• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2013

ЕСІМІ ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ЕРМАТОВ

ХХ ғасырдан есімі физика ғылымында ерекше белгілі орын алған және қазақ елі атын басқа елдерге танытқан, қазіргі жаңа ғылымдарға зор үлесін қосып жүрген, дүниежүзіндегі ірі ғалымдардың бірі атанған, қазақ азаматы – Сәдуақас Ерматов. Сәдуақас үй жағдайында өз бетінше атасы мен әкесінен қосымша білім алып, орыс, шығыс және түркі тектес халықтардың тілдерін жетік білген. Ағылшын тілін үйренген. Ташкент қаласындағы қазақтың педагогикалық техникумында 1946 жылы емтихансыз түсіп, оны 1949 жылы үздік қызыл дипломмен бітірген. Жас шағына қарамай, өмірдің тәлкегімен 1949-1950 жылдар Ташкент облысы, жоғарғы Шыршық ауданында №8 орта мектепте физика және математика пәндерінен сабақ берген. Мұнымен қоса, ол сыныптағы барлық пәндер бойынша сабақтарды өзі жүргізген, шындығында білімді, нағыз білікті ұстаз атанды. Осыдан кейін, 1950 жылы емтихансыз Орта Азия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1955 жылы аталған университеттің физика бөлімін бітірген. Еңбек жолын Низами атанған Ташкент мемлекеттік педагогикалық институты «жалпы және теориялық физика» кафедраларында оқытушылық қызметтен бастаған.

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтында студент болып жүргенде, оны Өзбек ССР Ғылым Академиясы Стародубцев атындағы физика-техника институтының директоры және Өзбек ССР ғылым Академиясының президенті академик У. Арифов аспирантураға түсуге шақыру хат жіберді. 1957 жылы аталған институттың аспирантурасына түсіп, оны 1960 жылдың 1 қазанында ойдағыдай аяқтап, кандидаттық диссертация қорғады, жұмыс ерекше бағаланды. Кандидаттық диссертация қорғауы кезінде ғылыми кеңеске академик С. Королевтың 12 орынбасарының бірі, социалистік Еңбек ері, техника ғылымдарының докторы, профессор М.В. Мельников, технолог Б.Н. Бабков, В.В. Маевский қатысты. Олар диссертация құндылығына өте ерекше мән беріп, үш жылға үлкен қаражатқа шаруашылық шарт жасайды. Шарты С.Королевқа бекіттіру үшін өздерімен бірге алып қайтқан. Тәртіп бойынша С.Королев шаруашылық шартымен кең танысу үшін С. Ерматовты үш рет өзіне шақыртып әңгімелесіп, оның қортындысымен танысады. Ірі ғалым С. Королевпен оның орынбасарлары және кешке космонавтармен үш жылдық шаруашылық шартты орындау кезінде С.Е. Ерматов өзіне керек докторлық диссертациясына материал жинақтайды. Сол жылдары ол Ай проблемасы, монокристалл алу, кремний, молибден, вольфрам және т.б. олардың тазасын алуға күрделі жүмыстар жүргізді.

С. Ерматов 1966 жылы 1 ақпанынан конкурс негізінде Алматыға қоныс ауыстырады. Ол кезде Қазақстанда радиациялық физика жаңадан бастама алып келе жатқан еді. Қаз ССР ЯИФ директоры академик Д.Соколов, вице-президент және бас ғылыми хатшы Ж.С.Такібаевта болатын. Радиациялық физика лабараториясының жетекшісі қызметіне тұрды. Бұл дата (1 ақпан 1966 ж.) Қазақстанда радиациялық физиканың туған күні болып есептеледі.

1966 жылдың 1 сәуірінен 30-ына дейін, сол кезеңдегі АНКаз ССР ЯИФ директоры Ж.С.Такібаев, ғылыми қызметкер Е.С. Бекмұханбетов және Қаз ССР ЯИФ радиациялық физика лабораториясының жетекшісі С.Е. Ерматов Москва қаласында болып, техника ғылымдарының докторы, профессор М.В. Мельников басшылығымен шаруашылық шарт жасап, нәтижесінде біріккен ЯИФ жұмыс жоспары туған. Академик А.Александров, АН СССР президенті М.В. Кельдыш шаруашылық шарттың орындалуын бірнеше рет тексереді. Барлық келешек бағдарламалар мен жоспарларды жасауға С. Ерматов белсенділік көрсетіп қатысқан. Ол Қазақстанда ядролық физика ғылымын дамытуға өте көп еңбек сіңірді.

1970 жылдың 11 маусымынан 1980 жылдың 23 шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы ғылым Академиясының Ядролық физика институты директорының ғылыми жүмыстар жөніндегі орынбасарлық қызметін қоса атқарып, көрнекті ғалым дәрежесіне көтерілді. 1972 жылы С. Ерматов «Кремнеземмен сәулелендірілген адсорбция табиғаты мен беттік қасиеттерін зерттеу» – деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1980 жылдың маусымынан 1984 жылға дейін Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті физика факультетінің деканы және 1988 жылдың 26 тамызына дейін, осы университеттің ядролық физика кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарды. 1988 жылдың тамызынан, осы осы уақытқа дейін, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінде қатты дененің радияция - әдістемелік физика, электрондық техника оқытудың техникалық құралдары теория-эксперименталдық кафедраларының проферссоры. Физика-математика факультеті ардагерлері Кеңесінің мүшесі, әль-Фараби Қазақ Ұлттық және Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеттерінің докторлық диссертациялық кеңестерінің мүшесі және төрағасының орынбасары. Тәжірибелі ғалым, білікті ұстаз С. Ерматов дүниежүзілік ғылыми өмірде жақсы белгілі және жоғарыдан орын алады. Ядролық және радиациялық физика салаларындағы өзінің теориялық және эксперименттік ірі жұмыстарында (РКА, РВК, РКД, ертуді т.б.), радиациялық экология, ғарыштық техника, ядролық және сутегілік энергетика, физиканы оқыту әдістемесі, физикалық терминдер этимологиясы және физика тарихы туралы күрделі маңызды көптеген жаңалықтар ашқан. Академик С. Ерматов басшылығымен жартылай-өткізгіштердің, диэлектриктердің және қорғасын халько-генидтердің әртүрлі жағдайдағы радиофизикалық параметрлерін түсіндіру жөнінде көптеген ғылыми жұмыстар орындалған. Бұл ғылыми жұмыстардың қорытындысы ғарыштық «Салют-5», «Салют-6», «Союз» және «Электрон жүйесі» объектілеріне енгізілген. Мұның өзі дүниежүзілік тәжірибеде тұңғыш рет жүзеге асырылған еді.

С. Ерматов ядролық, радиациялық физика және ғарыштық техника саласына арналған ғылыми еңбектерін одан әрі қарай тереңдетіп дамытты, теорияға бірқатар жаңалықтарды енгізіп, өзінің үлкен ізденісін, шығармашылық белсенділігін іс жүзінде дәлелдей білді. Үлкен перспективалық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасауда.

Жарық көрген еңбектері фундаменталды ғылымға жатады. Көптеген ғалымдардың пікірінше С.Ерматов еңбектері жоғарғы деңгейдегі жаңалықтармен, Қазақстан аумағында тұңғыш орындалуымен және автордың кейбір тәжірибелік нұскауларының нәтижелері ТМД мемлекеттерінде кездесе бермейтіндігімен ерекшеленеді. Тиянақты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 450-ден аса ғылыми еңбектер, мақала жазды. Оның ішінде 40 монография және арнайы методикалық нұсқаулар жариялаған.

Академик С.Е.Ерматов «ғұлама ғалым болуымен қатар көпшілікке білікті ұстаздығымен де ерекшеленеді. Қазақтың жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар бойы студенттерге физика пәнінен әртүрлі салаларынан жалықпай дәріс оқып келеді, өзінің ұстаздық қабілетімен тыңдаушыларын баурап алады; тәлім-тәрбие алып еңбекке араласқан ғылыми шәкірттері жүздеп-мыңдап саналады. Мінезі көркем, ширақ, елгезек, ол оқу орындарының қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысады. Тәжірибелі ғалым, білікті ұстаздың ұзақ жылғы табысты еңбегі ерекше. «Бұлақ көрсе көзін ашуға» ұмтылатын талғампаз жанның тыңғылықты ісі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі тарапынан бірнеше мәрте айрықша аталып, оку, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстардағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері атанды, КСРО жоғарғы мектебінің озаты мерекелік белгісі бар. Танымал ғалым, ер тұлғалы азамат, білікті педагог С. Ерматов хақ дінді-исламды жетік меңгерген. Қажылық парызын өтеу үшін Мекке, Мәдинеге барып қайтты. Академик С. Ерматов аса кішіпейіл, адамгершілігі жоғары азамат. Бір құптарлығы – үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл табысатын, мейірімі мол азамат жөнінде әрдайым ыстық лебіз айтылады.

 

Манап ТҮБЕКБАЕВ,

ұстаз-физик

346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз