• Тарих толқынында
  • 06 Сәуір, 2023

Шарғын ақынның өмір жолы

Биыл өмірі өлеңмен өрілген ақын Шарғын Алғазыұлының туғанына 120 жыл толып отыр. Шарғын Алғазыұлы қандай ақын? Өмірі мен шығармашылығы туралы не білеміз? Өлеңдеріне қандай тақырыптар арқау болған? Осы және басқа да сауалдарға жауапты журналист Хамит Алғабектің төмендегі мақаласынан табамыз. 

Жер қайда Шалкөденің саласындай,
Ішіктің құндыздаған жағасындай.
Ақтастан көзің салсаң Тұзкөліне,
Ортада қатық құйған шарасындай.
Тастары Түзу, Қисық,екі Ақтастың,
Жарқырар сұлулардың танасындай.
Көкмайса желкілдеген жағалауы,
Үлпілдер ақ үкінің баласындай, – деп жырлаған Шарғын Алғазыұлы  1903 жылы Алматы облысы Кетпен тауы етегінде, Диірмен деген жерде дүниеге келген. Жастайынан зерек те алғыр бала өлең оқуды, жыр-дастандар жаттауды әдетке айналдырған. Ержете келе елінің қамын ойлап, оқу-ағарту ісіне араласып, ұлт үшін толғанған. Жас ақын алдында қандай қиындықтар мен кедергілер күтіп тұрғанын әсте білмеді. 
1928-1932 жылдары саясаттың сұрқия жоспары бойынша, асыра сілтеудің әпербақандары салған лаңның салдарынан халық ауызындағы нәрінен айырылады. Бұл Голощекиннің «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген атпен жасалған іс-әрекеттің нәтижесінде қазақ елі бұрын-соңды естіп білмеген ашаршылыққа тап болады. Бай-бағландардың малын кәмпескелеп, қарапайым жұрттың талғажау етіп отырған бар малын тартып алып, аштықты қолдан жасайды. Оқу-ағарту ісіне араласқан, елді білімге сүйреп жүрген көзі ашық, көкірегі ояу білімділерді «халық жауы» деген жаламен жер аударып, келмеске жіберді. 
30-жылдар!.. Мұң-қайғы, қасірет-нала күннен-күнге үдей түседі. Ашаршылық аждаһа боп аранын ашып, ажал-тажал қаумалаған халық не істерін білмей дағдарады. Дағдарған жұрттың алды қырыла бастайды... Саналы да сауатты, жігерлі де намысты ақын тарихи кезеңнің қасіретін дөп басып көрсетеді («Атамекен», 1992 ж. 5 б). 
Осынау қиын-қыстау уақытта, елдің біршамасы жан сауғалау үшін көрші шығыс еліне үдере көшті. Көштің ішінде Шарғын ақын да бар еді. Туған елін тастап, өзге елге кету кеудесінде жаны бар, жүрегі елім деп соғатын кім-кімге де оңай емес. Шарғын ақын осындай күйініштен ақ параққа қара сиямен былай деп жырлайды:
Қош, Долана, Арпалым,
Шынымен сенен кеттім бе?
Жас жаныма жара сап,
Ауыр азап жеттің бе?
Обалы бар деуші еді,
Көктей жұлған шөптің де.
Дұшпандарым «жоғал!» деп,
Көкірекке тептің бе?..
   Қиыншылықтан азып-тозып барған халықты көрші ел құшақ жая қарсы алмады. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, тозған елді тонап, күш көрсетушілер де аз болмады. Бұл жайында ақын өлеңімен былай деп суреттейді: 
Кейбіреу нан таба алмай зарлап жүрсе,
Ауызы кейбіреудің майланып жүр.
Шығынға белшесінен кедей батып,
Таба алмай жаяларға айдалып жүр, –
 деп көшіп барғандағы көрші елден азап шегіп, қорлық көрген қандастардың жанайқайын бір шумақ өлеңге сыйдырып жібергендей.  Батыстан іле-шала суық хабар келіп жетеді. Туған бауыры бұлар үдере көшкенде, елде қалған болатын. Жан дегендегі жалғыз бауырының бұл фәни дүниемен қош айтысқанын естігенде қайғыдан қан жұтып, өз өлеңінде: 
Кешегі ұрпағымын Алғазының,
Артында жалғасымын, жалғызымын.
Айырып елден жұрттан кеткенімде,
Жат елде, қаза болды жалғыз інім.
Ақын ет бауырынан айырылып, туған жерден жырақта жүріп, онымен қоймай көрші елде абақтыға жатып, кіндік қаны тамған Отаныма жете аламын ба деген сағыныш, үміт, арман іштей арпалыста болғаны жасырын емес. [Жамбыл әлемі, 17 том, Алматы, 2021, Шарғын 184 б.]
 Бойына тың шабыт құйылып, жігері тасыды. Аудан, аймақтың оқу-ағарту ісін басқара жүріп, ұлт азаттығына деген халық арманын жырға қосты, отарлық езгіге, жауыздық пен зұлымдыққа қарсы ашу-ызасын өлеңмен ақтарды. Білім саласында табан аудармай ұзақ жыл істеп, Тәңір тауы баурайындағы қазақтардың бірнеше буынын білімге баулып, азат ойға, ізгі жолға салып, қанаттандырды. Осы уақыттар ішінде ақын өз бетімен білімін жетілдіре түседі, қазақ, қытай, ұйғыр тілдеріндегі кітаптарды молынан оқып, Батыс-Шығыс әдебиеттерінен қанып сусындайды.
Ақын өлеңдері алғаш Үш аймақ төңкерісі кезінде үш аймақ уақытша үкіметінің күнделік орган газеті «Алға», «Төңкеріс таңы» газеттерінде және «Одақ» журналында жарияланған. Кейін «Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Шыңжаң әдебиет-искусствосы» қатарлы басылымдарда да бір топ өлеңдері жарияланған. 1957 жылы автономиялы аудандық Жазушылар одағының қаулысымен өлеңдер жинағы баспаға ұсынылған болса да, кейінгі аласапыран жағдайға байланысты бұл топтамасы басылым көрмей, ұшты-күйлі жоғалғаны өзекке өкініш толтырады.  
 Елім деп еңіреген есіл ерлер сыртта жүріп, ұлт қамы үшін елдің ертеңін ойлап, жастардың көкірек көзін ашу ниетімен аянбай тер төкті. Қара түнде адасқан адамның алдынан жарық нұр көрінгендей қилы да, қиын уақытта оқу-ағарту ісімен айналысып, білімге деген нәр құйып жүрген Дәулеткелді мен Таңжарық сынды білімді, мықты азаматтармен Шарғын ақынның танысуы үлкен септігін тигізді. Жігерін жаныды, намысын қайрап, білімге деген құштарлығын одан әрмен оятты. 
   1939-1940 жылдары Гоминдаңның Шыңжаңдағы қанішер билеушісі Шың Шысай еркін ой мен еркін өрісті әрекетке тосқауыл қойып, халықтың ішінен шыққан көзі ашық, көкірегі ояу, халықшыл зиялы қауым өкілдерін жалған жаламен тұтқындап, бастарына үлкен қатер төндіреді. Бұл сойқан жоспар екі ақынды да айналып өтпеді.
Шығыс Түркістандағы демократиялық ой мен ұлт-азаттыққа талпынған әрекеттерге қытай қорғанындай тосқауыл қойыла бастады. Отаршыл қытайдың жергілікті баскесер билеушілері кісілік құқықты аяққа таптаудың, адам санасын бұғалықтаудың, сөз, ой бостандығынан тыйып тастаудың сан түрлі шараларын ойлап тауып, оны хайуандықпен жүзеге асыра бастады. Осынау бір алапат зұлымдық Шарғын, Таңжарық секілді халық қамқорларын, ұлт-азаттық идеясының насихатшыларын алдымен іліп әкетері екібастан белгілі жағдай еді. Айдаһардың ауызынан шашылған отының жалыны екі ақынды да айналып өтпеді. Шарғын ақын Құлжа түрмесіне, Таңжарық ақын Үрімжі түрмесіне қамалып кетті. Тар қапастағы көрген азап пен қорлықты Шарғын ақын былай ашына суреттейді;
Текестен Әжі менен Халық кетті,
Қосақтап екі арысты алып кетті.
Жалынды Ахметжандай 
қайран жастың,
Бір түнде ішек-қарнын жарып кетті.
Бермесе құдай түбін, кім біледі,
Балаға ата-ананы зар ғып кетті, – деп 40-шы жылдың кесапатын жан түршіктірердей дәл суреттейді. Абақтыда жатқанымен бір сәт те қасиетті қаруы – қаламын тастаған емес. Ақ парақтың бетіне күйініштен туған сағыныш, ел қамы, ұлт тауқыметі, болашақ ұрпақ жайлы терең тебіріністерін түсірумен болды. Кеудесінде жүрегі соғып тұрған әрбір жанның туып-өскен топырағынан жыраққа кеткенде іш-құса болуы заңдылық. Ақын суын ішіп, ауасын жұтқан Текес ауылы жайлы да тебірене еске алады;
Текес, аз күн сені мекен еттім,
Топырақ бұйыра ма кемеріңнен,
Текесім, асқар тауым, сен де аман бол.
Біраз күн дәм татып-ем мен өзіңнен.
  Түйдей құрдас екі ақын да темір торға қамалып, жыр шумақтарын жазуды тоқтатпады. Шарғын Алғазыұлы жайлы айтқанда Таңжарық ақынды да тілге тиек етпей кету мүмкін емес. Соның ішінде түрмедегі азапты да қорлықты сәттерді  «Түрмедегі хал» атты өлеңінде Таңжарық ақын күйіне суреттеді;
Көмірге отырғызып ұсақ шағып,
Қан деген май құйрықтан судай ағып.
Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,
Шыбын жан шығып кетпей 
тұрсың неғып!?
Осындай әлеметтер толып жатыр,
Қайғымен не сарбаздар солып жатыр.
Күніне бір қорадан жүзден өліп,
Өлгендер түрме ішінде толып жатыр.
Ақын өлеңдерінде хайуандар да жемтігін азаптамай ауыз салатын еді, мыналардың ісі олардан да төмен, озбыр екен деп ашынды. Ақындар қамалған 40-шы жылдар мен 1945 жылға дейінгі Үрімжі түрмесінде қайтыс болғандардың саны отыз мыңдай деп күйіне жырлайды Таңжарық ақын. 1943 жылы Шарғын түрмеден босап шығып, өзінің шығармашылықтағы бауырының, құрдасының аман-есен шығуын тіледі. 1946 жылы Таңжарық ақын да Үрімжі түрмесінен босап шықты. Осынау сәтке Шарғын қуаныштан өлең шумақтарын арнады:
Іленің келдің бе аман Таңжарығы,
Жететін аспан-көкке заңғар үні.
Айдалып Үрімжіге кеткеніңде,
Шайнадым ауызыма сап бармағымды, –
деп алты жыл жан төзгісіз азаптың алапатынан аман шыққан сырласының келгеніне қуанады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, көп ұзамай Таңжарық ақын 1947 жылы бұл дүниемен қош айтысты. Шарғын ақын енді ғана бас көтеріп келе жатқанда, қуанышы көпке жетпей қайта солды. 
   Елдің бетке ұстар қаймақтары ақын-жазушылар, білімді азаматтар қамауға алынған уақыттарда Іле, Тарбағатай, Алтай қазақтары қарулы көтеріліске шыққан болатын. Осының нәтижесінде 1945 жылға келгенде, Тәңір тауының солтүстігін қытай отаршылдарынан азат етіп, Құлжа қаласын орталық етіп Шығыс республикасын құрды. Халықтың сұрауымен, ел ағаларының араласуымен түрмеден аман шыққан Шарғын ақынның екі елі ауызына төрт елі қақпақ қойылып, бақылау астында күн өткізді.  Бұл кезде халықтың қуанышында шек болған жоқ. Ал ақындар мен жазушылар бұл жеңісті өлең мен шығармаларға қосты. 
Жаңалықтың жолында қажымайсың, 
армайсың,
Партия жолы сара жол, 
ұғып алғың әр қайсың.
Күншіл болсаң күңіреніп ақыр түбі 
оңбайсың,
Білімді болсаң еліңді қамқорлық етіп, 
қорғайсың.
  Ақын 1953 жылы Үрімжіде өткен әдебиетшілер мен өнер қайраткерлерінің өлкелік тұңғыш жиналысына қатысып, жаңа әдебиет өрісін бағыттаушылардың сапына қосылды. Ал 1957 жылы ҚХР Жазушылар одағының Шыңжаң бөлімшесі құрылған кезде, оның алғашқы мүшелерінің бірі болды. Осы тұста ол өңірге арнайы сапарымен барған Ғабит Мүсіреповпен танысып, бірнеше күн әңгімелесіп, ұзақ сырласады. Кейіннен осы жүздесуді қуана жырға қосады: 
Базардан келген аға інісіндей,
Мәз болып маңдайымыз жарқырады.
Ұлы елдің үлгісінен өнеге алып,
Әркімнің ой-қиялы шарқ ұрады.
О, достар, қадамдарың құтты болсын,
Әлемнің Совет елі шам шырағы.
Өткен жай өздеріңе бәрі мәлім,
Игі іс күннен күнге артылады.
  Өзге мемлекетте жүріп, келешек ұрпақтың болашағын ойлап, алғаш  мектеп ашып, бала жинап, оқыту шараларын жүзеге асыра бастайды. Ақындар сыртта жүрсе де жүректері қазағым деп соғып, бір сәт те туған жерлерін естен шығармады. Түбінде қайтып көшіп келетіндеріне имандай сенді. Үміт үзбеді, бір сәтте ойдан да, өлеңнен де шығармады. Айдаһардай болған Қытай елі алғашында күліп қарсы алғанымен араға жылдар салып, 1957 жылдан бастап шынайы бет-бейнелері анықтала бастады. Пекин «стиль дұрыстау» деген желеумен, зиялы қауым өкілдерінің басына қара бұлт үйіре бастады. 1958 жылы «жергілікті ұлтшылдарға қарсы тұру» деген ұранмен саналы, ұлтжанды азаматтарды, әсіресе, ақын-жазушыларды тұтқындай бастады. Заманның осы тұсы қарақошқылдана бастаған сәтте Шарғын Алғазыұлы 1959 жылы өзінің туған жеріне Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Шалкөде ауылына көшіп келді. 
«Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп қазақ тегінде бекер айтпаса керек-ті. 1916 жылдың сойқанын көріп, 1932 жылдардағы солақай саясаттың қолдан ұйымдастырған ашаршылығын көріп, жаны езіліп, елінің келешегіне алаңдап, Алтай тауынан асып, қиыр шығысқа үдере көшкен жұртпен кетуге мәжбүр болды. Өзін ғана ойламағандығының бір дәлелі – өзге елде мектеп ашып, қазақ балаларының сауатын ашу үшін бар күш-жігерін сарп етіп, аянбай тер төгіп, қамауға алынып кетсе де темір тордың ар жағында жас ұрпақты білімге үгіттеді. Өзінің бір өлеңінде:
Бәріне жас өрімнің бірдей сөзім,
Қолыңнан оқу сүйреп шығарады.
Аяғың бірнәрседен кетсе тайып,
Терісі қара қойдың ағармайды.
Сабынға бөлесең де жуып-шайып,
Жас буын оқу үйрен жоғары өрлеп.
Білім-ғылым үйрену әр саналы, көкірек көзі ашық жастарға тән қасиет екенін әр өлеңінде тілге тиек етуден жалықпады. Білім іздеп, талпынбаса Қазақ елінің дамуы қиын болатынын ойлап алаңдады. Бұл алаңдаушылығын өлеңінде былайша тебірене суреттейді;
Білімді ел өрге басып дамып кетті,
Ортасында әлі жүр бұл – қазағым.
Әлем ортақ адамға десе дағы,
Біреуі де тиген жоқ сыбағаның.
Жатып-тұрып ойлаймын дүниені,
Уайымшыл мен жүрген бір адаммын.
Бұл қазақ осы күйде кетер ме екен,
Басына бір шықпастан мұнараның, – деп білімсіз халықтың өркениетті елдердің қатарына қосылуы ертегіге айналатынын, ол үшін білім, ғылым іздену керектігін зағипқа таяқ ұстатқандай жазып көрсетіп кетті. Ақынның білімге деген ынтасы ХХ ғасырда өмір сүрген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, т.б. ақын жазушылар секілді еліміздің көкірек көзін ашып, білім нәрімен сусындату болды.
Шығыс Түркістан қазақтары тарихында демократиялық бағыттағы азат әдеби ойдың өрістеуіне, орнығуына белсене атсалысты. Халық Шарғын, Таңжарық секілді ақындарды құтқарушы періштедей қабылдап, жырларынан нәр, ойларынан қуат алып отырды. Себебі ақын өлеңдерінде тек саяси лирика ғана емес, халықтық, елдік сипатта, кісілік қасиеттер де молынан сөз болатын.
Білімге ұмтылғанда  ғана біз көрші елдерден оқ бойы озып, ешкімге жалтақтамай, дамыған мемлекеттермен иық тірестіретін дәрежеге жетерімізге сенді. Қай кезеңде де надан елді басқару оңай болғандықтан, елін сүйреген, ақылды адамдардың көзін бірінші жойып отырғаны тарих беттерінен белгілі. Шарғын ақын да көрші елге көшіп кетпей, елде қалғанында бәлки бұл жырлар да қағаз бетіне түспей қалар ма еді... 1992 жылы «Көш-керуен» атты тұңғыш жинағы қазақ елінің шаңырағы жоғары көтерілген шақта Алматыда жарық көрді. 
Ғаламның сыр-сипатын, еркіндік-теңдікті озық ой, сергек санамен танып өскен сарабдал ақын халқының болашағынан күдер үзіп, үмітсіздікке салынбады. «Адам мен адамды, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе – ғылым» деген аталы сөзге, қасиетті қағидаға жүгінді. Тек ғылым-білім ғана халықты алға жетелейді, көсегесін көгертіп, озық елдер санатына қосады, еркіндік теңдікке қол жеткізеді. Елге оралған ақын туған ауылына жиі барып, жүрекжарды жырын да арнады:
О, Диірмен, Диірмен,
Өзіңде жүр ме жастығым?
Сәбилігім қалпында,
Тұр ма үлбіреп жас күнім,
Аңсап жүрдім сені ылғи,
Алысқа ауып бардым да.
Қайда кеттің құрбылар,
Жайраңдап шықпай алды ма? 
Қуанышты жаңалықтардың бірі – шайыр туып-өскен Диірмен ауылының мектебіне ақынның аты беріледі. Осындай елім деп етегі жасқа толып, келешек ұрпақты ойлған ақынның атын бір ауылға берсе де артық болмайды.
Мұзбалақ  ақынның  көрген қиыншылығы да аз болмады. Тарих беттерінде сонау бір қиын да азапты жылдар болмағанда Шарғын ақынның есімі елге мәлім ақын болары анық еді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен сонау жылдары елді  білім нәрімен сусындатқан Шарғын Алғазыұлына арнап бір ескерткіш орнатылса деген тілегіміз бар. Абайша айтсақ, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ақынның артына қалдырып кеткен еңбектерін келешек ұрпақ мәңгі ұмытпақ емес. Талантты ақын 1988 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданы Шалкөде ауылында дүниеден өтті. 

Хамит АЛҒАБЕК,
журналист

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз