• Тарих толқынында
  • 30 Қыркүйек, 2020

ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ АРДАҒЫ

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
өлкетанушы

Халық арасы қашан да қазына, олар алтын құрсақ аналардың көмегімен қалың елдің қамын жейтін қаһарман қас батырды да, қажымас қайраткерді де дүниеге əкелді, тəрбиеледі. Солардың аты шықты, алысқа кетті, басына бақ қонды, астына тақ бұйырды, елдің келешек көкжиектерін белгіледі. Міне, осындай санаулы тұлға, санаттағы қайраткерлердің бірі, есімі тек өзі өскен Нарын бойы –  Бөкей  Ордасында емес, Еділдің екі жағын ен жайлаған орыс, қазақ, басқа да ұлт пен ұлысқа белгілі Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетов. Ол қазақтың ата тек шежіресін қуалай айтсақ, жеті атасы – он екі ата Байұлының Шеркештегі Дербіс пен Қойыс, Жомарт пен Түрке, Пұсырман мен Тұрымбет, одан бергі Бекпембет сынды əуелден билік пен батырлық қатар қонған, аузында дуалы сөзі, жүрегінің түгі, ел сыйлаған беделі бар отбасында 1830 жылы Бөкей Ордасының Сасықтау деген мекенінде дүниеге келді. Əкесі Шолтыр, атасы əлгі айтқан Бекпембет əуелі Бөкей ханның, кейін Жəңгір ханның 12 бас биінің (сенатының) бірі, рулы елге билік жүргізген ағаман атанып, алдынан дүбір, құлағынан сыбыр кетпеген халқының қалаулы ұлы еді.

Ауыл молдасынан тіл сындырып, Жəңгір мектебінен алған білім, одан Орынбордағы кадет корпусын тəмамдауы оны алғашқы күннен биік мансап, көппен жұмыс істеуге бірден мойын ұсындырды. Өйткені, əуел бастан «Азиаттарды орыстармен жақындастыру, ол үшін олардың бойына орыс үкіметіне деген сүйіспеншілік пен сенім енгізу, алыстағы осы өлкеге əскери жəне азаматтық қызмет салаларының білімді шенеуніктерін жеткізу» мақсатында құрылған оқу орнының (Неплюев кадет корпусы. – Ө.Ə.) 2-эскадронын генерал-адъютант Ф.М.Обручевтің жобасы бойынша оқып, зауряд сотник шенінде бітіргенде, корпус бастығы В.Шилов оның қолына Шекара комиссиясында жұмыс істеуге  жолдама  береді.  Бірақ  жас түлек өзінің туған ауылына жақын Бөкей Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңеске аудармашы болып істегісі келетінін айтып, кешірім хат жазады. Басшылыққа аудармашы сөзі ұнап кетіп, тілек қанағаттандырылады. Бұл 1851 жылдың 23 қазаны еді.

Арада үш жыл өткенде, Мақаш хорунжий шенін алып, сол жылдың желтоқсанында ноғай руының басқарушысы, келесі жылдың тамызында өзі туған Екінші Теңіз жағалауы округіне əкім (правитель) болады. 1859 жылдың 28 қыркүйегінде сотник шенін иеленіп, 1864 жылдың 2 наурызында есауыл атағын алады.

Осы арада қаперге берер бір жай бар. Ол Неплюев кадет корпусын ерекше үлгеріммен бітірген қазақ балаларына бірден сотник, ал, үлгілі аяқтағандарға хорунжий əскери шенін берген. Ерекше үлгеріммен бітіргендерді сауда керуендерімен бірге Хиуа, Бұхар хан ордалары орналасқан аймақтардың картасын сыздырып, толық мəліметтерін қағазға түсірттіріп отырған. Бұндай сапарда Мақаштың курстас досы М.Бабажанов болып, біраз тапсырмалар орындаған.

Мақаш  Шолтырұлының  ел  басқару-дағы ұйымдастыру қабілеті қызмет барысында бірден байқалады. Сол 1864 жылдың күзінде қайтадан өз ауылында əкімдік қызмет атқарады. 1868 жылдың тамызы мен 1885 жылдың 12 шілдесі аралығында аталған екі округке қатар, яғни, 17 жыл бойы Каспийдің терістік беткейінде отырған өз қандастарына басшылық етті. Бұдан соң, 1893 жылға дейін Екінші округке басшылық жасайды. Бірақ ол сол кездегі тікелей əкімшілік-басшылық  жасайтын  Астрахан  губернаторына  1890   жылдың  15 маусымында (тіркеу реті №1875) денсаулығына байланысты ел басқару ісінен босату туралы арыз береді. Губернатордың №1342 ұсынысы бойынша, 1894 жылдың 23 сəуірінде ол əкімдік қызметтен босатылып, Ордада кеңесші лауазымына ие болады.

1896 жылдың 31 қазанынан 1897-інің 28 сəуіріне дейін Уақытша Кеңес төрағасы жанында жауапты қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады.

Тарихтан білетініміздей, 1806 жылдың 15 мамырында Бірінші Александр патшаның жарлығымен бекітілген үкіметтік «Көшпелі халықтарға жер бөліп беру Ережесінде» «Бөкей сұлтанға қарайтын Орда Қара өзеннен Боғда тауына дейін, одан Шапақ, Телепьев батағасына, одан теңізге дейінгі жерді жайлайды» деп, жер көлемі алғашқыға қарағанда, біраз ұлғайтылады. Бұл арада тағы бір айта кетер нəрсе – Бөкей Ордасы бар-жоғы 50-60 жылда түрлі атауларға ие болды. Мəселен, 1801 жылдан ол «Бөкей Ордасы» деп аталса, 1812 жылы «Бөкей хандығы», 1845 жылдан бастап, хандық билік жойылып, «Ішкі Орда» деген атауларға ие болды. Соған сай, ол əкімшілік басқару жүйесінде əуелі Орынбор əскери линиясына бағынып, Ресей империясының азық-түлік базасын жасаудағы негізгі резерв көзі болып саналды. Бірақ Бөкей тұсында Ресей патшалығы тарапынан отарлау ісі түбегейлі жүргенімен, алым-салық көлемі анау айтқан ұлғайған жоқ. Ал, 1823 жылдан, яғни, Жəңгір таққа отырған мезгілден бастап, салынатын салықтың түрі де, көлемі де ұлғая түсті. Бірақ оны қол астындағы жай халық толық күйінде түсінбеді. Бəрі Жəңгірдің амалы, соның құлқыны үшін кетіп жатыр деп ойлады. Шындығында түп-түгел олай емес, негізінен отарлаушы елдің тізесін барынша батырып, қанды шеңгел тырнағының қаттырақ қадала түскен шағы болатын. Оны Жəңгірдің өзі де түсінді. Соған сай, кей жағдайда жоғары жақтың пəрменін бірде қабылдап, бірде басынан асырып жіберетін де кездері кездесті. Ресей əкімшілігі ондай айла-шарғыны кешірмейді. Кешірмегені сол – Орда ханы бар-жоғы қырықтан жаңа асқанда, шеке тамыры қиылып, өз шаштаразының қолынан қансырап өлді. Аталған қаза қазақ арасында хандық басқарудың 1845 жылдан бастап жойылуы, орнына Астрахан губернаторына қарасты Орданы басқарушы Уақытша Кеңес құрылды. Кеңес төрағалығына үміткер империя тарапынан жіберіледі. Ол аталған елдің мүддесіне бола жұмыс істейді. Міне, осындай тұста елдің басқару институтында қазақ ұлты өкілінің жұмыс істеуі өте қиын еді.

Өйткені,  отарлаушы  елдің  өз ұстаны-мы, саясаты бар, сондай-ақ, отарланушы елдің атқару, орындау ерекшелігі, салт-сана, əдет-ғұрпы бар. Оларды сəйкестендіріп, екі тізгін, бір шылбырда ұстауға қиындықтар көп. Біз əңгімелеп отырған Мақаш Шолтырұлы осынау қиын шақта екі жақтың да тілін тапты. Қандай істі де жоғары басшылықпен келісе отырып, жүзеге асырды. Бірақ олардың қай-қайсысының да өз қандастарына зəбірсіз, қайта пайдалы болу жақтарын ойлады. Мəселен, қазақтардың ежелгі кəсібі – мал шаруашылығына Мақаш əкімнің тұсында жаңа, балық өнеркəсібі келіп қосылды. Оның нəсілдестеріміздің өмір сүру қажеттілігіне пайдалы да, кейде аса қиын жайлары да болды. Əйтсе де, тұтастай алғанда, бұл өңірлік өзгеріс, тұрмыстық жаңалық еді.

Əңгімеге орай аз-мұз шегініс жасайық. 1826 жылы Орынбордан ұйымдастырылған жер бетін бағдарлау, жергілікті халықтың салт-дəстүр, қоныстану ерекшеліктерін зерттеу экспедициясы  Орта Азияға бағыт алып, біраз уақыт Бөкей Ордасында болады. Осы кезде экспедицияны алып жүру, мəлімет жинау, жатар орын, азық-түлікпен қамтамасыз ету Забурын аймағындағы Адай руының ағаманы Қарауылқожа Бабажановқа тапсырылып, ол тапсырманы абыроймен орындап, орынборлықтардың жылы ілтипатына бөленеді. Соның құрметіне оған өз өтінішіне сай, Каспий теңізінің терістік бетінен жер алып, одан балық аулау, онымен сауда жасауына мүмкіндік беріледі. Сөйтіп, қазақтар 1832 жылы алғаш рет айдынға кеп, заңды түрде ау лақтырып, су маржанын тере бастады. Бірақ Орынбор шекара комиссиясы төрағасының жарлығымен 1839 жылдан бастап аталған кəсіптің жолы кесілді. Турасын айтсақ, Ресей кəсіпкерлерінің қазақтарға қайық, балық аулау құралдары, ағаш сатуларына, былайша айтқанда, балық өнеркəсібіне қатысты құрал-саймандардың бірде-бірінің сатылуына тыйым салынды. Бірақ өмір қажеттілігі – бұл құжаттың ғұмырын ұзаққа апармады. Оған себеп, біз əңгіме жасап отырған Мақаш əкімнің билік орындарына араласқанының нəтижесі болатын.

Тағы да бір шегініс. Мақаштың өңірге жақында ғана əкім болып келген сəті. Жұмыс бабында тоқсан судың арғы бетіндегі губерния орталығы Астраханға сапар шегіп бара жатқан. Бұндайда қыр қазағының су көлігі – қайық, не кемеге икемі жоқ, соған сай, ат не арбамен жүретіні белгілі. Кезекті өткелге жеткенде, жүзбелі көпірді қозғаушы жігіт жоқ. Қайда? Сөйтсе, бұлардан басқа күтушілер арасынан біреуі дауыстап: «Көрмей тұрсың ба, əне, ау тартып жатыр емес пе?» – деп салмақтайды.

Тартса ше? Онда паромшының қандай қызметі бар? Онан да əркім өз жұмысын білмей ме?

Жоқ, малшы қазақ. Ана тартылып жатқан балық осы селодағы қолы қимылдағанның бүгін-ертеңгі отбасылық азығы. Батаға иесіне көмек қолың созылса – өзіңе азық, жанұяңа табыс. Балық деген сенің астыңдағы атыңдай ертелі-кеш шөп-су, бағым-күтім сұрамайды. Судың құрты білдің бе? – дейді əлгі мұжық.

Бұл сөз шет қонып, қыр жайлаған қазақ – Мақашты кəдімгідей ойлантып тастайды. Қарап отырса, қазақ атаулы мал ұстайды дегенмен, бəрінде бірдей аула толы алалы жылқы, өріске өрген ақтылы қой жоқ, толы түгіл, бұтқа қыстырар қотыр тай, тіс шұқитын тышқақ лақ бітпегендері қаншама? Сонда олар қайтып күн көрмек?!

Ал, егер, осы Красный Ярдан анау Үйшікке дейін созылып жатқан теңіз қолтығындағы аралдарды алғашында жалдап, қаражат көбейсе сатып алып, күнкөріс көзіне айналдырса ше? Өйткені, аталған аймақта бос жатқан жер жоқ, мың арал, ондаған өзен болса, бəрінің де иесі бар. Олар – əйелінің тегіне аты-жөнін ауыстырып алған неміс кінəзі Юсупов пен помещик Безбородко. Əлгі екеуі кейінгі кезде осы жерлерді табыс көзіне айналдырып, Астраханның көпестері мен Уақытша Кеңеске сата бастады. Ал, жаңа қожайындарға сөз жоқ, арзан жұмыс күші керек. Осы қажеттілікке орай, қырдағы жұмыссыз жүрген қандастарын су бойындағы батаға ұстаған байларға жалдануға мүмкіндік жасалса ше? Міне, керегі осы.

Осы оймен ол губерния басшылығы, Уақытша Кеңес төрағасына кіріп, Каспий теңізінің солтүстігіндегі аралдарды иеленіп алған көпестерге қазақтардың жалданып балық аулауы, табыс табуы, тамақ асырауы, отбасына жағдай жасауына мүмкіндік жасады. Артынан осы жағалау, аралдарды əлді қазақтар жалға, тіпті сатып алуына да жағдай туды. Осыдан келіп, бұрынғы əуе-табиғат жағдайына тағдыры байланып, қысы-жазы қыр-ой деп жайылым мен құдық іздеп жүретін малшы қазақ енді су жағасына кеп, күрке тікті. Күркенің жанына қызанақ өсіріп, қияр екті. Қарбыз бен қауын, картоп салды. Бір сөзбен айтқанда, ата кəсіпке жаңа кəсіп – балық, аз да болса егін-көкөніс, бақша қосылды. Бұл бұрынғы көшпелі қазақты отырықшы елге айналдырды.

Мақаш елу жылға жуық ел басқару ісінде болды. Дəл емес деректерге қарағанда, əр жылдары Ресей патшасының алдына үш рет барып, өзі өскен өңір, басқарып отырған аймағының мұң-мұқтажын айтты. Сегіз мəрте хат жазды. Əрісі Санкт-Петербург, берісі Орынбор мен іргедегі Астраханнан атқа мінген ұлық келсе, Бөкейлікте алдымен Мақаш сөйледі, мəселе қойды. Сонда не айтты, қандай түйіндерді шешті, халқына жасаған жақсылығы не дейтін болсақ, ол жоғарыда айтқанымыздай, алдымен қалың қазақтың қамын жеген қайраткер, салт-дəстүрді жаңғыртушы этнограф, ауыз əдебиеті, жалпы əдеби нұсқаларды жинақтаушы фольклорист. Туған жерінің табиғатын көзінің қарашығындай сақтап, қорғаған патриот, аудармашы, ғылым-білім, өнер жанашыры. Былайша айтсақ, ол туған халқын барлық жағынан жанындай жақсы көрді, пайдалы істер атқарды.

Ол рас, Мақаш туған халқының ата салты, дəстүрін сақтады. Салты арқылы елін еңселі биікке көтерді, елдігін нығайтты. Экономикасын жандандырды. Жоғарыда айтқанымыздай, Мақаш арқылы Бірінші жəне Екінші Теңіз жағалауы округтері мен қазіргі Астрахан өңіріндегі қалың қазақ балық өнеркəсібіне келді, соны ата кəсіпке айналдырған əулетті кəсіп иелері, байырғы балықшылар пайда болды. Кеңес дəуіріндегі Қазақстанның алғашқы балық министрі Шайқы Əбішев осы өңірде дүниеге келді. КСРО, ҚазССР Жоғарғы Кеңестерінің алғашқы депутаттары (екеуі де балықшы) Зұлқарнай Ғұмаров пен Сапура Елеусіновалар да осы Мақаштың ауылдастары еді. Қыр қазағы балықты аулады, азық етті, Еділ бойымен жоғары өрлеп сатты, сол арқылы отбасының əл-ауқатын жақсартты, игілік көзін нығайтты. Ақыры сауда айырбасы жүзеге асты, тұрмыс жасқарды. Егін шаруашылығы өркендеп, су көлігі қатынасы дамыды. Отырықшылыққа байланысты тастан қыстау салынып, тақтайдан еден төселінді. Тоқал тамдардың төбесіне шатыр көтерілді. Ағашты қиып, мектеп салу, қисық табан етік киіп, тік жаға көйлекпен тойға барды. Танаш сынды əлді қазақ ұрпақтары батаға ұстап, желкенді қайық жүгіртті. XIX ғасырдың аяғында Ресейдің ең үздік он балық кəсіпкерінің бірі ретінде өңіріне орден тағып, айдарынан жел есті. Сол кезде округ қазақтары Кордуан, Астрахан, Котяев жəрмеңкелерінде Ресей қалмақтарымен аталық бураларының өзі бір тонна тартатын айыр өркеш түйелерді, конгур татарларымен сүтті саранау сиырларды ауыстырып, Дон мен Воронеждің қысқа төзімді, еті мол айғырлары, Орловтың желісті биелерін сатып алып, Мақаш көксеген ұлы армандарға қол жеткізе бастады. Зырылдаған жүйрік уақыт ауылдағы қозы бағып, бұзау айдаған кетік тіс қара баланы Ганюшкиндегі Мақаш салдырған (1893 ж.) «асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай» қарағай мектептерге, одан Астрахандағы гимназия, фельдшерлік, теңіз мектептеріне, Қазан, Санкт-Петербург, Орынбор, Уфадағы жоғары, орта оқу орындарына алып барды. Қалаған мамандықтарын иеленіп, өңірде қазақтың оқыған, сауатты зиялылар тобы – қазақ интеллигенциясын қалыптастырды. Соңыра сол топтан Бақтыгерей Құлманов, Сейітқали Меңдешев, Нұғыман Манаев, Уəлитхан Танашев, Шафхат Бекмұхамбетов, Махмұт Шолтыров, Мүбина Танашева, Салахитден Сарталиев сынды көптеген қоғам, мемлекет  қайраткерлері, Алаш арыстары, заңгерлер мен дəрігерлер, мұғалімдер шықты, еліне, туған халқына еңбек етті.

Күй десе құлап, жыр десе жатып тыңдайтын Мақаш ел аузындағы Шекті Мөңке би, Шеркеш Түрке би, Тана Нұрке би, есімін ел қадірлеген Қара тоқай Беріш Есет би, Ноғайлының батыры Шалкиіздің, Тана баласы Бертоғаштан туған Жиембет батырдың, аймаңдай ер Доспамбеттің ұмытылып бара жатқан жырларын хатқа түсіріп, орыс ақыны И.Крыловтың бірнеше мысалын елден бұрын ана тілімізге аударып, қазақ əдебиетінің бастау төрін XVIII-ден XV-ке, яғни, үш ғасырға əрі жылжытуға себепкердің бірі болды. Əлгі жырлары кейіннен 1908 жылы Қазан қаласындағы Каримовтердің сауда үйі баспаханасында «Жақсы үгіт» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты.

Сондай-ақ, Мақаш Шолтырұлы ел аузындағы мақалдарды жинап, Нева жағасындағы досы И.Н.Березинге үш бума мұра жолдады. Олардың ішінде əлгі айтқан қазақтың мақал-мəтелдері (Институт Востоковедения АНСССР. г. Санкт-Петербург. Ф.5.01. №14), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры (барлығы 48 бет; ф.5, 05. №12.а.) жəне басқалар бар.

Мақаш өз ауылындағы сөзі уəлі, аузы дуалы Тышқанбай,  Шора, Жантұрған, Əтембек, Бегəлі, Нұрым сынды қариялар, құрдастарымен алқа-қотан отырып, сөз жарыстырды, билік айтты. Артында əзіл-қалжыңдары мен билік, шешендік сөздері қалды. Оны осы күнге дейін алыс-жақындағы сөз қадірін білетін көне құлақтар айтып отырады.

Өмір бойы басынан таяқ кетпей, қайда барса да қарсы алдынан қапасты қараңғы түрменің қара темір есігі ашылып, күтіп тұратын құдіретті күйші Құрманғазыға ара тұрып, Астрахан ұлықтарының алдынан өтті, қолына «тыныштық берілсін» деген ақ билет ұстатты, түрмеден құтқарды.

Сол Құрманғазы бірде Сахмаға келген Астрахан генерал-губернаторының алдында отырып, өзінің «Сарыарқа» күйін орындап беріпті. Сонда əлгі губер-наторыңыз «Мынау кімнің шығармасы?» деп сұрапты. Жанындағы жандайшаптар ұлық үлкен шеберлікке қызығып отыр екен деп, «Иə, бұл өзінікі, бəрін де өзі шығарады» деп жəпек қағыпты. Мынаны естіген губернатор: «Орындағаны күй емес, дабыл ғой. Мені өз далам, сахарама жібер. Артыма алашымды ілестіріп, күллі дүниеңді аяғынан тік тұрғызамын. Азаттық! Азаттық!» – деп аңырап, аттандап тұр ғой. Сахмасынан сыртқары жібере көрмеңдер. Мынау алып күш. Құдірет. Қауіпті, аса қауіпті», – деп алды-артына қарамай алтын жалатқан күймесіне мінгенше асығыпты деседі.

Солай! Өйтпесе Құрманғазы, селт еткізбесе «Сарыарқа» бола ма? Шеберлік дегенде шек жоқ қой, жоқ!

Күйші, күй дейміз-ау. Мақаш атақты Соқыр Есжан күйшіні жанына алып, қамқорлады. Астраханның Құмөзегіндегі Ерғали Есжановтың үйінде қона жатып, қолына  жел,  өнеріне  дем  берді. Күй аспанына көтерді. Өзімен бірге Орынборда оқыған Мұхамбетсалықтың досы Түркеш күйшіге де ықыласы ауып, курстасымен басы қосылса, оны да жандарына алып, «Көңілашар» сынды көрікті, ұшқыр күйлерді көбірек тыңдауға құштар-ды. Көңілі тартқан сəттерде өзі де «Байжұма», «Көкала ат», «Салық өлген» сияқты күйлерін шығарды. Олары əлі де орындалып жүр.

Мақаш қоғам қайраткері ретінде тек өз ортасы, ауылдастары ғана емес, Уақытша Кеңес, астрахандық губерния басшыларымен кең отырып, келісті əңгіме құрап, тең дəрежеде мəселе шешті, сөзін өткізді. Қандастарының мұң-мұқтажын шешіп жүрді. Əлі күнге Астраханның көне көз қариялары, əсіресе орыс ағайындар арасында «Қала городовойы қазақ даласынан Мақаш келе жатыр десе, оның кемесі тоқтайтын аймақта матростар мен мичмандарды екі қатар сапқа тұрғызып, ортасынан əкімді салтанатты түрде алып жүргізетін. Сіз оны айтасыз, Мақаш жүретін көшені сыпыртқызып, жылан жалағандай тап-таза ұстайтын» деген сөз бар.

Ертеректе Астраханда орыстар бүйірін таянып, шəниіп тұрған қазақты көрсе «Сен неменеге шіреніп, шекиесің? Мақашсың ба?» дейтін көрінеді. Сонда бұл қазақты кім дейсіз?

Қалай десек те, өз кезінде М.Бекмұхам-бетовтың Астрахан ұлықтары арасында беделі үстем, мерейі жоғары болды. Реті келгенде, қалаға жолы түскен орыстың ірі тұлғалары, ғылымдарымен кездесіп, ой бөлісіп отырды. Əңгіме орайында Мақашқа қатысты екі деректі алға тартудың еш артықтығы жоқ сияқты. Оның бірі – Мақаштың Астрахандағы белгілі С.Климашевская фотостудиясының суретке түсіруші еврей жігіті арқылы танысқан киім тігушісі Василий Ульяновтің, кəдімгі Кеңес дəуірінің ұлы көсемі Владимир Ильич Лениннің əкесі Ильяның үлкен ағасы екендігі. Негізгі жұмысы теңіз айлағында балық өңдеушілерге тұз үлестірушісі болып істейтін оның əкеден мұра болып қалған кəсібі киім пішу, тігу көрінеді.

Бірде Мақаш аталған студияға балаларын суретке түсіруге алып келіп, сол кездің үлгісімен қолайлы киім тіккізіп, өзіне де заманға сай сырт киімге тапсырыс бергенді қалайды. Осы кезде жігіт Мақашқа өзінің тегі жағынан əріден болса да қосылатын туысы Василий Ульяновты таныстырады. Сөйтіп, ол бұдан былай Мақаш берген тапсырыстың қандайын да мүлтіксіз орындап, 20 жастай үлкен болса да əбден дос болып кетеді. Осы таныстық Мақаштың қара шаруа Ульяновтар отбасының кішісі – Ильяның дворяндар балалары оқитын гимназияда білім алуы, Симбирскіде арнаулы оқу орнында оқуына көмек беруіне негіз қалайды.

Екінші дерек. 1883 жылдың қазан айының соңғы күндерінде Астраханға саяси көзқарасына орай айдалып келген замандасы (Николай Гаврилович Мақаштан бар-жоғы екі жас үлкен екен), орыстың ұлы жазушысы Н.Г.Чернышевскийді түрме бастығынан əдейі бес күнге сұрап алып, Жанбайдың жанындағы өз үйіне əкеліп, Ресейдің сол кездегі саяси ахуалы, демократтар ұстанған бағыттың түп қазығы төңірегінде үш күн бойы əңгіме қозғаса, Мақаштың өзі бұл туралы кейіннен «Таусылмайтын революция, оның өзі немене, көксейтін мақсаты не, өз басым түк те түсінген жоқпын» десе, Николай Гаврилович Саратовтағы əйелі Ольга Сократовнаға жазған хатында «Мен қазақ даласында Мақаш Шолтуровичтай саяси сауатты, білімді жəне мəдениетті қазақ бар деп есептемеп едім. Кей сұрақтары менің өзімді де тығырыққа тіреп тастап отырды» деген екен.

Сондай-ақ венгрдің белгілі ориенталисі, Каспий теңізінің терістік бетіндегі адырлар мен дөңдерді көп зерттеген түркітанушы А.Вамбери, орыстың көрнекті шығыстанушысы, табиғат зерттеушісі Г.С.Карелин, бар өмірін шығыс халықтары тарихы, филологиясы мен археологиясын зерттеуге арнаған Петербург университетінің профессоры И.Н.Березиндермен ғылыми, достық байланыста болғанын да айтуға болар еді. Ол Астрахандағы өңірді зерттеу жөніндегі Петров ғылыми қоғамымен жақсы байланыста болып, оның мүшесі ретінде өзі туған өңір жайлы көптеген ғылыми мəліметтер жинаған. Керек жерінде жергілікті ақпарат құралдары арқылы қазақ халқының салт-дəстүрі, ұлттық құндылықтары мен мұқтаждары туралы мақалалар жазып, ортақ ой бөлісіп отырды. Соның бірі – «Қазақтардың тұрмысы мен мұқтаждары» (түпнұсқа орысша жазылған, «Быт и нужды киргиз-казахов», «Астраханские ведомости», 1894, №4) деп аталатын мақаласында өз қандастарына тəн ең түйінді деген 29 мəселені алға тартады жəне оларды шешу жолдары туралы өз ойын білдіреді. Мұның өзі оның аталған мəселелерді жақсы білетіндігін дəлелдейді жəне сол түйіндерді аз уақытта Уақытша Кеңес, болмаса губерния басшылығы, Орынбор ұлықтары шешіп тастамайды. Есесіне округ, қисым басқарушылары, депутаттар мен ағамандар жоғарыдағы құзырлы орындармен бірлесе қимылдаса ғана оңтайлы шешімдер шығады, оңды нəтиже береді. Мұны Мақаш өз мақаласында өте дəлелді жəне жүйелі түрде баяндайды.

Жоғарыда біз Мақаш Шолтырұлы өзінің қызмет бабында Ресей патшасының алдында үш рет болды, 8 рет хат жазды дедік. Солардың қай-қайсысында да ол Бөкей Ордасында соңғы жылдарда, əсіресе, 1879-1880 жылдары əуе табиғат жағдайының қуаңдығы, жердің жылдан жылға азып, тарылып бара жатқандығы, құмайт жерлерде тұщы су көздерінің тапшылығы, тұяқкесті жайылымдарда құм көшкінінің көбейгендігі, соған сай, теңіз жағалауындағы көкорай шалғын жерлерге мал жайып, азықтық жемшөп қорын дайындауға рұқсат беруін сұрайды. Бұл жыл өткен сайын сан жағынан өсіп келе жатқан мал-жанның еркін жайлап, кең отыруына мүмкіндік жасар еді.

Сондай-ақ, жыл өткен сайын қу-аңданып, құм басып бара жатқан қырлыққа арнаулы мамандар (агроном) көмегімен қияқ, дүзгін, өзен жағаларына бұталы ағаштар егу қажеттігі, елде отырықшылықты өсіру, өмір сүру, тұрмыс мəдениетін арттыру үшін еуропалық білім беретін мектептер ашу, ең бастысы – елде соңғы кезде белең алған қазақтарды христиан дініне күштеп енгізу қауесетін тоқтатуды сұрап, өтініш етеді.

Алғашқы қабылдауында патша Мақашқа: «Сіз көтерген барлық өтініш те орындалады. Бірақ ол өзіңіз айтып отырған соңғы мəселенің өз тараптарыңыздан оңды шешілуіне байланысты. Егер де, Ганюшкин мен Кордуан, анау Новая Казанка мен Таловтағы сияқты тағы да төрт жерде сондай құдай үйлері көтерілсе, біз сіздерге Каспий теңізінің жағасындағы барлық аралдарды береміз. Ен жайлап, еркін отырасыздар», – деп салады. Мақаш бұл жолы ештеңе айтпай, тұрып кетеді.

Бірақ бұдан кейін де (1894, 1897 жж.) екі рет қабылдауында болып, өзі қойған өтініштердің түпкілікті шешілуіне қол жеткізеді. Алдымен Ганюшкинде (1893 ж.) мектеп салынады. Қыр мен ойдағы жер өз бедері мен құнарлығына сай белгілі телімдерге бөлініп  (мал жайылымдық, құмаршық қағатын азықтық, дəндік, ормандық алқап), оны қарап, бақылайтын орманшы бірліктер белгіленеді. Олардың айлық еңбек ақысы, баспана, кеңсе үйі үшін бір мезетте 10 мың рубль қаражат қаралады. Əлгі айтқан құм көшкінін тоқтатуға арналып, бұталы ағаштар, мал азықтық қияқ, əсемдік ағаштар егіле бастады. Сөйтіп, 1895 жылдары қолға алынған бұл жұмыстар кеңес өкіметі тұсындағы 30-жылдарға дейін өз жалғасын тапты. Міне, өзі өскен өңір мен туған халқына осындай жаңалықтар əкеліп, жақсылықтар жасаған Мақаштың еңбегі патшалы Ресей атынан орынды бағаланып, «Əулие Станислав» ордендерінің екінші жəне үшінші, осы орденнің императорлық тəжі бар (өзге ұлт өкілдеріне арналған) 2-дəрежелі, «Қасиетті Владимирдің» (орден) төртінші дəрежелі, «Қасиетті Анна» орденінің үшінші дəрежелі, барлығы 5 орден, тағы да 2 медальмен марапатталған.

1881 жылы «Əулетті дворянин» атағын иеленіп, 1875 жылдан бастап, Қазан, Санкт-Петербург қалаларында оқып жатқан қазақ балаларына жеке өз атынан шəкіртақы белгілеп, бұл үрдістің кейін 1895 жылдан бастап Бөкей Ордасы бойынша жалпы түрде қолға алынуына ұйытқы болады.

Ол ел үшін еңбек етумен бірге, өз балаларының да көптің алды болып, білім алуы, халқы үшін қызмет қылуына ерекше назар аударды. Оның бар баласы да əуелі өз ауылындағы діни медреселерде сауат ашып, кейін Астрахандағы гимназияларда, Қазанда оқыды. Бірақ екі ұлы – Жəмілжаны мен Əміржаны сол Қазанда оқып жатып, көлденең кеселден қайтыс болды. Фазылы 1890-1907 жылдар аралығында Бөкейлікте түрлі округ, қисымдарда басшылық қызметке араласады. Ал кенже ұлы – Шапхат 1912-1916 жылдар аралығында Қазан университетінің заң факультетінде оқып, Алаш қозғалысына атсалысады. Кеңес дəуірінде республикамыздың алғашқы прокуроры. Немере ағасы, Алаш министрі, Қазақстанның Мəскеудегі алғашқы өкілетті елшісі Уəлитхан Танашев екеуі еліміздегі көптеген Заң актілерінің дүниеге келуіне негіз болады.

Сонымен қазақ халқының адал ұлы, елу жылға жуық ел басқарып, Ресей империясының қол астында бола тұра, олардың жақсысын жанына жалау, керегін көңіліне көрік етіп, нəсілдестерін рухани, тұрмыстық жағынан біраз биікке көтерген қоғам қайраткері Мақаш Бекмұхамбетовтің ауызға алар, ұрпағына үлгі етер өнегелі қырлары көп-ақ. Оны қадыр тұтқан халқы еңбегін ескеріп, есімін ұлықтап, лайықты құрмет көрсетіп келеді. Кемел тұлғаның басына келісті ғып кесене тұрғызылып, есімі аграрлық жүйедегі шаруашылыққа, өзі көп жүрген, араласып, білім алып, қызмет атқарған Ресейдің Астрахан облысының Харабайлы ауданындағы бір мектепке берілді.

Қашан да халық арасында ғалымның хаты, жақсының аты қалады. Бірде Мақаш өзінің есейіп, зейнеткер атанғанда, орнына ел басқару ісіне келген ізбасарының өркөкірек, əлсіздерге менменшіл, оның үстіне, жең ұшынан жалғасқан парақор екенін жəне бұл қылығының күн өткен сайын асқынып бара жатқанын естіп, əріптесіне бір ауыз сөзбен хат жазады. Онда:

Мықтымын деп тасыма,

Осалмын деп жасыма.

Өзімшілдік, озбырлық

Ой келмесін басыңа.

Менменсісең асқақтап,

Жақының келмес қасыңа.

Тəкаппарлық жаман-ды

Түбінде қорлық басыңа.

Харам салсаң құсарсың

Ішетұғын асыңа!

Нəпсі құмар, зор болсаң,

Былғанарсың насыңа.

Түстен кейін опынар,

Іс түскендер басыңа.

Əділ болсаң, ақкөңіл,

Қарсы алар халқың асыға! – деген екен.

Осынау озық қағиданы өз бойына өмірбақи үлгі етіп, халқы үшін қызмет еткен Мақаш өткен уақытта да, қазірде де заманының заңғары, Еділ-Жайық ардағы ретінде елінің есінде мəңгі жүре беретін болады.

Атырау облысы

94 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨРІСІ
Келесі мақала ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СОҒЫС ӨНЕРІНДЕГІ АЙЛА-ТӘСІЛДЕРІ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы