• Тарих толқынында
  • 29 Қаңтар, 2024

Бауыржан Момышұлының Куба еліне сапары

БОСТАНДЫҚ АРАЛЫНДАҒЫ ТАРИХИ-САЯСИ ЖАҒДАЙ

1959 жылы Фидель Кастро, Эрнесто Че Гевара, Рауль Кастролар бастаған Куба революционерлері Батистаның режимін құлатты. Кастроның орнатқан үкіметімен әлемде біраз мемлекеттер дипломатиялық қарым-қатынасын үзген болса, бірқатар мемлекеттер байланысты қайта жалғады. Олардың қатарында бұрынғы кеңес одағы да болды. Қазір Латын Америкасындағы социалистік даму жолына түсіп, сол жолды жалғастырып келе жатқан ел – Куба.
1962 жылы күзде бұрынғы кеңес үкіметі Кубаға жасырын түрде атом қаруы мен әскери базасын орнықтыруынан АҚШ-пен арасында дүниежүзілік ядролық соғыстың тұтануына шақ қалған болатын. Оған АҚШ-тың 1961 жылы Түркияға «Юпитер» зымыранын орналастыруы себеп болған еді. 
Осылайша, әлем қауіпті уақытты бастан өткеріп, термоядролық соғыстың алдында тұрды. Егер бір қате қадам жасалатын болса, онда АҚШ та, кеңес одағы да, жалпы планета жоғалады. Бірақ алпауыт ядролық құралы бар екі елдің үкімет басшылары мен дипломаттарының шұғыл дұрыс шешім қабылдауының нәтижесінде соғыс өрті тұтанбай тоқтаған болатын. Бұл тарихта «Кариб кризисі немесе Кубаның ракеталық кризисі» деген атпен қалды. 
Кеңес одағы Кубадағы әскери базасынан әскерлері мен ракеталарын Куба басшыларының келісімінсіз шұғыл түрде әкетеді. АҚШ болса Түркияға орналастырған зымырандарын алып, Кубаның қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сөйтіп әлем ядролық соғыстың тұтануынан аман қалды.
Дегенмен, АҚШ 1960 жылдан бастап Кубаға қарсы экономикалық санкция жариялап, оны күні бүгінге дейін күшейтіп келеді. 
Кеңес одағы мен Куба елінің және де екі ел көшбасшыларының арасындағы қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру мақсатында Фидель Кастроға кеңес одағынан 1963 жылдың кез келген уақытында келуге шақырту жіберіледі. Сөйтіп, Куба революциясының атасы Фидель Кастро 1963 жылдың 27 сәуір күні өте құпия жағдайда кеңес одағына ұшып келеді. 

 

ДАҚПЫРТ ПЕН ШЫНДЫҚ

Фидель Кастро кеңес одағының астанасы Мәскеуге Мурманск арқылы ұшып келеді. Волгоград, Иркутск, Красноярск, Свердловск, Ленинград, Киев, Сухуми, Тбилиси, Ташкент қалаларын аралап, саяхаттайды.
Ташкентте өткен халықпен бір кездесуінде ол: «Мен Бауыржан Момышұлы мен Жамбыл Жабаевтың туған жерінде болуды армандадым» деген екен.
Осы хабарға сүйеніп, ел арасында «Фидель Кастро Бауыржанды шақыртыпты» деген дақпырттың желдей есіп тарап жүргені Баукеңе ұнамай, оның шындығын өзі былай деп жазыпты: «...Мен өз басым бұл хабарға көпке дейін мән бермей жүрдім. «Кубаға барады екен, бірақ та жібермепті..» деген өсек екі жыл бойы қыр соңымнан қалмады. «Барсам, барайын деген шешімге келдім. Ешкім маған «сені Кубаға жібермейміз» деген жоқ. Қайта шетелге керекті ресми құжаттарды қолма-қол тиісті кеңселерден уақтылы өткізіп, Мәскеуден виза алуға жәрдемдесті. Менің істегенім қысқаша анкетаны толтырып, 5X9 3 дана фотокарточкаларымды тапсыру ғана болды».
Фидель Кастро, Эрнесто Че Геваро, Рауль Кастродан бастап Куба жауынгерлері Кубада испан тілінде жарық көрген Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабынан Б.Момышұлы туралы оқып, Баукеңді өздеріне ұстаз тұтқан. Фидель Кас­тро: «Бауыржанның туған жерін көрсем» деп армандаған болса, Рауль Кастро «Бауыржан Момышұлын Куба жерінде көрсек қуанар едік» деген.
Кубаның Қарулы күштерінің министрі Рауль Кастро Бауыржанды Куба жерінде көргісі келетіндігі жөнінде Кеңес жазушылары Сергей Смирнов, Александр Кривицкий, Василий Субботин, чехословак жазушысы Вацлав Кубик өздерінің Куба әсерлері туралы баспасөз бетіндегі мақалаларында жазады. Баукең сол материалдарды оқыған.
Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты кітабы алғаш 1944 жылы орыс тілінде жарық көрді. 1946-60 жылдары ағылшын, иврит, испан, қытай, неміс, және т.б. көптеген тілдерге аударылып басылған. Баукең 1965 жылы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабының ағылшын, кәріс, араб тіліне аударылған үш кітабына қолтаңбасын қойып, Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музей қорына тапсырған. Қазір бұл кітаптар Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта орналасқан Даңқ залының екінші қабатындағы «Бауыржантану» орталығындағы көрмеде тұр.
Кубадағы испан тілінде жарық көрген кітап туралы: «Американдық жалдамалылармен Плайя-Хирондағы шайқас күндері көптеген қырағы жауынгерлердің қоржынында Кубада жарық көрген Александр Бектің повесі болған. Міне, Волоколам тас жолының жебесі – қайда жеткен» дейді Василий Субботин.
Фидель Кастро, Эрнесто Че Гевара, Рауль Кастродан бастап сол Кубада испан тілінде жарық көрген кітапты оқыған тәрізді. Кубаға барған туристерге жетекші гид қызметін атқарушы Ольга Лоренсе Бауыржанға: «Сіз туралы кітапты бірінші оқыған Фидель еді. Оны бізге ұсынған да сол кісі. Ол сізді жақсы көреді» дейді. 
Рауль Кастро Фидельдің тапсырмасымен Москвада болғанында өз елінің елшісі арқылы Бауыржан Момышұлы туралы анықтама жинайды. Бауыржанның аман-есен Алматыда тұратыны, кітап жазатынын біліп, өзінің тиісті каналдары арқылы Кубаға келуге өтініп, шақырту жіберген екен. Кеңес жазушылар одағының шетелге жіберетін комиссиясы Бауыржанды Кубаға туристік сапармен баратын делегацияның құрамына қосып рұқсат береді. 

ТОЙДЫҢ БОЛҒАНЫНАН БОЛАДЫСЫ ҚЫЗЫҚ

Баукең сырқаттанып қалып, қыркүйектің 5-сі күні ауруханаға түседі. Ауруханаға жұбайы Ғайникамал «Бауыржан Момышұлы 5-інде аттанады. Мәскеуде 3-інде болу керек» деген телеграмманы әкеліп береді. Дәрігерлер, әсіресе, Ким Аршакова Баукеңді дұрыс емдеп, 29 қыркүйекте ауруханадан шығарады. Үйіне келген соң «Момышұлының аттануы қарашаның 30-ына шегерілді» деген телеграмма алады. «Барамын деп айтып қойған соң, енді кейін шегіне алмаймын» деген Баукең, Кубаға әйелі мен баласы Бақытжанды да бірге ала кетуге бел байлайды. 8 қазанда Мәскеудегі Жазушылар одағының шетелге жіберетін комиссияның хатшысына төмендегі мазмұнда телеграмма жолдайды: «Маған Кубаға баруға рұқсат бергеніңіз үшін рахмет. Маған балам Бахытжан Бауыржанович Момышұлы мен жұбайым Баубекова Ғайникамал-Момыш келінін бірге баруға шын көңілден өтініп рұқсат беруіңізді сұраймын. Бірнеше күн ішінде сізге тиісті өтініштер мен құжаттар ұсынылады. Осы аптаның соңында біз Мәскеуде боламыз. Құрметпен, Бауыржан Момышұлы» [ҚР ОМА 1432-қор]. 
Баукеңнің отбасымен бірге Кубаға баруына рұқсат беруін сұранып, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қуандық Шаңғытбаевтың кеңес одағының Жазушылар одағы шетелге жіберетін комиссиясының хатшысы Медведевке 1963 жылғы 9 қазанда ресми жолдаған №СП-18 өтініш хаты бар. Ол хатта былай деп жазылған: «Жазушы Бауыржан Момышұлы Рауль Кастроның шақыртуымен Кубаға бара жатып, 1941 жылы туған баласы Бақытжан Момышұлы мен 1921 жылы туған жұбайы Баубекова Ғайникамал Момыш келінін өзімен бірге алып кетуге бізден рұқсат беруімізді өтінді. Қазақстан Жазушылар одағы Момышұлы Бауыржанның отбасына қатысты барлық моральдық жауапкершілікті алады. Сізден Момышұлы жолдастың өтінішін қанағаттандыруыңызды сұраймыз. Құрметпен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Қ.Шаңғытбаев» [ҚРОМА 1432-қор]. 
Қуандық Шаңғытбаевтың қолымен Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы секретариатының 1963 жылғы 10 қазандағы №17 бұйрығына сәйкес Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Момышұлымен бірге жұбайы Баубекова Ғайникамал Момыш келініне және баласы Момышұлы Бақытжанға 1963 жылғы 11 қазаны мен 20 желтоқсан арасында 60 күнге Мәскеу-Мурманск-Гавана-Мәскеу бағытында іссапарға жіберу туралы №59 іссапар куәлігі [ҚРОМА 1432-қор] дайындалып беріледі. Баукеңнің баласы Бақытжан болса, бұл кезде Жуалыдағы өндіріс басқармасының газетінде әдеби қызметкер болып істеп жүрген болатын. Баукең баласына да телеграмма жолдап, жолға дайындалуын ескертеді. Баукең жұбайымен бірге 11 қазанда поезбен Алматыдан Жуалыға шығып, таңсәріде жетеді. Күні бойы ауылында болып, сол күні түнгі 12-де Фрунзе-Мәскеу поезына мінеді. 16 қазанда сағат 16:00-де Мәскеуде болады. Вокзалда Әмина Бапинамен кездесіп қалып, төртеуі «Заря» қонақ үйіне орналасады. Бір күнін демалысқа арнап, екінші күні Ғайникамал, Әмина, Бақытжан үшеуі дүкен аралайды. Ал, Бауыржан шетелге жіберетін комиссияға барады. Бұл жөнінде Бәукең «Құжаттарды қарап шыққан дипломат: «Жұбайыңыздың жүрегі мұндай алыс жолға жарай қоймас. Аспанда 18-20 сағат болуға тура келеді, аэродромда 4-6 сағат боласыздар. Виза алуға да уақыт тығыздау. Европаның қай еліне барамын десе, жұбайыңызға да, балаңызға да виза алдырып берейін, жақын 2-3 сағат қана ұшады, ал Кубаға уәде бере алмаймын. Сіздің визаңыз біздің сейфте. 30 қазанда ұшасыздар. Оған дейін халықаралық екпе салдырыңыз» деп мекенжайы мен телефонын беріп сөзін аяқтады» дейді. Ғайникамал салқын тиіп ауырып қалады. Бауыржан, Бақытжан мен Әмина үшеуі Мәскеудегі досы академик Евгений Викторович Вучетичтің үйінде ақын Вершинин және бір профессормен бірге қонақта болады. Григорий Львович Рошаль мен Вера Павловна үйіне қонаққа шақырады. 20 қазанда Ғайникамал қатты ренжіп, чемодандарын жинап Алматыға қайтып кетеді.
Баукең аузы-мұрнына ұшық шығып, тамағы жұтқызбай, басы ауырып, аяқ-қолы сырқырап ауырып жатып қалады. Денсаулығы нашарлауына байланысты, Кубаға жібермей қояды деп қауіптеніп, жылы оранып жатады. Қазанның 21-інде құлап, 28-інде төсегінен тұрады. 29 қазанда интуристке барып, құжаттарын тапсырады. 32 адамнан тұратын топтың құрамында өзі бұрыннан танитын әдебиетші профессор Александр Абрамович Исбахпен бірге халықаралық Шереметьево аэродромынан 30 қазанда Чехословакияның астанасы Прага қаласы арқылы отбасымен емес, жалғыз өзі ғана Гаванаға ұшады. Мәскеуден Кубаға баласы Бақытжан шығарып салады.

САЛМАҒЫ БӨЛЕК САЯХАТ


Мәскеуден ұшқан ұшақ 2-2,5 сағаттан соң Чехословакияның астанасы Прагаға қонады. Делегация Чехословакияда бір жұма қыдырып, Прага, Карлова Вары, Марианск Лазнеде, Пльзеньде саяхаттайды. Бауыржан ол жерде өз таныстарымен, достарымен, әскери академияда оқытқан шәкірттерімен кездескен.
Баукең мінген ұшақ Гавана аэродромына 1963 жылдың 5 қараша күні сағат 11:45-те қонады. Аспанда 21 сағат болып, шаршап-шалдығып Кубаға жетеді. Аэровокзалда құжаттарын тексеріп жатқан офицерлер әйгілі қолбасшы, екінші дүниежүзілік соғыста даңқы шыққан стратег және тактик Бауыржан Момышұлын танып, отырған орындарынан атып тұрып қолдарын шекелеріне ұстап ізет көрсетеді. Бұлар Баукең туралы жазылған кітапты оқыған, ол туралы әбден білетін жауынгерлер боп шығады. Сөйтіп, 25 қабатты «Гавана Либрэ» қонақ үйінің 1122 нөміріне орналасады. Баукең 10 қарашаға дейін туристік сапармен келген жолдастарымен бірге Гавананың ең таңдаулы тарихи орындарымен танысады. Гавана мен гаваналық тұрғындар керемет әсер қалдырады. Баукең кубалықтарға «Кубалықтар көңілді, әрі төзімді халық» деп баға берген.
Бауыржан Момышұлы Кубаға турист есебінде барса да, сапарының екінші күні-ақ «Ой» газетінің бірінші бетіне портретімен қоса «Кеңес Одағының полковнигі, атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы» деген мақала жарық көреді. Одан кейінгі нөмірінде екі бетіне корреспонденттерге берген сұхбат және кубалықтармен болған кездесуден әңгімелер басылады. Мұның бәрін ұйымдастырған Гаванадағы «Правда» газетінің меншікті тілшісі Тимур Гайдар болатын. Ол белгілі орыс жазушысы, «Тимур және оның командасы» кітабының авторы Аркадий Гайдардың баласы.
«Бәрі азды-көпті реттелген. Ертең жексенбіде сіз Вородорға барасыз. Дүйсенбі күні таңертең әрі қарай сапарға аттанатын тобыңыздан бөлініп қаласыз да, Гаванаға саяси департаменттің бастығы жолдас Кауссемен кездесуге қайтасыз...» деген Тимур Гайдардың хатын алады.
Баукең жатқан «Гавана Либрэ» қонақүйіне сағат 9:30-да Тимур Гайдар келеді. Саяси департаменттің бастығы команданте Хосе Кауссенің қабылдауына Бәукеңді алып барып, таныстырады. Екеуара жылы таныстықтан соң Кауссе орталық комитеттің екінші хатшысы, премьер-министрдің орынбасары, Куба революциялық Қарулы күштерінің министрі Рауль Кастроның туристік сапарын бір айға создыру туралы өтінішін жеткізеді. Туристік сапарын заңды түрде создыру жағын тиісті каналдар арқылы келісуді өз мойындарына алатынын айтады. Сөйтіп, Баукең Кубада жай турист емес, үкімет пен бас штабтың құрметті қонағы болып қалады. 20 күнге қалуын өтінсе де, 10 күнге қалуға келіседі.
Ғайникамалдың қайнысы Мекемтасқа жазған бір хатында: «Кеше шетелдік комиссияға қоңырау шалсам: «Сіздің шалыңызды кубинцалар тағы 10-12 күнге қалсын деп сұрап жатыр, тегінде рұқсат ететін шығармыз» деді. Сөйтіп, Баукең жалғыз өзі тағы 10-12 күнге қалатын көрінеді. 17.11.1963 ж. Жеңешең» делінген.Бауыржан Момышұлының жүріп-тұруына арнайы «Кадиллак» маркалы машинаны, аудармашыны, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір офицерді және «Вердо Оливо» журналының фототілшісін қосып береді. Баукең Кубаның алты провинциясын аралап, әскери академияда лекция оқиды. Завод-фабрикаларда, ауылшаруашылық кооперацияларда, оқу орындарында, әскери бөлімдерде болып, кездесулер өткізіп әңгіме-сұхбаттар жасайды. Сапарының соңында құрметті үкіметтік қабылдауда болып, Рауль Кастромен кездеседі. Баукең Кубада 5-21 қараша аралығында 17 күн болып, зор әсермен 21 қарашада Мәскеуге қайтады.
Иә, Баукеңе сол кездегі Куба халқының революциялық рухы, жасампаздық бірлігі мен жеңімпаздығы, еркіндігі ерекше әсер етеді.
Жоғарыдағы үш еңбегіне қоса, Баукең 1965 жылы Жамбылға келген сапарында сиясы кеппеген «Куба әсерлері» кітабының да бір данасын қазіргі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізген. 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КІТАПТАРЫ КУБА ЖЕРІНДЕ


Түрік халықтарының ішінде қазақ халқынан шығып, әскери әдебиеттің кәсіби негізін салған жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының Куба Республикасына барған сапарына алпыс жыл толды. Кариб теңізінің ортасында орналасқан Куба аралына Қазақстан Жазушылар одағынан алғаш қадам басып, қалам тартқан жазушы – Бауыржан Момышұлы.
Куба мен Қазақстан халқының арасына байланыс орнауы, екі елдің достығына салынған алтын көпір сонау 1963 жылдың қараша айынан басталған деуге де болады.
Рауль Кастроның шақыртуымен Кубаға сапарында Б.Момышұлы өзі жазған бес кітабын ала барады. Ондағы мақсаты Латын Америкасындағы кубалықтарға білім мен тәжірибесін тарату болатын. Бауыржан атамыз Матансас провинциясындағы әскери академияның үлкен залындағы 1000-нан аса адам отырған жерде: «Менің білгенім де, көргенім де ол дүниеде ешкімге керек емес. Оны оған ала кетудің де керегі жоқ, одан да осы дүниеде қалдырып кеткенің оңды. Бәлкім, біреу-міреуге кәдеге жарар. «Жылтыр моншақ жерде қалмас». Сондықтан да мен көбірек еңбектенуге үнемі асығамын. Егер менің кітаптарымның сіздерге берер жемісі бар екен, онда еңбегімнің өтелгені деп білемін» дейді. Матансаста оқыған лекциясының ішінде өзімен бірге саяхатқа шыққан Алтайлық ойрат жазушысы Лазарь Кокишев те бар. Лазарь Кокишевтің Баукең мен кубалық жауынгерлердің арасындағы әңгімелерді бас көтермей жазып алған қолжазбасы, фотоаппаратымен суретке түсірген фотоқұжаттары архивінде сақталған болуы мүмкін.
Бауыржан Момышұлының кітаптарында ойдан шығарылған оқиғалар, ойдан жасалған образдар жоқ. Өз басынан өткен естеліктеріне (күнделік жазбаларына) оның ішінде ерекше эпизодтарды екшеп алған елеулі көріністерге негізделіп жазылған деректі шығармалар.
«Знамя» журналының 1962 жылғы ақпанда шыққан санында «Кубаның революциялық Қарулы күштер министрі Рауль Кастро Рус: қазір Александр Бек не жазып жүр? Оның кітабының қаһарманы Бауыржан Момышұлы қайда тұрады? Жазушы мен оның қаһарманын Куба жерінде көргіміз келеді» деп жариялайды.
Рауль Кастро Бауыржан Момышұлын жазушы емес, Александр Бектің кітабындағы басты кейіпкері әрі батыр есебінде Куба жерінде көргісі келетінін айтқан. Ал Бауыржан болса, бұл кезде бірнеше кітаптары жарық көрген Кеңес одағына танымал, қазақ-орыс тілдерінде қалам тербейтін жазушы болатын. Сондықтан ол саяхатқа шығарда дайындаған құжаттарындағы анкеталарды толтырғанда өзін «жазушы Бауыржан Момышұлы» деп көрсеткен.
Өзінің «История одной ночи» (1954), «Жауынгердің тұлғасы» (1958), «За нами Москва» (1958); «Генерал Панфилов» (1963) атты кітаптарын Кубаға бірге ала барған. Бұл шығармалар бұған дейін сонау соғыс жүріп жатқан кездегі Бауыржан Момышұлының материалдары негізінде жарық көрген Александр Бектің «Панфиловцы на первом рубеже» (1944), «Волоколамское шоссе» (1945) атты шығармаларының тақырыптық жалғасы ретінде жазылған туындылар болатын.
«Бұл кітаптарды мен Кубаға ала келдім. Егер, олар сіздердің тілдеріңізге аударылғандай болса, онда менің тәжірибемді де, қатемді де сіздердің орталарыңызға да салғаным болар еді» дейді Бауыржан Момышұлы. Иә, Бәукең ұрыстың оперативтік өнері, тактика, стратегия жөнінен тәжірибесін бөлісіп қана қоймай, кейбір жіберген қателерін әңгіме етіп, оны жаңа толқын жастардың қайталамауы үшін ортаға салғанын айтады. Соны Куба жауынгерлерінің ортасына да жеткізу үшін, кітаптарының испан тіліне аударылуын тілейді. 
Баукеңнің осы ойын оқып қойғандай:
– Әйткенмен, мен коронелдің кітаптарын испаншаға аударту жөніндегі пікіріме қалай қарайтынын білгім келеді, – дейді Рауль Кастро. Оған Бәукең:
 – «Біздің семьяны» испан тіліне аударып керегі жоқ. Ол жеке азамат әңгімесі, ал әскери тақырыптағыларды аударып, жұртқа түсінікті тілде таратса болар еді, - дейді.
– Коронел*, сіз мұнда әртүрлі аудиториялар алдында сөйледіңіз. Олардың мазмұнын маған айтты. Сіз өз сөздеріңіздің бір данасын бізге қалдырмас па едіңіз. Біз оны кішкене кітапша етіп шығарар едік. Онда біздер үшін пайдалы кеңестер бар, – деді Рауль Альмедо сөзін бөліп.    
– Менің жазылған сөзім жоқ, болған да емес. Егер олар сіздерге керек болса, мен айтқандарымды еске түсіріп, жазып шығайын да, сонсоң берейін сіздерге, команданте.
– Егер, бұл сізге қиындық келтірмесе, коронел.
– Мен сөздеріңізді жақсы аудармашы арқылы испан тіліне жеткізуге уәде беремін, – деді бас штаб бастығы Серхио Дэль Вас.
– Келістік, – дейді Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлын 21 қараша күні таң бозара аэродромға келгенде министрлердің орынбасарлары, бас командашылардың орынбасарлары, Раульдің орынбасары команданте Юменес аэропортқа жетіп келеді.
Бауыржан: – Сіздерге рақмет. Менің аздап болса да сіздерге пайдам тисе, онда халқымның сенімін ақтағаным.
Рио: – Сіздің сөздеріңізді біз жеке кітапша етіп шығармақпыз. Ол біздің офицерлеріміз үшін пайдалы құрал болады, – дейді.
Бауыржан: – Әзір асықпаңыздар. Мен Москвадан өз сөздерімнің жиынтық нұсқасын жіберуге Раульге уәде берген едім. Рио: – Иә, біздің де ойлағанымыз солай. Москвадағы біздің әскери өкіліміз команданте Эдиардо Синьоль бұл жөнінде хабардар. 
– Жолыңыз болсын, полковник! Еліңізге бізден жалынды сәлем! – деп шығарып салады.
Жалпы, Бауыржан Момышұлы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейіне өз қолымен жазып 10 кітабын сыйлаған. Туған жеріне құрметтің белгісі ретінде өз кітаптарынан «Наша семья» 1956 г., «За нами Москва» 1958 г., «Фронтовые встречи» 1962 г., «Төлеген Тоқтаров» 1965 ж., «Куба әсерлері» 1965 ж., «Генерал Панфилов» 1963., «Генерал Панфилов» 1966 ж., және Александр Бектің «Волоколамское шоссенің» ағылшын, араб, кәріс тілдеріне аударылған кітаптарына өз қолтаңбасын қойып, оларды музей қорында мәңгілік сақтау үшін сыйға тартқан. Сондықтан автордың қолтаңбасымен сыйға тартылған бұл кітаптар мұражайдың ең баға жетпес құнды мұрасына айналып отыр. 

«КУБА ӘСЕРЛЕРІ» КІТАБЫНЫҢ ЖАЗЫЛУ, ЖАРИЯЛАНУ ЖӘНЕ ТАРАЛУ ТАРИХЫНАН


Бауыржан Момышұлының шығар­маларының басы 1930 жылдан бастап жазылып, ең алғаш өлең және мақала күйінде қазақ тілінде тарала басталды. Ал, аты аңызға айналған батыр Бауыржанның қайталанбас ғажайып сырға толы өмірі мен шығармалары мерзімді баспа бетін көріп, кең таралуына 82 жылдың жүзі толса, көркем туындыларының ең алғаш орыс тілінде жеке кітап боп жарық көргеніне биыл 72 жыл болды.
Кубадан Алматыға келе салысымен Кубадағы көрген-білген, ойға түйгендерін жоспарлап алып, сапарнамасын жазуға кіріседі. 
Куба Революциялық Қарулы Күштерінің министрі Рауль Кастро Руске Бауыржан Момышұлы әртүрлі аудитория алдында сөйлеген сөздерін елге келісімен еске түсіріп жазып беруге уәде берген еді. Ал, бас штабтың бастығы Серхон Дэль Вас, Кауссенің орынбасары Рио Бауыржан Момышұлының сол сөздерінің жиынтық нұсқасын испан тіліне аудартып, шағын оқу құралын кітапша шығаруға уәде береді.
Бауыржан Куба басшыларына берген өз уәдесін орындады. Ол «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз! 11-21.11.1963 ж. Кеңес одағының полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының Кубаның әртүрлі аудиториясы алдында сөйлеген сөздерінің қорытынды жұмыс жазбалары» деген атпен баяндамасын орыс тілінде жазып, оны қазақ тіліне аударып «Достар арасындағы сөз» деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялайды. 
Орыс тілінде жазылған осы баян­дамасының толық нұсқасы Рауль Кастро Русьтің қолына тиді ме екен? Серхон Дэль Вас пен Рио оны испан тіліне аудартып кітапша етіп шығартты ма? Ол жағы бізге белгісіз. Оның жауабын Кубаға арнайы іссапармен шығып, не болмаса Қазақстандағы Куба елшілігі арқылы анықтау керек. 
Бауыржан Момышұлының 1965 жылы шыққан «Куба әсерлері» атты кітабына енбей қалған тағы бір материалы бар. Ол – «Куба» деп аталатын жазбасы. Баукеңнің «Куба» деген қолжазбасының мазмұнына бойласақ, онда Куба сапарына шығардың алдындағы жайлар баяндалады. Соған қарағанда Баукең «Куба әсерлері» кітабының бас жағын осы материалымен бастауды жөн көрген сияқты. Бірақ кітапты баспадан шығарарда ол материалдарды қысқартып, повесті Гавана аэродромына қонған күннен бастағанды жөн көргендей сезіледі. Сөйтіп «Куба» деген материалы үй архивінде елеусіз жатып қалған тәрізді. 
Баукеңнің «Куба», «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз! 11-21.11.1963 ж. Кеңес Одағының полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының Кубаның әртүрлі аудиториялары алдында сөйлеген сөздерінің қорытынды жұмыс жазбалары» деген материалдарды М. Мырзахметұлы бастаған 30 томдықты бастырушылар Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағына алғаш жариялады.
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Мұхаммеджан Кәтімхан орыс тіліндегі «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз! 11-21.11.1963 ж. Кеңес Одағының полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының Кубаның әртүрлі аудиториялары алдында сөйлеген сөздерінің қорытынды жұмыс жазбалары» деген баяндаманы өзі құрастырған «Куба әсерлері» (2009) кітабының екінші басылымына қосқан. «Куба әсерлері» (2009) кітабының аннотациясына: «Жазушының 1963 жылғы Куба сапарындағы естелік әңгімелері. Бұрын бұл шығарма бір рет жарық көрген. Көптомдық шығармалар жинағына толықтырылып, қайта басылуға ұсынылып отыр. Бұл жинаққа мұрағат деректерін пайдалана отырып, төрт баспа табақ көлемінде автордың өзінің жеке мұрағатынан және Бақытжан Момышұлының қолынан алынған тың деректер қосылды» деген деректі жазбаға қарап, жоғарыдағы орыс тіліндегі материалды толықтырылған екінші басылымның ішіне қосқанын кітаптың 215-235 беттерінен оқып көруге болады. 
«Лениншіл жас» газетінің редакторы Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен газеттің тілшісі Баукеңнің үйінде болып, әңгімелесіп: «Қазір Бауыржан Момышұлы Куба күнделіктерін жазу үстінде. Таяу уақытта біз өз оқушыларымызды осы туындымен таныстыра бастаймыз» деп газет бетінде ақпарат береді. Сөйтіп, «Лениншіл жас» газетінің 1964 жылғы 25 қаңтардағы №16 санынан бастап «Куба күнделіктері» деген атпен газет оқырмандарын сол ұмытылмас сапардың күнделіктерімен таныстыруды бастайды. Біздің қолымыздағы газеттің он санында болашақта кітап боп шығатын повестің үзінділерін және Куба сапарынан түсірілген 13 фотосын жариялаған. Повесть үзінділері жарияланған әр газеттің санын қиып алып өзінде сақтап, оларды кейін жеке қорына өз қолымен және Куба сапарынан түсірілген 2000 (екі мың) дана фотоқұжаттарды да архивке өткізгендігі туралы профессор Мекемтас Мырзахметұлына айтқан. Қазір сол фотоқұжаттарын іздестірудеміз. 
Баукең күндіз-түні жұмыс жасап, Кубаға барған саяхаты туралы еңбегін екі-үш айдың ішінде жазып бітіреді. 
Қазір Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивіндегі Б. Момышұлының жеке қорында машинкаға басылған сапарнама қолжазбаларының 4 нұсқасы (1,2,3,4 нұсқалар) сақтаулы. 
Б.Момышұлы Вера Павловнаға 1965 жылғы 3 маусымда жазған хатында: «Менің «Куба әсерлерімді» шамамен 17 баспа табақты баспахана қабылдады. Бірақ әлі жарық көрген жоқ» десе, тағы бір хатында: «Сіз менің Кубалық әсерлерімді оқыдыңыз ба? Мен Кубалық әсерлердің 250 бетін жаздым. Менде тағы теретін 150 бет бар», – деп жазады. 
Бауыржан Момышұлының «Куба әсерлері» кітабы 200 000 (екі жүз мың) данамен сол 1965 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан қазақ тілінде жарық көрді.
 

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Бауыржантану» ҒЗО-ның аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі

4045 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз