• Заманхат
  • 04 Қыркүйек, 2015

Қуандық Шамахайұлы: Журналист кез келген дерек пен оқиғада бейтараптылық танытқаны абзал

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге қазақ журналистикасы да әлемдік журналис­тикамен ашық байланысқа шыға бастады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін орнықты тұжырымы да қазақ журналистикасын халыққа қызмет етуге бағыттаған, ресми емес төртінші билік тармағы болуға үндеген анық бағасы еді. Сол қазақ журналистикасының бүгінгі жай-күйін бағамдап, ой бөлісуге осы саланы тереңдеп зерттеп жүрген белгілі ғалым Қуандық Шамахайұлын әңгімеге тартқан едік.

– Бүгінгі заман талабына сай журналистика мамандарын дайындаудың алғы шарттары қандай болуы керек? 
– Журналистика факультеттерінде са­бақ беретін әріптестерім ренжімесін, алдын-ала кешірім сұрай отырып айтарым – біздің елдегі журналистік білім беру үрдісі өркениетті елдер көшінен жүз жылға таяу мерзімге артта қалып жүр. «Айтпаса, сөздің атасы өледі», өкінішке қарай шындық осы! Интернет, компьютерлік технология дамыған сайын «индустрияландырудан кейінгі кезең» деген анықтама ескіріп, нағыз ақпараттық-технологиялық ғасыр туды. Осыған еріп, журналистикада телевизия, радио, мерзімді баспасөз деген дәстүрлі ақпарат құралдарынан артық мүмкіндігі зор нысан бой көрсете бастады. Журналистер үшін өз ісін жаңалықтар мен репортаждардың мәтіндік мазмұнын дайындаумен ғана шектелмей оны өңдеу, тарату секілді түрлі амалдарын игеру де маңызды болып тұр. Батыс журналис­тикасында бұл үрдіс әлдеқашан жолға қойылып, «мультмедиа журналист» деген ұғым қалыптасып қойған.  Біздің жур­налистер әзірше мәтіннен аса алмай жүр.  
Елімізде өтіп жататын түрлі халықаралық іс шаралар кезінде Associated Press, Reuters, L’Agence France секілді әлемдік ақпарат алпауыттарының өкілі журналистердің іс қызметтерінен жаңаша үрдіс аңғарылып тұрады. Олардың басты құралдары біз­дегідей қалам, дәптер немесе диктафон, ноутбук ғана емес. Оған қоса «сирақты» камера, микрофон, фотокамера дегендей «бес қаруы сай».  Өтіп жатқан оқиғадан сол сәтте бейнесюжет, синхрондарды  қажет болса, стэнд-апты да түсіріп алып, дереу монтаждап редакцияларына жөнелтіп жатады. Содан кейін мәтінін дайындап, қосымша фотолармен бірге жібереді. Осы қызметтердің бәрін атқаратындар «мультмедиа журналиске» айналып шыға келеді. Интернет арқылы тарайтын ақпараттар, стенд-ақпараттық вэб-сайт жайында жұртшылық хабардар. Өйткені, бұл сала қазіргі таңда бәріміздің күнделікті қажеттілігімізге айналып үлгерді. Сондықтан да, әлеуметтік қарым-қатынас желілерін пайдалы әрі тиімді қолдану мәселесі көтеріліп отыр. Блог, микроблог, уики-парақшалар – жеке адамдар арасындағы байланыстың міндетін атқарумен қатар бұқаралық ақпарат, пайдалы мәліметтерді қабылдаудың да бірден бір арнасына айналды. Алайда, оны журналис­тика кәсіби қызметінің аясында қолдану мәселесі де, ол туралы ұғым да жүйелі түрде қалыптасып үлгерген жоқ. Дегенмен, оны ресми парақшаға көшіріп, сенімді ақпарат көзіне айналдыруға, жаңалықтар таратуға, іскерлік ой-пікір нысаны етуге тырысушылық журналистер арасында баршылық. Сонымен қатар PR, жарнама құралы ретінде пайдаланатындар да бар. Бірақ, ондай әсіре белсенділік көбінесе жұртты иландырудан бұрын жалықтырып жіберіп жатады. Оны байқап үлгерген халықаралық ірі агенттіктер «Social Media Editor» атты жаңа штат ашып жұмыс істей бастаған. Қазіргі таңда аталмыш салаға тілшілерін машықтандыруды, қайта даярлауды әлдеқашан қолға алған.
Сөз басында атап өткеніміздей, журналистің бейне түсірілім жасап, оны монтаждай білуі жеделдікті арттыра түсетін бірден бір фактор. Дегенмен, бұл жерде бейнесюжетті мейлінше сапалы түсірудің, техникалық талаптарды жоғары деңгейде қамтамасыз етудің және монтаждау ісінде шеберлік танытудың маңызы айтарлықтай. Батыс баспасөзінің тәжірибесінен белгілі болып отырғаны, бүгінде операторлықты,  дизайнерлікті журналистер өздері атқара беретін болды. Газет-журналдардың өң-келбетін лайықты түрде безендіріп, оқырмандар назарын бірден аударып, баурап алудың жолын журналистер өздері тауып, көз тартар дизайн жасап жатыр. Жалпы, үрдіс тым кешікпей әлемдік қалыпқа (стандартқа) айналуы ықтимал. Әрине, мұндай жағдайда әр тележурналист жасайтын арнайы репортаждары мен деректі фильміне өзі режиссерлік етуіне тура келеді. Мұндай талап университеттердің журналис­тика факультеттері студенттеріне «Интерактив мульти-медиа» пәнін тереңдетіп оқытуды талап етеді. Бұл саланың маманы біздің елде жоқ. Сондай-ақ, сала бойынша маманданған журналист дайындау да қажет болады. Қазіргідей кешенді дамудың жолына түскен қоғамда журналистердің белгілі бір тақырыпқа мамандануы, сол сала бойынша біліктілігін арттырып, мол мәлімет жинап, өзін өзі дамытуға ден қоюының әлеуметтік маңыз­дылығы айтарлықтай. Әсіресе, саясат, экономика, ғылыми-технология та­қырыбы бойынша ақпарат дайындап, оны халыққа түсінікті етіп жеткізу ісі журналис­тен қыруар еңбек пен мол тәжірибені талап етеді. Оны ойдағыдай жүзеге асырудың ең тиімді жолы белгілі бір сала бойынша журналистерді қысқа мерзімдік курстар арқылы сапалы даярлап шығару.
Өзге саланың жазуға қабілеті бар ма­ман­дарға журналистік білім беруді де қолға алу қажет. Айталық, сіздің базалық мамандығыңыз медик, инженер немесе экономист болғанымен жазу-сызуға бейіміңіз бен қызығушылығыңыз болса, екі жылдық қашықтан оқыту немесе қосымша мамандық игеру саласына түсіп, бакалаврлық дәрежелі журналист бола аласыз дегендей. Сол ар­қылы базалық мамандыққа сүйене отырып, ғылым мен технология саласындағы ақпаратты сапалы дайындап, халыққа тиімді етіп жеткізетін артықшылыққа ие болуға болады.    Осының бәрі журналистік білім берудің қазіргі жүйесін түбірімен өзгертуді талап етіп отыр. 
– Журналистика саласында қазақ тіліндегі оқу құралдарының жетіспеу­шілігі әлі күні сақталып отыр ма? 
– Қазақ тілінде білім алатын жастар үшін оқулық жеткіліксіз.  Орыс тіліндегілері де оңып тұрғаны шамалы. Дегенмен, олар ағылшын тілінен аударса да, көшірсе де, бәрібір қазақ әріптестерінен алда тұр. Бірақ, оның бәрі отандық оқу құралдары емес, көрші ресейлік авторлардың туындылары екенін атап айтқан жөн. Ол үшін факультет мамандарын кінәлаудың өзі қисынсыз. Өйткені, қазіргі кафедра  ғалымдары қағазбастылықтан босай алмайды. Оның үстіне педагогикалық жүктемесі тым ауыр. Бір оқытушы бірнеше пәннен сабақ береді, оның бәрі үшін кем дегенде жүз беттен тұратын оқу-әдістемелік кешендерін жасайды. Оның өзі құбылмалы, әр оқу жылы сайын өзгеріп, өзге пәндермен толықтырылып отырады. Мұндай тұрақсыздық оқытушының бос уақыт табуына мұрша бермейді. Сонымен қатар, оқулық жазуға талаптанған авторларды ынталандыру тетіктері жасал­маған. Оларға шығармашылық демалыс берілмейді, қаламақы атымен жоқ. Мұндай жағдайда оқулық жазуды ешкімге міндеттей алмайсың ғой. 
– Сіз ғылыми-зерттеу еңбектеріңізде журналистика ғылымының қандай бағыттарына басымдық бердіңіз? 
– Теориялық мәселелерге ден қойып келемін. Журналистика саласындағы сөз бостандығы іргелі категориялардың ең маңыздысы. Бұл туралы көлемді монография жазып 2008 жылы «Азат ойдың айнасы» деген атпен жарыққа шығарған едім. Сонымен қатар, халықаралық журналис­тика мәселелерін де жіті зерттеп бірнеше оқулық жарыққа шығарғанмын. Оның бәрі бүгінгі таңда қолданыста жүр. Тек биылғы жылдың өзінде «Телевизия журналистикасы: Теория және практика», «Әлем журналистикасының тарихы»,  «Журналистикадағы сөз бостандығы» атты монография және оқулығым Алматыда ірі таралыммен жарыққа шықты. Сонымен бірге, әлеуметтік медиа, ақпараттық қауіпсіздік, қоғамдық телевизия, журналистік жоғары білім берудің өзекті мәселелері секілді қазіргі таңдағы проблемаларды қаузаған бірнеше зерттеу еңбектерім мерзімді басылымдар мен ғылыми жинақтарда жарық көрді. Фэйсбук желісінде «Теориялық журнализм» атты ашық парақша ашып,  бейнедәрістер, мәтіндік талдаулар арқылы журналистерге мағлұматтар ұсынып, талқылап келеміз. Мұның бәрі ғылыми ізденістердің нәтижесін айналымға енгізуге, сараптамалық тұжырымдар жа­сау­ға пайдасын тигізіп жатыр. Бүгінгі күні жазғы каникул мерзімін пайдаланып «Ақпараттық мәтіндегі лид түрлері» атты монография мен «Журналистиканың түсіндірме сөздігі» атты көлемді еңбекті қолға алып жатқан жайым бар. 
– Қазақтілді сараптамалық тұрғыда жазылған мақалаларға берер бағаңыз қандай? 
– Сараптамалық сапалы мақалалар жариялау жағынан соңғы жылдары «Ақиқат» журналы алға шықты. Соңғы жылдардағы журнал редакциясы ұжымының ізденісі оның бет-бейнесін күрт өзгертіп, салмағын арттырды. «Жас Алаш», «Қазақия», «Ашық алаң» секілді газеттер  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сараптама жасаудан біршама алға шығып кетті. Оны тұрақты оқитын зиялы қауым өкілдері әрдайым жоғары бағалайды. 
Сараптамалық мақала жазып жариялатумен кәсіби журналистер ғана емес, өзге саланың мамандары да ұдайы айналысып, оқырмандардың назарын аударып үлгерді.  Экономист ғалымдар Орақ Әлиев, Жангелді Шымшықов, философ Әбдірашит Бәкір, Қанағат Жүкешев, Аманкелді Айталы, саясаттанушы Дос Көшім, Расул Жұмалы, Ерлан Сайыров секілді көптеген авторлар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық ойдың бағдаршысына айналып үлгерді. Жалпы, бұл бағыттағы мақалалардың салмағы қомақты, сапасы жоғары деп бағалауға әбден болады. 
– Журналист қажетті ортадан жиып-терген ақпараттық деректерін қорыта, сараптап пайдалануда неге көңіл бөлуі керек? 
– Журналистің қолына түскен әрбір сан, мәлімет, ақпарат, материал атау­лының бәрі дерек бола алмайды. Дерек дегеніміз, біріншіден, шынайы түрде болып өткен дүниені бейнелейтін, тексеруге болатын (верификация) ақпараттық материал. Сонымен қатар дәйектендірілген ақпаратты (мәліметтің көшірмелері, сұх­баттың расталған мәтіні, кітап немесе мақалалардан алынған ресми сілтемелер т.б.) нақты ақпарат көзінен алынған дерекпен салыстырып, алып қашпа жел сөздерден ажырату маңызды. Егер дәл осылай дәйектендірілмеген жағдайда оны пайдалану керек болса міндетті түрде ресми түсініктеме қоса берілгені дұрыс. Екіншіден, деректің атқаратын рөлі айтарлықтай және оның нысаны маңызы терең оқиғалар, мәлімдемелер, іс әрекеттер. Деректің сипаты туралы мәселені журналистің қоғамдық позициясымен, әдістемелік бағытымен тікелей байланысты түсіндіруге болады. Егер журналистің әдістемелік позициясы дұрыс болмаса ақпарат жинауда да, оған баға беруде де теріс тұжырым жасауға итермелейді. Оның салдарынан қоғамда жалған деректер етек жайып, оның соңы айықпас дау-дамайға, шуға ұласып кетуі мүмкін.
Журналист әдістемесінің төртінші ау­мағы жиналған деректерді түсіндіру, оған баға беру, бағыт сілтеу, тұжырым жасау, туындының дүниетанымы мен нақты мазмұнын жасау тәсілі. Түсіндіру тәсілі дегеніміз – деректерді көрініспен біріктіру, түрлі жағдайлардың  арасын байланыстыру, әрбірінің орнын белгілеу, мазмұнын анықтау, оқиғаның қалай өрбуіне, қоғам өміріндегі мағынасына сай баға беру, шынайы негізді тұжырым жасау.  Күнделікті өмірдің тыныс-тіршілігіне лайықты баға берудің өзі әдістеменің алғышарты. Себебі, қоғамдық дамудың заңдылықтарын те­рең түсіну арқылы ғана шынайы негізді тұжырым жасауға болады.
Журналистика принциптерін қатаң ұстанып, кез-келген дерек пен оқиғада бейтараптылық  танытқан абзал. Қан­дай  бір  ақпараттағы  деректер,  дәйек­темелер  оған  жасалған  комментарий,  тұжырым,  ұсыныс-пікірлердің  қай­сысында  болсын  сырттай  қарағанда  қайшылықтың  орын  алуы-алмауында  тұр­ған  ештеме  жоқтай  сезілуі  мүмкін.  Ал,  шындығына  келгенде,  журналистің  позициясы осы  жерде  көрініс  табады.  Ең  негізгі  шектеу  де  осында  ұшырасады.  Жур­налиске  мынандай  сауалдар  қойы­лады: Оқиға,  көріністі  хабарлағанда,  оған  баға  бергенде,  қорытынды  жаса­ғанда  журналист  анықталмаған  немесе  бір  жақты  деректі  ұсынуға  қақысы  бар  ма?  Сондай-ақ,  журналист  әлденеге  субъективтік  түсініктеме  бере  ала  ма,  біреулерге  залалы  тиюі  мүмкін  екендігімен  санаспай  жатып  үндеу  тастауға,  ақты  қарамен  немесе  керісінше  бояуға  ерік  беріле  ме?  Осындай  көптеген  күрделі  мәселелер  журналист  қызметінің  принципі  жайындағы  проблемаларға  өте  байыпты  әрі  аса  сақтықпен  қарауды  талап  етеді.
Қай  елде  де  билік  халықтан  әлденені  жасыруға  тырысады.  Ал,  оны   БАҚ    әшкерелейді. Бұл  қазіргі  таңда  жалпыға  ортақ  тенденцияға  айналды. Қазақстанда  қазір  заң  жүзінде  цензура  болмағанымен, саяси ой, сөз бостандығына кепілдік берілгенімен, сол баяғы жалтақтықтан, шығармашылық еркін ойға тұсау салатын ескілікті  санадан БАҚ-тарымыз мүлде  арылып  кеткен  жоқ. Журналист  өз  тұжырымдамасының,  позициясының  объективтілігіне  өзінің  де, өзгенің  де  көзін  жеткізу  үшін  қоғамдық  өмір,  оның  заңдылықтарын  терең  білетін,  таным  деңгейі  биік  болуға  тиіс. Оның  сыртында  өз  идеясының  өмірде  жүзеге  асу  жолдарына,  нақтылығына  сенімді  және  нәтижесі  үшін  жауапкершілікті  мойнына  ала  білгені абзал.
– Кейбір БАҚ-тарда дерегі анық емес немесе бұрмаланған ақпарат арқылы адамдарды қоғамнан түңілдіруге, елдің деңгейін түсіруге ұрындырып жатады. Сіздің ойыңызша ақпараттық шексіз еркіндіктен қалай сақтануға болады? 
– Бостандық  дегенді  журналист  біл­ге­нін  істеу,  ойына  не  келсе  соны  жазу  деп  түсінсе,  ұғым  осылай  қалыптасса – ондай  еркіндік  жүзеге  асырыла  бастаған  сәтте-ақ  тұйыққа  тіреледі.  Құқықтық  және  этикалық  сан  алуан  шектеулер  мен  заңдық  нормаларға,  редакцияның  шығармашылық ережелеріне, ішкі  тәр­тібіне  сөзсіз  бағыну  қажет  болады.  Оның  сыртында  тағы  бір  маңызды  мәселе  бар.  Жазатын  тақырыбының мазмұны  күрделі  әрі  журналистің  білім  деңгейінен  тым  биік  болуы  және  оған  дарыны,  қабілеті  жетпеуі  де  әбден  ықтимал.  
Журналистика   үшін  ақпарат қабыл­даушы қауым  қашан  да  алдыңғы  орында.  БАҚ  тағдырын  шешетін  де  сол – халық. Олар  әрі  бақылаушы  да бола алады.  Пайдасыз  және  көңілге  қонымсыз  материалдар  жариялайтын   арзанқол  газетті ешкім сатып алмаса, даңғаза шуға үйір телеарнаны  жұрт көрмесе, олар сөзсіз  банкротқа  ұшырап,  жабылып  қалуы  ақиқат.  БАҚ  үшін  бұдан  өткен  жаза  жоқ. Аудиторияның  аталған  дәрежеге  сай  БАҚ саласына  талап  пен  бақылау  қоя  алмай  отырғандығын  шебер  пайдаланған  пысықайлар әбден  бетімен  кетіп, «шөпті де, шөңгені де өлең» етіп шырқай берсе,  журналистиканың  беделін  түсіреді.
– Біздегі БАҚ-тар әлемдегі дамыған елдер журналистикасының қандай жетістіктерін, жаңа жанрлық формаларын үлгі етуі керек? Біздің олардан артықшылығымыз бар ма? 
– Жалпы, бүгінгідей ақпараттық тас­қын заманында БАҚ арқылы тарайтын жаңалықтарды елді елең еткізерліктей етіп жеткізу, бірден назар аудартып тыңдату үшін немесе көз салған бетте көңіліне қонып, ары қарай жетелеп әкетерліктей болуы үшін жаңалық жанрындағы мәтіндер мейлінше тартымды жазылуға тиіс. Ол үшін лид деген нәрсе керек. Батыс елдерінде ең басты мәселе ретінде журналистикада ерекше басшылыққа алынатын осы проблеманы бізде әлі көп жұрт біле бермейді.Мен жоғарыда атап өткен жаңа еңбегімде ақпараттық мәтінге жасалатын лид түрлерін анықтап, оның ерекшеліктерін айқындауды көздедім. Ақпарат құралдарының күнделікті қызметіне практикалық маңызы орасан болып табылатын аталмыш мәселенің маңыздылығы қай кезеңде де айтарлықтай өзекті. Мерзімді баспасөз туындыларымен жіті танысқан кезде лид түрлеріне шек қоюдың өзі артық секілді сезілуі ықтимал. Себебі, әр журналистің қайталанбайтын өзіне тән шығармашылық тәсілі, дара қол­таңбасы болады. Өзге шығармашылық қыз­меттермен бірдей журналистика да туындыгердің үзіліссіз ізденісінің жемісі болғандықтан, оны арнайы бір схеманың аясында қарастырудың өзі мүмкін емес. Сондықтан, мәселені теориялық жағынан гөрі практикалық қадамдар аясында талдап, таразылаудың маңыздылығы айтарлықтай болмақ. Жалпы, қай істі болсын, әуелі бастау қиын. Басталған соң ары қарай жалғасуы жеңіл секілді болып кетеді. Журналистік туындының ең ежелгі әрі басты жанры заметка да солай. Оның мазмұнын бір ауыз сөзге сыйдырып, бастау, яғни, лид жасау іс жүзінде қиынның қиыны. 
Жалпы, сөз бастау жайында қазақ би-шешендері арасында да түрлі ғибратты әңгімелер көп айтылады. Бір күні жиынның ортасында отырған Досбол шешеннен біреу:    
Қол бастау қиын ба?    
Жол бастау қиын ба?    
Сөз бастау қиын ба? – деп сұрайды. Сонда Досбол:    
– Қол бастау қиын емес,    
Көк найзалы ерің болса.    
Жол бастау қиын емес,    
Соңына ерген елің болса.
Бәрінен сөз бастау қиын,    
Тауып айтсаң мереке қылады,    
Таппай айтсаң келеке қылады!
Азған жерге сұңғыла шығар,    
Оның гүлдері шұбар-шұбар.    
Дөңбектей тамыры болар,    
Сол уын қауынға жаяр.    
Қауынның пәлегі солар,    
Ер еңбегі зая болар, – депті.    
Ал, енді сөздің басы лидті жазу да шаршы топта сөз бастаумен ұқсас жауапкершілігі ауыр міндет екенін бажайлауға болатын шығар.     
– Қазіргі күні еліміздегі отандық теле-радиолардың жұмысы қоғамның рухани сұранысын толық орындай алып отыр ма? 
– Әрине, отандық телерадио журналис­тика үнемі даму үстінде. Белгілі дең­гейде қоғамдағы рухани сұранысты қана­ғат­тандырып отырған тұстары да баршылық. Оқиғаны өтіп жатқан ыстық ошағынан дер кезінде жеткізуге міндетті телевизия журналистері үшін өздерінің әр қадамдарына мұқият болу талап етіледі. Кассета, батарея жеткілікті ме, микрофон дұрыс істеп тұр ма дегенді тексеруден бас­тап, телехабар – ұжымдық туынды болып табылатындықтан түсіру тобының әр мүшесі, әсіресе, оператор мақсатын нақты түсінген редактормен ақылдасқан болуы шарт. Оқиғаға шығармашылықпен, тың бастамамен белсенді қатысу талап етіледі. «Көңілдегі көрікті ойдың» бәрі телевизияда техникалық мүмкіндік арқылы ғана жүзеге аспақ. Қыл аяғы микрофонды дұрыс орналастырудың өзінің айтарлықтай рөлі бар. Тілші мен режиссер оқиға орнынан оралған соң монтаждың үстеліне жайғасқанда оның «жамау-жасқауына» жарататын қосымша бейнелерінің де алдын ала түсіріліп алынған болуын ұмытпаған абзал.
Телевизияға арналып жазылатын мә­тін­нің өзіндік құрылымы, ерекшелігі, арнайы формасы болады. Жалпы, телевизия бейнелік қозғалыстардан, дыбыс-дауыстардан тұратын жиынтық (синтез) өнер болғанымен бәрібір алдымен қағаз бетіне мәтін жазудан іс басталады.  Бірақ, телевизия туындысының тілі мен стилінде мерзімді баспасөз жазбасынан айтарлықтай өзгешелік бар. Сондықтан, газет-журналға тән кейбір ұзын сонар әңгімеден, сала құлаш құрамалас сабақтас күрделі сөйлем­дерден бойды аулақ салу телемәтінге қойылатын негізгі талап болмақ. Алайда, солай екен деп ауызекі тұрмыстық сөздермен қарабайырландыруға болмайды. Бос әрі тым әсіре қызыл сөздерден де аулақ болған жөн. Қарапайым әрі түсінікті, нақты анық жазу, сөз атауларды қысқартпау, тырнақша мен сілтемені өз мәтінінде қолданудан қашу, үтір, нүктелердің өзіне мән беру, сандарды қолданғанда шұбыртпай қысқартып мазмұнын жоймай жеткізу, адамдардың аты-жөндерін толықтай дұрыс атау,  есімдіктерді жөнімен қолдану, мейлінше көрермендерге тікелей қайырылу, қазақ тілінің құнарлы нәрін толық пайдалана білу тележурналистің міндеті.
Телевизияға арналып жазылатын туын­дының басты ерекшелігі – сөз бен бейнесюжет бір-бірін толықтырады және сол арқылы екеуі өзара сіңісіп жататындығы. Мұндайда көп сөзділіктің салдарынан тамаша бейнесюжеттің құны түсіп қалатындығын да ұмытпауға тиіспіз. Айталық, телетуындының құрылымын лайықты ету үшін мына мысалға назар аударайық. Тележурналист сіз немесе хабарыңыздың кейіпкері «батыс өңірде ауа райы аптап ыстық» деп эфирде айтты делік. Осы сәтте көлеңке жерге жатып алып, тілін салақтата ентіккен итті «крупный планда» көрсеткеніңіз абзал. Сонда ғана бейне мен мәтін үйлесім таппақ. Сәулетті құрылыс салу үшін оның тағаны мен едені, төбесі мен қабырғалары қандай маңызды болса, телетуындының да өзіндік құрылымдары бар. Шығарма дегеніміз ішкі көңіл күйдің, рухани ой мен қажырлы еңбектің сәулетті құрылысы іспетті. Туындының іргетасы автордың идеясы арқылы қаланса, оның қабырғасы кірпішпен емес, айналып келгенде, құдіретті сөзбен ғана тұрғызылмақ.  Олай болса, «сөз өнері дертпен тең» деп ұлы Абай тегін айтпаса керек.
– Бүгіннің өзінде газет-журналдардың орнын түрлі порталдар мен сайттар ауыс­тырып жатыр. Бұл тұрғыда не айтасыз? 
– Адам баласы пайда болған кезден бастап, бүгінгі күнге дейін әртүрлі қарым-қатынас деңгейінде санқилы тәсілдер мен құралдар арқылы өзара байланыс жасады. Қазақ даласында тасқа қашалған таңбадан бастап, түрлі ою-өрнектер де ақпарат алмасудың белгілі бір қызметін атқарды. Айталық, жеті өзенді асырып ұзатылған қазақ қызы төркініне өз қолымен кестелеген түскиіз немесе сырмақ, орамал секілді бұйымдарды Атыраудан Алтайға жолаушылар арқылы сәлемдеме етіп беріп жібереді. Оны алған ата-анасы, туыс-туғандары кестенің түр-түсі, ою-өрнегіне қарап қыздарының сары түсті көбірек қолданған болса, сағыныштан сарғайып жүргенін, жасыл, көк түс басым болса, жағдайының жайлы екендігінен хабардар болып отырған.  Өзге де қуаныш пен қайғыны, сәттілік пен қиындықты бейнелейтін ою-өрнектің неше түрлісі болған екен.
Кейін жазудың пайда болуы хат алмасуға, пошта, телефон, радио, телевизия секілді құралдардың өмірге енуіне байланысты одан ары жетілдіре түскені аян. Олай болса, бүгінгі дәуірде әлем тұтасып, жаһанданудың қарқын алуы – қарым-қатынас тәсіліміз бен байланыс құралымызды New media атты озық технологияға негіздеуімізге итермелеп отыр. Әрине, бұл саладағы тиімді құрал өмірімізді өзгерту үшін жасалған Интернет екендігі белгілі.
Қазақстанға таяу жылдардан бастап енген Social media термині еніп үлгермей жатып-ақ әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны артумен қатар оған тәуелді топтар да бой көрсете бастады.  Social media дегенді интернетке негізделген әлеуметтік қарым-қатынас деп түсінуге болады. Олай болса, social media қоғамдық қауымдастықтан гөрі әлеуметтік ақпараттар мен хабарламалардың желісі ретінде түсіндіріледі.  Әлеуметпен қарым-қатынас жасаудың ақпараттық желісі [social media] дегеніміз [social networking websites], [social news websites], сондай-ақ [social bookmarking websites] секілді түрлі веб-парақшалар арқылы адамдардың өзара қатынасатын, тілдесетін ақпарат, жаңалықтарын бөлісетін, пікір алмасатын интернет аясындағы виртуалдық байланыс. Оның сыртында, жекелеген Интернет басылымдар пайда болып, өз қолданушылары мен оқырмандарын тапты. Мұны өз басым дәстүрлі журналистиканы ығыстыру немесе оны бұқаралық ақпарат алаңындағы тағынан түсіру деп санмаймын. Алғаш радио, кейін телевизия пайда болғанда да газет-журналдың күні бітті дейтіндер болған. Бірақ, бүгінгі таңда бәрі де өз орындарын сақтап қалды. Интернет порталдар да, әлеуметтік желілер де солай болары анық. Бірі екіншісінің орнын толтырып, қоғамға қызмет ете беретіні басы ашық әңгіме. 
Сондықтан, газет-журналдардың орнын түрлі порталдар мен сайттар ауыс­тырып жатыр дегенмен келіспеймін. Ауыстырып жатқан жоқ. Керісінше, БАҚ қатарына қосылып, ақпарат айдынында өз орнын тауып жатыр. 
– Интернет журналистиканың сапасына көңіліңіз тола ма?
– Өте зор қарқынмен тез дамып келеді. Сапа жағына келсек, әр порталдың өз бағыты мен бағдары бар. Көңіл толатын жақтары баршылық. Өз басым «Azattyq.org» сайтын күнделікті қараймын. Ондағы жаңалықтар мен мақалалар кезең келбетін дөп басып отыратындығымен ерекшеленеді. Сол секілді еліміздегі ресми сайт, порталдарды да жиі қарауға тура келеді. Сіздердің «Қазинформ» және «Тенгриньюс», «Абай.кз», «Әдебиет порталы», «Алаш айнасы» секілді сайттарда жарық көрген мақалаларды оқимын. Кейбір дәстүрлі газет-журналдардың да онлайн үлгісінен оқып тұрамын. «Әдебиет порталы» мен «Қазақия.кз» сайтында өзімнің блог тұғырларым бар. Әлеуметтік желілердің ішінен Фэйсбук пен Туиттер желісін қолданамын. 
Бүгінгі қолданыстағы технологиялардың кең тараған түрлері болғандықтан, блог арқылы түрлі ақпараттар, деректер, фотолар алмасу, бейне блог, бейне дәрістер жүргізу, электрондық пошта бәрі қолданылады. Соңғы жылдары кейбір, фирма, кәсіпорындар өздерінің бренд тауарлары мен қызмет түрлерінің маркетингіне арнаған platform немесе өзге арналарды қолдана бастаған. Денсаулық сақтау орындары мен емханалар аталмыш технологияларды игерсе өз пациенттерімен кеңес өткізуге аса қолайлы болар еді. 
Қазіргі таңда Social media-ның қажет­тілігі барған сайын артып келеді. Санаулы жыл бұрын әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің профессорларының дәрісін тыңдау мұң болса, қазір қалаған  Оксфордтың, Гарвардтың, Кембридждің ғалымдарымен виртуалды әлемде жүздесе беруге болады. Айта берді, әлемнің айтулы саясаткерлерімен, Құрама Штаттың президентімен де Social media арқылы байланыс жасауға мүмкіндік бар. Біздің  әлеуметтік желі жайындағы ұғымымыздың масштабының өзі қазіргі таңда facebook, Twitter, Youtube, blog секілділермен шек­теліп, достардың өзара хабарласуынан, фото, бейнеклиптер алмасуынан аса алмай отырмыз. Шын мәнінде сіз нені білгіңіз келсе, интернет бәрін де бере алады. Жылдамдықтың зор қарқынымен қарыштап дамып келе жатқан онлайн қоғамда әр азамат жеке тұлғалық брендін қалыптастыру жолында  өзін өзгелерге дұрыс танытып, абыройын асқақтату үшін қаласа да, қаламаса да Social Media-ға жүгінуге мәжбүр. Бұл жерде әрине, айтары бар адамдар ғана өзінің білім-білігін, қарым-қабілетін көрсете алады. Ал, әлі күнге дейін мұның артықшылығын түсінбейтіндер қарым-қатынастың бұл түрін кәдімгідей жау санап, ат-тондарын ала қашып жатады. Ол енді, жабайылық. 
Қазіргі студент дегеніміз үстелден бас көтермей отырып, кітап оқи беретін немесе ұстаздың оқыған дәрісінен белгілеп алған азын-аулақ мәліметті жаттап алып онысын семинар сабағында айна-қатесіз айтып беретін «советтік заманның» түлегі емес. Ол дәуір әлдеқашан келмеске кетті.
Айталық, бизнес, қаржы мамандығы бойынша білім алып жатқан студентті мысалға алайық. Ол әлде бір елде ақша саясаты өзгергені жайында ақпараттың телеарна арқылы хабарланғанын құлағы шалды делік. Толық ақпаратқа қол жеткізу үшін ол қандай әрекет жасайды? Біріншіден, Google, Wikipedia бойынша түрлі ақпарат көздерінің деректерімен танысады. Екіншіден, Youtube-тен ақпаратқа қатысты Podcast-тер­ді көріп тыңдайды. Онда кәсіби мамандар мен сала ғалымдарының сұхбаттары, бейне дәрістері де кездеседі. Үшіншіден, Twitter арқылы өз ұстаздарымен немесе әлемнің өзге іргелі оқу орындарының мамандарымен байланысқа шығып сұрақ қоюларына болады. Айталық, Гарвард, Оксфорд университеттері профессорларының бәрінің Twitter парақшалары бар. Студенттер өз салалары бойынша тіркеле алады. Төртіншіден, Facebook немесе өзге форум сайттар арқылы арнайы тақырыпқа сай талқылау ұйымдастыра алады. Мұның пайдалы жағы көптің пікірімен танысып, олармен тікелей қарым-қатынас жасауға болатындығында. Бесіншіден, Сөз соңында айтарымыз, белгілі деңгейде жан-жақты ақпаратқа қанығып, түрлі мәлімет алған соң студент өз тұжырымы мен пайымын блогіне немесе парақшасына жазып, өз көзқарасын жалпақ жұртқа жеткізе алады. Сонымен қатар google group-ті пайдалана отырып, әркім өзімен мүдделес, пікірлес жандарды тауып біріге алады. Сайып келгенде, Social Media арқылы пайда ақпарат алудың арқасында адам рухани тұрғыдан өзін байытып, дамыта алатындығын да ұмытпағанымыз абзал. 

 Сұхбаттасқан,
 Бақытжол  Кәкеш,
«ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі.

399 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз