• Тарих толқынында
  • 06 Сәуір, 2023

Тәуелсіздіктің тұғыры – тарихта, тірегі – тұлғада

Жақан Молдабеков дегенде қазақтану, қазақтану дегенде Жақан ағамыздың есімі ойға оралады. Қазақты тану – ұлттық рухымыздың күретамыры. Ұлттық рух өзінің тіршілігін ұлт болмысынан алады. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай: рух үшін қымбат дүние – «жұрт қамы, жұрт ісі». Ұлттық рух ұлт зиялыларының ұлт мүддесі жолындағы алуан түрлі қызметтерінен қуат алмақ. Ал, ұлт болмысы өз кезегінде ғасырлар қойнауынан тамыр тартып, тіршілік қалпына қарай өзіндік келбетті иемденеді. Оны тану оңай дүние емес. Әсіресе, жат ниеттің қолынан талай теперіш көріп, қорлықтың, әлімжеттіктің, озбырлықтың, жауыздықтың талайын басынан өткізген аңғал қазақтың болмысына үңіліп, өзін тану мәселесі де кез-келген зерттеушінің қаламы соға бермейтін тақырып екендігі де шындық. Қазақты тану үшін ең алдымен ұлтты сүю қасиетіне ие болу қажет деген де ой түйеміз. Ұлтты сүю қасиеті төл тарихты (мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін) жете білумен қалыптасатын дүние. Бұл сөзімізге ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының тарихи бейнесі дәлел. 
Ұлттың мәдениетін, тілін, дінін, әдебиетін, бір сөзбен айтқанда тарихына тереңдемеген адам сол ұлтты тани алмайды. Тануға талпыныс танытса да қателіктерге жол беретін пайымдаулар туындатуы ықтимал. Ал, ғылымға, халыққа қазақты өз болмысына лайықты танып-білетін зерттеуші қажет.  Жақан Молдабеков қазақтың болмысын жан дүниесімен сезінген, қазақты тануға терең бойлаған, өнімді еңбектерін жазып ұлттық рухымызды биіктетуге өлшеусіз үлес қосқан ғалым еді. Нағыз қазақтанушы ғалым екендігі жазғандарынан ғана емес, жасаған істерінен де көрініп тұратын.  Ғалымның жазған дүниелері қазақпен бірге жасай береді.
Жақан ағамызды көзбен көрмесек те, жазғандарын іздеп жүріп оқып, сөйлеген сөздерін тыңдап жүретін едік. Әрбір қазақ баласына жанашырлық бейнесі де жадымызда. 
Мәскеу мемлекеттік университетін және осы оқу орнының аспирантурасын бітірген, докторлық диссертациясын қорғағанға дейін диалектикалық материализммен, ғылыми таным методологиясымен шұғылданған ғалым қазақтану проблемасын көтеріп қана қоймай, оны ғылыми негіздеп те кетті. Қазақтану мәселесін көтеруге ғалымның өзіндік болмысы, тектілік келбеті себеп болса керек-ті. Қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылынан шыққаны, отбасындағы тәрбие, жақсы ұстаздан білім алуы текті тұлғаны қалыптастырды. Осы тұста жақсы ұстаздың бала өміріндегі рөлі жоғары екендігін де баса айтқымыз келеді. Өйткені, Жақан ағамыздың сұхбаттарында мектептегі ұстазы Сәбит Жиреновтің адамгершілігі туралы, өз өміріндегі рөлі туралы  сағына айтатындығын да оқығанбыз. Ұстаздың адамгершілігі бала жанына адамдық дәнін егіп, нағыз адам болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Ұстазының жақсылығын ұмытпаған ғалымның «Жақсылықтың не екенін білмейтін адам – өзінің не үшін өмір сүріп жүргенін де білмейді. Біреуге жақсылық жасай алмайтын адам, жақсылық жасамақ түгілі, өзіне біреудің жасаған жақсылығын ұмытқан адам – туған жердің, ұлттың қадірін, қасиетін білмейді» деген даналығы да бар [1].
Мәскеуде оқыған уақыт мүлдем басқа заман, кеңестік қызыл империя дәуірі болса да қазақтың студент жастары мүмкіндігінше қазақтың дәстүрі мен мәдениетін Мәскеу халқына барынша танытып бағуға тырысқан. Ал, Ж.Молдабеков Мәскеуде оқып жүргенде 1970-1972 жылы орталық Россия, Украиндағы Қазақ жастарының қоғамдық ұйымы «Жас тұлпардың» белсенді ұйымдастырушысы болды. 
1968 жылы-ақ «Абайды орысқа, жалпы әлемге танытпасақ болмайды»,-деген ой мазалаған. КСРО бойынша философтардың энциклопедиясы жарық көргенде, аудармашы Абай шығармашылығының тереңдігін жеткізе алмағандықтан ақынның ойшылдығы Мәскеу ғылыми қауымына жете жетпейді. Ғалым «МГУ-де осы кітаптың талдауы болды. Бір профессор: «Қазақтар Абайды «ұлы ақын, ұлы ойшылымыз» дейді. Сөз жоқ, Абай – жақсы ақын. Идеясы жақсы. Бірақ, мен «Абай –  ұлы ойшыл» деп айта алмас едім. Әлде мен түсіне алмадым ба?» деді.  Профессордың Абайды сынайын деген ойы, онда шовинистік пиғыл  болған жоқ. Ол өз ойын шынайы айтты. Себебі, мәселе – аудармада еді. Ішімнен «Абайды орысқа, жалпы әлемге танытпасақ болмайды» деп ойлап қойдым. Абай, жалпы қазақ тұлғаларының шығармашылығын зерттеу туралы ойым бұрыннан болатын. МГУ-дің профессорының  мына әңгімесінен кейін сол ойымды нықтай түстім» деп жазған еді [1].
Кеңестік кезеңде ұлттық мәдениетке қатысты мақалалар жариялады. Мәселен, 1977 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының №9 санында «Ұлттық мәдениет өресі» атты мақаласы жарық көрді. Ал, 1990 жылдардан бастап рухани өрлеуге себеп болатын ғылыми мақалалары көптеп жазылды. «Бабаларымыздың бас календарі (//Қазақстан мектебі.- 1991.-№2.-50-51 б.); «Шығыстану институты керек» (//Егемен Қазақстан.- 1991 ,-22маусым/Д.Ысқақов, Б.Темірғалиев, Б.Әміреевтермен бірге); «Іс-қимыл бірлігі жолында (//Егемен Казақстан,- 1991.-22 тамыз). Тәуелсіздік алған жылдары тәуелсіздіктің тұғырлы болуына қомақты үлес қосатын еңбектерін жариялады: «Идеология суверенитета» (//Суверенитет Казахстана: проблемы теории и практики. -Алма-Ата, 1991.-С.72-74);  «Тәуелсіздік идеологиясы» (//Ақиқат.-1992.-№ б.-3-7 бет); «Бізге көбею керек» (//Халық кеңесі. -1993. -9 июнь); «Жаңару идеясы — тәуелсіздік идеясы» (//Ақиқат. -1993. -№12. -7-3-9 б.); (Қазақтану жоне философия» (//Егемен Қазақстан. - 1993. -20 февр.); «Тәуелсіздік тірегі неде?» (//Ақиқат. -1993. -№2. -76-79 б.); «Ұлттық философияның ұлағаты» (//Жас алаш. -1993. -8 сәуір); «Ұлыны ұлы тұтса құт болады» (//Жас алаш.- 1993. -10 май); «Философия және казақ тану»(//Егемен Қазақстан.-1993.- 20 ақпан); «Жаңару идеясы — тәуелсіздік идеясы» (//Ақиқат. -1993. - №12. -7-3-9 б.) және өзге құнды мақалаларын атауға болады. 
Жақан Молдабеков өзінің 1994 жылдан бастап қазақтануға шындап бет бұруына Өзбекәлі Жәнібековтің қазақтану мәселесін көтерген мақаласының «Егемен Қазақстан» газетіне жарқырап шыққандығымен байланыстырады. Сонымен қатар, қазақтану мәселесін зерттеуге Сәбетқазы Ақатай да, Аманжол Қасабек пен басқа да көптеген ғалымдардың түрлі жолмен келгендігін де жазған еді.    
Ал, Мұхамедияр Серікбекұлының  алғашқылардың бірі болып бұрын-соңды тұжырымдалып айтылмаған тың идеяны көтеріп кеткендігін, оның көлемі шағын болса да мазмұны терең, тың зерттеу еңбегі қазақтануға жақын жандарды елең еткізгендігін де айтқан-ды. Ғалым: «Ғылымда проблеманы қою өз алдына бір ерлік, ал оның маңызды екенін көрсете білу өзінше бір жаңалық» деген тұжырымын жасап, «...Бәріміз де бұрын Мәскеуде оқыдық. Бірақ сыртта басқа мәселемен шұғылданып жүріп, бәріміздің бір бағытқа оралуымыздың өзі маған қазір ойланарлық және арнайы зерттейтін мәселе сияқты көрінеді. Осы мәселе енді ойыма кеп жүр. Жалпы тың материалдарды азды-көпті тарихшылар мен археологтар ғана білетін шығар. Сондай тарихшылардың бірі біліп, бірі білмейтін, ал философтардың көбі білмейтін архивте жатқан, әлі ғылыми айналымға енбеген материалдарды орныменен сауатты пайдалана білу, өзінің идеясына ұштастыра, үйлестіре, көрсете білу бізде тапшы болып тұр. Қазір «тану» деген сөз көбейіп бара жатыр, орынды. «Алаштану», «Абайтану», «Бауыржантану» дейді. Мен бәрін де қолдаймын. Соңғы жылдары тұлғалық немесе әлеуметтік өміріміздегі атышулы кезеңдерді шоғырланып, топтасып зерттеу үрдіске айналды. Бұл - қажет дүние. Бұған дейінгі әл-Фараби, Дулати, Жамбыл үлкен көштің бастамасы болды. Ол алдағы уақытта одан әрі жалғасып кете береді деп ойлаймын. Бірақ мен таңғалатын бір жағдай бар. Бәрін айтып келіп, «бізге қазақтану керек пе» деген кезде ғалымдардың біреуі мойындайды, енді біреуінің оған келгенде тілі күрмеліп қалады. Бұл қалай? Мұның бәрі қазақ үшін айтылып жатыр ғой. Егер арыстарымыздың біреуімен шектеліп қалсақ, біз өз мәдениетіміздің өрісін тарылтпаймыз ба? Ешкімді төмендетпейік, бірақ бәрінің түбірінің, бағытының ортақ екенін неге айта алмаймыз. Бұл сұрақты әріптестеріме ашық қойып жүрмін, бірақ мені қанағаттандыратын жауап сирек. Бірақ көш басталып, осы әңгіме қозғалғаннан кейін ол ертелі-кеш өзінің арнасын табады деген ойдамын. Жалпы қазақтануды ғылым ретінде бір адам ғана қалыптастырмайды. Онда үлкен ұжым болып әртүрлі мамандардың бас қосуы керек» [2],- деген өзекті ой-тұжырымдарын айтқан еді. Осы жоғарыда айтылған ойлардан қордаланып қалған көптеген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынғандығын байқауға болады.  
Жақан Молдабеков басқа бағытта қалам тербеген ғалымдардың бір арнаға тоғысуының өзі  зерттейтін мәселе екендігін; тарихшылардың бірі біліп, бірі білмейтін, ал философтардың көбі білмейтін архивте жатқан, әлі ғылыми айналымға енбеген материалдарды орныменен сауатты пайдалана білу мәселесін; оны өзінің идеясына ұштастыра, үйлестіре, көрсете білу мәселесін; тарихи тұлғаларды төмендетпей, олардың бір мүдде-мақсатта болғандығын ашық айту ісін; қазақтану ғылымын дамыту үшін түрлі мамандардың басын біріктіру мәселесін тұжырымдап көрсеткен еді. 
Ғалым тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін ғылыми тұрғыда аянбай еңбек етті. Тәуелсіздіктің  түптамырлары және табан тірері тұрғысында көптеген даналығын қалдырды. Тәуелсіздіктің өміршең болуы тұлғалық қасиеттері биік азаматтардың көптігіне қатысты анықталатындығы сөзсіз. «Тәуелсіздіктің тұғыры – тарихта, тірегі – тұлғада, тұрағы – ұлттық өрнектілікте. Осы үш бағдарды түсіну, талдау және болжай білу – жалаң теориялық проблема ғана емес» деп, адамды түзеу, адамгершілік дәнін қоғамда тереңнен егу ісіне ерекше назар аударды. Жақан Молдабеков «Қазақтану және жаңару философиясы» кітабында: «Адам өз болмысымен, өз діні мен ділінің болмысымен іштей және сырттай жақындасқанда, өзімен де жарасады.   Ата жұртымен жарасқан адам өзінің алдындағы парыздың екі принципін тұжырымдайды. Оның біріншісін И.Кант: «Табиғатқа сәйкес өмір сүр» десе, екіншісін «өзіңді табиғат  жаратқаннан жетілдіре түс» деп атады. Бұл моральдық заңмен өмір сүру – тіршілікті адамгершілік тұрғысынан иеленудің бастамасы.  «Бұдан адамның тұлғалануы неден басталады, қандай негізден және қалай нәр алады?» десек, ол Аллаға табынудан, пенделіктің рухани аштығы мен ішкі кіріптарлығынан арылудан, басқа адамдарды жақсы көруден білінді, – деп те  жазған еді. 
Нағыз ғалым өткен дүниені жазып қана қоймайды, оны бүгінгімен, ертеңгімен байланыстырады. Мәселені көтер біледі, көрсете біледі. Мәселені шешудің жолдарын ұсынады. Жақан Молдабеков жазғандарында қазақты тануға қажетті рухани дүниелер, қазіргі келелі мәселелер, оларды шешу жолдары қоса қамтылып отыратын еді. Көпірме қызыл сөз жоқ, бірақ оқығанға жеңіл, қазақтың сөз өрнегімен айшықталған, ғылыми мазмұндағы келелі тұжырымдарын әдемілеп жеткізетін санаулы ғалымдарымыздың бірі еді. 
Мәселен, ұлттық менталитет ұғымына қатысты айтқандарына зер салсақ. «Ұлттық менталитет деген ұғымда біз тиянақты тоқтамға келген жоқпыз. Өйткені, бұл ғылымға соңғы кезде енген ұғым. Ал, негізінде әрбір ұлттың қалыптасу тарихы күрделі екенін, әр деңгейде қалыптасқанын ескере отырсақ, осында отырған әр маман бір ұғымды өзінше айтып жатқаны заңды дүние. Сондықтан, «Ұлттық менталитет дегенде не білеміз»? деген сұрақ тууы заңды. Әңгіме ұлттық менталитеттің мән-мағынасын ашуда болуы керек. Жағымды жақтарын айттық. Тарихи тұрғыда, кемшіліктерді де айттық. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да күреспен, ізденіспен, жеңіспен де, жеңіліспен де өтті. Біз қай жағын көреміз, қай жағын байқаймыз, сол жағын айтып жатырмыз. Дей тұрғанмен, менталитеттің негізі бар. Ол өмір сүру салты, тәсілі, өмірлік тәжірибесі. Меніңше, осы мәселелерге жүйелі, тарихи көзқарас жетпей жатыр. Біз осыны мойындауымыз керек» дей келе,  өмірлік тәжірибенің үйлестілігі, үндестігі, үлгісі қандай еді деп жіктеп алсақ, соғұрлым біз өзіміздің ұлттық сана-сезімімізді тезірек қалыптастыруға мүмкіндік ашатынымызды дәйектеген еді. Менталитет дегенде өткен өмірді ғана емес, болашақты да ескеру қажеттігін, нені үйрену қажеттілігін білуді, білетін мен білмейтіннің қайсысы көптігін ажырата білуді, әркімнің өз деңгейіне, өз мамандығына қарай көсілу ізденістің алғашқы сатысы екендігін, ғылыми деңгейге жетпегенімізді, заманның жағымды, жағымсыз өзгерістерінің түбегейлі себептерін анықтап, сараптауды,  алдымен адамның өзі жетіліп, содан кейін ұлттық мәдениет, дәстүрді жетілдіру қажеттігін айтып кеткен-ді. Шындығында да адамның өзі рухани жетілмесе, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды қалай бойына сіңіріп, оны өзгеге үйрете алады?!
Сонымен қатар ғалым ұлттық мінездің өлшемі де, өресі де бұрынғы өлшеммен тең емес еекндігін ескеру қажеттілігін айта келіп, одан әрі былай дейді: «Сондықтан да, мен қазір рух деген сөзге қосыламын. Өйткені, менталитеттің қуаты осы рухани бастаудан, рухани күш пен сенімге байланысты екен. Ұлттық менталитет дегенде, қазақтың зиялыларының да менталитетін жетілдіру қажет. Бұл өзімізге сыни көзқараспен қарайтын кезең. Сондықтан, жеке нәрселермен қалып, ортақ нәрселерге жете алмай қалсақ, бүгінгі заман талабынан да қаламыз» [3]. 
Рухани жаңғыру, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерін талдаған мақалаларында интеллектуалды сауаттылық, нақты да терең тоқтам жасаудың қажеттілігіне назар аударып, адамгершілікті сақтайтын салауаттылық пен сауаптылықта деген қағиданы бетке ұстанғандығын жазған еді [4].  
Ұлттық рухты биік ұстаған елдің тектілік келбеті жоғары болмақ. Халық тектілігі ер азаматтың тектілік қалпымен айқындалмақшы. Осы мәселе тұрғысында философ ғалым Ж.Молдабеков тектілік ұғымының көбінесе үш мағынада, яғни тұқым мен қан тектілігін, азаматтың өз басының тектілігін, халықтың тектілігін тереңнен талдай келе былай дейді: «Тектілікті атадан балаға қалыптасқан күйінде қалатын мұра деп ұғыну әбестік. Тектілік – келбетті мен кемеңгердің, есті мен еріктінің әлеуметтік жемісі мен жеңісі, ұлағаттылық пен рухани ұстаздыққа кісілік жол. Нағыз тектінің тірегі мол, жұбанышы жетерлік. Кісілікті тұтатқан, ойында арамдығы, адалдығы мол қатынаста жарастықты, істе үлгіні іздестіріп, бетке ұстайтындар – тектіліктің нағыз жеткіншегі дерлік. Адалдық пен адамдық рәсімін жөн мен риясыз қадір-құрмен ететін, ел жұртында перзенттік ізет-құрметтің өлшемін ұмыт қалдырмайтын, жанашырлығы көп, бұра тартпасы жоқ. Өмір сүйгіш, ел сүйгіш ынтызар – тектіліктің бекем ұйытқысы» [5]. Сонымен, тектілік ұлттық рухтың қуаты, мемлекеттіліктің іргетасы. Себебі, нағыз текті тұлға өзінің Отан алдындағы перзенттік борышын адал орындайды. Тектілікке жетелейтін тарих тағылымы. Ж. Молдабеков текті жанның өнер жолын қуатындығын, сертінде тұрып, уәдесін орындайтындығын, қолы ашық, көңілі жайдары, әрекеті батыл болатындығын жаза келіп, одан әрі «...Нар қалыпты, әдебі табанды азаматтардың қатары толыққан сайын халық тектілене түседі. Текті орта сыпайы да есті адамның кісілік қасиеттері мен оңды қимыл – әрекетін елеусіз қалдырмаған» [5,109 б.], - деп тектіліктің мәнін тереңнен қозғады. Біздің қоғамда да нар қалыпты, әдебі табанды азаматтардың қатарын толықтыру ісіне үнемі терең мән беріп, халықты тектілендіре түсу ісін қарқынды қолға алу мемлекеттілігімізді өміршең етпек. Біз бұл жерде қан тектілігі емес, азаматтың жеке басының тектілігі негізінде қалыптасатын халық тектілігі турасында айтып отырмыз. Отаршылық қамытын кимеген уақыттағы қазақ халқының тектілік келбетінің, демек тектілік тарихының жөні мүлдем бөлек. Қазіргі күнгі тектіліктің жұлым-жұлымы шыққан. Тектіліктің тұтас бейнесін өз бойына жинақтай білген тұлғаны жиі кездестіру де қиын. 
Ғалымның жазған дүниелері көп. Олардың әрқайсысын жеке-жеке талдау қажет. Шағын мақала көлемінде Жақан Молдабеков  шығармашылығын өз деңгейінде көрсету мүмкін емес. Себебі, ғалымның сүбелі еңбектері салмақты зерделеуді талап етеді. Елге пайда болсын, халыққа қызмет етсін деген мақсатпен жазған дүниелерін халыққа пайдалы етіп  өз деңгейінде талдауымыз қажет. Еліміздің жоғары оқу жүйесінде тұңғыш рет  «Қазақтану» арнайы курсын енгізіп (екі тілде), қазақтану мәселесін жаңа методологиялық және концептуальдық негізде зерделеуге жол ашқан, «Қазақ осы, мың өліп мың тірілген»  (Алматы, 1998); «Қазақтану» (Алматы, 2003) оқу құралдары, өзге де құнды еңбектер жазған ғалымның есімі қазақ тарихында мәңгілікке қалды.   
Абайдың ойшылдығын зерделейтін, қазақтанудағы ұлтжандылық және этноэтика, елдік,  кісілік қасиет мәселелерін көтерген мақалаларының, сонымен қатар тарихи тұлғаларға қатысты жазылған көптеген тарихи құнды, оқырманға ой салар рухани дүниелерінің жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Мәселен, «Үлы ойшыл тұлғасы» (//Мухаммед Хайдар Дулати. Ойшыл, тарихшы, жазушы, қолбасшы. -Алматы: ҚазМУ, 1999, -173-190 бет), «Қорқыт ата аруағына» (//Адам әлемі.-2000.-№2.-22- 26 б.), «Абай және адамтану» (//Абайдың дүниетанымы және философиясы. - Алматы: Ғылым,1995. 156 б.); «Дана болмасаң да ұқсап бақ» (//Ақиқат. -1995. -№7. - 64-65 бет) және өзге туындылары бар.   
Сонымен, қазақтанушы философ ғалым Жақан Молдабеков қазақ ұлтының өзіне тесілі өркениет көшінен қалмауы үшін аянбай еңбектенді.  Ғалым ағамыздың жүйрік қаламынан туған шығармалары күн өткен сайын құндылығын арттыра түседі. Өйткені, жаһандану қарқыны үдеген заманда қазақтануға шынымен бет бұратындар қатары артып, өткеннің рухани інжу-маржанының жалынан ұстап, қазақ бейнесін сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап кету негізгі перзенттік борышымыз. 
Алаш зиялылары жазып кеткендей: «Жұрт болудағы мақсат осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл – нәсіп, үрім-бұтақтың кем-қор болмауы үшін керек зат... Кейінгі жас буынның көрген күні не болады?! Біздің жұрт осыны ойлау керек» [6]. 

Құралай СӘРСЕМБИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты

Пайдаланған әдебиет тізімі:
1.Мантай А.Молдабеков және қазақтану. //Алматы ақшамы. -23.09.2015. 
2.Молдабеков Ж.  Қазақтану ғылымы әлі институттық дәрежеде дами алмай отыр. -www.inform.kz. -2011. -12 тамыз.
3.Қазақтың ұлттық мінезі және менталитеті қандай? /Қамшы. -2013. -4 маусым.
4.Молдабеков Ж. Жаңарып сұрыптал, адалдықты таңдап қал.- aikyn.kz.-2017.-05.10.   
5. Молдабеков Ж.Тектілік – өнеге ажары //Ұлт тағылымы. -№ 3. -2000. -108 116 б.
6. Қазақ /Құраст. Субханбердина Ү. А., 1998.- 560 б. (252 б.).

778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз