• Заманхат
  • 29 Наурыз, 2013

ВЕРГИЛИЙ – РИМ ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ

Императорлық дәуірдегі Римнің ең ұлы ақыны Публий Вергилий Марок б.з.б.70-жылы Италияның солтүстігіндегі Мантия қаласына жақын жерде туды. Ақынның ата-анасы туралы анық мәлімет жоқ. Алайда, олардың орта дәулетті отбасы болғандығы күмәнсіз. Сондықтан болар, Вергилий алдын Кремонда, соңынан Милан, Рим қалаларында жақсы білім алады, замандастары сияқты риторика, философия ілімдерін, әсіресе әдебиетті жан-жақты меңгереді. Бірақ, мінезінің жұмсақтығы, ұяңдығы, қала тұрмысын ұнатпайтындығы және ең маңыздысы шешендікке қызықпауы себепті, тек бір ғана сот ісіне қатысып, осыдан кейін өз жұртына оралады. Бос уақыттарын әдеби шығармашылыққа арнап, әкесінен қалған ұлтарақтай жерде диқаншылықпен айналыса бастайды. Бірақ, ақынның тыныш тіршілігі ұзаққа созылмайды. Б.з.б.41-жылы Октавиан Август өзінің әскери қосындарын Италияның Солтүстік уалаяттарына орналастырғанда, Вергилийдің дүние-мүлкі де тоналды. Бұл кездері поэзия әлемінде танымал болып қалған Вергилийдің кейбір мансапты тілектестері (Полион, Меценат) ақынға ілтипат көрсетіп, түрлі сыйлықтармен көңілін аулайды. Солар арқылы Вергилий Октавианмен танысады, заманының абыройлы, дәулетті адамына айналады. Өте қарапайым, қыстақ өмірін сүйген, мансап пен билікті ұнатпаған Вергилий Италияның оңтүстік жағалауларында, Сицилияда жасайды.

Ақын Август салтанатына күдіксіз, терең сеніммен қараған. Ұзақ жылдық ішкі қырғындарға тосқауыл қойған, мемлекетте бейбітшілік орнатқан, оның үстіне ескі әдет-ғұрыптарды, адамгершілік пен қоғамдық сананы көтеруді қолға алған Август, патриархал-консервативтік пиғылдағы Вергилийдің жүрегінде құрмет пен ізет сезімдерін оятты. Сондықтан, Вергилий мұнан кейінгі шығармаларында Август салтанатын жырлаушы, оның даңқын паш етуші ірі сарай ақыны дәрежесіне көтеріледі.

Вергилий бар-жоғы үш шығарма ғана жазған. Бұлардың біріншісі – «Буколикалар» (бақташы жырлары), екіншісі – «Георгикалар» (шаруа жырлары) және үшіншісі – «Энеида» дастаны. Осы шығармалардан өзге Вергилий есімімен байланысты «catalepta», яғни, «ұсақ өлеңдер» деп аталатын бір өлең жинағы да жеткен. Бұл жинаққа енген өлеңдердің көпшілігі неотериктер, әсіресе Катулл әдісінде жазылған түрлі өлшемдегі жырлардан тұрады. Бірақ, «Catalepta» жинағының авторы Вергилий болғандығын анықтау өте қиын. Вергилий өзінің ұлы даңқына, атағына тек алдыңғы үш шығармасы арқылы қол жеткізген. Оның дүниежүзілік поэзияда мәңгі үлгі болып қалуын сол туындылары қамтамасыз етті.

«Энеида» дастанының оқиғалары болған жерлермен жақыннан танысу мақсатында б.з.б.19-жылы Вергилий Грекия мен Кіші Азияға саяхатқа аттанады. Бірақ, денсаулығының әлсіздігінен жол қиыншылығына шыдай алмай, Афинада науқастанып қалады. Осыдан соң кейін оралып, өз жұртына әрең жетіп, көз жұмады.

Вергилийдің алғашқы ірі шығармасы «Буколикалар» – он өлеңді қамтитын жинақ. Бұл жинаққа енген өлеңдерді көбінесе эклогалар, яғни, жыр үзінділері деп те атайды. Біз бұл өлеңдерде эллиндік дәуірдің атақты ақыны, бақташылар тұрмысының даңқты жыршысы Феокриттің күшті әсерін байқаймыз.

«Рим ақыны көптеген эклогалардың мазмұнын, тақырыптарын, кейбір образдарды, тіпті, жеке жолдарды да Феокрит идиллияларынан алады»[

1,253]. Оның шопандары да дәл Александрия ақынының шопандары секілді қаланың айқай-шуынан алыста жасайтын, әнші құстардың сайрағанын тыңдап, сүйіктілерімен қалың орманда, көк шалғында, сылдырап аққан таза бұлақ бойында бақытты ғұмыр кешетін қарапайым жандар. Жалпы айтқанда, «Буколикалар» автордың назарында әрдайым тұратын негізгі мәселе – шаруашылық істердің басқа кәсіптерден артықшылығын, қарапайым қыстақ өмірінің сұлулығын мадақтаудан, майда жер иелерінің мүдделерін қорғаудан тұрады.

Вергилийдің шаруашылық жайлы жазған екінші шығармасы – «Георгикалар» поэмасы да мазмұн жағынан алғашқы жинаққа өте жақын. Бірнеше жылға созылған ішкі ұрыстарды тоқтату, ойрандалған майда және орта диқан шаруашылықтарын қалпына келтіру, жалпы диқаншылықты дамыту мәселелері – елдің тыныштығы, халықтың тоқшылығы жолында қайғырған нағыз отаншыл ақынды ерекше қызықтырған. Заманының өзекті мәселелерінің бірі болған осы проблеманы Августің өзі де қолдап, қуаттаған, оны іске асыру жолында көп еңбектенген. Сондықтан, Вергилийдің де мақсаты жерлерін тастап кеткен кешегі шаруаларды қыстақтарға қайтарып, диқаншылықты жандандыру саясатын жүргізіп жатқан Октавиан Августің әрекетіне жәрдемдесу болған. Шығарманың Меценат тапсырысымен жазылуы және сол адам мен Октавианға арналуының өзі де, ақын мен оны қолдаушылар ортасында идеялық бірлік болғандығын дәлелдейді. Дидактикалық мазмұндағы «Георгикалар» поэмасы – көлемді төрт бөлімнен тұратын үлкен шығарма. Бұл бөлімдердің біріншісі егіншілікке, екіншісі бақташылыққа, үшіншісі шаруашылыққа және төртіншісі бал арасын өсіруге арналған. Бұл шығарманы жазудағы ақынның негізгі мақсаты – қыстақ шаруашылығының барлық салалары бойынша диқанға жан-жақты кеңес беру, агрономия ілімімен таныстыру емес, ал қыстақ тұрмысының ғажайып сұлулығын көрсету, басқа кәсіптерге қарағанда, диқаншылықтың артықшылықтарын дәлелдеу болатын.

«Вергилийді Рим поэзиясының шырқау шыңына көтерген, оның даңқын әлемге паш еткен шығармасы – «Энеида» дастаны» [

2,78]. Көне деректерге жүгінсек, «Энеида» дастанын жазуға Вергилий он жылдай уақытын жұмсаған. Б.з.б.19-жылы шығарманың негізгі бөлімін бітірген. Поэманы толық аяқтауға тағы да үш жылдай уақыт керек деп жоспарлаған. Бірақ, Грекиядан қайтып келе жатқан ол өз денсаулығының нашарлағанын сезіп, толық аяқталмаған шығарманы өртеп жібермекші болған. Көзі тірісінде жариялай алмаған шығармаларын, өлген соң жарияламауын өсиет қылып, дүниеден өтеді. Марқұмның өтінішіне қарамай, Августің тапсырмасымен, ақынның достары дастанды азды-көпті өңдеп, жарияланған. Сол себепті, біз поэмада кейбір қабыспайтын орындарды, өлең өлшемдеріндегі кемшіліктерді, қарама-қарсы жағдайларды кездестіруіміз мүмкін. Жалпы алғанда, бұл нұқсандардың оншалықты маңызы да жоқ. Олардың бірлі-жарымын сезгір оқырман ғана байқауы мүмкін, бірақ көпшілігі ғажайып композициялық тұтастық, оқиғаларды баяндаудағы шеберлік, ең маңыздысы, шынайы көркем көріністер, әдемі өлең жолдары арасында сезілмей қалады.

«Энеида» дастанының оқиғасы Троя қаласы құлаған соң, бас қаһарман Энейдің өз достарымен бірге Италияға қарай жолға шығуы, оның теңізде тартқан ауыр азаптары, Рим мемлекетін орнату жолында жүргізген табанды күрестерінің көріністерінен тұрады. Шығарма әр қайсысы алты тараудан (жырдан) құралған екі бөлімді қамтиды. Бірінші алты тарау қаһарманның Троядан шығып, Италияға жету жолындағы оқиғаларға, кейінгісі Италия жеріндегі шайқастарға арналған.

Вергилий өз шығармасын аяқтай алмаған. Өйткені, біз поэмада троялықтар мен рутулдар ортасындағы ұрыстан кейінгі оқиғаларды, мәселен, троялықтардың латындарға қосылып, екі халықтың татуласып кеткендігі, Энейдің Лавинияға үйленуі, олардан Иулдің тууы, Иул нәсілінен Ромул мен Рим деген егіз баланың дүниеге келуі, солар тарапынан Рим қаласының салынуы, алғашқы Рим патшаларының таралуы туралы аңыздарды кездестірмейміз.

«Энеида» дастанының идеясы бастан-аяқ Рим мемлекетінің құдіретін мадақтаудан тұрады. Рим республикасы, одан кейін Рим империясының күшейіп, жер бетіндегі ең құдіретті мемлекетке айналуы және бұл дамудың тарихи тұрғыдан заңды нәрсе екендігін дәлелдеу талаптарының өзі, осындай бір шығарманың жазылуын қажет ететін еді»

[3,102]. Ақын алдыңғы екі шығармада Августі қыстақ шаруашылығының қамқоршысы, диқанның жалғыз тірегі сипатында дәріптеген болса, үшінші шығармада Римнің құдіретін және осы мемлекетті биік дәрежеге жеткізген Август әулетінің даналығы мен ерліктерін жырға қосады. Отансүйгіштік идеяларды көтеру барысында тарихи оқиғаларға қарағанда, мифологиялық аңыздарға, ақын қиялының шарықтауына көп орын берілген.

Вергилий «Энеида» дастанын жазуға кіріскенде ұлы Гомердің бейнесі көз алдынан кетпейді. Көркем әдебиеттің асқар шыңы болған осы қасиетті тұлғаны үлгі ете отырып, «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларына ұқсас латын әдебиетінің ұлттық дастанын жазу – Рим ақынының ізгі мақсаты болған. Гомер мен Вергилий ортасындағы жалпы жақындық, алдымен екі ақынның шығармаларына тән мифологиялық оқиғалар көрінісінде айқын байқалады. Құдайлардың адамдар өміріне араласуы, таңғажайып кереметтер, ақыретке саяхаттар, осыған ұқсас тағы бірнеше оқиғалар Гомер шығармаларындағы сияқты «Энеида» дастанында да маңызды орын алады.

«Энеида» дастанының композициялық құрылысында, кейбір оқиғаларды баяндауда «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларына сәйкес келетін орындар өте көп. Мәселен, Вергилий өз шығармасының алғашқы алты тарауында Энейдің басынан кешірген оқиғаларды бейнелеуде «Одиссея» дастанына еліктейді, қаһарманның Италия жеріндегі шайқастарын суреттейтін екінші алты тарауда «Илиада» дастанын үлгі қылады. Энейдің Дидона құзырында айтылған хикаясы Одиссейдің Алькиной сарайындағы әнгімесіне жақын келеді.

Кирканың кеңесімен Одиссейдің ақырет сапарына барғанындай, Сивилланың жәрдемімен Эней де сол жерлерге аяқ басады. Анхистің асында Энейдің ұйымдастырған сайыс-ойындары, дәл Патрокльдің асындағы Ахилл өткізген ойындарды еске түсіреді. «Илиада» дастанында Фетиданың тілегімен Ахилге қалқан жасап берген Гефест, Венераның өтінішімен Энейге де қалқан сыйлайды.

Үлкен шайқастар мен жекпе-жек айқастарды суреттеуде де жалпы ұқсастықтар байқалады. Мәселен, Ахилл мен Гектор арасындағы шайқасты, Эней мен Турн ортасындағы айқаспен салыстыруға болады. Рим ақыны, тіпті, кейбір поэтикалық тәсілдерді(эпитеттер,салыстырулар, қайталаулар) пайдалануда да грек ақынының шығармаларына жүгінеді. Эпикалық оқиғаларды бейнелеуде, күрделі драмалық жағдайларды шеберлікпен бір-біріне жымдастырып, әдемі көріністерді жасауға Вергилий ұлы грек ақынынан, күман жоқ, көп нәрселерді үйренген. Бірақ, Гомердің едәуір «көнерген» әдеби әдістері, мәселен, образдың ішкі дүниесіне үңілмей, тек оның сыртқы қасиеттерін көрсетумен шектеліп қалуы Вергилийді толық қанағаттандырмайды. Әдебиеттің жаңа жетістіктерінен тәжірибесі молайып бара жатқан ақын замандастарының эстетикалық талаптарына жауап бере алмайтын. Сол себепті, Вергилий Дидонаның Энейге деген махаббатын, әсіресе әйелдің жүрегіндегі өткір қайшылықтарды, ішкі рухани толқыныстарды суреттегенде оның көз алдында Гомер шығармаларының кейіпкерлері емес, керісінше родостық Аполлонның Медеясы, Еврипид трагедияларының қаһарман әйелдері сап түзеп тұрғандығы анық. Рим ақыны, әрине, өзінің отандастары Невий мен Энний шығармаларын да кең пайдаланған.

Вергилий дастанының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі болған өткір драмалық көріністерді айта кеткеніміз жөн. Ақын қаһармандардың қимыл-әрекетін немесе оқиғаларды суреттегенде, оларды өте әсерлі, нағыз психологиялық қайшылықтар, қарама-қарсы мінездер күресі үстінде көрсетеді. Мәселен, Лаоконның мерт болуы, Троя қаласының құлауы, Дидонаның қайғылы махаббаты бұған дәлел.

Рим қоғамындағы дәулетті отбасыларының балалары сияқты Вергилий де шешендік саласында жақсы білім алған еді. Ақын өз мінезінің ұяңдығына байланысты бұл салада қызмет қылмағанымен, көркем әдебиетте шешендік өнерден кең пайдаланған. Кейбір қаһармандардың сөздерін оқи отырып, біз Вергилий шығармаларында шешендік өнер жоғары тұрады ма, әлде лирикалық шеберлік пен поэтикалық пафос жоғары тұрады ма, деген сұраққа кездесеміз.

Вергилий тарапынан Рим поэзиясының қазынасына қосылған үлес, әрине, үлкен. Грек дастаншылығының ұлттық негізі саналатын гекзаметр өлшемін латын поэзиясы талаптарына сәйкестендіру саласында еңбектенген қаламгерлер көп болған. Бірақ, поэзияның ең күрделі бұл өлшемін жаңа даму сатысына көтеру, жалпы латын тілінің көркемдік ауқымын кеңейтіп, оған таңғажайып қасиет сыйлау – тек Вергилийге ғана бұйырған. Осылайша, Гомер поэмаларынан және басқа да түрлі шығармалардан мол пайдалануына қарамастан, Вергилийдің дастаны мүлдем жаңа шығарма болып саналады. Бірақ белгілі туындының сыртқы формасына еліктеп, оның ішкі мазмұнын басқа, өзгеше мағына және көркем үзінділермен толықтыру әрекетіне көне дәуір адамдары нағыз әдеби сайыс деп қараған. «Энеида» – антикалық дүние әдебиетінде көп кездесетін осындай талпыныстың тамаша мысалы, озық үлгісі.

Грек әдебиетін латын тіліне тәржімалаған аз ғана ақындарының бірі – Вергилий. Вергилийдің даңқы орта ғасырларда да көмескі тартқан жоқ. Ақынның 4-ші эклогасында әлдеқандай ғажайып баланың тууына байланысты, жер бетінде бақытты өмір басталуы жайлы хикаяланған. Дін өкілдері осы «кереметтерді» Исаның дүниеге келуі туралы айтылған көріпкелдік деп, Вергилийді ұлы данышпанға теңейді.

Данте «Құдіретті комедия» шығармасындағы ақырет сапарында дана ұстаздың биік үлгісі деп Вергилийді таңдайды. Қайта өрлеу дәуірінің атақты дастаншылары Ариоста мен Тассо өз шығармаларында Вергилийге еліктейді. XVIII ғасырдағы философия мен әдебиеттің атасы болған Вольтер Вергилийді тіпті Гомерден де жоғары қояды. Бірақ, XVIII ғасырдың аяғында Вергилий шығармашылығына сын көзбен қарау басталады, бұл жағдай кейінірек күшейе түседі. Жаңа заман қаламгерлері Вергилийді діндарлықта, өмірді идеалдастырып қате көрсетуде, әдісінің көтеріңкілігінде айыптайды. Белинский бұл пікірлерге қосылғанымен, «Энеида» дастаны авторының қайталанбас поэтикалық шеберлігін, ғажайып әдемі жырларын мойындайды. Әрине, Гомер мен Вергилийді салыстыру бір жағынан оншалықты дұрыс емес. Өйткені, олар түрлі қоғамдық дәуір мен түрлі әдеби ортаның өкілдері болған. Сол себепті, олардың әрқайсысы өз алдына ұлы сөз зергері болған дер едік.

Ж. Қобланов,

Есенов атындағы Каспий

мемлекеттік технологиялар және

инжиниринг университеті, доцент,

филология ғылымдарының

кандидаты

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қобланов Ж. Шетел әдебиетінің тарихы. Оқулық. «Қазақ университеті». Алматы, 2004.

История эстетики. Памятники мировой эстетической мысли. т. 2. Москва, 1964.

Радциг С.И. Введение в классическую филологию. Москва, 1965.

1461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз