• Заманхат
  • 11 Қыркүйек, 2014

ӨТКЕННІҢ ӨКІНІШІНЕН ДЕ РУХ ІЗДЕГЕН

Темірхан МЕДЕТБЕК, 
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бүгілген тізесін жазып, иілген еңсесін көтерген ел, ең алдымен, қаншама жыл­дар, тіпті, қаншама ғасырлар бойы көз жазып қалған өткеніне ден қойып, сол өткеніне өткел салып, ондағы жасалынған жәдігерлер мен құндылықтарды қатал да қатыгез заманалар көміп тастаған уақыт құмының астынан қазып, аршып алуға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетсе керек. Әрине, жүздеген жылдар бойы зорлық пен зомбылықта өмір сүрген, маң­дайының соры бес елі болған біз сияқ­ты елдің өткенде кеткен есесі де, өзек­ті өртер  өкініші де көп. Тым, аса көп. Алдымен, бүгінгі күннің төбесінде тұрып, шет-шегі жоқ мыңжылдықтардың қиыр алыс түпкірлеріне дейін тарам-тарам боп созылып жатқан тарихыңның жолдарын, тарихыңның тамырларын тауып алуың керек. Әрине, тарих деген алдымен ғылым. Ал, ғылым көбіне-көп нақты фактілермен, қасаң дәлел-дәйектермен ғана сөйлейді. Сондай-ақ, тарих жолдары мен тарих тамырын табу бір бөлек те, оларды тану бір бөлек. Екеуі екі басқа. Сонымен бірге, ол тарих тамыры рухани нәр, рухани құнармен  байытылмаса, онда ол, мүлде қатып-семіп қалмаса да, тым әлсіз, тым сылбыр соғары сөзсіз. Ол тамырды буырқандырып, толтырып соқтыратын тек қана сол рух.


Рух деген құдіретті сөзді де, біз кейде, біржақты түсінеміз. Оны біз көбіне-көп ұдайы жеңіске шақырып, жалауын жел­біретіп, семсерін оңды-солды сермеп тұрған кілең бір атойлаған сөздер деп ұға­тынымыз бар. Ал, шын мәнінде, ел мен жердің қамын ойлап қамығып сөйлейтін қын­жы­лысыңызда да, оның өткенін ой­лап опынып сөйлейтін өкінішіңізде де рух бар. Өйткені, халық неғұрлым қатты қамықса, ертеңінің қамын соғұрлым көбірек ойлайды, өткеніне неғұрлым көбірек өкінсе, соғұрлым өжеттеніп, өршелене ұмтылады, неғұрлым қайғы-қасіретті болса, соғұрлым қайраттанып кетеді. Әрине, ол халық намысты, жігерлі болса. Ал, намысты, жі­герлі халықтың сөзі де, тілі де ақындар ғой. Халықтың қаншалықты намысты, қан­­ша­лықты жігерлі екені, бәрінен бұрын ақын­­дарынан білінеді. Шынын айту ке­рек, әсіресе, тәуелсіздік алар алдында да, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да ежелгі арқар мүйізді, арыстан дауысты «ақы­рып теңдік сұраған» жыраулардың бұла болмысын бойына сіңіріп алған  біздің ақындарымыз бес қаруын түгел беліне тағынған нағыз сардарлық та, сарбаздық та мінез көрсете білді. Қатыгез заманның қа­бат-қабат темір қақпасы қақырап қаусап, те­мір шымылдығы сыпырылып түскен соң-ақ ол ақындар уақыт топырағының астында қалып қойған тарихи тақырып қамалдарын «жаулап алу» үшін лап қойды да, ұлт бойын­да өткен күндердің асқақ рухын оятуға кірісті. Міне, сол қадірлі қатардан қайратты ақын Қасымхан Бегманов та табыла білді. Оның «Ташкентпен қоштасу» атты өлеңін оқысаңыз өзегіңізді өрт боп жалар өкініш пен омыртқаңызды опырып жіберердей опыну құшағында қаласыз.
 Шулы шаһардың самаладай боп
шамдары жанды жарқырап,
Көшелерінде даладай дарқан қазақтың                             көне салты қап.
Алшаңдай басып алашордашыл
осында жүрді-ау асылдар,
Асылдарымды біздерден бөліп түбіне 
                               тартты ғасырлар.
Қалай өкінбейсің?! Қалай опынбайсың?! Қалай күйінбейсің?! Күні кешегі біздің ұлт  көсемдеріміз бен алып арыстарымыздың осынау тас қаланың тас көшелерінде әлі күнге ізі сайрап, тас алаңдары мен тас сарай­ларында үндері сайрап тұрса! Енді, ол іздер бірте-бірте суырып соғып тұрған уақыт құмынан көмескі тартып, ол үндер бірте-бірте қашықтаған сайын қашыртып, алыстан естілер сарынға айналмақ.
Еңсемді езген күн болды,
жарық күнім түн болды,
Қала жаққа қарасам, көзіме жас                 толасың.
Қалай қиып кетермін Төле бидің                 моласын!
Ақын жатбауыр-тасбауыр болып бара жатқан тасқала – Ташкентін қия алмай қиналып тұр. Бұл қоштасу ғана емес, айырылысу. Амалсыз айырылысу. Қайта оралмастай хал кешу! Өйткені, қазіргі Ташкент «Алаштың тілін ұмытқан». Енді, мүлде күдер үзуден басқа амал жоқ. Осымен арғы-бергі тарихымыздың тағы бір ауыр қақпасы сықырлап ашылды да, көкірегімізді қақ айырып, қайта ашылмастай боп сықырлап біржола жабылды...
Рухсыз тарих – құлықсыз тарих. Құ­лықсыз тарих, әлбетте, фактілер жиын­тығы ғана. Оның бойына бүлкіл­деп соққан рухты қан жүгіргенде ғана ол тарих бүгінге, ертеңге, арғы алыс күндерге қызмет етпек. Ол үшін рухтың басты-басты бастау көздерінен мейірің қанғанша сусындап, оның оқшау-оқшау асқақ кезеңдерінен мерейіңді өсірер, мәртебеңді асырар қастер тауып, өршіл мінез бен өжет қайсарлықты бойыңа барынша сіңіре білуің керек.
Міне, ақын енді Махамбет қабірінің ба­сында тұр.
Тарихқа найзаменен атын жазған, жан                     бабам,
Мәңгілікке асау жыр мен хатын              жазған,    жан бабам.
От шашырап, жалын атқан сөзіңе,
Бостандықтың жолында бассыз                                 қалған    өзіңе,
Бас июді парызым ғой деп білдім...
Өткеннің рухты тұстары мен рухты тұлғаларының алдында бас ие алмаған адам, ертеңгі күннің алдында кеудесін керіп, басын шалқақ ұстап жүре алмайды. Өткеннің қаны мен жанын бойына сіңіре алмаған адам бостекі бос елес, солбырайған сұлба! Тіпті, өткеніңді тани алмасаң, ертеңіңді таба да алмайсың. Бірінсіз бірі жоқ. Қасымхан осы бір аксиоманы бар болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне біліпті. Адам жанының рухтануы, қайта-қайта айтып отырғанымыздай, елі мен жері үшін жан берісіп, жан алысқан өткен әруақтарға шын ниет, шын пейілмен құлай жығылып мінәжат етуден басталады. Өткенімізді танып-білмей жатып «ертең! ертең!» деген  сөзді  өңешің жыртылып, өндіршегің үзіліп кеткенше қанша айқайлап қайталап айтсаң да рухтана алмайсың. Өйткені, «ертең» тұлғасы тұлдыр абстракция! Бос қиял! Оның келбетін тек қана өткеніңді танып, өткеніңмен табысып қана көз алдыңа нақты елестетуің мүмкін! Басқаша болуы мүмкін емес!
О, Түркістан, шапағат бер, сабыр бер,
Сары даладан бақыт іздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусіз
Мені мұңға батырады қабірлер.
Қабірлерім, өткен ғасыр, өткен күн,
Тарихы ол кеше өмірден өткеннің,
Мен қайғысын болмысыммен сезінем,
Иесінің сандықтағы шекпеннің.
Бәйіт арна, құрбандық шал, дұға қыл,
Дұға қыл да, жүрегіңмен жыла бір.
Қабірлерге қамқор ана секілді,
Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.
Осы жолдардан-ақ сен қыр үстінде жатқан қабірлер арқылы ақын бойына тылсым бір қайратты күш пен айбатты сестің сіңіп кеткенін бірден сезіп, бірден аңғарасың. Өйткені,  ол күш  пен сес сенің де бойыңдағы қалғып бара жатқан  қайрат пен жігерді дүр сілкіндіріп, қаның мен жаныңды дүбір мен дүрбелеңге толтырып бара жатады. Ойыңда от тұтанып, санаңда шақпақ шағылып жатқандай хал кешесің! Рух сабақтастығы, рух табиғаты деген осы! Өйткені рух жанды құбылыс. Рух, әдеттегі жай күндері ұлт бойында жайбарақат дамылдап жататын, көзге көрінбейтін тылсым сілкініс, найзағай, көк сүңгі. Егер, біз еліміздің әйтеуір бір түкпірінде бір қазақ әлдебіреулерден жапа шегіпті, әлдекімдерден жәбір көріпті деген сөзді есітсек-ақ, әлгі біздің бойымызда дамылдап, жайбарақат жатқан сілкініс қо­па­рыла жарылып, найзағай біткен қып-қы­зыл боп шатырлап, көк сүңгілеріміздің алмас ұшы көкке шаншылып шыға келері сөзсіз. Сондықтан, қай ұлтты да рухтай ешнәрсе біріктіре алмайды. Рухынан айы­рылған ел, ырқынан да, тұғыр-тұрқынан да айырылады. Біздің барлық жерде де «рух, рух» деп жағымыз талғанша қақсап, деміміз өшкенше өзеурейтініміз содан ғой. Бірақ, амал не, ол сөзімізді құлағының дәл түбіне зеңбірек қойып атсаң да селт етіп естімейтін тас керең заманға тап болып отырмыз. Содан да, рухымыз жасып, жігеріміз  құм болып қала ма деп қорқасың. Өйткені рухы жасып қалған елдің құты қашып, жігері құм болған  елдің тілегі түтілген жүн болады. Ондай елдің еңсесі ешуақытта көтерілмек емес. Сондықтан да, Қасымхан ақын жүрген жолдары мен барған тұстарының бәрінен, алдымен, рухты тұлғалар мен рухты нышандар іздейді. Іздейді де табады. Табады да көкірегі қарс айырылып аһ ұрады, өңешін өрт жалап өкінеді, кеудесі көріктей керіліп күрсінеді. Оның «Ыстықкөл жаққа жол түскен кейбір шақтарда, Хан Кенені ойлап көзіме ыстық жас келді» дейтіні сондықтан. Содан да, ол «Ағыл да тегіл жастығым су боп ояндым, Жаныңа сенің Наурызбай бо­лып жеткім кеп» деп күйзеледі. Содан да, ол «Айналып көкті жүргендей кекті жебе бір» деп кесекті ойға батады. Содан да ол:
Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым,
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды саңлағым.
Семей де болып сенделдім,
Ертіс те болып емделдім.
Қасіретіңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдім.
Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын, – деп бір­де шамырқанып шарт сынып, бірде далада қалғандай сандалып сансырап, бірде қабыр­ғалары күтір-күтір етіп біртіндеп сөгі­ліп, енді бірде борандай бұрқырап түтеп, әй­теуір сан-сапалақ халге түсіп, сан-сапат күй кешеді. Өткенмен сырласу кім-кімге де оңай болмаса керек. Өйткені, өткеннің өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысы аса ауыр. Қасымхан ақын өткеннің сол өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысын тұла бойынан өткізе біліпті.
Менің бір жіті байқағаным, Қасымхан Бегманов көбіне-көп өткенмен өмір сүре­ді екен. Бейне бір оның бүкіл тіршілік маз­мұны мен мәні өткенде қалғандай. Өйт­кені, ол қайғысын да, уайымын да, тіпті, қуанышын да өткеннен іздейді. Бұл сөздерді мен тектен-тек айтып отырғам жоқ. Ол бұл мінезін елі мен жерінің тағдырлы тарихын тану тұстарда ғана емес, аласұрған жастық шақтағы махаббатын жырлағанда да анық танытады. Жастық шағын есіне алса-ақ болды, оның жыр-шанағынан әбден сартап болған сағыныштың сары уайымы сарнап, перне-пернелерінің астынан емешегі езіле үздіккен саздар мен әуендер безілдеп, қыл ішегінен шері тарқатылмай ішқұса болған әуендер мен  сарындар уілдеп қоя береді.
Жиырма жыл көрмегенмiн,                     көрмегенмiн,
Қалайша тiрi қалғам, өлмегенмiн.
Көзiңе   ерiнiңе,  әуезiңе,
Өлердей болып жаным, шөлдегенмiн,
Алдыңда тұрмын мiне, өлмегенмiн, – деп сол бір қызсыз осыншалықты өмір сүргеніне, өзге емес, өзіне өзі таңқалып қараған ақын, «Сені жырлап өту үшін жалғаннан, аяулым-ау, мұңын алғам Мағжанның...» деп өзінің мұңының да ет пен терінің арасындағы қызба жел емес, оның тамыры әріде, әруақты текте жатқанынан хабар береді. Махаббат мұңы Мағжан мұңымен мұңдас ақынның көкірегі қарс айырылып сөйлемеске әдді жоқ. Ондай ақын, ең алдымен, махаббатқа адал. Ондай ақын ғана «Махаббат жоқ» – деген сөзді  естісем, көз алдыма сен келесің, аяулым» дей алады. «Сенсіз өткен жиырма жылым өтірік, сенсіз менің өткен емес бір күнім» деген сөздер де сондай ақынның ғана аузынан шыға алса керек. Сондай ақын ғана «Ең соңғы сөз айта алатын хал болса, жаным, Сенің есіміңді атармын» деп өліп-өшеді.
Сонау көктем, аңсатты ғой, аңсатты,
Жүректен жыр, көңілден күй қанша                     ақты.
Сенсіз өткен жылдар мені мұңайтып,
Сенсіз өткен айлар мені шаршатты.
Тұнжырайды аспан жалын жыймаған,
Жүрек бердің махаббатын қимаған.
Елеусіздеу осы ауылдың қызы ғой
Маған мәңгі жалғыздықты сыйлаған.
Мәңгі-бақи жалғыздықты сыйлаған ма­хаб­батқа да соншалықты еміреніп, сонша­лықты тебіреніп сөйлеуге де болады екен-ау! Есі кеткен, ынтығы құрыған неткен көзсіз махаббат бұл?! Олай демей, енді бұған не дерсің?!.. «Жалғыздықты сыйлаған» қатал махаббаттан да ләззат тауып тұрса!
Қасымхан өзінің соңғы кітабының атын «Ол көктем оралмайды» деп атағанда да, сол қайтып оралмайтын, мәңгілік жалғыздыққа тастап кеткен өктем махаббатты тұспалдап, ишаралап қойса керек. Оның бұрқылдап қайнап, тасып-төгіліп жататын асау сезім­дерге толы ғашықтық жырлары тұ­нып тұр­ған драма. Үзіліп кетердей боп үздігіп сөйлеп тұрған ол, кенет көп ұзамай амалы жоқ шарасыздыққа ұрынып күйзеле күдер үзеді. Бірақ, ол күдер үзгенде ат құй­рығын кесісіп, мойнын бұрмастай сырт айнал­майды, енді жан арпалысына түседі. Өзімен өзі күреседі. Өз отына өзі өртенеді. Бірақ, жанып кетпейді. Бір махаббат драмасынан құтылар құтылмастан тағы бір махаббат драмасының ішіне  кіреді. Яғни, тағы да ғашық болады. Құдай-ау, бірде бір беті қайтпайтын, бұл неткен өжет, бұл неткен қажымас қайратты махаббат! Басына қан­ша­ма соққы тиіп, қаншама таяқ жесе де қайтпайды-ау, қайтпайды!
Күйеуден бозым үстем ет
Жігітке сын ба, қалған сын,
Ерніңнен үнсіз тістелеп
Үстіңнен төніп сүйгенде
Жағымнан тартып қалғансың.
Ал сонда кімді қаусаттың,
Қаусырды қазір жыр мені.
Жағыма тиген саусақтың
Жүзіме емес, жаным-ау,
Жүректе қалды іздері.
Бірақ, ақын шапалақ жесе де, не қызды, не өзін айыптап, кінәлап жатпайды. Өйткені, «Жыласа былай шыға өзі жылар, Ақындар сүйген қызын жылатпайды». Бұл оның өмірлік кредосы. Сондықтан, болса керек оның махаббаты қаншама сәтсіздіктер мен өкініштерге толы бола тұра сүртілген шыныдай тап-таза, таңғы шықтай мөп-мөлдір. Жастық шағында өткен, тіпті, олар сәтсіздіктер мен өкініштерге толы бола тұра, тамсанған  сайын тамсандыра беретін, жан ләззаты мен жүрек құштарлығына шүпілдеп тұрған махаббат пен ғашықтық сәттерді еміне, егіле, кейде сөгіле жырлаған Қасымхан Бегманов заман мен уақыт алдындағы міндеті мен борышын, парызы мен қарызын бір сәт те есінен шығарған емес.
Тура жолда сүріндім де,
құладым,
Көкке қарап, бойға қуат сұрадым.
Көңілімнің ағыта  алмай бұлағын,
Ақ қағазда...
өксіп-өксіп жыладым.
Кеше ғана атушы едік  сақаны,
Қайда дейтін...
Қырығың да тақады.
Ақ кемпірдің жүзіндегі әжім мен
Ақсақалдың ойландырды сақалы.
Ақын толысты. Ақын кемеліне келді. Уақыттың  қабағына, заманның ажарына зер салды. Алыс-жұлысы да, тартыс-таласы да көп мына өмірдің алағай да бұлағай кезендерін де, ыстық-суығын да, ащысы мен тұщысын да көрді. Өрге ұмтылсаң етегіңнен тартып, еніске түссең одан сайын еңсеңді езіп жіберуге даяр не деген қатыгез қатал заман бұл?! Адам біткен бір-бірінің абыройын айрандай төккеніне, бір-бірін жерден ап, жерге сап аяусыз жәбірлеп жатқанына мәз. Бір-бірін қабірге тықпай, бір-бірінің қадіріне жетер емес.
Таң атады,
күн батады,
Қара жерде айналар.
Қатал тағдыр тіл қатады,
Көкіректі қайғы алар.
Бақыт сенің қолдарыңда,
Күндер келер арайлы.
Жүріп өткен жолдарыңда,
Өсек қардай борайды.
Қанаттылар барады ұшып,
Уақыт шіркін зырлайды.
Қара түнде қара мысық,
Көкіректі тырнайды.
Іштен тынды-ау талай дана,
Қос ішектей септесер.
Жер басарсың қалай ғана,
Қадіріңе жетпесе ел.
Бұл өлеңнен бұрынырақ жазылған басқа бір өлеңінде айтқандай «алты қапты жарып шығар кездікпін» десе де, өмірдің өсегі мен жаласына, әділетсіздігі мен аярлығына адам жаны шыдас берер ме?! Ең сұмдығы, ақ тер көк тер боп адал еңбек етіп, оған барыңды да, базарыңды да қиып бергенде, артыңнан айтақтап ит қосып, алдыңнан қақпан құрып, үстіңнен қиқулатып құс ұшырып жататыны қалай?! Мұндайға жан да, тән де төзер ме?! Олай болса, ақын байғұс жоғарыдағыдай қамыға, жабыға өлең жазбай қайтеді?!
Бүкіл ғұмыры алыс пен жұлыстан, тартыс пен таластан, шаппа-шұп ай­қас­тан тұратын бұл пенде ғұмыры тек қана пәнилік өмірден бақилыққа кеткенде ғана байыз табатын болса керек. Өз өмі­рінде көп нәрсені көріп, көргенін кө­кейіне әбден түйіп алған Қасымхан да мұны бір кісідей біледі. Біледі де, туған жердің төсінде төмпешік-төмпешік боп баракат тауып жатқан әруақтардан ғана рухани демеу тапқандай болады. Өйткені, мақаламыздың басында қайта-қайта тәп­тіштеп айтқанымыздай, өткенсіз бүгін де, ертең де жоқ. Болмақ та емес. Олай болса, біз де мақаламызды Қасымханның бәйіттей естілетін бейіттер туралы өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік.                
 Бейіттерге қонды тағы кептерлер,
Кептерлерім, алысқа ұшып кетпеңдер.
Төмпешіктер деп қарама жай ғана,
Бұның бәрі кеше өмірден өткендер,
Айналайын кептерлер.
Мәңгілікке осында орын тепкендер,
Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер.
Кептерлерге мұң шаққандай көрінді,
Алуан адам талай келіп кеткен жер.
Бейіттерді аяқ асты етпеңдер,
Моншақ көзді үрікпейді кептерлер,
Дәм-тұз бітсе бізде барар орын ғой,
Бал өмірді қимай-қимай өткендер.
Сан айналар шыр көбелек көк пен жер,
Біздер әлі кездесеміз, кетпеңдер.
Бұл бейітте жатыр жақсы адамдар,
Қоштасайық, қош болыңдар,                                кептерлер.
Қоштастым мен жанарымнан жас                     парлап,
Дүние-дәурен, басымыздан қашқан бақ.
Бейіт қорып жүрген нәзік құстарым
Бірте-бірте бара жатты аспандап.
Бұл жолдардағы кептерлер пәни мен бақилықты жалғастырып жүрген рухтар ғой. Рух өлмесін!

 

 

340 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз