• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2020

АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ОНЫ БИЛЕУШІЛЕР

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми орталықтың директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі

Алтын Орда және ноғайлы. «Ноғай ұлысы», «Ноғайлы жұрты», «Ноғай ордасы» тәрізді атаулар тарихымызға жақсы белгілі. Бұлар шын мәнінде бір халықтың өркендеуіндегі жалғасқан этно-тарихи кезеңдерді сипаттайды. Қазақ эпосына кіретін бірқатар жырлар «Ноғайлы жырлары» деген атпен де белгілі. Қыпшақ даласындағы, әсіресе, қазіргі Батыс Қазақстан аймағындағы қазақ ру-тайпаларының біразының Ноғайлар құрамында болғандарын да білеміз. Осылай бола тұрса да, Ноғайлы тарихының қазіргі Қазақстан тарихынан өзінің лайықты орнын иемдене алмай келе жатқан жайы бар. Мұның басты себебі Ноғай ұлысының қазіргі Қазақстан аймағынан тысқары жатуынан. Десек те, Ноғайлы тарихы да қазақ тарихының құрамдас бөлігі. Бұл елдің жеке тарихи тұлға бектердің бегі(беклербек) болған Ноғай есімінен бастау алатыны белгілі жай. Рас, Ноғай ордасын кейінгі ХІV ғасырдың ортасында өмір сүрген және шағын хандықты басқарған Жошының ұлы Тоқатемірдің тұқымы Қара Ноғай атты тарихи тұлғадан бастауды ұсынатындар да бар. Алайда оған қараған жұрттың «ноғайлар» емес, «қараноғайлар» деп аталғанын ұмытуға болмас. Мұның өзі Еуразия кеңістігінде «ноғай» атауының дегенмен де Ноғай төреден бастау алатынын байқатады. Ол әйгілі Жошы ханның шөбересі.

 Ноғай Қыпшақ елінің (Алтын Орданың) Береке (1257-1266), Мөңке Темір (1266-1282), Туда Мөңке (1282-1285), Тула Бұға (1285-1290), Тоқта (1290-1312) тәрізді хандарымен үзеңгілес және замандас болған, оларға бірде беклербек лауазымында белсенді қызмет жасаса, бірде қарсы тұрып, жауласқан күрделі тарихи тұлға. Осыған байланысты, Еуразия тарихын жазғанда, Ноғайды ескермей, айналып өту қиын. Сондықтан да, ол туралы басы Н.Карамзин мен В.Бартольдтан бастап, бүгінгі В.Трепавлов, З.Қинаятұлы, А. Исин, А.Күзембайұлы тәрізді зерттеушілер елеулі еңбектер жазды. Ескеретініміз, Ноғай және Ноғайлы жұрты туралы әркімнің көзқарасы әртүрлі. Білетініміз, Ноғай Татарұлы дүниеге 1230 жылы келген. Ол әрине Монғолияда емес, Қыпшақ даласында дүниеге келді.

 Ат жалын тартып мінген кезінен бастап, ержүректігімен ерекше көзге түскен ол, жиырма алты жасында Береке ханның Парсы жерін билеген Құлағуға қарсы ұрысында қол бастап, даңққа бөленді. Осы ұрыста көзінен айырылған оны жұрт «жалғыз көзді батыр» атандырды. Оның ерлігін құрметтеген хан Еділ мен Жайықтың жағалауын мекендеген халыққа басшы етті. Алшын тайпалық бірлестігіне қарайтын тайпалардың біразы, Қыпшақ руларының кейбірі осы тұста-ақ Ноғайға бағыныштылыққа түсті. Қыпшақ елінің (Алтын Орданың) келесі ханы Мөңке Темір де Ноғайды әспеттеумен, көтермелеумен болды. Енді ол басқарған аймақ бірде «Ноғай ұлысы» атанса, бірде «Маңғыттар елі» аталатын болды.

 Соңғы атау туралы әртүрлі пікірлер білдірген тарихшылар арасында көңілге қонымдысы Зардыхан Қинаятұлының жазғандары. Оның «Маңғыт» атауы о баста Ноғайдың мыңдықтарын сипаттағаны (минг-мың дегенді білдіреді) туралы пікірі дәлелді естіледі. Кезінде, ХІІ ғасырда Онон өзені бойында мекендеген монғолдың Маңғұт тайпасының қыпшақ даласына қоныс аударғаны туралы деректер жоқ. Бәлкім, бұл рудан шыққандар Сайынның (Батудың) Батыс жорығына қатысып, Терістік Қырым аймағында қалып қойған болар. Маңғыттардың кейініректе, Едіге заманында Мингтерден бөлініп Бешұлы-маңғыт, Исабий-маңғыт, Қара-маңғыт, Шиғасан-маңғыт атанып кеткендері белгілі. ХІV ғасырдың алғашқы жартысына дейін Маңғыт жұрты Әмудария жағалауын қоныс еткен. Біздің ойымызша, бұлар монғол тілдестер емес, кезінде Ноғай мырзаның қайтыс болуынан кейінгі кезеңде Тоқта ханның зорлықпен Ноғай ұлысын өзіне қосуынан қашқан және кезінде беклербек Ноғайды белсенді қолдаған оның «Мингтары (Маңғыттары)». ХІV ғасырдың екінші жартысында бұлардың Еділ-Жайық аймағына қайта қоныс аударулары да осыны дәлелдейді. О баста аз ғана монғол рулары басқарған бұлар кейіннен Қыпшақ және Алшын тайпалық бірлестіктеріне сіңісіп, біржолата қыпшақтанып кетті. Осылайша Ноғай «Мингтары (Маңғыттары)» ХV ғасырға қарай, Едігенің тұсында дүйім де, қуатты елге айналды.

Дегенмен де, мынаны да айтпауға болмас, Маңғыт атанғандардан таралғандар мұндаға дейін сақталып келді. ХІХ ғасырда Кундров татарларында Маңғыттар бірнеше руға бөлінсе, Өзбек-маңғыттар Ақ-маңғыт, Түк-маңғыт және Қара-маңғыт ру тармақтарына, ал Қарақалпақ-маңғыттары Ақ-маңғыт. Қара-маңғыт, Үштай, Шуйит, Яманча тәрізді рулар тармақтарына бөлініп кетті. Маңғыттардың осылайша әртүрлі түркітілдес халықтар құрамына ыдырап кеткендеріне қарап, ежелгі Ноғайлының (Маңғыт жұртының) біртіндеп қалай бөлшектенгенін де байқауға болады.

 Ноғай мырзаның ұлысын күшейткен Байұлы, Бадай (Адай), Керейт, Кибчак (Қыпшақ), Минг (Алан-минг, Алшин-минг, Арган (Аргын)-минг, Буйрабас-минг, Джуржут-минг, Евлан-минг, Казаяклы (славян казактары)-минг, Канглы-минг, Карпода-минг, Коянсы-минг, Куланчи-минг, Сарай-минг, Сарас-минг, Сары-минг, Телеу-минг, Тогай-минг, Шахманчи-минг, Ябы-минг), Тама тәрізді рулық бірлестіктер мен тайпалар еді.

 Өзі билеген аймақты жеке этно-саяси бірлестікке айналдырып алған Ноғай, алғаш Мөңке Темір ханның Қыпшақ еліндегі билігі кезінде, онан соң Тула Бұға ханның тұсында Мысыр билеушісі Әл-Заһир Байбарысқа өзінің атынан елшіліктер аттандырғаны туралы деректер бар. Мұның өзі осы заманда Ноғайдың Алтын Орда хандарымен тайталасып, олардың қолындағы билікке қол жеткізуге талпына бастағанын айқын дәлелдей түседі. Шындығында да Ноғай Қыпшақ елінде аса беделді тұлға еді. Сонау әйгілі Сайыннан (Бату ханнан) бастап, Өзбек ханға дейінгі Алтын Орда хандарының ешқайсысы халық арасында Ноғайдай ықпалды бола алған жоқ десек артық айта қоймаспыз. Ол хан тағына отырмаса да, өзінің есімін ұлысқа ғана емес, тұтас халыққа этноним ретінде қалдырып кеткен тарихи тұлға. Ел билеген хандарға Ноғайдың бұл «биігі» арман болып қалды. Өйткені, барлық хандардың ішінен мұндай әспеттеуге Өзбек хан ғана ие бола алды.

Ноғай Тула Бұғаның тұсында өзінің Алтын Ордаға тәуелсіз дербестікке ұмтылып отырғанын ашықтан-ашық аңғарта бастады. Бұл 1287 жылы Алтын Орда әскерлерінің Батысқа жорығы кезінде айқын көрініс берді. Өзінің әскерімен бұл жорыққа қатысқан Ноғай Краков қаласын басып алған соң, қайтар жолда Тула Бұға хан басқарған Алтын Орда әскерлерінен рұхсатсыз бөлініп, өзінің иелігіне қайтып кетті. Ал жолдан адасқан хан әскерлері қарлы боранға кездесіп, олардың санмыңдағанын үсік шалып, қырғынға ұшырады.

Тула Бұға бұл апаттың басты себебін Ноғайдың іс-әрекетінен іздестірді. Мұндай жаулық пиғыл Ноғайға тіптен де ұнаған жоқ. Екі арадағы осындай текетірес ақыры Ноғайдың пайдасына шешілді. Оның арандатуымен Тоқта Тула Бұғаны және оның бес бауырын қырып салды. Осылайша 1291 жылы таққа Тоқта отырды. Ноғайдың ықпалына түскен Тоқта хан көп кешікпей-ақ кезінде Тула Бұғаны белсенді қолдаған 18 ноянды әдейі өлтірді және Ноғайға өзінің құрметін білдіріп, Қырымды сыйға тартты. Алайда Ноғайды Алтын Орда құрамындағы жекелеген аймақтарды билеу ешқашан да қанағаттандырған жоқ. Ал Алтын Орда тағына отыруға, аса қуатты және беделді бола тұрса да, оның саяси құқы болмады. Мұның басты себебі – Ноғайдың туған атасының Жошыны некесіз әйелінен тууы еді. Мұны жақсы білетін төрелер әлі де тірі болғандықтан да, Ноғайдың хан тағына барар жолы айдан-анық жабық еді. Мұндай, өзі үшін қолайсыз жағдайды түсінгендіктен де, Ноғай басқа саяси жолды Алтын Ордаға мүлде тәуелсіз жеке ұлыс құру жолын таңдады. Ал бұл жолдағы басты кедергі – Сайыннан (Батудан) тараған ұрпақ еді. Солардың және оларды қолдаушылардың көзін жою жолында және көзін жоя алмағандарын өзінің ықпалына түсіруде Ноғай әртүрлі саяси айла-шарғыларға барды.

Дегенмен де, қанша айлакер болса да Ноғай мынаны түсіне алмады: ол ұстанған ұстаным Жошы бабасы құрған қуатты мемлекеттің түбіне жететін, өзі сияқты билікке құмар төре тұқымдарын мемлекетті ыдырату жолындағы әрекетке жаппай арандататын аса қауіпті бағыт еді. Әрине, бұл мемлекеттің ыдырауын тек Ноғайдың саясатымен байланыстыруға болмас. Жергілікті нояндардың ықпалымен осы тұста бірнеше этно-саяси аймақтар күшейіп, олар дербес ұлыстар құруға талпыныстар жасай бастады. Орыс славяндары да Сарайға тәуелсіз болуды армандаумен болды. Осының бәрі Алтын Орданы әлсірете түсті.

 Ноғайдан біржолата құтылу үшін Тоқта хан оған қарсы оның балалары мен әйелдерін арандатты. Өз кезегінде Ноғай да Тоқта ханнан құтылу үшін сәтсіз сарай төңкерісін ұйымдастырды. Мұндай өзара жауығу ақыры қырғын соғыстарға алып келді. 1298 жылғы алғашқы шайқаста Ноғай жеңсе, ал 1300 жылы болған келесі ұрыста ол жеңіліп, өзі ауыр жараланып, қайтыс болды. Алайда, Ноғай иелік жасаған аймақ (Қырымның солтүстігіндегі Днепрден шығысқа қарайғы Жайық өзеніне дейінге өлке) Ноғайлы жұрты атанып тарихта қала берді. Оған кірген рулар мен тайпалар кейіннен татар, қазақ, ноғай, қарақалпақ, өзбек тәрізді түркітілдес халықтардың этникалық тұрғыдан дербестеніп қалыптасуларына елеулі үлес қосты.

Алтын Орданың әлсіреуі.1342 жылы Өзбек хан өлген соң-ақ Жошы ұлысының (Алтын Орданың) басынан бағы тая бастады. Өзінің көрегендігімен және даналығымен зор беделге ие болған және мемлекетке есімін берген оның орнына келген ұрпақтары даңқты Ұлыстың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмады. Сондықтан да, тек 1360-1379 жылдар аралығында ғана Жошы ұлысында 24 хан ауысты. Оның үстіне осы кезеңде зерттеуші Зардыхан Қинаятұлының деректері бойынша, таққа таласқан дүрбелеңдерде 14 немесе 18 хан өлтірілген. Олардың да, оларға дейін хан болғандардың да есімдері тарихқа белгілі. Дегенмен де, қысқа мерзімде хандық құрып, соңына ешқандай із қалдырмаған тұлғалардың тарихта елеусіз қалатыны бесенеден белгілі. Сондықтан, оларды тізіп атап жатуға айтарлықтай қажеттілік жоқ.

Алайда аталған қанды қасапқа дейін билік жасағандар тарихшылар назарын аударып жүр. Олар Өзбек ханның баласы Тыныбек (1342 ж.), Жәнібек (1342-1357 жж.), Бердібек (1357-1361 жж.). Бұлардың алғашқысы, Өзбек ханның үлкен ұлы, иман жүзді Тыныбек о бастан-ақ өзінің ел басқаруға қабілеті жете бермейтіндігін босаң мінезінен байқатып қойды. Сондықтан да, басынған бақталастар оны өлтіріп тынды. Оның орнына таққа отырған Жәнібекті діндарлығы үшін мұсылман деректері хазірет деп те атайды.

Жәнібек өзі хандық құрған тұста шетелдермен байланыстар орнатуға баса мән берді. Тарихи деректерден оның 1342 және 1356 жылдары Мысыр сұлтандарына көптеген сый-сияпаттармен екі рет елшіліктер аттандырғаны белгілі. Жәнібектің көп уақыты өзара жауласқан, қан төгіске барған орыс кнәздерін татуластыруға кетті. Ол орыстардың православия метрополитін жыл сайын Алтын Ордаға 600 сом салық төлеп тұруға еріксіз мәжбүрледі. Оның сондай-ақ Әзірбайжан билеушісі Ашрафқа қарсы жорыққа аттанғаны да белгілі. Кейбір деректер бұл соғыстың басты себебін Ашрафтың қарауындағы халыққа шектен шыққан қаталдығынан іздестіреді. Қалай десек те, Жәнібектің жорық жасауына Ашрафтан қашып келген діндарлар себеп болды. 1357 жылы атақты кадий Мухиддин әл-Бардюгидің осылайша Жәнібекке арызданғаны тарихи деректерден белгілі. «Шайтан азғырған ол өзінің қызын өзі әйелдікке алды» деп айыптады Ашрафты діндарлар. Хан бұл кезде мешітте намазға жығылып жатыр еді. Келгендер Тебриз билеушісінің арам пиғылын жүзеге асыруға төңірегіндегілерден рұхсат алу үшін әңгімені мынадай сауалдан бастағанын айтты: «Егер де біреу ағаш отырғызса, оның жемісі пісіп жетілгенде, оның дәмін өзі татуы керек пе, жоқ әлде оларды басқаларға беруге тиіс пе?». Төңірегі оның қандай пиғылда отырғанын аңғармастан: «Оның өзі де дәмін тата алады, басқаларға да бере алады» десті.

Осындай жауапты күткен арсыз Ашраф өзінің туған қызына үйленуге рұхсат алып алды. Мұндай сұмдықтан жандары түршіккен оның нөкерлері Жәнібекке жүгіне келе: «Ол енді кәпірге айналды, ал біз болсақ, осы кәпірдің құлымыз. Исламның падишахы бүгінде сіз болғандықтан, енді одан мұсылмандарды құтқару сіздің парызыңыз» десті. Осы кезде мешітте ақшам намазын оқып жатқан Жәнібек өзінің нөкерлерін жинап ақылдасты. Олар оны Ашрафқа қарсы жорыққа аттануға шақырды. Соғыс Дербент пен Ширваннан қашық емес маңда болып, оның нәтижесінде Ашраф жеңіліп, тұтқынға түсіп, ақыры өлтірілді. Осылайша, Жәнібек Тебризге басып кіріп, Ирак аймағын бағындырды. Жәнібек Ашрафтың қазынасын Сарайға тиеп жөнелткенде, ол 400 түйеге жүк болды.

Тебризде баласы Бердібекті 50 мың әскермен қалдырған Жәнібек хан елге қатты науқастанып оралды. Ол Сарайда өзінің мұрагері ретінде Бердібекті атап, өзін қоршағандармен қоштасып, дүниеден өтті. Орыс тарихшылары Алтын Орда хандары туралы жағымсыз пікірлер қалыптастыру үшін Жәнібек ханды оның ұлы Бердібек өлтірді деген қисынсыз әңгімені ғылыми айналымға қосып жіберді. Олар мынаны ескермейді: Бердібек әкесінен тақты тартып алуды ойлаған болса, алыстағы Тебризде қалуға келісім бермеген болар еді. Алайда тарихи деректер оның аса қатал билеуші болғанын әңгімелейді. Әкеден мұра болып қалған тақтан айырылып қаламын деп қауіптенген ол өзінің жақын туыстарын өлтіре бастады. Нәтижесінде олар оның өзін де өлтіріп тынды.

Осы жерде оқырманға ескерте кетеріміз, орта ғасырлардағы тарихымызда үш Жәнібек хан белгілі. Олар біз әңгімелеп отырған атақты Өзбек ханның ұлы алғашқы Жәнібек (1342-1357 жж.), онан соң алғашқы ноғайларды (маңғыттарды) олардың тарихи отаны Мәуереннахрдан Еділ бойына көшіріп, Сарайшықты резиденцияға айналдырған Темірқожа ұлы ІІ Жәнібек хан (1365-1366 жж.). Ал енді Әбілқайырдың Көшпелі өзбектер ұлысынан бөліне көшіп, Моғолстанда бауыры Кереймен бірге Қазақ хандығын негіздеген ІІІ Жәнібек болса бәрімізге белгілі. Жоғарыда біз алғашқы Жәнібектің тағдыры туралы әңгімеледік. Ауыз әдебиетінде Әз немесе Әзиз Жәнібек туралы жырланады. А.П.Григорьевтің ойынша «Әз» атауы алғашқы Жәнібекке таңылған. Зерттеуші И.Л. Щеглов «Әз (Әзиз)», яғни «Ұлы» атауының екінші Жәнібекке тіркелгенін айтады. Мұны В.В.Трепавлов та қолдайды. Біз де осы соңғы пікірді қолдауға бейімбіз.

Зерттеуші Зардыхан Қинаятұлы деректер негізінде осындай дағдарысты ақуалда Алтын Орда тағын уақытша иемденген хандардың есімдерін тарихи жылдар ретімен атап көрсеткен еді. 1361-1362 жылдары ғана Сарайдағы мәртебелі таққа Қули, Наурыз, Құзыр, Орда шейх тәрізді төрт адам отырып кеткен болатын. Бұлардың арасында Құзыр хан (Өтеміс қажының еңбегінде-Қызыр хан) деректерге қарағанда Жошы тұқымы және Сарайдағы билікті басып алуға шығыстағы Қыпшақ даласынан келген. Сонымен қатар, оның бауыры Қара Ноғай Жайық өзенінен шығысқа қарайғы аймақта хан тағына отырды. Оның астанасы Сыр бойында болды. Айта кетер бір нәрсе, дәл осы кезде-ақ осы шығыстағы Жошы ұлысындағы бұрынғы Еженнің ордасы дербестеніп, қайта күшейе бастады. Осындай шырғалаңды пайдаланған қайтыс болып кеткен Бердібектің күйеу баласы, 10 000 әскердің қолбасысы Қият руынан шыққан Мамай маңғыттардың қолдауына сүйеніп, билікті өзінің қолына алды. Ол Бердібектің билігі кезінде-ақ Алтын Орданы ыдыратуды бастап беріп, халықтың біразын өзімен бірге Қырым аймағына көшіріп әкеткен еді.

Алайда о бастан-ақ Мамаймен орыс кнәздерінің ара-қатынасы шиеленісіп кетті. Алғаш, 1374 жылы новгородтықтар Мамайдың елшілерін өлтіріп, 1,5 мың адамнан тұратын күзет отрядын қырып салды. Арада біраз уақыттан соң, 1377 жылы Мамайдың Арабшах есімді қолбасысы Мәскеуге жорыққа аттанды. Алайда Мәскеуліктер қолға түспей қашып кетті. Құр қол қайтуды жөн көрмеген Арабшах Нижний Новгородты тонап, өртеп қайтып оралды. Алайда Мәскеу кнәзі Дмитрий кек қайтару мақсатымен мордвалар жеріне басып кіріп, оларды қанға бөктірді. Осыдан соң, Мамай қайта қол жинап, Рязань жеріндегі Вожа өзенінің бойында 1379 жылы 11 тамызда Дмитрийдің қалың қолымен шайқасты. Соғыс нәтижесі Мамайдың пайдасына шешілмей, оның көп әскері осында қырылып қалды. Ыдырай бастаған, өзін мойындай қоймайтын Жошы ұлысының бектерінен әскер жинап алу қиынға айналғандықтан да Мамай өзінің жасағын Солтүстік Кавказ және Қырым даласындағы халықтардан жалдамалы әскерлер жинау жолымен толықтырды және Литва кнәзі Ягайломен келісім жасауға тырысты. Алайда екі әскердің бірігіп кетулеріне Мәскеу кнәзі бастаған орыс жасақтары кедергі келтірді. Оларды алда болатын Мамайдың жорығы қатты састырды. Орыстар Дон өзенінің тармағы болып саналатын Непрядвы өзені бойына орналасты. Осында, 1380 жылы 8 қыркүйекте Күлік даласында Мамай мен Мәскеу кнәзі Дмитрий басқарған орыс әскерлері арасында шайқас болып, Мамай жеңіліп қалды. Мамайдың жеңілуінің басты себебі, Алтын Орданың әртүрлі этникалық аймақтарының Сарайдағы билікке таласқан зобалаңның кесірінен ауызбірліктен айырыла бастауы болатын.

Мәскеуге дегенмен де жаңа жорыққа аттанып, кек қайтармақ болған Мамайдың жоспарын Сарайды Қыпшақ даласынан келген Жошы тұқымы Тоқтамыстың басып алуы бұзды. Ол алғаш Тоқтамыстың бағынуды талап еткен ұсынысынан бас тартты. Осыдан соң, қалың қолмен Мамайға аттанған Тоқтамыс хан оны Азов теңізіне жақын маңда күйрете жеңді. Енді бұрын Мамайға ілесіп, Қырымға келген маңғыттар сорлады. Олар тоз-тоз болып бытырап, жан-жаққа бас сауғалап босып кетті. Тарихи деректер «Кіші Татария» деп аталатын Қырым аймағынан он жеті мың түтіннің шығысқа қарай жөңкіліп, Жайыққа жақын маңға қоныстанғандарын, онда осы ноғай рулары ханының Ақтөбе деген жерде өзінің ставкасын орнықтырғанын атап көрсетеді. Осылайша, о баста ата жұрт Мәуереннахрдан Еділ бойына қоныс аударған ноғайлар көп уақыт Алтын Орда билеушілеріне адал қызмет жасап, олардың орыстарды билеулеріне белсенді атсалысып, ақырында атамекен Жайық бойына оралды. Олардың бірлестіктерінде көшіп жүрген рулар мен тайпалар төре тұқымдарының таққа таласқан және нәтижесінде бір кездегі аса қуатты Жошы ұлысын ыдыратқан ылаңдарының салдарынан этникалық тұтастықты сақтай алмай, бөлшектену жолына түсті. Мұның өзі көп кешікпей-ақ ұлы держава аясында жаңа мемлекеттердің өмірге келулеріне жол ашты.

Алтын Орданың беклербегі  (бектердің бегі) Едіге. Ортағасырлар тарихында есімі халыққа кеңінен әйгілі болып, фольклорлық жырларда басты кейіпкерлердің біріне айналған тарихи тұлғалардың бірі Едіге. Ол туралы кезінде әйгілі шығыстанушы және түркітанушы академик А.Н.Самайлович былай деп жазған еді: «...От крымских степей до алтайских гор известны эпические произведения, касающиеся деятелей Золотой Орды, например, Едигея». Бұл мәселені нақтылай түсетін қазақстандық әйгілі ғалым Рахманқұл Бердібай осыған байланысты былай дейді: «Едіге туралы тарихи аңыз-әңгіме тек қазақ ғана емес, Сібірді, Орта Азияны, Еділ бойын, Солтүстік Кавказды, Қырым кеңістігін жайлаған исі түрік халықтарының көбіне мәлім болған. Жырдың Түркия, Румыния өңіріне тараған нұсқалары да көңіл аударарлық». Едігей, Ідага, Идике, Идигу, – деген аттармен әр түрлі тілдер диалектісінде бұрмаланып айтылып жүрген түркілер әлемінде мойындалған ірі тарихи қайраткер, батыр, қабырғасы қайыспас Ер Едіге түркі халықтары жабылып табынатын, каһармандығына, данышпандығына, кемеңгерлігіне олар бас иетін аңызға айналған ортақ тұлға. Алайда Едігені жырлаған әр халық бұл жырдың нұсқаларын бірде толық, бірде қысқаша, тіптен кейде жырдың үзіндісі түрінде айтады. Алғаш рет бұл жырдың жазба үзіндісі «Едиге и Тохтамыш» деген атпен 1820 жылы орыстардың «Сибирский вестник» атты журналында жарық көрді. Осыған ұқсас төрт түрлі жыр үзінділерін В.В. Радлов Қырым татарлары мен ноғайларынан жазып алды. 1895 жылы А.Белослюдов Едіге туралы жырдың қара сөзбен жазылған орыс тіліндегі нұсқасын жариялады. И.Н. Березин жариялаған тағы бір «Рассказ о Тохтамыше хане» деп аталатын жыр нұсқасында Едігеге арнайы тарау берілген. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында Едігеге арналған жырлардың әртүрлі жыраулар мен ақындардан жазып алынған үлгілері сақтаулы. Олардың біразы бірін- бірі қайталайды немесе толықтырады. Зерттеушілер, дегенмен де, Едігеге қатысты жырлар арасынан ең толық жырланатыны ноғай тіліндегі нұсқа болып табылатынын да анықтап отыр. Ол кезінде М.Осмонов дайындаған кітапқа енгізілген.

Бұлардың ішінен біз екінші, Ақ Орда әмірі болған Едігенің тағдырын әңгімелейін деп отырмыз.Мұндайда мынаны да ескерген жөн, қазақ зерттеушілеріне бүгінде бірнеше Едіге белгілі. Олардың алғашқысы Едіге Танашұлы ХІV ғасырда өмір сүрген батыр. Ол керей тайпасының ашамайлы керей руынан. Кезінде Әмір Темірдің жойқын жорықтарына қатысқан. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедияcынан мынадай жолдарды оқимыз: «...Сол шайқастардың бірінде Едіге ауыр жараланып, қасындағы серіктері Самарқанға жеткізбек болып әкеле жатқан жолда Ұлытау бөктерінде қайтыс болады».

Екінші Едіге біз жоғарыда атап кеткен маңғыт әулетінен шыққан, Ақ Орданың әмірі болған Едіге. «Ескендір анонимі» деп аталатын ортағасырлық еңбектің деректеріне қарағанда, Едігенің әкесі Ақ Орда әмірі Балтышақ Тоқтамыс ханның қолынан қаза тапқан.

Үшінші Едіге XVII ғасырдың ортасы XVIII ғасырдың басында өмір сүрген Тәуке хан ордасында билер кеңесінің беделді мүшесі болған Едіге би. Ол арғын тайпасының қаржас руынан шыққан және шешендігімен елге әйгілі болған. Бұлардан басқа Әмір Темірге туыс барлас Едіге тағы бар.

Бұлардың ішінен біз екінші, Ақ Орда әмірі болған Едігенің тағдырын әңгімелейін деп отырмыз.

«Ер Едіге» жырының қазір жалпыға мәлім қазақша үлгісінде батыр бейнесі жан-жақты да сан қырлы ашылады:

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен,

Ел шетіне жау келсе,

Мен шығайын дер екен.

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Өзінен бір жас үлкен болса.

Әзізім, сіз білесіз дер екен

Едіге деген ер екен

Елдің қамын жер екен.

Өзінен бір жас кіші болса,

Ботам, сен тұра тұр

Мен сөйлейін дер екен.

Тарихи деректер Едігенің тарихта болғанын, 1352-1419 жылдар аралығында өмір сүргенін, Ақ Орданың әмірі болғанын, кейінде 1396-1411 жылдары Темір Құтлық Алтын Орда тағында отырған кезінде оның Едіге ықпалында болғанын, ал Темір Құтлық өлген соң, Алтын Орда ханы тағына 1399 жылы Едігенің тікелей араласуымен Шәдібектің отырғанын, сондай-ақ Едігенің Ноғай ордасының да негізін қалағанын дәлелдейді.

Сандаған ғасырлар бойы халықтың жадында тек жағымды тұрғыда сақталған Ер Едігені кеңестік кезеңдегі орыс тарихшыларының «ақсақалдарының» бірі академик Б.Греков төмендегідей қаралауға күш салды: «мәселе мынада, тарихи өмір сүрген Едігеймен қатар тағы бір дәріптеуге бағытталган көпе-көрнеу феодалдық эпостың, ноғай эпосының батыры бар. Бұл бектік-феодалдық эпоста Едіге тұлғасына берілген мінездемені тарихқа, аңыздан тарихи шындыққа көшіру – бұл дегенің үлкен қателік, тарихты бұрмалау. Пантюркистердің мүддесіне ғана қызмет ететін ұлтшыл-шовинистік тарихнаманың кейде осындайға баратындары да бар».

Б.Греков пен А.Якубовскийдің Едігеге мұндай жаулық көзқарас ұстауы Коммунистік партияның сол жылдардағы саясатымен үндесіп жатыр. Оны біз алда айта жатамыз. Бұл басқа мәселе. Ал енді бүгінде академик Б.Греков пен А.Якубовский осылай айтқан екен деп еліміз, халқымыз тәуелсіздікке толық қол жеткізіп отырғанда бұрмаланған тарихымызды қалпына келтірмей отыра береміз бе? Түркі халықтарының ауыз әдебиетінде ерлігі дәріптелетін тарихи тұлға бүгінде неге біржақты қаралануы тиіс? Біз әрине тарихшы болғандықтан, Едіге туралы жырларға әр түрлі аңыз-әңгімелерге әдеби талдау жасаудан аулақпыз. Бірақ оларда тарихи шындық көрініс берсе, оны айналып кету қиянат болар еді.

Дегенмен де, Едігенің өзі кім, қай халықтан, қандай рудан шыққан? – деген мәселеде тарихшылар арасында әлі де қалыптасқан ортақ пікір жоқ. Мұның себебі көне деректердің Едігенің шығу тегін әр түрлі таратуларынан дер едік. Белгілі ғалымдар Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев жарыққа шығарған XVII ғасырдың алғашқы жылдарының ескерткіші Қадырғали би Қосымұлының жылнамалар жинағында Едіге би дастаны баяндалып, онда Едігенің түп атасы араб жерінен таратылады. Қысқаша айтсақ, ол төмендегідей:               Мұхамбет пайғамбардың ең бірінші төрт халифтерінің бірі Абу-Бакирден-Шамда патша болған. Махмуд аталығ – оның ұлы сұлтан Катиб аталығ - оның ұлы сұлтан һармаз (Мысыр патшасы) – сұлтан Халид (Сарсар патшасы) – сұлтан Уәлид – сұлтан Мулуд – Әбу Алфеис (Антакияда (Анатолияда) патша болған) – сұлтан Салим – сұлтан Садық - сұлтан Абулхақ (Мадайинде (Мединада) патша болған) Жалаладдин (Кастинатин (Константинопольда) патша болған – Баба Туклас (Қаббада патша болған) – Терме аталығ – Каричи аталығ – Ислам Қия – Қадыр Қия – Құтлу Қия – Едіге би.

Бұл шежіре бойынша Едігенің, арғы ата-бабалары Терме аталығтан бастап Еділ-Жайық бойын мекен еткен және сонда дүниеден өткен. Тек Едігенің өзінің әкесі Құтлу - Қия ғана Қаратау өңіріндегі Құмкент қаласында дүниеден қайтқан. Қадырғали би дастандағы шежірені осылай баяндайды. Біздің ойымызша Едігенің түп атасын пайғамбар халифынан, араб дүниесінен тарату Едігені құдіретті етіп көрсету үшін қолдан әдейі жасалған. Мұндай пиғыл академик Қ.Сәтпаев ел аузынан 1927 жылы жазып алып, өзі алғы сөзін жазып Мәскеуде жариялаған «Ер Едіге» жырында да, Шоқан Уәлиханов және т.б. жинаған деректерде де байқалады. Оларда Едігені Бабай Түкті Шашты Әзіз диуанаға тұрмысқа шыққан перінің қызының баласы ретінде бейнелейді. Ал тарихшы Ибрагим Хальфин болса, Бабай Түкті Шашты Әзіз бір кездерде араб жерінде Меккеде патша болған деген пікірді айтады. Әубәкір Диваев жариялаған «Мырза Едіге батыр» эпосында Бабай Түкті Шашты Әзіз айтылмаса да Едіге бәрібір перінің қызынан туады.

«Ер Едіге» жырының сан ғасырлық ұзақ тарихы бар ауыз әдебиетінің әр түрлі өңдеулері мен толықтыруларынан өткенін ескерер болсақ, оларда әр түрлі жаңаша қияли деректердің кездесуі әбден заңды деп ойлаймыз.

Бірақ, бір нәрсенің басы ашық – Едіге бір кездері түркі халықтарының отаны, алтын бесігі  болған, қазіргі қазақ жерінің Қаратау өңірінен шыққан ірі тарихи тұлға. Едігенің данышпандығы мен ержүректігін де барлық тарихшылар бірауыздан мойындайды. Бірақ, кейбір Ресей тарихшылары оны ноғайдың маңғыт әулетінен шыққан десе, академик Қ.Сәтпаев және жекелеген шығыс тарихшылары оны түріктің қоңырат руынан шыққан қайраткер деп керсетеді. Оның маңғыт екенін мойындай отырып, бірақ ноғайлығына күмән келтіретіндер де бар. Мысалы, Л.Н.Гумилев өзінің «Древняя Русь и Великая степь» атты көлемді еңбегінде: «Шығу тегі жағынан Едіге маңғыт еді, бірақ оның тірегі Еділ мен Жайықтың төменгі ағыстары аралықтарында көшіп жүрген түрік тайпалары – ноғайлар болды», – дегенді айтады.

Бұлардың қайсысы дұрыс дегенге болашақта терең талдау жасап, жауап беру тарихшылардың алдында тұрған міндеттердің бірі екені күмәнсіз. Бірақ, қазірдің өзінде осы пікірлердің бәрін ортақ арнаға біріктіруге негіз болар мәліметтер де баршылық. Мысалы, ноғайдың өз ішінде ақ маңғыт атты ел бар, сонымен қатар, кезінде Батый әскерінің құрамында Дешті Қыпшаққа келіп, жергілікті түркі тайпаларының құрамына сіңісіп кеткен маңғыттардың кейіннен қоңыраттармен бірге Әбілқайыр хан мемлекеті құрамындағы ең ірі тайпалардың бірі болғанын және Ноғай ордасының осы маңғыттар мен ноғайлардың ортақ мемлекеттері болғанын тарихтан білеміз. Сондай-ақ, қазақтың Орта жүзіндегі Қоңырат тайпасының Жаманбайынан таралған ноғай деген рудың бар екені және белгілі. Академик В.В. Бартольдты тыңдасақ, бұл мәселе ғылыми тұрғыдан айқындала түседі. Ол былай деп жазған еді: «По Зафарнаме, мангыты были племенем (уймак) в Золотой Орде, из которого происходил знаменитый эмир Идегу (Едигей русских источников), современник и противник Тимура и Токтамыша. Тот народ, который русские источники называют ногайцами, у Абулгази (Родословная тюркок, изд. Демезона...) и в других восточных источниках того же времени всегда именуется мангытами. В настоящее время как названия народа употребляется только слово ногай; сведения по которым род мангытов составляет около 90% этого народа (Тынышпаев, Материалы, стр. 28) нуждаются в более тщательной проверке; как названия рода слова мангыт, как сообщают, встречается еще и у якутов. В Бахр ал-асрар Махмуда б. Вели (л. 35а) племя (улус) мангытов и племя (иль) кунгратов упомянуты как два найболее важных племени узбеков». Яғни, орталарынан Едіге тәрізді ірі тарихи тұлғаны шығарған маңғыт деген халықтың ноғайларға жақын, тіптен онымен туыстас бір халық екені рас.

Бұлардан шығар қорытынды, Ер Едіге этно-әлеуметтік тұрғыдан туысқан халықтар – қазаққа, ноғайға, қарақалпаққа, татарға және т.б. түріктерге ортақ батыр. Тарих сахнасына мұндай ірі тұлғаны шығарғанымызға біздер түркі халықтары мақтанатын жөніміз бар.        

Коммунистік тоталитарлық, әміршіл-әкімшіл жүйеде зерттеушілер түркітілдес халықтардың өкілі Ер Едігенің тарихтағы орнын өз деңгейінде көрсете алмады. Саяси-идеологиялық тұрғыдан оған мүмкіншілік те берілмеді. Өйткені, 1944 жылы Татар облыстық партия комитетінің жұмысы туралы арнайы қаулы қабылдаған БК(б)П Орталық Комитеті «Ер Едіге» жырын соғысты, тонауды және қантөгіс озбырлықты дәріптейтін зиянды мұра ретінде ресми түрде айыптады. Енді жырды жырлауға, жариялауға тыйым салынып қана қоймай, оны кезінде ел аузынан жазып алып, жарыққа шығарғандар да аяусыз қуғындалды. Мысалы, академик Қ.И.Сәтпаев 50-ші жылдардың басында ғылымдағы лысенковшылдықтың құрбандығы болған кезде, оның сонау 1927 жылы «Ер Едіге» жырына алғысөз жазып, Мәскеуде жариялағаны қайта-қайта еске түсіріліп, қуғын-сүргін өрши түсті. Енді фольклортанушы ғалымдар өздерінің зерттеулерінде Едігеге байланысты пікір айтудан қашатын болды.

Ер Едігеге байланысты қуғындалғандар арасында басқа да қазақ фольклорымен айналысатын айтулы ғалымдар болды. Алтын Орда хандарын жырлайтын ноғайлы циклдарына жататын эпостарға неліктен тыйым салып отырғанын Коммунистік партия шынайы түрде, жан-жақты түсіндіре қойған жоқ. Басты себеп, ақиқатына келсек, мынада еді: «Ер Едіге», «Қарасай-Қазы», «Ер Көкше», «Ер Сайын» тәрізді ноғайлы жырлары деп аталатын жырлардың кейіпкерлері кезінде орыс жерлерін жаулап алу ұрыстарында даңққа бөленген ерлер еді. Дегенмен де, бұл тұлғалар халықтарды өзара жауластыру саясатын ешқашан да ұстанған жоқ. Кезінде осындай ерлердің арқасында шығыс түркілері славяндарға бас имей, құл болмай, өз тәуелсіздіктерін сақтап, тұтас, ен аймақтарды еркін жайлап, көшіп-қонып жүрді. Алайда туған халқына қадірлі мұндай батырлар әміршіл-әкімшіл кеңестік жүйеде Кеңестер Одағында әлеуметтік статусы «аға», тіптен «ұлы» халық дәрежесіне көтерілген орыстарға қарсы күресті баяндайтын шығармаларды насихаттауға  саяси тұрғыдан рұқсат етілмейтін еді. Сондықтан да, аталған түркі халықтарының қайраткерлері мен батырлары ғасырлар бойы фольклорлық жырлар мен дастандарда ұнамды бейнелер болса да жаңа кеңестік коммунистік саясиландырылған тарихтан тыс, елеусіз қалулары тиіс болды.

Ортағасырлық жазба деректер Едіге туралы мәліметтерді 1376 жылдан бастап қана береді. Олардан аңғаратынымыз, осы кезеңге дейін Едіге Алтын Орданың солтүстік қанатының, яғни, қазіргі қазақ жерінің ханы Ұрыс ханның сарайында болып, соған қызмет жасаған. Жоғарыда көрсетілген жылы ол Ұрыс ханға қарсы күресте Әмір Темірден көмек сұрап келіп жатқан Тоқтамысқа келіп, соның жағына шығады. Тегінде Едігені Әмір Темірге Тоқтамыс таныстырған. Бірақ, ортағасырлық деректер Едігенің Ұрыс ханмен неліктен жанжалдасқанын түсіндіре қоймайды. Алайда Едіге Тоқтамыспен де соңына дейін бірге болмады. Ол Алтын Орда билеушісі Тоқтамысты тастап, Мәуереннахрдағы Әмір Темірге келді.

Низам-ад-дин Шами бұл туралы былай жазады: «Бұл кезде Темір Бұхарада еді. Қашып келген Едіге (Идигу-мангут) Ұрыс ханның әскерлерін жинап, Тоқтамыстың ізімен келе жатқанын мәлімдеді». Осы үзіндіден көріп отырмыз, Едіге Әмір Темірге келейін деп келмеген. Өміріне қауіп төнгендіктен Низам-ад-дин Шами айтқандай амалсыз «қашып келген».

Зерттеушілер Тоқтамыстың Ягайлоға жазған хатына сүйеніп Едігенің Темірге кеткен жылын 1389 ж. деп көрсетеді. Натанзидің әйгілі «Ескендір анонимі» атты шығармасында көрсетілгендей Едігенің Әмір Темірге келуінің басты себебі оның әкесі Ақ Орда әмірі Балтышақтың Тоқтамыс ханның қолынан қаза табуына байланысты екендігін байқаймыз. Натанзидің «Ескендір анонимінде» Едігенің әкесін Тоқтамыстың өлтіруі былай баяндалады: 785 (1383-1384) жылы Тоқтамыс Әмір Темірдің қолдауымен Ақ Орда ханы Темірбекке қарсы жорыққа аттанады. Осы ұрыста Темірбек тек оның басты әмірі Балтышақ та тұтқынға түседі. Алғашқысы – Темірбек хан бірден өлтірілді де, ал Балтышақтың қол-аяғын байлап, оны Тоқтамыстың сарайына алып келеді. Мұнан ары әңгіме былай өрбиді: «Ол (Балтышақ – Т.О.) адалдығымен және берілгендігімен даңққа бөленгендіктен, оған Тоқтамыс былай деді: «Егер сен мені өзіңнің билеушің» ретінде мойындар болсаң, мен саған құрмет көрсетуден және сені сыйлаудан ешқашан ауытқымаймын және патшалық пен дүние-мүлік тізімін сенің қамқор қолыңа беремін». Ызаланған Балтышақ былай деді: «Егер менің қолдарым байлаулы болмаса мен саған жауап берер едім. Сені менің билеушімнің орнынан көрген көздер соқыр болып қалсын. Егер сенің қолыңда билік бар болса мынандай бұйрық бер: мені де өлтірсін, билеушімнің басын менің басымның үстіне, ал оның денесін менің денемнің үстіне қоятын болсын. Егер мен одан бұрын өлмеген болсам, онда одан бұрын оның тәнінің қалдығына адалдығымды көрсету үшін болар». Тоқтамыс оның өтінішін қанағаттандырды».

XVI ғасырда өмір сүрген Әбумұхаммед Хусайн мұнан кейінгі Едіге тағдырын былай түсіндіреді: «Шығу тегі өзбек, ноғай руларының басшысы, сол қанат бастықтарының және министрлерінің басшыларының бірі болып табылатын және Тоқтамыш мемлекетін басқару ісінде қабілетті кеңесші Едіге 792 (1390 ж.) жылы оның тарапынан қауіпті сезіп қашып шықты және Темірге келді, оның алдындағы жерді сүйді және оны өзінің жағдайынан хабардар етті». Халықтық ауыз әдебиетінде Едіге Тоқтамыс ханнан ол той тойлап жатқанда жасырын қашып шығады.  Бұл мәселенің ауыз әдебиетінде аңызға айналған дерек екендігін айта келе, академик В.В.Бартольд былай деп жазады: «...Так же быстро возникали легенды в среднеазиатских степях и впоследствии, что иногда вводило в заблуждение европейских исследователей. Эпический рассказ о бегстве Едигея с пира Тохтамыша к Тимуру в 1391 г. находится уже у младшего современика Едигея, Ибн Арабшаха, вследствие чего покойный П.М. Мелиоранский пологал, что сказание передает действительное происществие; между тем, по более достоверному источнику, по ярлыку Тохтамыша от 1393 г., Едигей был только посланцем мятежных царевичей и вельмож». Бәлкім, шынында, да Едіге Тоқтамыстан қашқан бетте әмір Темірге бара қоймай, біраз қалыптасқан жағдайды таразылап, соңғысына бару туралы шешімге біртіндеп келген болар. Дегенмен де бір нәрсе анық: Едіге Тоқтамыстан кеткен соң, Әмір Темірді қолдай бастаған.

Жоғарыда айтылған Әбумұхаммед Хусайнның әңгімесін жалғастырсақ, ол, Едігенің әр түрлі кулық-сұмдықты пайдаланып, ақырында Әмір Темірді Тоқтамысқа қарсы жорыққа шығуға көндіргенін айтады. Алайда Әмір Темір Едігенің ақылын және үгітін тыңдағандықтан ғана Тоқтамысқа қарсы жорық жасады десек біржақты пікір айтқан болар едік. Өйткені, Тоқтамыстың 1387 жылдың күз айларында Әмір Темірдің оңтүстіктегі Хузистан әміршісі Шах Мансұрға қарсы соғыстан қолы тимей жатқанын біліп, Жетісу мен Хорезмнің аралығындағы Амударияға дейінгі жерлерді басып алып, тонап, қайтып кеткені белгілі. Мұнан соң Тоқтамыс Әзірбайжандағы Темір иеліктеріне шекаралас өңірге басып кірді.

Деректер Тоқтамыстың осындай әрекеттерінің 1391 ж. қаңтарында Әмір Темірді  оған қарсы жорыққа аттануға итермелегенін дәлелдейді.

1391 ж. Әмір Темір Тоқтамыс әскерлерін Еділ өзенінің саласы Қондыршы бойында талқандағанда, Едіге бұл шайқасқа Әмір Темір жағында қатысқан. Әмір Темір Дешті Қыпшақ жері арқылы кейін қарай қайтқан кезде Едіге сол қанаттағы өзінің руластары мен тайпаластарына жаушы аттандырып, оларды Әмір Темір әскерлері басып өтетін қауіпті аймақтардан аулақ, алыс кетуге және жылдамдата көшу барысында бір жерде екі күннен артық кідірмеуге үгіттейді. Әмір Темір әскерлерінің тонауынан Едіге өзінің елін осылайша сақтап қалады.

Сонымен қатар, Едіге Әмір Темірдің қалың әскері жорықтан қайтар жолда оның туған өлкесіне жақындаған кезде өзі де ебін тауып, қаһарлы билеушіні ренжітпей, оның қоластынан босанып шығу жағын қарастырады. Шараф ад-Дин Йаздидің айтуынша, мұнан ары оқиға былай өрбіген. Едіге Әмір Темірге келіп, оның тағының алдында тізерлеп отырып: «оның адал қызметшісі ретінде, өзінің ордасын жинап, оларды осында алып келгісі» келетіндігін мәлімдеген және осыған байланысты Әмір Темірдің рұхсат етуін өтінген.

Күллі Жошы ұлысы өзінің уысында екендігін сезінген құдіретті Әмір Темір бұл өтінішті қанағаттандырып, Едігенің қолына өзінің жарлығын ұстатып, оның өзін босатып, еркіне қоя береді. Әмір Темірдің бұл жарлығында Едігеге, «оның баспанасына және оның адамдарына тиісуге және сондай-ақ олардан салықтар жинауға дүниеде ешкімнің де қақылары жоқ» екендігі атап көрсетілді. Мұның өзі Едігенің Әмір Темірдің жол бастаушысы және кеңесшісі ретінде үлкен сенімге және зор беделге ие болғандығын дәлелдей түседі. Тарихшылар арасында Едігенің Әмір Темірден кетуін сатқындық ретінде бағалауға қарсылар бар. Мұны тарихшы В.В.Трепавлов та атап көрсетеді. Едігенің және оның әріптесі Темір Құтлықтың Әмір Темірдің рұқсатын алып, одан аттанып кетулерін және оған қайтып оралмауларын Әмір Темірдің қателігі ретінде көрсетуге бейім тарихшылар да бар. Мысалы, Л.Н.Гумилев осы оқиға Тоқтамысқа қарсы «жорықтың табыстарын жоққа шығарды» деген асығыс қорытындыға келеді.

Шын мәнісінде Едігені мұндай әрекетке мәжбүрлеген оның өзінің туған еліне, туған өлкесіне деген ыстық ықыласы еді деп айтуға негіз бар деп ойлаймыз. Әмір Темірдің жойқын жорықтары руластарын жаныштап, жоқ ететіндігін Едіге жақсы түсінді және сондықтан да оның алдын алуға күш салды. ХV-ХVІ ғасырларда болашақ ноғайлардың Жайық және Ембі өзендері аралықтарын мекендеуін тарихшылар Едігенің өзінің елін Әмір Темірдің ауыр жорықтарынан сақтаудан туған әрекеті деп орынды бағалайды деген ойдамыз. Шындығында да, 1391 ж. Тоқтамысқа қарсы жойқын соққыдан соң, бұл өлкеге қаһарлы әміршінің қайта аяқ басуы да екіталай еді. Бұл мәселеде алысты болжайтын көреген Едіге қателесе қойған жоқ. Әмір Темір өзі тонап кеткен өлкеге жаулары қайта бас көтермесе, екінші рет жер қайысқан қалың әскермен аяқ баса бермейтін еді.

Алайда бұл мәселеде тарихшылар кейде дәлелсіз болжамдарға ұрынып жүр. Мысалы В.В.Трепавлов былай деп жазады: «Едігенің сақтығы түсінікті: ол әміршіні алдағаны үшін жазалаушы жорықтан сақтанды». Осы жолдарды жазған В.В.Трепавлов өзінің еңбегінің дәл осы бетінде Едігенің Әмір Темірден кетуін «сатқындық ретінде біржақты қабылдауға болмайтынын», мұнда «қандай да бір болмасын себепті жағдайдың орын алуы мүмкін екенін» де атап көрсеткен еді. Яғни, зерттеуші өзін-өзі теріске шығарып отыр.

(Басы №9 санда. Жалғасы бар)

 

842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *