• Тарих толқынында
  • 28 Ақпан, 2023

ҰЛТТЫҚ РУХҚА СӘУЛЕ ШАШҚАН ҰЛЫ КҮЙШІ

(Күйші, композитор Қожеке Назарұлының дүниеге келгеніне 200 жыл)

Қожеке әлеуметтік әлсіздікке өмірін сарп еткен ұлы күйші, ел бастаған батыр. Оның сұңқылдаған күйлері халықтың қамын жеп дүниеге келді. Ол бүкіл өмірін әділетсіздікпен арпалыста өткізді. Сондықтан да, Қожекенің күйлерін халық өз жүрегінің мұң-сырына балады. Оның есімі көзінің тірісінде-ақ халық жүрегінен орын алды.

                     Ақселеу Сейдімбеков

Ел таныған Қарқарадағы «Бала күйші»

Қазақтың тарихы – сонау есте жоқ ескі замандағы алғашқы ру-тайпа, ұлыстық дәуірлерден басталып,талай-талай хандықтардың ордасы ойрандалып, щаңырағы шайқалып, қалаларын шаң басып, халқы қан кешіп, «ұлын ұрымға», «қызын қырымға» жолға салған ауыр күндермен сабақтасып жатады. Сол аумалы-төкпелі зар заманда халық кіндік қаны тамған, кір жуған ата мекенінен босқын болған, қайғылы қан жұтқан ірі-ірі оқиғаларды бастан кешірді. Ат басы мен ер басы сайда қалған сұмдық тағдырды бастан кешкен халықтың тарихына, мәдениетіне, тіліне, салт-дәстүріне көп жамау-жасқау түсті.

Сан ғасыр қойнауындағы тарихты жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық. Тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тарихы, шежіресі болсын, оның сан ғасырғы бастан кешірген қым-қуыт, күрделі, бұраң жолдарымен байланысты туып және дамып, адамзаттың даңқты мәдениет қазынасынан енші алып, әр дәуірдің ұзақ керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған. Сол халық парасатының жауһары болған тарихты жинау, реттеу, зерттеу жұмысы әрқандай көзі ашық, көкірегі ояу жер басып жүрген азаматтардың мойнындағы киелі міндеті, ата-бабаларымыздың соңғы ұрпақтарға қалдырған аманаты.

Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би Әлібекұлы «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген екен. Сол тарихы тасқа жазылған ұлттардың бірі – қазақ халқы.

XVIII ғасырдың 18-жылы Тәуке ханның қайтыс болуына байланысты, үш жүздің ішкі ынтымағы ыдырай бастады. XIX ғасырдың бас шенінен бастап Қазақ даласында, Ресей үкіметіне қарсы әр жерден шаруалар көтерілісі көтеріліп жатты. 1836-1837 жылдары Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі, Ресей үкіметіне қарсы айтулы көтерілістердің бірі болды. Көтерілісшілер қосыны Ресей үкіметіне қарсы қиян-кескі соғыс жасап, қан төкті, патша үкіметі көтерілісті үздіксіз жаныштап, қазақтың жоғары жіктегілеріне ақша, шен беріп, халықты қанаудың түрлі шараларын қарастырды. 1865 жылы Ресей патшалығы қазақ даласын билеу тәртібіне өзгеріс жасап, жаңа жоба жасаушылар комиссиясын құрды. 1868 жылға келгенде, бұл комиссияның қазақ даласын басқару, билеу жөніндегі жаңа жобасын патша қабыл алып, 21-қазанда қол қойып бекітіп берді. Жаңа жоба (Қазақтар мұны «Жаңа низам» дейді) бойынша, бұрынғы сұлтандық арқылы билеу тәртібі өзгертіліп, оның орнына болыс, старшындыққа бөліп билеу тәртібі атқарылды. Екінші негізгі өзгеріс жер мәселесі болды. Жер Ресей мемлекетінің меншігіне айналды да, қазақтардың тек жерден пайдалану құқығы ғана болды. «Жаңа жоба» атқарылғаннан кейін қазақ даласына орыс шаруалары көшіп келіп, қала сала бастады. Қазақ шаруаларының мал бағатын жері тарайды және патша үкіметінің түрлі алым-салығы халықтың тұрмыс халін күннен-күнге төмендете берді. Бұл кездерде Шыңжаңның жер-жерінде Чиң патшалығының әкімдігін аударып, жергілікті әкімдіктер құрыла бастады. Соның бірі – 1866 жылы құрылған «Іле сұлтандығы» еді.

Мен қазақ тарихында аты алты алашқа аңыз болған ұлы күйші Қожеке Назарұлының тарихына қатысты деректерді іздестіру барысында көптеген қымбатты құндылықтарымыздан айырылып қалғандай күй кештім.

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жақсы заманға қол жеткіздік. Зар заманның салдарынан жоғалған тілімізді, дінімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді қайта іздестіре бастадық.

«Тарих дегеніміз – бір халықтың еркіндікке қарай ұмтылысының тарихы ғана емес, сол халықтың тәрбиесінің де тарихы» (Жозеф Эрнест Ренан). Біз өткен тарихымызға қайырылып қарасақ, сан мыңдаған даңқты тұлғалардың елі үшін еңіреп өткен ерлік хикаяларын жоғалтып алғанымызды сезінеміз. Анығын айтсақ, даңқты тұлғаларымыздың тарихы  жойқын ұрыстарда жоғалды, өртелді, архивтерден аластатылды, тіпті оны білетін ауылдың тарих-шежіресін майын тамызып айта алатын акедемик ақсақалдарымыз да әлдеқашан  бақи дүниеге аттанып кетті. Сол сан  мыңдаған таңғажайып талантты тұлғалардың өз өнері мен ел қорғаған батырлығы, ғалымдығы арқылы халық жүрегінде өшпес орын алғандары аз емес. Солардың бірі – аса талантты ұлы күйші, халық композиторы Қожеке Назарұлы.

Қожеке Назарұлы 1823 жылы жер жанаты Жетісудың атақты Қарқара жайлауында дүниеге келген. Оның ата тегі Ұлы жүз албан тайпасының Сүйменді (Таубұзар) рулар бірлестігінің  Бозым деген текті руынан тарайды. Бозымнан өсіп-өнген Сары, Жаншық, Таз (Шобал), Қыстық ұрпақтары бүгінгі күні Аспантау етегінің арғы, бергі бетінде жасайды. Ал Жаншықтан–Әлмерек, Олжай болып бұтарланады. Әлмерек Жаншықұлы өз дәуірінде қазаққа танымал, аса жоғары беделге ие би-шешен,  елге ақыл айтар білгір абыз болған тарихи тұлға. Әлмерек абыздан – Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі, Еділ, Жайық, Жұмық тараған.   

Әлмерек абыздың ұрпақтарынан қазаққа танымал би-шешен, батыр, ақын-жырау, күйші, әншілер көп шыққан. Қожеке Назарұлы аруағынан ат үркетін қаракөктің тұқымы. Қазақтың шежіресі бойынша Әлмерек абыздан тараған  Құрман руының Елікбай атасынан тарайды. Елікбайдың Қасабай деген баласынан–Ерсары, Мүстек, Назар, Қату деген төрт ұл туылған. Ел ішінде бұларды «Қасабайдың төрт қасқасы» деп атап кеткен. Айтуларға қарағанда, Қожекенің атасы Қасабай елге танымал күйшілердің бірі болған екен. Талантты да, зерделі Қожеке қаршадайынан атасы Қасабай шерткен халық күйлерін беріле үйренумен бірге, ел ішіндегі атағы бар күйшілерден де тәлім алады. Кейін келе өз алдына күй шығарған Қожеке ел ішінде «Бала күйші» аталған.

Әлмерек абыздың ұрпақтарының тарих-шежіресіне назар сала қарасақ, өз заманында ілгері-кейінді өмір сүрген Жәнібек, Қаракісі, Мұсылманбай, Түменай, Алпар, Тазабек, Саурық, Қаба, Қашаған, Шалтабай, Ұзақ, Әубәкір, Жақыпберді, Әуесхан т.б. атақты тұлғалардың аттарын кездестіре аламыз. Қожеке Назарұлы киелі де, текті елдің аты аңызға айналған ұрпақтарының бірі.

Елге аты танымал ақын Шалтабай Алпарұлының:

«Қожеке, сенің әкең Назар еді,

Назардың жүрген жері базар еді.

Іліпбай, Саурық ағам тірі болса,

Шірітіп абақтыда қояр ма еді?»,– деген өлең шумағынан Қожекенің әкесі Назардың ел ішінде сал-сері болғанын білдірумен бірге, сол кездегі Шалтабай ақыннын абақтыға жабылған ауыр тағдыры бейнеленіп жазылған.

Қожеке Назарұлы қасиетті Аспантау етегін жайлаған ән мен күй,жырдың мекені болған өнер жұлдыздарынан мықтап тәрбие алса, көкірегі ояу, көзі ашық атасы Қасабай мен әкесі Назардың да тәрбиесі оның ұлы композитор, дәулескер күйші болуына тікелей ықпал жасады деп айтуға әбден болады.

Тағдыры тарғалаңда өткен күйші

Қожеке Назарұлы он жасынан бастап Жетісу халқы ішінде таралған күйлерді нақышына келтіріп шертсе, ат жалын тартып, азамат болғаннан кейін өз алдына күй шығарып, қазақтың шертпе күй дәстүріне мұрагерлік етті және оны дамытты. Мысалы, Қожекенің шығарған «Боз жігіт», «Жиренше», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Раушан», «Бөлтірік», «Сайрам көл», «Көрұғлы сұлтан», «Қамбарқан», «Біржан сал» т.б күйлері оның дәлелі.

Қожеке күйлері көтерген идеясы мен мазмұнына қарай жан-жақтылы зерттеуді қажет етеді. Оның күйлері Жетісу өңіріндегі Аспантауды жайлаған елдің шежіресі, тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, тіршілік-тынысы, күн көрісі жақтарынан өзара қабысып, ұлттық бояуы қанық ерекшелігі мен тыңдармандардың жүрегіне терең тамыр тартып кеткен. Қожекенің «Қолға алынар алдында», «Түрмедегі қинау», «Кер толғау», «Шалқайма» секілді күйлері тарихи оқиғалардан сыр шертсе, «Арыздасу», «Естірту», «Арман», «Нұрқаны жоқтау», «Күй шақыртқы», «Қос келіншек», «Тарпу» т.б. күйлері халықтық салт-дәстүрмен сабақтасып жатады. Қожеке Назарұлының өмірінің біраз бөлігі Қытайда өтті. Азапты өмір жолында халықтың қуанышы мен қайғысын арқалай жүріп, не керемет тыңдармандардың көңілінен шығатын таңдаулы 100-ден астам күйлер жаратты.

Қожеке Назарұлы Қазақстанның Жетісу өңірінен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қалай қоныс аударды. Біз бұған ауызша әңгіме емес, мынандай хатқа түсірілген екі деректі дәлел ретінде ұсынамыз.

Бірінші дерек, 1862 жылы патшалық Ресей Жетісудағы қазақтардың мал бағып отырған жерлерін қарулы күшпен басып алады. Сол жылы маусым айының 24-і күні қазақ ұлтының елбасы Саурық Алпарұлы бастаған қалың малшылар қарауыл ішіне көшіп келіп, мал бағуды талап етеді. Олар Іле генерал мекемесінің Миң Жюйға табыс еткен бір парша он екі ру басының бармақ басылған қағазында «...Біз жеті атамыздан ұлы патша ағзамның жеріне көшіп-қонып жүргелі қазірге дейін 140 жылдан асты. Ал, бүгін орыстар біздің көшіп-қонып жүрген жерімізді өзіміздікі деп жатыр, бізден тартып алмақшы, бізді орыстар бағыныңдар дейді... біз бағынбаймыз...»  (« Шыңжаң жергілікті тарихы», орта мектеп оқулығы, 166-бет) делінген. Міне, осы тарихи деректерінде қазақтар заманнан-заманға қоныс етіп келген өздерінің байырғы мекені Ілеге қайта көшіп келгенінен дерек береді. Өйткені Іле өңірі сонау Үйсін хандығы кезінен бастап қазақтардың атамекені болған жер.

Екінші дерек, «1862 жылы Айт- Бозым, Алжан – Сегізсары рулары Саурық Түменбайұлы  (Түменбай – Шоқан Уәлихановтың шығармасында айтылған албан тайпасының 24 билерінің бірі, Саурық батырдың әкесінің аты – Алпар, атасының аты – Түменбай – автор) бастап, 12 адам қол қойып, бармағын  басады. Олардың бес ақалақшысы бар. Олардың хатталған аты төмендегідей: Назарұлы Қожақ (көнекөз ақсақалдардың айтуына қарағанда, Қожекені ауылында Қожақ деп те атайды екен – автор) ақалақшы, Қабанбайдың ұлы,  Жәнібектің ұлы Жанат, ақалақшы Түстікбайдың ұлы және Смайыл ақалақшы. Бұл ақалақшылық мансаптардың сол тұста Чиң патшалығы жағынан берілгені анық. Жазылымда ақалақшы әкелерінің атынан қол қойған екі баланың аты жазылмаған» (Нұрлан Сәрсенбаев «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті», Шыңжаң халық баспасы, 2015 жылы тамыз, 9-бет). Міне, осы деректен Қожекенің Қытайдағы Іле өңіріндегі 5 ақалақшының біреуі екенін дәлелдейді.

Қожеке Назарұлы ең алғаш 1850 жылдардың ішінде Шыңжаң өлкесіне қоныс аударған. Сол реткі сапарында Қожеке батыр 25 үй елді бастап, Алтай, Үрімжі, Тарбағатай, Бұраталаны басып, ең соңында Іленің Текес өңірінің Шоңқұштай деген жеріне ат тұмсығын тірепті. Сол реткі көшкен ауылды ел «25 үйлі Қожеке» деп атап кеткен. Қазір Тарбағатай аймағында Қожекенің атымен аталатын жер аттары да бар.

1860 жылдардың ішінде Іледе Чиң патшалығына қарасты Іле генерал мекемесіне қарсы көтеріліс болады. Содан Іле генерал мекемесін аударып тастап, 1864 жылы «Іле сұлтандығы» атты жергілікті үкімет құрылды.

Тарихшы Жақып Мырзаханов «Қызай елі Іле, Бұратала өңіріне келіп қоныстанғаннан кейін, 1767 жылдан бастап, осы өңірде отырықтанған Ұлы жүз Албан, Суан тайпаларымен бірге 1865-1866 жылғы Іледегі шаруалар көтерілісіне қатысады» («Қазақ халқы және оның салт-санасы», Шыңжаң халық баспасы, 1992 жыл, 351-бет) деген деректер Іле өңірі қазақтың байырғы атамекені екенін растайды. Халық ішінде кең таралып, күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан өлеңдердің бірінде:

«Қарқараны жерлепті ,

Бұрынғы қалың көп Албан.

Мекендеген Ілені,

Үш болыс екен өр Албан»,

– деген жыр шумағында Албан елінің ата мекені өте анық айтылған.

Қожеке Назарұлы Чиң патшалығына қарсы шаруалар көтерілісіне белсене қатысады. Шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін, Қожекенің соңына қуғын түседі. Содан көп ұзамай Қожеке ауылын бастап Қытай жерінен Сүмбе шекарасы арқылы Нарынқолды басып өтіп, Кегенге қашып келеді. Жетісу жеріне келгеннен кейін, аталас туысы Тазабек батырмен тізе қосып, патшалық Ресейге қарсы күрес жасайды. Патшалық Ресей үкіметі көтеріліс басшысы Тазабекті шақырып, көтерілісті тоқтатуды насихаттайды. Тазабек батыр бұдан бас тартады. Содан Қожекенің артына қуғын түсіп, 1860 жылдардың соңы Қытай жеріне қайта  кетуге мәжбүр болады.

Кейінгі заманда халық ішінде таралған:

«Шет Меркі, орта Меркі, Меркі, Меркі,

Шырғанақ, Талдыбұлақ жердің көркі.

Бір орыс мылтығымен шыға келсе,

Албанның селкілдейді сеңсең бөркі»,

деген өлең шумағы ел басына түскен ауыр күндердің куәсі еді.

Мақаланың бұл бөлігінде Қожеке күйшімен аталас-туыс болған «Тазабек деген адам кім? Оның есімі Ресей патшалығы Қытайдың Іле өңірін жаулап алуымен нендей қатысы бар?» – деген сұрауларға негізделе отырып, Тазабектің өмірбаянын қысқалай таныстыра кетейік.

Тазабек Мұсылманбайұлы XIX ғасырда өмір сүрген адам. Ол Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлмерек деген атасының Жәнібек деген тармағынан таралады.

Әкесі Мұсылманбай (тарихи деректерде Пұсырман деп те айтылады) 1000 неше түтін үйді басқарған би болған адам. Жоңғар шапқыншыларына қарсы тұрып, қолына қару ұстаған ержүрек батыр сардар еді. Мұсылманбайдың қасы екі көзін басып тұратын, адамға тіке қарамайтын сұсты адам болған. Бала көтермеген әйелдер одан бата сұраса, тілегі қабыл болып, ұрпақ көреді екен деген сөз бар. Халық арасында Мұсылманбай батырдың туы желпілдесе, бәлен күні жорыққа аттанамын деп айтатын әулие шалыс адам екен деген аңыз таралған. Бұған ақын Көдек Маралбаевтың 1922 жылдары жазған «Ерлердің ерекшелігі» деген мына өлеңі куә болады:

Кәртейген Мұсылманбай мезгілі екен,

Неліктен желпілдейді туым депті.

Шабылып, ел күйзелген ахуал бар,

Хабары келіп қалар бүгін депті.

«Құртқа – Мамай шабылды,

– деді жаушы, –

Олжаға келінім мен қызым кетті».

Батырың боз биені айтып сойып,

Тездікпен сарбаздарға жиыл, – депті.

Жүрерде бата жасап былай деген,

Ашулы айбарымен зілді-кекті:

«Иә, құдай, Тоқтарбайды бергін?!

Иә, құдай Тоқтарбайды бергін?!

Иә, құдай, Тоқтарбайды бергін?!

Ең соңғы тілегім ғой мұным» депті.

Тал түсте бейғам жатқан Көміршіде,

Тоқаңа сүркейлі ұран-дүбір жетті.

Атына үш ұмтылып: «Міне, ағайын,

Күн бітті, тағдыр жетті,

буын кетті»

Атшысы қарт күреңді мініп қашқан,

«Қумаңдар, еліне айтсын тілін»

депті.

«Тоқтарбай қырылған сай»

деп аталып,

Жалғасып жер аты боп бүгін кетті, – деген өлең шумақтарынан қырғыздың атақты батыры Тоқтарбайды жеңіп мал мен жанын қайтарып келген ерлігін байқауға болады. Көміршідегі сол сай содан кейін «Тоқтарбай қырылған сай» аталып кетіпті.

«Тазабек батырдың әкесі Мұсылманбайды орыстар Пұсырман дейді екен. Мұсылманбай кезінде Төле бидің баласымен бірге Алжан Қангелді батырдың інісі есебінде он тоғыз жасында Мәнжу патшалығына елшілікке барған адам. Мұсылманбай жүзден асқанда пәниден өтіпті» (Мүсілім Адырбекұлы. «Ауылдың аманаты», Текес аудандық мәдениет мекемесі.).

Бұл туралы «1758 жылы қарашада Төле бидің баласы Жаулен және Қангелдінің інісі Пұсырман елші болып қытайдың астанасына барып, Чяңлұң патшаға жолықты. Чяңлұң патша оларға Фәншәнда арнаулы қонақасы береді, Уаң Нанюан оларды ертіп жүріп, гүлшырақ тамашасын тамашалатты» (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», «Шыңжаң халық баспасы», 1991 жыл, ақпан, 466-467-бет.) деген деректерге ие боламыз.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Тазабек әке жолын қуып, ержүрек, халықшыл, батыр сардар болып ержетеді. Исатай, Махамбет көтерілісі жанышталғаннан кейін, Тазабек 1860-1870 жылдар аралығында халықтың басын құрап, қол ұйымдастырып, Ресей үкіметіне қарсы күрес жүргізеді. Патша үкіметі Тазабекті шақырып алып, шен бермекші болғанда, одан бас тартады. Бұл күресті қазақ даласындағы Албан, Суан, Дулат тайпалары мен басқа рулы елдер де қолдап-қуаттап, Тазабек бастаған халық күресіне үн қосып атсалысады. Ол патша үкіметі белгілеген «Жаңа жобаға» қарсы шығып, қазақ халқының еркіндігін көксейді.

Тарихи деректерге қарағанда, Тазабек 1781 жылы көктемнің бас шенінде «Іле сұлтандығы» үкіметіне хат жазып, өзіне қарасты рулы елін бастап көшіп келу өтінішін білдіреді. Іле сұлтаны Әләхан Тазабектің өтінішін қабыл алып, жауап хат жазады. Ресей патшалығы бұл істен хабар тауып әскер жіберіп түн ішінде Тазабек ауылын қоршауға алады. Тазабек бірнеше күнге созылған құралды қиян-кескі соғыс жасап, қоршауды бұзып, рулы елін бастап, Іле өңіріне өтеді. Әләхән бұларды қазіргі Tоғызтарау ауданына орналастырады. Орта мектепке арналған «Шыңжаңның жергілікті тарихы» оқулығында: «1781 жылы көкек айынан бұрын қазақтың Aлбан тайпасының елбасы Тазабек қол бастап, Ресей патшалығының  отаршылдық үстемдігіне қарсы күресіп, жеңіліске ұшырағаннан кейін, 1000 неше малшы отбасын бастап, Iле сұлтандық үкіметке бағынады» деп жазылған. Тазабек oқиғасынан кейін Aлматы, Aлатау өңіріндегі қазақтар Қытaй жеріне бірінен соң бірі көше бастайды.

Бұл oқиға Ресей патшалығының қазақ даласына жүргізілген өктемдігін шайқалтты. Патша үкіметі қазақтардың Ілеге қоныс аударуының алдын алу үшін, Тазабекке жалғаннан жала жауып, «Ел бүлдіруші» деген сылтаумен «Іле сұлтандығына» Тазабекті тапсырып беру талабын қояды. Бірақ, бұл талаптан «Іле сұлтандығы» бас тартады.

Ресей үкіметі 1871 жылы мамыр айының 8 күнi Іле сұлтаны Әләханға ең соңғы ескертуін беріп, бір апта ішінде Тазабекті тапсырып беруді өтінеді. Болмаса әскер шығарамыз деп құқай көрсетеді. Тазабекті тапсырып бермеу сылтауын желеу ете отырып, мамыр айының 15 күні Ілеге шабуыл жасайды. Мамырдың 17 күні Ресей үкіметі Қорғас өзенінің Батыс жағасына басып кіріп, екі күннен кейін Mазар Қорғанысын басып алады. Іледе отырықтанған әр ұлт халқы бұл жолсыздыққа төзе алмай, Ресей үкімет армиясына қарсы соғысқа аттанып, алдыңғылар жығылса, соңғылар күресті жалғастырады. Жаңа қарумен қаруланған Ресей армиясына төтеп бере алмай, маусым айының 9 күні маңызды жер Кетпен қолдан кетеді. Маусымның 27 күні Іле сұлтаны Әләхан Шар Ресей шапқыншы армиясына соғыс хатын тапсырады. Іле сұлтаны Әләхан басшылығында 4000-нан астам қазақ, тараншы (ұйғыр), дүнген, қытай т.б. ұлттардан біріккен жергілікті армия шапқыншы армияға қарсы ерлікпен соғыс жасайды. Неше жүздеген адам ерлікпен құрбан болады. Бұл соғыста Тазабек әскерлері де патша армиясына қарсы жанын сала соғыс жасап, ерекше қайсарлық көрсетеді. Халық пен жергілікті армия бірлесіп, Ресей армиясына қарсы күрес жүргізсе де, озық қарумен қаруланған Ресей армиясына төтеп бере алмай, шілденің 1-күні Қорғас қалашығы қолдан кетеді. Келесі күні Тазабек батыр қолға түседі де, көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Шілденің 4-күні сан қилы сұрқия тәсіл қолданып, Ресей патша үкіметінің Іле ұзақ жорық армиясының қолбасы, генерал  Колпаковский Құлжа қаласын басып алады.

Тазабек көтерілісі туралы тарихшы Жақып Мырзаханов арнайы тоқталып: «Ресей үкіметі Іле районына сұғанақтық жасау туралы 1871 жылдың 22 ақпаны мен 14 наурыз күндеріндегі екі ерекше мәжілісінде ресми бекім жасап болған. Тазабекті қайтарып беру жөніндегі ақтық талабы «Іле сұлтандығы» үкіметінің қабылдамауы, оның шапқыншылық жасауына сылтау, орай болды. Тазабек оқиғасын пайдаланып, Ілені алуы және оны он жыл билеуі, сондай-ақ Қытайға қайтарып беруі арнайы тақырып» («Қазақ халқы және оның салт-санасы», «Шыңжаң халық баспасы», 1992 жыл, қараша, 355-бет), – деп жазады.

Ақын Көдек Маралбаев «Тазабек батырға» деген өлеңінде:

Тазакем өз жер-суын қорып келген,

Сондықтан шығыспапты орыспенен.

Ақыры елін бастап өрге көшті,

Неше рет жауап берген соғыспенен.

Ойында жocпapы бар көп істерден,

Іле басы Yш Арал жеріміз бар

Бұрынғы ата-мекен қоныс деген.

Жер, суға ие етіп кетті ұрпағын,

Айлалы, асқан батыр, ой істеген, – деген өлең шумақтарынан Тазабек батырдың халық үшін күрескен ерлігі мадақталады.

Тазабек батыр бастаған халық көтерілісіне күйші Қожеке Назарұлы да белсене қатынасқан, Тазабекті ұстап әкеткен Ресей патшалығы Алматы (Верный) түрмесіне апарып қамап тастайды. Ресей үкіметі Тазабекті өлімге үкім етсе де, қазақ даласындағы халықтардың патшаға қарсы көтеріліп кетуінен алаңдап, шығарған үкімін атқаруға шарасыз қалады. Қазақ даласындағы қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтарының «Есіл ерімізде айып жоқ, азаматымызды босатып берсін» деген әділ де қатаң талабының арқасында 1873 жылы (мөлшермен) Тазабектi Алматы түрмесінен босатып, оның үстіне, жасырын түрде у жағып жібереді. Тазабек ауылынан бірнеше адам барып, Алматыда оның құр сүлдері қалған тірі қаңқасын әкеледі. Жол-жөнекей арлы-берлі аунатып, аузына су тамызып күткен екі адамға Тазабек денесіндегі у дарып олар да қоса қаза табады. Тазабек oқиғасынан кейін Ресей үкіметі Ілені он жыл билейді. 1881 жылы «Қытай-Ресей Іле шартына» (Петербург шартына) қол қойғаннан кейін, келесі жылы наурызда Іле аумағын Қытайға ресми өткізіп береді.

Тазабек өлгеннен кейін, патша үкіметі Тазабекке туыстық қатысы бар Қожеке Назарұлы сияқты адамдарға құпия түрде анықтау жүргізеді. Тазабекпен аталас туыс Шалтабай Алпарұлы деген ақынды «Тазабекті насихаттаушы» деген сылтаумен түрмеге жабады. Шалтабай түрмеде жатқан кездерінде Тазабек, Саурық батырлардың ерлігін есіне алып, мынандай өлең жазған екен:

«Шалтабай менің атым, әкем Алпар,

Ауылды бір көруге болдым іңкәр.

Кешегі қырық солдатты

бір қайтарған,

Тазекем өтіп кетті-ау,

қайран сұңқар.

Орыстың екі көзін ояр ма еді,

Пышақты өткір қайрап сояр ма еді».

Тазабек Мұсылманбайұлы халықтың еркіндік қозғалысы үшін күрескен есіл ерлердің бірі. Ол өзінің ыстық қаны арқылы тарих бетінде шұғылалы із қалдырды. Оның есімі әр ұлт халқының жүрегінде мәңгі берік сақталады.

Қожеке өміріне қатысы бар аталас туыстарының бірі атақты батыр Саурық Алпарұлы. Саурық батыр туралы қазірге дейін ел ішінде алуан түрлі әңгіме айтылып келеді.

Саурық, Бөден батырлар Шыңжаңның Текес өңіріне барғаннан кейін Ойрат Қарауыл Mоңғолдары мен жергілікті Mоңғол қосындарымен талай рет қақтығысып, соғыс жасады.Бұл сияқты oқиға жайында Шоқан Уәлиханов 1864 жылы желтоқсанның 27 күні Ресей үкіметіне жолдаған бір хатында: «Біздің Қызылбөріктер (Албандарды айтады – автор.) Текес бойында көшіп жүрген қалмақтарды мүлдем құртып жіберіпті. Қалмақтар қатын-баласынан, барлық мал-мүлкінен әбден жұрдай болып айырылыпты. Қазақтар мал мен тұтқын әйелдерді енді қайда қоярын білмей отыр деседі. Қалмақтардың қыз-қатындары Шіліктегі Шоқан бидің қолына түсіпті. Бұл меніңше, онша жақсы іс емес» (Шоқан Уәлиханов «Мақалалар мен хаттар жинағы», 1956 жыл, Алматы, 211-бет.) деген деректерде ел ішінде үнемі соғыс болып тұрғаны өте анық жазылған.

Белгілі жазушы Әскер Тойғанбекұлының хабарлауына қарағанда: «1860 жылдары Саурық қасына Бөден батыр мен Жанәлі батырды серік етіп, екі жүзге жуық қол бастап, Жұлдыздағы Бұргәмбіден кек алу шабуылына аттанады. Саурық қолының келе жатқанын хабаршыларынан естіген Бұргәмбі мыңға жуық адам мен Жұлдыздың Тайасу деген жерінен тосып айқасады. Ақыры айлалы батыр Саурық өзінен бес есе артық күші бар Бұргәмбіні жеңеді» (Әскер Тойғанбекұлы. «Саурық батыр жайлы» , «Іле газеті», 1992 жыл, 14-қазан).

Көдек ақын Саурық батыр туралы айтқан бір өлеңінде:

Саурық батыр туғанда,

Ерлікке құдай арнапты.

Өзіне серік батырын,

Сынап көріп таңдапты.

Елін қорғап, жау қуып,

Бармаған жері қалмапты.

Ерге лайық ат туар,

Қасқа атты құдай парлапты.

Шылбырын түрген ноқтамен,

Артынан еріп қалмапты.

Қысылтаяң кезінде,

Ерттеп мініп самғапты.

Жұлдыздан келген көп қалмақ,

Қазақты шауып зарлатты.

Күнес, Жұлдыз жағынан,

Ізін байқап шарлапты.

Келер жылға қаратқан,

Одан кекті алмақты.

Аттанып барса қол бастап,

Жазықта ешкім қалмапты.

Сайға кіріп, бекініп,

Кемпір-шал, арық мал қапты.

Бірнеше күн жол таппай,

Шақырыпты әруақты.

Қасқа атты мініп ақтарып,

Байқады тау-тас аймақты.

Мергенші тауып жол бастап,

Басқан тар жол, тайғақты,

Төбесінен құлдап кеп,

Жай түскендей жайратты.

Бекінісін талқандап,

Ызғытып малды айдапты.

Бір адам өлген соғыста:

Шейіт болған ардақты.

Бұргәмбіні шапқанда,

Текестің суын қандапты.

Төресінің үйінен,

Алтын мен гауһар, жамбы апты.

Бұрқанын шағып қараса,

Меруерттен ішек жалғапты.

Өтерінде бұл жалған,

Бәрімізді алдапты,

деген тарихи жырдан Саурық батырдың ел қорғаған ерлігін аңғаруға болады.

«Бұргәмбіні алып болған соң, Саурықтың жолдастары кезінде әкеміздің мың жылқысын жылқышыларымен олжалаған, біз тегін кетпейміз деп Бұргәмбінің бар жылқысын алып, бұтханасындағы баланың үлкендігіндей мыстан жасалған бұтты, Бұргәмбінің жанынан тастамай ала жүретін гауһарын, екі көк кілемін олжалап қайтады. Екі көк кілем артқанда бір түйелік жүк болып, шыршықтағанда белін жіппен байлап қоймаса серпінмен жазылып түсіп қалады екен. Бұтты зергерлерге бұздырғанда басынан тауықтың жұмыртқасындай алтын шыққан, ішегін меруертті жіпке тізіп жасаған. Өкпе-бауыры Меке маржан деген асыл тастардан құрастырған екен» (Әскер Тойғанбекұлы. «Саурық батыр жайлы», «Іле газеті», 1992 жыл, 14 қазан).

Саурық Алпарұлы Қазақ халқына танылған ер жүрек батырлардың бірі болған, ол мөлшермен 1820 жылдан 1870 жыл аралығында жасаған. Ал, кейбір деректерде 1820 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болған делінеді. Ол Албан елінің Бозым руының Құрманның Орынтай атасынан тарайды.

Аумалы-төкпелі заманда жасаған Қожеке, Тазабек, Саурық батырлардың өмірінің соңғы кездегі тағдырлары аса аянышты, өте ауыр болған. Бірақ елі үшін еңіреген осы үш арыстың мәртебесі уақыт өткен сайын халық жүрегінде Хантәңірі шыңындай биіктей берді.

Содан іле-шала патшалық Ресей арғы бет, бергі беттегі   елдің ішінен «Тазабек оқиғасына» ілік-шатысы бар адамдарды көп жыл жасырын анықтай бастайды. Солардың тізімдігінде Қожеке күйші ең қауіпті адамдардың бірі еді.

«Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, 1881 жылы Қожеке «Шекарадан өткен керуенді тонады» деген нақақ жаламен Іле генерал мекемесі жағынан тұтқындалып түрмеге жабылады. Әйгілі күйшінің Сүйдің- Күре түрмесіне қамалғанынан хабар тапқан қызай елінің төресі Құдайменде Бөтекеұлы (1832-1889) Іле генерал мекемесінің ұлықтарына барып, Қожекені арашалап алу туралы көп жол жүреді. Бірақ Құдайменде төре қанша жол жүрсе де, жауыз ұлықтардың қолынан күйшіні арашалап қала алмайды.  Әйгілі  ақын   Көдек Маралбаевтың :

Албан өрге барғанда,

Қожеке ауған қоныстан.

Дадай батыр ол кетті,

Артыменен соғысқан.

Алды-Көксу, арты-Мыс,

Сол жерде Албан тоғысқан, – деген өлең шумағы ел тағдыры қыл үстінде тұрған тарихи жағдайды аңғартады.

Содан жергілікті ұлықтар халықтың аяулы күйшісіне адам төзгісіз қинау көрсетеді. 1885 жылы жауыз ұлықтар ұлы күйшіні таскөмірдің шоғын жотасына басып, азаппен қинап өлтіреді. Қожеке күйшінің сүйегі Қорғас өңірінің Жанбұлақ қабырына жерленді.

Ұлы күйші бұл өмірден әлдеқашан аттанып кетсе де, артынан қалдырып кеткен асыл мұрасы қара ормандай қалың халқының рухани өміріне мәңгілік сәулелі шамшырағын жағып кетті. Күйшінің «Мұңлық-Зарлық», «Біржансал», «Аққу», «Ағарсынның тоқыны», «Арман», «Бәйекенің естіртуі», «Кертолғау», «Қолға алынар алдында»,  «Түрмедегі жоқтау», «Сайрам көл» т.б. жүзден астам күйлері әуе толқыны арқылы әлем қазақтарына керуен тартты.

Сөз жияр

Әйгілі композитор, дәулескер күйші Қожеке Назарұлындай өнер алыбы дүниеден өткеніне бір жарым ғасыр уақыт таяса да, оның саф алтындай мұрасы өз құнын жоймай, халық көкірегінде көнермей мәңгі жас қалпында қалды.  Міне, бұл Қожекенің күйлерінің өз халқымен тағдырлас, мұңдас, тілеулес болғандығы, оның күй тілінде ерекше құдіретті мұңлы сарын бар екенін байқауға болады. Қожеке қатардағы жай күйші емес, Жетісу өлкесінде күй мектебін қалыптастырған күйшілердің атасы.

Ұлы күйші Қожекенің ең алғашқы бірден-бір мұрагері күйші, композитор Рақыш Қожекеұлы (1878–1951) деп айтуға әбден болады. Ол әкеден жастай қалса да, ес жыйып, етек-жеңін түзегеннен кейін ел ішінде тараған әке мұраларын жинады әрі мұрагерлік етті. Осылайша Рақыштың тынбай ізденген еңбегінің арқасында Жетісу күй мектебін қалыптастырған аса даңқты күйші Қожеке мұралары халықпен қайта қауышып, насихатталды. Бұл туралы көрнекті күйші, музыкатанушы Базаралы Мүптекеев «Рақыш әкесі қайтыс болғанда жас қалған екен. Өмірінің саналы шағын күйшілікке арнап өтеді. Әсет Найманбаев, Таңжарық Жолдыұлымен дәмдес, тұздас болған. Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы мен сан рет шежіре айтысқан. Сыбанқұлмен, қырғыз Асанәлі, қызай Әшіммен күй тартысқан. Қожекенің күйшілік мұрасын ел арасында насихаттап, осы кезге дейін алып келген бірден-бір мұрагер»,– деп өте дұрыс айтқан. Базаралы Мүптекеев Қожеке өмірі мен мұраларын зерттеуде тау асып, тас басып, арғы беттегі Қожеке ұрпақтарына барып жолығып, жүйелі, жан-жақтылы зерттеп көптеген тың деректердің бетін ашқан. Қожеке мұраларын ең жоғары өреде танушы зерттермен. Көне көз ақсақалдардың айтуына қарағанда, Рақыш Қожекеұлы шығарған «Той қуанышы», «Қоштасу», «Бірлесу», «Шай ішердегі күй» т.б. күйлері әлі күнге дейін ел ішінде орындалып келеді.

Қожеке күйлерін зерттеп тану мен мұрагерлік етуде Қазақстан мен Қытай қазақтары ортақ құлшыныс жасап келеді. 1984 жылы Қытайда көрнекті ақын, жазушы, журналист Тәліпбай Қабаевтың бастамасымен Қожеке Назарұлы мұрасы туралы «Күй толқыны» атты кітап Шыңжаң жастар-өрендер баспасы жағынан басылым көріп, өнер танушылардың қызу алқауына ие болса, 1998 жылы Қазақстанда Сағатбек Медеубекұлы мен Базаралы Мүптекеевтың шығарған «Жетісудың күйлері» атты кітапқа Қожеке күйлері енгізілген.

Атағы тұтас елге белгілі, қазақтанушы Ақселеу Сейдімбеков «Қытай жерінде, Шыңжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес»,–деген әділ де, салмақты көзқарасы бізге терең ой салады.

Сөз соңында айтарым,  өмірі өксумен өткен алып өнер иесі Қожеке Назарұлы артында «Жетісу күй мектебін» құруды қолға алу қажет деп есептеймін! Дәл осылай жұмыс істелсе, күй пірі Қожекенің әруағы жатқан жерінен үш аунап түсер еді. Халық әрқашан да өз тұлғаларының жоқтаушысы, осы игілікті шаруаға көп болып ат салысайық, ағайын!!!

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф, әдебиет зерттеушісі

 

4475 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз