• Тарих толқынында
  • 15 Тамыз, 2014

Асыл текті Әйтеке Байбекұлы

Уахит  Шәлекенов, 
ҚР ҰҒА Құрметті академигі  

«Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішкен, Ер басына күн туса, етігімен су кешкен» қазақ халқының басына ХVІІІ ғасырда қиыншылық туған заманда қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билер өз заманының білімді, ғұлама қоғам қайраткерлері тарихтан мәңгі орын алған тұлғалар. Бұндай тұлғалар адамзат тарихынан баға жетпес орын алуымен әйгілі. Олардың жасампаз ұлы еңбектерін дәріптей отырып, кейінгі ұрпақтарды тәрбиелеуге пайдаланады. Тарихи тұлғалардың дүниеден өткеніне, халық арасынан кеткеніне қаншама ғасырлар өтсе де, олардың өз халықтарына сі­ңір­­ген еңбектері ешқашан маңызын жоймайды. Адамзат тарихында сондай елеулі орын қалдырған тарихи тұлғалар: Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би. Үшеуіде өз заманының кемеңгер, өмір­лерін халқымыздың бақытты өмір сү­руіне жұмсаған текті халқымыздың перзенттері.


Түрік этносы, соның бірі қазақ халқы ежелден азаматтарды шыққан тегіне қарап бағалаған. Солай болса, тек-түп нәсіл, арғы атаны білдіретін тарихи ұғым. Аттары құрметпен аталып отырған  үш билеріміз текті бабаларымыздың ұрпақтары. Солардың арасынан Әйтеке Байбекұлының тегіне тиісті кейбір мәліметтер келтірейік. Әйтеке би алты аталы Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Бұл рудың негізгі мекендеген аймақтары Сырдарияның төмені, Қарақұм, Қызылқұмның шығыс-оңтүстігі Нұрата өңірлерін жайлаған. Бидің кіндік-қаны осы күнгі Өзбекстанның Нұрата жерінде тамған және осы аймақта өсіп ержеткен. Енді, Әйтеке Байбекұлының генологиясына тоқталсақ, оның ата-бабалары текті ұрпақтар болғаны байқалады. Орталық Азияда ұйымдасқан мемлекеттерді басқаруға Әйтеке бидің арғы баба­лары қатысқан. ХІV ғасырдың 70 жыл­дарынан ХV ғасырдың басына дейін Орталық Азия мен  Иранның шығыс бөлігін қамтыған аймақта феодалдық мемлекет құрған Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажы болған. Сол ғұламаның бесінші ұрпағы Әйтеке би (1. Б. 160-161). Кейбір жарық көрген деректерде, Әйтеке бидің туысқан атасы Ақша Қоқан мемлекетінің ханы болған. Оның немересі Әйтеке би екені туралы жазылған мәлімет бар (сонда). Әйтеке бидің шыққан тегі осал болмай, жас өспірім сол өнегелі аталардың тәрбиесіне икемделіп өскен. Сондықтан, Әйтеке жас кезінен өнегелі бабаларымыздың тәрбиесінде болып, оның білімге, ғылымға құмарлығы ерте өскен. Бес жасында ауыл молдаларынан сауат ашқан. Шешендік қасиетінің ерте танылуына әкесі Байбек пен Қосуақ би айрықша ықпал еткен. Жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алып тәрбиелеген. 
Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-16-56) қазақтың даңқы әлемге жайылған батырларының бірі, әрі қолбасшы, қоғам қайраткері. ХVІІІ ғасырда азаттық соғысқа халықты ұйымдастыру, басқару және батырлығын көрсетіп, жауға бірнеше дүркін ойсырата соққы берген (2. Б. 6). Өз дәуірінде Орталық Азияда орын алған бірнеше соғыстарға қатысып, барлық уақытта жеңіске жетіп, Жалаңтөс баһадүрдің даңқы әлемге тараған қолбасшы, саясаткер, мем­лекет қайраткерлері ретінде танылған. Самарқанд шаһарының әмірі болып тұрған кезде, бұл қаланы гүлдендіруде зор еңбек еткен. Белгілі шығыстанушы М.Е. Массонның жазғанына қарағанда: осы шаһарға әмір болған Жалаңтөс ба­һадүрдің ерлігін даңқты әскери қол­басшы екенін бүкіл Түрік әлемі, Үн­дістан, Алдыңғы Азия және Қытай елдері мойындаған. Белгілі ғалымның жазба деректерінде атақты, абыройлы, даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрді Түрік халықтарының ірі тұлғалы ғана емес, оны алыс және жақын елдердің сыйлағанының мәні зор екенін М.Е. Массон бойынша баяндайды: «Жалаңтөс баһадүрге алыс-жақын көрші елдерден сый-сияпаттар жөнелтіліп тұрған. Сырттан келген сый-сияпаттардың мөл­шері мемлекетке түсетін қазына байлығынан асып түскен. Ол осы қа­ражат-байлыққа әскер ұстаумен қатар, Самарқандта зор құрылыс жұ­мыстарын жүргізіп, салтанатты са­райлар, медреселер салдырған» (3). Міне, Жалаңтөс баһадүр Самарқанд ша­һарын бұрынғыдан да көркейтіп, оны әлемге әйгілі түрік халқының тамаша өр­ке­ниетінің орталығына айналдырғанын қазіргі өскелең ұрпақтар мақтаныш ете­ді.
1619-35/36 жылдары Жалаңтөс баһадүр Самарқандтың орталығы Регистанға үлкен жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, оның екі жағына «шердер» (арыстанды медресесін) және «Тилля-қари»  (алтынмен апталғаны медресе) салдырған (4). Жас Әйтеке Бай­бекұлына ауыл мектебін біткеріп, сауатын ашқаннан кейін Самарқандтағы Ұлықбек медресесіне түсіп, оқып жүргенде Жалаң­төс бабасы оны өзінің қасына алып, аттары аталған медреселерде оқытып, оған жан-жақты білім берген. Жалаңтөс баһадүр тұрғызған медреселерде оқу, тәрбие жұмыстары Ұлықбек салған жолмен жүрген: «Ұлықбек өз медресесінде шәкірттердің ғылымның барлық түрінен терең білім аларлық жағдай туғызған болатын» (4. Б. 54). Әйтеке Байбекұлы бабасы Жалаңтөс баһадүрдің қаласындағы медреседе оқып, терең білім алып, өнегелі жасөспірім болып ер жеткен. Оның әкесі Байбекте, еліне елеуді, халқына қалаулы билердің бірі болып, ұлы Әйтекеге жан-жақты білім беріп тәрбиелеген. Әкесінің жақын туыстарынан Қосуақ биде Әйтекенің би-шешен болуына мол үлесін қосқан. Әйтеке Байбекұлы жастайынан алған білімділігімен сол кездегі қоғамдық, мемлекеттік жұмыстарға жігерлі қатысқан: «Жиырма бір жасында бүкіл Бұхара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ құрама жұртының бас биі болады. Ал, жиырма бес жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды» (1. Б. 160).
Келтірілген деректерге қарағанда, Әй­теке өзінің білімділігімен өзінің өскен орталығында көзге түсіп, жиырма жасқа толған кезде ел арасындағы қоғамдық жұмыстарға қатысып, Нұрата төңірегінде белгілі билердің бірі болған. Осындай ел ішіндегі көзге түскен білімді Әйтеке билік жұмыстарын атқарады. Дарынды Әйтеке Байбекұлының даңқы жайып, Кіші жүздің бас биіне дейін  көтеріледі. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға қазақтың көптеген белгілі бидерімен бірқатарда Әйтеке биде белсенділікті көрсеткен. Тәуке хан  билікке отырғаннан кейін, оның қарауылдағы жүзден сайланған Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билер ел билеуге қатысып, олар Тәуке ханның басшылығын дұрыс жолмен айыруға атсалысқан. Солардың бірі, ХVІІ ғасырдың соңында, ХVІІІ ғасырдың басында Тәуке хан тұсында  жасалған қазақтың байырғы әдет-ғұрыптарының заңы «Жеті жарғыны» жазуға, ел арасына кеңнен таратуға Әйтеке биде қатысқан (6). Б. 428). Осы Ұлы заңның мазмұнына зер салсаңыз, Шыңғыс ханның (Шығыстың ханының) жасаған «Ұлы жасақ» заңының мазмұнына жақын келеді (7. Б. 109-117). Соған түрік империясын «құруда Ұлы жасақ» заңынанда пайдаланған сияқты басым көрінуі тарихи заңдылық деп қараған жөн. Өйткені, «Жеті Жарғы» мен  «Ұлы жасақ» заңдарға Орталық Азияны мекендеген түрік-моңғол этностарының, соның ішінде қазақ халқының алға өрлеуіне жол салған тарихи құжаттар. Осындай білімі зор, ой-өрісі кең, «Қара қылды қақ жарған», «Сегіз қырлы, «бір сырлы азамат» Әйтеке Байбекұлы заманының Әйгілі билерінің бірі болып, қазақ халқының ішкі және сыртқы саясатына ерте араласып, барлық сапалы өмірі туған халқының игілігі үшін жұмсаған шынайы патриот тұлға. Осы жерде келтірілген «Қара қылды қақ жарған» – деген қанатты сөздің этимологиясына кейбір жастар түсінбеуі мүмкін. Себебі, қандай да болса да «қара қылды қақ жару мүмкін емес қой. Сондықтан, оның мәні «шешілмейтін, шиеленіскен, болмайтын нәрсенің жо­лын тауып шешкен» – деген мәнде айтылған. Әрі ойшыл, әрі сөзге шешен Әйтеке Байбекұлының халық арасында шешуін таба алмай жүрген мәселелердің шеш­кені туралы ел арасында мол де­ректер сақталған. 
«Әйтекенің есімі елге ең алдымен тіл­мар шешендігімен, тапқыр билігімен мәлім. Бір аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап, Кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жақта отырған бір жігіт: 
Асқар  тау, сенде бір мін бар – асу                 бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар - өткел                 бермейсің.
Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің!» (8. Б. 48), – деген Әйтеке Байбекұлынан Төле би, Қазыбек би төрелік сұрағанда: «– Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен! Бі­рақ құр қайт­пасаңыздар, ағалық назар­ларыңа қалармын. Ердің құны жүз қара қой, Кіші жүз санынан жүзге тол­тырып тайынша-торпақ берсін, соған разы болыңыздар! – депті» (8. Б. 49). Бұл шешімді төрелік сұраған билер мойын­дап­ты.
Енді бір аңызда, Төле би мен Қазыбек би Әйтекеден сұрапты: «Жігіттің жақ­сысы қандай болады?» – деп. Сонда Әйтеке би: «Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген» – дейді (8. Б. 49).
Міне, ел аузында Әйтеке Байбекұлы айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. «Әйтеке би» – деген ұзақ дастан ел арасына кең тараған. Олардың бәрі арнайы зерттеулерді талап етеді. Әйтеке Байбекұлының шыққан тегі және өскен орталығы өз дәуіріне лайық­­­ты зор болған. Ораз қажы, Ақша хан, Жалаңтөс баһадүр, Қосуақ би және әке­сі Байбек билер Әйтекенің даналығын біліп, өздерінің тәрбиесіне алып өсірген. Осындай жағдайда өсіп, тәрбиеленіп ер жеткен. «Атадан бала тумай ма, ата жо­лын қумай ма» – дегендей, Әйтеке ата жолын қуып, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып, өзінің барлық саналы өмірін қазақ халқының қамы үшін жұмсаған ірі тарихи тұлғалардың бірегейі.
Егеменді еліміз дәуірлеп, дамып жат­­қан шақта, бұрынғы жарық көрген тари­хымызға инновациялық жағдайда қарап, халқымыздың сағасын тереңнен алатын тарихын қайтадан жаңғыртып, таяу жыл­дарда шынайы төл тарихымызды жазып шығайық. Сол туындының ішінде әлемге әйгілі болған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің халқына сіңірген еңбектері кең, терең мазмұнда сәулеленулері бүгінгі күннің талабы деп білеміз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Батыс Қазақстан облысы. Энцикло­педия. Алматы, 2002.
2. Шәлекенов У.Х. Алғы сөз // Самар­қанд қаласының әмірі Жалаңтөс баһадүр. Алматы. 2009.
3. Массон М.Е. Регистан мен медресе. Самарқанд. 1929.
4. Самарқанд қаласының әмірі Жалаңтөс баһадүр. Алматы. 2009. 
5. Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабы. Алматы. 2010.
6. Қазақ совет энциклопедиясы. Т. 4. Алматы, 1974.
7. Шәлекенов У.Х. Баласағұни. Шыңғыс хан – моңғол және Түрік этностарын бірік­тіруші. Алматы, 2014.
8. Ел аузынан, Алматы, 1989.

517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз