• Заманхат
  • 03 Қазан, 2014

Гуманист профессор

Өмірде жаны жайсаң, көңілі ақ, мейі­рімі шуақты жандар болады. Олармен жа­қындап, тілдесе кетсең, әңгіме желісі де жеңіл, өмірлік ойлары да жеп-жеңіл тартып, жадыраңқы көңіл сыйлайды. Ондай жандарды адамгершілігі жоғары деп атауға болады. Олар үшін «АДАМ» атты ұлы есім ең жоғары құндылық саналады. Жалпы, гуманист деген кім дегенде, сонау, Қайта өрлеу дәуірін еске алуға тура келеді. Адамзат өмірінде ғылым мен өнер, техника мен мәдениет өрлеген заманды ренессанстық гуманизм деуге келсе, онда біз өмір сүріп отырған тәуелсіз қазақ қоғамын қайта өрлеу кезеңін  бас­тан кешуде деп батыл айтуға болады. Гуманистік қоғамның тірегі, идеялық демеушісі болған зиялылар қатарында профессор Сағымбай Қозыбаевтың есімі ерекше аталады. 70 жасын толтырған ғалым өзі­нің өмірлік-ұстаздық принциптеріне адал, ұстанымдарына берік. 


Профессор Қозыбаев қоршаған ортасына жаңа ілім мен білімді юмормен де, әзілмен де, өмірлік пәлсапамен де шұрайлы тілдің тезіне салып жеткізетін дәріскер. Шәкіртіне әкелік мейірім мен достық ілтипат көрсете алатын жомарт  жан. Еліміздің бүкіл БАҚ нарығына 80 жылдан  астам маман дарялап отырған алтын ұяның дәстүрлерін жадына сақтаған тәлімгер. Сексен жылдың тарихын сана атты таспасына көшіріп, факультет шежіресін мүлт жібермей баяндауға шебер ұстаз әлі де болса жадына берік. Оны гуманист, энциклопедист ғалым деп атауға толық негіз бар.
Алаштың ардақтыларын дүниеге әкел­ген де, алаш зиялылары талай тер төккен Қостанай өңірінде дүниеге кел­ген профессор-ұстаздың өмір тарихы қайталанбас шежіреге ұқсас. Қа­зақ ғалымдарының арасынан суырылып шығып, Мәскеуде ғылыми ең­бек­терінің негізінде баяндама жасап, докторлық диссертациясын қорғаған ол заманынан озық,   жаңашыл ғалым. Қазақ журналистикасының мэтрі атанған Сағымбай Қозыбаев елімізде Қазақстан жур­налистика академиясының негізін қа­лады, бүгінде осы ұйымның Президенті. Оның қаламынан мыңнан астам ғылыми әрі публицистік туындылар жарық көрді. Қос тілді еркін меңгерген ұстаз-ғалым шы­ғармалырының басым бөлігін орыс тілінде жариялады. Оның шығармаларының басты ерекшелігінің өзі – орыс тілінде жазылуында. Тілі жеңіл, сөздік талғамы жоғары, тіркес құрамдары орайлы келетін Сағымбай ағаның әр туындысы шағын классикалық дүниеге тең. Журналист-публицистің қала­мынан туындаған бірнеше циклдарға талдау жасағанды жөн көрдік.
«Лики времени» циклі журналистің өмір сүрген ортасы, аға буын өкілдері, замандас­тары жайлы шағын ғана көсемсөздерден тұрады. Жалпы, журналист естеліктерден тұра­тын эсселер жазуға машықтанған.   Қозыбаевтың журналистік зертханасының ерекшелігі де заманын – шежіре, өмірін – тарих, ертеңін – болашаққа айналдырар ұстаханасында. Д. Қонаев, С. Сейфул­лин, Қ. Сәтпаев, М. Барманқұлов, Ә. Әлім­жанов, Т. Амандосов, Ш. Уәлиханов... бұл ті­зім қазақтың көрнекті қайраткерлері, жур­налистері, ғалымдарымен толыға бермек. 
Журналистік сөз саптауында мін жоқ. Шағын ғана сөйлемдер. Қысқа ғана ой оралымдары. Тауып  айтылған теңеулер, үндескен метафоралар. Оқырманын еліктіре де, еркелете де, ой сала да ала­тын журналистің естелік-эсселері  асыл­дың сынығындай таза, жинақы, құнды. Журналист-публицист туындыларын қа­зақ тіліне аудару күн тәртібінде  кезегі кел­­гендей. Жас журналистер буыны профессордың тағылымға, мәнге толы туындыларын төл тілінде оқып, сөз құ­діретін түсіне, сезіне білетін уақыт та кел­ді.  Оның: «Конаев для многих и сегодня остается, скажем так, мини-богом», «Сейфуллин был красив, как Бог», «Эффективная внешность букеевского хана, гордый лик сибарита, пронзительный взгляд» сияқты сөйлем саптау­ларын қазақ тілінде сөйлету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Журналистің мен сүйіп оқыған «Взгляд», «Там, за горизонтам», «Имя в истории», «Этюды на полях» секілді циклдарының әрбірінде өмір, қоғам, адамгершілік, достық, замана, тарих жайлы эссе-толғауларын атауға болады.  Журналист толғанбай дүние жазбайды. Оның әрбір туындысында өмірдің ағысы, жү­ректің соғысы, замана тынысы сезіліп, сөзбен өріліп жатады.
Журналистің жолсапар эсселері де бір­қатар. Оның қаламынан Ресей («Питер», «Другая Русь»), Украина («Ночи Украины»), Түркия («Азан у Европы»), Германия («Любовь и гармония»), Таиланд (Сиам), Америка («Трость и небо»), Сингапур («На пути к экватору»)  ел мен жер, адам мен қоғам жайлы іссапардан түйіп қайтқан әсерлері мен ойлары тізбектеледі. Жай ғана тізбектелмейді. Оқиға журналистің маңында басталып, өрбіп, аяқталады. Журналист туындыларында параллелизм сарындары басым. Сонау Еуропа не Америка, Түркия не Шығыс Азия жайлары әсерлі баяндау туған елге деген сағынышпен араласып, теңесе кетеді. Елінің ұлы, отанының азаматы атану журналистке басты сын. Міне, осы сыннан мүдірмей өткен журналистің туындыларында сиямен тараған күш бар, қуат бар. 
Профессор, журналист, ұстаз-ғалым С. Қозыбаевтың бізге танылмаған әлемі бар. Бір қарағанда сондай ашық, сондай жұмсақ профессор кейде ұзақ ойға шомады. Журналист ретінде таңдаған кәсібінің мэтрі атанған, ғылым жолында тың да инновациялық қадам жасаған профессор, көсемсөздерін жиып, теріп баласындай қызғыштай қорып, оқырманымен бөлісуге асығатын көсемсөздің шебері Қозыбаев әлемін зерттеу – уақыт ұсынған, замана сыйлаған миссия. Бұл бағытта профессордың шәкірттері алда талай зерттеулер жүргізіп, ғылыми ортада тың дүниелер ұсынары сөзсіз.  

Гүлмира Сұлтанбаева,
саяси ғылымдарының докторы, 
профессор

1162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз