• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2020

АШАРШЫЛЫҚ ҚАСІРЕТІ: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Болатбек НӘСЕНОВ,Болатбек НӘСЕНОВ,тарих ғылымының докторы, профессор

Бүкіл қазақ еліне келген апат ауыл, қалаларда бірдей дәрежеде болды. Ол жоңғарлармен болған соғыстан басталды. Одан бұрынғы дәуірлерді қазбаламай-ақ қояйын. Орыс мемлекетінің қоластына кіргеннен кейін де талай-талай қудалау, қорлауға шыдай алмай, көптеген елдің азаматтары ру-ру болып Қытай, Моңғол, Түрік, тағы басқа да мемлекеттерге көшіп кетті. Бұл, әсіресе, 1916 жылы қазақтан солдат алу кезінде дамыды. Одан кейін 1921-1924 жылдардағы ашаршылық та талай халықты жұтып кетті. Ең көп шығын 1931-1933 жылдары коллективтендіру, кәмпескелеу кезінде, бір сөзбен айтқанда, қолдан жасалған ашаршылықта халқымыздың жартысынан айырылдық. Бұл Голощекиннің екінші қазан революциясының мақсаты еді.

 Мен туған елім бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы туралы біраз шындықты көрсете кетейін (ШҚО). Абыралы елінде мұрағаттан алған деректер бойынша да, мөлшермен алғанда 1822-2019 жж. аралығында халық саны төмендегідей болғанға ұқсайды: Абыралы, Ақбота, Бөрлі,  Дегелең, Темірші болыстарында: 1822 жылы – 70-80 мың адам; 1912 ж. – 50-55 мың. Осыншама азаюдың себебі:

а) 1824 жылы Көкшеден Тәуке хан заманында  көшіп келген Қарауыл руы жер-гілікті Қамбар руымен тіл табысып, тату-тәтті тұрып жатқан кезде патша үкіметі болыстар  құра  бастады. Оған қарсы болған осы екі ру көтеріліс ашты. Оларға Байбөрі, Тарақты, Жалықбас рулары қосылып Ташкент жақтағы Кенесарының әкесі Қасымның отрядына қашқан. Олардың жартысы қашып үлгерген, ал екінші бөлігін Қаратауға жетпей Бетпақдалада Омбыдан келген карательді отряд көтерілісшілерді қойша қырған. Ол деректер Мәскеудің Әскери-тарихи мұрағатында жатыр. Ол  «Байбөрі көтерілісі» деп аталады. 1837 жылдары Кенесары: «Мен демаламын. Патша үкіметі түрмеге қамаған ағайындарымды шығарып аламын. Сіздер елге қайтыңыздар» дегенде, көпшілігі сол кездегі Қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысовтан қорқып қайтпай, жолдағы елдерге келіп қоныстанған. Оның ішінде Тарақты руының азаматтары Ақтөбе (Ыбырай Жақаевтың аталары), Жамбыл облысына (Жазылбек Қуанышбаевтың аталары), Қарағанды облысының әр аудандарына (Ақселеудің аталары), көпшілігі Ақмола облысының іргесінде қалып қойған.

Одан кейін 1850-1851 жылдары Құнанбай атамыздың қысымына шыдамай, Тарақты руының біразы Семейге Слободка селосына көшіп келген. Ол  Семейдің бүгінгі Жаңа-Семей – Жоламан ауылы. Олар көшіп келгеннен кейін Тарақты болысы тарап кетті. Ал Слободканы «Алаш» ауылы деп атады.

б) 1850 және 1885 жылдары қара халықтың малына салық мөлшері өсіп кетіп, кейбір ошақтарға  қолда бар малынан екі үш есе жоғары төлейтін жағдайға душар болды. Ашаршылық болып, көптеген қазақтар балаларын Ресеймен шекаралас қалалардың, тіпті Мәскеудің байларына 2-10 жылға жалға берді. Ол балалар қайтып келген жоқ. Орыс болып кетті. Менің Мәскеудің, Омбының мұрағаттарынан  алған деректерімде 120 мың баланы есептеп шығардым. Ол кеткен балалардың әрі кетсе 20 пайызы ғана болар. Аштықтан құтқарамын деп еріксіз берген балалары (көбі   5-10 жасқа дейінгілер). Мерзімі өткеннен кейін қайтып алуға келгенде балалары ата-аналарынан бас тартқан. Міне, ашаршылықтың ауыр кезеңінің бірі сол жылдар. Менің есебімде 1890 жылдары 1,5 млн қазақ аштан қырылған. Абыралы елі де балаларын асырай алмай Ресейге көшкен. Оны тарихшыларымыз еске алмай келеді.

1917 жылы – 35-40 мың адам (қазақтан солдат алудың әсері. Тағы да біраз рулар әр жерге көшіп кетті). 1925 жылы – 33-34 мың адам (1921-1923 жылдардағы ашаршылыққа байланысты). 1929 жылы 28 мың адам (Кәмпескенің әсері). 1933 жылы  9 мың адам (1931 жылғы көтеріліске қатынасқандар    тұтқындалудан қорқып, Ресей, Өзбек, Қырғыз, Қытай, тағы басқа жерлерге отбастарымен қашып кетті. 100-ден артық азаматтар атылды. Ашаршылықтан 6 мыңнан астам адам өлді). 1936 жылы – 15 мың адам. Әр жерден біраз отбастары қайтып оралды. 1941 жылды  – 13 мың адам. 1937-1940 жылдары «Халық жауы» деген сылтаумен ауданның алдыңғы қатардағы саналы интеллигенттерін соттады. Көпшілігінің отбастары көшіп кетті. 1945 жылы – 11 мың адам (соғыста 2000-дай азаматтар қаза тапты). 1950 жылы – 17 мың (әр жерден бұрынғы  тұрғындар қайтып келді).

1954 жылы – 25 мың (халық саны өсті). 1955 жылы – 15 мың. Атом, сутегі бомбаларының сынағынан кейін Абыралы ауданы таратылды. Шаруашылықтарын 9 ауданға бөліп тастады. 1990 жылы – 12 мың адам-Кадрлердің біразы Абай, Шұбартау, Қарқаралы, Семей, тағы басқа аудандарға көшіп кетті. 2001 жылы – 8 мың адам колхоз, совхоздарды таратып жібергеннен кейін, жұмыссыз қалғандардың көпшілігі Семей мен Қарағандыға көшіп кетті. 2019  жылы – 4000 адам. Семей қаласымен байланыс нашар. Халық Қарағанды жағына кетіп жатыр. Абыралы ауданының бұрынғы жерлерін қайтарып аудан орталығын жасағанын тілейді. Шығыс Қазақстан облысының ең бір мықты мал шаруашылығымен шұғылданатын ауданы болар еді. Ашаршылықтың болатынын  Нығмет Нұрмақов ағамыз 1925 жылдары партия, үкімет басшыларына бірнеше рет ескерткен екен. Байларды кәмпескелеу туралы Мәскеу сол жылдары жоспарлапты. Мәскеуде оқуда, қызметте жүргенде жерлестерімен кездесіп ашаршылыққа қарсы қандай шара қолдану керектігін белгілеп қолынан келгенінше жол көрсеткен. Осы жайында төмендегі естеліктерді ұсынамын.

Сондай-ақ қазақ халқының данышпан ұлдарының бірі – Тұрар Рысқұлов ағамыз еліне, жеріне қызмет етуге бүкіл өмірін арнады. Ақылдылығының, ұйымдастыру қабілетінің ерекшеліктерін ескеріп, сол кездегі Одақ көлеміндегі ірі қайраткерлік қызметтерге жоғарылатты. Осы ағамыз қазақ  халқының басына келген аса қайғылы 1931-1933 жылдар кезінде ашаршылыққа қарсы күресті ұйымдастыра білді. Ол жөнінде республикалық мемлекеттік мұрағаттан Рысқұлов басқарған арнаулы комиссияның өткізген жиналыстарының стенограммасы табылды.

Ол: «Қазақстаннан жер ауыстырған қазақтарды орналастыру шаралары» деп аталады. Сол стенограммада Рысқұловтың және Ресейдің, Қырғызстанның Қазақстанмен шекаралас өлкелерінің өкілдерінің баяндамалары жарияланған. Ашаршылықты тоқтату туралы қажетті шараларды  үкімет басшысының бірі – Ораз Исаевқа Кәрім деген бір атақты қайраткер хат жазыпты. Сондай-ақ, Қазалы ауданының партия комитетінің жауапты хатшысы Таштитов сол кездегі жаңадан келген Республика большевиктер партиясының бірінші хатшысы Мирзоянға, СНК-ның төрағасы Исаевқа жазған хаттарымен толық таныстырғым келеді. Әрине, ол кезде Голощекинге тіл тигізе алмады. Әйтпесе, осы ашаршылыққа тікелей кінәлі Голощекин мен оның маңайындағы басқа да басшылары екендігі белгілі.

Енді Нығмет Нұрмақовтың іс-әрекеттері мен Тұрар Рысқұловтың жиналыстарының стенограммасының қысқартылған мәтіндерімен танысайық. Нығмет Нұрмақовтың кәмпескелеу саясатына қарсы болғанын айттық. Ешкімнен қорықпай, батыл түрде, ашықтан-ашық 1928 жылы жария еткен. Міне, сол туралы мынадай деректер бар. Қазақстан орталық партия комитетінің пленумында: «Ауылдарда кеңестерді құру» деген тақырыпта жасаған баяндамасында: «Қазақ кедейлерінің жағдайы өте нашар.  Оның байларға барып жалданудан басқа шарасы жоқ. Кеңес үкіметі  бүгінге дейін кедейлердің материалдық хал ахуалдарын өзгертетін, сол арқылы ауылдағы байлардың ықпалдарын әлсіретуге көмектесе алатын шараларды іске асыра алмай отырмыз. Біреулердің ойынша: «Ауылда бұл тығырықтан шығатын жол жоқ. Егер болса ол біреу-ақ. Қазақ кедейін экономикалық тәуелділіктен құтқару үшін  байлардың шаруашылықтарын экспроприяциялау керек» дейді. Менің пікірімше, Қазақстандағы совет билігінің тоғыз жылдық өмірінен кейін, қолымызда пролетарлық барлық билікті ұстай отырып, біздің ауылдағы байлар партия қазан революциясынан кейінгі алғашқы күндері қолданған әдістермен ықпал ете аларлық күшіміз бар» деуі тегін емес-ті («Тарих тағлымы не дейді?» А., 1993 ж. 59 б., аталған мұрағат 141-қ, 485 іс, 25-26 п).

Бұл жердегі олардың пікірлерінің түйіні, қалайда болашақта жасалғалы отырған қасіретке апарар революциялық әдістерден бүгін, яғни, дер кезінде бас тартып, бұл жағдайды бейбіт жолмен шешу еді. 1920 жылдары Қазақстанның саяси өмірінде белсенді рөл атқарған, ғибратты өмір үшін жанпидалыққа барған С.Садуақасов өз оппоненттеріне: «Қырғыз (қазақ) халқының тағдыры үшін тарих алдында, ең алдымен, қырғыз коммунистері жауап береді десе», сая-си күрестегі оның жақтастарының бірі, халқымыздың аяулы азаматы Ж.Мыңбаев «Біз Қырғыз елі алдында, тарих алдында әшкере болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз түрлі декреттер мен нұсқауларға қол қоюшылар болу ғана емес, іс бітіріп, болашақ ұрпақ «иә, олар шынымен де тырысып еді-ау» дейтіндей дәрежеге  жету» деген еді («Тарих тағлымы не дейді?» А., 1993 ж.,7-б). Ардақты ағалардың осы жүрекжарды, намысқа  шақыратын өнегелік  сөздерін бүгінгі парасатты әрбір азамат естерінде сақтап, үлгі етіп жүрсе игі. Халықтың арман-тілегімен бірге тыныстап, өмір сүру айрықша мәртебе.  Нығмет Нұрмақов қазақ  халқының ашаршылыққа ұшырағанына қатты қиналып Москвадағы  қазақ қайраткерлерімен  кеңесіп, ашаршылықтан халықты арашалау жолын іздеді. Осы туралы «Егеменді Қазақстан» газетінің  Көкшетау облысы бойынша cол кездегі тілшісі Кәрібай Мұсырманның 1992 жылдың 10 сәуірінде жарияланған «Қан тамған қолжазбалар» атты мақаласымен танысыңыздар.

Кезінде Мәскеуде істейтін  қазақ қызметкерлерінің не қарекет қылғандығы хақында... Соның бірі – Көкшеден щыққан асыл азаматтардың бірі – Әбілхайыр Досов. Мына төмендегілер сол кісінің қолжазбасынан алынды: 

1929 жылы Мәскеудегі марксизм курсында ҚАСР Халық комиссарлары кеңесінің бұрынғы төрағасы Нығмет Нұрмақов оқып жатты. Мен ол кезде БОАК президиумының мүшесі, әрі хатшысының орынбасары болып істеймін. Нұрмақовпен айына екі-үш рет кездесіп тұрдым. Көбінесе оның үйіне мен баратынмын. Себебі, менің Алматыда істейтіндердің ешқайсысымен жеке байланысым болмағандықтан, біздікіне ешкім келмейтін. Ал оның үйінен қашан болсын Қазақстан қызметкерлерінің біреу-міреуін, тіпті Мәскеуге жол сапармен келген Халкомдарға шейін  кездестіруге болатын. 1930 жылдың қаңтарының аяғында болған бір кездесуде Нұрмақов: «Қазақстанда  масқара асыра сілтеушіліктер, бассыздықтар орын алуда, аудандағы қазақтар ашаршылықтан шыбынша қырылып жатыр. Оңтүстік және Алматы облысында іс мынаған дейін жеткен. Қысты күні қазақтарға бір жерге бір мыңдай киіз үй тіктіріп, бәрін нөмірлеп, әр көшеге партия көсемдерінің, оның ішінде Голощекиннің, Құрамысовтың, Исаевтың есімдерін бергізген» деді.

Осыны естігенде ашуға булығып: «партияның Орталық комитетіне хабарлайық» деген ұсыныс айттым. Нұрмақов мырс етіп күлді: «Одан ештеңе шықпайды. Саған сене қояр деймісің? Егер ОК-ға жазсаң, ондағылар әуелі Голощекиннен сұрайды, ал ол «Қазақ эмигранттары біздегі қиыншылықтарды әсірелеп көрсетіп отыр, жұмыс істеуімізге кедергі келтіруде» деп жауап береді де, тағы да кемінде жарты жыл қызмет істейді.

Қазақстанда заңсыздықтар мен зорлық-зомбылықтар туралы фактілер жинастырып жатқанын, жинап болған соң ғана ОК-ға хабарлауға болатынын айтты деді. Онымен келістім. Кешікпей мені ұзақ мерзімді сапарға жіберді. Содан сәуір айында бір-ақ оралып, Мәскеуге келісімен, тағы бір кеште Нұрмақовтың үйіне барып жолықтым. «Фактілер жинап болдың ба?» деп сұрадым. Ол  менімен көптен бері сөйлескісі келгенін айтып, әңгімені: «Мәскеудегі қазақ қызметкерлерінің Қазақстанға қайтып оралуы қажет» деген сөзден бастады. Бұл тек Голощекин бастаған өлкелік басшылық коллективтендіру астық, ет дайындау мәселелерінде ірі саяси сәтсіздікке ұшыраған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Тек сонда ғана ОК оларды орындарынан алып, бізді жібереді. Ал біз барған соң жағдайды түзетеміз. Қазақстан шаруашылық және мәдени құрылыста көршілес республикалардан көп артта қалды. Қазақстанның бар байлығы саналатын мал тұяғы қалмауға айналды» деп бірсыпыра мысалдар келтірді. Солардың ішінен есімде қалғаны: «Жуырда Алматыда өзіне таныс бірнеше артисті аштықтан бір мекеменің аттарын ұрлағандықтары үшін қамауға алыпты».

 Нұрмақов екеуміздің арамызда бұрынғы қазақ қызметкерлерінің билік басына келу әдісі турасында келіспеушілік болды. Мен мәселені былай қойдым: «Елге оралуымыз үшін саяси, шаруашылық сипаттағы бүлдірушілікпен айналысуымыз қажет па? Екіншіден, қателіктерді шұғыл түзетудің орнына одан сайын ұлғайту халықтың кеңес үкіметіне, колхоз құрылысына наразылығын  туғызбай ма? Үшіншіден, халықты бұрынғыдан бетер қайыршыландырамыз. Осылардың салдарынан көтерілістер бұрқ ете түсуі мүмкін, ал оларға жол беруге болмайды» дедім.

 Нұрмақов мені былайша иландырды: «Бәрібір асыра сілтеушіліктер орын алды. Енді айтсаң да Голощекин құлақ аспайды. Ауылда ет тапсыру жоспарын орындауға мал басы жетіспейтіні шет аудандардың өмірі егін егіп көрмеген көшпелі қазақтарына астық салығын салып отырғандықтан, олар қолдарындағы бар малын арзанға сатып, түскен пұ-лына астық сатып алып, мемлекетке өткізуге мәжбүр болғандығын айтып көрші, онда бұл есерсоқтар сені партиядан шығарып, оңшыл троцкистерге жатқызып, онымен де қоймай, түрмеге апарып тығады. Шындықты айтқан адамдарды, аупарткомдардың  хатшыларын топ-тобымен партиядан шығарып жатыр. Халықтың ашуына келсек, жаяу қалған, аш-жалаңаш жұрт көтеріліс жасай қоймас, ал кей жерлерде ондай бас көтеретіндер болса, ол туралы ОК біліп, қазіргі өлкелік басшылықты біздермен алмастырады» деді. Маған оның пікірі дұрыс көрінді (том-4, 1-4,14-24).

...1932 жылдың сәуір айының шамасында мен тағы да жол сапардан келісімен кешке Нұрмақовтың үйіне бардым. М.Орынбаев, Ә.Лекеров, Ғ.Тоғжанов, Тәтімов, Ә.Өтекин жиналып отыр екен. Дәлізде шешініп жатқанда Нұрмақовтың: «Оңбаған неме, оның қандай шаруасы бар еді?» деп жекінгенін естідім. Орынбаевқа: «О не?» дедім. Ол: «Нұрмақов Төреғожинді соғып жатыр» деді. Сөйтсем, Алматыда ет дайындау жоспарына байланысты өлкелік комитет мал санын анықтау жөнінде Исаев басқарған комиссия құрыпты. Осы комиссияға Төреғожин: «Қазақстанда қазір 4-4,5 млн. бас қалды» деген мәлімет әкеліпті. Ал Исаевтің комиссиясы әлі де 14-15 млн бас мал бар деп беріпті. Осыған орай Төреғожин Исаевқа «Бұл қалай?» деген екен. Сасыңқырап қалып, өлкелік комитеттің анықтап отырған цифры одан да үлкен, 21 миллионға жуық» депті.  Сосын өзінің комиссия мәліметін баяндайтынын айтып, Төреғожинге өз цифрыңды айт депті. Бюрода мықтап таяқ жепті.

Орынбаев өлкелік комитеттің бюросында не болғанын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Лекеров оның Алматы облысының бір ауданында болған көтерілісті басуға қатысып, өрескел қателік жібергені үшін кінә тақты. Ол «Есімін ел білетін қазақ қызметкерлері көтерілісті басуға қатыспауға тиісті. Мұндайда Жангелдин, Сейфуллин, Меңдешевтер сияқты араағайын рөлін атқарғаны жөн» деді. Орынбаевты бәріміз де кінәладық.

Нұрмақов Алматыдағы қызметкерлер  өлкелік комитетті саяси беделден айыру бағытын ұстанып ОК алдында беделсіздікке, абыройсыздыққа ұшырату үшін мынадай шараларды қолдануын ұсынды:

1.Өлкелік комитеттің өзі ұсынып отырғанындай, коллективтендіруді  күшейту керек. Оған қарсыласудан еш пайда жоқ.

2.Елден ауа көшу көбейіп барады. Халық көршілес облыстарға қарай босып жатыр.  Ал халық бостан бос қырылмауы және оларға Мәскеуде назар аударуы үшін босқындарға Сібір, Саратов, Сталинград губернияларына, Орал жаққа қарай бағыт алуына кеңес беру керек.  Біріншіден, бұл жерлерден нан табады. Екіншіден көршілес облыстағылар көңіл аударады. Нұрмақов Калининнен Самар обкомының хатшысы Хатаевич пен Сібір өлкелік комитетінің хатшысы Эйхеннің ОК-ға Қазақстандағы жағдай туралы хат жазғандықтарын естіпті.

 3.Қазір асыра сілтеуге қарсыласудан пайда жоқ. Кадрлардан текке айырылып қаламыз. Оларды партиядан шығарып жібереді. Мысалы Төреғожиннің сөзін тыңдаған кім бар? Олай істесек бізді де ақымақ қылады.

 4.Ең бастысы – халықты сақтау болмақ. Қазақтар көтеріліске шыққан жерлерде қазақ қызметкерлері бітімші болып, ірі оқиғаларға жол бермеу керек. Себебі қан текке төгіледі» деді. Тәтімов екеуміз Нұрмақовқа қолдау білдірдік. Лекеров: «Қазақтар Ресейге босқа барады.   Одан да оларды Өзбекстан мен Қырғызстанға  көшіру керек. Тектес халықтар емес па, күн көрістері жеңілдеу тиер. Ал Самараның мұжығы  аш қазақ ұрлықпен айналысса, желкесінен түймей ма?» деді. Тәтімов Степнякта күн сайын жиырма-отыз қазақтар қоқыстағы қалдықтарды теріп жүретіндігін, асханалардың жуынды төгетін жерлерінде тізіліп, кезекте тұратындығын хабарлады...

 Орынбаев Нұрмақов пен маған «Мәскеуде отырсыңдар, үлкен адамдармен араласып жүрсіңдер, бірақ солардың біреуін Қазақстандағы жағдайды барып көруге жіберуге шамаларың келмегені қалай?» деген кінә тақты.

 «Халықтың ауа көшуі бағытын қалай жүзеге асырамыз?» деген сауал түсті. Елге барып өзіміз үйымдастыру мүмкін болмағандықтан, екі жолды таңдадық. Біріншісі, аудандық қызметкерлер арқылы. Екіншісі – халық жыйналып қалған стансалардан өтіп бара жатқанда қайсымыз болсын жұртқа Ресейде нан арзан, солай қарай көшіңдер деп кеңес беруіміз қажет. Ол жаққа әсіресе Семей, Петропавл, Қостанай, Орал губернияларының қазақтарын  жіберу аса қиынға соқпайды. Содан кейін отырысқа қатысушылар маған ОК аппаратында (1930-1933ж. Ә.Досов ВК(Б)П Орталық комитетінің жауапты нұсқаушысы болып істеген) ұлты басқа нұсқаушылар арқылы Қазақстандағы жағдай арқылы пікір туғызуды тапсырды. Нұрмақов пессимистік тұрғыдан  қарап, бізге: «Бәрібір сенбейді» деді. Мен бұл тапсырманы табандылықпен орындадым. Солтүстік Қазақстанға бару сапарына ОК мен Орталық Бақылау комиссиясының аппаратында қалыптасқан қоғамдық пікір елеулі әсер етті.

Енді Рысқұлов ағамыздың ашаршылыққа байланысты жұмыстарын мұрағат деректерімен сөйлетейік.

Алматының мемлекеттік мұрағаты өте бай. Кезінде Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, тағы басқа да қайраткерлер Орынбордағы  мұрағатты түп-нұсқасымен көшіріп әкелген. Онда көшірмелері қалды. Көпшілік тарихшылар Орынборға ұмтылады. Білместіктің салдары. Бұл  мұрағатта Пугачевтың көтерілісінен бастап, неміс тілінде жазылған қолжазбалар жатыр. Оларды қазақшаға аудару керек!

Тұрар Рысқұловтың ашаршылыққа байланысты Ресей, Қырғызстан республикаларына көшіп барған қазақтарды аштықтан қырылудан құтқару туралы арнаулы комиссия құрып, оны басқарып, Мәскеуде өткізген жиналыстарының стенограммасымен танысайық.

Қазақстаннан  көшіп  барған  қазақ-тарды орналастыру туралы комиссияның  РЫСҚҰЛОВ Т.Р. өткізген мәжілістің стенограммасы (1933 жылы 22 ақпан )

РЫСҚҰЛОВ жолдас: Қазақстаннан  басқа өлкелерге көшіп барған қазақтарды орналастыру мәселесін комиссияда қарау қиын іс болды. Өйткені, өлкелердің өкілдері ол жағдайды білмейтін болып шықты. Олар бұл мәселені зерттемеген, қиындықтан құтылуға ешқандай шара қолданбаған. Бұл жұмыс өз бетімен жүріп жатқан. Келген қазақтарды жер-жерге орналастырумен ешкім шұғылданбаған. Кейбір өлкелер аздап көмектер көрсеткен. Олардың барлығы әдеттегі істері ғана. Сол себепті өлкелердің ол жерге келген қазақтар туралы ешқандай деректері жоқ. Олардың қаншасы жұмысқа орналасты, қайда? Орналастыру үшін не істеліп жатыр? Жұмысқа ор-наластырып аштықтан құтқару керек. Қаншасы жұмыспен қамтамасыз етілмеді? Өкілдері білмейді. Қазақ үкіметінің өкілдері біраз жерлерге барып қазақтарды елге қайтуға шақырды. Арнаулы қор бөлінді. Біраз отбастары қайтып келді. Амал не, олардың көпшілігі қайтадан басқа өлкелерге көшіп кетті. Өйткені Қазақстан үкіметі оларға жағдай жасай алмады. Сол себепті көшіп кетушілердің саны көбейіп жатыр. Қазақстанның үкіметі көшті тоқтатуға шара қолданулары керек. Қалғандарын орналастыруды ойластырсын. Қазіргі негізгі міндет көшіп келгендерді орналастыру болып есептеледі. Халықты аштықтан құтқару борышымыз. Келген жандарға қаржыдай болса да көмек көрсетулерін міндеттеу керек. Әрине, бұл ауыр іс. Көмекке баруымыз керек. Жергілікті жерлерде қаржы табу да қиынға соғар, сол себепті республика, Одақ басшылары алдына қойып, қаржыны табу керек. Өлкелер республикаға, тіпті одакқа шығып қаржы сұрап жағдай жасаңыздар. Бұл өте маңызды мәселе.

Комиссияның қарауына қандай сұрақтарды қоюымыз керек? Көшіп келіп жатқан қазақтарды орналастыру мәселесі. Талқылауға қандай мақсаттарды алға қоюымыз керек? Алдыменен көшіп келіп жатқандарын әр өлке бойынша, әсіресе, Солтүстік Волга, Батыс Сібірдегі және Қырғызстандағыларды есепке алу керек. Одан кейін көшіп келгендерді сол жердегі өндіріс орындарына, колхоз, совхоздарға, МТС-тарға орналастыруды жоспарлап, егер мүмкіндік болмаса жаңадан колхоз, совхоздар ұйымдастырып егін салу науқанына қосып жіберу мүмкіндігін пайдалану қажет. Ал, барлығын бір мезгілде орналастыру мүмкін болмаса онда бұл іске Еңбек Халық Комиссариатын қосу керек. Басқа өлкелерге, облыстарға көшіру жоспарында жасау керек. Одан кейін біз шыққан шығынның орнын толтыру жоспарын да жасауымыз керек. Жоспарды іске асырудың әдістері әр өлкеде әртүрлі болады. Алдымен Орта Волга мен Батыс Сібірді, содан кейін Қырғызстанды шешуіміз керек. Екінші мәселе – Қазақстан туралы. Әрине, Қазақстанның ішкі мәселелері онсыз да жеткілікті. Барлық мәселелерді шешу біздің қолымыздан келмейді. Біздің міндетіміз – халықтың әр өлкеге көшулерін тоқтату, ал көшіп келгендерге жағдай жасау. Тағы да оларды өндірістерге орналастыру мәселесін шешу. Әрі қарай мәселе денсаулық комиссариатына да жүктеледі. Одан кейін жетім балаларды ұйымдастыру мәселесі. Қайталап айтамын, Қазақстанның ішкі сұрақтарының бәрін біз шеше алмаймыз. Қазақстан үкіметі қандай шара қолдану қажеттігін жоспарлап жатқан болар. Сол жоспарларымен Одақ басшыларына шығатын болар. Біз барлық шешуі қажет мәселелерді толық жоспарлай алмаймыз. Комиссияға шағын комиссияны құрдық. Оны жолдас Дворкин басқарады. Осы кісіге сөз берейік. Одан кейін Өлкелердің өкілдері өз ойларын айтсын (Дворкиндікі қайталау – Б.Н.). Сол себепті өлкелердің өкілдері не деген екен? Соған назар салайық.

ИЛЛАРИОНОВ жолдас: 1932 жылдың 1-ші қаңтарында Орта Волгада – 65 мың қазақтар болды. Біз Қазақ үкіметімен бірігіп жасаған шараларымыздың арқасында сәуір айында 32 мың қазақтар отанына қайтып оралды. Бізде енді – 35 мың қазақтар бар.

РЫСҚҰЛОВ: Қазір қанша адам көшіп келді?

ИЛЛАРИОНОВ: Қазір 40 мың қазақ бар. Сонда 7 мың адам тағы да көшіп келді. Келушілер көбеюде. Қазақтардың ауыр жағдайын көргеннен кейін, біз ол туралы БОАК-ның ұлттар бөліміне және басқа да орындарға хабарладық. Жағдай одан әрі қиындауда. Өлкелерде жұмысшы орындары қысқаруда. Атқару комитеті келген қазақтарды қайтарып жіберу керек деген шешім қабылдады. Келіссөз жүргізу үшін Қазақстаннан өкілдің келуін сұрадық. Ешкім келмеді. ХКК телеграмма салыпты. Қайтармай бізде орналас-тыруды сұрапты. Қазір жаңа сұрақтың уақыты таяп келе жатыр. Ол көшпеліліктен тұрақтылыққа көшу. Біз мынадай жос-пар жасап едік (Рысқұлов: Осы туралы қандай шара қолданбақшысыздар?). Біз 700 жетім балаларды орналастырдық. Көшіп келген адамдардың  – 1,5 мыңын совхоз-колхоздарға, өндірістерге орналастырдық. 205 мың қазақтар басқа жұмысшылармен бірге қысқарды.  Жалпы, совхоздар мен колхоздарда, МТС-та 142000 адам болды. Қысқартудан кейін 88000 қалды. Қара жұмыстағылары қысқарды. Ал тракторист тағы басқа мамандар қысқарған жоқ. Мысалы: Селенский ауданында  300 000  қазақтар болды. Барлығы да жұмыстарында қалды. Олар мамандар болатын. Олардың балалары 750 емес, одан әлдеқайда көп болатын. Жергілікті бюджеттен 750 балаға ғана қаржы бөлді. Біз біраз ұсақ-түйек қажеттеріне жарайтын заттар алдық (сабын, т.б.). Балалар комиссиясынан көмек болмады (Рысқұлов: Қанша ақша жұмсадыңыздар және қанша азық-түлік алдыңыздар?). 100 000 руб.бөлдік. Оны балалар мекемесіне жұмсадық. Жергілікті қордан 200 000 рубльге шаруашылық заттарын, 1,5 мың рубльге өлкенің қоры есебінен сабын тағы басқаларды әпердік. Келгендердің біразын жаңадан құрылатын шаруашылықтарға орналастырамыз, ал екінші бөлігін қа-зақтардан құрылған колхозға қосамыз. Ол 5000 шаруашылық болады. Ал 2000-ы өндірісте МТС-те, совхозда істейді. Ал 3000 адамды орналастыру мүмкіндігіміз жоқ. Дворкинмен сөйлестік. Оларды өлкенің басқа жерлеріне орналастыру мүмкіндігі болады. 5 000 адамды орналастыруға Крайдың атқару комитеті 5 975 мың рубльді бөлді. Ол үшін мені сынады. Комиссия шешімімен  5000 адам  2300 мың  рубльге тоқтады. Бұл жорамалмен айтқаным. Екінші өте күрделі мәселе, ол тек орта Волганы ғана емес, бүкіл өлкені  азық-түлікпен қамтамасыз ету. Біз ең төмен мөлшермен есептегенде 7 айға 2000 адамды асырауға 1000 тонна нан және 90 тонна 3 000 адамға 1 айға қажет екен. Ал 3000 адамды кері қайтарғанға дейін және кейін қайтарған кезге тамақтандыру тағы қажет. Міне осы жағдайды тез арада шешу керек. Тағы бір жағдай бұл адамдарда киім жоқ. Тіпті, жалаңаш десе де болады. Әсіресе, әйелдерді киіндіру қажет.  Соған 20-25 мың метр маталар сатып алу (1 адамға 3 метрден есептегенде), 20 000 сабын сатып алу қажет. Өйткені Сүдек және Вилек аудандарында ауру пайда болды. Осы мәселелерді тез арада шешу керек. Бұл біздің талап етіп отырғанымыз (Рысқұлов: Сіз қанша бересіз?) Біздің бюджет биыл өте ауыр жағдайда. Өлкелік атқару комитетімен байланыса алмай отырмын.  Кетерде қанша қажет екенін есептей алмадық. Сол себепті мен қанша беретінімізді айта алмаймын. Отырғандар: «Қанша адам өлді?» деп сұрады. Өте көп. Мысалы Солодецк  ауданында, Орск қаласында күніне 5-10 адамнан өлуде. Көбінесе балалар (әсіресе, қыста).

АЛАГИЗОВ (Батыс Сібір):

Қазақтардың шекаралас аудандарға көшіп келулері 1931 ж. басталды. Семей, Павлодардан бастап теміржол бойындағы қалалардан бүкіл Шығыс Сібір бойына Сталинск, Ленинск, Прокопьевск, Новосібір, Кузбастарға көшіп келушілер көп болды. Ал 1933 жылы Қазақстанмен шекаралас аудандарға тоқтаусыз келіп жатыр. 1932 жылы анықталмаған деректерге сүйеніп айтсам, 42 мың қазақтар өлкеге көшіп келді. Ол  отбасына 4 адамнан есептесе 12 мың отбасы. Қазақстанның ОАК-нің тілегіне сәйкес және Крайком партияның шешімімен біраз үгіт-насихат жұмысын жүргізудің арқасында сәуір айында 28 мың адам Қазақстанға қайтадан қайтты. Крайисполкомның алдында қалған қазақтарды орналастыру проблемасы тұрды. Еңбек, ұлт ісімен шұғылданатын бөлімдердің, аудандық бөлімдердің, аудандық атқару комитеттерінің төрағаларына оларды орналастыру туралы қаулылар жіберілді. Өндірістерге колхоз, совхоздарға, МТС-терге орналастыруда. Бүгінгі күні өндірістерге 15 156 адам, шахталарға 1657 адам, біразы теміржолға, барлау жұмыстарына жіберілді. Ол деректер менің қолымда жоқ, молниямен алғызамын. Содан кейін беремін. Кейбір жерлердікі бар. Мысалы: Барабы ауданының кейбір совхоздарда 60 пайызында қазақтар істеп жатыр. 15000 көшіп келген қазақтардан 15-20 пайызы өндірістерде жұмыс істейді. Қайтып кеткен қазақтарды есептегенде бізде 20000 қазақтар болуы керек еді. Бүгінде олай болмай тұр. Тағы да лек-легімен келіп жатыр. Қазақстан үкіметі оларды тоқтата алмады. 1075 балалар мектепке қабылданды. Жетім балаларды қазан айында – 479, ақпанның 15-де 762 баланы орналастырдық. Өлкенің асханаларына 198 адамды тіркедік. Барлығы 950 адам болады. Бүгінгі күні Батыс Сібірдің вокзалдарында шамамен 10 мың адамдар жатыр. Аудандарға күніне 500-ден, 300-ден келіп жатыр. Олармен есептегенде 15000 адам болды. Сонымен орналаспаған қазақтардың саны – 25 000 адам.

Оның 7000-дайы балалар, мектептерге орналастырылған жоқ. Телеграмма алдым. Алейский ауданына 602 отбасы, 1940 адам келген. Оның 50 отбасын колхозға, 961 өндіріске орналастырды. Ключевский ауданына 315 отбасы 1089 жан келді. Оның 261 совхоздарға орналас-ты. Жеке меншік шаруашылықтарына 53, мектеп жасындағы балалардан 14 мектепке, жетім балалар үйіне 6 бала барды. Павлоградский ауданына 700 отбасы келді. Барлығы колхоз, совхоздарға жұмысқа кірді. Жалпы өндіріске 30312 адамдар қабылданды. Ауыл шаруашылығына әр шаруашылыққа 4 отбастарын қабылдадық. Барлық қазақтарды өндіріске орналастыра алмаймыз (Рысқұлов: Вокзалдардағы 10000 қазақтар  не  істеп жатыр? Өлім, аурулар барма?) Эпидемия олардың ғана арасында емес, жергілікті халықтар арасына да тарады. Өйткені, қазақтар әкелген дүние -мүліктерін кір-қоқыстарымен сатуда. Содан ауру тарауда. Бәрімізге белгілі бізде Батыс Сібірде жағдай жақсы емес. Новосібірдің вокзалында күніне 1-2  адам өлімі болып тұрады. Басқа вокзалдарда да сондай. Батыс-Сібірде вокзал көп қой. Кісі өлімі жоғары. Азық-түліктің нормасын қиып тастағандықтан, көшіп келіп жатқандарды тамақпен қамтамасыз ете алмаймыз. 1932 жылы қазақтарды кейін қайтарғанда біз нан қорынан баратын жеріне дейін жететіндей етіп бөліп бердік. Қазір вокзалдағы қазақтар әкеле жатқан дүние-мүліктерін сатуда, ұрлық жасауда, қайыршылық пен шұғылдануда (Рысқұлов: Жеңілдетумен шұғылдандыңыздар ма? Отрядтар жұмыс істей ма?) Тамақ беретін пункттер жоқ, 198 балалар асханаларға бекітілді. Ересектерге ештеңе жасаған жоқпыз (Дауыс: Қызыл крест жұмыс істей ма?). Жоқ. Олар көмектеспейді. Ақшалары жоқ. Райондардағы қазақтардың жағдайлары да онша емес. Колхоз, совхоздарда оларға теріс қарайды. Қарама-қайшылық өршуде. Оның барлығы ұрлықтың кеселінен. Оларға мұндай көзқарас орыстар жағынан ғана емес, сол жерде ертеден қоныстанған қазақтар да жақтырмайды. Көшіп келген қазақтардан қашқалақтайды. Өйткені, олардан тек қиянат көруде. Оларды қабылдамайды. Ұрып-соғып тастайды. Олар өздері де жергілікті халықтарға бармайды. Қазір не істеу керек? Біз қазір өндіріске 15 мың қазақтарды тек қана қара жұмысқа алдық. Жұмысты енді игеріп келе жатқанда  өндіріс орындарында қысқарту басталды. Бірақ қазақтарды құрылыс жұмыстарына қалдырып жатырмыз (Телеграмма бойынша қазақтарды қысқартпау керек қой). Телеграмманы кеш алдық. Біз жұмысты желтоқсан, қаңтар айларында жүргізгенбіз.

Кейбір аудандарда ұлы державалық шовинистік көзқарастардың болғанын айтпай кетуге болмайды. Ондайға жол бермеуге шара қолданып жатырмыз. Мысалы, осыған байланысты Кунин ауданында осындай жағдайға жол бергендері үшін барлық басшылар орындарынан алынды. Ұлы державалық шовинизм совхоздарда да пайда болуда. Қазақтарды ұрып-соққан: Басқаларын кіргізбейміз деген ниетпен жасалған. Соған байланысты арнаулы комиссия құрып  Кунин ауданының басшылары жазаланды. Жасалып жатқан шараларға қарамай  бұл көзқарас тоқталмай тұр. Біз 3 рет тексеру жүргіздік.  Мынадай жағдайға кез  болдық. 15 қаңтарда «Севстройпуть» кірпіш заводына 84 адам жұмысқа орналастырылған болатын. Ол бригададағы адамдар аштықтан әбден әлсіреген соң жұмысқа шыға алмай қалыпты. Жұмысқа шығудан бас тартқан. Сол үшін олардың паектерін бермепті. Біздің сол кезде тексеруге келе қалғанымыз қандай жақсы болды. Оларға біз келердің алдында 4-5 күн паектерін бермеген. Аштықтан 14 адам қайтыс болыпты, ал қалғандары өлудің азақ алдында екен. Біз дереу шара қолданып, оларды өлімнен аман алып қалдық. Қайтадан зорлықпен жұмысқа алғыздық. Ол адамдар жұмыс істеп жатыр. Осындай дөрекі қателіктерді жібергендері үшін басшылары жауапқа тартылды. Мұндай жағдайлар барлық жерлерде емес, кейбір жерлерде орын алды.

 Біз қазақтардың барлығын өндіріске жұмысқа қабылдай алмаймыз. Өндіріс жаңадан игеріліп келе жатқанда маман жұмысшылар керек.  Ал қазақтарды қара жұмысқа ғана алдық. Қазір қысқарту жүріп жатқан кезде біз қазақтардан 1,0 мыңнан артық қабылдай алмаймыз (Рысқұлов: «бізде үлкен құрылыс жұмыстары жүріп жатыр емес па? Ағаш дайындау сияқты?). Ағаш дайындауда қазақтардан бас тарттық. Өйткені, олардан кісі өлімі көп болды (Рысқұлов: «Жұмысты ұйымдастыра алмағансыздар?»). Мүмкін, бірақ қазақтар өздері ол жұмысқа барғылары келмейді (Рысқұлов: «АП теміржол құрылысына ше»?). Онда 12 мың адам жұмыс істеп жатыр. Біз: «Не істеу керек?» екенін ойластырудамыз. 1200 отбасын совхоздар мен өндіріске  орналастырамыз. Басқа 5 000 отбасын ауыл шаруашылығына орналастырсақ,  совхоздар ашуымыз керек болар. Ол үшін жер керек. Батыс Сібірде қазақ совхоздары құрылған жерлерде 18 ауданда 342  мың гектар жер бар. Әрине 5 000 отбасын орналастыру үшін осыншама жердің қажеті хақ. Бірақ, өте көп қаржы керек (Рысқұлов: «Ересек қазақтарды орыс колхоздарына жіберу керек). Мұндай жағдай ойда бар. Бізде таза орыс совхоздары да бар. Қазақтарды әдейілеп құрған совхоздарға жіберсек өте көп қаржы керек. Былай ойлаймыз. Бір отбасы  игеру үшін 3 гектар жер беріп, екі шаруашылыққа 1 жылқы, 1 сиыр берсек, бір отбасына ең кемі 3 қой құрылысына, арба тағы басқа керек ұсақ-түйектеріне 300 рубль берілсе деп жоспарлаудамыз.

ШОРУКОВ жолдас (Қырғызстан):  

Мен ең алдымен бір ескерту айтқым келеді. Ол бізді осы мәселеде ешқандай шара қолданбай жатыр деген айыпты алып тастауларыңызды сұраймын. Қырғыз үкіметі қазақтарды орналастырып жатыр. Бізге қазақтардың келе бас-тауы 1931 жылдан басталды. Әсіресе, өте көп келіп жатқаны 1932 жыл мен биылғы жылдың басы. Оның саны шамамен алғанда 30 ауданда 30 мыңдай шаруашылық. Біз не істедік?Алдымен балалар үйіне орналастыруға 150 мың рубль жұмсадық, БОАК-нің балалар комиссиясынан100 мың рубль алдық. Осы қаржыға жетімдерге екі үй тұрғыздық. Онда 2 мың бала орналасты. Ересектері Шу алаңындағы өндірістерге орналасты. Біраз қазақтар әр жерде қазақ аудандарына таяу колхоздарда туыстарына орналасты.Сукул, Қарақол аудандары қазақтармен толды. Алдағы уақытта біздің қуатымыздың аздығынан әрі қарай балаларды қабылдау мүмкіндігіміз жоқ, отырғандардан: «Қазақтардың малдары есебінен қырғыздар байып қалды-ау деймін?» деді. Керісінше, олар кигіз үйлерімен келді. Соңғы кезде олар оны да сатуда. Отбасында 5-7 адам. Біреуі ғана жұмыс істейді. Барлық дүние-мүліктерін Фрунзенің базарларында сатып жүр. Қырғыздың ОАК  БОАК-не Калининге хат жазды. Ол хатты ХКК-не берді. Бізге 900 000 рубль, 2 (екі) вагон ағаш босатуды сұрадық. 1 000 балаларға екі колония салуға және 10  000  ересек қазақтарға көмек беруге және 3 000 балаға балалар үйін  салуға қажет. Онан басқа көшіп келгендерге киім-кешек алу керек, жалаңаш жүр десе де болады. Соңғы жылдары Фрунзеде қатты аяздар болып тұр. Көптеген балалардың әке-шешелері жоқ. Соңғы кезде сүзек індеті пайда болды. Фрунзеде, Қаракөлде ауруханалар толды. Бұл ауру жергілікті халықтың арасына да тарады (Рысқұлов: Қанша қазақтар орналасқан жоқ?) Балаларды орналастырдық. Ал ересектерді есепке алу өте қиын. Қанша келгені туралы есеп жоқ. Барлық өндірістерде, совхоздарда қазақтар көп. Көктемде Қазақ республикасынан комиссия келді. Біз  Қырғыз жеріне көшіп келгендерге арнап  5000 тонна нан жібердік. Қазақ үкіметі ол нандарды басқа жаққа жіберіпті. Біздегі қазақтар аш қалған. Комиссия мүшелері аудандарда болды. Оларға бір куәліктер беріп кетті. Мен өз көзіммен көрдім. Ол не екенін білмейміз. Қазақтардан ақша жинап алды. Кеше Дворкиннің комиссиясында біраз қазақтарды Қазақстанға қайтару  қажет деп шешті. Егер бұл шын болса, ол егін егу мерзімінен бұрын іске асса дейміз. Бізде таяу арада егін егу науқаны басталады. Егерде ол 5000 шаруашылықты қалдыру қажет десеңіздер, онда оларды Шу алаңына қалдыра алмаймыз. Өйткені, ол жерлер «Новодубтрест» компаниясына және қант өндірісіне берілген. Ал совхоздарға өз ісін жетік білетін мамандандырылған жұмысшылар керек.

Т.ТҰРҒАНБАЕВА (қазақша сөйледі, оны Шоруков орыс тіліне аударды):

Көшіп келіп  жатқандар Қырғыз еліне 35  мыңның үстіне қосылуда. Қырғызстанның барлық аудандарына ағылып келіп жатыр. Мысалы, ең алыс аудан Кетменге 300 шаруашылық келді. Қырғыз үкіметінің арқасында біраз адамдарды орналастырдық. Енді ешқандай мүмкіндік жоқ. Қырғызстан жоспар бойынша өндіріс тауарларын алады. Төсектер, көрпе-жастықтар жетіспейді. КирОАК қаулы  қабылдап,  Крупская атындағы клубты  босатып,  500 балаларды орналастырды. Онда төсек, көрпе-жастық, жеткілікті тағамдар  жоқ. Таяуда Қазақ үкіметі қырғыз үкіметінен қазақтарды қайтаруды сұрапты. Ол біздің жағдайымызды жеңілдетеді. Екінші жағынан оларды еліне қайтаруға қаржы жоқ. Ол тілекті орындау үшін аудан ауданға адамдар жіберілді. Олар қанша адам қай жерден қайтадан кеткісі келетіндігін анықтайды. Оларды қайтару үшін қаржы көмегі болмаса іске асыру мүмкін емес. Мынадай жағдай болған.  Қазақстанның талабы бойынша біз 2 мың баланың 500-ін Алматы облысына жібердік. 3 күн өткен соң Алматы райком партиясы, аудандық атқару комитеті қабылдаудан бас тартты. Артынан қабылдауға мәжбүр болды. Есесіне бірнеше бала қайтыс болды. Біз ондай жағдайды жауапсыздық деп есептейміз. Фрунзеде қазақтардың саны көбеюде. Оларды қабылдай алмаймыз. Соның әсерінен өлім көбейіп жатыр. Ұрлық, тіпті, өршіп кетті. Қант заводында бір вагон қантты ұрлап кетіпті. Қанша айтқанмен ол тағам ғой. Жеке  ұрылар тобы пайда болды. Адамдарға шабуыл жасап тонаушылықпен шұғылдануда. Тіпті жауапты қызметкерлерге де шабуыл жасапты. Үкімет мүшесі сауда бөлімінің меңгерушісі Тобаевқа да  шабуыл жасапты. Қырғыз үкіметі бірнеше рет Қазақстан үкіметіне шығып қазақтарды орналастыруға көмек сұрады. Бірақ, қазақ үкіметі еш жауап бермеді.10 000 адамды Шу алаңына қабылдау үшін материалдық көмек керек. Қандай қордан бөлу  керек екендігі туралы ХКК-не және БОАК-қа өтінім берілді.

АНДРОННИКОВ (Орал): Орал бойынша деректер жоқ.

РЫСҚҰЛОВ: Алдағы мәжілістердің жұмысы туралы ескертуім бар. Біз көшіп келіп жатқандардың нақты санын білу үшін әрбір өлкеге арнап схема жасауымыз керек. Сол схемаға сәйкес әрбір өлкенің мәселесі Дворкиннің шағын комиссиясында қаралсын. Ең алдымен Орта Волганы, Батыс Сібірді, Қырғызстан және Башқұртстанды, басқа өлкелерді де атап кеткен дұрыс. Бірақ негізгі жұмыс аталған өлкелер туралы болуға тиіс. Шағын комиссияда мына мәселелерді қарауды аяғына дейін жеткізсін:

–Әрбір өлке бойынша қазақс-тандықтардың көшіп келгендерін шамалап болса да санын анықтау керек. Оның ішінде қаншасы орналасты, қаншасы орналаспады. Жұмысқа жарайтындарын   анықтап, өндіріске, совхозға, колхозға, балық шаруашылығына, ағаш кесуге тағы басқа жұмысқа жарамдыларын анықтайды. Қалғандарын әр колхоздарға отбастарымен жұмысқа орналасуын белгілесін. Ол жерлерде осы отбастарына көмек бере алатындай болсын, келген кездеріне және жұмысқа орналасқанға дейінігі күнкөрістерін ескеру туралы мәселені жоспарға енгізу дұрыс болар еді.

– Бұл схемада барлық шығындардың нақты мөлшерін және оларды жабатын мүмкіндіктерді  есептеген дұрыс. Мәселелер жан-жақты талданып әр өлке бойынша жоспарлау керек.

–  Әр өлкеге көшіп келгендерді орналастыра алмайтындай болса, онда оларды басқа өлкеге орналастыру мүмкіндігін қарастыру, оған қажетті қаражат мөлшерін жоспарлаған дұрыс.

– Балалардың саны, оларды орналас-тыру жолдарын, балалар үйін салуға кететін шығынның мөлшері, оны шешудің жолын  схемада әрбір өлке бойынша жоспарлансын. Орналасу мүмкіндігі болмаған жағдайда оларды ірі колхоздармен қосақтап,  МТС-тің әдісіне көшу керек.

 Баяндамашылардың  көшіп келгендердің саны туралы айтқандарына сенемін. Бірақ әлі де анығын білуіміз керек. Қазақстандықтардың есептеулерімен салыстырғанда айырмашылық бар. Әр өлке бойынша қорлардың мөлшерін анықтау қажет.

  ДВОРКИН жолдас: Менде  мынадай ұсыныс бар. Сіз жұмысты әрі қарай жалғау үшін қатарымен ұсыныстар бердіңіз. Қазақстан мен аталған өлкелердің басшыларын міндеттеу керек. Олар көшіп кеткен қазақтардың нақты тізімдерін, олардың қайда кеткендерін, оның  ішінде кімнің қандай жұмысқа жарайтынын, жарамайтынын көрсетіп хабарласын.

  РЫСҚҰЛОВ  жолдас: Оны орындауға болады. Телеграмма дайындаңыз, қол қоямын.     

ШОРУКОВ жолдас: Шу алаңына көшіп келгендерді орналастыра алмаймыз. Жер қоры мүмкіндік бермейді. Біразын Қазақстан қайтадан алып кетсін. Қалғандарын колхоз, совхоздарға, МТС-тарға орналастыруға тиісті (Отырғандардың біреуі: «менде ұсыныс бар. Көшіп келгендердің ішінде қаншасы тұрақтағандар, каншасы көшпенділер екендігін анықтау керек).

 РЫСҚҰЛОВ жолдас: Дворкиннің шағын комиссиясы  туралы: оған «Комзагсто»-дан Хозановты, сондай-ақ Богутты және өлкелерден келгендерден  қосу керек.

ДВОРКИН жолдас: ЖКХ-ның өкілін де қосу керек.

РЫСҚҰЛОВ жолдас: Осымен бүгін бітірдік. 2 күн жұмыс істеңіздер. Мәжіліс жабылды.

                                                   ***

  Осылайша Тұрар Рысқұлов әр күн сайын аштыққа шалдыққан қазақ халқы үшін жанталасып қызмет етті. Байқап отырсыздар, сол жылдары тек қазақ халқы ғана аштықтан қырылды. Мал қырғыздарда да, өзбекте де, башқұрттарда да болды ғой. Неге олар қарсы тұра білді? Неге біз қазақтар табанды қарсы тұра алмадық. Мәскеудің, Голощекиннің тепкісіне өз қазақтарымыздың белсенділері де қосылды. Соларды Мәскеу де, Голощекин де пайдаланды. Бізде бірлік болмады. Алауыздық, қызғаншақтық басым болды. Қазақтардың басым көпшілігі ата заңдарымызды аяққа таптады, ұмытты. Бірімізді-біріміз қырдық. Өзбек, қырғыз, башқұрт халықтары сияқты ұйымшылдық, білімдіні білімсіздің сыйлауы, құрметтеуі біржолата жоғалды.  Біз қазір де сондай жағдайдамыз. Қашан бабаларымыз жасаған алтын заңдардың жолымен жүреміз, бағынамыз. Осы жағы ойлануға тұратын мәселе. Оған себеп, Нығмет Нұрмақов айтқандай, байларды кәмпескелеу, одан кейін, «жоқ етті жердің астынан қазсаң да тап!» деген Мәскеу жендеттерінің, Голощекиннің қастандығы әсер етті. Оған қарсы тұра алмаған  республиканың сол кездегі басшылары да кінәлі деп есептеуіміз керек шығар. Қазақ «жалқау», «ұры» деген атаққа қарсы идеология жұмысы болған жоқ. Бұл атаққа ие болу себебіміз – кәмпескенің кеселі деп ешкім айтқан емес. Ашаршылықты жігерсіздіктің, бірліктің жоқтығынан өзіміз қолдан жасадық. Біз «ынжық қазақ» деген мазаққа қалдық. Мен оны Ташкентте оқып жүргенде (1957 ж.) басқа халықтардың аузынан естіп қорланып жүрдім. Осы ашаршылықты хабарлап, қалайда шара қолдануды сұраған мына екі ағамыздың да сөздерін ұсынамын.

Ораз! (Исаев –   Б.Н.)

1.Рысқұловтың аштықтан көшіп жатқан қазақтар туралы  комиссиясының бірінші  мәжілісінің стенограммасын жіберіп отырмын.    Ертең оның шағын комиссиясы жұмыс істейді.Одан кейін РСФСР-дың ХКК-нің алдына, одақтың ХКК-іне мәселе қойылады. Бұл іспен шындап шұғылдану керек. Менің бір үлкен қаупім ол қателік жіберуден қорқамын. Ол «Қазақстанда қазақ халқының санын есептеуде қателік кете ма?» деп қауіптенемін. Осы жағы дұрыс жағдайда емес. Бір жерден екінші жерге республикада көшу ретсіз жүргізілуде. Егін салу науқаны таяп қалды. Оған тұқым ғана емес, көлік және жұмысшы күші мәселесінде есепке алу керек. Қазақстанның кейбір есеп деректерінде «егін салумен айналысатындардың 55 пайызы қазақтар» депті. Мен осыған сене қоймаймын. Мүмкін ертеректе болған шығар. Егер де біздің жоспарымыз осыған байланысты болса онда оның орындалмай, егін салу науқанын сәтсіздікке ұшыратып алмаймыз ба? Одан кейін олардың ішінде еңбекке жарайтындары қанша екендігін де білу керек. Менің ойымша егін салу науқанына нақты дәл есеппен кірісу керек. Орын алатын кемшіліктерді кезінде байқап жоспарды тез арада түзеткен дұрыс. Егер де үлкен қателік кетсе,  оны Орталық Комитетке хабарлау қажет.

2.Рысқұловтың Сталинге жазған бірінші хатының (29. IХ 1932 ж.) көшірмесін жіберіп отырмын. Өте құпия. Ол қазір екінші хатын жазып жатыр. Әлі бітірген жоқ. Маған  көрсетеді ғой деп ойлаймын. Қазақстанның ОК-не жіберіп жатқан цифрлары тіпті қисынға келмейтін сияқты. Көзбояушылыққа ұқсайды. Сол себепті Сталиннен Қазақстанға комиссия жіберіп, ондағы жағдайларға көз жеткізіп қайтуын сұрайды деп ойлаймын.

  1. Жалпы жағдай әлі де түзелмей тұр. Әлі де көшіп жатқандар, жалғануда. Қазақстанның бір жерінен екінші жеріне көшу де тоқтаған жоқ. Өлім де азаймай тұр. Меніңше, Мирзоян тағы да Сталинге хат жазып, болып жатқан жағдайларды жасырмай шындықты жазғаны дұрыс болар еді. Қазір шын коммунистер күштерін жинақтап іске кірісіп, тек қана шындықты, қиындықты тоқтатудың жолын айту керек.

4.Кейбір мәселелерде біз өтіріктің кеселінен қиындыққа ұшыраудамыз. Тұрақтылық, балалардың ауруы сияқты біраз  мәселелерде  есеп  жоқ.  Шындығында мен азық-түлікке, өндіріс тауарларына несие беруді талап етудемін. Қарапайым ұқыптылықты сақтай білейік.

 Мен ылғи соның әсерінен ұятқа қалып жүрмін. Осыған тыйым жасашы.

  1. Жол сапары және өкілдер туралы:

а) Казэнергоның өкілі Стешин Ленинградқа кетті. Мәскеуге 1933 жылы 23 ақпанда келеді. 

Кәрім, Мирзоян, Исаев жолдастарға.                                            Көшірмесі Воскачев жолдасқа.

Қазалы ауданының ауылдарынан адамдардың көшуі тоқтамай тұрған кезде, өлген адамдардың денелері жерленбей жатқан кезде, аш адамдардың ауданға шабуылы жүріп жатқанда, егін егуге ықластары болмаған кезде, малдарды орынсыз сойып жатқан уақытта ауылдарда, қалада қылмыскерлер көбейген кезде, аудан қызметкерлері тоғышарлықпен айналысқанда,  келешегіне сенімсіздікпен қараған кезде, кейбір колхоздардың тарап жатқан кезінде, халықтың  арып-ашыққан мезгілінде, жалған белсенділердің күшейген уақытында, міне, осындай заманда мен осы Қазалы ауданына хатшы болып келген едім. Мұның бәрін айтып отырған себебім, бұл қиындықтарға бұрынғы басшыларды кінәлау емес, өзімді қауіптен қорғау үшін емес, бүгінгі орын алып отырған шындықты сіздер білсін деп жазып отырмын. Жағдай өте ауыр. Көшіп жатқандар күннен күнге көбеюде. Осындай ауыр жағдайда жұмыс істеуге тура келеді. Аудан тарап кетуге жетіп тұр. Ауданды сақтап қалу  үшін өте батыл жедел шешімдер қабылдамаса болмайды:

1.Барлық күшімді, қуатымды егін егу науқанына жұмсауға дайындап едім. Бірақ халықтың егін салу науқанына қатынасу ықыластары жоқ. Егінге тұқымдық дәндері жетіспейді. Ауылдағылар бар дәндерді алмай отыр. Жер нұсқаулары жасалмаған. Малды жемге байлау дайын емес. МТС тарап кеткен, балық аулаушылардың аттарын орынсыз пайдалануда, ирригациялық құбырлар тазартылмаған. Осылардың барлығы батыл шешім қабылдаудың жоқтығынан болған. БКП(Б)  ОК-ның  биылғы жылғы 17 қарашадағы шешімі және крайатқару комитеті мен ХКК-нің шешімдері орындалмаған.

Жасыратыны жоқ, бұл шешімдер халыққа жеткізілмеген. Ауылдарға шығып халықпен кездескенде көзім жетті. Бұл жұмысты қолға алып, ауыл-ауылдарға бригадаларға үгіт-насихат жұмыстарын қолға алдық. Соның арқасында егін егу науқанын табысты өткіземіз ба деген сенім бар.

2.Аудан орталығы  қала болып есептеледі. Бірақ үйлердің көпшілігі құлап жатыр, көшелер күл-қоқысқа айналған. Барлық мәдени-әлеуметтік орталықтары жабық. Күнде кісі өлтірушілер бар. Кітапханаға ешкім бармайды. Халықтың көп болатын бір-ақ жері ол – сырахана, спирт орталығының дүкені, базар. Бір сөзбен айтқанда, аудан біржолата тарап кететіндей жағдайда. Ауданда қызметкерлер жоқ. Істейтін адам қалмаған. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қойшиманов жаңадан келген азамат. ККРКИ-дің төрағасы Төлегенов жалғыз істейді, қызметкерлері жоқ. ГПУ-дың бастығы Иванов. Полк командирі Топуриза және кейбір совхоз қызметкерлері. Басқа сүйенетін, қолдайтын ешкім жоқ. Осындай жағдайда жақсы қызметкерлерді әкеле алмайсыз. Ауданның жиырмасы қамтамасыз етілмейді. Маған бірталай уақыт өтті, 1 кг. сұйық май, 1 фут қант тауып бере алмай отыр. Бұл жағдай барып тұрған оңбағандық. Осындай жағдай адамдарды қылмыс жасауға итереді. Мұндай аурумен біздің аудан ғана емес, барлық аудандарға қатысы болар. Сондықтан, жолдас Мирзоян, Исаев, осындай жағдайларға көңіл аударуларыңыз сұралады.

 3.Қазалы ауданының бірнеше ерекшелігі бар. Халқы ертеден тұрақты бір жерде қоныстанған. Техникалық дақылдар өсетін жер. Екінші жағынан ертеден келе жатқан көшпелі халқы   бар. Мысалы, Қарақұм, Қызылқұмдарда тұратын мал шаруашылығымен шұғылданатындар ешкімге көнбейді. Қашан кеткісі келеді, сол кезде көшіп кетеді. Оларды ешкім ұстай алмайды. Оған отырықшылыққа бейімдейтін шара қолданбаса болмайды. Ауданда балық шаруашылығын дамытуға байланысты аса зор мүмкіндік бар. Бүгінде әбден ешкім қолға алмаған, күйретілген жағдайда. Бұл жұмысты дұрыстап қолға алса, тауар қорын жасаса өте үлкен табысқа ие болуға болады. Бүкіл ауданды, облысты, тіпті, Өлкені қамтамасыз етуге болады. Бұл мәселе бойынша мен обкомға арнаулы жат жаздым. Ауданның құрамында Қазалы стансасы бар. Халқының саны 13 мыңға таяу. Осы уақытқа дейін қамтамасыз етілмеген. Мен бұл жерде аса ауыр істер үлкен күш-жігер, энергияны талап ететінін түсінемін. Сіздер менен бар күшті салып сол қиындықтарды жеңуімді талап етесіздер. Оны түсінемін. Оған құқықтарыңыз бар. Сонымен қоса, менің есімде сіз маған көмек жасаймын деп сендіргенсіз.

 Обком, Крайкомның көмегінсіз 1,2 пункттегі хабарламамды орындай  алмаймыз. Алғашқы мезгілге талабым мына төмендегідей:

а) Ауданды кадрлермен қамтамасыз ету: райкомға – ұйымдастырушы қызметкер, партия хатшысы, кәсіподақ кеңесінің төрағасы, МТС-қа директор, Райзо, Оқу бөлімінің бастықтары,   Жос-парлау бөлімінің төрағасы, Аудандық комсомол комитетінің хатшысы;

 б) Бір жеңіл машина. Оның қажет екендігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ;

в) ОК-тің 17 қарашадағы қаулысын естіп көшіп кеткендердің бірталайы қайтып келіп жатыр. Толық тексеріп үлгермедім. Олар келіп орналасқанша алғашқыда нан және шаруашылықтарына, тамақтарына көмек керек;

г) Биыл бізде бюджетті орындау үлкен қиындыққа тіреледі. ОК-ның 17 қарашадағы қаулысына байланысты 1933ж-ға жоспарланған табыстар республикалық бюджетке түседі. Соған байланысты бізде бюджеттің табыс жағына 300 000 жетпейді. Шығын жағын қысқарту дегеніміз мектепті немесе балалар үйін жабу  керек. Оған жол бере алмаймыз. Сол себепті бізге  200 000 р. дотация керек (Ол туралы толық хат жіберемін); д) Аудан қызметкерлерінің, әсіресе, басшылардың материалдық жағына көңіл бөлуіңізді сұраймын.

Менің жазған хатым ескерусіз

қалмайды деген сенімдемін.

 Ком.сәлеммен ТАШИТОВ

Қазалы қаласы 1933 жыл 11 сәуір.

                                                         

***

Міне, осылайша  қазақ халқы  ашаршылықтың зардабын бірнеше ғасыр бойы бастан  өткізді. Кеңес үкіметінің көзден бұл-бұл ұшқанына да 30 жыл болды. Сөз реті келіп тұрғанда, мына бір маңызды мәселені де айта кетейін. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін колхоз-совхоздарды бірден талқандап, халқымыздың тұрмысын бір-ақ жылда төмендетіп алдық. Сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Тұрсынбаевтың республикалық жиналыстағы ұсынысы әлі күнге дейін көз  алдымда. Сол жиында атақты батырларымыз да сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. Оған құлақ асқан мемлекет басшылары болмады. Солардың кеселінен  ауылдық жерлердегі халықтың тұрмысы 1991 жылдан бастап ауыр жағдайға ұшырады. Кейбір жерлерде ашаршылықтың аз-ақ алдында болдық. Халық жұмыссыз қалды. Қалаға ауа бастады. Ұрлық көбейді. Толып жатқан жағымсыз жағдайларға кездестік. Оны басшылар көрсе де, көрмеген болды... Колхоз-совхоздардың атын өзгертіп, сол күйі қалдыру керек еді. Ауылдарда, тіпті аудан орталықтарының көпшілігінде үйлер қаңырап бос жатыр. Өйткені, жұмыс жоқ. Барлығы қалаға шұбырды. Сауда, таксистік жұмыстарымен шұғылдануда. Жастардың қалталарында екіден жоғарғы оқу орындарын бітірген дипломдары бар. Жұмыс жоқ. Бір  «данышпан»  келешегі жоқ ауылдар деп тағы бір кереметті алға тартты. Ол жердегілерді аудан орталықтарына, қалаларға көшірді. Олардың көпшілігі қаладан үй алып, балаларын орналастырды да, бұрынғы қоныстарына қайтып келді. Ол, тіпті, мисыздардың тапқан жаңалығы дер едім. Олар аз да болса мал өсіріп, жан сақтады. Осы теорияны ойлап шығарғандарды ешуақытта қолдай алмаймын. Ауылдардың ешқандай зияны  болған жоқ. Керісінше өздерін-өздері асырап отырды. Сондықтан, кезіндегі совхоздарды «Казхоз» деп атап, қайтадан құру керек. Жекеменшіктерге тиіспеу керек. Олар жарыссын. «Казхоздар» 3-4 жылда өздерін ақтайды. Мемлекетке табыс береді.

Жер мәселесін де шешу керек. Қазір ең кемі 50 пайыз жер пайдаланылмай жатыр. Сатып алғандар қаланың байлары. Қара халық жерден айырылды. Малдарын бағатын жер жоқ. Ал жер пайдаланылмай жатады. Жер мемлекеттікі болуы керек. Халық жалдап алсын. «Пайдаланылмаған жерлерді екі жылдан кейін мемлекет қайтып алсын» деген ұсыныс, тіпті, заңға да  енгізілген. Қаладағылардың көпшілігі елге қайтып оралады. Дала қаңырап, бос қалмауы керек. Халықты қалаға шоғырландыру бізде іске аспайды. Ол мүмкін Түркістан және Алматы облысының, Алматы маңындағылар үшін болар. Ал қазақтың кең даласына еуропадай халық көп болса, қоныстанған елдің аралары жиі болса, сонда ғана ол теория іске асады. Ол үшін бізге әлі ең аз дегенде 100 жыл керек. Әзірге, ауылдарды бұрынғыдай қайта түлетіп, мал шаруашылығының, егін шаруашылығының өркендеуіне қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Ауыл – халықты сақтайды. Қазір әлемде азық-түлік қауіпсіздігі жайында көп айтылуда. Азық-түлік қауіпсіздігін қорғау, сақтау – ауылдардан басталады.

 

1782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз