал, Димекең қаланы үш күн жаяу аралап, оқиғаның не себепті ушыққанын біледі.

Қаланы аралап жүріп, бір тұста бір шоғыр болып тұрған қазақ жігіттеріне көзі түседі. Оларға алдымен өзі сәлем беріп, амандасады, жөн сұрасып біліседі. Содан соң: – Жігіттер, – дейді Димекең, – сендер үшін Алматыдағы Үкімет үйінің есігі әрқашан ашық. Келсеңдер кез келген уақытта қабылдап, көтерген мәселелеріңді шешуге әзірміз, – деп жастарға уәде береді. Олардың арасында Аякөзден комсомолдық жолдамамен келген Зиядин атты жігіт бар еді. Арада біраз уақыт өткенде, Димекеңнің уәде сөзін тыңдаған Зиядин Алматыға келіп, Қонаевтың қабылдауына жазылады. «Теміртаудан бір жас жігіт келіп тұр» дейді көмекшісі. Жастарға берген уәдесі есіне түскен Димекең оның кіруіне рұқсат етеді. Амандық-саулықтан кейін «Ал, інім келген шаруаңды айта бер» дейді. «Шаруа сол, аға, біздің комсомол комитетінде жаңалық болды. Украинада оқып келген, өте өжет, жұмыста алғыр, қоғамдық жұмыста белсенді Нұрсұлтан Назарбаевты Комсомол комитетінің жаңа хатшысы етіп сайладық. Үлкен жаңалық осы, аға» дегенде Димекең қатты риза болып, бұған қуанады. «Қазақ жігіттерінің қашан да алда жүргені жақсы ғой, айналайын. Біз өздерің сияқты жастарға сенім артып көмектесеміз, егер, өсіп жатса қуанамыз. Қолдан келгенше қолдау біздің парызымыз. Сайлаған жаңа хатшыларың құтты болсын, інім», – деп, сөзінің соңында «түбінде біздің орнымызды басатын сендер сияқты жастар, жаңа өзің  аты-жөнін айтқан Нұрсұлтан сияқты алғырлар ғой» деп, жігітпен біраз әңгімелесіп, соңында бұйымтайын сұрап, шығарып салады.

Димекеңнің Нұрсұлтанды жас кезінде көрмесе де сыртынан танып, досы арқылы біліп, оған тілектес болғаны осы бір кездейсоқ оқиғадан анық көрініп тұр. Алғаш атын  естігенде, «Түбінде біздің орнымызды басатын Нұрсұлтан сияқты алғырлар ғой» деген сөзді оның аузына Алла-Тағала салып отыр.  Кейін Нұрекең «комсомол лидері» атанып, аты Одаққа белгілі бола бастағанда оның қабілет-қарымын сыртынан әбден біліп жүреді.

Комсомол съезінде сөйлегенін көріп, сөзін тыңдады. Шетелде дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысқаны, Қытай комсомолынан хат алғаны, тағы да басқа Нұрекеңнің жас кезіндегі «лидерлік қасиеті» «Лениншіл жас» газеті арқылы Бірінші басшыға белгілі еді.

Кезінде Теміртау оқиғасына байланысты Димекең де «таяқ жеген». Сондықтан, бұл қаладағы барлық жағдай оның назарында тұратын. Онда атағы дүркіреп тұрған жас металлургтің еңбек пен қоғамдық жұмыстағы ерен ісі «ұзын құлақ» арқылы оған жетіп жатты. Димекеңмен етене араласқан, жиі қабылдауында болатын қаламгер Балғабек Қыдырбекұлы Теміртаудағы өжет, алғыр жігіт, көркем, келісті бозбала жөнінде анда-санда тұспалдап айтып, сыртынан «Біріншіге» ишараттаған кездері болған. Өйткені, Бәкеңнің Нұрекеңмен туыстық жақындығы бар болатын.

Нұрекеңнің комсомол жетекшісі кезінде жұлдызының жанып, Одаққа танылуына септігі тиген Орталық Комсомол комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібектің де ықпалы болды. Бұл қоғам қайраткері де Қонаевтың тәлімін алғандардың санатына жатады.

Қазір Алматыдағы Димекең мұражайына бұрынғы партия қайраткерлері мен ардагерлері жиі келіп, сол кездің саясатына байланысты әңгіме қозғайды. Ардагерлердің арасындағы жасы үлкендері жас қыран Нұрсұлтанды Димекеңнің қалай баулып,  мансабын өсіргені жөнінде әңгімелейді. «Қарағандыдағы хатшы Қазақстанның тізгінін ұстайды» деп, Димекең бірде тұспалдап айтса керек. Сондай-ақ «Нұрсұлтанның Алатауы бар, Арқадан түбінде Алатау жаққа самғайды» деп кемеңгер ағынан жарылса керек. Осы сияқты әңгімелерді ардагерлер кейде асыра айтады. Айналып келгенде, ақкөңіл ардагерлер әңгімелерінің түйіні мынаған саяды. Димекең Тұлпар-тұлғаны «тай күнінен таныған» данышпан, ол әулие-сәуегей.

Ұстазы Димекең туралы соңғы бір еске алу лебізінде Нұрекең өзі былай дейді: «Әрине, мұндай жоғары лауазымды қызметке жастай көтерілуімде Республика басшысы Д.Қонаевтың маған деген ықыласты қабағының да әсері бар деп ойлаймын» деп ардагерлер асыра айтатын «лепес-деректі» жоққа шығармайды.

Биыл 2013 жылы ақпан айында «Егеменді Қазақстанға» шыққан сұхбатының бір тұсында Елбасы Димекеңе қатысты тілші сұрағына орнықты жауап береді. Нұрекеңнің өзін демеген адамға деген құрметі өз алдына. «Қонаев тақырыбы күрделі» деп тұспалдайды. Иә, ұлы адамдардың өмір жолы, тағдыры қашан да ауыр, күрделі болғаны дәлелдеуді қажет етпесе керек. Кезіңде Димекең де «қыл үстінде» жүрді. Өмірінің соңында ауыр жағдайды бастан кешірді.

Әңгімеміз о бастан Димекеңнің көрегендігі туралы болғандықтан Тұңғыш Елбасы жөніндегі: «Қазақстанның Президенті міндетінде ол қиындықтарды жеңді және ауыр дағдарыстан тезірек шығудың жолын табады деп сенемін» деген данышпандық сөзі қазақты емес, адамзатты қайран қалдырады. Бұл шындығында айтуға тіл жетпейтін Пайғамбарлық мұғжиза-көрегендік қой. 1992 жылы шыққан «Өтті дәурен осылай» атты кітабындағы осы жолдарды оқыған адам Димекеңнің рухына еріксіз бас иеді.

Кемеңгер  сенім  артқан Елбасы Қазақс-танды дағдарыстан шығарғаны былай тұрсын дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосты. Менсінбейтін алпауыт мемлекеттердің өзі Қазақстанмен санасатын болды. Сондай-ақ Тәуелсіздік туын ұстаған ол туралы: «Ту жығылмасын, ту ұстаған ұл жығылмасын» деп, Тәңірден тілеуі Құран аятындай қасиетті, хадис сөзіндей өсиетті. Сондықтан, оның шын тілеген тілек дұғасы Құдайдың құлағына шалынған. Құдайға шүкір, алғашқы аласапыран, қым-қуыт, сүргін-сойқан жылдарды және екіталай заман кезінде елдің тағдыры тәлкекке түсіп, ту қисайған жоқ. Жаңа Астанада жаһанға жар салып, қазір желбіреп тұр. Дүниежүзінің қанша елінде Көк Ту көтеріліп, Әнұран орындалды. Мұны тарихшылар зерттей жатар.

Димекеңнің сайыпқыран ізбасары, кемеңгер көшбасшы ұлы ұстазының кезінде Тәуелсіздікті армандағаны жөнінде жиі еске алады. Сексенінші жылдары Терістік облыстарды аралағанда, ұшақ ішінде кетіп бара жатып, «Біздің даламыз қандай кең. Шіркін, өз алдымызға дербес ел болсақ қой» деп, құлағына сыбырлап айтады. Түбінде бір еркіндік, бостандықтың болатынын сезгендей Тәуелсіздікті көксейді. Міне, сондықтан, Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда, армандағаны келген, көксегені болған Құдайдың сүйікті құлы бұған жүрегі жарыла қуанады. «Елімнің егемендігінен, халқының Тәуелсіздігінен садақа» деп жан-тәнімен Бостандықтың баянды болуын күндіз-түні тілеп, «бірлігіңе бекем бол», «өзара тату бол», деп өсиет қалдырды.

Тәуелсіздік баяндылығы үшін дұрыс бағыт ұстап, сара жолды таңдаған тұңғыш Елбасы Нұрекеңе: «Сенің айтқандарың да, істегендерің де дұрыс боп шықты, Нұрсұлтан. Мен сен алған бағытты қолдаймын» деді. Елді дағдарыстан алып шығатынына анық көзі жетті. Алла Тағала кемеңгер мен данышпанның соңғы кеңескенде, бір тоқтамға келген ой-мақсаттарын құп көрді. Оны уақыт дәлелдеді.

Болашақта болатынды болжауы

Ақылы алысқа самғайтын Димекеңнің жетпісінші жылдардың ортасында Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етуді ойлаған кемеңгерлігін көбіміз білмейміз. Бұл ол кезде үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін саясаттағы санаулы адам ғана білетін құпия еді. Мемлекеттік мәні бар бұл мәселенің күн тәртібіндегі мақсатын Политбюро мүшелері ғана білетін. Кремльде бір Политбюро мәжілісінде Одақтас Республикаларды БҰҰ-ға мүше ету жөнінде «жабық есік» жағдайында тосын әңгіме болып қалады. СОКП көсемдері Ұлт республикаларын БҰҰ-ға мүше етсек, біз көп дауыс аламыз және айбынымыз бұрынғыдан да асып, империализмді жеңеміз деп ойлайды. Көп өтпей құпия әңгімені естіген АҚШ бұған қарсы шығады. Тәуелсіздігі жоқ қуыршақ республикаларды мүше етуге болмайды, деп мәлімдейді.

Димекеңнің ұлт болашағы үшін қам жегені сол – түбі дербестікке әкелетін мәселе әңгіме болғанда, Қазақстанды БҰҰ-ға қалай мүше етудің амалы мен жолын ойлап, ниет қылуында. Ол үшін Қазақстанның жер көлемін алға тартып, «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазақ жерінде екенін дәріптеп және досы Брежневке арқа сүйеп, алға қойған мақсатын жүзеге асыру еді. Өкініштісі, басында әңгіме болып, Политбюро мәжілісінде қаралған мәселені кейін «орыстық шовинизм» басып тастайды.

«Қонаев Қазақстандағы облыстардың санын көбейтіп, Республиканы Біріккен Ұлттар ұйымына мүше ету жолында әрекеттеніп жатса керек» деген әңгіме Мәскеуден Алматыға желдей есіп жеткен болатын. «Сабырлығынды Құдай естімей ме» деп Қазақ текке айтпаса керек. Мұндай әңгімені кезінде өз құлағыммен талай естідім.

Сыртқа білдірмей ішінен Тәуелсіздікті бұдан қырық жыл бұрын армандап, ниеттеніп, сәті  сезілген тұста ниет қылып, «Болашақта болады-ау» деп бостандық жайында ойлаған Димекең данышпан ғана емес, бойында Алла Тағаланың мұғжиза қасиеті бар, жүз жылда бір туатын тұлға. Кемеңгерлерден асқан кемеңгер, қазақ халқының бағына туған ол бостандық пен Тәуелсіздікті болжап кеткен дана.

1956 жылы ұлы жазушы, әулие Әуезов: «Димаш бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын» деп көрегендік сөз айтқан екен. Димекең ұлылығы мен данышпандығына, кісілігі мен кемеңгерлігіне байланысты қазір жалғыз қазаққа ғана емес күллі адамзатқа ортақ ұлы адам болып отыр.

Кеңестік дәуірде сол кездің әлемдік саясат, мәдениет және рухани мәселелері бойынша ұлы мемлекеттердің мемлекет қайраткерлерімен кездесіп, даңқы жер жарған ғалымдарымен жүздесіп, әйгілі ақын, философтармен ақылдасып, жер бетіндегі тыныштық пен бірлік үшін биік мінберлерде сөз сөйлеген, дін ғұламаларымен жолыққан пайғамбар аттас Дінмұхамедті ұлы данышпан деп айтуға мәжбүрсіз. Өйткені, ол адамзатқа ортақ тұлға екенін қазір көбіміз білмейміз: «Өз отанында Пайғамбар танылмайды» деген ғой.

Димекеңнің адамзатқа ортақ кемеңгер екенін сол дәуірдегі ұлы мемлекеттердің басшыларымен кездесулерінен көреміз. АҚШ Президенті Дуайт Эизенхауэрмен, Франция басшысы Ж.Помнидумен, Египет президенті Г.Насермен, аты әлемге әйгілі Куба Коммунистік Партиясының көсемі Фидель Кастромен және Қытай, Жапония сияқты Шығыс елдерінің үкімет басшыларымен терезесі тең сөйлесіп, кеңес мемлекеті атынан халықаралық мәселелерге байланысты келісімдерге қол қойғаны  – әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға екенін дәлелдейді.

Осы жерде Кеңес Үкіметі саясатындағы бір құпия, бұрын айтылмаған шындықты еске алайық. Корей халық демократиялық Республикасының президенті Ким Ир Сен Л.Брежневті менсінбеген. Л.Брежневтің жұмсауымен Одақтас республикалардың бір басшысы Корея көсеміне Орден тапсыру үшін келеді. Қызық болғанда, көсем оны қабылдамай, қайтарып жібереді. Леонид Ильич әрі ойланып, бері ойланып, Димекеңнің баруын өтінеді. Кореяға келген Димекеңді көсем үш күн уәзірлері мен ғалымдары арқылы сыртынан зерттеп, біліп, шын мәнінде ақыл-парасаты мол басшы екеніне көзі жеткен соң – қабылдауға мәжбүр болады. Танысып, жөн сұрасқанда, екеуі түйдей құрдас болып шығады. Ким Ир Сен тегін адам емес. Қонаевтың қолынан Орден алған ол шын кемеңгер басшымен кездескеніне қуанады.

Конгресс кітапханасындағы Абай мен Қонаев

Мақаламыздың басында данышпандық туралы анықтама-қағида бойынша «Адамзаттың игілігі үшін өлшеусіз еңбек еткен» адамның данышпан саналатынын айтқан едік. Димекеңнің еліне сіңірген еңбегінің түбіне жету мүмкін емес. Ол кісінің тұсында бір Қазақстан жеті Қазақстанға айналды. Қырық қала салынды және жүздеген колхоз, совхоз өмірге келді. Ең айрықша айтатын нәрсе заман зобалаңдарына байланысты қырылып, өліп, саны азайған қазақтың саны үш есеге көбейді.

Димекең дәуірінің соңғы жылдары «санымыз он миллионға жетті, енді үлкен халықтардың санатына қосыламыз» деп демографтардың әлемге жар салғаны тегін емес еді. Өндіріс, шаруашылық өз алдына – халық санының көбейгені неге тұрады. Өйткені, халық қанаусыз еңбек етті. Жұмыссыздық деген атымен болған жоқ. «Еншім еңбек демеушім партия болды» деп даналық қалдырған Димекең өзінің еңбекқорлығы өз алдына – күллі халықты еңбекке жұмылдырды. «Маған үш рет Еңбек Ері атағын берді. Бұл менің ғана емес, халқымның да еңбегі. Өйткені, мен халықты еңбекке үндеп, іске жұмылдырдым, бар болғаны бас-көз болдым» деп ақиқатын айтқан Димекеңдей кемеңгер жоқ қой.

Қазақстанда Димекең жасаған ұлы игіліктердің біразы осындағы халыққа ғана емес, адамзатқа ортақ. Мысалы, жоқтан бар жасап, құмнан қала тұрғызып, шөл далада өзен буып, Қапшағай теңізі мен шахарын өмірге әкелді. Қапшағайға демалуға немесе табиғатын тамашалауға шетелдерден жыл сайын жиі туристер келеді. Яғни, жер бетіндегі күллі халықты адамзат десек – сол жер шарының әр түкпірінен келетіндер үшін қазір «Қапшағайдың қақпасы» ашық. Ал, Медеудің атақ-даңқы Кеңес Үкіметі кезінде әлемге аян еді. Жүздеген халықаралық жарыстар өтті. Яғни, осынша елден спортшылар келді. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі игіліктер мен құндылықтар Димекең дәуірінде жасалды. 1967 жылы Канадада өткен «Экспо» көрмесіне Қазақстанның «қара көл» елтірі мен Қазақстан «бальзамының» қойылғанын біз білмейміз. Сондай-ақ жетпісінші жылдары Жапонияда өткен «Экспоға» Қазақстан қатысты. Мәскеудегі кейбір шовинист көсемдер Қазақстанның Күншығыс еліндегі «Экспоға» қатысуына қарсы болып, тізімнен сызып тастағанда, Политбюро мүшесі Қонаевтың Кремльге соққан бір коңырауы бұл мәселені ың-шыңсыз шешкен болатын.

Елуінші жылдары Қазақстан тұңғыш миллиард астық бергенде, Мәскеуге игілік пен байлық жөнінде хабар бергендердің бірі болатын. Астық шаруашылығындағы әлемді таңдандырған табыстың сырын білу үшін Қазақстанға шетелдерден ғалымдар мен мамандар келді.

Вашингтондағы «Америка дауысы» радиостанциясы жетпісінші жылдардағы Қазақстан миллиарды жөнінде бірнеше рет хабар берді. Әрине, егінжайда жүрген Қонаевтың аты аталады.

Адамзат үшін нан мен астықтың қадірін қанша айтсақ та артық болмас.

Кеңестік дәуірдегі соңғы ұлы байлық – миллиард пұт астық 1986 жылы жиналды. Бұл табыс жөнінде Мәскеу жұмған аузын ашқан жоқ. Өйткені, сол кездегі «генсек» меңдібас патша Михайл Горбачев Димекеңді орнынан алу үшін Қазақстан  жетістігі мен табысын елемей қыңырайып, қыр көрсетіп жүрген болатын. Ақылы асқан, кісі танитын Димекең 1983 жылы ол кезде қатардағы хатшы Горбачев Қостанайға келгенде нөкері болып, оның қасында жүрмеген. Алматыдан Қостанайға келген жоқ. Димекеңе деген кектену, «шовинистік шамшылдық» осыдан басталған еді. АҚШ саясаткерлері мен ғалымдарының зерттеуі бойынша екеуінің арасындағы «айқас» он сегіз айға созылады. Соңында М.Горбачев тақтан тайып, қысым көрген, қажет жерінде қарсыласқан Димекеңнің жұлдызы қайта жанады. «Данышпандар тұйыққа тіреледі, азапқа душар болады, тағдыры тәлкекке түседі, бірақ жол табады» деген қағида-даналық осы данаға қарата айтылған сияқты.

Өмірінің соңында халқына жасаған жаңалығы мен игілігі және ерең еңбегі үшін қатыгез патшаның қаһарына ілініп, соңынан оны сабыр, ақыл-ой, мысымен жеңген Дінмұхамед Қонаевтың аты әлемге аңыз. Өйткені, Желтоқсан оқиғасы дүниежүзіне аян. «Қонаев – Желтоқсан» егіз ұғым. «Қонаев сияқты кемеңгер үш басшы болғанда, Кеңес Одағы құламас еді» деп, есімі дүниеге машһүр Фидель Кастро текке айтпаса керек.

Ақыл-ой елі АҚШ-тың Конгресс кітапханасында Абайдың шығармалары мен Қонаев еңбектерінің тұруы – қазақ данышпандарын мойындау болса керек.

Біз әл-Фарабиды, Абайды көрген жоқпыз. Ал, Қонаевты көрдік. Оның ұлылығы, даналығы, халқы үшін қалтқысыз қызметі және өмір мен өнегесі  көз алдымызда тұр. Димекең дәуірінде өмір сүрген аға ұрпақ Димекеңді данышпан өз алдына – Пайғамбарға теңейді. Асыра айтса да, діндарлар қош көрмесе де, шындығы осы. Періштедей таза, адалдығы мен мол мейірім шуағы Алла Тағаланың өзін тәнті еткен Димекеңдей кемеңгерді ұлықтау, мұрасын зерттеу, өнегесін үлгі ету – бұл парыз.

Оған мұғжиза дарыған

Әлемдегі әр елдегі қоғам қайраткерлері мен мемлекет басшылары жөнінде көп оқыдым. Өмірбаяндарын зерттедім. Олардың ішінде адалдығы мен мейірімділігі және парасаттылығы жағынан Димекеңе тең келетіні жоқ. Өйткені, ол кісіге Ислам дінінде айтылатын «мұғжиза қасиет» дарыған. Өмірден өтерін оншақты күн бұрын ай-күніне дейін айтып кетуі осыны дәлелдейді. Сондай-ақ бір ұл балаға зар болып жүрген азаматтың Димекеңнен бата алғанда, «Үйдегі келін енді үш қыздан кейін ұл туды, жетінші бала өмірге ұл болып келеді» деп, дәл болжап айтқанына біреу сенер, біреу сенбес. Дүниеге келетінін Димекең болжаған бала қазір мектепте оқиды. Бәрінен бұрын Қазақстанның болашағын құдайдай болжаған оның әулие-сәуегейлік қасиетіне теңеу жоқ. 1992 жылы белгілі қаламгерге берген сұхбатында сол кездегі ауыр жағдай туралы айта кетіп, «Қазақстанда, мәселен, егеменді Республикалардың ішінен бірінші болып тұйықтан шығуға мүмкіндігі мол» деп мұны өзінің пайымдары мен түйсік дәлелдері арқылы анық әрі батыл айтады. Қазақстанның жиырма жылдың ішінде қалай дамығаны қазір әлемге аян. Ол алып даланың төсіндегі өмір тіршілікті ғана емес, көзге көрінбейтін тылсым дүние мен «рух сәулесін» де көретін. Бір сөзбен айтқанда, оған ұлы қасиет пен жоғарыда айтқандай, мұғжиза дарыған, данышпандық пен кемеңгерлік ерте қалыптасқан бір таңғажайып адам.

Міне, сондықтан, «Таңғажайып Қонаев» атты кітапта бәрі толық баяндалады.

 

1368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз