• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2024

Жамбылда жасақталған Андерс армиясы

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы 
Білім беру ісінің үздігі

Бүгінде ұмыт бола бастаған кеңестік идеологияның жауыр да жаттанды ұрандары көп-тін. Солардың бірі Қасым ақын айтқандай, «күндей күркіреп өткен» Екінші дүниежүлік соғысқа қатысты «ештеңе де ұмытылған жоқ, ешкім де ұмытылмайды» деген лозунг-үндеу, қазіргі тілмен айтсақ, саяси слоган еді. (Бұл ретте орыс тіліндегі терминдердің басым бөлігі немісшеден алынғанын, «лозунгтың» түпнұсқасы «losung» екендігін естеріңізге сала кетейін). Алайда, «күндіз-түні бір тынбай» жұмыс істеген үгіт-насихат машинасы елді бірлікке, екпінді еңбекке шақырған жолдаулардың өңін айналдырып, бояуын оңдырғанымен, сол кездегі қалың көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан үндеулердің бірі осы жоғарыдағы ұран болатын. Өйткені, бірінен бірі өткен басқыншылардың тәнге салған жарасы, тоталитарлық идеологиялардың санаға түсірген салмағы соғыстан кейінгі онжылдықтарда әлі де халық жадында еді. 
 

Сол сұрапыл соғыстың селеудей селдіреген соңғы ұрпақтары ортамызда жүрсе де, тіршілік заңына қарай олардың орнын немере-шөберелері басуда. Қазір заман басқа, заң да бөлек. Әлемдік өркениетте қалыптасқан ұғым-түсінік, анықтамаға сәйкес кейінгі буын қаламгерлер мен қоғамтанушылар аға ұрпақ есіндегі «Ұлы Отан соғысы» терминінің орнына «Екінші дүниежүзілік соғыс» атауын айналымға енгізді, сөйтіп, тарихи оқиғаның уақыт көкжиегі мен қимыл аумағы ауқымын кеңейте түсті. Бұған қоса тап қазір Еуропаның қақ төрінде жан алып, жан беріскен қанды шайқастардың жүріп жатқанын да, жарты әлемге жүргізген билігін аңсаған соғысқұмарлардың қарымта таяғы шекемізге тие бастағанын да жасыра алмаймыз. Сондықтан бүгінгі таңда ештеңенің де жадымыздан шықпағаны, ешкімнің де ұмытылмағаны маңызды. 
 Келесі жылы әлем жұртшылығы Екі­нші дүниежүзілік соғыстың аяқ­талғанына 80 жыл толуын бір үміт, бір күдік сезімімен атап өтпек. Өйткені, қос құрлықтағы ұрыс қимылдарының өршуі үшінші ғаламдық соғыстың тәнді қаритын салқын лебі мен кент-шаһарды шарпитын от-жалынын жақындата түскендей. Жау – жар астында, сақтықта қорлық жоқ деген халық даналығына сәйкес, бейқам жатқан, марғау Еуропада да сын сағаты соға бастаған осынау сәтте тас-түйін болып, көк темір құрсанған қарсыласты қаймықпай қарсы алудың қамын қарастырған жөн. 
Қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбын «лейтенанттар прозасының» өкілдері, классиктер Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтардан, поэзияда Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленовтардан бастап олардан кейінгі қаламгер қауым да айналып өткен жоқ. Әсіресе Шерхан Мұртаза, Тұтқабай Иманбеков және басқалар бейнелейтін тылдағы кемпір-шалдар мен әйелдердің, жас балалардың қилы тағдыры осы тақырыптың өрісін ұлғайтып, көкжиегін кеңейтті. Көсемсөзшілердің де қалыс қалмағанын атап өткен жөн. Сондай-ақ өткен ғасырдың 40-50 жылдарында ес жиып, етек-жеңін жинаған ардагерлеріміздің қазір әртүрлі бас­палардан жарық көріп жатқан естеліктері аласапыран оқиғалардың субьективті санада көрініс табуы арқылы қазіргі тарих ғылымының зерттеу нысанына айналып отыр. 
Кеңес заманында Жеңіс күні – 9 мамыр қарсаңында газет редакцияларының тапсырмасымен жазылатын мерейтойлық очерктер мен суреттемелердің шындықты жасырып, ақиқатты боямалайтын тұс­тары көп болатын. Қазіргі таңда әріптестеріміздің тақырыпты объективтік тұрғыда өрбітуге деген ұмтылысы байқалады. Бұл ретте журналистер майдан шындығын өзіндік көзқарас, ұстаныммен ашуға талпыныс жасап, жаңа көркемдік әдіс-тәсілдерге жүгінуде. 
Мәселен, осы жолдардың авторы Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына бұдан он жылдан астам уақыт бұрын, Польша еліндегі зерттеушілік және тілшілік қызмет барысында бет бұрған болатын. Бұған вроцлавтық зейнеткер, екі жасында Батыс Украинадан Қазақстанға жер аударылған пан Анджей Млынаректің Ел­шілік кеңесшісі Асқар Абдрахмановтың көмегімен Қазақстанға барып, өзін, анасы мен әпкесін аштық құрсауынан, өлім аузынан алып қалған Майлыбаевтар отбасының қабіріне зиярат еткен оқиғасы түрткі болған-тын. Оқиға бұрынғы Торғай облысы, Жақсы ауданының Терісаққан кеңшарында өтеді. Облыстық «Торғай таңы» газетінің қызметкері ретінде талай аралаған өңірім болғандықтан бүйрегімнің бүлк ете қалғаны рас («Ж.Бекболатулы, «История, написанная детскими слезами». Журнал «Мысль», №7, 2021). Бұл жөнінде мақаланың соңына таман қысқаша сөз болады. 
2013 жылғы маусымның 13-14 жұлдыз­ында Варшавада өткен Жамбыл облысының мәдениет күндеріне Абайды поляк тіліне аударған ғалым, профессор Хенрик Янковский мен оның жұбайы, доктор Гүләйхан Ақтаймен бірге қатысқаным бар-тын. «Поляк театрында» өткен салтанатты шарада «Қара сөздердің» Grupa BRB Invest компаниясының демеушілігімен жарық көрген кітабының тұсаукесері болды. Жиында сөз алған Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айнұр Сәденова «Екінші дүниежүзілік соғыс және сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Тараз жерінде, атап айтқанда Меркі өңірінде мәңгілік мекен тепкен поляктарды еске аламыз, поляк тарапына генерал Андерс армиясының жауынгерлері жатқан бейіттің бір уыс топырағын табыс етіп, ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысамыз»,– деп атап өтті. Осы жолдар авторы аталған шаралардың басы-қасында болды. Мұның алдындағы, 2012 жылы Алматыдағы Польша Республикасының Бас консулы Вислав Осуховскийдің қатысуымен Таразда Польшаның мәдениет күндері өтіп, поляк елінің өкілдері Таразда болған екен. Осы оқиғаны тілге тиек еткен «Егемен Қазақстан» газеті «соғыс жылдарында 500-ге жуық поляк жауынгері Тараз қаласындағы зираттарға жерленіпті», деп жазады /https://egemen.kz/article/19891-general-anders-dgane.
Тағдырдың жазуымен осы жиыннан соң генерал Андерске және оның армиясына қатысты деректер мен дәйектерге кейіннен бірнеше мәрте қайта оралуыма тура келді. 
Жамбыл жеріндегі 
«мылтықсыз майдан»
Әдебиеттанушылардың пікірінше, Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» романының атауы бүгінде өзінің екінші өмірін кешіп, көсемсөздегі тұрақты тіркеске, саяси сахнадағы талас-тартыс­ты, итжығыс күресті бейнелейтін көркем теңеуге айналған. Ал, алдыңыздағы мақалада ол өзінің бастапқы мағынасында қолданылғалы отыр: зерттеушілердің жазуынша, кеңестер одағы Польшаны басып алған 1939 жылдан кейін итжеккенге айдалып, соғыс басталған соң ғана босатылған поляк офицерлері мен солдаттарына жаттығу үшін басында от қару берілмеген. Мұның бір себебі сенімсіздікте жатса, екіншісі майдандағы әскерлердің өзінде де алғашқы айларда екеуара, тіпті үшеуара бір винтовка болғандықтан еді. Ал, 90 пайыз қазақтардан тұрған 106 атты әскер дивизиясының жауынгерлері танкке қарсы жалаң қылышпен шауып, майдан даласында шейіт болған /https://qazaquni.kz/ru/99461-ischeznwvshaya-diviziya-ili-. «Мылтықсыз майдан» дегеніңіз осы-тын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгеруші қызметінде жүргенімде поляк халқына қарсы жасалған қылмыстарды тергеп-тексеретін мекеме Польшаның Ұлттық Зерде институтының қызмет­керлерін, атап айтқанда институттың бюро директорының орынбасары Войцех Савицки мен институт маманы Ежи Рогозинскиді, Польшаның Қазақстан мен Қырғызстандағы Бас консулы Радослав Грукты, вице-консул Даниел Брацишевскиді 2015 жылдың наурыз айының орта шенінде оқу ордамызбен таныстырып, олармен еркін пікір алмасудың сәті түскен еді. Ұлттық Зерде институтының қызметкерлері Алматыдағы мемлекеттік архивте жер аударылған поляктар мен Андерс армиясына қатысты деректердің бар-жоғын сұрап, табылған жағдайда сатып алатындықтарын мәлімдеді. Жалпы, архивте мұндай мәліметтер мен деректер жеткілікті еді, алайда олардың көші­р­­мелерін өзге мемлекеттің меке­мелеріне берудің құқықтық тетіктері қарас­тырылмағандықтан, поляк ғалымдарының өтінішін орындаудың реті келмеді. 
 Тілге тиек етіліп отырған Польшаның Ұлттық Зерде институты 2016 жылғы 20-22 сәуірде ұйымдастырған «Polonica in foreign institutions – research on the history of Polish political emigration 1939 – 1990» («Шетел институцияларындағы Полоника – 1939 – 1990 жылдардағы поляк саяси эмиграциясының тарихын зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға дайындалу барысында архивтегі Андерс армиясына қатысты деректерді түртіп алып отырдым. Сондай-ақ 2018 жылғы ҚазҰУ-де Польша Республикасының 100 жылдығына арнап наурызда кафедрамыз өткізген, сондай-ақ 26 сәуір – 1 мамыр аралығында Польшаның Бас консулдығы, Польша Сенаты, Ұлттық зерде институты ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, Алматыдағы Орталық музейде болған «Андерс армиясы – Үміт жолы» көрмесінде аталған әскери құрама мәселелері әртүрлі қырынан сөз болды. Сол кездегі баспасөз бұл туралы былай деп жазды. «Көрмеге 1939 жылғы СССР мен Германия арасындағы Молотов – Риббентроп пактісі қол қойылғаннан бастап кеңес одағы аумағында поляк армиясы құрылғанға дейінгі аралықтағы поляктар тарихынан хабар беретін Польша және Британия архивтері мен музейлерінде сақталған суреттер қойылған. Бұл армияны басқарған Владислав Андерс 1939 жылы НКВД түрмесіне қамалып, 1941 жылдың тамызына дейін отырады. Андерс армиясы кеңес үкіметі мен қуғындағы поляк үкіметі арасындағы келісім бойынша құрылады. Армияның құрамында КСРО аумағындағы поляктар қызмет етті. Олардың көбі сталиндік лагерьлерде отырған немесе жер аударылып, «жазасын өтеп» жүрген болатын. Көрмеде кезінде Қазақстанға депортацияланған поляктардың өмірінен хабар беретін суреттер де қойылған» /https://www.azattyq.org/a/kazakhstan-almaty-week-exhibition-poland/29198936.html.
Жалпы, Польшаның саяси тарихы қазақстандық ғалымдар тарапынан біршама жақсы зерттелген деп айтуымызға болады. Мысал үшін поляк әскери құрамалары жөнінде ғана соңғы онжылдықта шыққан және жарық көріп жатқан монографияларды атап өтуге болады. (қар.: Көкебаева Г.К., Сманова А.М. «Польша. Қазақстан: тоғысқан тағдырлар», Алматы, 2012; Мәшімбаев С.М., Сманова А.М. «Қазақстандағы поляк әскери елшілігінің құрылуы және қызметі. 1939-1943жж.», Алматы, 2017; Губайдуллина М.Ш., Кульбаева А. Т. «Польские дипломаты в Казахстане. 1941-1943 годы: сб. ст. и док.» Астана, 2015; Пастушко С. «Генерал Андерс и его солдаты», Алматы, 2012). Осы ретте жоғарыда сөз болған Ұлттық зерде институындағы конференцияда жасайтын баяндамаға қажет архивтік деректерді жинай отырып, Қазақстанда, Жамбыл жерінде Андерс армиясын орналастыру және әскери дайындықтан өткізу жөніндегі Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің және Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1942 жылғы 23 қаңтардағы «Айрықша папкаға» (Особая папка) салынатын, Аса құпия сипаттағы «Поляк әскери құрамаларын орналастыру туралы» Қаулысын кезіктірдім. Онда былай делінген:
«Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің Қазақ КСР-і аумағында поляк әскери құрамаларын орналастыру туралы 1941 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне сәйкес жоғарыда аталған құзіретті органдар былай деп қаулы шығарады:
Түркістан-Сібір темір жолының Отар станциясында №29 мектептің үй-жайында, оқушыларға арналған интернатта, пакгауз-қоймада;
Түркістан-Сібір темір жолының Луговая станциясында, облыстық колхоз мектебінің жатақханасында, №33 теміржол мектебінде, аудандық тұтынушылар одағының базасында, дүкенінде;
Меркі ауданында – аудандық тұтынушылар одағының клубында, аудандық клубта, «Қызыл интернацио­нал» колхозының клубында, «Қызыл Шығыс» колхозының клубында поляк әскери құрамалары орналастырылсын». 
 Қаулыға «Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов және Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы Н.Скворцов», деп қол қойылған. 
 «Қазақ университеті» баспасынан 2017 жылы жарық көрген «Қазақстандағы поляк әскери елшілігінің құрылуы және қызметі. 1939-1943жж.» атты зерттеу еңбекте тарихшы ғалымдар Серік Мектепұлы Мәшімбаев пен Айгүл Молдаәліқызы Сманова «1939 жылы қыркүйек айының 1-күні таңда фашистік Германия ешқандай ескертусіз Польшаға соғыс ашты. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы еді. Соғыстың алғашқы сағатынан бастап поляк халқы агрессорға қарсы жан аямай күрес жүргізді» деп атап өтеді. «Польшаның Гдынья, Гданьск, Хель аралында айтар­лықтай соғыс қимылдары жүрді. Вестерплат маңында күштің тең болмауына қарамастан поляк солдаттары жеті күн бойына қорғанып, Отан алдындағы міндеттерін ерлікпен атқарды. Фашистік Германия Польшаны жаулап алу үшін 1,6 млн әскер, 62 дивизия, оның 7-еуі танк дивизиясымен соғыс ашты. Оның ішінде 2800 танк, 6 мың миномет пен артиллерия және 2 мың самолет болды. Польша жағында 1 млн адам, 24 дивизия, 4300 артиллерия, 220 танк және 800 самолет қарсы тұрды. Күштің тең болмауынан неміс-фашист әскері жеті күннен кейін Варшава қаласының маңында соғыс қимылдарын жүргізіп, Польшаны толық жаулап алу қаупі төнді. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы келісімдер негізінде Франция мен Ұлыбритания қыркүйек айының 3-күні Германияға соғыс жариялады. Алайда Германияға ешқандай қарсы соғыс қимылдары басталмады. Бұл жөнінде Франциядағы Польша әскери өкілі былай деп жазды: «Қыркүйек айының жетісі күні бір мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жылы Германияның батысында ешқандай соғыс қимылдары жоқ. Майданда тыныштық. Француздар Герман-Польша майданында соғыс қимылдарының немен аяқталатынын күтуде. Ұлыбританиядан көмек сұраған Польша уәкіліне ағылшын генералы Айронсамд: «...өздерінің жан ашығандығын айтып, бейтарап елдерден көмек сұраңдар», – деп жауап берген». Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Франция мен Ұлыбритания үкіметтерінің бұл саясаты «Ғажайып соғыс» деп аталды. «Ғажайып соғыс» саясатының сол кездегі негізгі мәні Франция мен Ұлыбританияның Германияға эконом­икалық қысым жасауымен шектеліп, Германияны шығысқа, КСРО-ға қарсы соғысқа итермеледі. Олардың ойы Германия Польшаны жеңгеннен кейін КСРО-ға соғыс ашады деп ойлады. Бірақ бұл ойларынан ештеңе шықпады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Польша мемлекеті соғыс қимылдарын жалғыз жүргізуге мәжбүр болды. Польша астанасы Варшава қаласының халқы екі жеті күрес жүргізіп, қару-жарақтың жеткіліксіз болуы, күштің тең болмауы қаланың құлауын мәжбүр етті. Варшава қаласын қорғаушыларды басқарған генерал Валерсон Чума және елдің президенті Стефан Статинский болды. Соғыс қимылдары Польшаның Лодзь, Краков, Познань қалаларының маңында жүріп жатты. Герман-кеңес арасындағы жасырын қол қойылған Риббентроп-Молотов пактісі, ықпал келісімі бойынша Қызыл Армия Батыс Украинаға басып кірген кезде неміс әскері Львов қаласын тастап, Қызыл Армия әскеріне жол ашты. «1939 жылы қазан айының 2-күні Люблин қаласында Қызыл Армия мен неміс әскерінің бір-бірімен кездесіп әңгіме соғып, темекі шегіп, қуанышты күлкілерін көруге болады», – деп жазды қала тұрғындары. Бұл күні Польша тарихында Германия Польшаны, Қызыл Армия Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны толық жаулап алуымен соғыс қимылдары аяқталды» /https://elibrary.kaznu.kz/wp-content/uploads/2020/05/mashymbaevpdf. 
 Авторлар поляк тарихындағы қайғылы беттердің бірін былайша суреттейді. «Польшаны толық жаулап алғаннан кейін Гродно, Брест, Бинск қалаларында бірлескен әскери шеру ұйымдастырылған. Немістер бұл шеруді «Жеңіс парады» деп мақтанған. Мысалы: Гродно қаласындағы әскери шеруді кеңес генералы В.И. Чуйков және Германия генералы басқарса, Брест қаласында генерал Г. Гудериан және кеңес әскерінің бригада командирі С.М. Кривошейн қабылдаған. Қызыл Армия 1939 жылы қазан айында Польшаның Остроленка, Вышкув, Иодов, Мрозы, Сточек, Радзин, Парчев, Лютерский, Фраиполь, Сеняв, Пшемысль, одан әрі Венгрия шекарасына дейінгі жерді басып алған. 1939 жылы қыркүйек айындағы соғыс қимылдарының барысында 200 мың поляк өлді, 300 мың полякты тұтқындалып, Германияға жұмысқа айдалды. КСРО өз жағынан 200 мың полякты тұтқынға алды. Польша мемлекетінің жеңілу себебі, біріншіден, Риббентроп-Молотов пактісіндегі жасырын ықпал жасау келісімі, екіншіден, Франция мен Ұлыбритания басшылары Долодье мен Чемберленнің фашистік Германияны қолдау саясаты, үшіншіден, Польша мемлекеті соғысқа дайын болмады, қару-жарақ жетіспеді. Соғыс қимылдары аяқталғаннан кейін 1939 жылы қыркүйек айының 28-күні Мәскеу қаласында КСРО мен Германия арасында келісім жүргізіліп, КСРО-ның батыс шекарасындағы өзгерістерді Германия жағы толық мойындады. Риббентроп-Молотов пактісінің бірінші кезеңі аяқталып, оның батыс шекарасы Польша жерінде Германияның жаулап алған жерлерімен көрші болды. Ежелгі Речь Посполитая жері тарихта үшінші рет бөліске түсіп, поляк халқы тәуелсіздігінен айырылды».
Оқырмандарымызға Польшаның әскери тарихын зерттеп жүрген ғалым Айгүл Сман­ованың «Қазақстан мен Орта Азияда поляк армиясын жасақтау жұмыстарының кейбір мәселелері» атты Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің «құпия» белгісімен сақталған мұрағат құжаттары пайдаланылатын зерттеу еңбегімен танысу қызықты болады, деген ойдамыз. Бұл еңбегінде ғалым «1941 жылы шілде айының 30 күні болған екі жақты кеңес-поляк келісім-шарттың 4-ші тарауында айтылғандай «КСРО жерінде поляк армиясын құрып және оған жан-жақты көмек» көрсетуге байланысты, енді поляк армиясын жасақтау жұмыстары Қазақстан мен Орта Азия жерлерінде де аса қарқынмен қолға алынды. Армия жасақтау мен оның санының көбеюі де өте үлкен жұмыс пен төзімділікті қажет етеді. Қазақстан мен Орта Азияда поляк азаматтарын өз еркімен армия қатарына шақыруда, қоныс аударғандар және кеңес одағына Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан жер аударылған поляктар ғана армия қатарына шақырылды... Ал сол жерлерден келген басқа ұлт өкілдерін (еврей, чех, украин, беларус, т.б) армия қатарына шақыруға тыйым салынды», – деп атап өтеді. Ресейлік ғалым М.В. Медведевтің «История польской армии В. Андерса в СССР в 1941-1942 годах: особенности формирования и проблемы сотрудничества» («1941-1942 жылдарда КСРО-дағы В. Андерстің поляк армиясының тарихы: қалыптасу ерекшеліктері мен ынтымақтастық мәселелері») атты еңбегінде былай делінеді: «Екінші дүниежүзілік соғыстың басында кеңес одағының аумағында жүздеген мың поляк азаматы болды, олардың көпшілігі әскери қызметкерлер мен отбасы мүшелері еді, сонымен қатар өнеркәсіп жұмысшылары ретінде келгендер де бар-тын... Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін Кеңес үкіметі мен қуғындағы Польша үкіметі арасындағы келісім бойынша тұтқынға түскен, жер аударылған және түрмеде отырған поляк азаматтарынан генерал В.Андерс бастаған әскер жасақталды. Бұл армияның құрамына кіретін поляк қарулы бөлімдері 1941 жылдың тамызынан 1942 жылдың тамызына дейін КСРО аумағында болды... Кейін олар Иранға көшірілді» /https://cyberleninka.ru/article/n/istoriya-polskoy-armii-v-andersa-v-sssr-v-1941-1942-godah. 
Андерс армиясы Қазақстанның Жамбыл облысында және соңғы кездері жария етілген деректер бойынша Қостанай облысында да жасақталған. Қостанайдағы «Наша газета» былай деп жазады: «Қазақстандағы поляктар тарихынан» республикалық басылымында 1942 жылғы 7 сәуірдегі «Польша армиясына шақырудың қорытындылары туралы есеп» тарауында Қостанай облысы жайлы бір ауыз сөз айтылмайды... Осыдан 70 жыл бұрын Қостанайда поляк генералы Андерстің атақты армиясы құрыла бастады. Ешбір зерттеуде айтылмаған бұл факт 21 ғасырдың басына дейін әскери құпия болып саналды... Қостанай облысында генерал Андерс әскеріне шақыру ресми түрде алты ай бойы – 1941 жылдың қарашасынан 1942 жылдың сәуіріне дейін жүргізілді...»/https://www.ng.kz/modules/newspaper/article.php?numberid=271&storyid=17031. Ғылыми-зерттеу нысанына енді ғана енген бұл тақырыпты А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Дмитрий Легкий және ақтөбелік тарих ғылымдарының кандидаты Надежда Степаненко зерделеп келеді. 
Жамбыл облысының Меркі ауданы­н­дағы Сыпатай батыр ауылының тұрғыны Аслан Кикинадзе қайтыс болған поляк офицерлері мен солдаттарының зиратын күтіп ұстағаны үшін Польша үкіметінің мемлекеттік марапатына ие болды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Мәңгілік мекені қазақ жерінен бұйырған жауынгерлердің рухы пейіште шалқығай. 
Польшаның Ұлттық 
зерде институты 
 Польшаның Ұлттық Зерде институты 2016 жылғы сәуірде ұйымдастырған «Шетел институцияларындағы Полоника – 1939–1990 жылдардағы поляк саяси эмиграциясының тарихын зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы жолдардың авторы «Қазақстанның мәдениетіне, ғылымы мен техникасына поляк иммиграциясының қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасады. Іс-шара Польша Мәдениет министрлігінің қамқорлығымен Варшава қаласындағы «Тарих аялдамасы» білім беру орталығында өтті. Конференция жұмысы поляк және ағылшын тілдерінде жүргізілді, ілеспе аударма қамтамасыз етілді. Мәртебелі жиын жұмысын Институт президенті, доктор Лукаш Камински және Архивтер басқармасының директоры, доктор Рафал Лешкиевич ашты. 
 Ұлттық Зерде институты туралы бірнеше сөз. Ол 1998 жылғы 18-желтоқсанда поляк халқына қарсы қылмыстарды тергеп-тексеру, ой елегінен өткізу жөніндегі құқықтық актіге сай құрылды. Елдің қилы тари­хын зерттейтін мекеме құру идеясы коммунистік жүйе құлағаннан кейін пайда болды. Аталған институт 1944-1990 жылдардағы Польша қауіпсіздік орган­дарының, Үшінші Рейх пен КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қызметін және олардың сол кезеңдегі поляк азаматтарына қатысты қылмыстарын тергеу, сондай-ақ люстрациялық процедураларды жүзеге асыру мақсатында зерттейтін мемлекеттік тарихи-мұрағаттық мекеме болып табылады. Ол сонымен қатар білім беру қызметімен де айналысады, ғылыми-көпшілік «Pamięć.рl» журнал шығарады, интернетте өзінің веб-парағы, сондай-ақ 20 білім беру интернет-порталы бар («Ałmatyński Kurier Polonijny», №2, 2016). 
 Қазақстанда поляк диаспорасының қалып­тасуы туралы бірер сөз. Тарихи тұрғыдан поляк-қазақ қатынасындағы 4 кезеңді бөліп көрстеуге болады. Біріншісі – XVIII және XIX ғасырлардың соңына жатады, екіншісі – ХХ ғасырдың 30-шы жылдарын, үшіншісі – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын қамтыса, төртіншісі – бүгінгі күндер еншісінде. 200 жылдан астам уақыт бойғы поляк-қазақ байланысы барысында Қазақстанға поляктардың ешқайсысы өз еркімен емес, өмір мен өлім таразыға тартылған талайсыз тағдырмен тайталаса отырып келді. Поляктар талай нәубеттен қазақтардың қамқорлығы арқасында аман қалды («Поляки и польские граждане в Павлодарском прииртышье. Сборник документов и материалов». Алматы-2023). 
 Конференция жұмысы бірнеше секцияларда жүргізілді. Бірінші бөлім жеке коллекциялардағы және әртүрлі құжаттарға негізделген әлем елдеріндегі поляк иммиграциясының мәдени өміріне арналды. Талқылауға Аргентина, Оңтүстік Африка және Австралиядан келген қонақтар қатысты. Сөйлеушілер поляк эмигранттарының мәдени, ғылыми және көркемдік қызметіне қатысты мұрағаттық құжаттаманы талдады. Тағы бір бөлім поляктардың саяси эмиграциясының тарихына арналды. Үшіншісінде пікірталас АҚШ-тағы поляк қауымдастығының тарихына бағытталды, ал төртінші бөлім Франциядағы поляк саяси эмиграциясына арналды. Конференцияның соңғы бөлімі Америкадағы, Шығыс және Батыс Еуропадағы, бұрынғы КСРО-дағы поляк эмигранттарының саяси мұрасына қатысты тақырыптарды қамтыды. Баяндамаларда АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Қазақстан, Түркия және Литвада тұратын поляк эмигранттарының тағдыры сөз етілді. 
 Конференция қорытындысы бойынша жасалған ағылшынша түйіндемеден Андерс армиясына қатысты үзіндіні бергенді жөн көрдім. Онда былай делінген: «Another personal issue was brought out during Elżbieta Kaczmarska’s presentation on documents from the National Archives. The above-mentioned lecture included a case of her mother, who was deported to Siberia, then with General Anders’ Army arrived in Tehran, and finally came to the Great Britain. She presented a document acknowledging her mother’s arrival in England». («Елжбиета Качмарска Ұлттық архив құжаттарын таныстырған кезде тағы бір жеке мәселені көтерді. Жоғарыда аталған дәрісте Сібірге жер аударылған, кейін генерал Андерс армиясымен бірге Тегеранға жетіп, соңында Ұлыбританияға келген анасының жағдайы айтылды. Ол анасының Англияға келгенін растайтын құжатты ұсынды»). Сөйтіп, генерал Андерс армиясының жеке адам тағдырындағы рөлі жайлы өз құлағыммен естідім. 
Сондай-ақ конференцияға қаты­сушылар қазақ халқының адамгершілігі жөніндегі егде тартқан поляктың естелігін тыңдады. Варшавадан 500 шақырым жерде тұратын Анджей Млынарек мырзаны конференцияға шақырып, баяндамамды толықтыруды ұсынған едім. Ақсақал сөзінде тұрып, қатысушыларға анасы Наталья, әпкесі Барбара мен өзі Майлыбай қарт пен оның емші кемпірінің мейірімі мен қамқорлығының арқасында аман қалғанын, анасы Натальяның өсиеті бойынша Жақсы өңіріндегі бұрынғы Терісаққан кеңшарындағы қорымға барып, дұға бағыштағанын айтып бергенде, жиналғандар қол соғып, қошеметтеді. Конференция қорытындысында бұл жөнінде былай делінген: «The presentation, which was also enriched by a personal story was the one arranged by Prof. Zhetpisbay Bekbolatuly from Al-Farabi Kazakh National University. The Professor invited Andrzej Młynarek, who was deported to Kazakhstan with his family. He presented his sister’s Barbara Siedlecka book entitled «Remember» about the events in question». («Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жетпісбай Бекболатұлының рухани қазынасы жеке тарихпен толықты. Профессор отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылған Анджей Млынаректі жиынға шақырды. Ол өзінің әпкесі Барбара Седлецканың сөз болып жатқан оқиғалар жөніндегі «Есімде» атты кітабын ұсынды»).
Тарих қайталануы мүмкін. Соңғы кездері елім­ізге бағытталған ақпараттық науқандар өріс алып тұр. Бұл ретте «ешнәрсе де ұмытылған жоқ, ешкім де ұмыт қалмайды» ұраны жаңа мағына-мәнге ие болуда. «Ер барда ел қор болмас», дейді халық даналығы. Мұның өзі жастар тәрбиесіне, әсіресе патриоттық тәрбиеге баса көңіл бөлудің, тарихтың түйінді деректері арқылы тәрбиелеудің маңыздылығын көрсетсе керек. 
 

 

850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз