• Заманхат
  • 28 Сәуір, 2012

ҚАРАЛЫ КЕЗЕҢНІҢ ҚҰПИЯСЫ ҚЫРЫҚ ҚАТПАРЛЫ

Бағила КЕНЖАЛИЕВА, магистрант

«Аға буын ұрпақтың тарихы мен олардың тәлкекке толы тағдыры туралы жадымызда сақтау – біздің адамгершілік парызымыз және осынау сұмдықтың қайталануына біздің ешқашан жол бермейтіндігіміздің кепілі. Бұл біз үшін аса маңызды тарихи сабақ және біз оны әрдайым есімізде сақтауға тиіспіз». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті. Он бес одақтас республиканы жетпіс жылдан астам уақыт бойы коммунистік идеологиямен басқарған кеңестік жүйенің тарихын таразылағанда орталықтандырылған биліктің тап күресіндегі бай мен кедейді отырықшылық құрылымдарына күш қолдану арқылы зорлықпен біріктірудің солақай саясаты мен халық жауы ретінде жазықсыз жандарды жазалаудың жария да жасырын жүргізілген террорлық тәсілі ұлтымызға нағыз нәубет әкелгені баршаға белгілі. Себебі әр жылдары бірнеше мәрте жүргізілген ұжымдастыру зобалаңы 4 миллионнан астам адамды жалмаса, сталиндік репрессияның қанды құрығына ілінгендердің саны мұрағат деректерінен мәлім. Нәтижесінде қайран қазақ өзінің елі мен жерінде азшылыққа айналып, өткен ғасырдың елуiншi жылдары барлық тұрғындардың үштен бiрiне де жетпей қалған-ды. – Бiздiң халқымыз басынан көп қиындықты өткердi. Осы жылы мен елiмiзде ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге тапсырма бердiм. 1929-1933 жылдары аштықтан қазақтың 40 пайызы қырылды. Егер бұл нәубет болмағанда қазiр 45-50 миллионды құрайтын ұлт болып отырар ма едiк, – дедi мемлекет басшысы биылғы наурыз айында отандық Nazarbayev University сту­дент­­те­рімен кез­десуі кезінде. Расында да кызылдардың қан қасабы ең­кей­ген кәрі мен өрімдей жастарды жебір жұтша жалмамағанда түркі тілдес бауырларымыздың арасында халық саны жағынан бүгінде оқ бойы алда тұрарымыз анық еді. Себебі ақ патшаның бұйрығымен 1897 жылы жүргізілген демографиялық есептің қорытындысында 1 миллион 690 мыңды құраған өзбек ағайындар қазіргі кезде 27-28 миллионға жуықтаған. Осы санақ барысында 4 миллион 84 мың адамды құраған қандастарымыздың қатары бүгінде бар болғаны 14 миллионнан әрең асты. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша қазақ халқы молынан шоғырланған алыс ауылдар мен шалғай шаруашылықтарды сан түрлі салықпен сүргінге ұшыратқан біліксіз басшылар еңсені езген ауыртпалықтың арты ашаршылыққа соқтыратындығын бағамдаған. Бірақ жетесіз жұмыстардың жоспарлы жүргізілуі жоғарғы жақтың қатаң бақылауында тұрған-ды. Қазақстанда кіші қазан төңкерісін ұйымдастыруға құлшына кіріскен голощекиншілдер кез кел­ген қызметкердің кәсіби қабілетін жаңадан жасақталған мемлекеттің мүддесі жасырылған қылмыстық құйтырқылықтарды асыра орындайтын әділетсіз әрекеттерімен бағалағанын да білдік. Басты мақсат ұлан-ғайыр жерінің асты мен үсті қисапсыз қазынаға толы әрі табиғаты да тамаша өрісті өлкеге келімсектерді көптеп орналастырып, діні мен діліне берік қайсар қазақты орыстардың бодандығымен басыбайлы бұғаулау болатын. Келешектегі кемел қоғам қайраткерлерінің қайырсыз қадамы қарапайым қауымның қарсылығына кезігіп, тығырыққа тірелген тағдырлы тұрғындардың талай толқуын тудырғаны заман заңдылығы. Республиканың әр аумағында булыға бастаған көтерілістерді большевиктің белсенділері қарудың күшімен жанталаса жаншығаны ашық ақиқат. Зорлықтың зардабы зейінді зиялылар мен қарымды қаламгерлерді де айрықша ашындырып, ашаршылық азабын ашық әшкерелеуге мүжбүрлеген. – Қазіргі уақытта, – деді 1923 жылғы наурыз айының 17-23 аралығында Орынбор қаласында өткізілген республикадағы кеңестік құрылыстың өзекті мәселелерін сарапқа салған үшінші партия конференциясындағы жарыссөзде Смағұл Сәдуақасұлы, – қазақ кедейлері біреудің қанауынан емес, жұмыссыздықтан азап шегуде. Сондықтан да, қазақ кедейлеріне ең алдымен осы тұрғыдан қарау қажет. Оларға ат, шөп, носилка беріңіз, сол арқылы оның қожалығын нығайтыңыз, ал бұл шара барды қарадүрсін бөліске салудан жүз есе тиімді болмақ. Түптеп келгенде, кез келген бөліске салу идеясы тек тұтынушылық пиғыл туғызатын өте қауіпті идея. Бүгін сіз кедейге бір сиыр бердіңіз делік, ертең ол әлгі сиырды сатып алады, одан кейінгі күні басқасын сұрауы ықтимал, ал ол сұрағаны жоқ болып шықса ше? Сондықтан да мәселенің басқа да жақтарын ұмытуға болмайды. Осында жартылай көшпелілерді тез арада отырықшы өмірге аудару жөнінде де айтылды. Дұрыс-ақ. Бірақ отырықшылыққа өту оған құмар кісінің қалауы бойынша іске аса салмайды ғой. Бұл арада филантропия (сөзбен жарылқаушылық мағынасында) емес, жалпымемлекеттік шараларды іске асырған жөн. ...Елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылым құтқарады (Қараңыз: «Жас қазақ» республикалық апта­лығы, 28.01.2011 жыл. Авторы - тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев). Кейбір кертартпа коммунистердің қайшы­лықты көзқарастарына парасаттылық пайымын білдіруден қаймықпаған алаш ардақтысының баяндама барысында көп қайталанған «база» деген орыс тіліндегі термин сөзді теріс оқы­ғанда қазақтың «азаб» ұғымын көз алдына келтіретіндігін айрықша атап, қазақ кедейлерінің қиын халін жақсартуға бағытталған нақты шаралар қолға алынбаса ауыр азаптардың шындыққа айналарын айтуы ұлтжандылық ұстанымен үйлескендей. 1922 жылдың қаңтар айында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейітқали Мең­дешев Сталин мен Калининге: Қазақстанда аштық басталды, Еділ бойынан Қазақстанға кө­шірмек болған 23 млн. адамды көшіруді тоқ­татсаңыздар деген хат жазады. Бірақ осы ұсыныс талапты тыңдамаған тоталитарлық жүйенің жетек­шілері республика көлемінде аштық басталса да халықтың қажеттілігіне сақ­талған қордағы 414 млн. пұт астықты мемлекетке салық есебінде жинап алып кеткен. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын». Бұл – қазақтарды басқару үшін орталықтан ар­найы жіберіліп, келемеждеушілерге қужақ атанған бірінші басшының ұрда-жық ұраны еді. Голо­щекиннің солақай саясатын жақтаушылар қабырғасы қайысқан қазақты тәркілеудің тың тәсілі түрінде мүйіз салығын ойлап тауып, шаңырағындағы ұл-қыздарына нәр татқызарлық қауқары қалмай кедейленген халықты боз далаға бостырды. Қолындағы барын сатып немесе айырбастау арқылы соңғы бір үзім нанын тауысқан ағайындар жүгінген аң мен ұшқан құс аулап күн көру үшін сабылғанын есітудің өзі қандай қасірет. Аш адамдар қолына не түссе соны талғамастан тұтынған. Шөптің тамыры мен сүйек ұнтағы және дән араластырылған сабан сынды жиырмаға жуық талғағшу та­ғам түрлері жергілікті басқару билігі тарапынан ұйымдастырылған көмек көрсету комиссияларының құжаттарында хатталған кө­рі­­неді. Бұратылған бұқараның қолына түс­кен ит пен мысыққа қоса сарышұнақ сынды тышқандарды да талғамай жеп, түрлі айықпас дерттен көз жұматындар күрт көбейген. Жұттың жеті ағайындылығын адамды абыройдан айыратын ауыр азаптарды арқалаған ата-бабаларымыздың айтқаны анық. – 1921 жылдың қыркүйек айынан бастап, – деп жазады куәгер қызметкер басшылыққа баяндаған ақпаратында, – губернада ашар­шы­лық кеңінен етек алды. Тұрғындарды тамақ­тандыруға мемлекеттің қолдауы мен көмегі жеткен жоқ. Сондықтан әркім аштан өлмеуі үшін бірін-бірі жей бастаған. Тек төрт уезде 350 адамның сойылып, 437 мүрденің та­мақ­қа пайдаланылғаны анықталды. Губернада тіркеуге алынған халықтың бестен бір бөлігі, яғни 48 мың 802 тұрғынның аштан өлгені нақтыланды. Азық-түліктің жетіс­пеу­ші­лігінен аштыққа ұшырағандар саны барынша ұлғайып, көз жұмғандар саны артуда. Жоғалғандар да жетерлік. Адам жегендердің біразы құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен қамалуда. Әке-шешесіз жетім қалған жас балалар қамқорлық күтеді (Қараңыз: «Ана тілі» республикалық газеті, 29.05.1997 жыл. Авторы – мұрағат қызметкері Зияда Ижанов). Қара жолдың бойында, қыстақтардағы үйлерінде, ой мен қырда, тау-тастың қуысында, қала көшелерінде қазақ аштықтан қырылып, босқан бауырларымыздың шекараның арғы жағындағы елдерге үдере көше бастағанын білсе де голощекиншілдер қораға қамалған мал мен жиналған астықты партия жетекшілері мен аждаһа армияны асырау үшін теміржол тасымалы арқылы ресейліктерге жөнелтуден жаңылған жоқ. Қазақ халқына көрсетілген қатігездікті кешірмеген белгілі бесеу (академик-жазушы Ғабит Мүсірепов, Плеханов атындағы университеттің түлегі Мұташ Дәулетқалиев, Қарқаралы губерниялық комитетінің екінші хатшысы Расул Ғатаулин және Қарағанды жұмысшысының баласы Қ.Қойшыбаев, мұға­лімнің перзенті Е.Алтынбеков) бастарын бәй­геге тігіп, орталық комитетке жолдаған ашық хатында азалы ашаршылықтың әлеуметтік әділетсіздіктерін айыптады. Бірақ адамдарды азаптан арашалап, сауға сұраған асыл аза­мат­тардың батылдығына кектенген көсемдер, авторларды абақтыға айдады. Қазмұхамбет Күлетов қазалылық күрескер. Қарашеңгел қонысындағы кедей шаруаның отбасында 1897 жылы дүниеге келген ол орыс-қазақ мектебін бітірген бойда коммунистер қатарына қа­былданып, уездік партия комитетінде хатшылық қызметке кіріседі. Кейін заңгер ма­ман­дығы бойынша оқуын тамамдаған соң Орал өңірінің прокурорлығына тағайындалады. Іскерлігіне қоса әділдігін де байқаған басшылар майталман маманды республикалық жоғарғы соттың төрағалығына ұсынады. Голощекин келгеннен кейін бұйрықпен Оңтүстік өлкенің атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс­тық партия комитетінің бөлім меңгерушісі лауазымдарын абыроймен атқарған. Алайда ол тұрғындарға зорлық көрсетіп, мал мен мү­лік­ті талан-таражға салудың соңы апатқа соқтыратындығын сезген соң солақай саясатын жүзеге асырудан бас тартқан. Шаруаның төрт түлігін тәркілеу халықты ашаршылыққа апаратындығын мәртебелі мінбелерде ашына айтқан оған жала жауып, ату жазасына кеседі. Қырық жасында қыршынынан қиылған көрнекті қоғам қайраткерінің есімін қазалылықтар ғана емес, сырбойы жұртшылығы ұмытпай ұлық­тауда. Себебі ол халықтың көзімен көрген қайғы-қасіретін жоғарғы жақтағыларға жеткізуде жанын да аямаған алаштың асыл азаматтарының бірегейі болатын. Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағат қорында 1933 жы­лы 15 сәуірде Тәжікстан Рес­пуб­ли­касы Исфара ауданы, Лекан кол­хозының тұрғындары атынан Төлебай Қисықовтың жазған хаты сақталған. – Біз, Қы­зыл­орда ауданы, 2-ші ауыл тұр­ғында­ры, 1932 жылы аштықтан отбасы­мыз­ды, балаларымызды аман алып қалу үшін Тә­жікстанға үдере көш­тік, – дейді ол. – Енді туған жерге жерімізге қай­та оралып, еңбек ет­кіміз келеді, бі­рақ қайтуға қаражатымыз жоқ. Сон­дықтан Тартоғай стансасына дейі­н пойызбен жетуге қаражат бер­сеңіздер. Барлығымыз 30 от­ба­сы, 810 адамбыз. Қырық қатпарлы кеңестік кезеңнің құпия­сынан сыр шертетін ресми құжаттар мен дәйекті дәлелдер молынан жинақталған бұл орталықта. Оқи отырып, төбе шашыңды тік тұрғызатын талай жан түршігерлік оқиғалардың қысқаша мазмұнына қанығасың. Тәркілеуге түскен ау­қатты отбасылардың малы мен мүлкі кедейлерге қалай бөлініп берілгені хатталған. Ұжым­дастыру барысында үлкен қораға қа­малған төрт түлікке жем мен шөп жетпей аштан қы­рылғаны және адамдардың күнкөріс қамымен дала кезіп, өзен жағалағаны жасты жанармен жазылғандай. Тарихтың қойнауындағы қасіретті күндерді ұлттық тұрғыдан қайта зерделеп, азаттығымыз үшін құрбан болған ерлердің рухына тағзым жасау мүмкіндігі берілгені үшін еліміздің тәуелсіздігіне мың тәубе. Президентіміздің пәр­мен 1997 жыл­ мамыр айының 31-і саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күні ретінде тұрақты атала бастаса, 1998 жыл тұтастай халық бірлігі мен ұлттық тарихымызды таразылауға арналған-ды. Этностық және діни тегі бөлек мыңдаған адамдар тоталитарлық жүйенің тепкісіне тү­сіп, жазықсыз жазаланды. Қанды қасаптың қырғынында көз жұмған боздақтардың еңбегі мен ерлігін ұмытпай, жадымызда жаңғырту перзенттік парызымыз. Әділеттіліктің салтанат құруы үшін атқарылған кең көлемдегі жұмыстардың нәтижесінде талайлар ақталып, зерттеу еңбектер жарияланды. Елорда мен облыс және аудан орталықтарында ескерткіш белгілер орнатылып, мұражайлар қа­тары толыға бастады. Олардың артындағы ұрпақтарына құрмет көрсетіліп, мемлекет қам­қорлығына бөленуде.

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз