• Заманхат
  • 03 Қазан, 2014

ФИЗИКАЛЫҚ ҰҒЫМДАР МЕН ТЕРМИНДЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Кез келген ғылым белгілі бір ұғымдар жиын­­тығынан, заңдылықтардан тұратындығы бел­гілі. Физика ғылымы да сондай. Оның негізін құрайтын жалпы теориялық ұғымдар мен құбылыстарды үш топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: 1) физика ғылымының қаңқасын құрайтын энергия, масса, өріс, күш деген тәрізді іргелі ұғымдар; 2) физиканың әр саласына, атап айтқанда, «кинематика», «динамика», «жұмыс және энергия», «инерция» - тарауларына тән ұғымдар мен 3) «механика» және «оптикаға» қатысты негізгі ұғымдар.


Физика ғылымында барлық шамалар векторлық және скалярлық шама болып екіге бөлінеді. Векторлық шамаларға: күш, жылдамдық, орын ауыстыру, үдеу, салмақ, қозғалыс жатса, скалярлық шамаларға: жұмыс, энергия, масса, қуат, уақыт, температуралар жатады.
Қазіргі физиканың ең басты ұғымдарының бірі – термоядролық реакциялар. Термоядролық реакция дегеніміз –жеңіл атом ядроларының өте жоғары температурада қосылуы нәтижесінде өтетін ядролық реакциялар  [1:21]. Ал ядролық реакциялардың өзіне келетін болсақ, ол – атом ядросының бір-бірімен әсерлесуі арқылы болатын түрленіс. Ядролық реакциялардың нейтрон, протон, электрон деп аталатын типтері анықталған. Бұлар болашақ энергияның сарқылмас көздері болмақ.  
Физика ғылымы үшін энергия, дене, атом, молекула деген ұғымдардың маңызы зор.
Энергия – түрлі қозғалыстарға тән ортақ өлшем. Қозғалыс формаларының әртүрлі болуына сәйкес энергия механикалық, жылулық,  химиялық, электромагниттік, ядролық энергия деп бөлінеді.
Олай болса, физикалық ұғым дегеніміз – заттардың, денелердің, құбылыстардың ең маңызды қасиеттері мен белгілері екен. Көлеміне қарай ғылыми ұғымдар жалпы және жеке ұғым болып екіге бөлінеді. Жалпы ұғымдарға біртекті құбылыстардың жиыны жатса, жеке ұғымдарға жекелеген заттар мен құбылыстар жайындағы ұғымдар жатады. Мысалы, газ ұғымын алып көрелік.
Газдың реал газ, идеал газ және сиретілген газ деген  түрлері болады. Бұл түрлері жеке ұғымдар. Айталық, реал газ деп  - белгілі бір диаметрі бар сфера түрінде болып, бір-бірімен әсерлесетін  молекулалардан ғана тұратын газды айтамыз. Олар бір-бірінен     қашықтағанда тартылады,    ал   бір-біріне жақындағанда кері тебеді. Идеал газ дегеніміз – өзара әсерлеспейтін абсолют серпімді бөлшектер жиыны [2,33]. Сиретілген газ болса, ол – атмосфералық қысымнан төмен қысымдағы газ [1:99].
Өткен ғасырдың соңына дейін ғылымда: «дүниенің ең қарапайым кірпіші – атом. Ол әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бөлшек», – деп саналып келген. Радиоактивтілік құбылысының (радиоактивтілік атомдардың күйреуінен туады)  ашылуына байланысты ғалымдар «атомның құрылысы күрделі болуы мүмкін оның бөлініп кетуі ғажап емес» деген болжам айтқан болатын. Кейінгі зерттеулер бұл болжамды расқа шығарып, атом атом ядросы мен оның электрондық қабықшасынан  тұратындығын ашты.  Нақтырақ айтсақ, атомның  протон, нейтрон  және электрон тәріз­ді элементар бөлшектерден құралатындығы дәлелденді. Бұлардағы «элементар» деген анықтауыштың өзі олардың одан әрі қарай бөлінбейтіндігін білдіреді. Қазіргі ғалымдар элементар бөлшектердің «элементарлығына» (бөлінбейтіндігіне) шек келтіріп жүр. Бірақ ол әлі дәлелдене қойған жоқ  [ҚСЭ, 557-558].
Ғылыми ұғымдардың белгілері мен қасиет­терін жақсы білу үшін, ең бірінші кезекте олар классификацияланады.
Классификация – ғылыми ұғымдар мен құбылыстарды класқа, түрге, бір сөзбен айтқанда топ-топқа бөлу деген сөз. Классификациялау кезінде жалпы ұғым мен жалқы (жеке) ұғымдарда ара жігі ажыратылады. Мысалы: күш – жалпы ұғым, ал құраушы күш, тең әсерлі күш  немесе   қорытқы күш дегенде – жалқы ұғымдар [3:44]. Жалпы ұғымдар – туыстық атауды, ал жалқы ұғымдар – түрлік атауларды құрайды.
Кез келген ғылым саласындағы ғылыми ұғымдар терминдермен беріледі. Ғылым саласын ілгері дамыту, ғылыми ұғымдарды жүйеге түсіру  – оның терминологиясын дамыту деген сөз немесе керісінше, белгілі бір ғылым саласының терминологиясын дамытуды, оның терминдерін жүйеге түсіруді – сол ғылым саласын дамыту деп ұғу керек. 
Осыдан келіп, термин дегеніміз не? – деген сұрақ туындайды. Термин дегеніміз – ғылыми ұғымдарды дәл білдіретін, тек сол ғылым аясында ғана қолданылатын арнайы сөздер мен сөз тіркестері [4:508].
Әрбір ғылыми термин екі түрлі қызмет атқарады. Оның бірі – термин ғылыми ұғымның атын білдіреді, екіншісі – сол ұғымның мағынасын, мағынасын өз бойына жинақтайды. Бұл екі қызметтің арасында ажырамас байланыс бар. Ол байланысты – ғылыми ұғым мен сол ұғымды бейнелейтін термин арасындағы байланыс деп атайды. Әдетте бұл байланыс ешқашан үзілмеу керек. 
Бұл жөнінде Л. Л. Кутина: «В терминологическом системах своеобразно сочетаются и взаимодействуют два типа связей: понятийные и языкоовые. Понятийные отношения в системе терминов – главные и организующие; они вносят много изменений в общеязыковые связи слов-терминов: устраняют один, модифицируют другие, изменяют направление третьих» [5:268], – дейді.
Әдетте біз ғылыми ұғым, термин және оның анықтамасы (дефинициясы) деп саралап жатамыз. Бұл «үштіктің» ғылым үшін маңызы зор. Өйткені ғылыми ұғым болмаса, сол ұғымды белгілейтін термин болмайды. Термин болмаса, оның анықтамасы да болмайды. 
Әрбір ғылыми ұғымның (заттың, дененің, құбылыстың) толып жатқан қасиеттері мен белгілері болатындығы белгілі. Ғылыми ұғымға анықтама берілгенде сол қасиеттер мен белгілері көрсетілуі керек. Тіл білімі ғылымында бұл белгілер мен қасиеттерді бір сөзбен «сема» деп атайды [6:219].
Сесалар (белгілер) әртүрлі болады. Бір семалар – басты, негізгі семалар. Оларды кейде актуальды семалар деп те атайды. Ғылыми терминдерге анықтама берілгенде бұл басты, негізгі семалар міндетті түрде аталуы керек. Ал, екінші бір семалар: олар – басты емес, көмекші семалар. Анықтама бергенде бұларды атап көрсету шарт бола бермейді. 
Мысалға жүгінсек, физика ғылымында фотоэффект немесе фотоэлектрлік эффект деген терминді жиі кездестіреміз. Оған «жарық әсерінен заттан электрондардың бөлініп шығу құбылысы» деген анықтама берілген. Бұл құбылыс қатты, сұйық және газ тәрізді заттардың бәрінде де байқалады [1:132].
Егер талдар болсақ, көрсетілген анықтамада 5-6 сема бар: 1) «құбылыс» – жалпы сема; 2) «бөлініп шығады» – жалпы сема; 3) «заттардан (бөлініп шығады) – жалпы сема; 4) «қатты, сұйық және газ тәрізді (заттардан бөлініп шығады)» – негізгі сема емес; қосымша сема; 5) «электрондар (бөлініп шығады)» -– жеке сема; 6) «электронды жарық әсерінен бөлініп шығады» – жеке сема.
Әдетте толық анықтаманы студенттер, магистранттар, ғалымдар үшін береді де, ал қысқа жалпылама анықтаманы мектеп оқушылары үшін пайдаланады. Мысалы, Күш – денелердің механикалық өзара әсерлерінің өлшеуіші болатын физикалық шама [2:105]. Күш өрістің денеге әсерінен  де туады. Күшке кейде: «Күш – масса мен үдеудің көбейтіндісіне тең» [2:25], - деген қарапайым (жалпылама) анықтама беруге болады. Жылдамдық термині де осы сияқты. Жылдамдық – жолды жүруге кеткен уақыт қатынасымен өлшенетін қозғалыс шамасы [2:16]. Бұл анықтаманы қарапайымдандырып: «жылдамдық – жолдың (қашықтықтың) уақытқа көбейтіндісіне тең» деуге болады. [6:25].
Түсіндірме сөздік жасаушылар анықтамаға мынадай талаптар қояды: 1) Ұғым мен құбылыстың ең басты белгілері мен қасиеттері толық қамтылуы керек; 2) Анықтамада ұғымның мағынасы әрі дәл, әрі толық ашылуы тиіс; 3) Анықтамада тиісті ұғымның қандай ұғымдар жүйесіне жататындығы (жалпы сема), сол ұғымдар жүйесінен қандай айырмашылықтары бар екендігі (жеке семалар) көрініп тұруы міндетті; 4) Анықтамада ұғымның жанама (қосымша) белгілері көрсетілмеуі қажет; 5) Анықтамада артық сөз, артық тіркес болмауы керек; 6) Анықтамада мүмкіндігінше жатық, тілге жеңіл, түсінікті болуы керек; 7) Анықтаманың грамматикалық және стильдік жағынан нормаға сай болуы шарт т.б. [7:118].
Егер бұл талаптар орындалса, кез келген ғылыми ұғымға берілген анықтамалардың (дефинициялардың) көпшілікке ұғынықты да түсінікті болары сөзсіз.

С. Сарсенова,
Ш.Есенов атындағы 
КМТИУ-нің доценті, ф.ғ.к.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Аққошқаров Е. Физика терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алма­ты:Қазақстан, 1959. -152 бб.
Аққошқаров Е. Физикалық ұғымдарды қалыптастырудың кейбір тәсілдері. Алматы: Мектеп, 1976. -70 б.
Аққошқаров Е. Физикалық термин мен ұғым арасындағы іліктестік // ҚазССР ҒА-ның Хабарлары. Қоғамдық сериясы, 1973. N 5. 40-45 бб.
Суперанская А.В., Подольская Н.В., Васильева Н.В. Общая терминология: Вопросы теории. М.: Наука, 1989. -243С.
Кутина Л.Л. Формирование терминологии физики в России. М-Л:, Наука, 1966. -286 С.
Атамұратова Қ. Орысша-қазақша физикалық терминдердің сөздігі. Алматы: Мектеп, 1981. -423 б.
Бейішев С. Қазақ тілінің терминология­сының жасаудың негізгі принциптері мен міндет­тері // Терминология сөздігі. Алматы: Қазменбасп., 1949. 1 кітап. -193 б.

5467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз