• Заманхат
  • 03 Маусым, 2013

ФАРАБИ ТРАКТАТТАРЫНДАҒЫ БІЛІМ, ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Дүниені неғұрлым дұрыс танып-білу, өмірдің дұрыс жолын таңдай білу үшін және жаңа мыңжылдықта білімді, тәрбиені, адамгершілікті-ізгілікті дамыту үшін біз әр дәуірде өзімізге дейінгі өткен идеялар мен қағидаларға сүйенеміз. Бұл идеяны Орта ғасырларда өмір сүрген Батыс пен Шығыстың ғұлама ойшылдары – Аверроэсо (Ибн Рушд), Я. А. Коменский, Н. Макиавелли, Ибн Халдун, Ибн Сина, әл-Бируни және т. б. айтты. Осындай ой титандарының бірі-бірегейі, қазақ топырағынан шыққан ғұлама ғалым-философ әл-Фараби еді.
Әл-Фараби ежелгі Отырар (арабша Фараб) қаласында, қыпшақ ұлыстарынан шыққан әскери басшы-тархан Мұхаммед Ұзлақұлы отбасында дүниеге келген. Әбу Насыр жас шағынан талапты, оқуға жетік болып әкесінің де, ұстаз оқытушы-тәрбиешілерінің де назарына ілінген. Зерек жас көп ұзамай-ақ, ілкі тәрбие мектебін абыроймен аяқтап, өз бетімен ізденген. Жас Фарабидің бақытына орай ол кезде Отырарда бай кітапхана болды. Сол мүмкіншілікті жақсы пайдаланған Әбу Насыр көптеген ғылым саласынан хабарлар болды. Ғылым мен білімге әбден құмартқан ол бөтен елге саяхат шегеді. Фараби грек, араб, тілдерін жетік үйреніп, Александрия – араб заманындағы білімді деген ұстаздардан тәлім алады. Ол грек, араб тілдерін жетік игеріп, сол тілдердегі ғылым жетістіктерін тез танып, өз бойына сіңіруіне өзінің айтуынша, әл-Фараби 70 жұрттың тілін жақсы игергендігі көп көмегін тигізді. Оны Фараби зерттеушілері әр тұста айтып жүр.


Фараби трактаттарының әрқайсысы өзіндік бір дүние, қағида, теория мен әдіс. Солардың бірі, 948 жылы Египетте жазылған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» болып табылады. Ол бұл еңбегінде адам әрекетінің түпкі мақсаттарының бірі – бақытқа жету деп айта келе, сол бақытқа тек білім мен игілік нәтижесінде ғана жетуге болады дейді.
Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымда тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби сонымен бірге, оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. Оның адам еңбегі туралы бұл тұжырымдамалары қазіргі жаңа мыңжылдықта да актуальды екені айдан-анық.
Еңбек тәрбиесінің теориясын жасау барысында, ол антик заманының теоретиктері Платон мен Аристотельдің тұжырымдарын басшылыққа алды. Демек, ол қандай да болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алды. Ол еңбек тәрбиесінің теориясын «өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды» /1, 11-б/ деп тұжырымдайды.
Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Ол ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алды. «Тәрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрету үшін алдын-ала не білу керек» еңбектерінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде, ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. «Ғылымдар тізбесі», «Ғылымдардың шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін, болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп қалдырады. Әл-Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) «мәңгі нұрдың қызметшісі» /2, 12-б/.
Ұлы ойшыл Фараби тарихи шындықты, еңбекті, тәрбиені, оның ішінде еңбек тәрбиесін адамның игілігі, бақыты үшін қолдануды армандады. Адамның игілікке жету жолдары туралы ойларын Фараби «Сол кездің өзінде» экономиканың, саясаттың, мемлекеттік құрылыстың, отбасы тәрбиесінің, еңбек тәрбиесінің мәселелеріне байланыстыра отырып, аса қажет мызғымас берік негізге сүйенеді. Сондай-ақ, ол қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама. Өйткені, адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс. «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір сүре алады» /3, 12-б/-дейді данышпан. Сөйтіп, Фараби адамның өмірлік іс-әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Адамзат қоғамның өмір сүруіне ең көректісі оның материалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінше орынға қойып, осынау маңызды мәселе төңірегіндегі теріс көзқарастарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Еңбек және еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдануда ХІІ ғасырда жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбектің маңызы өте зор. Әсіресе мұның трактат ретінде ғылым тарихында алатын орна айрықша. Бұл трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», т.б. аттарымен Шығыс және Батыс елдерінде өте ертеден-ақ мәлім болған. Бұдан көп ғұламалар тәлім алған /4, 38-б/,
«Фарабидің энциклопедиясы» сол кездің өзінде (ХІІ ғ) арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге тәржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) және басқалар тікелей соның әсерімен өздерінің көпке мәлім энциклопедиялық еңбектерін жазды. Бұл еңбектің құндылығы, оны басқа халық­тардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.
Әл-Фараби жаратылыстану ғылымының негізін салған ғұламалардың да бірі. Ол математиканы жаратылыстану ғылымының басты саласы деп санады. Біз қазір техникалық ғылымдарды жаратылыстану ғылымының басты саласына жатқызамыз. Фарабидің «Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе» деп аталатын еңбегінде барлық құбылыстарды табиғат-жаратылыстану әлемінің ауқымында дамитынын дәлелдеп көрсетеді. Трактаттарында қоғамдағы барлық құбылыстар мен өзгерістер таза адал еңбектің жемісі деп тұжырымдады. Сөйтіп, «Адамды адам еткен – еңбек» қағидасының да негізін салып берген. Ал, логикалық еңбектерінде еңбек пен еңбек тәрбиесінің даму элементтері кездеседі. Әсіресе, «Ғылымдар тізбесі», «Алмагеске түсініктеме», «Астрология», «Философияны үйрену үшін не білу керек» еңбектерінде еркін еңбектің маңызы мен мәнін талдап, ашып көрсеткен /5, 28-б/.
Ортағасырлық ғұлама жалпы теориялық ой-пікірдің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре түсті. Халық даналығы туғызған данышпандық пікірлерге ден қойды. Нәтижесінде өзінің философиялық төл тұжырымын жасап, қоғам туралы ілімді, этника мен эстетиканы, этнопедагогиканы дамытты. Аристотельдің еңбектеріне сүйене отырып, антика заманының теориялық озат ой-пікірлерін сыннан өткізіп, оның қажеттісін алды және заманның ілімін белгілі бір жүйеге салды. Аристотельдің жаратылыстанудағы ғылыми және стихиялық материалистік тұжырымдарын күшейтті. Сондай-ақ, Платонның идеалистік және мистикалық қателерін түзетті /6, 12-б/.
Фараби мұрасының ішінде этнопедагогика үлкен орын алады. Ол этниканы жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қараса этнопедагогиканы халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізетін ілім деп санады. Бұған оқу, білім алу, тәрбие беруді жатқызды. Ұлы ғалымның осындай этникалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы деп түсінді. Бірақ жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы игі мұратына жетеді деп қорытынды жасайды /7, 12-б/.
Сонымен, Фараби туындыларының оның ішінде еңбек пен еңбек тәрбиесі, адамгершілік, игілік туралы тағылымдарының маңызы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қайта оны тағылымдарының мазмұны қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында қайта түлеп, заман талабына сай жаңа көрініс алуда. Ол жаңа теориялық мазмұн алары хақ.

Жұматай Исахметұлы,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті,
Мақсұт Даутбаев,
Жамбыл гуманитарлық-техникалық
университетінің аға оқытушысы.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Машанов А. Әл-Фараби. Алматы, 1970. 11-бет.
2. Григорян С. Н Великий мыслители Средней Азий. Москва, 1958. 12-бет.
3. Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы, 1973, ІІ-том. 12-бет.
4. Хайрулаев М. Мировозрение Фараби и его значение в истории философии.Ташкент, 1967. 38-бет.
5. Көбесов А. Әл-Фараби. Алматы, 1971. 28-бет.
6. Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы, 1973, ІІ-том. 12-бет.
7. Сонда, 12-бет.

6316 рет

көрсетілді

1166

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз