• Заманхат
  • 13 Қаңтар, 2015

Көне түрік мәдениеті туралы

Қазақстанның ортағасырлық тарихында, жалпы оның байырғы тарихында, оның этнотектілігінде көне түріктердің орны төтенше бөлек екендігі зерттеушілерге түсінікті жайт. Осы орайда,   көне түріктер, олардың мәдениетіне арнайы парақтарын дайындаған интернет жүйесіндегі кейбір порталдар мен ресурстар жайында қысқаша тоқталмақшымыз. Әрине, әлемдік интернет жүйесін толыққанды тізбектеу де мүмкін емес. Сол себептен,  отандық және алыс-жақын шетелдердің кейбір порталдары, ресурстары олардың ерекшеліктері  жайында біраз айтуға болады. 


Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан әзірленген  «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тіл порталындағы  (til.gov.kz/wps/portal/ ) «Историко-культурный фонд. База данных историко-культурного фонда казахского языка по письменным и этноархеологическим источникам» парақшасында ерекше мол тарихи деректер берілген. Онда көне түрік жазба ескерткіштері, атап айтқанда,  көне түрік жазуының (Орхон, Енисей, Талас, Тұрпан және басқа) аумақтық ескерткіштері туралы жан-жақты ақпараттар, ғылыми талдаулары, ескерткіштердің фотосуреттері мен сызбалары, этномәдени атаулардың сөздігі, көне түрік жазуын үйрену әдістемесі берілген. Бұл Орталық Азия көлемінде ең ірі әрі  өте жақсы жүйеленіп жасалынған интернет порталы деп айтуға әбден болады. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен 2004-2006 және 2006-2009 жылдары  жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік  бағдарламасы аясында  жүзеге асқан «Мәдени мұра» үш тілді  веб-порталында  (www.madenimura.kz) көне түрік мәдениетіне байланысты  ғылыми зерттеулер жайында  мол ақпараттық мәліметтер жарияланған. 
Қазақстан тарихы үш тілді порталында  (www. e-history.kz) «Ежелгі және дамыған орта ғасырдағы мемлекеттер (VI ғ. басы-XIIIғ )» тақырыбымен көне түрік тарихы мен мәдениетінің мәселелері. Түркі академиясының қазақ, түрік, орыс, ағылшын төрт тілді порталында  (ITA – International Turkic Academy, www.turkacadem.kz, www.facebook.com/ita.com.kz) академия тарапынан түріктану тақырыбы бойынша жарияланған ғылыми басылымдар толықтай берілген. Сонымен қатар,  «Адырна» ұлттық этнографиялық қазақ тілді  порталында (www.adyrna.kz ) «түркітану» деген арнайы бөлім арнаған, онда түріктануға қатысты көптеген мақалалар тұрақты беріліп келеді. «Абай ақпарат»  қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры  қоғамдық қорының «Абай» қазақ тілді порталында (www.abai.kz) көне түркі мәдениетіне байланысты біршама жаңа тақырыптағы тың мақалалар жарияланып келеді. Бұлардан басқа «Казконтент» акционерлік қоғамына қарасты қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі әлеуметтік желісінің (www.el.kz: Түрік қағанаты), Уикипедия — ашық энциклопедиясының порталында «Түрік қағанаты,  Түркі мәдениеті» (www.kk.wikipedia.org/wiki) және басқа  да интернет порталдарында көне түркі мәдениетіне байланысты азды-көпті мақалалар жарияланып жүр.  
Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (1994 ж. құрылған) (www.turksoy.org.tr/)  түрік, орыс, ағылшын үш тілді ресми порталында  қазіргі Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Солтүстік Кипр, Татарстан, Башқұртстан мемлекеттерінің және басқа да түркі халықтарының дастан, жырлары тарихына байланысты көптеген басылымдармен танысуға мол мүмкіндіктер жасалынған, ол басылымдардың нұсқасын көшіріп алып танысуға болады. Қырғызстанның «Орталық Азия тарихи серсері» деп аталатын орыс тілді порталында (www.kyrgyz.ru) (1999 ж. құрылған) түрік халықтарының тарихы, мәдениетіне байланысты кітапхана, жазба ескерткіштері, хронологиялық кесте, шежірелік мәліметтер, сөздіктер қамтылған. Сондай-ақ, алтай, қазақ, қырғыз, қыпшақ, ойрат, саха, хакас, чұлым халықтары жөнінде арнайы парақшаларын әзірлеген. 
Ресейдің Илья Грунтовтың (2002 ж. жаса­лынған) «Monumenta Altaica» жекеменшік порталында (www.altaica.narod.ru)  алтай тілдері, көне және ортағасырлық, қазіргі түрік тілдерінің зерттеулері, көне түрік ескерткіштері, грамматикасы, сөздіктер, қазіргі тілдік мәтіндер, этно­лингвистикалық ақпараттар парақшасы толықтай берілген әрі кейбір басылымдардың көшіріп алу мүмкіндігі мол сайттың бірі. Сонымен қатар,  бұл сайтта Codex Cumanicus , Berlin-BrandenburgischeAkademie der Wissenschaften. Digitales Turfan-Archiv, көне түрік жазба ескерткіштері жайында кеңінен мәліметтер берілген. Ресейдің ҒА Шығыс қолжазбалар институтының (www.orientalstudies.ru) ресми сайтында «Тюркологический сборник» Turcologica жинағының 1970-2014 жылғы басылымдары жайында ақпараттық мәліметтер орналастырылған. Түріктанушы ғалымдардың кейбір ғылыми мақалалары да жарияланған. 
Ресейдің  ҒА Мәскеу қаласындағы Шығыстану институтының ресми сайтында (www.ivran.ru) Орталық Азия, Кавказ және Орал-Еділ зерттеу орталығының парақшасында түрік халықтарының археологиясы, байырғы тарихы, ортағасыр, жаңа заман, деректану, тарихнама, геосаясат, мәдениет, этнос, дін және басқа салалары бойынша жарияланған басылымдар туралы мәліметтер. Германияның   Бранденбург  академиясының кітапханасы (Berlin-Brandenburgischen Akademie der Wissenschaften), Турпан зерттеулері орталығының  (Turfanforschung) (Berlin Turfan-Collection - Staatsbibliothek zu Berlin staatsbibliothek-berlin.de) ресми сайтында Тұрпан өңірінен табылған 80 мыңнан астам көне түрік, ескі ұйғыр, соғды, санкскрит және басқа жазулы  қолжазбалардың ақпараттық ресурстары кеңінен қамтылған. Ресейдің Таулы Алтай аумағының  көне түрік ескертіштерінің ресми орыс, ағылшын тіліндегі сайтында (www.altay.uni-frankfurt.de) 90-нан астам ескерткіштер жайында толық ақпараттар берілген. 
Жазгүл Жұмабай,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
1-курс магистры

269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз