• Заманхат
  • 30 Қараша, 2011

Екі тізгін, бір шылбыр

Сарбас Ақтаев – жазушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Журналистер одағы сыйлығының иегері, шоқантанушы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетінің құрметті профессоры.  Сәкен Сейфуллин мен Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов пен Ғабит Мүсірепов  тәрізді әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ірі де ұлы тұлғалары керегесін қалап, уығын шанышқан қазақ баспасөзі қарашаңырағының бүгінгі иесі Сауытбек Абдрахманов – өсу, өрлеу жолы сәтті қалыптасқан қаламгер. Африка зұлыстарында егіз балалардың соңғы туғанын үлкен, яғни аға санайтын қызық дәстүр бар көрінеді. Кәдімгі қазақтың балаларының ең кіші кенжесін шаңырақ иесі деп танитын салты сияқты. Сондықтан әлгі аталған алыптардың асыл тұяғына ұқсап, қарашаңырақтың қазіргі тұтқасын ұстап отыр­ған Сауытбекті төбе газетіміздің, төре газетіміздің өркені өсіп, беделі биіктеуіне атсалысқандардың қай-қайсысы болсын аға тұтса, артық емес секілді. Дана халқымыздың ақылы асқанды аға тұтқан ата дәстүрін алға тартып, оған оның сарабдал сыншы, санаткер ғалым, серке сөз сардары екенін қоссақ, бұндай құрметке ол әбден лайық екеніне еш күмән болмас. Асылы, Сауытбек – айы оңынан ту­ған бақытты басшылардың бірі. Кешегі алмағайып аласапыран кезеңдерде газет тізгінін ұстаған алдыңғы толқын аға­лары жаңа заман, жайсаң қоғам орнатып, жарқын өмір жасау жолында бұл басылымды жанаямас жалынды күрестің құралы етіп, өздері де ескі мен жаңаның арасындағы алапат айқастың топанын толарсақтан кешіп, көбі қандыауыз қызыл саясаттың құрбаны болып кетті. Одан кейінгі буын кеңестік темір тәртіптің тар құрсауына тап болып, түрпі шеңгелде көкейіндегісін айта алмай, көңілдегісін көрсете алмай шерменде күй кешті. Ал Сауытбек басылым басшылығына еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туын тік көтергеннен кейін келіп, газеттің танымдық, тәлімдік, тәрбиелік мәнін күшейтіп, халықтың шын мәніндегі көзі мен құлағына, тілі мен үніне айналдыра білді. Тағдырын ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ынтымақ тоғыстырған тілеуқор ағасы, қадір тұтар ақылшысы есе­бінде оның бұл бейқұт қадамына көңі­лім көлдей шалқып, мәртебем ұдайы өсіп отырады. Өйткені мен өзімді оның қа­лам-қарымы шыңдалып, қабілет-дары­ны ұшталып, шығармашылық жұлдызы жануына себепкер болған жандардың бірі­мін деп білемін. Астаналық облыстың «Же­тісу» газетінде жүргенімде студент Сауытбек­тің кино жөніндегі сындарлы пі­кірі, салиқалы ойлары ұнап, талдамы терең талай мақалаларын жариялаған едім. Одан «СҚ»-ға (қазіргі «Егемен Қа­зақ­стан») бас редактордың идеология жө­нін­дегі орынбасары болып ауысқанымда, университеттен кейін бір жарым жылдай кино саласында қызмет істеп, қаламын газетте ұштау ниетімен келгенінде жас жігіт жайында жылы лебіз білдіріп, бейіміне орай жұмысқа қабылдануына қол ұшын берген болатынмын. Алғаш ол әдебиет және өнер бөлімінде әдеби қызметкер болып, қаламын қалып­тастырып, қабілетін шыңдады. Не жазса да, жан-жақты зерттеп, тереңнен толғап жаза­тын, не тапсырса да тап-тұйнақтай етіп, тың­ғылықты орындайтын ол артынан басты бөлім – «партия тұрмысына» ауыстырылып, келе-келе оның меңгерушілігіне көтеріліп, алқа мүшесі болып сайланды. Тіпті редакцияның партия ұйымына да жетекші болды. Бас газетте он жылдан астам жемісті еңбек етіп, біліктілігімен, білімділігімен көзге түскен көшелі журналист 80-ші жылдардың соңына таман Қазақстан Орталық партия комитетіне жауапты қызметке шақырылды. Одан Министрлер кеңесінің мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 90-шы жылдардың орта шенінде ол республика Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалды. Жоғары лауазымға қол жеткізіп, қандай жауапты қызметте жүрсе де өзімді ақылшы ұс­таз деп қастерлеп, өзін ізетті шәкірт санаудан танбаған талапкер інімді жаңа орнымен құттықтай барғанда бір кеңес бергенім бар: – Айналайын Сауытбек! Бақ та, тақ та бүгін бар, ертең жоқ. Біздің қателігімізді қайталамай, бірдеңе қорғап ал. Түн қатып, түс қашып, таңның атысын, күннің батысын білмейтін қарбаласы көп газет жұмысы емес, бос уақытың болар. Әдебиеттен де, өнер­ден де бір кісідей білігің бар жігітсің. Ғылымға құлаш ұрсаң, ертең-ақ еңсеріп кетесің. Ал ғылымның қай заманда да, қай қоғамда да аты арып, тоны тозбайтынын білесің ғой, – деген едім сонда. Айтқанымдай-ақ, араға төрт-бес жыл са­лып, ол орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин өлеңдерінің, оның ішінде «Евгений Оне­гин» романының қазақша аударылуы ту­ралы диссертация қорғап, филология ғы­лым­дарының кандидаты атағын алды. Бұл өзі әдебиетте бұрын-соңды түрен түспеген тың тақырып еді. Өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын алғаш ана тілімізге аударған ұлы Абай өз алдына, қазақ жырының жампоздары Ілияс пен Қуандықты да былай қойғанда, тіпті Қазан төңкерісіне дейін-ақ осынау ұлы туындыны ел арасынан шыққан оншақты ақын қа­зақша жырлауға қарекет жасаған екен. «Қазақстан Кеңес үкіметі орнағанша әліпті таяқ деп білмейтін жаппай сауатсыз ел еді» деген қисынның шындыққа жанаспайтын жаңсақтық екені осыдан-ақ көрінбей ме? Ол өз алдына, зерделі зерттеуші орыстың ұлы ақыны қазақша қалай сөйлегенін ой елегінен өткізіп,  өзіндік тұжырым жасап қана қоймай, оның ұланғайыр жырларындағы түркі сөздерін де теріп терең талдайды. Бақсақ, Пушкин өлеңдерінде екі жүзден астам түркі сөздері бар екен. Соларды тізіп талдай келіп автор ұлы ақынның әлем әдебиетінің талай қиырларын шаңдатып шабытына нәр алғанына, тіпті түгел сөздің түбі – түркі тілінде жатқанына сілтеме жасайтын сықылды. Сөйтіп түркі тануға тәп-тәуір үлес қосты. Жалпы тіл дегеніміз, Пушкиннің өзі айт­қандай қылыштың жүзімен емес көл-көсір байлығымен, көркемдік кестесімен, керемет құндылығымен таралады емес пе? Жаһан жырының жұлдызы болған орыс данасының ана жағынан түп-тегі арабтарға барып тіре­летіні белгілі. Қанына тартып тегін қарақтады ма екен, Пушкиннің кей жырларына құраннан эпиграф алынатыны да бар. Сауытбектің бір кітабында «Құран және Пушкин» деген бөлім ұшырасады. «Пушкин жырындағы діни сарындар туралы ой толғау арқылы ақын шығармашылығының халықтық сипатын, жырларының мұсылман әлеміндегі ұлттардың жүрегіне де етене жақын болып келетінінің, түпкі сырын аша түсуді мақсат еттік» деп бастайтын автор адамзат ақыл-ойының шам-шырағы болып, әлемді ұйытып келе жатқан өсиеті өлмес ұлы жыр – Құранның кеменгер орыс ақынына, оның өлеңдеріне тигізген әсер-ықпалы жайында кемел де кесімді пікір айтады. Ақынның бағдарламалық жыр атанып жүрген «Пайғамбар» атты өлеңінің өзекті сарыны бұрынғы зерттеушілер айтып жүргендей Таураттан емес, тікелей Құраннан алынғанын ол бұлтартпастай етіп дәлелдеп береді. Сауытбек ғылыми жұмысын осылай жалғас­тырып, жалпы қазақша өлең аудармасының алған асу, шыққан шыңын зерттеуге көп үлес қосты. Оған жауапты лауазымдағы қызметі де, жұмысының көптігі де кедергі бола алған жоқ. Бірер жыл «Қазақстан» телерадио корпорациясын басқара жүріп те, бас басылымымыз – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоға­мы» болып қайта құрылып, оған президент болып келгенде де, қат-қабат қарба­лас жұмыстардың ара-арасында ғылыми ізденіске де уақыт тапты. Қазақтың өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы жөнінде «Төлтума мен Телтума» атты көлемді кітап жазып, сол зерттеу еңбегінің негізінде докторлық диссертация қорғап шықты. Кітап ғылыми зерттеу деп атал­ғанымен, көркем туындыдай тартымды, желдірте жеңіл оқылады. Тілі шұрайлы да әсем, пікірі шырайлы да тың. Жалпы, Сауытбек Абдрахмановтың қа­ламынан туған дүниелердің қашан да тілі тартымды, ойы орамды келеді, әрі дерек пен дәйекке де толы болады. Сондығынан да шығар, оның сонау әдеби қызметкер кезінде жазған арынды ақын Олжас Сүлейменов жөніндегі очеркі мен қанатты биші Махмуд Есенбаевпен жүргізген сұхбаты әлі күнге дейін есімде. Аруақты өнерпаздың «Бүркіт» биін тамашалаған бір сақаудың биші өнеріне тамсана таңырқап, таңғалғаны сондай – табанда тілі шығып кетіпті. Осындай оқиғалар мен елең еткізер деректер оның эсселері мен очерктерінің, сұхбаттарының қай-қайсысында да жиі ұшырасады. Әсіресе, оның соңғы жылда­ры ірі мемлекет қайраткері, абыз ағамыз Бәйкен Әшімовпен, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш кинорежиссер Дариға Тінәлинамен, сан қырлы дарын иесі әрі актер, суретші Гүлфайруз Исмаиловамен жүр­гізген сұхбаттары – кім-кімді де дән риза етер туындылар. Ол айтулы ардагерлермен ашық-жарқын әңгімелесе отырып, иісі елі­міздің, оның өнер-білімінің, өрелі ғы­лымының өркен жайып, өсіп дамуының қилы-қилы кезеңдерін көз алдыңа әкеледі. Ал оның әлемдегі алуан-алуан ғажайыптары жайындағы газеттің бір бетіне тұтас беріліп жүрген очерктері тақырыбының сонылы­ғын, танымдық, тәлімдік мәнінің молды­ғын былай қойғанда, қазақ баспасөзінде тыңнан ашылған аралдар десе де болады. Оқырманның олардан табар жаңалығы, алар мағлұматы мол екеніне тіптен талас жоқ. Сайып келгенде, бұл – шыңдалған шынайы шебер­лік­тің ғана емес, тынбай тынымсыз ізденудің де жемісі. Елбасымызбен бірге шетелдерге барған сапарларында жазған жолжаз­балары – өз алдына бір төбе. Олары әдеттегідей жол-жөнекей есеп емес, тұтас бір көркем туынды тәрізді. Ол жазбалардан барған елдің кешегісі мен бүгінгісі, ертеңге ұстан­ған бағдары барынша айқын көрініп, екі ел басшыларының болашақты толғаған ілтипатқа толы ықыласты әңгімелері әсем баяндалады. Сондай-ақ оның Қазақстан Президентімен сұхбат кітабының баспасөзде жарияланып жүрген тараулары да тың ойларымен, пікір сонылығымен, оқиға желісімен оқырманын баурайды. Басылым басшысының бұлай жақсы жазуы және жиі жазуы ұжымдағы қалған қаламгерлер үшін, әрине, үлгі-өнеге. Әсіресе, жас журналистерге тап­тырмас тағылым, табанды тәрбие. Түрік туысқандардың газет басында отырған адамды «басжазар», яғни «бас жазушы» атауы тегін болмас. Өз басым басшының батыл жазатын, батып жазатын жақсы қаламгер болуын басылым үшін ырыс деп білемін. Басшы ретінде Сауытбек – алды кең, тікірейіп те, кекірейіп те тұрмайтын кіші­пейіл, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты қайраткер. Миығынан бір мырс етіп қойып, жанарына күлкі үйіріп, аққұба өңі нұрланып, кіммен болсын жымия отырып, жылы сырласады, алғаусыз ақылдасады. Ана бір жылы алдына барғанымда құшағын кең жайып, төс түйістіріп амандасқан соң жай-жапсарды баяндап: – Кеңсеміз ескі үй болғанымен жаман емес, әзір тұра тұруға болады: албары кең, жері жақсы, түбінде жанынан жаңа ғимарат тұрғызуға мүмкіндік бар. Қазір бізді қинап тұрғаны – пәтер мәселесі. Қызметкерлердің көбінде тұрақты баспана жоқ. Жартысы жатақханада, жартысы үй жалдап тұрып жатыр. Қала әкімдігін қашанғы қинай бе­рерсің. Алдымен бір қаржы қарастырып, тұрғын үй салсақ қайтер еді деп ойлаймын, – деп өз ойын жайып салған. Баяғыда бір жылы Министрлер кеңесі республиканың ең басты екі газетіне қыз­меткерлері үшін үй салуға арнайы қар­жы бөлген екен. Сонда «Каз­правда» сегіз пәтерлі, екі тәжілі әп-әсем үй салғызады да, біздің «СҚ» соның қасынан барақ тектес жеті пәтерлік жер үй тұрғызыпты. Соған қарадай қатты намыстанушы едім. Сауытбектің мына сөзі көңіліме қона кетті.  – Ой, айналайын, мынауың табылған ақыл екен! Тек құрылысты әріптестеріңнен бұрын баста. Түбінде Сауытбек салғызған үй деп кейінгі ұрпақ мақтан ғып айтатын болсын, – деп қуанып кеттім. Ізінше ол айналасы екі-үш жылдың ішінде редакция қызметкерлеріне арнап бір емес, екі бірдей көпқабатты зәулім тұрғын үй тұрғызыпты. Қарауындағыларға деген қамқорлық осындай болса керек-ті. Өйткені үй болмай, күй болмайтыны белгілі ғой. Бұрнағы жылы ел газетінің 90 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің көмегімен бой көтерген редакцияның кеңсе ғимараты пайдалануға берілді. Еліміздей асқақ, еңсе­міздей биік, әрлі де сәнді бұл әсем ғимаратты салтанатты жағдайда той күні Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі келіп ашты. Ұйымшыл ұжым, оның іскер басшысы үшін бұдан асқан мерей, бұдан асқақ мәртебе бар ма?! Қанша жерден қолда өскен құлынның тай аты қалмайды дегенмен де, ақылы асқанды аға тұтпай қоймайды екенсің. Сол торқалы тойда мен Сауытбекті жаңа қырынан танып, соны биіктен көргендей болдым. Әдетте әр сөзін саралап, байыппен баяу сөйлейтін оның шын мәнінде суырылған шешен екеніне көзім жетті. Қазақта шашасына шаң жұқтырмайтын небір дүлдүл ділмәрлар болған ғой. Солардың іздеп жүріп сарқытын ішпесе де, ізденіп үйрену арқылы сорабына түскен оның шалдырмас шешен екендігіне қайран қалдым. Ағалықтан бабалыққа қадам басқан бас газеттің тоқсан жылғы жасампаз тарихы туралы баяндаманы  бір жапырақ қағазсыз жасауы кімді болсын таң-тамаша еткені даусыз. Сөзінде де, ойында да не бір іркіліс, не бір қайталау деген атымен кездескен жоқ. Сондықтан болар, театрды аузы-мұрнынан шығарған жұрт сүттей ұйып бір сағат бойы сілтідей тынып тыңдады оны. Білімдарлық де мейлі, ділмарлық де мейлі – қайсы болсын, оған жарасып-ақ тұр. Талмай ізденудің тынбай үйренудің ұдайы оқып, ой-өрісін байытудың игі жемісі осындай-ақ болар. Екінші бір таңқалдырып, дән риза еткен – оның күні кеше елімізді айдай әлемге танытқан Еуропа­дағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті қарсаңындағы қисапсыз еңбегі. Ол ұйым жетекшілерімен ғана емес, ұлылы-кішілі жиырмаға жуық елдердің басшыларымен сыр-сұхбат жүргізіп, ұлы жиынның мән-мағынасын жан-жақты ашып, ақпарат құралдарында кеңінен көрінуіне мұрындық болды. Былайша айтқанда бір өзі анау-мынау ұжымның емес, тұтас бір ұйымның жұмысын атқарды десе де артық емес. Биыл «Салтанат» деген атпен шыққан қалыңдығы кереқарыс кітап сол ерен еңбектің нәтижесі. Қайраткерлік пен қаламгерлік қанша­лықты жақын ұғым болғанымен, екеуінің тізгінін тең ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы тең тізгінге қоса ол ғылымның жібек шылбырын да берік ұстап, еркін сілтеп келеді. Яғни ерге керек өнердің екі тізгін, бір шылбыры – қолында. Қос тізгінді тең тұту – Тә­ңірдің сүйікті пендесіне берер сирек сыйы. Ба­сылым басшыларының арасынан бірін­ші болып министрлікке көтеріліп, одан өзін түлетіп ұшырған алтын тұғырына қайтып оралып, қасиетті тұтқасын қайта ұстаған Сауытбек – сондай сирек сыйдың иесі. Тоқсан жыл бойы халқымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жырын жырлап, жеңісіміздің жар­шысы, кем ісіміздің қам­шысы болып келе жат­қан дауылпаз үні дабылды бас газеттің, былайша айтқанда, тарихымыздың тұнып тұрған шежіресінің басында осы Сауытбек Абдрахманов сынды әрі ғалым, әрі қайраткер, әрі қаламгер азаматтың отыруы бір ғанибет емес пе?!. Тоқсандағы газеттің алпыстағы басшысы, міне осындай пайым-парасаты мол, қабілет-қарымы зор азамат.

745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз