• Тарих толқынында
  • 28 Наурыз, 2021

ТАРХАН АТАҒЫН ИЕЛЕНГЕНДЕР

Рашит КАРЕНОВ,

экономика ғылымының докторы, академик, ҚарМУ-дың

еңбек сіңірген қызметкері

 

 «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз

бен ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес,

сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар»

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың

жеті қыры» атты мақаласынан

Тарихы көне түркі дәуірлеріне бой­лайтын әлеуметтік институттың    бірі – Тархандар институты.

Бүгінгі күнде «Тархан» сөзінің шығу төркіні туралы бірауызды кесіліп-пішілген тұжырымды пікір жоқ. Тіпті, бұл атаудың тегі Еуразия құрлығындағы тілдердің қай тобына жататыны да толық анықталмаған.

Түркі-монғол халықтарында Тархан атауы өте ертеде пайда болған. Әсіресе, түркі тілдерінде «Тархан» атауына қатысты тілдік деректер мен куәгерлікке жүретін айғақтар молынан сақталған. Бұл айғақтардың бастауы  VI-VIII ғасырлардағы Түркі қағанатына тіреледі. Онда «Тархан» сөзі  әлеуметтік топтарға, оның ішінде әскери қызметтегі кісілерге қатысты қолданылатын термин екендігі байқалған. Бұл Түркі қағанатының тарихи-мәдени ескерткіші Орхан-Енисей руникалық  жазбаларында көрініс тапқан.

Тархан сөзінің этимологиясы

Тархандар Шығыс Түркі қағанатында жоғары шенді шенеуніктер қатарында саналған. Тархандардың ерекше мәртебесі Хазар қағанатындағы Тархан­дар институтынан да байқалады. Онда Тархандар әскери қызметпен қатар хан билігінің өкілі ретінде жергілікті жерге билік жүргізіп, алым-салықтарды жинайтын, билік етуші жоғары топтың өкіліне кіретін ірі әскери қолбасшының, бектің қатарына жататын әлеуметтік топ өкілін құраған.

X ғасырдың басындағы аңыздарда Тархандар ордада қызмет жасайтын ірі, сыйлы лауазым иелері болған. XII ғасырдағы Қыпшақ хандығында олар ақсүйектер санатына кірген. XIII ғасырда Шыңғыс хан құрған алып империяның бір пұшпағы Алтын Ордада Тархандық  институт кең құлашын жайған. Алтын Орда Шыңғыс хан тұсында орныққан дәстүрлерді жалғастырып, оны жаңа мазмұнмен толықтырған. Айталық, бұл кезеңде Тархандық хан тарапынан берілетін арнайы жарлық грамотасы арқылы бекітіліп, ол кісілер түрлі алым-салықтан босатылатын және белгілі бір бос жерлерге меншік ете алатын құқыққа ие болған.

Тархандар түркілік мемлекеттердегі сарай қызметкерлері санатында да болған. Негізгі міндеттері – салық жинау. Бұл атақ Әмір Темірдің мемлекеті тұсында да болған. Әмір Темір Сығанақ қаласы маңындағы бірнеше өлкелерге Тархандық құқық берген. Тархандық лауазым Моғолстанда, Ақ Орда және Шайбан Әбілқайыр хандығында да болған.

Көпшіліктің шешімімен ұйғарылған қиын істі абыроймен атқарып, ерекше көзге түсіп, Тархандық атақ алғандарға қарастырылған пәрменді құқықтық жеңілдіктер мыналар:

- біріншіден, тоғыз ауыр қылмыс­қа дейін жазаға тартылмайды және оған кінә қойылмайды;

- екіншіден, тоғызыншы ұрпа­ғына дейін балалары мен немере­лері мемлекеттік алым-салықтан босатылады;

- үшіншіден, олжаға салатын сау­ға­дан босатылады;

- төртіншіден, рұқсат сұрамай-ақ кедергісіз хан сарайына кіре алады;

- бесіншіден, хан кеңесіне қаты­суға ізет, құрмет жасалады;

- алтыншыдан, хан қолынан көңі­лін көтеретін, тірліктің мұңын ұмыттыратын, тоғыз шара шарап ішеді;

- жетіншіден, жорық кезінде алдыңғы қатарда ханмен бірге жүреді;

- сегізіншіден, әкесінің рұқсатын сұрамай-ақ ханның қызынан басқа қызды қалыңдыққа ала алады;

- тоғызыншыдан, сый мен мәр­те­бенің тоғызын ала алады, атақ пен даңқтың берілуінде жылқымен, кілеммен және басқадай заттармен марапатталады, бірақ әр қайсысы тоғыздан аспауы шарт болған. Түркі халқында тоғыз саны көптіктің мағы­насын білдірген.

Қысқасы, Тархандық – көне дәуірден келе жатқан атақ, мансап. Ол ең бірінші Түркі мемлекеттерінде сақ, сарматтар дәуірінен басталып, біртіндеп басқа да мемлекеттерде дамып қалыптасқан. Ерте және орта ғасырлық түркі, парсы, араб, моңғол мемлекеттеріндегі Тархандық институттың өзіндік құқықтық пәрменділікке ие ерекшеліктері болған. Мысалы, Шыңғыс хан атақты әскербасыларға Тархан атағын берген. Олар бас киімдеріне Қауырсын («қылшан тағушылар») таққан. Шыңғыс хан Тархандарға ұлыстарды меншікке берген. Ол Тархан дәрежесін алғандарды тоғыз жазадан босатқан.

Ресейдегі Тархандық институттың тарихи мазмұны мен саяси мәні

Ресей әкімшілігі Тархан титулының көшпелі қоғамда алатын орны ерекше екенін анық білген. Отаршылар Тар­хан­дық институттың саяси сипа­тын анықтауға мүмкіндік беретін деректермен таныс болған. Сондықтан да, Ресей үкіметінің тарапынан ержүрек қазақ батырларына деген ең үлкен құрмет – оларға Тархан атағын беруі болған. Бұл бір жағынан батырларды өздеріне тәуелді қылу тәсілі болса, екінші жағынан қоғамда батырлардың беделін арттыру еді. Себебі, қазақтардың Ресей қол астына өтуі барысында, әсіресе, Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүздің Ресейге қосылуында, Шақшақ Жәнібек тәрізді халық арасында беделі жоғары батырлар болған.

Тархандық атау екінің біріне беріл­меген. Тек батырдың батырына, бүкіл руларға ықпалы жүретін, ханға сөзі өтетін айрықша саяси дарынды адамға берілген.

Тарихи құжаттардан XVIII ғасырда империялық әкімшіліктен қазақтар ішінен Тархан атағын (фельдмаршалмен тең) алған үш даңқты батырлардың есімдері анық болып отыр. Олар отаршылдардың жандайшаптарына айналып кетпеген, керісінше қосымша құрметке ие болып, жаңа мәртебесін елдің игілігіне, жұртының қамына қолдана білген тарихи тұлғалар  болған.

Жәнібек Қошқарұлы

(Шақшақ Жәнібек)

Торғай – Орта жүздің биі, даңқты батыр. Қазақ ұлтынан тұңғыш рет Тархан атағын 1742 жылы алған адам.

Жәнібек Қошқарұлы 1693 жылы туған. Оның аталары Шақшақ та, Көшей де батыр болған. Жәнібек Қанжығалы Бөгенбайдың қолбасшылығымен 17 жасында қалмаққа қарсы жорыққа қатысқан.

Жоңғар қалмақтарының қазақ жеріне қызығып, соғыс ашқан жылдары 1698, 1711-1721 жылдары екені тарихтан белгілі. Ал, 1723 жылы қазақ жерінде Ақ жұт болып, мал қырылып, халық ашаршылыққа ұшырайды. Елдің күйзеліп, берекесі кетіп тұрғанын білген қалмақтар осы жылдың көктемінде Ұлы жүз бен Орта жүзге тұтқиылдан шабуыл жасайды. Өрттей қаптаған жау қазақтарды аяусыз қырған. Тірі қалған жұрт туған елдерін, ата қоныстарын тастап, бастарының ауған жағына бос­қан. «Ақтабын шұбырынды» деп ата­латын сұмдық апат осылай басталған. Міне, осы қиын кезеңде әрі жол бастап, әрі қол бастап, Жәнібек батыр халқын аман алып қалған. Және оларды осы күнгі қоныстары Торғай мен Қостанай жеріне әкеліп орналастырған.

Атақты Нұрқан ақын Жәнібектің халықты қорғайтын батыры болғаны жайлы былайша жырлаған:

«Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,

Шақшақтың шөбересі асыл тектен.

Қалмақты қонысынан қойдай қуып,

Халқы үшін қабырғадан қанын төккен

Қасында Қаракерей Қабанбайы,

Жауырыншы жауды болжап біліп шеттен,

Жолдасы Қарабалуан, Күрең шешен,

Әйтеке, табын Серке, тама Есеттен».

Жәнібек Тархан 1752 жылы қайтыс болып, балалары Түркістанға Қожа Ахмет Иассауидің кесенесіне жерлейді. Ол дүниеден өтерде ұрпақтарына аманат қалдырыпты. Үлкен баласы Дәуітбайға Тархан атағы әкесінен мұрагерлік жолмен берілген екен. Ортаншы баласы Жауғашарға жүйрік атын, кіші баласы Тоқтамысқа қара шаңырағын қалдырып, сүйегін сол үйден шығаруды өсиет етіпті. Жәнібектен тараған ұрпақ «Үш Жәнібек» аталған.

Есет Көкіұлы

Кіші жүз батыры. Ол жазба деректерге қарағанда, 1667 жылы туып, 1749 жылы қайтыс болған. Есет Көкіұлы  жазба тарихқа ең алдымен атақты батыр есебінде енген. Жоңғар қалмақтарына қарсы жойқын жорықта ерлігімен аты шыққан Кіші жүзге жататын Жетіру сарбаздарын басқарған. Есет батыр Еділ бойындағы қазақ жеріне таласқан қалмақтармен де соғысып, ерекше ерлік көрсеткен. Сол ерлігі үшін 1743 жылы патша Есет Көкіұлына Тархан деген атақ берген.

Белгілі ақын Шоңбай Жұбанұлы Есет батыр жайлы:

«Тамадан ерте шыққан Есет батыр,

Кісі екен қысылғанда мыңға татыр.

Қалмақ пен Ойраттарды жер аударып,

Салыпты бастарына заман ақыр», – деп толғаған.

Есет Көкіұлының ата-тегі былай бо­лып келеді: Кіші жүзге қарайтын Жеті­рудың бірі Тамадан-Қарабура, одан-Нәрік, одан-Шора, одан-Есенгелді, одан-Атамшал, одан-Торым, одан-Базарқұл, одан-Көкі, одан-Есет туады. Сонда: «Нәріктің ұлы Шорамын, мен Қазанға барамын» дейтін Шора батыр Есеттің алтыншы атасы  болып келеді.

Екінші бір шежіреде:Кіші жүзге жататын Тамадан Қарабура,одан-Нәрік, одан-Шора, одан-Бурахан, одан-Әліп, одан-Есенгелді, одан-Торым, одан-Базарқұл, одан-Көкі, одан-Есет туады. Бұл шежіреге қарасақ, Шора батыр Есетке жетінші ата болып келеді.

Ақтөбе облысында Есеттің 325 жылдығы тойланғанда, жергілікті баспаханадан ол жайындағы дастан жеке кітап болып шыққан еді.Сонда:

«Сенбісің батыр қазақ Есет деген,

Арал, Шалқар, Жем, Сағыз бойлап көшеді деген.

Сырдария, Маңғыстау, Жайық бойын

Меншіктеп қазақ үшін есептеген», – деген жыр жолдары бар. Міне, осы аз ғана жолдардан Есет батырдың қандай керемет адам болғаны айқын көрінеді.

Есет Көкіұлы батырлығымен қатар, сөзге шешен би де болған.

Тілеуберді Нәуірзекұлы

1744 жылы Арқа өңірінде Тархан атанған тұлғалардың бірі.

1738-1741 жылдары қолбасшы Сары Манжаның 30 мыңдық әскерінің шабуылы – ойраттардың қазақ жеріне жасаған соңғы ірі шапқыншылықтарының бірі болды. Жоңғарларға қарсы соғыста Тілеуберді батыр бастаған қазақ жасақ­тары жау әскеріне күйрете соққы берді. Ойрат әскерлерін талқандап, ірі жеңіске қол жеткізгені үшін Тілеуберді батыр Тархан атағына ие болды.

Нәуірзекұлы Тілеубердінің  дүниеге келген-кеткен жылдары жайында жазбаша нақтылы дерек жоқ. Ауызша айтылатын шежіре-әңгімелерге қарағанда, XVIII  ғасырда өмір сүрген адам. Ол Орта жүздің Арғын-Қуандық тайпасына жататын Алтай-Қареке руынан. Алтайдан Тілеуберді батырға дейін таратсақ, оның ата-тегі былай болып келеді: Алтай-Мойын-Сарша-Қареке-Нәуірзек-Тілеуберді. Кейбір деректерде Наурызақұлы Тілеуберді (Тілекберді) деп жазылып жүр.

Тілеуберді (Тілекберді) Нәуірзекұлы (Наурызақұлы) батырға Тархан атағы берілуі туралы мән-жай келесідей құжаттардан анық болып отыр: «1841 жылдың  23 желтоқсанында Сібір қазақтарының шекаралық бастығы полковник және кавалер Вишневскийге Ақмола приказынан Қареке-Алтай болысының биі Ақман Едігеұлының тархандық атақты өзіне және  ұрпақ­тарына бекітуі туралы сұраныс жасалғандығы айтылған ақпар беріледі. Бұндағы мәліметтерге қарағанда, би Ақман Едігеұлы Тілеуберді батырдың шөбересі болып  келетіндігі көрсетілген және 1744 жылы 23 қыркүйекте Орынбор губернаторы Иван Неплюевтің Жарғысы бойынша Тілеуберді батыр Наурызақұлына Тархан атағы беріледі делінген. Тілеуберді батырға және оның ұрпақтарына Тархан атағы патшайым Елизаветаның бұйрығымен бекітілгені де айтылған. Міне, осы себептен де би Ақман Едігеұлы аталмыш Жарғыны ұсына отырып, бабасына берілген Тархан атағын өзіне және  ұрпақтарына бекітіп беруін сұрайды. Сібір қазақтарының Шекаралық басқармасының бюрок­ратиялық аппараты би Ақман Едігеұлының бұл сұранысын сөзбұйдаға салып, «Шекаралық басқармаға Тархан атағының қандай құқылар берілетіні белгісіз» деген сылтаумен Орынбор шекаралық коммиссиясымен осы мәселе бойынша хат-хабар алмасып, ол әкімшілікте де ешбір мәліметтер жоқ болып шыққандықтан, осы сұрақтың шешімін Мәртебелі бастық Вишневскийдің  өзіне   итере   салады.

Өз кезегінде Вишневский Ақмола приказы арқылы Қареке-Алтай болысының биі Ақман Едігеұлы қазіргі уақыттағы атағымен жүре беруге бұйырады. Ал, Тархан атағын бекіту бойынша ол атақтың құқықтарын анықтайтын арнайы заңның жоқтығынан жоғарғы әкімшілікпен байланысқа түсе алмайтынын жазады. Биге 1744 жылы бабасы берілген Тархандық туралы Жарғыны қайтарып беруді ескертеді. Бұл да болса отаршыл әкімшіліктің қитұрқы саясатының бір көрінісі. 1841 жылы, әрине, 1744 жыл емес, бұл кезде хандық биліктің жойылып, қазақ даласының  түбегейлі Ресей империясына бағындырылған  кезеңі. Ендігі кезекте, бұрынғыдай қазақтардың  би-батырларына жалпақтай берудің кажеттілігі қалып, керісінше бұрынғы көптеген жеңілдіктер шектеліп, заманның тарылған кезі. Шекаралық басқарманың да Тархандық туралы түк білмегенсіп, би Ақман Едігеұлына да Тархан атағын «заң жоқ» деген сылтаумен бекітпеуі де осы себептен.

Біздің ойымызша, өз заманында «ілуде біреу болып» Тархан атағын иеленген Тілеуберді батыр есімі тарихы­мыздың төрінен орын алып, ұрпақтар жадында сақталуы бүгінгі күні Мәдени мұрамызды зерттеу мен сақтауға ұмтылыс жасап отырған қоғамымыздың талабы.

Жоғарыдағы айтылғандарды қоры­тындылай келе түйіндесек, халық өзінің ұмытылмас тұлғаларын қанша­ма тауқымет тартса да естерінен шығарған жоқ. Енді соның сырын ашуға ынталылықпен қарамай, әншейін көп ертегінің бірі ғой деп салғырттық танытсақ, санамыз неғұрлым тайыз­данбаса молаймақ емес.

Олай болса, аты ұранға айналып, халқымыздың санасында мәңгі ұмытылмастай болып қалған баба­ларымыздың басынан өткен ақиқаттарды аңыздар мен шежірелерден шамамыз келгенше аршып қарамасақ болмайтын сияқты.

318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №3

16 Наурыз, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы