• Тарих толқынында
  • 16 Ақпан, 2021

СОҢҒЫ ЖҰТ

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,
гуманитарлық ғылым магистрі

«Тың игеру жылдары жер құнары азып,

атамекен тозды. Кербез сұлу Көкшетаудағы сексен көлдің сәні кетіп,

 Сарыарқаның шалғыны жойылып,

жайлауы жүдеді»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

«Егемен Қазақстан», 4 желтоқсан, 1992 ж.

Тұран даланы тұрақты мекен ет­кен халықтың қалыпты қағидалары қаншалықты өмір салтына сіңіп кетсе, соншалықты қастер тұтатын танымына да таңбаланып тұратын. Тағдырында қасіретті қасықтап емес, қапшықтап арқалаған жұрттың еңсесі ертелі-кеш алаңдаулы тұратыны жасырын емес. Талай нәубет пен қиян-кескі майданда боздақ пен батырды оққа байлап, жесір мен жетімнің зарын заманаларға жасырып, қанша қара шаңырақты кәрі иесінен кәміл айырған зобалаңдар ұлтты ұсқынынан ұстараға түскен ұлықтың мұртындай ұшырып та жіберді. Ондай олқы процестердің басы мен соңын жіктеп жату мүмкін емес. Жер жүзі жаралғалы небір нәубетті бастан кешкен жұрттар жойылып кетсе, қайсыбірі жұтылып тынды. Солардың арасында аумалы-төкпелі тағдыр мен жұтқа жиі ұшыраған жұрт – қазақ. Бірақ, Тәңірдің жалғыз тоқтысындай маңдайы жарқырап «аман күннің бәрі жақсы» деп отыратын баяу сабырын сапырып, осы күнге жетті.

Тарихтағы жалғыз ата жау қылып қақсай беретін жоңғар мен қалмақтан бастап, табиғи апаттары бар, ақ патшаның қанқұйлы құрығы бар, Қоқан мен Хиуаның адамдықтан алыс қанаушылығы, ақ пен қызылдың елді еңіреткен ылаңы, қолдан жасалған аштықтар, алым-салықпен дала жұртына қас заңдарға қарсы атқа қонған көтерілістер, талай отты қаруға тас ғасырының қорғанысымен жалаң шабулар, қыршын кеткен әр үйдің жалғызы, ұжымдастыру озбырлығы, аша тұяқ пен тақ тұяқтың тып-типыл тақыры, ұлт «хауастарын» жаппай жою, соғыс бейнеті мен қаны, қара қағаздың зары ұлан-ғайыр аумақтың санасын есеңгіретіп, барын жоқ қылып, төбесін от қылып ойрандап-ақ кетті.

Бұндай жұтты Америкадағы үндіс­тердің өзі бастан өткермеген болуы мүмкін. Әдетте дала қазағы табиғи жұттардан қанша жұтаса да, мыңғырған малының есебі жоқ байлардың бір қыстан таяғына сүйеніп қалғанын өсиеттерде айтып-ақ отырады, дүниенің баянсыздығы мен жалғандығын бір адамдай, тіпті жарты әлемдей таныммен тұтастыққа толғана біліп, ой толтырған ұлт. Бұл табиғи апат, Құдайлық іс деп қарап, сабырмен еңбегінің арқасында қайта түлеп, бақ қонады деп байыппен тығырығынан шыға білген. Ал, аталмыш айтып кеткен жұттардың барлығы адамзат қолымен жүзеге асып, бір ұлттың басына қауіптің де, қайғының да қара бұлтын үйірген техногенді жұттар. Осы жұттардың ішінде қазаққа келген ең үлкен бір орны толмас соңғы келген орасан апат, жалмауыз жұт – Тың игеру еді. Соның зардабын Ұлы Даланың дарқан жұрты әлі тартып келеді.

Тың игеру Қазақстанның Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан,Торғай, Ақтөбе өңірлерінде қауырт жүргізілді. Сол жылдары болып өткен оқиғаларды үлкендерден естіп өстік. Талай сорақылықтар мен ар-ұятты, адамдық межені, әлеуметтік әдепті, бұрын-соңды қазақы қоғамға мүлде бейтаныс қылықты, ала жіптен аттаудың адам айтып көрмеген амалдарын байқағандарын, елдің іші ылаң мен алаңға, қорқыныш пен үрейге толып кеткен құбылыстарды естелік етіп, оқиға орындары мен сабақ болар желісін баяндап отыратын. Топ-тобымен келген бас бұзар топтардан талай қазақтың зардап шеккенін, жоғары сыныптарда білім алатын бойжеткен қыздарын мектепке ата-аналары алып барып, алып қайтатын аса үрейлі сақтықтарын, бұрынғы бей-жай тіршіліктің күрт өзгеріп, қоғамдық резонансқа алып келген жайттарды әжелеріміз айтқан әңгімелерден елестетіп отыратынбыз. Расында сол кезеңдердегі тарихи деректерге сүйенсек, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1953 жылғы 27 наурыздағы Жарлығымен рақымшылық жарияланған. Бұл КСРО тарихындағы босатылғандар саны бойынша ең үлкен болды. Рақымшылық бойынша 1 201738 адам босатылды, басқа деректер бойынша  1349263 адам. 1954 жылы өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Тың және тыңайған жерлерді» игеру жайлы шешім қабылдады. Қазақстандағы 6,3 млн гектар тың жерді игеру мақсаты қойылды. Сөйтіп, аталмыш түрмелерден босап шыққан көбісі басбұзар топ жаппай тың өлкелеріне аттанып, жер-жерде құрылған бригадаларға қосылады. Ал сол кезеңдерде қазақ жеріне бір жарым миллион адамның тың игереміз деп желпініп келгенін сандар сайрап айтып тұр. Үлкендерімізден естіген жайттардың шындығын осы деректер арқылы рас екеніне көз жеткізіп, сол естеліктеріне сенбеске амал да қалмайды.

Сол лек-легімен құйылған жұмыс күші желеуімен сайын далаға босқан тың игерушілер санының есебімен қазақ жеріндегі қазақтардың жалпы халықтық үлес салмағы 1960 жылға дейін 30%-ға жетер-жетпес межеде қалды. Бұл ауыл шаруашылығы қажеттілігімен ғана емес, «Американы астық өндіруде қуып жету» ұраны ғана емес, идеологиялық астарға ие, саяси жобалардың, экспансиялардың бірі деп тануға негіз көп. Соғыстан жұтаған ел, тұрмыс тіршілігі сын көтермес жағдай, бары мен нарын майдан даласына сығып берген қазаққа сырттан көп мөлшерде мүлде бұрын-соңды бейтаныс әлеуметтік топтар мен рухани, тілдік, мәдени салмақты әкелу үлкен соққы болды. Соққы болғанда да есеңгіреп қана қоймай, естен тандырар орақпен отап, балғамен мыжып жіберер күрзі күштің батқан тұсы аса ауқымды еді. Бұл процестің өзі бір жұт деп тануға тұрарлық, қолдан жасалған ұлттық сана мен кодқа, руханият пен мәдени мәнге, тілдік атмосфераға бағытталған жоспарлы шабуыл. Соның зардабын бүгінгі қоғам әлі тартып, тың игеру әкелген ділдік дерттің диагнозын ешкім тап басып айта алмай, рухани рэкеттік шабуылға ұшыраған қайран елдің шипасына дәруін дарытар дәрігердің диагностикасына зәру амалдарға тіреді.

Бұл орны толмас зардаптар туралы қазақ жазушылары да өз романдарына арқау етіп, өз замандарында қалам тербеді. Жазушы Сәкен Жүнісов 2003 жылы қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Шынның жүзі» бағдарламасына берген сұқбатында өзі туған өлкеге жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломын қолына алғасын өзі оқыған «Кішкенекөл» мектебіне мұғалім болып барғанын, ол жылдары тың игерудің келіп жатқан кезі еді деп естелік әңгіме айтып еді. Міне, сол Сәкен Жүнісовтың тың игерудің қазақ қоғамына қандай тұрмыстық, отбасылық, әлеуметтік өзгерістер әкелгені жайында шындықты шыңғыртып тұрып жазып кеткен романы –  «Жапандағы жалғыз үй». Бұл шығармасында жазушы тың игеруге келген басбұзар адамдардың жасаған қылмыстары мен қазақ қоғамына жат, тіпті мүлде болмаған іс-әрекеттерді өздерімен қоса ала келіп, жергілікті ортаға сіңіріп жіберген оқиғаларын айшықтап жазады. Сыра ашытқан әйелдің қазақ жігіттерін алғаш сырамен ауыздандырғанын, кейін өзі тұратын пәтердің бір бөлмесінің терезесінен бір саптыаяқ сыра үшін қалың қазақ жігіттерінің ұзын-сонар кезекке тиын-тебендерін қалталарынан қағып тұрған бейнелерін айна-қатесіз, бүкпесіз сюжеттермен баяндаған. Сол өзге жерден қоныстанған әйелдердің отыз жыл отасқан қазақ отбасыларының ортасына түсіп, шаңырақтарын ойрандаған оқиғалар да осы романның желісінде көрініс тауып тұр. Жазушы Сәкен Жүнісов бұл оқиғалардың барлығын өзге ғаламшардан немесе сонау Еуропадан алып тұрмағаны анық. Аталмыш сұқбатында өзі айтып тұрғандай, жұмысқа алғаш орналасып, еңбек жолын бастаған тұсы дәл тың игеру кезеңіне, оның үстіне Көкшетау мен Ақмола өңірлерінде қарқынды жүргізілген ошақтарында жүзеге асады.

Бұдан бөлек, «Тың игерудің 20 жылдығына» деп арнайы бағыштаған жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көлең­кеңмен қорғай жүр» романы осы тың игеру жылдарына арналған туынды. «Осы атамекен жерін қорғап бұл қазақ елі қандай жауларымен шайқаспаған! Қанша қанын төккен! Өйткені, бұл оның жері. Ата-бабасының жері! Әлі есімде... Есіл жағасындағы бабасының жеке тұрған мазарын біз бульдозермен қиратып жатқанда, жас баладай, әжім басқан кәрі бетін ыстық жасымен айғыз-айғыз етіп жылаған қазақ шалын мен өз көзіммен көрдім. Ол шалдың дәл осы арадан көпір салынатынында не шаруасы бар? Сенің бүкіл даланы күл-талқан етіп қопарып, жаңа дүние құрып жатқаныңда қандай жұмысы бар? Оның сана-сезіміне бұл дүниеге деген бала жастан өз түсінігі, өз пәлсапасы ұялаған. Ол сонау жұма сайын келіп құран оқитын бабасының зиратының сау тұруын тілейді. Ал біз болсақ, кәрі шалдың сол бір өзіне деген әдемі әлемін көз алдында талқандап жаттық. Шал бізбен тілектес бола ала ма? Бол деуге қақымыз бар ма?..» – деп, шығарма кейіпкеріне шындықты салып сөйлетеді.

1917 жылы орнаған қызыл үкіметтің болшевиктері қазақ жеріндегі мазарлар мен мешіттерге, киелі мекендерге мал қамап, зат пен тауар қоятын қоймаларға айналдырды деген оқиғаларды үлкен­дердің естелігінен естісек, енді тың игереміз деп келген топтың көне қорымдарды тракторлармен тегістеп, тарихи обалар мен ескі молаларды тып-типыл етіп, орындарын соқаның түренімен жыртып өткен фактілерді аз кездестірмейміз. Бұл айта берсе ділдік, рухани зардабы шашетектен деп теңеу айтуға да келмейтін өлшемдегі қиянаттардың бірі ғана.  Бұл оқиғаларды жазушы І.Есенберлин компартияның ұлттық мүддеге деген агрессиялық мысы төніп тұрған шақта шығармасына арқау етіп жаза білуінің өзі сол қоғамның көкейіне жолдаған бір хаты іспетті. Шындықты соңғы тұяқ серпіп жазып қалуға талпынған қалам қаһары десек те болатын шығар. Бұл туындысында жазушы жаңа ғана мал шаруашылығы институтын бітіріп келген қазақ қызының қайғылы тағдыры, тың игеруге келген жұмысшылардың озбырлығы, қулығы мен сұмдығына құрық бойламас амалдары, жылқыны жақсы көрген арудың ішкі сезімдері, барлық жерді егістікке жыртып тастап, малдың дәмін аңсаған елдің шарасыз күйі, жарамсыз болып қалған даланың экологиялық қасіреті, ақыр аяғында шошқа фермасының басқарушысы Качанның арманы көп, талдырмаш бойжеткенді опат қылатын қайғылы қасіретке толы тағдырын суреттеумен түйіндейді. Бүтін бір шығарма жалпы тың игеру деген бастаманың басынан бақайшағына дейінгі астарын түгел ашып, негізі қазаққа мақсатты түрде келген жұт екенін мойындатып, оқырманына терең ой салады.

Тың игеруді қазаққа келген жұт деп тануға себеп те, салдар да жеткілікті. Қазақтың саман кірпіштен қой бойындай етіп ата-бабасына тұрғызған талай қорымының тегістеліп, тарихи маңызға ие орындардың тың игеру жылдары қаншасы соқа мен түреннің темірі жыртып, тракторлары таптап өткен аймақтарда жойылып кеткенін бір Құдайдың өзі ғана білетін болар. Ұлы Далалық таным түсінікке мүлде қайшы үрдістерді үстінен еріксіз жасағаны, әрине, жергілікті халықты білгенінен жаңылдырып, ақылынан адастыратын амалдар екені анық. Бұл идеологиялық соққы, рухани, мәдени, экологиялық, демографиялық, социологиялық, лингвистикалық, теологиялық жұт. Қазақты тізерлетіп тастаған процесс. Қазақ даласына ағылған бұл агрессиялық эшалон қазақ мектептерінің жабылып, елді мекен етуші халықтың құрамына жартысына да жетпейтін қазақтың оқу үрдісіне де соққы болып, көптің таңдауы көл деп ашылған орыс мектептеріне беруге мәжбүр болып, таңдаудың жоқтығына амалсыз иланып, шарасыз көніп, басқыншы мәдениеттің көнбіс тұтынушысына шартты түрде айналып та кетті. Жыртылған жерлердің малдың жайылымына жарамсыз болып, малсыз күні жоқ қазақтың еңсесіне сес қана емес, эрозияға ұшыраған алқаптан көтерілген шаң мен топырақ дауыл бұрын соңды қазақ жерінде болмаған табиғи экологиялық мәселеге де айналып шыға келген болатын. Қазіргі шешелеріміздің жаз бен күз бойы «таң атса топырақ дауыл» деп табиғатты суреттеп отыратын жайттарының басы сол шақтардан басталғанын ойлаудың өзі мұң. Бір ойға түйген жазбамен бұл апаттың ел мен жерге қырғидай тиіп, салған идеологиялық суретінің сырын тауысып, нүктелеу мүмкін де емес. Сөз соңында тың игереміз деп келген топтың оқиғасын баян еткен ауылдың 1936 жылы өмірге келіп, тың игеруді ес білген шағында байқаған ақсақалдың естелік әңгімесімен түйіндеп өтейін. «Соғыстан кейінгі жылдар, елдің тұрмыс әлеуеті қожырап тұрған шақ. Тың игереміз деп келген топтар өңкей басбұзар, жергілікті халықты басып-жаншуға дайын, талай өздерінің әрекеттерін жасқанбай жасап жүрген жігіттер. Ауыл ішінде барактар тұрғызып, шатырлы үйлер салып жүрді. Ауылда оларға қарсы тұратын жергілікті жігіттер тым аз болатын. Көбі соғыстан жарымжан болып оралған жігіттер, қарсы тұрар қауқар аз. Соларын сезінеді ме екен, орталықтағы шайхана мен клубта тайраңдап жүрді. Кешке киноға барған жергілікті жігіттерді соққыға жығып жіберетін. Ол уақытта әскери борышты өтеу мерзімі үш жыл-тұғын. Содан бір күндері жергілікті атан жілік, баяғының батырларындай тұлғалы жігіт әскерден келген еді. Ауылдағы жағдайдың жай-жапсарын ұғынып, кешке жат жұрттық топтың басы болып жүрген жігітті жекпе-жекке жұртшылықтың алдында шақырып, қазақтың қайратын көрсетіп, әп-сәтте орнына қойған еді. Одан кейін тағы жергілікті жігіттер әскерден орала бастап, ауаланып жүрген басбұзар топ аяғын кейін тартып жүрді. Азаматымыздың айбарына қомданып жүргенбіз, қазақ қашан да батырына еріп, көш бастаған аламандағы сардарын сыйлайтын халық қой. Сол күндердің бір арасында жаңағы келімсектерге сес көрсеткен жігіттің қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Күшті сынасып ала алмасын білген топ, үйінде ұйықтап жатқан жерінде желкесінен қарумен атып кеткен оқиғаны естіп қапаланған болатынбыз. Елді ала тайдай тулатқан оқиғалар ол жылдары көп болды» – деп, естелігін енжар түйіндеген қарияны талай ердің де, жердің де қадірі көкке тың игереміз деп сүйреген соқадан ұшқан шаңдай будақтап көк аспанға бұлт жасап бара жатқандай елестейтін шығар...

Жазушы Шерхан Мұртаза өзінің ең соңғы қалам тербеп, ой толғамдарын жинақ етіп бастырған кітапқа мына бір жолдарды сол жылдардың қазаққа төнген шынайы жұт болғандығын дәлелдеп, нақтылап жазып кеткен іспетті. «Мынау дауыл көтерген Қазақстан тың жерінің топырағы. Эрозияға ұшыраған жердің гумусын қалпына келтіру үшін 700 жыл керек. Әне, жаппай жыртып тастаған қазақ даласының тың «эпопеясы». Құнарлы қыртысынан айрылған жер бедеу. Ештеңе шықпай қалады. Бұл да бір дәуір. Бір кем дүние». Сұңғыла Шерағаңнан шебер тұжырымды ешкім асып айта қоймаса керек. Мың өліп, мың тірілген қайран жұрт. Бұл қаймана болмысыңа түрен тақаған, сары алтын санаңа соқа жаншыған соңғы жұт екенін байқамай да қалдың ба екен, әлде...

 

1261 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз