• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2014

СУРЕТКЕР МУЗАСЫ

УлыкбекАқындарымыз соңғы жылдары құрғақ сезімнің жетегінде кетпей, тәуелсіздікке қолы жеткендігін шынайы ақыл-ой таразысынан өткізе, халқының әлеуметтік хал-ахуалына терең бойлап, өз музасын тірілте бастағаны дертке қуат дегізеді. Қол қусырып отырмай, адам бойындағы мінез бітісі керенаулықтары мен жатыпатарлық, немқұрайдылық атаулы кереғарлық қасие­тімізге қырғидай тиюіне  ихсан боласыз. Жеке бастың қамын көздемей, қоғамдағы әлеуметтік биіктігімізді барынша батыл, барынша ұрымтал жерден ұстап, жігерлілік пен табандылыққа шақыруы патриоттық қуаттылығымызға жан бітіре бастағандай, өнер адамдары үнінде ұлттық дәстүрдің пәрменділігін күн тәртібіне қоюда намыс отын оятуда...


Осындай ақындар легінде жай ғана тобында емес, алдыңғы қатарлы аза­мат ақындар қатарында Ұлықбек Ес­дәулеттің  болуы тегін емес. Алғашқы жинақ­тарының өзінде-ақ Адам, оның мінез-бітісіне ден қойып, оны шығармашылық өзегіне айналдыруы – өмірден түйгені мен көргені мол бақылампаз жанның өнердің алдыңғылар салған сара жолының халықтығы мен дәстүр жал­ғас­­тығын ұмытпайды:  
Түрік халқы, тізеңді жаз, түрегел,
Тізерлеген тығырыққа тірелер.
Түбі түрік түгенделер  кез келді,
Бірлік болса – қорлық болмас, біле бер! /«Түркістан гимні»/ Абай,  Мағжан музалары Ұлықбекке қанат бітіргендей:
Тіліміз бір, діліміз бір қандаспыз,
Күлтегін мен Тоныкөкке жалғаспыз, 
Бірігіңдер, бірігіңдер,бауырлар,
Атажұртта бас қосайық алғаш біз!
Абай реализмі мен Мағжан шынайы­лығы, Мұқағали еркіндігінен нәр алған, қоғамға пайдалы толық  жеке адам  бо­луы­мызға өзіндік үлес қосып, жыр маржандарын  төгілтуі – заман бейнесімен нұрланып, келбеттеніп өркен жайып келеді. Қазақ поэзиясында қалыптасқан реалистік дәстүрмен қаруланған ақын заманауи мәселелерін батыл суреттей біліп, халқына, жастарға сеніммен қа­раған Мағжан Жұмабаев сынды біртуар азамат ақынның өрен өткірлігі мен табанды батылдылығынан қуат үні Ұлық­бекше өткірлене түскен:     
Топырағыңды, туған жер, иіскеп мен,
Борыштан қайтқан қойша күйіс                            кеткен,
Құшағыңда шашылып қалсам деймін,
Құмай құстай құлаған күміс көктен! 
Ақынның өзі айтқандай, ұлар үнді Ұлықбек ақынға билік бермесеңдер де, сөзіне құлақ асыңдар, « Жыртқанымен, құртқанымен, «Тың игеру! Егіс!» деп, Ата-баба қабірлерін бітіре алмас те­гіс­теп», «Найзағайлы намыс қайда, қайта бізбен табыспай ма, ата жаумен алыспай ма, ақырып?!!» Тіпті, хакім Абайдың соққыға жығылуы да ақын жүрегін ауыртпай тұра алмайды. Ал, Мағжан жырының қуаты аламан заман­ның қиыншылығын жеңуге ұм­тылдырады..., көкірегіне жігер отын ұялата  өрелі істерге бастайды...    
Қоғамдық болмыс сырының күнгейі мен теріскейі ақын жанының Планета тынысынан  қуат алып ғайбаттануы, оның бойына өршіл романтизм, асқан  жігерлілік отын  сепкендей  шабыттылыққа  бастап отыруы да катаклизмге, бой алдыра бастаған тірлігімізге үн қосады... Иә, планета тынысы тарылғандай Жер беті әлем-тапырық. Кеше ғана айнала тып-тыныш, шыбынның ызыңы естілетіндей самарқау тыныштық еді. Мүлгіген  тыныштық арты не болар екен деп ойлауға мұрша келтірмей, әуелі құйын боп құйыла үйіріп, лезде азан-қазан гуіл, сол гуіл арасында еміс-еміс, әлсін-әлі жас бала ма, әлде ыңырсытқан дүлей күш иесі ме, әлде қырағы Жаратушы Алла үні естілгендей, ғарыштан байқап, бақылап отырғандай  алай-түлей дүние өз орбитасынан шығып, Тынық мұхиты мен Атлант  мұхиты   қапталдасып қалғандай жер-көк, күллі әлем қатты бір тербеліске басқан... Сол алай-түлей арасынан бір үн құлаққа келеді де, мойымайтын алып күш иесі зор дауыспен: «Уақыт енді мен үшін өмір сүрсін, Уақыт үшін тойдым мен  өмір сүріп» ... – рупорлық үн толастар емес, саңқылдай түсіп, күшейіп келеді де: «Тірілтер ақын ғана ғой, Сендер өлтірген Уақытты!»
Өмірі – өрт-ау, сірә  да,
Өтеді ол таңды таңға ұрып,
Ақыннан сағат сұрама,
Уақыты оның мәңгілік...
Құйын дауылға, дауыл әлемді зор қоз­ға­лысқа әкелгендей тебіреніске орын қалмағандай қара қарбалас әлем-тапырақ та Күн көзін көлегейлей түскен. Әлгі үн, ақын үні сембейді... Жер беті, ондағы тірі организмдер жанталасқа түсіп, өмір мен өлім арасында от  кешуде...
...Қуатыма  салауат. Шүкір, тәуба,             барлы­ғына – қанағат!
Айтылмаған әніміз, Ашылмаған 
            мәні­міз,
Салқындаған жанымыз, Сарқылмаған                        қанымыз,
Соңымызда қалар ма  сау-саламат? 
Ақынның қиял құсы  табиғаттың дүлей күшіне қайраттана, шамырқана үн қосып  үдей  түскен:  
Иілмеген басымыз, Киілмеген  
            тәжіміз,
Отырмаған  тағымыз, Бұйырмаған                 бағымыз
Бір құдайға аманат!..
Иә, пірім, «Қор боп кеткен  қуатыма салауат!...» Сауға тілеген салауатты үн толастар емес. Күн орбитасынан шығып қалуға шақ қалған Жер планетасына құйын дауыл жер-жерде алапат от шашып, әлем отқа оранды. О дүние болмысымен қиюласып кеткендей орасан асқар биіктер шөгіп, қыраттар ойпаңға айналып жер белдеуі өзгере-өзгере бірте-бірте су құрлыққа, жер қара түнекке /черная дыра/ еніп бара жатқандай, «Кеудемде күркіреген қарша­дайдан құдіретім!» болып:
Көңілдердің күмбезін араладың,
Жігерлінің төзімін тағаладың, 
Жасықтардың жүрегін жараладың
Ешкімнің де табанын жаламадың!
...Сыйды ғой  бүкіл әлем кеудесіне,
Сыймады  бұл әлемге ол несіне?
Қаламын кімге тастап кетті екен
Жеткіз деп жыр бәйгенің                     көмбесіне?!!
Мұқағалиға арналған «Жырмен қош­тасу» өлеңіндегі өршіл романтика сұрапыл дауылға мойымаған  Ұлықбек  дауысы  риторикалық сауалмен-ақ  табиғи дүлейді бір сәт тыншытқандай... Мұқағали  шабытымен шабыттанып үн қосуы  Ұлықбекті де биікке көтергендей  тағлымдылығы ара-тұра өз қазағына  дәстүр жалғастығын сақтаған сүлейін көреміз:
-Жүрегіміз кеткен бе сағатша озып?
-Уақыт жоқ деп! – деп,
Уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?!
Ақын  үні үдей түскен.Кенет гулеген дүлей күшті еңсерген  құдірет иесінің: 
Қазақиям – азат ұям,
Қоңыр жұртым,
Ұлы елім,
Қаңқылдаған қаз атынан,
Сөз саптаған сүлейім! 
«Отан» деген назым сөздің мәнін сенен ұғындым» деп аспандай кең атаме­кенсіз иі қанбас көн дала, сүйіп өтем үні зорайған сайын  сапырылысқан адамдар қиыншылыққа мойынсұнар емес.Бар ғалам иесі Жер беті халықтарына қуат күшін сездіргендей!
Өртенді Ақын!
Өзі де өшпес өрт еді!
Өршіген жалын өлімнің бетін                 серпеді. 
Өзегін жаудың өртеумен өмір 
            сүрген жан,
Өзегін достың өлгенде, міне, өртеді! /«Шеллидің қазасы»/. Сен де өлесің, мен де өлемін  тапқанымызды қалдырып, көңіл шіркін төзе берсін бәріне, Жіпке тізіп айта берем несіне!  О, адамдар, Планетамыз опат алдында өз орбитасы  бағытына өзгеріс енгізе, айналу жылдамдығын арттыра, атмосфера сыртындағы озон қабатын  жұқарта бастады, осындай  болмыс сырына бой бермей, лирикалық жырларымен  тоқтау салып, азаматтық жасап, жыр рухымен адамдар бойына сенімділік ұялатқан  күш пайда бола бастады: «Тістенемін! Кейде мен тістенемін, Салып ұрып  білемін қыс келерін! Азабынан әлемді құтқара алмай, Қарсы қояр ажалға түк таба алмай, Тістенемін. Білемін күш керегін. Ғалам – ұлы, Жер – алып, Кішкенемін. Мен, бірақ  үлкен-үлкен түс көремін.Тістенемін, қол  жетпей жұлдыздарға, Біреуінен солардың түскен едім...»
Ақынның зор дауысты рухына бас иіп, әр құрлықтағы адамдар қазақ халқы өнер саңлақтарының бірі – Ұлықбек Есдәулеттің тегеуріні шымыр да өршіл үніне қол соғып, «Қазақиям – азат ұям» деп, әлемді шарлап кетті. Планета үрдісі де қалпына келе бастағандай  табиғат алапатына бой бермей, өмірге деген сенім  отын  бергені оның  – Салауат, Жасын, Самырсын, Ғадауат, Сусамыр, Арғымақ, Бостандық, Қайыспас қайың, Зайсаным менің, Уақыт, Тұмса, Ұршық, Сауыр тау, Бес бағыштау, Домбыра, Шағыл,  Жаңбыр, Іздер, Алатауда, Алтай, Таулық  мінез, Қоламта, Балқарағай, Күркіреме өзені, Өскемен,Зайсан, Жалбыз, Жеменей өзені, Ақ тұма, Табиғаттың жейдесі, Ботана су, Жапырақтар жыры, Ақжайық арулары, Мұхит, Гольфстрим ағысы, Тамшы, Найзағайлы отты кеуде, Қасқыр мінез, Дала, Жанкүйер, Алтыбақан, Жауқазын, Ғұмырнама, Киіз кітап, Қанатнаме, Терісқақпай, Мүшел жас, Өліара, Шарайна, Қансонар, Мақшардағы диалог.... тағы да басқа  концептілік  ментальды лексемалары ой баспалдақтары болып, тыңдаушылар мен оқырман қауымының  жарасты мадригалдарына  бастап отыр. Ұлттық ою-өрнектері, салт, дәстүр  жалғастығы, намыс отын оятатын  тұжырымдары /концепті/  әлеуметтік  хал-ахуал  аурасына  тікелей әсер ететін ұғымдар мен  түсініктер- ақын   поэтикасының өзегі.Мұқият оқыған адамның  жігеріне жігер қосып, қанаттандырып, сергектікке бастайды, сенім отын  үрлегендей...Жоғарыда аталған ұғымдар ұлттық нақыштар сырын танытудағы  негізгі тірек  түйдектер, оны  жыр кестелерін оқу жолымен  ұғыну қиын емес: «Сауырдың сәні – самырсын. Қабаққа біткен самырсын, Қара жер сенің тамыршың, Көк аспан әміршің, Көңілім саған  сабылсын, Ұмытпан сені ешқашан, Ұмытар болсам нан ұрсын!»; «Сусамыр көзді сусатар, Сусаған ойды жусатар»; «Сәкеннің сұлу аққуы Сыңсиды іздеп сыңарын Аңсайды бүкіл ақындар  Мағжанның киген мұрағын»; «Ай маңдайлы  арғымақтың баласы»; «Сезімі – Ақжайықты бу алғандай»; «Зайсаным менің, Зайсаным менің, Зайсаным, Тұтатқан өзің жанымның жарық май шамын»; «Жыр оқыңдар, жігіттер, ән айтыңдар, Достарымның қатарын молайтыңдар»; «Шанағына шаң жуытпас сал домбыра, Осы менің бабамнан қалған мұра»; « Киіз мінез күн еді неткен мынау, Мүйізінен шыңдардың кеткен қырау. Бүршігінен бу шығып шіліктердің, Бозторғай боп жырлайды көктем жырау»; «Иектің  жатыр астында Иірген  қойдай Алматы».
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары­нан бері сөз өнеріне  ден қойған  Ұлықбек  қазақ поэзиясына үрдіс еңбегімен та­нылған суреткер «Жазушы» баспасынан екі томдық, «Қазығұрт» баспасынан бес томдық  шығармаларынан тілімізге тиек болып отырғаны «Ынтық зар»атты лирикалық /«Атамұра», 2009/ жинағын оқи бастағаннан-ақ сөз саптауы бөлек, өзіндік айтар ой-пікірі бар, оқыған-тоқығаны  бү­гінгі күн талабына жауап берерлік қау­һарлы ой кенішіне кенелгендей болдық.Жинақ аннотациясында «Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Ұлықбек Есдәулеттің соңғы жылдарда жазған жаңа жырларымен қатар таңдаулы лирикалары, балладалары және ақ өлеңдері енгізілді.Ақын өз поэзиясында жаратылыс,тұмса табиғат пен жан-жүрек, сана-сезімнің екеуара үйлесімін тереңнен толғайды» деген ұстанымы, шынында да, ағыны күшті, толқуы қарқынды аламан заманның уытын қайтарар пәрменімен де оқырманын ойланта алады, табиғат пен әлеуметтік ортаның сиқырына шипалық дауа тапқандай ізденістерге барады. Өзіңе әлқиссадан таныс жәйттер Ұлықбек диірменінен өткенде айтар ойының нысанаға дөп тиіп жатқанына шынайы ризалық сезім  отына бөленеріңіз хақ.Бөленіп қана қоймайсыз – халқымыз басынан өткерген қилы-қилы тағдыр тәлкегі бүгінгі ғұмыр әуенімен үйлесім тауып еменжарқын  күйге бөленесіз, айтары бар жанның  әуені серпілткендей  дәстүрге бой ұрған салт жырлары халықтық  үлгіде алдыңнан шығады:
Жалғыз сен бе, бауырым,                             
Жер бетінде сенделген?!
Жалғыздықпен ауырып,
Сағынышпен емделген.
Тірілетін күнде өліп,
Жалғыз сен бе –жас ұлан-
Ғашықтыққа құл болып,
Айырылған басынан. 
Жалғыз сен бе –ойлы жан-
Тасқында  тал қармаған?!
Шәрбат ішіп қайғыдан,
Мұңнан мейіз талмаған.
Бір қарап қой артыңа,
Біз де сендей болғанбыз.
Жетпей өмір нарқына
Шығып қалдық жолдан біз...
Кішірейе сөйлеген ақын үні тол­қымалы Планета алапатына бір сәт әсер еткендей. Ұлықбекше жырлаған  рупорлық үн мажорлық аккордқа бөленеді. Дауыс қуаты қарбаласқа тоқтау салғандай қуатты да құнарлы сөз пәрменіне бас игендей. Иә, сөзді ұғар жандар қатары да молая, молыға түс­кен бе дерсің. Ақынның отты үні қағылез жанның жан сырындай саң­қылдайды...
Ұлықбек  жүрегінен жарып шыққан уытты да  тегеурінді ойлары концепт ретінде Отан, Жүрек, Махаббат пен сүйіспеншілік, Туған жер, Мінез, Достар тағы, тағы көптеген  тұжырымдары  болып, оқырманын оятар қуатымен лексемалары семантикалық сөз құдіретінің  серпінділігімен, әсерлілігімен ақынның Мені  Бізге  /Я и Мы/ ауыса береді. Осы арада С.М. Эйзенштейн мен Л.С. Выготскийдің, Б.Ф. Поршиевтің пікірлерін оқып көре­лікші: «Образ не дается, а возникает, рождается», «Проблема  восприятия должна  разрабатываться как проблема психологии образа мира» /А.Н. Леонтьев/ немесе «Искусство относится к жизни как вино к винограду» /Л.С.Выготский/, ал, әлеуметтік пси­хология «Становится наукой лишь с того момента, когда на место исходного  психического явления ставит не «Я» и «Ты», а «Мы» и «Вы»: на место отношения двух личностей-«отношения двух общностей» /Поршиев Б.Ф./. Ал, Ұлықбек  Есдәулет поэзиясы осы тұрғыда сарапқа салынса, ақынның ұсақ  көріністер мен детальдан ой қорытындысын шығаруға бағыт беріп, синтездік  пайымдаулары ұшқыр  да тартымдылығымен даралана, поэзиядағы үнділігі даралықтан жалпылыққа қарай ойысады да образ жасау биігіне ұмтылады, міне,  нақты биігі мен ақын  Тұлғасы  сомдана түседі, уыттылығы  дәмді тамақ әсерін еске салады. Бұған дейінгі келтірілген  шумақтар мен  фразеологиялық  түйдектер  соның дәлелі деуімізге толық негіз бар. Енді ақынның «Емен» өлеңін оқып көре­лікші:
Қажамаңдаршы құр босқа,
Жетеді қайғым бір басқа.
Мөлдірер еді лай су,
Менімен жақын сырласса.
Жүректе жатыр сүрі қар...
...Жаралған жоқпын темірден –
Жалын мен мұздан шынығар.
...Жайраймын сөзбен осқанда.
Жапырағын жайған емендей,
Жанымды жайғам аспанға.
...Жаралған жанмын  өлеңнен.
Аллитерациялық жүйедегі «Емен» өле­ңінен  ақынды тануың даусыз және  тұлғалық деңгейге көтерілген жанның жүрекжарды пікірі көкірек-көзі ояу, өмір­дің  бар болмысына қалыптасқан көзқарасы бүгінгі, кешегі және келешегі хақында ой толғамдары шынайылықпен  мауқыңды басады әрі «Жүрегімнен өзімнің биік болам!» деп сағыныштың сан батпан салмағына төтеп берер рухани күшіне  есеп бере, өзіне өзі баға беріп, есеп алады. «Күндей жылы дидар көрсем күншуағын ала берем.Жазғырмаймын  тағдырымды, Жаздырмаймын жарлығымды. Жалғыз өлең жазсам жетер, Қансонардай қарлы күнгі...» – ақын музасының лейтмотиві  боп, кілең дауыссыз  дыбыстар аллитерациясы  ақынды шабыт  отына бөлейді де:
Ақындық   –
Ашық есік қой.
Жо-жо-жоқ, тұрсын жаппаймын!
Тозаң  да  болса  несіп  қой, 
Тазартып оны жатпаймын!
Пердесі көп дүниеге «Пердемен қара­ғаннан  түк көрмедім» – ақынның жүрдек көңілі, жүрек лүпілі оны нұрмен баулығаны адам баласына  жақсылықтан басқа еш нәрсе тілемейтін, осы жолда күресе жүріп, «Орным – майдан» уәжі айналып келіп «Жүрек» концептісінің тұжырымдылық   ақиқаттылығына сендіреді: «Жарақатым көп елемей жүрген, Жүректен қаным ақса да, Ешкімді итке теңемеймін мен.   Өзімді қауып жатса да. Жұдырық барда  төбе­лесемін, Қашанғы күшті іркемін. Тұм­сықтың қанын елемес едім. Жүректің қанын сүртер кім?...»   
Риторикалық сауал рухы өресі биік жанның күрескерлігі мен  өршілділігімен  тағлымды. «Достар» концептісі ақын жүрегінің ақтығы мен пәктігін «Сен­дердің арқаларыңда, Өмірім  кілең сайран бақ» дегізсе, енді бірде қатары сиреген достарын сағына еске алады да: «Сергелдең болған серілік... Селменен кетті-ау сейіліп, Сабаздар сайдың тасындай...» ойын тереңдете  түседі:          
Достарым  –
Тағдырластарым.
Сендерсіз бақыт құсын да, 
Жиылып сайдың тастары
Айналар ма едік бір шыңға!
Шұрайлы сөзі метафора, метонимия желісінде «сай тастары», оның «шың­ға» айналу технологиясы «Ынтық зар» лирикалық жинағы үрдісімен тұмса  сұлулық пен байлыққа бастап отыруы сізді бейжай қалдырмайды... Ата ақылы мен Әже алақаны аясында марқайған Ұлықбек:   
Ымыртта, ызғын қолатта,
Ырдуан арба ырғалып, 
Қопаңдап қойып қорапта,         
Ылдимен үйге құлдадық.
Ен дала төсіндегі ырдуан арбада  Атасы мен  болашақ ақын бала ымырт көрінісін  қызықтап отырғанда атасы тіл қатады: «Батысқа, балам, қызықпа, Батқан  күн – біздің күніміз, Көкжиек деген сызыққа  Сіңгенше ғана тіріміз. Уақыт зулап улы оқтай, Уатып өтер төзімді. Сондықтан, балам, күн батпай, Айтып қал айтар сөзіңді» тағлымды  пікірі,  Әженің жылы алақаны аясында өскен бала  шабытының шығармашылық бастауынан «Кішіпейіл, зерделі бала атандым.Уысындағы шомылып шуақ-селге, Жүрегіме мол жылу, мол от алдым»:                          
Аясында бесікке бөленген ем,
Аясында қол  созғам өлеңге мен.
Мейірімі шексіз мол сол қолдарға,
Қарызым бар шексіз мол                     төленбеген...
Жасынан шынайылық  пен табанды­лыққа  баулынған  ақын  Музасы  өзегі туған жер, өскен орта болмысына  бөлене, ұлттық  болмыс  сырын  еміп өседі:                      
Туған жермен жанмын мен 
            тынысым бір,
Туысым бір, жауым бір, ырысым бір.
Жүрегімде тербеткем туған жерді, 
Жырламаса  Отанын, құрысын жыр!
Кең байтақ Қазақ даласы оның құша­ғына сыйып кетіп, «Мен үйімнен шығамын туған жердің Жүгіруге ерке бір бұлағы боп», «Уа, Дүние, ақыныңды еркелет!», жаны жайсаң жанның ақыны – толқын «Келеді саған көкірегін өртеп от» – заманауи жастарының бойына тән айқын үлгі, алтын діңгегі – өжеттілік те патриоттық аксиомасы баршамызға қажетті-ақ!
Ақынның  тұлғалық келбеті оның өз бейнесін қарапайым адамдардан бөле-жара қарамай, – өзіндік көкірек-күйін домбыраның құлақ күйін келтіргендей ынталану  мақамымен  қатар алып жүреді де, табиғат пен әлеуметтік ортаның ау­малы-төкпелі тегеуріне жауап берерлік серпінділігімен ел, жер, халық дәстүрі мен тарихына тереңдеп, ойын бүкпей айтатын көшелі қарқынына «Таныстыру» концептісі қазағының бойындағы ұлттық бейнесін тұрмыс-салт дәстүрі  өзгерістерімен  биікке көтереді: 
Жұмақ та өлең ол үшін,
Тозақ та өлең,
Серілігін, 
Ерлігін ғажап көрем.
Қазақ деген осындай қызық халық,
Бұзық халық  емес қой қазақ деген!
Ақынның өз бейнесі жалпыдан жал­­қыға, жалқыдан жалпыға талдау-жи­нақтау жолымен логикалы үйлесімді пайымдауларымен Гегельдің айтуынша, «Шындық – ақылға сыйымды, ақылға сыйымды – шындық» деген ұлағатты парқымен  мәдениет әдебі әлем картинасын суреттейді.Ақын өзінің өскен ортасы мен  балалық  шағын  «Анам  кеше тағы кірді түсіме, Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар...Көп тұяқтың  астында –мен, дін аман!» Жылқы ақынның бұлтпен қатар алынған шабытының шылбыры сияқты  әрі концепт, әрі  шабыт көзі де бола алған. Сондықтан да, «Жылдар деген  жылқылардан аумайды,Тасыр-тұсыр тас төбемнен аумайды. Тарпаң тұяқ  тиіп кетер ме екен деп, Қорқып кейде қап-қара тер саулайды». Уақыт пен кеңістік болмысы өлшемінің бірі – жылдар  тұжырымы ересек сәби боп, әлем картинасы есте қалады: «Сәби кезім саңылаулап ес кірген, Сыртқа шықтым. Ауыл  күні кешкірген, Аспандағы алаулаған бұлттарға, Аңырдым мен  аң-таң қалған кескінмен. Бәрі – таңсық  Қызылқұмар шақтамын. Біле алмадым бұлтты  кімнің жаққанын. Көрдім бір сәт  көп жылқының мен жаққа  көше бойлап шауып келе жатқанын. Қашу қайда, қорқу да жоқ ойымда. Тұра бердім таңырқаған  бойымда...». Ақынның таңырқану атты сезімдік қабылдауы бұлт ұғымы астарына  сәбилік  түсінігімен  терең бойлап баруға ұмтылады: білуге құмарлық  қызығушылық бастауы, Абай айтқандай, есті адамның мінез-құлқын танытқандай «аспандағы алаулаған бұлттарды кімнің жаққанын біле алмаған» болашақ ақынның  жады танымдық ізденіске бой ұрған. Ал, осындай сұрақ-сауалға балалық шақты еске түсіріп, ойланып көрелікші, ағайын?!! Сезімдік  қабылдау ментальдылығы өлшемі  қандай екен? Иә, өмір мен табиғаттағы  шынайы әдеміліктен өнер туындысы әлдеқайда әсерлі де тұжырымды дейтініміз осы болар, шынында да! 
Ал, шынтуайттап  келгенде, табиғат пен өмір өнерден жоғары тұруы баршаға аян. Ұлықбек  өзінің атына сай  көкейге түйгенін  қағазға түсіргенде балғын балалық әсерлерінен нәр алып, қуаттана, құлшына қайтпас қажырлылығымен пәлсафасын  әлеуметтік мәнге көтере  білді, тұлғалық келбетін  сомдады: өзіндік стилі қалыптасқан ойлы да парасатты  азаматтығын, қайсарлығын таныта алды. Сыншылар еңбегінде де осы бір  ерекшелік – өмірге құштарлығы мен ынтызар көңілі қанаттаса, қатар шауып келетіндігі көрсетілсе, соң­ғы басылым көрген «Ынтық зар» оның жеке бас мүддесі ғана емес, өмір­лік жағдаяттармен қиюласып, қиы­сып, қабысып «Мені» «Біз» болып  кантаминациялық үрдіске ауысуы – азамат ақынның қайраткерлік үні  болмыс шындығын  алмас қылыштай орып түседі: «Көңілім менің мазасыз, Өрекпіп, өршіп түлейді. Жеңеді күдік үрейді. Толқынды соққан толқынға, Көріп пе ең дауыл-дүлейді»:
Көңілім  солай  ұйтқыған 
Әкеліп бұлтты бұлтқа ұрам.
Қалқада туып, ықта өссе,
Түсінсін қайдан жұрт бұған?
Ақын өз-өзіне бір сәт сегіз өрім қам­шысын сілтей  түсіп, өз мінін көре біледі, оны болдырмауға  «Гүлімнің  жұпарлысын  жұртқа тартып, Құшақтап қалғандаймын қуарғанын. Тек қана  аласармай, Асқақ  арман  Тартады тыншымды  алып, Бастап алдан» десе, енді бірде:
Менде де көншімейтін көңіл болған,
Мойымас жығылсам да өмір-нардан. 
Кеудемде қоламтадай қоздап 
                    жатып,
Кетер ме лапылдамай  небір арман?!
«Жаспын ғой әлі! Жастықтан  қайран тапқам, Күйдірген де, жандырған, ойнақ­татқан!» ақын өз тұстастары мен жеке адам жөніндегі пайымдаулары болып, сендіре алады, нандырады, қоғамның тіршілік-тынысынан хабар бергендей се­зімдік сер­пілістерге бастағандай кеу­де­сінде қоламта қоздаған ба дерсің? Жүре­гінен адамгершілік жүрек тұжырымы  толықсиды:
Ақылға келсін, абайлап, тоқтасын                     Адам, 
Ұятын, арын,,  санасын сақтасын                     аман.
Өлмеймін сонда, өлмеймін, өлмеймін                     мен де,
Ақымақ қылып ажалды жоққа 
            шы­ғарам!
Өзіндік стилі қалыптасқан сурет­кер­дің тұлғалық деңгейге көтерілуі – ақын бейнесін үнемі көріктендіріп, қай  мәселе   болмасын  бабына келтіре, шынықтыра, жадырата түсер  шеберлігімен үздіксіз  өрлеп,  әді­леттілік пен  шынайылықтан  жақсылық пен сұлулықты іздеуі  содан болар. Парасаттылығы басым  жанның ақын жүрегі әсте тыншымайды да, көздеріне ғашық жанның «Бу боп ұшты, әйтеуір, шалқар қайғым, Қуаныштан шалқыдым, тасып-тол­дым». Оның  қаламынан туған өлең-жырлары  қаншама мол болса, нақ осы жинақта  өмірге ынтық жанның  ыстық  ықыласы, қайғы-мұңы шұрайлы тір­лікке ұмтылған өжет те қайсар тұлға соншама мол «Ертістің алтын суын Айға шашып, Маған ыстық өзім туған сар дала» деумен келеді. Поэзия – ақын­ның бет бейнесі, әлем картинасы, айнасы.
Өмірді сүюге құштарлық пен  сүйіс­пеншілік-махаббат сезімі иірімдері шығар­машылық тауқыметінің өн бойын қамтып, жылуы күшті бар болмысымен көмкеріліп, ақынның поэтикалық ою-өрнектері мың құбыла құлпырған: «Бал дәурен», «Махаббат деген немене?», «Ұмытпа, ұмытпашы», «Сені ғана сүйемін», «Емдеші мені, ерке қыз», «Жүрек», «Тәтті мен  ащы», «Сен мені іздедің бе?», «Сағыныш», «Көздер», «Жүрегім саған обал жоқ», «Қыздардың махаббаты», «Сары жапырақ», тағы басқа лирикасы тақырып қырларының алуан түрлері. Бұл салада шығыстық  дәстүр жалғастығы Абай дәстүрін жал­ғастыра, Мағжан Жұмабаев лирикасы ауқымдылығы мен алымдылығы, Мұ­қағали  поэзиясындағы ойлылық пен  сезімдік арпалысы күрескерлік биікке көтерген.
Халықтық жыр дәстүрі алтыбақан, жасырынбақ, қыз қуу т.б. ойын үлгілерімен салт-сана пайымына зер сала, көңіл аудара ұлттық  тұрмыс-салтқа  оқырман назарын аударады, «Өліара» ұғымымен  адам намысын жанығандай  әсер қалдырады:
Шұғыласын  шашқанмен шаттана                     Күн,
Табы уытсыз өліара шақ болатын.
Әбігерден  босаған  дәрігердей 
Дала жатыр айқарып ақ халатын...
Оқырман ақын туындысы тақы­рып­тарына ойлана қарау үстінде халқы­мыздың  ұлттық салт-сана дәстүрі мен айырым ерекшеліктерінің өзі де ұғым-түсінікті молықтыра, толықтыра  түсіп жетілдіреді, білмегенін жете тануға пайдаланылған  семантикалық лексема бірліктері, атап айтсақ, салауат, қажылық, Түркістан гимні, бауырмал, нағашы, домбыра, тор бөстек, тұмса, ұршық, ызғын  қолатта, шағыл, қайың, алтынтамыр, кемпірқосақ, бойтұмар, мизам, жүрек пен жүйке, жасырынбақ, жұлдыз, заңғар, ғұмырнама, киіз кітап, қанатнаме, тозған пейіш, терісқақпай, мүшел жас,  топтама тағы да басқа танымдық ой-өрісіңе түйткіл болар тұжырымдар. Сондай-ақ, халықаралық термин сөздердің орын алуы ара-тұра кездесіп отыруы да баршылық. 
Ынтық зардағы «Ғұмырнама» топтамасында басылым көрген  «Петроград.Пушкин мен Есенин», «Аттила және Аквилей аққұтандары», «Паганини», «Әзәзіл», «Шеллидің қазасы», «Күлкі мен қасірет», « Шоқан мен Достоевский»  және де басқа  балладалары оқырман тағлымына  азық боларлық  жәйттерді  қысқа да нұсқа сюжеттік желіде  адам тағдырының  жүрекжарды ой толғамдары  мен  қасаңдығын  жырға қосады. Баллада жанрына сай  полотнолары әлемнің әдемі көрінісін «Қола ақын мен бала ақын екеу ара – соғып тұр жалғыз жүрек лүпіл қағып» /«Пушкин мен Есенин»/, алты күн арам тер боп ала алмаған тас  қамалдың құлайтынын қайдан білдің сауалына  Аттила: 
– Қамалдың құлайтынын маған             айтқан     – Аққұтан,
Ерте ұшырып балапанын! – жауабы бақылампаздық сыры мен түрік халық­тарына тән ежелгі қырағылық сәті  есте қалары сөзсіз. Өнердің зұлымдықты жеңе­тіні, тіпті зұлым күштің Абайды соқ­қыға  жығуы да ой салады, оқырман да ойланады. «Шеллидің қазасы» оның  жан досы Байронның  тебіренісімен  көмкеріле:
...Есіл ер екі  тумайды...
Шындықтан өзге құдай жоқ /Шелли сөзі/.
Байрон: «Еш декан енді университет­тен қумайды» – досы тағдырына ықы­лас-сезімі Ұлықбек талғамдарымен  қиюласып, «Ақымақтарға аңдытып қойған ақынды, Айыптамаспын  өз Отанымдай еш елді. Қош, қайран досым! Бақұл бол, досым, Қош енді...»
Қазіргі ұрпақ үшін де сабақ болар  мұндай дүниелер Шоқан мен Достоевскийге арналған балладасы Құран сүресіндей он жеті тармақты кө­лемде  шынайы достық сырының  бір сәті – қазақтың киіз үйі, тұрмыс-салт көріністері: төрге шығу, малдас құру, қымыз ішу, бата жасау, ақ кимешек ақ кемпірмен  тілдесу, дастарқан, тағамдар, ақ бауырсақ, ірімшік, құрт пен қатық, төрде шынтақтап жатқан батагөй шал, қобыз тарту... – бәрі, бәрі қонақ үшін таңсық еді, мұндай тұңғыш қазақ ұлты салтымен танысу Достоевскийге жаңалық, жете танысудың бастамасы да болды. Мұңлы тағдырға толы қобыз үні қуанышын да, қайғысын да  еркін жеткізе білген, даласы әнмен көмкерілген жаңбырға толы қазақ даласымен, қазақ ұлтымен танысуы да өз дегенінен шыққан:
Петербургте  айырылған 
            азатты­ғымен,
Семейде сергіп табысқаны  ма 
            шынымен?
Тайсалған тұтқын тамсана                 жұтып қымызды,
Еркіндік  дәмін сезгендей болды                 тілімен!..
Әйгілі тарихшы Гердот жазған атақты қымызбен осылайша танысады  Достоевский, осылайша оның қазақ халқымен  жете танысуы жалғаса береді...
«Лапылдап жүрек ұмтылып, жүрек кенін қазатын, жүрегің лүпіл қағып, жүрегімнің  нұрлы оттарын жоғалттым да жылай берді жүрегім-жетімегім ұрпағыңның жүрегі Жүрегіңе тіл қат­сын» – ақынның ментальдық лексика-семантикалық  үрдістері  өзін қоярға жер таппай, тынымсыз талпынған жанның   парадигмасы. Әлем суретінің тұжырымдық /концептілік/ көңіл-күйі сезімтал  жүрек кеніне  кенішетініне қарап бір сәт «Жүрегім, өзімде емес, қарындас тү-у алыста» екенін жасырып-бүкпей, тұмшаламай жеткізе алады. Сондықтан да, ол:   
... Жүрек, бірақ   көне ме                     басынғанға,
Бой бермейді-ау  күргейлеп                      жасырғанға...
... Ақындардың  ақылы басында                     емес,
Ақындардың ақылы жүрегінде...!
Өмірге ғашық жанның өз бейнесін сом­дауы сұлулық көркі қыздарға ынтық зары таусылмайтын кеніш дерсің: бірде сүйеді, бірде күйеді «мат» алып, енді бірде жыр музасы  пафосы  негізін  өрнектеуге   ұмтылады.
Ақын поэзиясы пафосқа то­лы: адамгершілік, адалдық пен шын­­шылдық, патриоттық сезім, сүйіспеншілік  және махаббат, достық пен туысқандыққа негізделген шабыт, сезім шаттығы мен  жігерлену сәті Ұлықбек Есдәулет еңбегінің өзегін құрап, «Ақынға   қанат керек: күйкі мен күйбеңнен жоғары жүру үшін, сумаң мен сүйреңнен ада өмір сүру үшін, Өрт пен өмірден  өзегі өртенбес  үшін, дерт пен өлімнен дем жетіп, жербес үшін; Ақынға қанат бере гөр: пысқырмай жауыздыққа  биікте болу үшін, бағынбай ауыздыққа , бас имей өлу үшін – Ақынға қанат керек!». Ақын шабыты мен зауығы – құс пен қауырсын, аққулар, бозторғай мен шағалалар, қарлығаштар, дуалдағы қарға, почта  көгершіні мен көгершін... суреткер музасы жігеріне от қосып ша­быт­танудың қайнар бұлақ көздері  бола алған.
Келесі бір айтарымыз: ақ өлең жөнінде. Ұлықбектің және бұл ақындарымыздың қай-қайсысында болмасын белең алып бара жатқан құбылыс ретінде ақын поэзиясында да  орын алған. Ақ өлеңдер айдарымен «Саласпилс», «Цирктегі ой», «Ажырасу», «Әнге ода», «Қызыл іңір. Қызғалдақ», «Қайран бауыр», «Шыңырау құдық» атты көптеген өлеңдері  беріліпті. Ақынға тән  ой парасаттылығы  сезімдік серпілістерімен  оқырманына рухани азық болар  биоқуатын мұнда да байқауыңыз қиын емес: «Сусамырды суарған шөлейттегі шыңырау. Сырты аптап, іші сыз менің жаным секілді...» Ақ өлең арқылы да  айтарын ұйқас пен буын санына  қарамастан, ойды  еркін жеткізу, мұндағы клаузула  поэзиямызда  орын тепті де:
Қызыл іңір. Қызғылт қыр,
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Жел өтінде желбіреп,
Қырда тұрған қыз бала
Жердің – Көкке ұсынған 
Қызғалдағы секілді!..
Ақын қазақ болмысы шындығын ұлт­тық дәстүр тұрғысынан ағынан жарыла көңіл-күйі иірімдерін мейлінше жеріне жеткізе, поэзия сарайын өзіндік ерекшеліктерімен мүсіндей алған: оның алғырлығы – оқырманын қанаттандырып, сезімталдығы – көкірегіңе жаңалық, өсу, жетілу отын ұялатса, қабілеттілігі – сенім отымен он орап, жүз рет толғайды, өзіңді жалынымен көмкереді, сөнген ошақ  отын маздатады.
Ақын  поэтикасы  мен музасы  оның тұл­ғалық келбетін  пәрменді   уыттылық жылылығымен, парасаттылығымен, берік табандылығымен өрнектелген: «Мамығы сөздің бұрқырап», «Жүре­гінен аспанның от ұрлаған», «Тас сана», «Темір жүрек», «Жер деген  жемсауы кең жебір бесік», «Аспанның үңірейткен ұңғысын көр», «...Бойымды буып болған тақсыр-сезім», «Тұлғам – тас, жүрегім – мұз, Миым – темір, Тот  басып, терлеп барам қапелімде», «Періште болсаң – жарық пен нұрдан жеріме. Сенем мен, сенем, қайтадан қызыр қонады қадірі қашқан қасиетті қазақ жеріне!»
Пісіміллә, періңді шақыр маған,
Мені көрсе көк аспан шатырлаған,                                  
«Пісіміллә» демеске шарам қайсы,
Жүрегінен аспанның от ұрлағам!
Ақын өлімнен қорықпайды, бәріне де достық көңілмен қарайды, өжеттігін  танытады, көпке топырақ шашпайды...
Ақын бейнесі жинақтан жинаққа өткен сайын жиырма бірінші ғасырдың уақыты мен кеңістігі аралығында күл­лі адамзатқа тән өмір сұлулығы мен жарасымдылық болмысы туын  биікке көтере түсуімен ерен даралыққа қол жеткізді. Ақын – суреткер: тау мен тас­ты, аспан мен бұлтты, жыл­қы малы мен өз сезімін, жыл мезгілдерінің есте қаларлық суретін шынайы суретші болып, әлем картинасы  бейнесін сом­даған. Ұлықбектің ұлықбектігі де нағыз шалқар шабытынан  белең ала, құлшынуы мен құштарлығы  «Ынтық зарда» биік сезімдік тұжырымы  мақсатты биіктігі, асыл мұраттылығы өзіндегі сөз өнерін сүюі арқылы да өнерді тек қана сүюімен ғана емес, өнерді сүюінен туындаған. Сондықтан да, ол «Тумайды-ау мендей ақын, Туса-дағы, Бәрібір мендей ғашық бола алмайды!...» өзгешелігін азды-көпті  жеткізуге ұмтылдық. Бұл әсіресе  махаббат пен сүйіспеншілік жайлы ерен көзге түседі де, ақын  музасына жаңа сөз тіркестері мен фразеологиялық түйдектер, бір­ліктері шабытты жырға жарасып  тұрғандай  әсерде боласыз. Оларға  тән: мәжнүн тал, егізек, киіз мінез, идиллия, табиғат жейдесі, Гольфстрим ағысы, психологиялық портрет, Зевстің тойы, түнгі теңеулер, эллада, Ахиллестің өкшесі, реквием-қосалқа, тозған пейіш, Кентавр Хирон, Голиафтың ауылы, аукциондағы қала, иероглифтер аққу-муза, Әбілхаят суы, тоғызыншы вал, «Аямейіз – алтын күн алағаншыққа айналды», «Әрбір адам – бір құлып», «Өмір – бір күй: өзегі – өрт, сазы – мұң»... тағы басқа көптеген /бұған дейін де келтірілген мысалдарды қоссақ/ лирикалық ой толғамдары өрісі ақын музасының өміршеңдігінен хабар береді. Ұлықбек ішкі монолог арқылы да суреткерлік шеберлігін минорлық үлгімен де жеткізе алады: «Әке», «Анама.Бірінші және Екінші жыр»т.б.с. Іштей толғану мен күңірену...ойлау өрісінің шексіздігі ретінде де  ақын жыры ерекшелігіне  саналары  сөзсіз.   
Ақын бейнесі оның мистикалық жырларында  екінші бір қырынан  суреттелініп, өзінен кейінгі жағдаяттар хақында түнімен дөңбекшіп  көрген түстеріндей, көз жасындай бұлақтардың «Көкке ұшайын  мөлдіреп...» періштемен де тілдеседі, арман-қиялына ерік береді, өз тағдырына   баға бергендей, арманы – алға жетелеп, еліне деген шынайы сүйіспеншілік  сезімі  ментальды  сенімін  биікке көтере  самғатады да! Лайым солай болғай! Ақын музасы  оқырманына  шабытты жігер отын ұялата  алады, сенімділікке  жани түседі. Ақын шығармашылығының мазмұнын  тұтастай толық қамту – келешектің  енші­сінде, ал, бұл  суреткер музасын тануға  жа­салған ілкі қадам ғана. Ақынның дәстүр жалғастығының  шебері ретіндегі шығар биігі әлі алда!
Бәзілжан Асылжанұлы,        
филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент

 

535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз