• Заманхат
  • 14 Қараша, 2013

Тарпаң тағдыр, тентек ойдың иесі

2Зардыхан Қинаятұлы,
тарих ғылымдарының
докторы

Домбыраның қайта бұрап құлағын,
Шертші, Әлеке, бар еді ғой бір әнің.
Мүмкін мынау шерлі көңіл уанып,
Қояр бір сәт, зар еңіреп жылауын.
Жан досы Айтан Нүсіпханның
1970 жылы жазған «Әлімғазы Дәулетхан» деген өлеңінен.

Өмірінде қаншама іс тындырып таста­ғанымен «Мен тасты шағып, тауды қо­па­рып тастадым» деп жар салмай-ақ «айылы босатылмай ауыздығымен жайылып қоң алып жүре беретін қойшының ақ айыл торысы» сияқты адамдар болады. Арамызда мұндай адамдар аз емес, солардың бірі мен білетін Әлімғазы Дәулетхан. Екеуіміз бірге өсіп біте қайнаған жандар емеспіз, ол Қытайда, мен Моңғолияда туып-өсіп қилы-қилы күй кешкен екі түрлі тағдыр иесіміз. Алғаш 1997 жылы атажұртта таныстық. Содан бері қазақ тарихының киелі қара шаңырағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында бірге қызмет жасап, бір-бірімізге сүйеу, демеу болып жұбымыз жазылмай келеміз. Әлімғазы қаймағы бұзылмаған қазақ арасында өскендіктен бе екен, өмірде көрген білгені көп, көзі ашық, ұлтына адал, ру­хына берік, қазақы дәстүр, салт-санаға жетік, досқа адал азамат екеніне менің көзім әбден жетті. Бұл қасиеттер Әлекеңнің туған топырағы, өскен ортасы, әулеттік тәлім-тәрбиесіне байланысты болса керек.


Әлімғазы Дәулетхан 1943 жылы 15 қыркүйекте ҚХР, ШУАР-на қарасты Іле қазақ автономиялық облысы, Күнес ауданы, Түрген ауылында дүние есігін ашыпты. Аталарымыз Алтайдың күні биіктен шығады, аласаруды көтермейді деп отырушы еді. Әлімғазы осынау биік күннен сәуле алып, күлімдеп аққан Күнестің суын ішіп, Тасқорғанның ақ шаңына аунап, Қорғастың қасқа жолдарын арлы-берлі кесе жортып өскен ұл ғой, өр болмай, өнерлі болмай қайтсын. Оның үстіне текті атадан тәлім алып өссе.
Атасы Көбекұлы Шылбы үшбурылды жайлаған төрт қызай, төрт саманың ұрпағы. 1865-66 жылдары Бәйеке, Боқаш, Сасан билер бастаған қазайлар қатарында Іле өңіріне келіп қоныстанады. Шылбы атасы бала кезінде Құлжадағы Байтолла медресесінде білім алады. Домбыра, сырнайын тарта жүріп ақылға кен, дініне берік азамат болып ер жетеді. Байтолла медіресесіндегі діни орталықтың қолдауымен қазақтар арасындағы шәриғат істерін басқаратын Әлімахұн деген діни атаққа ие болады. Халыққа діни нәсихаттаудың бір тәсілі ретінде құрамында 50-60 адамы бар топ құрып, күйеу баласы Әубәкір молда шығарған «Ислам әскерінің маршын» шырқап дін исламды нәсихаттайды, айналасын оқу, өнер, ғылым, білімге шақырады.
... Шамамша мектеп ашып, мешіт
салдым,
Елімнің надандығын есіме алдым.
Қазаққа ғылым, өнер үйретем деп,
Көп алғыс, бұқарадан сенім алдым.
Айтысып елу жылдай ғылым үшін,
Жетпістің үшеуіне келіп қаппын – деп ел жұртының ықыласына бөленген абзал жан 1936 жылы 76 жасында дүние салған екен (Бұл туралы «Қазақ энциклопедиясының» ХІІ томы және «Ағайын» журналының 2001 ж. №1 санында жазылыпты).
Әлімғазы әліппені әкесі Дәулетханнан үйренеді. 1952-1961 жылдары Бестөбе қалашығындағы орта мектепті бітіріп, 1961-1966 жылдары Үрімжі қаласындағы Шың­жан университетінің қытай тіл мен әдебиеті факультетінде оқып, қытай-ұйғыр тіл әдебиеті мамандығы бойынша диплом алады. Университет қабырғасында жүргенде шағатай тіл, жазуын үйренеді. Ұйғыр тіл, жазуын білетін, Байтұрсынов графикасын оңды-солды оқып, жаза білетін азаматқа шағатай тіл, жазуын үй­рену қиындық тудырмапты. Кейінірек орыс, түрік тілін үйренеді. Жоғары білім алып енді-енді алған білімінің жемісін көрем бе деген шағында Қытайда 1966 жылы «Мәдени төңкеріс» деп аталатын атышулы саяси науқан басталып кетеді. Ұлттық құндылықтар жоққа шығарылады. Ұлт зиялылары топ-тобымен айдауға түседі. Тек Мао-Цзе дунды шектен шыққанша мақтайтын жасанды идеология орын алады. Зиялы қауым, әсіресе, ұлт зиялылары бұл қысымға шыдамай ұлт-азаттығы үшін күресін бастайды. Күрескерлер қа­тарында Әлімғазы Дәулетхан да бар еді. Партия мен үкіметтік ұйымдар шам алып ұлт зиялыларының соңына түседі. «Ұлтшыл ревизонистердің» қара тізімі жасалып әуелі оларға қағаз қалпақ кигізіп күндіз қара жұмыстарға жегіп, кешке қарай «тәубеме келдім» деген рапорт жазуға мәжбүрлейді. Кешікпей жоғары оқу орынын бітірген жастарды (хұн бей-биндер) «Еңбекпен қайта тәрбиелеу» деген ұранмен алыс аймақтарға жер аудару науқаны бас­талады. Әлімғазы да әріптестерімен бірге Бұратала моңғол автономиялық облысына айдалады. Әлімғазы Дәулетхан қасындағы екі серігімен бірге 1969 жылы 2 сәуір күні аса жанкештілікпен тас қамалды бұзып Қазақстанға өтеді.
Иә, біздің (оралмандарды айтам) бүгін тайраңдап жүргеніміз тәуелсіздіктің арқасы ғой. Әйтпегенде, Қазақстан ол кезде атажұртына аһ ұрып жеткен ағайын­дарына қамқор болуға қауқарсыз еді. Саяси билік Мәскеудің шеңгелінде болатын. Билік атажұртына бас сауғалап келген қазақтарға көмек қолын созу былай тұрсын, оларды үш әріптің қамағында үш ай ұстап тергеп, ақыры қолдарына «Азаматтығы жоқ тұлға» («Лицо без гражданства») деген дүлей хат беріп «Еңбекпен тәрбиелеу» үшін сол кездегі Көкшетау облысы, Уәлиханов ауданының «Золотая Нива» совхозына жер аударады. Тағдыр-ай десеңізші, Қытайда «Еңбекпен қайта тәрбиеленіп» шыққан олар енді атажұртында «қайта тәрбиеленуіне» тура келеді. Азаматтар жергілікті құқық қорғау органдарының тікелей бақылауында мал бағып, трактор айдап, пішен шауып, құрылыстың қара жұмысына жегіледі. «Менің бағыма құдай айдап мұнда досым ақын, сазгер, ұлтжанды азамат Жәркен, Айтан Нүсіпханның бірге келгендігі жаныма қуат берді ғой, әйтпегенде не болар еді» деп Әлекең кейде күңірене еске алып отырады. Иә, қой бағу, шөп шабу деген қазақ үшін ар емес әрине. Бірақ, бөгде елде жоғары білім алған, бірнеше тіл білетін саясаттан тәжірибесі бар, ақын, сазгер, өнерпаз азаматтардың іздеп келгені бұл емес еді. Аңсап келген ізгі мақсатына жете алмай аңырап көз жасына ерік берген кездері де болыпты. Ондайда азаматтарға өнері мен ақынжандылығы көмектескен көрінеді. Әлімғазы Дәулетхан осылайша 17 жыл бойы тиісті органдардың бақылауында болып үкіметке 12 рет өтініш, арыз-шағым жазып жүріп, әйтеуір, 1986 жылы 15 қыркүйекте «Кеңестер Одағының азаматы» деген қызыл паспортқа ие болып адам қатарына қосылады.
Әлекең қайсар азамат қой, қаншама қатаң тағдырды басынан өткерсе де «Балалық шағым, жастық өмірім мәнді өтті, осының бәрі адал достарымның арқасы» деп отырады. Иә, өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізгендігінен бе екен Әлекең достарына өте адал, ал, қарсылас, дұшпандарына келгенде немесе сөзге сөз келгенде қатуланып ойындағысын бетің-жүзің демей айтатын тіктеу мінезі бар. Осы екі мінездің ара салмағында бойын байыпты да тік ұстайды. Студенттік кезінің жандосы, белгілі саясаткер, ақын Айтан Нүсіпхан, өмірден ерте өткен ақын досы Қалибек Бабайды үнемі еске алып отырады. Олар туралы талай мақала, естеліктер жазды. Өмірінде шығарған оншақты әнінің көпшілігінің сөзін Айтан Нүсіпханұлы жазыпты. «Золотая Нивада» қой соңында жүргенде екеуі бір-біріне сүйеу болып, өлең-жыр, әзілдерімен бірін-бірі жұбатыпты. Қазір Айтан да өмірден өткен. «Қайран Айтан жанпозым-ай, сен кеше ғана қабырғаң қайыса мұңайып тұрып «қайғыңды қайран қазақ арқаладым» деп шерлене жыр төгіп едің-ау! Иә, сен кезінде қазақ, ұйғыр, моңғол, тіптен, қытай жастарының мұңын арқалаған кәтепті қара нар едің, бүгін сенің қайғыңды достарың біз арқалап, қайғыдан қапа болып шер жұтып жүрміз» деп жазыпты Әлекең бірде. Ол Айтан досы туралы көп айтады, көп жазады. Солардың бірі Әлекеңнің «Жұлдыз» журналының 2012 жылғы №12 санында жазған «Дос туралы толғанғанда...» эссе-естелігі. Ол досына арнап мрамордан ескерткіш тұрғызбасада осы еңбегі арқылы сөзден күмбез тұрғызғандай сезіледі маған.
Рухтас досы ақын Қалибек Бабай туралы да естелік жазыпты. Ақынның қазақ арасына кең тараған «Қайран жер» атты өлеңіне ән жазды. Біздерді атажұртқа алып келген Қалибектің осы бір от өлеңі еді ғой деп күңіренеді Әлекең.
Қайран жер, сағымды алқап,
шоқы-құздар,
Қайран ел, қырғи жігіт, тоты қыздар,
Жүрмін мен бейтаныс ел, жат өлкеде,
Жаныма сартамызда өтіп ызғар... дейді екен автор өлеңінде.
Сөйткен ақын досы Қытайда қалып, қыршындай жас кезінде орман аралап жүріп жай оғы түсіп дүниеден өтіпті. Осы өлім жайлы естігенде Айтан мен Әлімғазы ақын досын еске алып, ішқұса болып өкініп, екеуі екі түрлі жалынды сөз айтыпты. Әлімғазы «Найзағай да асылы бар жерге түседі» десе, Айтан «Өзі де от еді, отқа оранып кеткен екен ғой» депті. Досына деген осыдан асқан естелік болама! «Алла ғұмыр берсе достарым туралы әлі де айтарым көп» дейді Әлекең. 1989 жылы Алматыға келіп қазақ телерадиосының «Алатау» бағдарламасына редактор болып орналасуына да Айтан досының көмегі тиеді.
Тәуелсіздік барша қазақ, соның бірі Әлекеңнің басына бақыт әкелді. Тәуел­сіздікпен қанаттанған азамат өмірге жаңа келгендей күй кешті, көңіліндегі түйткілі арылып, көкірегіндегі шерінің бұлты сейіліп, құдды бір өмірге қайта келгендей күйге еніп, екінші өмірбаянын бастады. Қабілетінің көзі ашылып, оқыған, өмірде көрген, білгенін бар даусымен айқайлап ашық айтуға мүмкіндік алады. 1992 жылы Түркияға үш айлық курсқа жолдама алып, үш айдың ішінде бұрын басқа ұлт тілдерін үйренген тәжірибесіне сүйеніп жанын сала оқып түрік тілін үйреніп қайтады. Туркияда көрген, білгендерін түйіндеп бірнеше жолсапарлық мақалалар, белгілеулерін жариялайды. 1993 жылы «Заман Қазақстан» газетіне тілші-аудармашы болып жұмысқа орналасып, өрге салған өткір мақалалары арқылы Қазақстан жұртшылығына танылады.
Әлімғазы Дәулетхан алғашқыда Қа­зақ­стан жұртшылығына әдебиетші, әде­биет­танушы, өнерпаз сазгер ретінде таныла бастайды. Бұл салада көптеген сын, мақалалар жариялайды. Солардың іші­нен қазақ әдебиеттану саласына алғаш түрен салып ой тастаған екі материалды ерекше атап өткен жөн сияқты. Біріншісі, қазақ-совет әдебиетінде «Бурзуазияшыл, ұлтшыл, ақындық таланты мен өнерін байшылдыққа жұмсаған, жұқпалы, зиянды күш» аталып келген ұлы Мағжан Жұмабаевқа іздеу салуы еді. Әрине, шетелдегі саяси күрестің дәмін татып, көзі ашылып қалғандығы ғой, әйтпегенде бұл жылдары Қазақстанда кешегі диссиденттік әдебиетке іздеу салу әлі де бастала қоймаған кез болатын. Ол «Жұлдыз» журналының 1994 жылғы №5-6 санында «Мағжан және қазақ поэ­зиясы» атты мақала жариялайды. Автор мақаласында Кеңестік билік тұсында біздің Қазақстанда орыс, украин, әзірбайжан, грузин, татар-башқұрттар, тіптен, іргеміздегі өзбек, қырғыздардағыдай эммиграциялық диссиденттік әдебиеттің болмауын, 1929-1986 жылға дейінгі уақытта қазақтың басына төнген зұлматтарға қарсы дауыс көтерген бір шумақ өлең, бір жол қарасөздің (мектеп жасындағы кейбір ереуілшіл астыртын топ жетекшілерінің балаң жырларын айтпағанда) болмағанын құлдық, ездік таптық психологияның үстемдік алуымен ғана түсіндіруге болатынын ашып көрсетеді. «Советтік сөзге қаламдары мұқалып көрмеген» қазақ-совет әдебиетінің «алыптары» қатарында ұлы Абай да Мағжандар да жоқ екендігіне қапа болады, қапа болады да «Қазақ-совет әдебиеті деген қампиған қалың дүниені қайта сарапқа салып тарих таразысына қоюды ұсынады. Иә, қазір де қазақ-совет әдебиеті қайта сарапқа түсе қоймаса да Абай, Мағжандар қазақ әдебиетінен алатын орнын алды ғой. Бірақ, осыған Әлекеңнің қосқан үлесі бар деп атын атаған бірде-бір әдебиетші, әдебиеттанушыларын естімедім. Өйткені, Қазақстанда қалыптасқан салт бойынша ғалымдар, зерттеушілер тек лауазымды тұлғалар, атақ абыройы барлар немесе етене жақын танысының жазғанынан қиық (цитата) алады да алтын болса да басқаларының атын атауға дәті бармайды, тіптен, ар көреді. Бұл қазақ ғылымында әлі де таныстық, жағымпаздық бар деген сөз. Әлімғазы болса ғылымнан, әдебиеттен абырой-атақ іздеп жүрген жан емес, тек арман тілегі орындалғанына дән риза.
Әлімғазы Дәулетханның әдебиет саласында атқарған екінші үлкен жұмысы ол «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті (1679-1949 жж.)» атты көлемді монографиясы. Монография бауырлас ұйғыр халқының қоғамдық тарихы мен әдебиет тарихын зерттеуге арналған. Бұл кез келген адамның қолынан келетін шаруа емес. Монографияға Беташар сөз жазған белгілі ғалым, Абайтанушы, проф. Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша: «Монографиялық зерттеуді жазу үшін алға қойылар басты шарт – қазақ тілінен сырт ұйғыр, қырғыз, һәм қытай, орыс, түрік тілдерін түпнұсқадан оқи алатын, әрі әдебиет пен тарихқа бірдей даярлығы мол білікті интеллектуалды болуы керек еді. Әлімғазының бойынан осы талап-тілектің бәрі де табылып отыр». Еңбекте 200-ден аса деректемелік материалдар қолданылған, олардың екіден бірі ұйғыр тіліндегі материалдар. Ұйғыр ақындары мен шайырларының өлеңдері, өсиет жырлары қазақ тіліне аударылып алынған. Кітап 2011 жылы жарық көрді. Әлі де мамандардың қолына тиіп тиісті бағасын ала қойған жоқ, еңбектің алатын бағасы алда. М.Мырзахметұлының Әлімғазы Дәулетхан туралы «әдебиет пен тарихқа бірдей даярлығы» деген сөзі де бекерден бекер айтылмаған. Әлімғазы әйгілі түрік тарихшысы Баһаддин Өгелдің «Ұлы хұн тарихының» екі томдығын қазақ тіліне аударуы автордың тарихқа барар жолына үлкен бастама әрі сабақ болды (Баһаддин Өгел. Ұлы хұн империясының тарихы. ІІ том. Алматы, «ХАНТ», 1998,- 735 б.). Б.Өгелдің екі томдық монографиясы хұн зерттеудегі теңдесі жоқ құнды еңбектердің бірі. Л.Гумилевтің «Хұндар тарихын» да мұнымен салыстыруға келмейді. Өйткені, Б.Өгел еңбегін жазу үшін Түркі әлемін түгелдей, Моңғолия, Қытайды оңды-солды аралап, аталған жұрттың тілін ұғып, мұрағатын саралап өмірінің 18-20 жылын сарп еткен зерттеуші. Әлімғазы Дәулетхан Б.Өгелдің еңбегін аудару арқылы түркі әлемінің ғана емес, тарих ғылымының есігін айқара ашты. Оның үстіне «Қазақ тарихына қатысты қытай жылнамаларының» хұн тарихының қытай тіліне аударған жылнамасын түпнұсқамен салыстыра редакциялап алғысөзін жазды. Кітап 2004 жылы Түркістан, Тұран баспасынан жарық көрді. Осындай дайындықтардан кейін тарихқа, әсіресе, түрік халықтары тарихын ден қоя зерттей бастайды. Бұл бастамаға оның Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында көп жылдар бойы қызмет жасауы әсер етті. Институттың «Ежелгі және ортағасыр тарихы» бөлімінде жасалған бірнеше ғылыми жобаларға қатыса жүріп 2002 жылы академик О.Смағұловтың жетекшілігімен «Түркеш қағанаты (саяси және мәдени тарихын зерттеу 692-766 жж.) тақырыбында тарих ғылымының кандидаты атағын табысты қорғады. Бұл Қазақстан тарихы оның түркі халықтары мен мемлекеттілігі тарихының көп зерттелмеген тың тақырыптарының бірі еді. Диссертацияда тақырыптың деректемелік қыры жақсы ашылды. Әсіресе, қытай тіліндегі деректемелер алғаш рет ғылыми айналымға енді. Диссертациялық кеңесте еңбек бірауыздан қабылданды. Әлімғазы Дәулетханның диссертацияда ашқан жаңа­лықтарының ішінен төмендегі мәселелерді ерекше атап өткен жөн сияқ­ты.
– Түркеш қағанаты ежелгі Үйсін мемлекеті жерінде ерте ортағасырда құрылған әскери-феодалдық мемлекет ретінде сипатталды. Ал қытай жылна­маларында қазақтарды ежелгі үйсін­дер­дің мұрагері деп танитындығын ескерсек бұл Қазақ мемлекеттілігі тарихы үшін аса құнды тұғырнама.
– Мемлекет 692 жылы Суяб бекі­ні­сіндегі ірі шайқас нәтижесінде құрыл­ғандығы анықталды.
– Түргеш қағанатын құраған «Он оқ-Будунның» қалыптасу кезеңдері айқындалып, түріктік ортақ белгілеріне сипаттама берілді.
– Қағанатты құрып кемеліне кел­тірген әкелі-балалы Өжел мен Сақал­дың түркеш тарихындағы орны мен өмірбаянының кейбір жаңа қырлары ашылды.
– Жетісу мен Орталық Азиядағы тү­рік халықтарының келешек тағды­ры­на айрықша ықпал еткен 751 жылы араб, қарлық, түркештер бір­ле­сіп Атлах-Талас бойында Таң патшалығының шап­қыншы армиясына күйрете соқ­қы бер­ген ұлы жеңіске тарихи баға беріл­ді.
Әлімғазы Дәулетханұлының диссертациясы және «Ежелгі және ортағасырдағы түркілер: тарихи зерттеу» атты моно­графиялық зерттеуін тарихшы ғалымдар «Түркі тануға қосылған үлес» деп баға­лады. Аталмыш еңбек түркітануға арналған үш топтамадан тұрады. Біріншісі хұнтану мәселесіне арналған. Автордың мұндағы «Хұндар түрік тарихының таңсәрісі...» атаудың өзі ұтымды шыққан пікір. Автор мұндай тұжырымға хұндардың тіл, жазу мәдениетін зерттеу арқылы жеткен. Мысалы, «Ханнаманың» хұндар баянының І бөліміндегі «Шань Иуй» немесе «Тәңірдің құты» деген бір сөзді талдау арқылы хұндардың түркілік тегін айқындауға болатындығын дәлелдеді. Мұндай пікір немесе «Тенри» деген бір сөз Даниялық проф. Томсенге руна жазуын түркі ескерткіші деп тануға мүмкіндік бергенін білесіздер. Екінші топтама Түркеш және Батыс түрік хандығы тарихын талдауға арналған. Түркештер туралы біз жоғарыда айттық. Автордың мұндағы Батыс түрік қағанаты құрылған аумағы, этноқұрамы, мәдениеті, келешек Қазақ мемлекетін құруға қосқан үлесі жағынан ол қазақ мемлекетінің үлкен баспалдағы ғана емес, іс жүзіндегі протоқазақ мемлекеті болып табылады деген қорытындысы зерттеушілерді, түркі-қазақ танушыларды бей-жай қалдырмауға тиісті пікір деп ойлаймын.
Монографиядағы үшінші топтамаға қазақ тілінде қолданыста жүрген жә­не қолданысқа ене қоймаған тарихи тер­миндерді талдауға арналған мақала­ларын жатқызуға болады. Біздің тарихымыз терминологиялық дағдарысты басынан кешіріп отырғаны белгілі. Бұл қазақта тарихи терминология болмағандығынан емес, қазақ тарихи атауларына орыс тілі терминдерінің батпандап енуінде жатса керек. Автор, мұнда, қазір де қазақша баламасын таба алмай жүрген немесе бұрмаланған атауларды қытай, шағатай, ұйғырша атауларымен салыстырып қазақша атауларын ұсынған. Мұнда Махмұд Қашғаридың «Түрік сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу Біліг» үрдісіне жете мән бер­гені байқалады. Моңғолдарда «хурын үнэр» (құрғақшылықта жаңа жауған жаңбырдың иісі) деген көшпенділікке тән жақсы сөз бар. Ә.Дәулетхан талдап тексеру, ойдан-ой түю тәжірибесі біршама жетілген, ғылымда өзіндік ой өрісі, қолтаңбасы бар зерттеуші. Қолданған материалдары жан-жақты әрі ауқымды. Оның әрбір еңбегі тарихтың көгалына тұтқиылдан жауған жаңбыр іспетті. Тарихтан көк күткен жұртқа осындай жаңбыр қажет-ақ. Осы жылғы көктемде Астанада өткен тарихшылар жиынында мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің сөйлеген сөзі, жаңа мақсатынан да тарихтың осындай бір ақ жауынының исі аңқиды. Мұны тарихшы қауым жақсылықтың нышанына жорып отыр. Бірақ, елімізде соңғы жылдары тарихтан жүйелі білімі, зерттеу тәжірибесі жоқ бола тұра көлденеңнен килігіп, өз дегенін ғылымға күшпен тықпалау, оған көнбегендерге ғайбат айту, өз пікірлерін өткізу үшін лауазымды тұлғаларды айдап салу етек алып бара жатқаны тарихшы біздерді қынжылтады. Тарихты соншалық дөрекі бұрмалаудың бірі б.з.б.ҮІІ ғ. өмір сүрген қытайдың әйгілі ақыны Ли-Байды Шу-Талас бойында туған, дулаттан шыққан Елібай деген қазақ ақыны-мыс деген әфсәнә еді. Әфсәнә авторлары Ли-Байдан – Елібай (Елдібай), әкесі Ли Кіден – Алқаби, оның тоғызыншы атасы Ли-Хаудан – Дулат жасауға әрекеттенді. Оларға жол сілтеген ғылымда аты белгісіз «қытай тілі­нің білгіші» делінетін Мұхтархан Оразбай дегеннің тұрғанынан жұрт жүрексінді ме кім білсін сабаздардың біраз көсілгенін білеміз. Осындай қысылтаяң кезеңде баспа беттерінен үш тарихшының (К.Хафизова, Т.Омарбеков және Ә.Дәулетхан) қарсылық үні естілді. Әрине қытай тіл, әдебиеті мен түркілердің тарихын білетіндігінен бе екен жоғарыдағы бұрмалаушылыққа қарсы Ә.Дәулетханның үні тентек, әрі қисынды естілді. Жоғарыдағы «тұлға тапқыштар» алғашқы мақаладан кейін-ақ, «біз жаңылыппыз» дей салса болатын еді. Бірақ, өйтпеді. Олар Ә.Дәулетханды қаралауға кірісті. Сөйтіп екі жақ біраз жерге барды. Ә.Дәулетхан аталмыш айтысқа байланысты шындықтың шегін іздеп шыр-пыр болып жүріп ақыры кішігірім кітап жазды. Ал, хикаятшылар өз қателіктерін іштей біле тұрса да, әлі күнге дейін халық­тан кешірім сұрауға қажыры жетпеді. Егер, «либайшылдардың» қажыры жетсе олар өз қателігін мойындағаны үшін «рахмет! айтысты осымен тоқтатайық» деп айтуға Әлекеңнің қажыр, қайраты жетер еді. Өйткені, ол мұндайдың талайын көріп, өмірі күреспен өткен азамат. Сөйткен, Әлекеңнің өмір жасы жетпісті еңсерді. Бүгін ол өткен өміріне еш өкінбейді. Өкінбейтіні, ол атажұртында өз шаңырағын көтеріп адал жар, ұл, қыз, немере сүйіп отырған ардақты әке әрі ата. Атқарған ісі де аз емес. Ол тарих, әдебиет, көсемсөз саласында 5 монография, 3 оқулық, 4 аударма, 170-ке жуық ғылыми-публицистикалық мақала, 10-нан аса ән, 4-5 күйдің авторы. Бір адамның басына бұл да жетіп жатыр. Өкінетіні, ақыл, ойы толысып білім, өмір тәжірибесі жетіліп, кемеліне келіп көрген, білгенін сараптап көсіле жазатын шағында науқасқа шалдығуы. Тағдырдың талай қиын өткелдерінен қажымай-талмай өткен мойымайтын қажыр-қайратың, өмірге деген құштарлығың, отбасының жылуы, достарынның ақ тілегі саған көмектеседі деп сенемін. Әлі де жасай бер, қаламың мұқалмасын бауырым.

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз