• Заманхат
  • 27 Маусым, 2023

НАЗЫМ ХИКМЕТ

Серікқали ХАСАН,
жазушы, журналист, 
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі, «Аqiqat»

 

Паустовский бұл кезде кемедегі өзге саяхатшылардан сәл шеткерірек, оңашалау бір тұста тұрған еді. Өзінің каютасында бұның да құмарта оқып жатқан кітаптары аз емес. Былайғы кездерде қаншама рет өзіңнің қолыңа алсаң да, тереңіне қарай үңіліп, ұзақ оқуға уақытың бола бермейтін талайғы қызықты, әрі бұрын қаншама рет оқып, аңсары, қызығушылығы бір таусылмай-ақ қойған таңсық кітаптарын бұл жолы да өзімен бірге алып шыққан еді. Соларының қай-қайсысына үңілсең-ақ болды, қапелімде содан еш көз айыра алмай, ұзақ отырыңқырап қалатын. Жоқ, қазіргі сәттердегі бұның бір ерекше аңсары болып тұрған нәрсе, өзгеше бір сырлы дүние, не сонау алыс жылдардағы талайғы сырлармен тығыз байланысты өзгеше бір қалың кітап, жоқ, әлде оны ақын Назым Хикметтің осы елдегі өміріне қатысты баллада десе, әбден-ақ жарасар ма еді?!
Өзі де қатты толқып кетті-ау, сірә!.. Тағы да сол арғы дәуірлердегі тарихы тым тереңдерге қарай ұзап кететін қарт Батуми! Өзінің талайғы қызықты кезеңдері өтті ғой, сонда! Паустовский өзінің шығармашылықтағы ең алғашқы небір қызықты дүниелерін сонда жазып, соның бәрі бертіндегі телегей теңіз шығармашылық әлеміне өзіндік бір әсер-ықпалын тигізбеді ме?! Бұл көне Батуми сол атақты Қара теңіздің баяғыдан бергі бір көңілге ыстық еркесі еді ғой. Батумидың теңіз жағалауындағы өзінің көнелігімен де, сұлулығымен де таңырқатпай қоймайтын өзге көп қалалардан басты бір артықшылығы, өзінің бейнебір баяғыдан бері осынау табиғат-анамен үндесе қалғандай бір ерекше тыныштығы емес пе және де сол бір ұйыған тыныштықтың өзі сен үшін қашан да қандайылықты бір қастерлі дүние еді десейші; оның ылғи да сенің көкейіңде небір аңсарлы сезімдер ғана туғызып, көп ретте тек бір өзінің сонысымен де ешқашан бір жерге тоқтап қалмай, одан әрі көңілдегі тағы талайғы небір көрікті ойларды өрбіте қалатындай өзгеше бір құдіретті күші тағы жетіп жатыр емес пе?!
Мүмкін, Назымның әу бастағы қайткен күнде де жан сауғалап, кешегі күндері өз еліндегі өз бастарына төнген қауіп-қатерден қалай да аман қалу, не осылайша бір қиырдағы осынау теңіз жағалауындағы бір тасалау жерде тұрып, тағы біраз уақыт бойына осылайша еркіндікте өмір сүріп, көңілге әлдебір қаяу түсіргендей бұрынғы өткеннің бәр-бәрін сәл ұмытқандай-ақ болып, алда жаңаша бір ғұмыр кешуге деген ұмтылысы енді бір-ақ сәтте тағы өзгеше құлпырып, ақын жүректің шығармашылық құнарын одан әрі де нәрлендіре түспесіне кім кепіл?! Ә дегенше-ақ қаланың ішін шарқ ұра аралап, кейде өзі сондағы әлдебір саялы бақтардың ішіне ұзақ кідіріп, қайсыбір кездерде тіптен сонау қала сыртына дейін саяхаттап барып, бірақ, дейді, ол соның бәрінде де іргедегі толқыған алып толқындары терең жарды тіптен мазасыз ұрғылап, ертеңді-кешке дейін осыншама гуілдесіп жатқан Қара теңіздің жағалауынан ғана бір шығатын. Соның бәрі де тіптен тегін емес, ол әрдайым кешкілік үйге үнемі өзінің сергек, әрі тым қатты шабыттанған қалпында ғана оралатын. Бұл өзі күні кеше ғана Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырап, сан ғасырлар бойына салтанат құрып келген әйгілі Осман империясының іргесі әбден ыдырап, сондағы тарыдай-ақ болып шашылған түрік халқының ендігі жерде өз мүдделерін, тарихта тұңғыш рет осылайша тап келіп тұрған өз мүмкіндіктерін қапелімде уыстан шығарып алмауға тырысып, өз елдерінде Түркия ұлттық мемлекетін құрып, ендігі жерде тек бір соның іргесін одан әрі нықтап, шаңырағын әрі қарай тағы біршама биіктетіп жатқан кезде болған жәйттер еді ғой! Жоқ-ау, тіпті, сол кезде кешегі өткен алып Осман империясынан қалған жерлер мен сондағы бар байлықты иемденіп, шетінен тағы оңды-солды жұлмалап, өздерін тіптен қасқырдай-ақ талап жатқан жағдайлар да кездеспей қалмады емес пе?! 
Әйгілі Ататүрікті тарих сахнасына шығарып, Түрік елі, түрік халқының маңдайын жарқыратып шыға келген тарихи кез дәл осы кез еді ғой. Соның өзінде де әлемдік ауқымда өрістеген небір аласапыран тірліктердің олардың арғы дәуірлердегі өз ата-бабаларынан қалған өз елдеріне өздері ие болуға деген арманға толы ниет-талпыныстарына тағы еш мұрсат бермей, талайдан бері аяқтарына тұсау салып, өздерін орта жолдан тап бір кешегі Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезіндегідей, әбден қара тақырға отырғызғысы келіп жатқан алып күштер тұс-тұстан тағы кездесіп жатпады ма?! 
Назым кешегі күндері алыстағы Анкараға сондай кездердің бірінде тап болып, сол жағынан біраз уақытқа алыстағы тыныш жатқан Болуға бара тұрмақ болып, бұл қу тағдырдың әрі қарай тағы қалайша ту-талақай күйге ұшырағандығын көрмейсің бе?! Қаршадай ғана түрік баласы, әрі өзі талантты Назымның сол кездегі өз сүйікті Анадолысының қиын тағдыры сынды, өз тағдыр-талайы да нет-кен аянышты еді десеңші?! Назым сол бір күндерде өзінің бергі беттегі тыныш, бейбіт күн кешіп жатқан Батумиге дейін аман-есен келіп жеткендігіне қуанды емес пе?! Өзі бұнда біршама үйреніп те қалған. Тек оның ендігі алдағы тағдыр талайы қалайша өрілмек?! Ол соңыра бұнда кім болмақ?! Білетін біреулері: «Назым теңізді, әсіресе, осы біздің Қара теңізіміздің жағдайын, мәселен, оның қай жағалауы қай өңір, қай ел, қай қала, қай айлақ-порттармен ұштасып, бұл атақты теңіздің үстімен әрдайым қандай кемелер мен пароходтар жүзіп жүретіндігіне дейін де жақсы біледі! Өзі осынау алып теңізде бұрын да талай кемелермен жүзген нағыз бір сайыпқыран теңізшілерге ұқсайды! Пәлі, ол баяғыдағы осы өңірден шыққан небір атақты теңізшілер құсап, соңыра осындағы кемелердің біріне жалданып, күні ертең мынау дегендей бір мықты теңізші болмасына кім кепіл?!» - десе, ендігі біреулері: «Назым кешегі күндері арғы беттегі айлақта балықшылар кемесіне жармасып, бері қарай бағыт алғанда, сондағы жолдың үстінде кемедегі балықшылармен достасып, солармен осыншама шүйіркелесіп, өзінің осы кезге дейінгі өзгелерге тіс жарып айтпаған талайғы сырларын соларға айтыпты! Біздің балықшылар Назымды қатты ұнатып қалып, осында да онымен әліге дейін үнемі кездесіп жүреді екен. Сірә, ендігі жерде оның алдағы болашағы осы бір теңізбен тығыз байланысты болып, қарапайым балықшылық өмірмен ғана жалғасқалы тұр-ау?!» - дегенге дейін де айтып қалатын.
Сондағы сол кез, Назымға қатысты айтылып жататын әлгіндей сөздер Паустовскийдің өзінің де есінде мұқият сақталып қалмады ма?! Эһ, тағдыр, тағдыр! Ұлы түрік әдебиетінің жаңа кезеңдегі жас мұрагері, өзі де әлден-ақ жарқырағалы тұрған Назымның сол бір күндердегі осыншалықты қыл үстінде тұрған тағдыры бұларды да қатты толғандыратын еді-ау! Бұндай ой кейде бұлардың өздерін әжептәуір мұңайтып-ақ тастайтын! Олай демеске тағы еш шараң жоқ! Сол кездегі бұлардың өз тағдыр талайлары да тап бір кеше ғана алыстағы өз туған елінен сондағы іргедегі алып теңіздің келесі бір бетіндегі жағалауға дейін қашып келіп, көптен бері осыншалықты қамкөңілді күйде жүрген Назымнан асып тұрғандығы шамалы еді! Эһ, Назым!.. Қайран бауыр-ай!.. Күні кешегі әлдебір қиырлардан осыншама жөңкіліп келген шетелдік интервенттер басып алып, талай уақыт бойына осыншама жаныштаудай-ақ жаншыған сол атақты қарт Ыстамбұлдан қашып шығып, Анкарадағы Ұлттық азат етушілер әскерінің қатарынан табылуға асығып, ойпыр-ай десеңші, сол бір күндерде алда әлі не болып, өздерінің алда әлі тағы қандай тағдыр талайына жолығарларын білместен, бірден жас ақын Назым Хикмет бастап, жаяулап-жалпылап жолға шыққан жас түріктердің тағдыры, пәлі, соның бәрі тек бір сол әлгі атақты Қара теңіздің арғы жағалауындағы бұрынғы атақты Осман империясы, ендігі жерде өздерінің азаттық жолындағы күрестерін тіптен-ақ үдете түскен Түркия елінде ғана болды ғой демесең, дәл сондай аумалы-төкпелі кезеңдер, дәл сондайылықты небір аласапырын тірліктердің арасында әлдебір тағдыр тәлкегіне ұшырап, мүлдем ғайыпқа сіңіп кете баратындай қиын шақтар дәл сол кезде бергі жақтағы қаншама күрделі қоғамдық-формациялық өрлеу кезеңдерін бастан кешіп, енді ғана адамзаттық өрлеу белесіне тыңнан жол салуға барынша ұмылып жатқан бұлардың өз бастарында да талай мәрте кездеспеді ме?!
Тап қазір осынау алып кемемен алыстағы Ыстамбұлды бағытқа алып, алдағы ұзақ мерзімдік саяхатқа кетіп бара жатып та, Паустовскийдің сол кезді осыншама бір толғаныс үстінде еске алып отырғандығын қайтерсің?! Назымның көп жырлары өз Анадолысында, дәлірек айтса, өз сүйікті Ыстамбұлында, күнде іргесіндегі Босфор бұғазы, Галата биігі, Галата мұнарасы, Алтын Мүйіз шығанағы, ара-арасында өзіне сонау бала кезден бергі таныс, әрі көңіліне ерекше ыстық болып, қашан да адам көңілінде бір ерекше сағынышты сезімін туғызатын Бейоглу ауданы, сондағы атақты Тахмин алаңы, Гезтепе кварталы, тағысын-тағы арғы-бергідегі талайғы ақын-жазушылардың шығармаларына арқау етілген тарихи көшелер мен алаңқайлар, саялы бақтар, арасында тарихилығы мен өзіндік сыр-шежірелерге толы Гүлсарайдағы әдеби кештерге қатысып, сол кездегі өзінің тіптен қатты әсерленіп, ағыл-тегіл шабыт шалқарына бөленіп жүрген кездерінде жазылғандығы жиі айтылып келе жатыр емес пе?! Бұнда, әрине, Назымның шығармашылық ғұмырбаяны мен шығармашылықтағы тылсымы терең құпияларын ашатындай бірқатар көркемдік шындықтар да жоқ емес-ті!
Қайта Назымның өзі сол атақты Гүлсарайды, сондағы талайғы жырқұмар жұртшылықтың алдында селдетіп, гүрілдетіп жыр оқыған сәттердегі қиялын тіптен шарықтаған сайын шарықтатып, сондағы ыстығы әлі басылып үлгермеген жыр-шашудың үстінде тағы бір әлі жазып үлгермеген жаңа жырларына қанат бітіргендей болған небір қастерлі сәттерін көбірек ауызға алатын болып жүр емес пе?!
Білетіндер Назымның бертінде осынау Мәскеуде, осындағы Переделкино мен Қырымға жасаған сапарларының бірінде жазылған, оқырмандары арасында айырықша ыстық сезіммен қабылданған «Мен шексіз сүйеді екенмін» деп келетін бір өлеңінің өмірге келген кезі 1960 жыл дейді. Болса болар, сол жырдың астына таңбаланып қалған ай, күні, жылына дейін дәл солай екендігін Назымның өзі де жоққа шығара қоймас! «Жоқ, Назым, сен осы бізге шыныңды айтшы, сенің сол бір «Мен шексіз сүйеді екенмін» деген өлеңіңде дәл сол бүгінгі осындағы әдебиеттанушылар мен хикметтанушылар айтып жүргендей, кезіндегі өз сүйікті Ыстамбұлың мен осындағы Мәскеуде өткен небір есте қаларлықтай күндеріңнің емес, сол алыста қалған жылдардағы бітімі бөлекше Батумидағы ең бір ұмытылмастай шақтарыңның әсер-ықпалы көбірек көрініс беріп жатқандай-ақ емес пе?!» - дегісі келмейтін бе еді?! Эһ, дәл сондай бір толғанысты сәттерінде жүздесе қалса, бұл одан соны анық сұрайтын еді ғой. Гүлсарай, тағы да сондағы гүлзар баққа оранған ортадағы жылы жүзді кездесулер мен соны Назымның әліге дейін ұмыта алмай, ара-арасында өзінің жаңа бір жырларының арасында өзінше құлпыртып, сондағы өз сағыныштарының сазын қосып, тіптен-ақ шырайландыра түсетіндігі... Өй, бәлі, бұл кездегі ақын Назымнан сұрайтын жәйттер тіптен де аз ба еді?!
Оның бірде түнгі аспандағы жарқыраған сансыз көп жұлдыздарды, бірде ұлпадай ақ қар, дүлей боран, аспанда жүзген ақшабұлттар, әлдебір мүлдем аяқ астынан сіркірей жөнелетін ақ жауын, соның бәрін әбден осынау алпысқа келген шағында қайтара бір зор сағынышпен еске алып, өзінің сол бір шабытты, шалқарлы шақтарында соның бәрін қалайша пәк көңілмен сүйсе, әлі де ерекше бір құштарлықпен сүйетіндігін бірден ашық мойындағандығы... Сондағы таңғажайып түн ханшаларынан бастап, тағы қаншама түрлі-түсті гүлдерге дейін есіне алып, өз еліңдегі Кадыкейдегі гүл дестелері арасында серуендеп жүргенінде, Мариконы әбден құштарлана сүйгенде, өзгеше бір хош иістің шалқып сала бергіндігіне дейін сондағы сөз сиқыры, өзгеше бір пайымдағы жыр өрнектерімен тіптен құлпырта түскенде де, Назымның бұл елдегі ең алғашқы бір бұндайылықты зор әсер-сезімге бөленген кезі дәл сол кешегі жиырмасыншы жылдардың басындағы Батумида да талай мәрте кездеспеп пе еді?!
«Есіңде ме, Назым?! Сол жырдағы сен сүйген жаңбыр Батумидағы әлдебір өзінің жылы буын бұрқыратқандай жауын емес, дәл сол кешегі күндері өзің осылай қарай балықшылар кемесінде отырып келе жатып, алдағы өз тағдыр-талайыңның әлі қалайша болып өрілетіндігін біле алмай, іштей сарылып, ағыл-тегіл уәйімге берілумен отырған шақтарыңда, әрі сондағы ашық теңіздің үстінде жолықтырған, өзің бертіндегі тағы талайғы әңгімелеріңе арқау еткен жұмбақ сырлы жауынға көбірек ұқсаңқырайтындай емес пе?!» - дегісі келер еді-ау, бұның қазір де өз қиялындағы Назымды мазалауын әліге дейін бір қоя алмай.
Қазір де кемедегі абыр-сабыр біршама сейілгендей болып, осынау атшаптырымдай ұзын да кең палубаның үстінде бір сәт өзгеше бір тыныштық орнай қалғанда, өзінің Тарустағы үйіндегі кітаптарға осыншама сықап тұрған шкафының тұтастай бір бөлігін алып тұрған жыр жинақтарының (олардың арасында Назымның баяғыда санау жиырмасыншы жылдары және бертіндегі Мәскеудегі шығармашылыққа толы өмірінде жылма-жыл, кейде бір жылдың өзінде-ақ бірнеше баспадан қатар жарық көрген кітаптары да бар еді) арасындағы кітаптарының қайсысынан кейін қайсысы өмірге келіп, қайсысы қайсысының жалғасы, не солардың қайсысын арада соншама ұзақ уақыт (өз өміріндегі азапты жылдар мен ең бір қиын сәттерді қоса есептегенде) өткенде, енді өзгеше бір қырынан толықтыра түсіп, сол баяғы адамтану, адам жанының ішкі сырларына тереңірек үңіле отырып, әлдебір шарықтай түскен шақтарда тек бір қиялдың жетегіне қарай ере бермей, өз өмірімен терең ұштастырып, сені де қызықтырып, ынтықтыра түсіп, одан әрі тағы тек бірыңғай Назымның өз жыр-ғұмыры, өз поэтикалық ғұмырбаяны болып келетін талайғы жыр-маржандарына дейін есіне түсіп, кейде әлгінде ғана бір парақтап өткен тұстарын шұғыл қайта парақтап, іштей жанығып, қайтара бір үңілгендей болып отырып, қайсыбір қалыңдау мұқабасы да құлпыртылып, дәл бір Назымды қуантып, сондағы өз жыр жинағымен бейнебір өзіне қайтара бір сый жасағандай-ақ болып шыққан кітаптағы әлі де бір ыстығы басылмаған жырлардың арасынан оның «Өмірбаян» атты өлеңін тауып алып:
-Пәлі, Назымның өзі үшін де ерекше ыстық болып көрінетін бұл туындысын ол осы бертінде ғана жазып, соңғы кездердегі жинағына енгізгенмен, соның өзі... тәйірі-ай, соның өзін Назым баяғыда Батумида жаза бастаған жоқ па екен?! Жоқ, бәлкім, ол өзі де ұзақ жазылып, бертінде тек сан рет редакцияланып, көп жерлерін бертіндегі ғұмырбаян деректерімен толықтырып, асқақтата түскен сол жырдағы: «1902 жылы туыппын, Қайда тудым – соққаным жоқ мен қайтып, Үш жасымда Алеппода немересі ем пашаның», - дегендей жолдарды өзі сол кезде әлі Қара теңіздің бергі жағалауындағы айлаққа дейін жетіп үлгермей, алып теңіздің үстінде әрі-бері көп шайқалақтаған көнелеу кемедегі әр жастардағы, көбінесе уласып-шуласып, әңгіме айтып, ара-арасында әндетіп жататын балықшылармен, не сондағы өзін тіптен баласынып, бір уақ өздерінің тыныш каютасында бірге отырып, шай ішуге шақырған кеме басшыларының арасында-ақ айтып қалды ма екен?! - деп, өзінің де ойлана қалып, осы бір сәттердегі Назымның жыр-ғұмырбаянымен жүздесу дәл осы бір кеменің үстінде, дәл осы бір әртүрлі тілдерде шүлдірлесетін саяхатшылар өздерінің әрі-бері серуендеулерін әлі бір тия алмай жатқан палубада оның өзімен бетпе-бет кездесуден де бір кем әсер етпегендігіне не дерсің?!
Жоқ, бұл ешқандай алып теңіз де, саяхатшылар кемесіндегі тыныш палуба емес, сол баяғы у-шуы бөлекше айлақ қой!..
Паустовский өз қиялындағы Назым Хикметтің әр жылдарда жазған түрлі тақырыптардағы жырларының жинақтарын әрі қарай да тынымсыз парақтай отырып, оның «Оптимист» деген бір өлеңіндегі «Бала кезде ол шыбындардың қанатын қырықпаған болатын. Қуған емес қалбыр байлап құйрығына мысықтың, Сіріңкенің қорабына ойнамаған қоңыз сап, Құмырсқаның илеуін де бұзбаған – Қызғанам!» дегендей жолдарға көзі түскенде, бертінде Назымның өз қаламынан туындаған жыр тіліндегі осы бір таныс сөздерге дейін кезінде өзінің Назымға қатысты, онымен бұлардың өздерінен бұрын танысып үлгерген байырғы батумилықтардың ауыздарынан талай рет естіген сөздерге көбірек ұқсап, сондағы есінде сақталып қалған таныс үндерге дейін құлағының түбінен тағы бір мәрте жаңғырыға түскендей болған еді.
–Өсті солай, ержетті. Өзі ешкімге істемеген көп сұмдықты, ойлауға да төзбеген тапты, татты өзгеден!..
«Аһ, Назым, Назым?!» - дей жаздады осы сәт Паустовский өзінің қайда тұрғандығын да ұмытқандай-ақ болып. Солай етпегенде қайтпек, бұл жыр шумақтарындағы айтылып тұрған ойлар бір кездегі Батумиға Қара теңіздің арғы бетіндегі елден кеше ғана қашып келген Назымның өз басынан кешкендері емес пе?! Дәл осындай сөздерді дәл сол тұста Назымды білетін, онымен талайғы жерлерде кездесіп, әңгіме-сыр шертіскен батумилық қатарластарынан Паустовскийдің өзі қаншама рет естіп, осынау бір жыр шумақтарына айналған өмір шындығын бір сәт өзінің көз алдына дейін елестетіп көргенде, рас, сол кезде өзінің де жүрегі оқыс шым-шым ете қалмады ма?! Ол, бәлкім, сол шындықты ең алғаш өздерін осылай қарай алып келе жатқан балықшылар кемесіндегі өзі қатарлас жұмысшылардың біріне ғана сыр ғып айтты ма екен?! Тек сол қай кез?! Жаудың қол астындағы Ыстамбұлда, сондағы жатжерлік басқыншылардың тарапынан көрген құқайлары ма, жоқ, әлде өздері Анкарадағы азатшылдар әскерінің көсемі, бас қолбасшы Мұстафа Кемал-пашаны кәдімгідей арқа тұтып, алда әлі онымен өздерінің сүйікті Ыстамбұлдарында, не сонау Анкараның төрінде-ақ қайтара бір шұрқырасып көрісетіндіктеріне үміт артып жүргенде, Болудағы көрген азаптары ма?!
–...Тапты, татты өзгеден!..
Тек бір осынау сенің сезіміңді осып өткендей-ақ болған сөздердің өзі-ақ бұны дәл сол кез, дәл сол тұстағы қарт Батумиға қайтадан тездетіп жетелеп алып келгендей ме, қалай?! Бұл да сол кездегі өзіне оттай ыстық болып көрінген көнелеу ғимараттағы редакцияның бөлмесінде тынымсыз жазу жазып, ұзақ отырыңқырап, жұмысынан күндегіден гөрі сәл кештеу шыққан екенмін дейді.
Сол кезде де Паустовский дәл осылайша ойға шомған еді! Назымның өзін әлі жете танып-біліп болмай жатып-ақ, ол туралы ілуде бір тиіп-қашты қылып естігендері бойынша, күні кешегі Ыстамбұлдағы Назымның жастық шағы өткен Бейоглу ауданы, сондағы атақты Галатасарай лицейі, Тахмин алаңы, Гүлсарайдағы гүлзар бақ, сол алып шаһардағы кезінде бірінің ғұмыры орта тұсынан үзіліп, ендігі бірінің орындарына ертесіне тағы екінші бір газет-журналдарды шығарушылар келіп жатқан сол кешегі ғасырдың алғашқы жылдарындағы көне ғимараттағы редакциялардың бөлмелеріне дейін де шарлап кеткендей болатын!.. Рас, Назым кешегі күндері өз елінде, сондағы өз сүйікті де, өзіне әрбір көне квартал, көше, алаң, саябақ, небір тарихи орындары мен елге танымал газет-журнал редакциялары шоғырланған сәулетті ғимараттарына дейін ерекше ыстық болып көрінетін өз сүйікті Ыстамбұлында дәл осындағы бұлар сынды, көпке танымал, таралым саны күн санап, тіптен көбейіп келе жатқан газет редакциясында жұмыс істеп, жер-жердегі оқырман-достармен дәл осындағы бұлардай-ақ тығыз қарым-қатынас орнатып үлгермегенмен, ол бұндағы бұлар үшін қашан да Шығыстағы ең әдемі, ең бір тіршілігі қызу айтулы шаһарлардың біріндей-ақ болып көрінетін қарт Ыстамбұлдағы өзінен бұрынғы атақты ақындарды көп көріп, кезінде, тіпті, өзі солардың бірқатарының қастарынан да табылмады ма?!
Ыстамбұлдағы үлкен әдеби өмірдің жаңа кезеңдегі жолашары болып, өзі де сол тұстағы үлкен бір әдеби ортаны қалыптастырған «Ғылым байлығы» журналы шығып, оның әрбір жаңа санын ақын-жазушылар ғана емес, жер-жердегі қарапайым әдебиетсүйер қауымға дейін іштей асыға күтіп жүрген кезде, Назым, әрине, тым жастау болатын! Солай бола тұрса да, оның әу баста сол әдеби журналдың негізін қалап, сондағы үлкен әдеби ортадағы абырой-беделін аспандата түскен, әрі сол тұстардағы түрік әдебиетінің тың күш, жаңа бір көрнекті өкілдері дәрежесіне дейін көтерілген Тевфик Фикрет, Халит Зия Ушаклыгиль, Сүлеймен Назыфты білмеуі, көрмеуі тіптен мүмкін емес қой! Ол солардың бірі болмағанмен, бірінің алдарына дейін барып, өзінің алғашқы бір тырнақалды өлеңдерін көрсетіп, сол алыптардың өзіне әлдебір ақыл-кеңестерін беруін қаламады дейсің бе?!
Ол, бәлкім, кешегі күндері өзінің Батумида болған шақтарында, бір уақ соларды да сағына еске алмағандығына кім кепіл?! 
Назым жаңағы өлеңінің келесі бір тұсында:
–...Соңғы сағатында болдым қасында, – дейді. Өзі де қиялшыл, өз шығармашылығындағы талайғы үлкенді-кішілі прозалық туындыларын қиял әдеміндегі небір көркемдік тәсілдерімен құлпырта суреттеуге әбден машықтанып, шеберліктің биік шыңдарына дейін әлдеқашан-ақ жетіп үлгерген, әрі көңілдегі талайғы түйткілдердің құпиясына өз қиялы, өз ішкі әлемінде-ақ жетіп жататын Паустовский тағы да Назымға қатысты жәйттерді есіне түсіріп, өз таным-пайымында әрі қарай тым ұзаңқырап кеткендей болған еді. Жоқ, Назым сондағы бұл өлеңін кімге арнады десейші?! Соңғы сағатында қасында болғандығына дейін алға тартып тұрғандай емес пе?!
Паустовский Назымға қатысты деген талайғы түрікті танымал ақындарын есіне алды; онда да, алдымен, есіне түскені талант қуатын тасқындатып, кезінде өз ортасына сыймай, бұ дүниені баз кешкендей болған Тевфик Фикрет, Халит Зия Ушаклыгиль, Сүлеймен Назыф еді-ау!.. Тек солардың өздері де бұған бір кездегі орыс әдебиетінің алтын ғасырын қалыптастырып кеткен ұлы Пушкин мен Лермонтов, поэтикалық өнердегі солардың іздерін лайықты түрде жалғастырған Некрасов пен Есенин сынды болып та елестей қалғандай ма-ау?!
Соның бәрі әлгіден бері осыншама тоқтаусыз алға қарай ұмсына түскен алып кемедегі палубаның үстінде кешкі теңіз, осыншама қызара бөртіп, әлдебір қиырдағы өз тұңғиығына қарай сіңіп бара жатқан күннің сол бір сәттердегі таңғажайып келбетіне ақырын көз салып қойып, ағыл-тегіл ой кешіп тұрған Паустовскийдің өз қиялында болып жатқан дүниелер болса да, сол бір алыста қалған жылдардағы Батуми, сондағы алып теңіздің жағалауындағы шағын толқындардың әлсін-әлсін сылқ-сылқ етісе күліп, сенің де қытығыңды келтіріп, сол кездегі тағы көп жәйттерді еске салғандығына не дерсің?!
ххх
...Бәлкім, дәл осы бір тұста бір сәт бүгінгі біздің де: 
–Өз өмірінің әр кезеңдерінде қаншама жылдар бойына Мәскеуде тұрған және кезінде бір рет қана емес, күні кешегі күркіреп өткен кеңестік елге қатарынан бірнеше мәрте паналап келген түріктің ұлы ақыны Назым Хикмет өзін қашаннан бері іштей құрмет тұтып, барлық кезде де өзіне сырттай тілеулес болып келе жатқан атақты жазушы Константин Паустовскийді жақсы білген бе?! Назым оның өзімен қашан да дәл бір өзі армандағандай дәрежеде бір шұрқыраса көрісіп, шүйіркелесуді армандаумен жүргендігінен хабардар болған ба? - деп сұрақ қойып көруімізге де болатын шығар?!
Дәл осындай бір өзекті сауалдар кешегі күндері талайлардың да көкейлерінде жүргендігі белгілі еді. Паустовский ылғи да Назым Хикметтің есімі естіле қалған жерлердің бәрінде де оқыс елең етіп: «Назым Хикмет пе?! Ол қазір қайда жүр екен?!» - деп тәптіштеп сұрай бастайтындығына куәгерлер де қаншама еді десеңші?! Сол жүргенде, елдегі үлкен әдеби ортадағылардың көпшілігі оларды бір-бірін бағыдан бері-ақ жақсы біледі, қашан да жиі кездесіп, шығармашылықтағы талайғы іргелі тақырыптар хақында әңгімелесіп, сыр шертісіп жүретін шығар деп те ойлайтын еді ғой.
Олардың бұндай болжамдарының жөні де жоқ емес-ті. Паустовский мен Назым Хикмет бір елдегі үлкен әдеби ортада бірге жүріп, талайғы алқалы жиындарға бірге қатысып, сондағы биік мінберлерде де бірге отырып, әдетте үлкен шығармашылық кештерден кейінгі әлдебір үлкен мейрамханаларда ұйымдастырылып жататын банкеттерде де бір дастарқан басында талай мәрте бірге отырмады ма?! Қалай дегенмен де, сондай кездердің бірінде болмаса, бірінде Назым Хикметті алғаш баяғыда Батумиға келген кезінен бері-ақ жақсы білетін Паустовскийдің сол кезді бірден еске түсіріп: «Назым, сол кез сенің есіңде ме?! Сен өзіңнің сол кездегі салауатты да, салмақты қалпыңнан әлі де бір танбапсың-ау?!..» - дейтіндей де жөні бар еді ғой! Тек, әттең, соның әліге дейін де бір реті келмей-ақ қойды емес пе?!
Әдебиет әлемінде бұндайдың талайы да кездесіп жатыпты ғой. Бір-бірін өздерінің талантты туындылары, не жекелеген кітаптары арқылы ғана танып-біліп, өте жоғары бағалап, алда-жалда бір-бірін іздеп, жолығысуды армандаса да, соған бұл қу тірлікте өздерінің қолдары жетпей, өмірден өткен алыптар қаншама?! Паустовский мен Назым Хикметке қатысты әңгімелердің де сондайылықты жұмбақ сырларға толы жәйттері тағы аз емес. Соның бәрінде де әдеттегідей: «Неге, неге?!» - дегеннен бөлек: «Сол түріктің ұлы ақыны, есімі әлемге танымал Назым Хикмет өзін қай жағынан да жоғары бағалап, үнемі өзіне тілеулес болып жүретін проза шебері Константин Паустовскийді білген бе?!» - дегендей сауалдар да ылғи бірден алға шыға беретін! Білгенде қандай, өз тұсындағы орыс прозасының айтулы мэтрі кешегі кеңестік елдегі көркем әдебиетке деген қаншама үлкен сый-құрмет, атақтардың бәріне әлдеқашан-ақ ие болып үлгерген ең танымал жазушылардың да бір еді ғой!
Әдетте мерзімдік басылымдарда жаңа бір көркем туындылары жарияланып, не елдегі ең бір беделді деген баспалардан су жаңа прозалық кітабы жарық көріп, кейде Мәскеудегі үлкен әдеби жиындарда соңғы жылдарда өндірте жұмыс істеп, әдеби үрдісті жаңа бір қырынан дамыта түсуге лайықты түрде өзіндік үлестерін қосып келе жатқан танымал жазушылардың бас-бастарына аттары аталынып, солардың бел ортасында, жоқ-ау, тіпті, алдыңғы сапында аға буын өкілі Константин Паустовскийдің есім ауызға алынғанда, Назым Хикметтің жүрегі қолқ ете қалып, көңілі бірден тасып сала беретін сәттері де жоқ емес-ті. Соның бәрі оны өз өміріндегі алыс жылдарға қарай жетелеп, көңілінде әлдебір сағынышты сезімдерін туғыза бастамайтын ба еді?! Соның өзі де бұның өзі үшін қашан да ыстық, кейде ұзақ мерзімдік іс сапармен әлемнің қай түкпіріндегі елде, олардың да қайсыбір шалғай өңірлеріндегі қалаларында болып, сол жағында өзінің кезекті бір көркем туындыларының әурелерімен ұзақ уақытқа дейін кідіріңкіреп қалып жатса да, бір сәтке де өзінің есінен еш шығара алмай жүретін екі бірдей алып ел – өз сүйікті Анадолысы мен соңғы жылдардағы бар саналы ғұмыры өтіп келе жатқан осынау кеңестік елмен де тығыз байланысты болып келетін еді ғой!
Содан кейінгі бір қастерлі ұғым – асау мінезді алып толқындары үнемі көкке шапшып, әлдебір дүлей күштермен тынымсыз арпалысып жатқандай болып көрінетін көк теңіз! Теңіздер, қашан да өзінің ұшы-қиыры жоқ су айдындары күнге шағылысып, бейнебір өздері де бұл жаһанда әлгінде ғана жаратылғандай-ақ болып, моп-момақан қалпында ғана көрінер еді. Теңіздерде әдетте ешқандай белгі болмайды. 
Назым өзі бала кезден бері жақсы білетін, көзге ыстық болып кеткен, талайғы таңсық мінез, өзге де небір қызықты әңгімелерін тамылжыта айтатын теңіздерге қатысты да осылай дер еді.
Сол кездің өзінің есіне осылайша қайта-қайта сағыныш болып орала беретіндей жөні тағы жоқ емес. 1928 жылы Назым алыстағы өз туған елінен тағы да қашып-пысып, астыртын жолдармен іргедегі атақты Қара теңіз арқылы әлдебір балықшылардың кемесімен осынау кеңес еліне келіп жеткенде, дәл сол жылы Мәскеудегі баспадан жарық көрген Константин Паустовскийдің «Қарсы кездескен кемелер» атты прозалық жинағын өзінің қолына алып, шұқшия оқып отырғанда да, ең алғаш рет сондағы өзінің осы елге қарай келе жатып, ашық теңіздің бетінде өздеріне қарсы кездескен бейтаныс кемедегілерге қуана қол бұлғап, ал, сол асау мінезді ақжал толқындары осыншама буырқанған алып теңіз арқылы бұл елге өзінің екінші мәрте паналап, қайта келуінде де сондағы өздеріне қарсы кездескен кемедегі адамдардың тым көптігі, солардың бірқатарының жүздері, тіпті, тым сұрқай тартып, бұлардың өздеріне де тым самарқаулау ғана қол бұлғаса, ендігі біреулерінің дәл ана жылғы осы елге тұңғыш рет жан сауғалап келе жатқандағы дәл бұның өзі сынды, палубаның бір шетінде бейнебір бесіктен әлі белі шықпаған жас баладай-ақ мәз болып, өздері де үнемі бір тек бұлардың ыңғайына ғана қарап, анадайдан тағы да тынымсыз қол бұлғағандай кейіп танытып, бір уақ өзерінің көздерін сықталағандықтарын анық байқағандығы қай кезде де жиі-жиі есіне түсе беретін. 
Көңілге ыстық тартып, өз ішкі дүниесімен де астасып кеткендей болған сол бір шағындау кітапты үнімі қайталап оқып, бертінде алыстағы Анадолысына да өзімен бірге ала кетіп, сондағы өзімен бір редакцияда бірге қызмет жасаған талайғы қаламдас-достарына дейін айтып, қолға ұстай-ұстай, әбден ақжемденіп қалған шығармалар жинағындағы жекелеген әңгімелерді, ондағы қайсыбір жекелеген азат жолдар, кейіпкерлердің монолог, диалогтарындағы қайсыбір өтімді, өз ішкі иірімдерімен-ақ баурап, өзіңді де ағыл-тегіл толғанысқа түсіретін тұстарын тағы қайталап, мәнерлеп айтумен болмады ма?! Сол кітапты бертінде өзімен бірге алып теңіздің арғы бетіндегі талайғы абақтыларды ауыстырып, сондағы тағы талайғы камераларда өзімен бірге түнеп, арада тағы бірнеше жылдай уақыт өткенде, сондағы қалам құдіретіне ерекше бір құрмет сезімімен қарайтын, әрі өздерінің де шатпақтап жүрген дүниелері жетіп артылатын жас қаламгерлерге прозадағы образ қалыптастырып, кейіпкерлерді сөйлету, соларды ойландырып, толғандырып, оқиға-сюжет желісінде олардың ішкі жан-дүние толғаныстарына кебірек мән беру қажеттігін сөз еткенде де, үнемі сол кітапқа қарап отырып, талай сәтті мысалдар келтіргендіктері ше?!
Мүмкін, бұл Паустовскийдің шығармашылығының тырнақалдысы болып келетін сол кітапты оқып отырғанда, тіпті, сондағы ең алғашқы бір новелласының орта тұсында-ақ тұңғыш рет осы елді паналап келе жатқан жолда, сондағы алып теңіздің үстінде кездескен кемелер... Соның да алғашқысын бұлар кеше ғана жағалаудан ұзаңқырап кеткен күннің екінші тәулігіндегі кешкілікте кездестірген еді-ау!.. Сондағы байыған күннің күреңіткен көлеңкесінен-ақ басында сонадайдан әлдебір қара ноқат болып көрініп, сәт сайын, үсті-үстіне тағы ұлғая берген алып крейсердің әлдебір шайқастың үстінде жау соққысынан қатты бүлініп, әрі қарай ұрыс қимылдарын жүргізуге ешқандай қауқары болмай, енді қайткен күнде де жан сауғалауға көшіп, әлдебір қиырларға қарай асығып бара жатқандығы байқалатын!.. Байқайды, кеше ғана әлдебір жерлердегі ұрыс қимылдарынан мүлдем шығып қалған крейсердің енді бері қарай бұрылуға еш құлқы болмай, қайта осынау бір кешкі ымыртта өзінің қарасын одан әрі де тезірек батырғысы келіп, әрі қарай да еш тоқтаусыз жылжи берген еді ғой. 
Назым әдетте ашық теңізде көлденең бір қарақшылар кездесіп қалмаса, өзгелері балықшылардың кемелеріне артық-ауыс тиіспейді деп еститін. Солай бола тұрса да, балықшылар да қазіргі кездің алып Қара теңіздің үстіндегі ең бір қиын кезеңдер екендігін өздерінің естерінен шығармай, іштей әлдебір сақтық ойлағандықтары, бір жағынан, түсінікті де еді. Соларға қарап, Назым да іштей тынып, күрт ойланып қалған болатын. Өзгелерін қайдам, ал, бұл сонда бірден алыстағы Анкараның түбінде азаттық жорығын бастаған Мұстафа Кемал-пашаның күні кешегі жеңістен жеңіске бастаған ұрыс қимылдарын еске алып, өзінше бір бөлекше қиялдарға беріле бастаған еді-ау!.. Алыстан жақсы тани алмады ғой, әйтпесе, әлгі кеменің қай елдің әскери кемесі екендігін білсе, бұл да соған сәйкес, тағы талайғы жәйттерді бірден еске түсіре бастамас па еді?! «Кім білген, бәлкім, кемалшылар құрылықтағы сәтті жорықтарынан кейін, ашық теңіздегі ұрыстарға да тың күш, өзгеше бір әдістермен қызу түрде кірісіп кеткен шығар?!» - дегендей ойлар да кимелей беретіндігін қайтерсің?!
Соның бәрінде де: «Азаттық, азаттық!..» - дегендей әлдебір таныс үндер өзінің құлағының түбіне дейін де жетіп жатқандай болмады ма?! Тек сол азаттық жорығына қатысушылардың бел ортасында өзінің бола алмағандығы қандайлықты өкінішті еді десеңші?! 
Сол күні кешкілік аузына нәр татпай, ертерек жатып қалғанмен, Назым түнімен тағы көз іліндіре алмай, таң бозына дейін де терең ойларға берілумен болмады ма?! Зірк-зірк еткізіп, кеме де түнімен тоқтаусыз жүріп отырды. Ертесіне Назым таң атар-атпастан, тағы да асығыс палубаға шығып, алдан кешегідей ұрыс үстінде ойсырай жеңіліп, тылға, не өздеріне қарсы жаңа бір тың күштерді шақыруға кеткен кемелердегі жау жасағының соңына түсіп, бері қарай біршама жақындап қалған азаттық жорығының кемелері көрінбей ме екен деп, үнемі жан-жағына көз салумен ғана болмады ма?! Бұның сондағы бұл үмітін: «Назым, шынында да, біз бұл жердегі тағы бір мүмкіндікті өзіміздің уысымыздан шығарып алмайық?!» - деп, өзінің қасындағы өзге достары да бірден қолдай кетпеді ме?! Егер, соңыра өздерінің сондағы үміттері ақталып, жау күштерін осыншама тықсыра қуып, ендігі жерде Ыстамбұлды бағытқа алған кемалшылдардың крейсері бері қарай жақындап қалған болса, оларды қалай да қол бұлғап тоқтатып, өздерінің де сол азаттық жорығына қатысқылары келетіндіктерін айтып, сол жерден-ақ өз елдерінің кемесіне ауысып мініп, ал, өздеріне қиын шақта осыншалықты жанашырлық пен қамқорлық көрсеткен балықшыларға ризашылықтарын білдіріп, олармен сол жерде-ақ қол бұлғап, қоштасар еді ғой!..
Арада тағы бір-ер күндей уақыт өтті. Әшейінде толқып, тасқындағандай болып жататын теңіз бетіне дейін тым-тырыс. Елден біраз қашықтап кеткен соң, ендігі бұлардың да алдан азаттық жорығына қатысушы кемалшылдардың кемелері кездесіп қалар дегендей үміттері де сәл бәсеңдеп, қайтадан көнілсіздік бұлты торлай бастаған. Маңайдан терістікке қарай жөңкілген ақшарбы бұлттардан өзге көзге түсердей ештеңе де көрінетін емес!.. Тек үшінші тәулік дегенде ғана барып, бұларға палубасының үстіне аузы-мұрнынан шыға адамдарға толы жолаушылар пароходы қарсы кездесті. Өздері де таң қалды. Дүн-дүниенің бәрі от-жалынға оранып жатқан осынау алағай да бұлағай заманда, бұл қайдағы жолаушылар кемесі?! Бұл ағыл-тегіл адамдар енді қайда бағыт алған?!
Назым да, өзінің қасындағы достары да қапелімде ә дегеннен не дерлерін білмей, әлгілерге осыншама таңырқай қалыпты. Бір жаққа саяхаттап бара жатқан біреулер-ау дейін десе, бір алып кемеге жолаушылардың соншалықты деңгейде лықа толып кетуі тағы мүмкін емес қой. Жолаушылар кемесі бұдардың кемесіне таяу тұстан өтті.
Тек кемедегі ересек балықшылар ғана оларға ұзақ үңіліп, үнсіз қарап тұра алмай, бірден теріс бұрылып:
-Бұлар... байғұстар-ай, бұлар босқындар ғой!.. Кеңестік елден соңғы жылдары осылайша алыс шетелдерді бағытқа алған қашқын-босқындардың талайы өткен еді!.. Тек бұлар өзі бұл жолы Ыстамбұлды бағытқа алған сынды ғой?!. Ыстамбұлдағы жағдайдың өзінің де тап онша оңып тұрғандығы шамалы емес пе?! Өздері сондағы қалың жаудың құрсауында отырып, түрік ағайындар бұл босқындарға қандай жанашырлықтарын көрсете алар дейсің?! Тек олар сол қаланы уақытша ғана паналайды ғой, эһ, бұлар сол жағынан тағы қайда кетер екен?! – дегендей болды.
Назым өз басы бұдан кейін де ашық теңізде бір-бірімен қарсы кездескен тағы талай кемелерді де көрді емес пе?! 
Соның бәрінде де өзінің жүрегінде ерекше бір әсер-ықпалын қалдырып, өзіндік көркемдік шеберліктері, сондағы көркем образдарымен-ақ сені кідімгідей ынтықтыра түсетін «Қарсы кездескен кемелер» атты кітап, соның бетіндегі әдеміше суреттері бар қалың мақабасы, сондағы әрбір тақырып, әрбір тараулар, әрбір парақтарға дейін өзінің көз алдына дейін елестеп, сол кітаптың маңдайшасындағы «Константин Паустовский» деген автордың аты-жөніне дейін де осыншама менмұндалап-ақ тұрмайтын ба еді?! 
ххх
Константин Георгиевич кешегі соғыс жылдарында эвакуациямен бір қиырдағы Алматыға келген еді ғой. Ол кездің әңгімесі тіптен де бөлекше емес пе?! Паустовский сол бір тар кезеңде сондағы ең танымал қазақ жазушы, талантты драматург Мұхтар Әуезовтің үйінде тұрғанда, олардың екеуінің арасы тіптен де жақсы болыпты. Өз ретінде Мұхтар да жасы үлкен жазушы Паустовскийге ерекше бір құрмет сезімімен қарай біліпті десетін.
Сол тұстағы Паустовский танып білген әсем Алматы, сондағы алып таудың бөктері ғана емес, оның сол кездегі тұтастай қазақ мәдениеті мен қазақ әдебиетіне қатысты жәйттерді тереңнен танып-білгендіктерінің өзі де бүтіндей бір адамның ғұмырына дейін жетерліктей-ақ дүниелер емес пе?! Соның да ішінде, әсіресе, оның сол жылдары бір қиырдағы Алматыда тұрып, сондағы қазақтың классик жазушысы, мәскеулік әдеби ортамен бұрыннан-ақ тығыз байланысы бар Мұхтар Әуезовпен кездесіп, қашан сол Алматыдағы эвакуациядан Мәскеуге қайтып оралғанға дейінгі аралықта қарым-қатынас жасаған кездерінің өзіне дейін өзінше бір қызықты әңгіме және шығармашылықтағы әлі күнге дейін желісі еш үзілмей келе жатқан өзінше бір аңыз емес пе?! 
Осының бәрі сол алыстағы Алматыда, сондағы қазақтың көрнекті жазушысы Әуезовтің үйінде тұрғанда, өзі де қаншама жерден майдандағыларға қол ұшын созуға ұмтылып, әрдайым өз қаламынан туындаған жаңа бір тың туындыларының күш-қуатымен барынша әсер-ықпал етуге жан салған Паустовскийді де қатты қызықтырып, үнемі сағыныш болып қана оралатын еді ғой. Сол кездегі қаншалықты небір қызықты кездесулер, әсіресе, тау бөктеріндегі жүз жасаған жыр алыбын Жамбыл Жабаевты бір сәт көзбен көріп, онымен осыншама құшақ жая қауышқысы келген ең бір қастерлі сәттер, оның да дәл сол кездегі таяуда ғана майдан даласына аттанғалы отырған жас батырларға атақты ақынның ақ тілегін кайтып, батасын берер тұсқа тап келе қалғандығын көрмейсің бе?!
Сондағы сол кездесулер, дейді, өзі де кезінде өмірдің қиындығын көп көріп, кешегі күндері Батыстағы майдан даласында, әрі сондағы күні-түні жауға қарсы оқ боратып жатқан жауынгерлермен бірге болып, талайғы ұйқысыз күндер мен күлкісіз күндерді солармен бірге өткізіп, әрі бертінде Мәскеуді жау ұшақтары аяусыз бомбалап, талайғы мәскеуліктердің тез арада эвакуациямен жер-жерге шашырап кетулеріне дейін жеткізген талайғы қиын кезеңдердің куәгері болған Паустовскийдің өзін де таң қалдырып, дәл сол кезде жыр алыбы Жамбылға деген бір ерекше құрмет сезімі ояна қалғандығы соншалық, ол бертінде Алматыдағы бас қосқан жерлердің бәрінде де бір ретін тауып:
–Сөз өнері, сөз құдіретімен ортақ жауға қарсы оқ боратып, әрі сондағы асыл жүрегінен арқырай шыққан әрбір жасын-жырлары мен жаумен бетпе-бет айқастағы қазақ батырларын бұрынғы өткен батыр бабаларының рухын асқақтатып, ерліктен ерлікке үндеумен келе жатқан жүз жастағы Жамбыл Жабаевтай мықтылар бұл өмірде тым сирек қой! Жамбылдай данагөй, батагөй аталары бар қазақ батырларына жатжерлік басқыншылар да өздерінің дәті жетіп, тап бір ұзақ қарсыласып тұра алмас-ау! Осындайда сен Жамбылдай алыпты өмірге әкелген қазақ халқына қалайша разы болмассың?! – дегенге дейін де айтып жүріпті. Алматыдағы күндері Паустовскийдің өзіне біршама ұнаған да сияқты десетін. Көбінесе сондағы жаңа бір кездесулер қуантып, өзге де алқалы жиындардың кездерінде ол үнемі Мұхтардың қасына еріп жүреді ғой. Онда да, Әуезовтің өзі сол кездегі басқосуларда Паустовскийдің өзімен бірге болғандығын, ретіне қарай, сондағы ортада оның да сөз сөйлегендігін қаламайтын ба еді?! Соның көбісі әлі күнге дейін де есінде шығар?! Ол сондайда қазақ халқының арғы-бергісіне қатысты танымдық тұрғыдағы көптеген құнды дүниелерге көнекөз Мұхтардың арқасында ғана әбден-ақ қанық болып үлгермеді ме?! 
Сондағы оның үнемі Әуезовтің қасында жүріп, басқасы басқа, бір тек сол кездегі өзінің бар өмірін тау бөктеріндегі өз атажұрты, өз туған өлкесінде өткізіп келе жатқан, тәйірі-ау, сол кездің өзінде-ақ жасы жүзге дейін таяп қалған, бірақ, өзінің қолынан әлі күнге дейін де қос шекті кішкене қоңыр домбырасын тастамай, сол бір киелі домбырасын ақырын күмбірлетіп отырып, жүрегінің төрінен осыншалықты шалқып-тасып, сарқырай жөнелетін жыр-жақұттарын тасқындатып төгілдірте бастайтын жыр алыбы Жамбылмен кездескендігі мен өзінің сондағы алған әсерінің өзі-ақ неге тұрады десейші?!
Бұның бәрін Назым өз басы бертінде Мәскеудегі Переделкино шығармашылық үйінде, әлде Жазушылар Одағының тапсырмасы бойынша, Мұхтар Әуезов екеуі бірге алыс сапарларға бірге шығып, сондағы пойыздағы жылы-жұмсақ купеде, жоқ, әлде алып теңіздегі теплоходта кетіп бара жатқанда, сондағы бір оңашада ой толғасқанда, оның өз аузынан-ақ талай мәрте естімеді ме?! Жоқ, әлде Германия мен Францияға, не елдегі одақтас республикалардың біріне бара жатқанда ма еді?! Әуезов те бұндайда әңгіме шертуге тым шебер-ақ еді ғой. Көсіле сөйлеп, әбден шабыттана сөз етті-ау, соның бәрін!.. Сол кешегі соғыс жылдары. Ел ішінде бір үлкен үрей мен тек қана майдан жақтың жаңалықтарына деген аңыс қана бар.
Сол кездің өзінде де, Алматыдағы жұрттың бәрі «Жамбыл, Жамбыл» дейтін еді ғой аузы дауылы алып ақынды өздерінің ауыздарынан бір тастамай. «Жамбыл ақын кезінде осылай деп айтыпты», не «үлкендер жағы кеше ғана сол жыр алыбымен ақылдасыпты» дегенді де жиі естіп қалатынсың; тіпті, сол кезде Алматыда және қала төңірегіндегі әскери бөлімшелер мен «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» дегендей бір ғана ұран, бір ғана әлігіндей тілекпен ғана еңбек етіп жатқан жер-жердегі қаншама ауыл, село тұрғындары арасынан ұйымдастырылып, аз ғана күндер бойына әлдебір жерлерде шұғыл даярлықтар жасап, енді өз алдарына бір взвод, рота, полк қалыптастырып, Батыстағы майдан даласындағы жанған оттың арасына қарай аттанып кетіп бара жатқан әскери қолбасшылар мен саяси жетекшілер ғана емес, қазақтың кеше ғана қыр төсінде қой бағып, егін егіп, бір жағынан, суармалы алқаптағы қызылшасын өсіріп, бейбіт қатар өмір сүріп отырған өз ата-ана, сондағы өз ағайын-туыстарына қолғабыс болып, бірқатары сол ауылдарда сұм соғыс басталардың аз-ақ алдында ғана үйленіп, бала-шағалы болып, ендігі бірқатары ауыл-ауылдардағы қыз-қырқындармен бірге ойнап-күлген базарлы шақтары әліге дейін бір тарқамаған жап-жас қазақ жігіттері алда әлі өздерінің кескілескен ұрыс далаларында сондағы қалың жауға қарсы өз алдарына бір танкі, пушкі, артиллерия, зениттер, автомат және винтовкалардан оқ жаудырып, жауыздардың беттерін қайтаруға аттанып бара жатқандықтан, міндетті түрде аузы дуалы, әрі киесі бар жүз жасаған ақын, абыз Жамбыл атаның алдына дейін барып, сол кісіден бата алу үшін де Алматыдан тап онша көп қашықтығы жоқ, көлікпен бір сүт пісірімдей ғана жердегі Ұзынағаш ауылын бағытқа алып жүрмеді ме?!.
Бұндайда өзі баяғыдан бері сол ауылда тұрып жатса да, ертеңді-кешке дейін радио тыңдап, елдегі, әсіресе, сонау шалғайдағы кескілескен ұрыс даласындағы қалыптасқан жағдай, әзірге осы соғыс басталғалы бері бір тынбай, қалың жаудың бомбалаушы ұшақтары мен жеті қырды асып, жолындағының бәрін шетінен жайпап, үздіксіз баса-көктеп келе жатқан жау танкілеріне бірден тап бере алмай, тек бірыңғай өз шептерін тастап, кейін қарай шегіну де, шегінумен ғана келе жатқан кеңестік армияның, оның ішінде, кезінде Қазақстаннан аттанып, кейде «кеше ғана жаудың сілікпесін шығардық», «...енді қайта бері қарай беттей алмастай еттік» деп немесе «сендердің майдан даласына жіберген әрбір көмек-қолдауларыңның басқыншылардың маңдайларына шөгірдей-ақ болып қадалып, олардың өздерін де біраз ойландырып-ақ тастаған сынды» дегендей тұрғыдағы хаттары келіп, кейде кеше ғана өздерінің сол хаттарында сенімді түрде одан да өтімді сөздерін жазған батыр ұландардың енді ел құлағын елең еткізгендей әлдебір ерліктеріне қатысты әлдебір шұғыл хабар жетіп жатқандығына дейін анық-қанық естіп-біліп отырған Жамбыл ақын да бұндайда балаша мәз болып қуанып, өзі де кәдімгідей-ақ бір жасап, сол сәтінде-ақ далаға қарай шығып, әлгінде ғана өзінен бата сұрауға келген қаһарман ұлдарымен қуаныса қауышып, сондағы өзінің сөзімен де, бір уақ қолына домбырасын алып, кеу-деден тасып төгілген шабыт шалқарына толы жырларымен өзінің кеудесі толған талайғы сырларын да ағыта бастайды екен.
Сол жер жаннаты – Жетісу өңірі қай кезде де өзінше бір өнерлі ордаға айналып, өз тұсында, онда да, баяғы бір кезеңдерде жалындаған жас Жамбылдың өнердегі атағы аспандай шығып, өз тұсындағы әрқилы деңгейдегі жыр бәйгелеріне белсене қатысып, қай кезде де өз бәсекелестерінен еш тайсалмай, шын-ақ бап сынасып жүрген кездерінде, сонау алыстағы Сарыарқа, Сыр бойы және бір қиырдағы ару Жайықтың жағалауынан жыр селін ағызып, Жамбылға дейін де талайғы мен деген сөз сүлейлері, бәсекеде ешқашан бір бәсін түсірместей, тағы талайғы сөз серкелері шыққан алып Алатаудың бөктеріне ат шалдырып келген өнер саңлақтары да көптеп саналыпты. Рас болса, сол кездерде Жамбылмен құрдастығы бар, әрі өзінің қолжазба күйіндегі кітаптары өз тұсында қалың қазақтың арасында үлкен бір сұранысқа ие болып, дер кезінде өз оқырмандарының қолдарына жетіп жатқан Жетісуға дейін келіп, дәл сол Жамбыл құрдасымен кездесіп, тау бөктеріндегі бір үлкен шаңырақтың ішінде бірге отырып, бір дастарқанның басынан бірге ас ішпегенмен, өзінің ақындық мектебі мен Жамбылдың ақындық мектебі арасында тонның ішкі бауындай-ақ тығыз байланыс орнатып, келешекке айтулы із қалдырған талайғы танымал қырғыз ақындары да болыпты.
Бұл жердегі бұндай сөздердің бәрі де Жамбылдың алыптығы, оның өз бойындағы өнегелік қасиеттері, данагөйлігі мен батагөйлігі деген жәйттерден ғана шығып жатыр емес пе?! Сонау Шыңғыстау баурайындағы заманынан бұрын туып, өз тұсындағы тар заманымен ұдайы арпалысып өткен ұлы ақын, дана Абай сынды, Жамбыл ақынның да өз заманы, заманның шырқыраған шындықтарымен кіндігі байланған тұстары тағы жетіп жатыпты. 
Оның өмірдің әр кезеңдерінде қазақтың небір дүлдүл ақын-жазушыларымен сөз сайысы, жыр бәйгесіне түсіп, өз шығармашылық тәжірибесін байыған үстіне байыта түсіп, іргедегі өздерін өз заманында қырғыз халқының нағыз бір жау-жүрек батыры атанып, аңызы талай ғасырлардан сарылып жеткен атақты Манас батырдың ұрпақтары санайтын, әйгілі «Манас» эпостық дастанындағы жыршылық мәнер, небір шеберлік сырларын меңгерген сөз сүлейлерінен де именбей, сол кездегі қаншама сөз, жыр бәйгелерінде солармен бап сынасып, бір сәт өздеріне тең келер жыр алыбын кездестіреміз деп ойламаған олардың өздерін де оқыс елең еткізіп, сол кезде, тіпті, бір емес, бірнеше рет оларға сондағы шырай топтың алдында: «Ойпыр-ай, ойпыр-ай!» - дегізіп, өзінен бұрынғы талайғы алыптардың сарқытын ішкен жыр жампозының тіптен осал болмайтындығын мойындатқан кездері тағы жиі кездесіпті ғой. 
Басқа басқа, жүз жасаған Жамбылдың өзінің суырыпсалма ақындығымен бірге, шығыс поэзиясының небір асыл жауһарлары саналатын «Көрұғлы» және «Шаһмардан» атты ұзақ дастандарды өз тыңдаушыларына апталап, айлап жырлап, жыраулық мәдениеттің жаңа кезеңдегі жаңа бір үлгі-өнегесін жарқыта көрсеткендігіне сонау 30-шы жылдардан бергі өзінің бар өмірін Алматыда өткізіп келе жатқан Мұхтар Әуезовтің өзі де талай мәрте куәгер болмады ма?!
Тәйірі-ай, десейші, жүз жасаған Жамбыл дегенде, қалың елдің тағы бір елең етер жағдайы, оның сол кездегі өз ортасы, өзі өмір сүрген тарихи кезеңдері емес пе еді?! Назым тағы да Мәскеудегі және өзге де көптеген шығармашылық сапарлардағы талайғы көп күндерін өзімен бірге өткізіскен Мұхтар досының сөздеріне сүйеніп айтар болса, Жамбылдың балалық шағы кешегі күркіреп өткен патшалық империяның тұсындағы отарлау жүйесінің қыспағы нешеме бір түрлі заң-зәкүн, есепсіз ережелермен үсті-үстіне тағы күшейе түскен шағында өтіпті. 
Қолына домбыра ұстап, жырға деген әуестігі де сол кезден-ақ бастау алыпты. Ал, оның өз туған өлкесіндегілерді одан сайын жарға жыққылары келіп, діңкелетумен келген іргедегі Қоқан хандығының жергілікті жандайшаптары осы өлкедегі бейбіт отырған халықты ұдайы тек бірыңғай қорқыныш пен үрейдің уысында ғана ұстап, өздерінің алдарындағы бар жақсысын тартып әкетіп, ал, өздерін қу тақырға отырғызып, талай рет зар илетіп кеткен кездері мен сол бір таразы басы тайқып тұрған жылдарда патша отаршылдығы мен Қоқан хандығының түрлі қысымдарына шыдай алмай, қаншама рет қарулы көтеріліске шығып, талай рет бетпе-бет айқасқа түскендіктеріне дейін көзбен көріп, солардың егде тартқан шағындағы шежірелі сырларын да көкейіне түйіп өскендігі ше?!
Ойпыр-ай, десейші, осының бәрін жастайынан-ақ өз көзімен көріп, сондағы сезім шарпуы, небір толғаныс, тағы талайғы ащы запырандарының бәрін өз ішіне сыйғыза алған ақын-жүректің сол кезде-ақ жарылып кетпей, бертіндегі жаңа дәуір, жаңа кезеңдегі ұлы сынақтардың тұсына дейін жеткен алыптығына таң қалмаса тағы амалың қайсы?! Мұхтардың айтуына қарғанда, бұл кезде елдегі ерлік пен патриотизмнің рухы ерекше бір қарқынмен шырқап-ақ тұрған кезі еді дейді. Назым ол кезде алыстағы өз Анадолысындағы әскери соттың үкімімен жиырма бес жыл төрт ай мерзімге сотталып, басында Ыстамбұлдың, артынша Анкара, Чанкари және Бурса түрмелерінде отырғандықтан, сол кезде бұл елдегі соғыс жылдарының соншалықты бір ауыртпалықтарына қатысты көп жәйттерден тіптен-ақ бейхабар еді ғой, ал, бұл енді ылғи да бір ретін тауып, оңашада өзінен соның бәрін осыншама тәптіштеп сұрай берген соң, Мұхтар да сондағы қаншама уақыттан бергі өз жүрегінде сақталып қалған тағы көп жәйттерді қайтара өзінің есіне түсіріп, кейде бір сәт бұның көңіліне қарап, соның бәрін де барынша қызықты етіп айта бастайтын. Соғыстың аты – енді соғыс. Сен майдан шебінде, не тылда жүрдің не, сондағы жүректегі жараның сызы, оның шыбын жаныңды шырқыратқандай болған шаншуы да бірдей еді ғой.
Кешегі күндері Батыста тұтқиылдан соғыс өрті бұрқ ете қалып, ел басына «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішетіндей» небір қиын күндер туғанда, алып елдің басшылары Сталин мен Молотов қалың елге шұғыл бір үндеу жариялап, бұрынғы өткен ата-бабалардың ерлікке толы рухтары мен үлгі-өнегелерін еске алып, жауға қарсы жойқын соққы берудің барлық қолайлы деген мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып отыруға да шақырмады ма?! Және қандай десеңші, бұның өзін бүтіндей халықтың жүрегіне дейін жеткізіп, оларға да бұрынғы өткен ата-бабалар рухын шын жүректерімен сезіндіруді басқыншылар армиясының алдыңғы қатарлы жорықшылары кешегі күндері тәмам Мәскеудің түбіне дейін тая келіп, ал, кеңестік армия, соның ішінде, кеше ғана Алматыда жасақталған даңқты полк Мәскеуді қорғаудағы ерлік істерге осыншама жан сала кірісіп жатқан тұста, бүтіндей кеңес халқын әлі де ештеңеден жасқанбай, қайта дәл осы бір елге сын болған шақта жаңа бір рухани өрлеу кезеңдеріне жетелеп, өмірдегі шынайы ерлік эпостарын жасауға үндей отырып, Мәскеудегі Қызыл армияның Қызыл алаңдағы 1941 жылғы 7-қарашадағы салтанатты шеруінде сондағы биік мінберде тұрып, жалындатып, сөз сөйлегенде, Бас қолбасшы Сталиннің өзі де әбден-ақ жеріне дейін жеткізіп айтты емес пе?! Тарихта қалған бұл атақты үндеу сол тұстағы барша Қазақстан жұртшылығы, әсіресе, бұрынғы өткен өз ата-бабаларының рухын асқақтатып, солардың қай кезде де ерлікке үндейтін сара жолдары мен майдан даласындағы жауға қарсы үздіксіз оқ боратып, сондағы бетпе-бет айқастарда қасқайып қарсы тұрғандар үшін де қастерлі талайғы тарихи тұлғаларды көркем образға айналдырудың нешеме бір үлгілерін білетін ақын-жазушылар да іліп әкетіп, үлкен бір рухани өрлеу кезеңдеріне қарай нық қадамдар жасамады ма?! Сірә, кешегі Мәскеуді қорғап, әбден оның түбіне дейін жетіп, ендігі жерде қаралай көздері қызарып, әлден-ақ өздерінің алақандарын уқалай бастаған жау жендеттерінің беттерін кейін қайтаруға сын сағатында ерекше бір үлестерін қосқан қазақстандық даңқты 100-ші атқыштар двизиясының жауынгерлерінен бастап, майдан даласына олардан сәл кейін аттанған жаңа бір толқынның Алматының түбіндегі өзі де ақ тақиялы алып Алатауға ұқсаған ел зия-лысы, жүз жасаған жыр алыбы Жамбыл атаның ақ батасын алу үшін оның алдына дейін баруларының басты бір себебі де осында жатса керек. Оның үстіне, Жамбыл ата бұл кезде бір тек қазақ халқының ғана емес, бүтіндей Кеңестер Одағындағы барша ұлттар мен халықтардың да нағыз бір батагөй, данагөй, әрі мен деген ақын біткендердің де ішіндегі ең бір жасы үлкен сөз зергері де еді ғой! Ал, ол кісіні өз туған халқы өз өмірінде көпті көрген, өзінен бұрынғы талайғы алыптардан бата алған, өз бойындағы туабітті ақындығы, жыраулығының үстіне, дәл осы бір кезеңдерде оның өзін де данагөй, батагөй абыз деп ерекше қадір тұтып, сол алып тұлғаны әрдайым жоғары бағаламайтын ба еді?!
Жоқ-ау, бұл жердегі мәселе тек өмірде көп жасауда ғана емес, заманында сол қалың көпті көрген және өткеннің өлшеусіз өнегесін барынша үлгі тұтып, содан өзінің көкейіне небір көрікті ойлар түйіп, кейінгілерге тағы талай өлшеусіз үлгі-өнеге көрсетіп, өз заманы, өз туған халқының ең бір беткешығар тұлғаларының алдыңғы сапынан көріне білуде еді ғой!..

751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз