• Заманхат
  • 21 Ақпан, 2014

Қазақ тіліндегі кейбір экономикалық терминдердің қолданылу аясы

Халқымыз көз жеткізбегенге сөз жет­кізеді деп бекер айтпаған. Соңғы бес жыл ішінде жарық көрген еңбектерге, эко­номи­калык сөздіктерге, басқа тілдерден аударылған макроэкономикалық зерттеулерге назар аударсақ Г.Жүнісов, Ү.Мәм­бетов, Ү. Байжомартовтың еңбектерінің қазақ тілінің сөздік қоры, лексика-грамматикалық жасалу тәсілдері аталған ғылымның қажетіне жарап жатқандығын көруге болады. Бұл аталған пікірдің айғағы ретінде «Макроэкономика» оқулығының аудармасын тілге тиек етуге болады.
Біз ең алдымен қазақ тілінде экономика термині ретінде қалыптасқан сөздерді, онан соң шет тілдерінен кірген аударылмайтын терминдерді макроэкономиканың негізін құрайтын негізгі қаңқасы деп есептеуге болады. Тәржімалау процесінде байқалғаны бұрын күнделікті өмірімізде сирек немесе қолданыла бермейтін сөздер мен сөз тіркестері: үлгі – модель – model; қозғалмайтын мүлік – недвижимость – real estate; деңгей – уровень – level; ықпал – воздействие – influence; кедергі – помеха – disturbance; жарнама – реклама – advertisement; куәлік – полис – policy; тәсіл – метод – method; кепіл – залог – mortgage; құжат – документ – document; құнды қағаздар – ценные бумаги – securities аз уақыттың ішінде күнделікті өмірімізге еніп кетті.


Макроэкономиканы аудару процесінде байқағаным,  жалпы терминдердің бәрі бірдей қолданыла бермейді. Біз бұл екінші жағдайға аса көңіл бөлмей, ең жиі қолданылатын экономикалық терминдерді статистика - есептеу тәсілі арқылы біраз қарастырдық (Н.Д.Андреев.1967.,А. Қ.Құрышжанов, А.Қ.Жұбанов, А.Б.Белботаев Құманша – қазақша жиілік сөздік. 1978). Кейбір кездерде бірінің мағынасына ұқсас синонимдері қолданылуы керек болып қалады. Біреулері өте жиі қайталайды, басқалары ондай емес. Санмен белгілемегенмен өте жиі қолданыс тапқан терминдерді атап өтелік: ақша, айырбас курсы, сұраным, ұсыным, ұтымды күтулер, табыс өнім, деңгей, нарық, тұтыну,  инфляция, шығын, кіріс, төлем, баланс, ақша қоры, құнсыздану, пайыз мөлшерлемесі, жұмыссыздық, несие, тапшылық, молшылық, болжам, қарыз, бағалы қағаздар, банк, акция, экономика, қысқа мерзім, ұзақ мерзім,  реттеу, қаржыландыру. Бұл терминдер – экономика ұғымының тірек сөздері. Нарықты экономикаға байланысты сөздерді, терминдерді сандық-статистикалық әдіс арқылы зерттегенде, жиі қолданылатын сөздер қатарына қазақтың байырғы сөздері: құн, мұра, несие, тауар, сауда, шығын, бәсеке, қор жататыны байқалды.
Қазіргі қазақ тілінде экономика термині ретінде қолданылатын «Құн» сөзі, орыс тіліндегі баламасы – стоимость,  қазақ халқының сөздік қорында өте ерте кездерден қолданылады. Құн сөзі барлық түркі халықтарының тілінде бар. Х-ХІ ғасырларда Караханидтер мемлекетінің дәуірлеп жоғары көтерілген кезеңі еді. Бұл ұлы түркі мемлекеті Қытайдан бастап,  Каспийге шейін созылған кең территорияны алып жатқан болатын. Оның орталығы - Кашгар, солтүстігінде Баласағун батысында Самарқанд, сауда, саяси орталығы болып есептелетін (Юсуф Хос Хожиб «Қутадғу билиг» 1972. 8 бет.) Осы сөз Октябрь революциясынан бұрын адамның төлеуіне берілетін мал-мүлік дегенді білдіретін атау ретінде қолданылған: «Өлтірілген кісі үшін қарсы жаққа төленетін айыптау төлемі» (Қазақ Совет Энциклопедиясы.7 том.37 бет). «Ертеде Төле би мен Қазыбек би бір өлген кісінің құнын даулап Алшын еліне барған...» (Н.Төреқұлов «Қазақтың жүз шешені».1982.124 б.). Осы сөздің төркінін қарасақ, монғол тілінде хүн (С. Хабшай., Ә.Мініс, «Моңғолша-қазақша сөздік», 1954, 3076., Г.Ж.Санжеев.1947.279 б.) – адам деген мағынада (хундәч – адамшыл – қонағуар) ауған, орду (Урду-русский словарь под ред.А.П. Баранникова. 1951. стр. 312. Афгано-рус.словарь под ред. член-корр. Е.Э.Бертельса, 1950,стр.245.), тілдерінде қан, кісі өлімі деген мағынада қолданылады. Бұл сөзді ертеректе шыққан бір сөздікте құн деп жазған (А.Ф.Бурдаков «Русско-монгольский словарь».1935. с.309).Сөйтіп, қазақ тіліндегі «құн» сөзі адам деген ұғымда болған. Өйт­кені, ерте кезде өлтірілген адамның құнына не адам алып, не адам өлтіреді екен; мұны: «қанға қан; қанды қанмен жуады» деген мәтелдер содан қалған. Бұл сөз, әрине, ауған, орду тілдерінен ауысып келген деуге болмайды, өйткені, арада жатқан өзбек, түрікмен сияқты қалың елге соқпай, олар қабылдамаған сөз бірден қазақ халқының тіліне ауыса қоймайды. Сондықтан, бұл сөзді қазақ халқы өзінің тікелей көршісі монғолдан ауысқан болуы ықтимал. С.Е. Малов, бұл сөздің сары ұйғыр тілінде хұн-қан деген мағынада қолданылатынын айтқан (С.Е. Малов «Язык желтых уйгуров», 1957. стр.130). Ал, ертеде қазақ халқының сары ұйғырлар мен де қатынасы болған. Міне, бұл сөз бұрын «адамның төлеуі» деген мағынада қолданылып, адам деген ұғымды ғана білдірсе, қазір саяси экономикалық терминге айналған (І.Кенесбаев,Ғ.Мұсабаев.1975, 50-51 бет.).Ал, бүгінде «құн» сөзінің мағынасы өзгеріп, нарықтық экономика тілінде: құн - 1)бірнәрсенің ақшаға шаққандағы бағасы немесе бір нәрсеге жұмсалған шығын шамасы; 2) тауарды өндіруге жұмсалған және осы тауарда затқа айналған қоғамдық еңбек (Ж.Аяпова, Е. Арынов.1993.259 бет.). Осыдан келіп, құнға байланысты мынадай тіркестер жасалды: қосымша құн, құнды ақша қоры, құны жоғары ақша, қосымша құнға салынатын салық, кредит кұны, «ноу-хау» лицензия құны т.б.
Нарықтық экономикалық терминдер, сөздер әр түрлі сөз тіркестері арқылы да жасалады: Мәселен: бір ғана нарық сөзіне байланысты тіркестер; нарық – рынок – mагкеt сөзі төмендегі тіркестерді тілімізге қалыптастыра бастады: мемлекеттік мекемелер нарығы, монополиялық бәсеке нарығы, сатып алушы нарығы, сатушы нарығы, өндіруші нарығы, аралық сатушылар нарығы, өндіруші нарығы, делдалдар нарығы, несие капиталының нарығы, таза бәсеке нарығы, нарыққа қатысты теория, нарықты мемлекеттік реттеу, нарық коньюнктурасы, нарықтық құн нарықтық инфрақұрылым, нарық тепе-тендігі, нарық күштері, нарық қорлары, нарыққа шығу, жабық нарық, банкаралық нарық, т.с.
«Баға» сөзін алайық. Оның алғашқы мағынасы біреу болған:
1. Заттың құны, нарқы. Мұндай аттың бағасы кем дегенде 40-50 сом - деді Нығметжан Балуан Шолаққа (С.Мұқанов. Шығармалар). Совхоз жүмысшыларына, колхозшыларға және басқа тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшін керекті облыс белгілеген баға бойынша сатып беріледі (А.Әбішев. Ауылда). Біреуі басы артық жүн-жұрқасынан құтылғанына қуанса, біреуі өзіне керегін қалағанынша таңдап, қадағына екі - үш тиыннан баға кесіп жатыр (Ғ.Сыланов,Асау арна).Сол мағынасы әлі де көнерген жоқ, қайта әкономика термині болып қалыптасты.
2. 0қушының білім дәрежесін анықтауда қойылатын бес балдық жүйе. Оқу майданын­дағы жарты жылдықты өте жақсы бағамен аттандырып, ол «уһ» деп бір дем алды (М.Иман­­жанов. Адам туралы).
3.  Ауыспалы мағынасы – қадір-қасиет.  Баға жетпес.  Ұлы Отан соғысы жалдарында Жамбыл өзінің шабытты өлеңдерімен халыққа баға жетпес қызмет көрсетті (М.Қаратаев. Туған әдебиет). Бағасы асты. Қадірі артты, беделі артты. Жарас ай, өзің болдың анық ағам, асты ғой бәрінен де сенің бағаң  (М.Әуезов. Шығармалары). Ей, Біржан, жасың үлкен, өзің аға, қымбаттығым белгілі білсең баға (Біржан сал). Ал, «бірінші» баға-экономикалық  баға, заттың  құны. Қалған екі баға сол негізгі баға   сөзіне еліктеуден және ұқсатудан   келіп   шыққан.    Негізгі   мағына   мен   ауыспалы мағынаны ажырату оңай; «Баға» экономикалық термин ретінде келгенде, оның қолдану аясы өте кең. 
«Баға» – экономикада келесі тіркес­термен қолданылады: дүниежүзілік нарық бағасы, көтерме сауда бағасы, тұтыну бағасы, лицензиялық баға, талап бағасы, өндіріс бағасы, нарыққа бойлап ену бағасы, бөлшек сауда бағасы, сиф бағасы, өзгермелі баға, кейіннен тіркелетін баға, анықтамалық баға, «тыныштандырушы» баға, фактуралық баға, фас бағасы, фоб бағасы, франко бағасы, мақсатты баға, баға лидері, баға маркетингі, баға шегермесі, кооперативтік сауда бағасы, ноу-хау бағасы, биржалық баға, белдеулік баға, үстеме баға, инженерлік-консультациялық қызметтердің бағасы,  баға деңгейі, баға деңгейіндегі өзгерістер, баға көрсеткіші, баға қоры, баға факторы т.б. Сөздің заттар мен құбылыстардың және олардың белгілерінің бейнесімен тікелей байланысты лексикалық мағынасы тура мағына екені белгілі. Қазіргі тілімізде экономика ғылымында қолданылып жүрген терминдердің тамыры ескі заманда жатқандығы белгілі. Нарықтық қатынастарға байланысты олар күнделікті қолданылатын лексикамызға айналды. Бұл сөздер казіргі өркениеттің жеткен биігіне, қоғамдық даму дәрежемізге тікелей байланысты.
Нарық І. Сатылатын заттардың тұрақты кұнын білдіретін баға ретінде қолданылатын қазақтың байырғы сөзі. Бұлғын терісі өте жоғары нарықпен бағаланады (Ж.Кенжебаев.Орман). Базар нарқынан артық сұрамайтын (С.Бегалин.Замана). Алайда бұл сөздің ауыспалы мағынасы да жоқ емес. Ол – парық қадір, қасиет (Түсіндірме сөздік.1973).Шіркін дүние-ай! Бір үйдің төресі де өзім болып, ештеңенің нарқын   білмедім-ау! (К.Асанов, Сағыныш). Алды көктем, жігіттің арты жаз боп, Асыл енге көрінбес нарқың аз боп (Ғ.Қайырбеков, Қанатты). (М.Ә.Қараев.1993.426.). «Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзар» (Мақал). «Нарыққа көнбеген – парыққа көнбес». 
Экономикаға байланысты нарық мағынасы.
Нарық – экономика саласы, бұл салада тауардың ақшаға айналу және керісінше ақшаның тауарға айналу процесі жасалады. Экономиканың әртүрлі саласында өндірілген тауарларды сатып алу - сатудың өзара байланысты актілердің жиынтығы (Іскер адамның экономикалық сөздігі.1993.235-бет.).
Экономикалық оқулықтарда бұл термин көбінесе сөз тіркестері арқылы қолданылады.

Бақытгүл АҚШАЛОВА,
филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық  
университеті

Пайдаланылған әдебиеттер:

Сабырбаев Б. Экономикалық терминдердің  орысша -қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы. Қазақстан. 1979.
Санжеев Г.Д.Монгольско - русский словарь. Москва.1947.
Хабшай,Ә.Мініс. Монғолша-қазақша  сөздік. Уланбатор. Монғол мемлекеттік баспасы,1954.
Толковый словарь по рыночной экономи­ке.»Парасат-Самекс».1991.
Тәжұтов А. Халықаралық экономикалық терминдердің этимологиялық түсіндірме сөздігі.   
Алматы.1997. Б.Н. Ақшалова  Макроэкономика (аударма).  Білім баспасы. 1997.

943 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз