• Заманхат
  • 19 Сәуір, 2012

ӘБУБӘКІР КЕРДЕРІ (1861-1905)

Кете Жүсіп сияқты шыққан руына қарап Кердері атанып кеткен Әбубәкір он тоғызыншы ғасырдағы кітаби ақындардың бірі. Оның түп тегі Кіші жүздегі Жетіру тайпасының Кердері руынан тарайды. Соның ішінде ол Таран деген тұқымның тумасы. Ел арасында «Таран таранып тойға бармаса, той той болмайды» де­ген мәтел бар екен. Соған қарағанда, бұл әулеттен ойын-тойдың әрін кіргізер әнші-күйші, сал-серілер көбірек шыққан тәрізді. Ақынның атасы Айтқұл батыр болған. Әкесі Боранқұл сауыққой әншілігімен қатар он саусағынан өнер тамған бесаспап шебер, зергер ұста болған кісі. Ұдайы қолөнермен шұ­ғылданып ер шауып, етік тігіп, сақина со­ғып, шоқиып отыратын болғандықтан жең­ге­лері әзілдеп «Шоқан» атап кеткен. Оның зайы­бы Жансұлудың әулетінде де шешен сөй­леп, өлең шығаратын өнерпаз, дарынды адам­дар аз болмаған. Ата салты мен ана сүті­нен нәр алған ақындық олардың үш ұлының үлкені Әбубәкірге дарыған. Әбубәкір Шоқанұлы Жайық бойындағы Теректі өңірінде тауық жылы дүниеге келген. Патша өкіметінің жарлығымен Теректі жері келімсек казак-орыс көшендеріне беріліп, жаңа қоныстанушылармен жанжалдасып ешқандай әділдік таппайтынына көзі жеткен Айтқұл ұрпақтары ауа көшіп, Ақтөбе төңірегіндегі кердерілерге келіп паналайды. Болашақ ақын­ның балалық шағы осында өтеді. Оның: Біз Кіші жүз ішінде Кердері деген халықпыз. Су ішінде балықпыз. Аңдушы дұшпан көп болып, Оралдан келіп қалыппыз, – дейтіні де тегін емес. Әбубәкір Кердері – жастайынан білім қуып, Орынбор, Тройцкіде оқып, медресе бі­тірген, әдеби де, діни де сауаты мол ақын. Өз заманының оқыған-тоқығаны мол ұлағатты азаматы ретінде Орал, Ор, Ақтөбе қалалары маңындағы қазақ ауылдарында ұстаздық етіп, бала оқытып, молдалық құрған. Ел арасында бала оқыта жүріп ол замана ағымы, діни тәрбие, өнер-білім, қазақтың өткендегі және қазіргі хал-ахуалы жайында өлең-жырлар, толғаулар жазады. Замандас ақындармен ай­тысқа түсіп, ойы ұшқыр, пікірі ұтқыр жыр дүлдүлі екенін танытады. Жаны жақын, ой-өрісі өрелес адамдарға өлеңмен хат жазады. Ақын өзінің өлең-жырларында бір жағы­нан халықты оқу, білімге шақырса, екін­ші жағынан қазаққа шарапаты тиіп, мектеп ашып, жастарды оқуға тарта бастаған сол тұстағы билікті де мадақтайды. Өнер-ғылымды, от­арба сынды машиналардың шығуын ма­құл­дай отырып та ол өткенді аңсаудан арыла алмайды. Әбубәкірді өлеңмен сапарнама жазған («Орскіге келген сапар») алғашқы қазақ ақыны деуге болады. Шежірені өлеңмен жазу қазақта ежелден бар дәстүр. Әбубәкір де сол дәстүрден айнымай, Қазақ шежіресін өлеңмен өзінше түзген. Оның көпті көрген көкірегі даңғыл қариялардан жазып алған тарихтан сыр шертетін асыл қазыналары да аз емес. Әбубәкір Кердерінің өлеңдері оның көзі тірісінде «Әдеби қазақия» деген атпен Қазандағы Кәрімовтер баспасынан екі мәрте жарық көрді. Естелік-деректерге қарағанда, оның жай айтқан сөзінің өзі ұйқас, ырғаққа түсіп, құйылып отыратын көрінеді. Дос болмас сыртта жүріп мақтамаса, Бір-бірін жамандықтан сақтамаса. Бүгін тату болса да, ертең араз, Достығы бүгінгінің таң-тамаша. *** Бұл күнде шоқ асылдың базары жоқ, Жүйріктен мәстек озды тамағы тоқ. Аузыңмен құс тістеген би болсаң да, Басыңнан бақыт тайса тарқайды топ. *** Қорқатынын сыйлайды бүгінгі адам, Түсінер бұл сөзімді білімді адам. Тілеуіңнің біреуі от, біреуі су, Екі түрлі сөйледің тіліңді адам. «Тілі екеудің діні екеу» деген сөз бар, Аңдамай бұзып алма, дініңді адам. *** Жаманның бірі тұрмас қара пұлға, Жақсының бірі болар елге тұлға. Мысқалы мың теңгелік асыл заттар, Барады арзан тартып жылдан-жылға. *** Жігіттің аты шықпас бақ қонбаса, Кім қонар сай-салаға от болмаса. Басады ерді қайғы топырақтай, Мал, перзент, денсаулығы шат болмаса. Осылар тегіс болса орын табар, Ере бер қасиеті жоқ болмаса. *** Мың қарға залал қылмас бір сұңқарға, Он жабы сатсаң жетпес бір тұлпарға. Жаманға жазатайым ісің түссе, Жарамас ашылғаныңды бір қымтарға. Шыға алмас қырқы батып қыр басына, Қоя бер от басында жүз жыртарға. *** Бас қоссаң бейасылға көңіл таппас, От-суға жабы шіркін тоймай шаппас. Білдірер екінші күн жаман мінез, Бір-ақ күн араласып болсаң оттас. Қасында жалғыз күндей оттас болсаң, Дұшпанға шықпай түгел сырың қалмас. *** Хакімдер жаңа өспірім жастан болды, Басына ұрылардың бостан болды. Қой бағып, торсық емген топыраштар Бұл күнде қол жеткісіз аспан болды. Билікке қатын барып таласады, Себебі би болудың тастан болды. *** Бұрынғы өткен билер қандай еді, Қақ жарған қара қылды заңдай еді. Қызығып дүниеге жол ашпаған, Ақылы жанып тұрған шамдай еді. Демеген біреу алыс, біреу жақын, Өкшесі аумайтұғын тамдай еді. *** Ақылды билер өткен алмайтұғын, Ерлер өткен өз халқын қорғайтұғын. Бұл күнде ондай билер көрінбейді, Ақылын құдай үшін жолдайтұғын. Ақылын жолдамайды Құдай үшін, Біреудін бұрылады шырайы үшін. *** Жақсыны жау болса да дұшпан тұтпа, Жаман болмас ешқашан елге тұтқа. *** Кім қалар өлшеулі өмір толған күні, Кім жолдас көрде жалғыз қалған күні. Дүниеде нар көтермес жиған сөзің, Тұрмайды бір мысқалға өлген кыүні. *** Ағадан кетті ағалық, Ініден кетті інілік, Інісі болды терең жар, Жүре алмай аға сүрініп, Атаның салған ақ жолы, Жалғанбай қалды кідіріп, Заман деген желмая, Қалмасаң, халқым, жақсы еді Желмаядан жығылып. *** Атаны билеп ұл кетті, Қожаны билеп құл кетті. Баласы келсе он беске, Ата-анадан күн кетті. Білмеді бала құрметті, Ағайын, туған, қарындас, Бір-бірінен бұл кетті. *** Қыз ананы биледі, Анаға билік тимеді. Ата қосқан адамды, Өз дегені болмаса, Халалым деп сүймеді. Қыз ұяттан айырылып, Көңілін сайтан сүйреді. *** Қайыры жоқ байлардан, Ел қонбаған шөл артық. Жапанда суы суалып, Бақа сорған көл артық. Жебеп, желеп жүретін, Жұма сайын келетін Иманы бар өлі артық. *** Қазағым, қапыл болмаңыз, Өнерсіз босқа қалмаңыз! Алашқа пайдаң тимесе, Өз басыңды қорғаңыз.

Әзірлеген С.ЕСЖАНОВ

4131 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз