• Тарих толқынында
  • 04 Ақпан, 2021

Сақталып қалған сурет сыры

Қайыржан ХАСАНОВ, 
өлкетанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі

Кешегі зұлмат жылдар қазақтың талай отбасыларына аса ауыр зардаптарын тигізді. Талай жақсы-жайсаңдарымыз нақақтан нақақ айдалып, атылды, із-түзсіз жоғалды. Төменде біз  репрессия жылдары осындай жазықсыз құрбан болған ұстаз Төлеген Иманғазиевтің тағдырына қатысты бір үзік сырды бүгінде арамызда жоқ белгілі өлкетанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі  Қайыржан Хасанұлының жазбасы арқылы ұсынып отырмыз. 

1938 жылы ақпан айының 2 күні НКВД қызметкерлері айдап кеткен күні түнде Жанот бәйбішесі жұбайы Төлеген Иманғазиевтің 3х4 мөлшерлі суретін куәлігінен ешкімге білдірмей, кебісінің ұлтарағының астына жасыра салған. Куәлікті көп қағазбен бірге өртеп жіберген. Төлеген ақталған 1961 жылға дейін жалғыз суретті жоғалтпай, бүлдірмей сақтап келген. Енді осы оқиғаның қысқаша тарихын баян етейін.

Жамал қайтқаннан кейін Төлеген атамыз Жанот Болғанбайқызына үйленіпті. Ол – 1881 жылғы. Әкесі Болғанбай - өтеулілер жерінде мал бағып отырып, олардың арасына сіңіп кеткен Атыраулық шеркеш екен. Жаноттың Баймұхан деген ағасы болыпты. Төлегеннің балалары Жанот әжеміздің аналық қамқорлығына бөленіпті.

«Құспан – бет-әлпеті қара торы, орта бойлы жігіт болатын. Мінезге өте бай, еш уақытта кейіп, ренжуді білмейтін. Оқыған кітаптарын әңгімелейтін. Құспанның мінезі Хасаннан бөлек. Өзіме ұнамды бала. 1942 жылы Құспан Мүгілсінге үйленді. Мүгілсін – өте әдемі, аққұба келіншек болды», – деп Жанот әжеміз айтып отырады екен.

Сәуледе тұрғанда жыршы Қалма­ғамбет Жамболов құсқа шыққанда әңгімесін тыңдау үшін Төлегенді өзімен бірге алып кетеді екен. Жабылған қазан осылай жабулы күйінде қанша уақыт жата беріп, құпия папкаларға кісі қолы тимес еді. Республикамыз егемендік алып, Президентіміз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болғандарды ақтау жөнінде Жарлық алғаннан кейін Батыс Қазақстан облысы бойынша ақталғандардың тізімі 1989 жылы қараша айында облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің беттерінде жарияланды.  «Приуралье» газетінің 1991 жылғы сәуір айының бейсенбі, 26 күнгі №81(20283) санында жарияланған ақталған адамдардың ішінен «Имангазиев Тулеген - 1874. учитель Джаксыбайской НСШ, Каратобинского района» деген жолдарды оқығанда баласы Хасан қатты қуанғаны сондай, ертеңіне-ақ Оралдағы құзырлы мекемеге өтініш жазады. Одан балалары Хасанға, Әсетке, Қалиға Төлеген Иманғазиевтің 1961 жылы қыркүйек айының 21 күні ақталғаны туралы жеке-жеке анықтама қағаз келген.

Төлеген ұсталып кеткеннен ке­йін, Жанот кемпірі мен балалары үндеместер егер үйді тінтсе отбасына бір «пәлесі» тиер деп қорқып, түнімен отырып, Төлегеннің сандығындағы мөр мен штампы соғылған көптеген қағаздарды, алтын жалатқан ілгегі бар формалы кителін отқа жағыпты.

Тек иығында алтын зерлі погоны бар 3х4 мөлшерлі суретті өртемей, кебісінің ұлтарағының астына тығып, 1938 жылдың екінші ақпанынан Төлеген шалы біржола ақталған 1961 жылдың қыркүйек айына дейін бүлдірмей, ешкімге білдірмей сақтап келіпті

Жұбайы Төлеген Иманғазиев (осы беттегі суретте) ақтал­ғаннан кейін Жанот әжеміз өзін бағып-күтіп отырған баласы Әсетке бір оңашада кішкентай суретті көрсетіпті. «Мынау  Төлеген әкеңнің суреті. Есіңде ме, ол ұсталған жылы түнде Төлегеннің қағаздарын өртегеніміз. Сол кезде билеті ме кім білсін, документке жапсырылған мына кішкентай суретті жұлып алып, бәленбай жылдан бері біреуіңе көрсетпей жасырып, жоғалтпай сақтап жүрмін. Қазір әкең жоқ. Сүйегінің қайда жатқаны бір Аллаға аян. Мына суретті саған бердім  Әкеңнің өзіндей, көзіндей көр, жоғалтпа!» депті.

Аққозы совхозының №2 фермасына Мәскеуден келген орыс фототілшісі «үлкейтетін суреттер болса алып кетіп, үлкейтіп беретінін» үй жағалап айтыпты. Осы ауылдағы бастауыш мектептің мұғалімі Әсет ағамыз анасы берген әкесінің кішкентай суретін беріпті. Төлегеннің кішкентай суреті мен Әсеттің мекен-жайын алған фотограф кетіп қалыпты. Содан не сурет жоқ, не өзінен хабар жоқ әлгі фотоға түсіруші мүлде хабарсыз кетіпті. Неше жыл өтсе де, шалының жалғыз суретін бүлдірмей, жоғалтпай сақтаған ана­сының ең­бегі босқа кетті-ау деп іш­тей өкініп жүргенде, бірер жыл­дан соң бая­ғы орыс фо­­тог­раф ауыл­ға келіп, Әсет­ті іздеп тауыпты. «Осы кезге дейін қайда жүрсің?» деп сұрағанда ол қалаға барғасын әртүрлі айыптармен екі жылға сотталып кеткенін, мерзімін өтеп шыққаннан кейін үйінде сақ­талған мекенжай бойынша Төлегеннің үлкейтілген үш суретін алып, Әсеттің ауылына оны іздеп келген бойы екендігін айтыпты. Сол үлкейтілген үш суретті Аққозыдағы Қалидың, Егіндікөлдегі Хасанның үйіне таратып беріп, біреуін Әсет ағаның өзі алып қалыпты. Біздің үйінің төріне ілінген Төлеген атамыздың мына суретінің тарихы осындай екен. Егер кемпірі Жанот сол зобалаң жылы кішкентай суретті көп қағазбен бірге өртеп жібермей, кебісінің галошының ұлтарағының астына тығып ұстамаса, абақтыда атылып кеткен бұл кісінің бейнесі сақталып қалмас та еді.

Аққозы совхозының №2 ферма­сындағы мектепте Төлегенов Әсет­тің қолында шілде айының 5 күні қайтты. Оның зиратының ба­сы­на саз балшықтан қорған соғылып, 2 фермадағы құлпытас құюдың маманы тәріске Бәкесов Төлеу құйған құлпытас та қабір қор­ғаны қабырғасы құласа да әлі тұр. 2013 жылы қыркүйек айының 9 күні Жанот әжеміздің басына зиярат ете барғанымызда, Нұржан балам зиратты суретке түсірді. Құлпытасында «Ысық Қадырқұл тайпасы Жәдікбай бөлімі Иманғазы келіні Болғанбайқызы Жанот 1881 жылы туған 1963 жылы 5 июльде қайтты. Балалары Хасан, Әсет, Қали. Құйған Төлеу» деп жазылған екен.

607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №3

16 Наурыз, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы