• Заманхат
  • 29 Қаңтар, 2024

Жүргенов өмірінің соңғы жылдары

«Халық жауларымен» күресу тұжырымдамасы 1920 жылдардың соңында жасалды. 1928 жылы 9 шілдеде өткен БКП(б) Орталық комитетінің пленумында партияның бас хатшысы И.Сталин кеңес одағындағы «таптық күрес» уақыт өте келе күшейетінін» атап өтті. «Күші арта түсетін Совет өкіметі осы [капиталистік] элементтерді оқшаулау саясатын, жұмысшы табының жауларын ыдырату саясатын, ақырында қанаушылардың қарсылығын басу саясатын жүргізіп, жұмысшы табы мен шаруалардың негізгі бөлігін одан әрі алға жылжыту үшін жұмыс істейді» деп Сталин сол жиында уәде берді (1,171-172).

 

1922 жылы Әлихан Бөкейхан «Алаш­орда» үкіметіне қатысты айыпталып, қамауға алынған кезде Түркістан Орталық Атқару комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов пен Түркістан АССР-і Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың РСФСР коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Иосиф Сталинге (ЦКРКП) жолдаған хаты бар. 1922 жылы 31 қазанда жөнелтілген хатта былай делінген: «Қарқаралы билігінің өкімімен 14 қазанда Әлихан Бөкейханов қамауға алынды. Алашордалықтарға рақымшылық жасау туралы Жарлықты, Қазақстанның байырғы тұрғындарының Совет өкіметімен әлсіз байланысын, Қазақстан кеңестерінің соңғы съезі жұмысының нәтижесінде пайда болған атмосфераға назар аудара отырып, бұл хабарды қырғыз халқына жаппай қолайсыз әсер ету мүмкіндігін ескере отырып, Сізден бұл іске араласуыңызды сұраймыз және негіз болмаған жағдайда Бөкейхановты қамаудан дереу босатуды ұсынсаңыз» деген сарында хат жолдады [2]. Демек бұл кезде әлі «үстем тап» өкілдерімен күрес бастала қойған жоқ болатын. Қазақстан басшыларының арасында ол кезде ауызбіршілік бар еді. Өйткені Қожанов пен Рысқұлов орталыққа хат жіберіп, сол жолы Әлихан Бөкейхановты қамаудан босатып алады. 
Осыдан кейін НКВД қылмысты «тергеп», қамауға алудың түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап шығара бастады. Солардың бірі 1920 жылдардың ортасында пайда болған бірінің үстінен бірі арыз-шағым жазып, айыптаған хаттар еді. Сондай хаттардың бірін 1924 жылы 29 сәуірде Тұрар Рысқұлов «құпия» деген белгімен Сталинге жолдады. Осы жылы 4 ақпанда РКП Орталық комитетінің бюро шешімімен Тұрар Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамында жұмысқа жіберіліп, Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілген болатын. Сол хатта Тұрар Рысқұлов былай дейді:
«Егер жолдас Сталин бәрін оқи алмаса, ең болмағанда мыналарды оқығаны жөн:
а) негізгі баяндамада – айыптау пункттері (22-бетті қараңыз),
б) «Алашорда» қайраткерлерінің тізбесін және олардың Түркістандағы қырғыз-қазақ халқына басшылық ету жөніндегі қазіргі жұмысының сипатын қосымша ұсынамын,
в) барлық басқа материалдарды біреуге танысуға тапсыруға болады, бірақ Сталин жолдастың өзі оқығаны жөн болар еді.
г) Мұстафа Шоқаевтың шетелдегі Түркістан туралы мақаласын «Дни» газетінің (Осы жылдың 1 және 4 ақпан аралығы мен соңғы күндердегі) нөмірлерінен оқығаны жөн.
Сонымен қатар, дәл осындай баяндаманы мен Орталық Комитет пен ГПУ-ға жіберіп отырмын» – делінген Рысқұловтың хатында (3).  
Cондай-ақ бұл хатта: «Біз өз тарапымыздан бұл мәселе бойынша ең алдымен ГПУ арқылы Қожанов пен оның адамдарының, Түркістанда және оның сыртында орналасқан Алашорда қайраткерлерінің пәтерлеріне тінту жүргізуді талап етеміз. Бұл шара Алашорда ұйымдарының осы бағыттағы қызметін өз көзімен анықтайтыны сөзсіз, бірақ онсыз да фактілер жеткілікті. Бірқатар саналы партия мүшелері антикоммунистік ұйым деп жариялағандықтан, тиісті мемлекеттік органдар бұл адамдардың қандай лау­азымды қызмет атқаратынына қарамастан шара қолдануы керек деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, біз Орталық бақылау комиссиясы мен РКП Орталық комитетінің тарапынан шұғыл шешім мен шара қолдануын күтеміз», – деп жалғасатын бұл хатта айыпталған «Алашорда» қайраткерлерінің тізіміне кімдер енгізілді? Енді сол тізімге көз жүгіртейік: «Алашорда туралы баяндамаға қосымша: Түркістан халқының қырғыз (қазақ) бөлігінде қазір саяси рөл атқарып жүрген бұрынғы «Алашорда» және «Бірлік туы» ұйымы өкілдерінің бірқатар маңызды тұлғаларының тізімі мен сипаттамасы» деп басталатын «партияда жоқтар» деген тізімнің ең басында Әлихан Бөкейханов тұрды.
«Түркістандағы қырғыз халқына сая­си-рухани ықпал ету қазір Алашорда басшыларының қолында. Олардың шет елдермен (Шоқаев) және басқалармен тығыз байланысы бар. Қырғыз тілінде марксистік әдебиеттің түгелге дерлік болмауы, ондай әдебиеттерді құрастыруға құлықсыздық, коммунистік партияның орнына Алашорда арқылы ұлттық идеялардың кез келгенін дәріптеу Түркістандағы коммунистік партияның өте зиянды жұмысы мен жалған қызметін көрсетеді. Қазақтардың көпшілігі әлі күнге дейін консервативті ойлайды. Большевиктер партиясы әлі де алыс бұрыштарда «реквизит» ретінде қарастырылады. Бұл бұқара арасында марксизм ешқашан уағыздалмаған. Дәл осы Алашорданың насихаты кеңінен тараған, ықпалы көбірек. Міне, Түркістанның қазіргі жағдайы қалыпты емес. Ал сіз бұл мәселе туралы ойлануыңыз керек» деп жазды Рысқұлов 1924 жылы жазған хатында [3]. 
Ол кезде мұндай айыптау арыздар әр түрлі жазылатын, біреулер оны милицияға жазса, енді біреулер компартияға жазатын. Олар көбінесе газеттерге жарияланады. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары саяси қуғын-сүргін кезінде белсенді жұмыс істеді. Оған дәлел ретінде сол жылдары жарық көрген «Социалды Қазақстан» газетінің бүкіл нөмірлерін келтіруге болады. 
Содан кейін журналистердің жұмысы көбінесе «ұстап беру» болатын, ол өзіне көрсетілген адамды қандай да бір қылмыс жасады деп айыптауы керек еді, яғни оның қылмысын ойлап тауып, ол туралы газетке мақала жазуы керек еді. НКВД-ның шаруасы осының негізінде «кінәліні» тұтқындау болатын. Егер журналист ол мақаланы жазбаса, оны жолдасы жазады, ал ол «айыпталушымен» сыбайлас ретінде жауапқа тартылатын. Алайда, айыптау арыз хаттардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Өйткені Ресей билігі сол кездегі көптеген құжаттарға құпия белгісін соққан. 
1937 жылы 27 қаңтар күні ВКП(б) Орталық Комитеті саяси бюросының қаулысы шығып, Ежов НКВД-нің Бас комиссары болып тағайындалады (4). Мұның алдында ғана 1936 жылы 5 желтоқсанда СССР-дің жаңа Конституциясы қабылданған болатын. Сол заң бойынша НКВД-ның өкілеті күшейтілді. Республика, облыстық, аудандық НКВД бөлімшелері құрылды. Күштік құрылымдар арасында халық комиссарларының, яғни НКВД-нің беделі арта түсті [5]. 
1937 жылы 5 наурыздағы Бүкілодақтық коммунистік партияның большевиктер партиясы Орталық Комитетінің пленумындағы қорытынды сөзінде Сталин Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Мирзоянды да сөзбен түйреп өтті: «Мирзоян жолдасты алайық. Ол Қазақстанда жұмыс істейді, бұрын Әзербайжанда ұзақ уақыт жұмыс істеген, Әзербайжаннан кейін Оралда жұмыс істеген. Мен оған бірнеше рет ескерттім, не Әзербайжаннан, не Оралдан келген достарыңды сүйреп жүрме, бірақ Қазақстандағы адамдарды үгітте, Қазақстандағы жергілікті халықтан өзіңді қоршама, Қазақстанмен түбегейлі байланысы жоқ Әзербайжаннан келген достары мен жақындарының тұтас тобын өзіңмен бірге алып жүру деген нені білдіреді? Қазақстанмен мүлде байланысы жоқ Оралдан келген бір топ досты өзіңізбен бірге алып жүру нені білдіреді? Бұл жергілікті ұйымдардан, ал қаласаңыз, Орталық Комитеттен біршама дербестік алдыңыз деген сөз. Оның өз тобы бар, менің өз тобым бар, олар жеке маған тиесілі... Ал, бұл неге ұқсайды? Осындай адамдарды таңдауға бола ма? Бұл неге әкеледі, бұл жерде қандай жақсылық болуы мүмкін – мен сізден сұраймын. Мен Мирзоян жолдасқа бұлай жүрмеу керектігін, кадрларды жергілікті халықтан таңдау керектігін ескерттім. Көріп тұрсыз ба, ол өзінің жеке өзіне берілген адамдар тобын құрды, ол адамдарды большевиктік принцип бойынша таңдамады, олардың арасында троцкистер де бар. Бірақ олар оған адал болғандықтан, олар онымен мәңгі бірге жұмыс істейді деп үміттенеді. Оның өзінің көзін құртса ше?» [6,191] Талай қазақ зиялыларының обалына қалған осы Мирзоян да Сталиннің саяси қуғын-сүргін «құрығынан» аман қалған жоқ. 1938 жылдың қысында Мирзоян жер аударылған корейлерді оңтүстіктен Қазақстанның солтүстігіне көшіру туралы Сталиннің бұйрығына қарсы шығып, олар теріскейде күріш өсірумен айналыса алмайды деген уәж айтқан болатын. Алайда 1938 жылы 15 мамырда Сталин Мирзоянның тез арада Мәскеуге келуін талап етіп жеделхат жолдап, 16 мамырда оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатты. 23 мамырда Мәскеуге бара жатқан жолда Мирзоян қамауға алынып, Лефортоводағы түрмеге жабылады [15]. 1939 жылы 26 ақпанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының үкімімен ату жазасына кесілді. Ол Мәскеудегі Дон зиратына жерленді.1937 жылы 2 шілде күні ВКП(б) Орталық Комитеті саяси бюросының «антисоветтік элементтер туралы» шешімі қабылданды [7]. Оған Орталық комитеттің бас хатшысы Сталин қол қойды. Соның негізінде КСРО Ішкі Істер Халық комиссары Н.И.Ежов «бұрынғы бай-құлақтарды, қылмыскерлерді және басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау операциясы туралы» №00447 жедел бұйрығына 1937 жылы 30 шілдеде қол қояды [8]. 1937 жылы 31 шілде күні Сұлтанбек Қожановты тергеуге алады [9]. Ал Темірбек Жүргеновті 1937 жылы 2 тамызда қамауға алған. Біз сол Сұлтанбек Қожановтың тергеу хаттамасын да қарап шық­тық. Тергеуші кіші лейтенант Нейманның «Пантюркистік ұйым туралы айғақтарды жалғастырыңыз. Ұйымның құрамына кімдер кірді?» деген сауалына Қожанов жауап бергенде тек Жүргеновтің есімі көпшілікпен бірге аталады. Енді мына фактілерге назар аударыңыздар: Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов екеуін кіші лейтенант Нейман деген бір тергеуші ғана тергейді. Тұрар Рысқұловты 1937 жылы 3 шілде күні тергеуге алса, Сұлтанбек Қожановтың тергеу хаттамасында 31 шілдеде тергеуге алынғаны жазылған. 1937 жылы 5 шілде күні НКВД-нің Бас комиссары Ежов «аса құпия» деген белгімен Сталинге хабарлама жібереді [10]. Ол хабарламаға Тұрар Рысқұловты тергеу кезінде жазылған хаттаманы қоса тіркейді, ондағы есімі аталған кісілердің астын сызып қояды. Тұрар Рысқұловты тергеу кезінде Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Құлымбетовтің есімі тізімнің басында бірінші болып аталады. 
Көп ұзамай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Мирзоян да 1937 жылғы 27 шілде күні Сталинге мынадай телеграмма жібереді: «Оңшыл және троцкийлік ұйымдарда контрреволюциялық жұмысқа қатысқаны үшін қамауға алынғандардың ішінен 10-ға жуық адам жергілікті ұлттық-фашистік ұйым басшыларының бірі ретінде КазЦИК-тің бұрынғы төрағасы Құлымбетовті көрсетеді. Атап айтқанда, тұтқын­далған мына кісілер соны көрсетіп отыр: бұрынғы халық комиссариаты Диваев, Халық комитетінің бұрынғы орынбасары Сарымолдаев, Ақтөбе қалалық кеңесінің бұрынғы төрағасы Жаманмұрынов, Қарқаралы аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Асылбеков, өнер комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Тоғжанов және тағы басқалар. Сонымен қатар, тергеу материалдары Құлымбетовтың Нұрмақов, Рысқұлов, Қожанов және жергілікті халық құрамы­ндағы осы ұлттық-фашистік ұйым­ның орталығы арасындағы байланысты қолдайтын негізгі буын екенін көрсетеді. Құлымбетовті қамауға алу үшін материал жеткілікті деп есептей отырып, осы іс-шараны жүргізуге сіздің санкцияңызды сұраймын» деп Мирзоян Сталинге жасырын хат жібереді [11]. Одан кейін Құлымбетов те қамауға алынады.     
Тұрар Рысқұловтың тергеу хаттамасында Темірбек Жүргенов туралы мәліметтер де бар. Рысқұловқа тергеуші кіші лейтенант Нейман мынадай сұрақ қояды: «Іс жүзінде, сіз пантюркистік ұйымның қатысушыларымен қалай байланысқа шықтыңыз? Егер сізде 1928-29 жылдар аралығында бірыңғай орталық болмаса, сізде жалпы так­тикалық желі қалай дамыды?» Бұған Рысқұловтың жауабы: «....Қазақстанның оңтүстік аудандарының көтерілістері ұйымдастырылды. Бұл көтерілістерде сол кезде Өзбекстанның халық комиссариатында жұмыс істеген Жүргенов Темірбек маңызды рөл атқарды. Жүргенов өте беделді бай отбасынан, Қарақұм және Қызылқұм далаларындағы ірі шонжарлар отбасынан шыққан. Мұның бәрін көтерілісті ұйымдастыру үшін пайдаланды. Жүргеновтің әкесі мен ағалары көтерілісті өздері басқарды. Дәл сол сияқты Ферғана алқабында Қоқан үкіметінің бұрынғы министрі Насырқан төремен байланыс орнатты» [10]. Бұл жолдарды тергеушілер өздері қиыстырып бергенін бірден аңғаруға болады. Өйткені Тұрар Рысқұловқа қойылған сұрақтар одан кейін тергеу­ге алынған Сұлтанбек Қожановқа да қойылады. Кімдерді пантүркілік ұйымның тізіміне қосу керектігін тергеушілер алдын ала білгені көрінеді. 
Ішкі Істер Халық комиссары Ежовтың 1937 жылы 30 шілдеде шыққан №00447 бұйрығы негізінде республика мен облыс бойынша ату жазасына және концлагерге қамалатындардың тізімі жасалды. Осы екі жазаны орындау үшін облыстық немесе республикалық Коммунистік партия комитетінің төрағасы, жергілікті НКВД бастығы және прокурордан тұратын «үштіктің» сотсыз, тергеусіз істі жүргізуіне бұйрық берілді [8]. 
Бастапқы лимит бойынша бірінші категория бойынша 75 950 адам ату жазасына, екінші категория бойынша 193 000 адамды концлагерьлерге жіберу жоспарланған болатын. Бұл тізім 1937 жылдың жаз айларында белгіленген. Содан кейін Сталинге аймақтардан жеделхаттар келе бастады. Кейбір хат мәтіндерінен көрініп тұрғандай, есептер байыпты: бір жерде төрт мың, ал бір жерде он мың адамды атуға дайын екендіктерін білдірді. Әр жеделхатқа Сталиннің қолы көк қаламмен «бекітілсін» деп қойылды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Мирзоян да бұл кезде белсенді жұмыс істеді. 1937 жылы 2 желтоқсанда Мирзоян Сталинге хат жазып, Ежовтың бұйрығы бойынша берілген тізімді асыра орындап, бірінші категория бойынша 8 мың адамды ату жазасына, екінші категория бойынша 8 мың адамды концлагерге аттандырғанын қуана жеткізді. «Қажет болса, біз тағы 600 адамды ату жазасына, мыңға жуық адамды концлагерге жібере аламыз» деп есеп берді [12]. 
1938 жылы 17 қаңтарда Сталин Ежовқа хат жазып, «Рысқұлов пен оның айналасындағы адамдар не болды, сол жөнінде есеп беріңіз» деп хабар жібереді (13). Осы хабардан кейін қамауға алынған қазақтың бас көтеретін мемлекет және қоғам қайраткерлері шетінен ату жазасына кесіле бастайды. Әскери коллегияның шешімімен Сұлтанбек Қожановты сол жылы 8 ақпанда, Тұрар Рысқұловты 10 ақпанда ату жазасына кеседі. Бірақ екеуін де бір бейітке жерлейді. Ал Темірбек Жүргеновке ату жазасы бұйрығы 1938 жылы 25 ақпанда беріледі [14]. Оған өзі құрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғимаратын өртеді деген ақылға қонымсыз айып тағылды. Бірақ біз бұл айыптаудың негізсіз екенін білеміз.
Тағы бір айта кететін жайт, 1936-38 жылдары НКВД-нің Бас комиссары болған Н.И.Ежовтың өзі де бұл қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. 1938 жылы 19 қарашада өткен Орталық комитеттің Саяси Бюросында Иванов облысы бойынша НКВД басқармасының бастығы В.П.Журавлев (ол көп ұзамай Мәскеу және Мәскеу облысы бойынша НКВД бастығы лауазымына ауыстырылды) Ежовтың үстінен арыз жазды. 23 қарашада өткен Саяси Бюрода Ежов Сталиннің жеке өзіне өтініш жазып, отставкаға жіберуін сұрады. Онда Ежов НКВД мен прокуратураға абайсызда еніп кеткен әртүрлі «халық жауларының» диверсиялық әрекеттері үшін кінәсін мойындады. 1939 жылы 10 сәуірде КСРО Су көлігі халық комиссары қызметінен босатылған күннің ертеңіне Ежов Берия мен Маленковтың қатысуымен тұтқындалды. Оған сыбайластарымен «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болды деген айып тағылып, 1940 жылы 3 ақпанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының үкімімен ату жазасына кесілді.  

Жылбек КЕРІМБЕК,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 
аға оқытушысы

 

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Сталин И. Сочинения, т. 11. М., 1949 г., с. 171-172. Пленум ЦК ВКП(б) 4-12 июля 1928 г. Об индустриализации и хлебной проблеме. Речь 9 июля 1928 г.
2. Сұлтан-Хан Аққұлы. Сталин охотился за Алиханом Букейханом с 1922 года. https://rus.azattyq.org/a/alikhan_bokeykhan_stalin_alash_/2261845.html
3. Рыскулов Т. Приложение к докладу об «Алаш-орде». Опубликован секретный донос Рыскулова Сталину на казахов. https://camonitor.kz/35044-opublikovan-sekretnyy-donos-ryskulova-stalinu-na-kazahov.html 
4. Постановление Политбюро ЦК ВКП(б) «О присвоении народному комиссару внутренних дел Союза ССР Ежову Н.И. звания Генерального Комиссара Государственной Безопасности». 27 января 1937 г.  https://istmat.org/node/29685
5. Конституция СССР 1936 года (неофициальные названия: «Сталинская конституция», реже — «Конституция победившего социализма»). http://www.hist.msu.ru/ER/Etext/cnst1936.htm
6. Сталин И.В. Cочинения. – Т. 14. – Москва.: Издательство «Писатель», 1997.
7. Постановление Политбюро ЦК ВКП(б) «Об антисоветских элементах». Из протокола заседания Политбюро № 51, п. 94 за 20 июня - 31 июля 1937 г. https://istmat.org/node/48339
8. Оперативный приказ народного комиссара внутренних дел СССР Н. И. Ежова № 00447 «Об операции по репрессированию бывших кулаков, уголовников и других антисоветских элементов». 30 июля 1937 г. https://istmat.org/node/32818
9. Протокол допроса С.Х.Ходжанова. https://alexanderyakovlev.org/fond/issues-doc/61137
10. Спецсообщение Н. И. Ежова И. В. Сталину с приложением протокола допроса Т. Р. Рыскулова. 5 июля 1937 г. https://istmat.org/node/24545
11. Шифртелеграмма Л.И. Мирзояна И.В. Сталину о необходимости ареста председателя ЦИК Казахстана. 27 июля 1937 г. Лубянка. Сталин и Главное управление госбезопасности НКВД. Архив Сталина. Документы высших органов партийной и государственной власти. 1937—1938. — Москва: МФД, 2004, стр. 272. https://istmat.org/node/31684 
12. Габбас Кабышулы. Было два Мирзояна. 9 декабря, 2013. https://datnews.info/by-lo-dva-mirzoyana/
13. Записка И.В. Сталина Н.И. Ежову об эсерах. 17 января 1938 г. https://istmat.org/node/32551
14. Аян Аден. Первый нарком просвещения Казахстана. https://e-history.kz/ru/news/show/4563
15. Шепель В. Левон Мирзоян и Казахстан. Годы великих испытаний. «Комсомолская правда», 20-27 июня, 2013 года. 
 

906 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз