• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2020

КЕНЕСАРЫ ХАН ТУРАЛЫ ҚҰНДЫ СӨЗ

Кейінгі жылдары архив пен кітапхана қорынан табылып жатқан деректердің бір парасы – ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының әдеби мұрасына қатысты. Жариялық заман қоғам үшін бейтаныс Алаш тұлғаларының есімін жаңғыртып, әдеби-ғылыми мұрасын түгендеуге жол ашты. Есімі ғылыми айналымға енген Алаш қайраткері – Біләл Малдыбайұлы (1890-1937). Алаш қозғалысының мүшесі, мамандығы бойынша фельдшер, педагог, ағартушы, публицист, аудармашы.

Жуырда, 21 шілде күні ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен қайраткердің «Кенесары заманынан» деген жаңа мақаласын таптық. Аталмыш материал «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №9 санына шыққан.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, әсіресе, 1928 жылы Алаш арыстары лек-легімен итжеккенге айдалып, алды 10-15 жылға сотталып, соңы үй қамаққа жазықсыз қамала бастады. Оқығандардың қорғаны болып, материалдық тұрғыда демеушілік көрсеткен ақсүйек, ақ жүрек ауқаттылар «бай-кулак», «Алаш Орда құйыршығы» деп репрессияға ұшырап жатқан қаралы күндер еді. Сондай ауыр да қасіретті күндері Біләлдің қаламынан совет үкіметінің ұстанымына есімі мүлде жат, тыйым салынған көкжал Кенесары хан туралы материалы жарыққа шықты. Сталинизм қылышынан қан тамып тұрған сұрқия бір сүреңсіз мезетте.

Кенесары хан және оның заманы туралы жазылған мақаланы бүгінгі әліпби қолданысымызға сай хатқа түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Кейінгі буын өскелең жастар қазақ тарихын шынайы деректер негізінде білсін, танысын деген ниетте. Сонымен, бұл мақала көкжал баһадүріміздің күресі, өмір жолының бір қыры мен тарихы туралы мәлімет беретін құнды сөз.

Кенесары Қасымұлын тану, зерттеу ісіне қосылған үлкен олжа. Руханиятымыз үшін қайырлы болсын!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы-зерттеуші,

ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

Біләл МАЛДЫБАЙҰЛЫ  Біләл МАЛДЫБАЙҰЛЫ

«Кенесары заманынан»

Қазақ халқы орыс патшасына бағына бастағанда, күнбатыс Сібірде төрелерден басқа қара қазақтан бағынғандар мыналар болыпты: Атығайдан Зілқара, Керейден Тұрлыбек, Қаражастан Мұса, Қыпшақтан Ыбырай, Әніғай-Бағыстан Қожағұл, осы адамдар патша өкіметіне қарауды өте ұнатып, жалпы елге мұрындық болыпты. Көкшетауға қарайтын Арғын ішінде Қарауыл деген ел патшаға қарауды ұнатпаған. Қарауылға Кенесары хабар салады «орысқа бағынбаңдар» деп. Содан қарауыл ішінен белгілі батырлар Бөгенбай, Амалдық, Кенжебай, Арлан, Шамай, Шауыпкелұлы Баубек молда, Елубай, Көбе басшы болып Кенесарыға еріп кетеді. Жаңақожым руынан Балтабек, Жолақкөт деген кісілер тағы басқалар да бірге кетеді. Бұлар барып қосылғаннан кейін, Кенесарының әскері Дулат елін шауып өзіне қаратып, сосын бірнеше елдерді алып жаңа қырғызбен соғысып Алатауды алмаққа көп күш жұмсайды.
ІІ
Енді Кенесарыға ерген батырлардың еліне келейік. Қарауыл елі Кенесарының кеткен жағына таман көшпек болады. Бірен-саран ауылдар жырылып, бұрынғы мекендерінде қала береді. Қарауыл сол бетімен көшіп беті Қаратау болып, Сарысуды өрлейді. Ол жақты малдары жерсінбей өле бастайды. Жұрт жүдеп жадайды. Сонда Кенесарыға еріп кеткен батырлардан хабар келеді. «Мұнда келмесін, белгілі қоныс жоқ» деп кейін қалған елден жаңа хабар барады. Көшкен елдің артынан іздеп солдат шықты деп жұрт сасып, абыржыйды. Сонда жақсылық жан Сақалбай төрт бие сойып, Қарауылды жиып алып ақылдасады. «Енді қалай қыламыз, алдымызда белгілі қоныс жоқ деп хабар алып отырмыз, артымыздан солдат қуып келе жатқандығынан және хабар алып отырмыз. Мал болса жерсінбей тұр. Шұбардың қыс панасы жазда саясы бар еді дейді. Содан кейін жұрт қайтуға қаулы қылады. Ондағы Атығай, Керей, Уақ, Қанжығалы не болса біз де бірге көреміз деседі. Бірақ кейін көшейін десе орыстың солдатынан қорқады. Сөйтсе де көшуге бел байлайды. Әуелде басшы болып көшкен Жақсылық Серкеш би екен. Ол екі көш жерде ілгері болғандықтан оған хабар жібереді. Серкештің екі ауылы «біз қайтпаймыз, не де болса жан сақал, ағай жер танып келген шығар» деп қайтпай көшіп кете береді. Соңғы көп қарауыл көшіп Шұбарға келе жатқанда алдарынан орыстың көп солдаты келіп, «сендер қайдан келесіңдер, қаштыңдар ма?» деп сұрайды. «Жоқ, біз қашқанымыз жоқ. Мал үшін жайлауға барып едік» деседі. Сол сөзге нанып солдаттар елге тимейді. Сонан Қарауыл ескі мекеніне қайта орналасады.
ІІІ
Енді Серкеш биге келелік. Серкештің екі ауылы көшкен бойымен Қаратауға барып, Қоңырат деген елге қосылады. Бірақ бұларды ешкім елемейді, танымайды, бір жақ шетте отыра береді. Бір кезде Қоңыраттың бір елі бұлардың жылқысын әкетеді. Серкеш би бұлардың басты адамы кім екен деп сұрады, Қоңыраттың бастығы Сыбақ би одан ешкім сөз ала алмайды деп естіді. Сонан Серкеш би қасына Райымбек деген кісіні тағы басқа жолдастар ертіп, Сыбаққа жөнелтеді. Сыбақтың ауылына барса бір жігіт бие сауып жатыр екен, «бұл кімнің ауылы?» деп сұрады, «бұл Сыбақ ауылы» деді. «Біз алыс жердің адамы едік, хабар берсең қайтеді» деді. «Жолдасыңды жібер, менің қолым тимейді, анау жүрген Сыбақ» деп жігіт біреу бүгжеңдеп шөмшек теріп жүр екен. Серкеш соған қарай жүреді. Бір жерге түсіп, аттарын байлап, Сыбаққа таман келеді, Сыбақ әлі көрген жоқ. Бүгжеңдеп қолтығына шөмшегін қыстырып теріп жүр. Бұлар сырт жағынан келіп, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем береді. Сонда Сыбақ басын көтеріп алып, жалт қарап, шөмшегін жерге тастап, «бөтен жердің адамы көрінеді, кел көрісейік» деді. Серкеш екеуі көрісіп болғаннан кейін қонақүйге қарай қолын сілтеп алып жүреді. Келсе үйде он шақты қонақ отыр екен, Сыбақ «қағыла беріңдер, мынау бір бөтен жердің адамы көрінеді» деді отырғандарға. Қағылып орын береді, сонан соң Сыбақ үйіне кетті. Әрі-беріден соң бұларды өз үйіне шақырды, үйге барған соң жөн сұрасты. Сонда қасындағы Райымбек «қайран сарбазым-ай, арқаңды жауыр қылып, аяғыңды ақсақ қылып бәйгеге қостым» деп о да жылап жібереді. Екі-үш күннен соң жылқысын аман-есен айдап келіп береді, және бір жорға ат беріп жіберіпті. Сонда Серкешке сүйініп елдің шығарған өлеңі:

Серкеш кетті Сарысу өрлеймін деп,
Есенбай енді бетін көрмеймін деп.
Аштан өліп, жаяулап жүрсем-дағы,
Баламды солдаттыққа бермеймін деп.
Қаратау аса алмадым жоның бұзық,
Айнакөл іше алмадым суың тұздық.
Ащылы-Жекебояқ жайлауым-ай,
Кең қоныс екі жағың тойдан қызық.
Арқаның ат көтермес би-ақ едім,
Қоңыратқа қоңсы қондым көзім сүзіп,
Менің бетім Қаратау әзіретте,
Елден кеткен ем бар ма біздің дертке.
Аштықтан, жалаңаштан кеткенім жоқ,
Мен жеттім ғой ойлаған, айтқан сертке.
Қаратау аса алмадым сызасынан,
Қоңыраттың жолдалдым ғой мырзасынан.
Бетіміз бұлақтағы басқа шығып,
Кетіп ем жазы таздың ызасынан.
Қол .үзіп сағынамын өскен жерім,
Кір жуып кіндігім кескен жерім.
Аман бол көремін бе, көрмеймін бе,
Атығай, Қарауылмен қайран елім.
Қаратау аса алмадым биік төбе,
Жақсылық, Шұңғыршамен асыл жебе.
Атығай, Қарауылмен қайран елім,
Жетер ме құстан айтсам сәлемдеме.

Серкеш би осы өлеңді айтып зарлап, бір тасқа отырып, Көкшетау жаққа қарап, мұңайып күй тартып, күңіренген даусымен даланы да күңірентеді. Қайран жерім, қайран елім деп аңсап сағынып жылайды, елге келе алмай, Кенесарыға жете алмай, сол заманда болып, сол жақта өлген өзге адамдарды бес жылдан соң қайтіп ескі мекеніне келген Серкеш бидің Поштай деген бір інісі Қоңырат елінде қалып, өсіп- өніп бір ауыл болыпты.
IV
Кенесары қырғызбен соғысып, қырғыздың бір жағын жеңіп, Алатаудың жартысын алып, өзі қайтадан Көкшетау жақтағы елге келеді. Алатау жаққа жүр деп әр елдің жақсыларына сөз салады. Елдегі Абылай тұқымы Сартай, Әбайділдә төрелерге жүр деген олар бармайды. Өзге қара қазақтың адамдары «біз сіздерге ерер едік, бірақ артымыздан солдат қуып қырып тастайды ғой оны қайтеміз» дейді. Ендеше мен ол солдаттармен соғысамын деп даярланған Қарақалпақ деген төбенің астына барып, сайланып жатқан орыс-тар естіп қорқысады. Кенесарының бұл хабарын Әніғай-Бағыс Қожағұл естіп Көкшетауға әскер басы орыс төресіне қағаз жазады да, жасырын бір кісі жөнелтеді. Ол кісіні Кенесарының жасағы ұстап алып, қағазын да тауып алады. «Менің дұшпаным Қожағұл екен» деп Қожағұлдың да сол маңайдағы еліндегі жылқысын Кенесарының әскері сыпырып қуып әкетеді. Жолда бірсыпыра солдаттар кез болып, солдаттарды ұстап алады. Солдаттардың көбінің мұрын-құлағын кесіп, іске жарақсыз қылып, адам сәнінен шығарып кетеді. Жаңа кетерінде біз Сартай, Әбайділдә төрелерміз деп әдейі айта кетеді. Кенесары бұл араға тағы да қайта айналып соғармын деп кетеді. Бірақ артынан қырғыздармен тағы соғысқандықтан келе алмайды. Көкшетаудағы орыстар манағы Сартай, Әбайділдә деген сөзбен келіп, сол төрелерді іздеп, тауып алып қамайды. Сонда Шұңғырша Бостан батыр оққа ұшады. Сартай мен Әбайділдәні ұстап итжеккен Қайынтұра деген жерге айдайды. Олар үш жылдан соң қайтып келеді. Кенесары қырғызда қолға түсті.
Қазақтың соңғы ханы, орыс патшалығының бодандығына қарсы күрескен көкжал – Кенесары хан болатын. Анығында, Хан Кене – қазақтың бағына біткен ең ұлы хан. Ұлы Дала елінің арғы-бергі тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Ұлт мақтанышы. Ел абыройы. Мінезді боп туған әр еркек кіндікті Ер Кенекеңдей ел басына қара бұлт үйіріліп, жеріңе жат жұрт қол салғанда, «Алаш» деп атқа қонып, ұлы бабаның аруағын шақырып, ұлтының азаттығы мен еркіндігі, тәуелсіздігі үшін дүбірлі күрес, тайталасты қозғалыс тудыруға қауқарлы болуы керек те шығар!
Баһадүр Кенесары Қасымұлының арманы да, мұраты зор еді. Қатын патшаның алдында тізерлеп, басын иіп, дәрменсіздік танытқан өзіне дейінгі аталас хан ұрпақтарының қылығына намыстанып, қаны қарайып, елде кеткен есесін қайтарамын деп киізтуырлықты қазақтың басын атасы Абылай ханның ақ туының астына жиып еді ғой!
Кенесары хан туралы естіп, оқып білгеніміз өте көп. Кешегі қанқұйлы совет үкіметі тұсында ең бір жабық тақырып әрі большевиктік идеологияның қаһарына ұшыраған тарихи оқиға болса, ол – сөзсіз Кенесары Қасымұлының тағдыр-талайына қатысты деректер мен мәліметтер. Рас, совет заманында атақты профессор Ермахан Бекмаханов Кенесары хан туралы, оның Ресейге қарсы жүргізген саяси қозғалысы хақында зор ізденіс жүргізіп еді. Аса көрнекті жазушымыз Мұхтар Әуезов те Кенесары туралы жазып, жариялап, кейіннен басы дауға қалған. Академик Әлкей Марғұлан да бұл тақырыпты шиырлап өтті. Кім жазбады дейсіз ғой!

358 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала РЕСЕЙЛІКТЕР АДИЕТТІҢ ЕРЛІГІН МАҚТАН ТҰТАДЫ
Келесі мақала «КЕНЕСАРЫ ЗАМАНЫНАН»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы