• Тарих толқынында
  • 29 Сәуір, 2024

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫ

    

  Әрбір қоғам белгілі бір құндылықтар аясында өмір сүреді. Сол құндылықтар қоғамның іргетасын шайқалтпай, жақсылық пен жамандықтың  парқын айыруға мүмкіндік беретін ұғым-түсініктер қалыптастырады. Қоғамды жақсылыққа бастайтын, ізгілікке үндейтін, турашылдыққа ұйыстырып, әділдікке жұмылдыратын қағидалар қашанда, қай кезде де өзінің терең мазмұнымен айшықталады және соған әрбір азаматты иландыра алатын пәрменді күшке ие болады. Өйткені, мұның әржағында – елдік, ұлттық, мемлекеттік мүдделердің сан тарау жолдары бір-бірімен сабақтасып, қиысып жатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар» екенін айтты. Бүгінде халқымыз ауыр сынаққа тап болғаны рас. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Президент құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүргенін, ортақ істен ешкім шет қалмағанын, бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылғанын атап айтты.

 – Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Аз уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар жасадық, экономиканы жаңғыртатын және қоғамдық этиканы жаңартатын ауқымды шараларды қолға алдық. Саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына әлден-ақ тың серпін беріп үлгерді. Отандастарымыздың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі едәуір артты, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастағанын айтқан Мемлекет басшысы еліміз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатқанымызды айтты.

  Иә, бүгінде саяси жүйемізде көп өзгерістер жасалды. Әлбетте, бұл үдерістер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ел Президенті айтқандай, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек. Ол үшін, әрине, ондаған жыл бойы қордаланған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Өзгерістер бір сәтте, бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұған азаматтардың ерік-жігері, мақсаткерлігі, сол игі өзгерістерді жүзеге асырудағы табандылығы керек. «Өзгерісті алдымен өзіңнен баста» дейтін белгілі қағиданы ойға алсақ, қоғамның әрбір мүшесі заң мен тәртіпті, әділдікті жақтап, аталған құндылықтарды қалыпты өмір дәрежесіне шығаратын болса, мемлекетіміз өсіп-өркендеп, дамудың жаңа сатыларына шығарына сенім мол. Президент жалпы ортақ құндылықтар ретінде – Тәуелсіздік пен Отаншылдықты, Бірлік пен Ынтымақты,  Әділдік пен Жауапкершілікті, Заң және Тәртіпті, Еңбекқорлық пен Кәсібилікті, Жасампаздық пен Жаңашылдықты атап көрсетіп, бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз екенін айтты. Байыптап қарасақ, қазіргі Әділетті Қазақстанды өрге шығаратын осы құндылықтар болып отырғаны сөзсіз. Мұндағы ең басты мәселе – әрбір қоғам мүшесінің, елім, жерім деген әрбір жанашыр азаматтың атқарып отырған лауазымы мен қызметінің үлкен-кішілігіне қарамастан осы аталған құндылықтарға адал ниетпен, шын көңілмен қарап, күнделікті өмірде соларды басшылыққа алып, еңбек ету.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

 

 

569 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз