• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2014

ЖАМБЫЛДЫҚТАР: БӘРІ МАЙДАНҒА...

МакулбекМақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, мұрағатшы

Соғыс басталды. Бұл хабарды Жамбыл облысының жұртшылығы екі-үш күнде толық есітті. Суыт хабарды естіген жұрт алғашында есеңгіреп қалды. Бейбіт өмірдің тұщы дәмін енді ғана тата бастаған халық «соғыс» деген қарғыс атқырдың  халыққа әкелетін зұлматын жақсы білді. Оны жоймаса жақсы күннің тумайтынын білді. Сондықтан да сол күні-ақ аудан орталықтарындағы  әскери комиссариаттарға ағылды. Жер-жерде митингілер басталып, соғыс жеңіспен аяқталатынын, аз күнде Жұмысшы-Ша­руа Қызыл Армиясы фашистерді совет елінің жерінен тықсыра қуып, өз жерінде талқандайтынына сенді, солай деп жалындап сөз сөйледі. Көптеген жастар еріктілер қатарына қосылып, әскерге алу туралы арыздарын жазды. Тек қана ерлер емес қыз-келіншектер де майданға жіберуді өтін­ді. Мәселен 22 маусым күні кешкілік Шу ауданындағы «Түрксіб» колхозшылар ауыл шаруашылығы артелінің мүшелері Әблезов, Жұмабаев, Лаванов барлығы 15 адам өздерін майданға жіберуге өтініш жазды. Осы Шу станциясының бір топ паровоз жүргізушілері мен олардың көмекшілері, Жамбыл қаласындағы медициналық учи­лищенің 30 түлегі өздерін майданға жіберуді өтінді. Сол күні екі сағатта обл­стық Қызыл Крест қоғамына өздерін май­данға жіберу туралы 100 арыз түсті. Соғыс басталғаннан кейін бір күн өткеннен кейін Жуалы ауданындағы «Путь Ленина» колхозының бір топ колхозшылары көтеріңкі міндеттеме алып, оны жыл соңына дейін орындағаннан кейін өздерін майданға жіберу туралы өтініш жазды. Жалпы мұндай еріктілер ақ басты Алатау мен қарт Қаратаудың қойнауы мен бөктерінде жатқан, Талас пен Шудың сағасын жайлаған, Аса мен Терістің жағасын жағалаған барлық ауылдардан табылып, Отанды қорғауда жан аямай шайқасатындарына сендірді. Сол күні Жамбыл ауданының машина-трактор станциясында жұмыс істейтін механизатор Ыбрайым Сүлейменов, Майтөбе ауылының тұрғыны Амантай Дәулетбеков, Талас ау­да­нының түлегі Сәду Шәкіров, Қордай ау­да­нындағы Киров атындағы колхоздың жұмысшысы Николай Белашов, Шу ауда­нының тұрғыны Саттар Естемесов ауылдастарымен бірге әскери комиссариаттарға келіп, өздерін Отан қорғау үшін майданға жіберу жөнінде өтініш жасады. Бұлар және өзге де жамбылдық азаматтар кейін майдан даласында өшпес ерліктің өнегесін көрсетіп, ерлігімен бүгінгі ұрпақтың есінде мәңгі қалды. 
Абдырап қалған, бас иесін, бауыры мен әкесін майданға жіберген халықты бір мақсатқа жұмылдыру, еңбектің көрігін қыздыру қиынның қиыны болды. Ауылда қарттар мен қыз-келіншектер, бұғанасы қатпаған балалар қалды. Облыстық мем­лекеттік мұрағатта сақтаулы құжаттарды ақтарғанда соғыстың басталған жылы көп жерлерде еңбек көрсеткіштері төмендеп кеткенін аңғару қиын емес. Бірақ уақыт өткен сайын тыл еңбеккерлері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындай бастады. Мәселен, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің Қазақстан ком­му­нистік орталық партия коми­тетіне жолда­ған ақпарын оқысаңыз осыған көзіңіз жетеді. Мәселен 282- қор­дағы, 1-тізімдегі, 12-бумадағы құжатта 1941 жылы 19-тамызда жоғарыға жолдаған ақпарында облыстың өнеркәсіп орындары екпінді жұмыс істегенін, үнемдеу жақсы жолға қойылғаны айтылады. Жекелеген еңбек ұжымдарының, адамдардың екпінді еңбектері үлгі етілген. Мәселен Свердлов ауданының машина-трактор станциясының ұжымы жылдық жоспарды 7 ай 10 күннің ішінде орындап, 13000 сомның жанар-жағар­майын үнемдеген. Комбайншы Муслов 400 гектар алқаптың егінін жинаса, оның әріптесі Хмелевский 575 гектардың дәнін бастырған. Сталиндік вахтаға тұрған ұжым сүдігер көтеруді мерзімінен бұрын орындауға, астық тасу жоспарын 20- тамызда аяқтауға міндеттелген. 


Облыс ауыл еңбеккерлерінің көтеріңкі міндеттеме қабылдауына Семей облысы, Ұр­жар ауданының «Красные горные орлы» колхо­зының бүкіл республика еңбеккерлеріне үндеуі ықпал еткені сөзсіз. Сондықтан да бүкіл экономиканы соғыс жағдайына көшіру жаңаша еңбек етуді талап етті. Еңбекке жарамды, бойында қуаты тасыған ер азаматтардың майданға кеткеніне қарамастан облыстың жекелеген шаруашылықтары жоғары табыстарға қол жет­кіз­ді. Облыстық партия комитетінің жоғарыға жолдаған ақпарларында Меркі ауданындағы «Большевик» колхозының табыстарын ерекше сөз етеді. Бұл шаруа­шылық әр гектардан 450 центнерден қы­зыл­ша жинады. Осы ауданның «Қызыл-қышылақ» колхозының Ч. Гайтаеваның зве­носы әр гектардан 620 центнерден тәтті түбір алды. Сол сияқты Луговой ауданының «Мақпал» колхозының, Талас ауданының «Ок­тябрь» колхозының мақташылары жо­ғары көрсет­кіш­терге ие болды. 
Өнеркәсіп орындарында да табыстың тай қазаны қайнап жатты. Жамбыл қаласындағы спирт заводының жұмысшылары облыста ең жоғарғы көрсеткіштерге ие болды. Олар шілде айының жоспарын 251 пайызға орындады. Осы заводтың құрамындағы арақ зауытының жоспарды орындау көрсеткіші 184 пайызға жетті. Жамбыл станциясының теміржолшылары да жоғары көрсеткішке ие болды. Еңбекшілер арасында бір күндік еңбек жалақыларын Отанды қорғау қорына аудару кең қанат жайды. Мұндай мысалдар көптеп келтіруге болады. Облыста қыз-келіншектердің жаңа мамандықтарды игеру, отанды қорғауға дайын болу саласындағы белсенділігі артты. Тек қана Жамбыл темір­жол станциясының 135 қыз-келіншегі сле­сарь, токарь, тракторшы, комбайншы, жүр­гізуші мамандықтарын игере бастады. Облыс бойынша өндірістен қол үзбей 1055 әйел тракторшы мамандығын игерді.  
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 22-23 қазан күндері Жамбыл облыстық Коммунистік партиясының VI пленумы өтті. Саяси-партиялық  жұмысты Отан қорғауды күшейтуге бағыттау туралы қаралған мәселеде барлық аудандық, қала­лық партия комитеттерінің, жекелеген ірі өндіріс орындары партия комитеттерінің өкілдері сөз сөйлеп, қалыптасқан жағдайды жан-жақты баяндалды. Тұрғындар арасында тек еңбек белсенділігін ғана емес сонымен бірге саяси үгіт жұмысын арттыру мәселесі айтылды. Жекелеген іс-тәжірибелер ортаға салынып, жіберілген кемшіліктер сын тезіне алынды. Пленумда Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің Төр­а­ғасы Нұртас Оңдасынов сөз сөйлеп облыста соғыс басталған алғашқы айларда атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Қордай, Талас және Красногор аудандарында астық жинауда ысыраптың көп болғанын айта келіп, сүт, ірімшік, жұмыртқа, көкөніс, шөп тапсыру жөніндегі жоспарды орындау көрсеткіштері республикада ең соңғы орында қалғанын өткір сынады. Ол өз сөзінде әр сала бойынша қол жеткен жетістіктер мен бірге кемшіліктерді де айтты. Мәселен 1913 жылмен салыстырғанда облыста жалпы өнеркәсіп өнімдерін өндіру 24 есеге артқан. Облыста ірі қант зауыттары және 1300 әр түрлі өндіріс орындары бой көтерді. 1933 жылмен салыстырғанда 1940 жылы қаржы игеру 228 пайызға өсті. 1913 жылы өндіріс орындарында 447 адам еңбек ететін болса, 1940 жылы бұл көрсеткіш 9500 болды. Халық шаруашылығының барлық саласында соңғы жылдары оң өзгерістер болғанын нақты мысалдар келтіре айтты. Мәселен 1941 жылы қант қызылшасының көлемі 9150 гектарға жеткен. Алғаш рет 1933 жылы қант қызылшасын еккенде диқандар әр гектардан 54 центнерден өнім жинаса, бұл көрсеткіш 1941 жылы 600-700 центнерге дейін жетті. Кейбір қызылшашылар 1000  центнерге дейін өнім алды. 
Н. Оңдасынов өз сөзінде бүгінгі күні тарихшылар назар аударатын кейбір деректер мен дәйектерді де айтқан. Мәселен 1941 жылы облысқа майдан шекараларындағы 60000-ға жуық халықты көшіру жоспарланыпты. 15 қазанға дейін олардың 15000 көшіріліп әкелінген. Олардың арасында 2000-ға жуық әр түрлі мамандық иелері, атап айтқанда, 100 дәрігер, осыншама инженер, 300-ге жуық есепші, 200-ден аса оқу-ағарту маман иелері келген.
Сол жылы облыста 2252 депутат, 952 мемлекеттік аппараттың қызметкерлері еңбек етіпті. Сөзінің соңында барлық мем­лекеттік іс фашизмді жеңуге бағытталуы керек екендігін қадап айтқан.  
Соғыстың алғашқы жылында тосыннан келген қасіретті жеңудің алғы шарттары жасалды. Тез арада бүкіл шаруашылық соғыс жағдайына көшіріліп, алдымен майданға жауынгер­­лерді жіберумен, бас иесіз болып калған шаруа­шылықтарға кадрларды іріктеп, орналастырумен айналысқан жергілікті атқарушы органдар бірте-бірте жұмыс күшінің жетіспеушілігін жойып, майданға кеткен ұландардың орнында олардың аналары, жарлары, буыны бекімеген іні-қарындастарының еңбек етуін қамтамасыз етті. Жұмыс күшінің және шаруашылықта еңбек ететіндердің же­тім­сіздігіне, тәжірибесінің аздығына қарамастан өнім өндіру көлемі арта түсті. Облыс атқарушы органдары бұдан да басқа, жаңа міндеттерді жүзеге асыра бастады. Ол ең алдымен майданға азық-түлік, киім-кешек жөнелту болса, майданнан оралған жаралы жауынгерлерді еңбекке орналас­тыру, соғыс болып жатқан аймақтардан көшірілген адамдарға қамқорлық көрсету, жаралыларды емдеу, майдан даласынан әкелінген әскери  госпитальдарды орналас­тыру жаңа әскери бөлімшелер жасақтау жұмыстарымен бірге өндірісті дамыту, өнім шығару көлемін арттыру ісін қатар жүргізуге тура келді. Әсіресе мұндай жағдай ауыл тұрғындарына үлкен ауыртпалық әкелді. Жаңа техника болмағандықтан бар­лық жұмыс қолмен жүзеге асырылды. Міне осындай қиыншылықтарды олар жанкештілік еңбектермен жеңе білді. Уа­қытпен санаспай, бел шешпей, тізе бүкпей еңбек етті. Барлық ауыртпалықтарды кө­тере білген олар еңбектерімен жеңіс күнін жақындата түсті.
Мұрағаттың сарғайған құжаттарын ақтарған сайын жаңа деректерге тап бола­тыныңыз анық. 282- қордың 1-тіз­бесіндегі 338-істің 22-қорабындағы 30-35 беттерінде мынандай деректер бар: 1941 жылдың соңында  облыс бойынша қорғаныс қорына  облыс еңбекшілерінен 2497 мың сом, 3522 мың сом облигация, 437 мың сом займ, 7282  центнер астық, 1017 центнер ет... осылайша сүт, май, жүн, мақта, картоп, көкөніс, алма, бақша дақылдарын аударды деп, жалғасып кете береді. Аудандар бойынша: Шу - 363 мың сом, Сарысу - 33 мың, Свердлов - 65 мың сом ... деп қорғаныс қорына аударылған қаржы туралы да мәліметтер жеткілікті.
Осы цифрлардың артында қаншама еңбек жатқанын түсінесіз де, алдыңғы толқын аталар мен апаларымыздың өзектері мықты екенін білесіз. Олар өмірі бітпейтін жұмыстан шаршамай, шалдықпай қалт еткен сәтінде майдан үшін азық-түлік, киім-кешек жинауға уақыттарын бөлді. 
Мәселен 1942 жылдың 20- қаңтарында ұлттық әскери бөлімшелер жасақтау қорына барлық аудандардан азық-түлік жинастырғаны жөнінде құжатта мынандай деректер келтірілген. Облыс бойынша осы қорға 48,926 тонна астық, 14,1 тонна ет, 15,24 тонна май; 152,042 тонна шөп, 119,573 тонна сабан, 313,99 тонна картоп, 154,78 көкөніс, 1,8 тонна күріш жіберілген. Сонымен бірге Москваны қорғауда ерекше ерлігімен көзге түскен Қазақстан мен Қырғызстанда жасақталған 8-гвардиялық дивизияға сыйлық ретінде осы күні 42,402 тонна астық, 46,2 тонна ет, 2 тоннадан аса күріш, 1 тоннаға жуық сұлы жіберілген. Сарғайған қағаздарды ақтарған сайын майданға және азат етілген қалаларға сыйлық жіберу дәстүрі берік қалыптасқанын көруге болады. Мәселен 22 мамыр күні 41 тонна ет, 29 тонна қант, 24 тонна ұн, сары май, темекі жіберілген. Сонымен бірге 18000 сом ақша жиналған.  Қызыл Армияның құрылған күні құрметіне ақша, киім-кешек, сәлемдемелер жиналғаны туралы да деректер жеткілікті. Тек осы күні Луговой ауданының тұрғындары 30 қорап сәлемдеме жіберген. Облыс бойынша 10 тонна ұн, 8,5 тоннан ет, 723 килограм қант, 3 тоннадай күріш, 310 килограм сары май, 25 килограм шұжық, тағы да басқа заттар жіберілген. Мұндай деректерді үздіксіз, ұзақ келтіре беруге болады. 
Соғыстың екінші жылы барша қазақ­стан­дықтармен бірге жамбылдықтар жаңа­дан жасақ­талып жатқан ұлттық әскери құрамдарға қаржы, киім-кешек, азық-түлік жинауымен бірге оларды адам күштерімен толықтырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап елімізде «қазақстандық» деп аталатын әр түрлі әскери-техникалық құрам­дар жасақтауға да белсене қатысты. Мә­селен 1942 жылдың 28 желтоқ­санында «Қазақстан колхозшысы» атты танк колон­насын жасақтауға барлық аудандардан қан­ша қаржы жіберілгені туралы дерек бар. Танк колоннасын жасақтауға облыс бойынша 14065000 сом жиналған. 
Осы жылдың соңына қарай  атқарушы органдар болашақтың қамы үшін ұйым­дастыру жұмыстарын жүргізгенін аңға­расыз. Облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде ауыл шаруашылығын дамы­тудың сан қырлары, жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері қарала бастаған. Мәселен, 30 желтоқсан күні өткен облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде «Қа­ратау» тау-кен химия комбинатының құ­рылысы туралы мәселе қаралған. Комбинат құрылысының алғашқы кезеңі өте баяу жүргізіліп жатқаны сөз болады. Қа­былданған қаулыда комбинат директорына қатаң міндеттер қойылған. СССР Халық Комиссариаттары Советінің 1941 жылғы 27 тамыздағы шешімімен Қаратау химия комбинатын салу жөнінде шешім болғанымен оның құрылысы өте баяу жүргізілді. Комбинат 1942 жылдың 1-шілдесінде пай­далануға берілу керек еді. Алайда қар­жының, техниканың, инженер-техник, жұ­мысшылардың жетіспеушілігінен құ­рылыс өте баяу салынған. Сондықтан да мемле­кеттік маңызы өте жоғары құрылысты же­дел­дету тапсырылды. Осы күнгі бюро мәжілісінде ауыл шаруашылық техникаларын сақтау, сапалы тұқым дайындау мәселелері де сөз болған. 
Совет Үкіметі болашақ жауынгерлерді даярлауға да ерекше назар аударды. Бұл жұмыс 1942 жылы өте қарқынды жүргізілді. Облыстық партия комитетінің әскери бөлімінің орталық партия комитетіне жолдаған мәліметтерінен мұны анық байқауға болады. Бүгінгі және келер ұрпақ үшін сол кездері қандай мамандықтар бойынша жауынгерлер даярлағанын айта кетейік. Бір ғана Жамбыл қаласында  300 мерген әйел даярлау белгіленіпті, мылтық атуға 1300 адамды үйрету қарастырылған. Сонымен бірге әскери мамандар: қол пулеметшілерін, станокты пулеметшілерді, минометшілерді, танк атқыштарын, атқыш­тардың кіші командирлерін, автоматшыларды, шабандоздарды, шоферларды, радис­терді, телефонисттерді, теле­граф­шыларды, мотоциклисттерді, велоси­пед­шілерді, мед­би­келерді, барлаушы­ларды, жұды­рық­тасу­шы­ларды, гранат лақтыру­шыларды, тағы да басқа мамандық иелерін даярлаған. Мұндай жұмыс әскери комиссариаттары бар барлық аудан орталықтарында жүргізілді.   
Жергілікті жерлерде майданнан жарадар болып оралған жауынгерлерге қамқорлық көрсету де қолға алынды. Соғыс басталған жылы Жамбыл қаласына 695 соғыс мү­ге­дегі келген. Оларды жұмысқа орналастыру және киім-кешекпен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілді. Мәселен оларға мәліметтер бойынша 450 көйлек, 332 аяқ киім, шұлық, тағы да басқа киім-кешектер берілген. Оларды жұмысқа орналастыру ерекше бақылауға алынды. 
1942 жыл жамбылдықтар үшін жеңісті кезең болды. Барлық аудандар өндірістік жоспарларын орындап, Отан қорғауға өз үлестерін қосты. Майдан далаларында олардың ұландары жаумен арыстанша алысты. Омырауларына ерлігі үшін орден, медальдар тақты. Араларында «Совет Одағының Батыры» деген азаматтар да пайда болды. Сондықтан да үгіт-насихатшылар елді мекендерде Жеңіс күні жақын екендігі жөнінде халыққа түсіндіріп, олардың еңбекке деген ынтасы мен белсенділігін арттырды. Халықтың көзі майданнан мүгедек болып оралған жауынгерлерге де үйрене бастады. Уақыт жылжыған сайын ауыр еңбектің азда болса жеңілдей бастағанын олар аңғарды. Азапты еңбекке Жеңісті салтанатқа жету үшін үйренді. 
1943 жыл совет Қызыл Армиясы үшін жеңісті сәттерді жалғастыру болды. Соғыстың алғашқы жылдарындағы аса ауыр кезеңдер артта қалып, жауды кейін шегіндіріп, бүкіл әлемді ірі жеңістерімен тамсандырған сәттер туды. 1941 жылдың 6- желтоқсанында Москва түбінде басталған шабуыл жалғасын тауып, Сталинград ма­ңында фашистерге күйрете соққы беріп, Ленинградты блокада құрсауынан босатуға ұмтылыс күшейді. Күн өткен сайын совет әскерлер мемлекеттік шекараға жақындай түсті. Осы жылы Украинаның астанасы Киев азат етілді. Қараша айында Иранның астанасы Тегеранда одақтас мемлекеттердің басшылары кездесіп, екінші майданды ашу жөнінде келісілді. Мұның бәрі тыл еңбеккерлерінің көңілін көтеріп, олардың табысты еңбек етуіне ықпал етті. Ендігі жерде билік басындағы партия еңбекшілердің тұрмысын жақсартуға, белгілі топтың белсенділігін арттыруға, майданнан жарадар болып оралғандарға көмек көрсетуді жақ­сартуға, көшіріліп әкелінгендерге жағ­дай жасауға, ең бастысы балалардың оқып, білім алуына назар аудару соғыстың ал­ғашқы екі жылымен салыстырғанда бір­шама жақсарды. 
Осы жылға қатысты құжаттарды ақтар­ған сайын осыған көзіміз жетеді. Мәселен 1942 жылы бастау алған «Колхозник Казахстана» танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау жалғасын тауып, аяқталды. 282-қордағы 1-тізімдегі 28-бумадағы қағаз­дарды ақтарғанда облыстың түкпір-түкпі­рінен еңбек ұжымдары мен жекелеген адамдардан облыстық партия комитетіне  жолдаған жеделхаттардың тігіндісін көр­сеңіз халқымызға деген мақтаныш сезім-ас­қақтай түседі. Өздерінің басындағы ауырт­­палықты ысырып тастап «Бәрі Жеңіс үшін!», «Бәрі майдан үшін!» деп еңбек етіп, қо­лын­дағы барын, жоқ болса еңбегі мен малын сатып, қаржы жинап, елдің, ердің жақ­сы атын шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын анық байқайсыз. 
Мұндай хабарларды барлық аудандардан, ауылдардан келтіруге болады. Билік халықты ерікті, еріксіз түрде барын «Бәрі майданға...Бәрі Жеңіс үшін!»  деген ұранмен алды. Сол кездегі тыл еңбеккерлерінің ауыр жағдайын айтып жеткізу мүмкін емес. Олар  белін жазбай еңбек етті, барын майданға берді, аузынан жырып тамағын, жамылып жатқан көрпесін көшіріліп, жер аударылып келгендерге ұсынды. Қысылды, қым­тырылды бірақ өзегі мұқалмаған хал­­қымыз бәріне төзді. Сондықтан да Ұлы Отан соғы­сындағы жеңіске біздің әрқайсымыздың ата-бабаларымыздың, апа-әжелеріміздің өл­­шеу­­сіз үлесі бар! 

 

351 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз