• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2015

«ҚҰДіРЕТТІҢ БІР АТЫ ТАЛАНТ БОЛСА, БІР АТЫ – ЕҢБЕК!»

Жұмабек КЕНЖАЛИН,
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің 
Бас директоры – Редакторлар 
кеңесінің төрағасы 

Қазір еліміздің қоғамдық дамуында, рухани өрлеуінде соны бір лептің пайда болғанын байқамау мүмкін емес. Елбасы Н.Назарбаевтың «Өмір өткелдері» деп аталатын сұхбат кітабы ұрпақтар  үндестігінің, дәстүр жалғастығының ең бір нәзік  пернелерін дөп басқандай әсер  қалдырады.  

    
Ең бірінші айтарымыз, осынау кітап­тың диалог сыр-сұхбатқа құрылғандығы. Мұның ерекшелігі автор оралымды әңгі­­меге тікелей себепкер бола білген  қалам­гердің сауалдарына  толымды жауап бере отырып, оны дәйектемелермен нақ­тылай түседі. Бұл оқырманның шүбә­сіз сенімін орнықтырудың бір тәсілі.  Шын­дығы керек, бұл тәсіл өзін-өзі ақтап тұр. Екіншіден, кітап алғысөзді қос­па­­ған­да  он алты тақырыпқа бөлінген. Тақы­рыптардың  «Ұшқан  ұядан» бас­тап «Ас­тана – елдік ерлігі» аралығына дейін­гі бірін бірі толықтыруы, логикалық байланысы, уақыттық желілердің  сабақтас­тығы сақталғанын атап өткен жөн. Осы орайда, кітап авторының «Осындай кі­тап дайындау жөніндегі идеяны ұсын­­ған, менің айтқан әңгімелерімді қағазға көңілдегідей етіп түсіре біл­ген, орынды, білікті сұрақтарымен та­қырыпты ашуға септесіп отырған сұхбат­тасушыма – көрнекті журналист, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі сенімді серіктерімнің бірі Сауытбек Абдрахмановқа бірлесе атқарған жұмысы үшін разылығымды білдіруді парыз санаймын» деуі үлкен парасаттың, мәдениеттіліктің белгісі деп ұққан жөн. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының   сұх­бат­тасушы қа­­­лам­герді шы­ғармашылық са­пар­дағы се­рік­­те­сіне теліп, оған ілтипатпен ри­за­шы­лығын біл­діруі шын мәде­ниеттілік пен үлкен зия­лылық көрінісі. «Өмір өткел­дері» ХХ ғасырдың екін­ші жартысы мен ХХІ ғасырдың өзі­міз  өмір сүріп отырған кезеңіне дейінгі Қа­зақ  Елі тари­хының өсу-өркендеу және  қым-қиғаш  қай­­­шылықты кезеңдерінің анық по­лотнасы деу қажет. Өйткені, мұндағы деректер  мен оқиғалар   хронологиясы  мемлекетіміздің бірінші басшысының аузымен баяндалғандықтан да ғылы­ми айналымға түсіп, саясаттанушы­лар мен әлеуметтанушылардың, пси­хо­­логтардың, тарихшылардың зерт­­теу нысанына айналары сөз­сіз. Мәселен, тұлғаның қарапайым метал­лург-жұ­мыс­шы мамандығынан әлемдік көш­басшы биігіне дейінгі қалыптасу ерек­шеліктері, әлеуметтік  кикілжіңдерді  рет­теудегі тұлғаның рөлі, тұлғаның сая­си көзқарастарының эволюциясы т.б. тақырыпқа  байланысқа қа­тысты мысалдарды кітаптың бір­неше тарауларынан табуға болады. Әсі­ресе, Теміртаудағы 1959 жылы орын алған оқиғаның астары (124-129 б.б), Қарағанды кеншілерінің ереуі­лі кезіндегі (244-249 б.б). күрделі мә­селелерді шешуде жеке тұлғаның рөлі секілді мәселелерді анық байқайсыз. 
Кітапта  жас  ұрпақты  еңбекқорлыққа бау­лудың,  жалпы,  еңбекті сүюдің қажет­тілігі хақындағы ой-толғамдар құнды. Соның бір­қатары былайша өрнектелген. «Жақсы өмірдің басты кепілі еңбек десек, жақсы еңбек етудің бір кепілі – спорт»,  «...Саламатты өмір салтын сақтамайтын адам­ның да еңбегі өнімді болмайды. Ой ең­бегіне де денсаулық керек» (129 б.). Кітапта Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек туралы ой-толғанысы, әсіресе, оның жастық шағының ең бір жалынды жылдары өткен Теміртау ес­теліктерімен тікелей байланыс­ты. Бұл жайында ол былайша толғанады.   «Қара­ғандының әңгімесіне оралайын. Облыс­тық ауқымындағы жұмыс маған көп нәрсені бадырайтып көрсетті.  Орталықта, республикада алдымен металл мен көмірді ғана сұрайтындықтан Теміртауда да, Қарағандыда да әйелдердің қоғамдық өндіріске тартылуы тым мардымсыз екен. Жақсылап есептеп кеп  жіберсек, Қарағанды мен Теміртауда еңбекке жарамды тұрғындардың ішінен  50 мың адам жұмысқа тартылмаған болып  шықты. Одақтық министрге хат жазып, облыста  жеңіл  өнеркәсіп орындарын ашуға  мүмкіндік алдық. Осының бәріне, негізінен,  жұмысшы ортасының өскені еңбек адамының психологиясын, еңбек қиындығын, қадір-қасиетін жақ­сы  білетінімнің, ең бастысы – өзімді аяма­ғанымның, еңбекқорлығымның ар­қасында қол жетті деп сеніммен айта аламын. Бұрын біздің Қарағанды облысында жұмыс  істеген, кейін Ресейдің Омбы облысының губернаторы болған Леонид Полежаев өзінің  кітабында «Назарбаев партия жөргегінде өскен адам емес еді»  деп жазыпты. Онысы рас. Нағыз достық сезімі де еңбекте шыңдалады. Біз бір бригадада тоғыз адам жұмыс істедік. Тоғызымыз тоғыз ұлттың баласы екенбіз. Соны еске алған емеспін. Әрқайсымыздың жұмысымыз, міндетіміз белгілі. Егер, бір адамның өзі ісін дұрыс тындырмаса, онда бүкіл бригадаға  қауіп. Ондайда қайдан жал­қаулық болады» (130-131 б.б). Осын­­дай еңбек жолындағы шыңдалудың соқ­тықпалы соқпақты сапарынан өткен жан­ның қаламынан «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын сүбелі мақаланың туғанына еш таңдануға болмайды. Жалпы, еңбектің қадір-қасиеті оның өз тағдырындағы ор­ны туралы автор кітаптың «Кемелдену ке­зеңі» деп аталатын тарауда тарқата баяндайды. Ақыл-ойы, он екі мүшесі сау адам өзінің ең бірінші қажеттілігі еңбек дегенді жүректің көзінен өткізе білуі керек. Масылдық пен тоғышарлық, бойкүйездік адам баласын құрдымның жар  қабағына апаратын кеселдер, міне, осылар.    Елбасы кітабында патернализм инерциясы, әлеуметтік инфантилизм деген мәселені бұтарлай талдап, оқырманға қарапайым түсінікпен айтып берген. Патернализм бұл былайша айтқанда масылдық пиғылдың дендеуі.
Өткен қоғам мен бүгінгі қоғамды мүлде салыстыруға келмейді. Автор атап көрсеткеніндей, социализм дәуірінде  жос­­парлы  экономика талабына   сай адам  пси­­­хологиясы, оның болмыс-бітімі қалып­тасты. О кезде бала бірдеңені бүлдіріп қой­маса болды,  белгілі бір  қалыпта дайын асқа  тік қасық болып жүре  беретін еді. Мектеп бітіреді, жоғары оқу орнына түседі, оны бітіріп, жолдамамен кәсіпорынға қызметке орналасады, үйлі-баранды болады, т.с.с. Осылайша бір сатыдан бір саты жалғанып кете береді... Ал, жаңа заман мұндай сартап үрдісті көтермейді. Нарық заманы, адамның өзіне де оның бүтіндей болмыс-бітіміне де жаңа өлшем қойып отыр. Бұл бәсеке заманы, шын дүлдүлдер мен тұлпарлардың оза шауып өнеге алатын кезеңде тұрмыз.
Қазіргі заман шын еңбекқорлықтың лайықты бағаланатын заманы. Нақ бейнеттің зейнетін көретін уақыт. Ал, осының бәрі өзінен-өзі  келе қоймайды. Ол үшін білім керек, адал жүрек, парасатты ақыл-ой керек. Президент Баршаға Ортақ Еңбек Қоғамы өзінен-өзі  орнай қоймайды деп отыр. Ол бір адамның немесе он адамның, тіпті, жүз адамның да қолынан келмейді. Ол үшін осы мәселені бүтіндей Ел болып қолға алайық.  Азат елімізді масылдық пен тоғышарлық дертінен арылтайық деп отыр. Баланы шектен тыс өбектеу оны рухани  жағынан  мүгедек ететінін көп ата-ана білсе  де, білмегенсиді.  Әл­пештеудің  реті осы  екен деп шектен шығып жататындары бар. Мұны олар өзі секілді пиғылды әулетпен жарыса жасайды. «Мен көрген қиындықты енді бұл көрмесін. Қолда барда жасап қалайық...» деген ниет бүгінде талай жасөспірімнің теріс жолға түсуіне түрткі болып отырғанын кейбір ата-ана білсе де білмегенсиді. Жасына жетпей қылмыстық әрекеттерге бару, неше түрлі діни ағымдарға ілесу кейде сол астатөк  байлықтың, есепсіз барлықтың бағасына жете мән  бермеуден де бола­ды. Барлық, байлық не істетпейді? Олай болмауы үшін де баланы жастан еңбек­қорлыққа, қиындыққа, төзімділікке тәр­биелеу қажет. Бұл жөнінде де кітап авторы Елбасы Н. Назарбаев былай деп жазады. «Мен ес білгеннен еңбектің ортасында өстім. Ана жолы айттым ғой, менің әкем Әбіш ғұмыр бойы жұмыс істеп өткен адам. Ол кісінің бос отырған кезін көрген емеспін. Не малды қарайды, не егін егеді, не отын жарады, не томар қопарады, әйтеуір, бір шаруаны қолға алып жатқаны. Шаршауды білмейтін адам сияқты еді. Ауыр жұмыстардан да қайтпайтын. Үшқоңырдың биігінде салынған жолда да әкемнің қолының таңбасы қалған. Әкем мен шешемнің тағдыр тоғыстыруына да еңбек себепкер болған. Анам сонау Шу жақтан келіп, салынып жатқан жұмысқа тұрған екен. Анам да жұмыс десе жанып түсетін. Үйдің жұмысын тындырып тастап, көрші-қолаңның шаруасына кірісіп жүретініне  қайран  қалатынмын. Біздің үйдің адамдары ғана емес, бүкіл ауыл, негізінен, еңбеккер еді. Сол тәрбиені көріп өстік» (108-109 б.б).    
Қарап отырсаңыз, Елбасының бүкіл  ғұ­мыр жолының бастауында еңбекке деген құштарлық болған екен. Еңбек – бәрін де жеңбек. Олай болса, балалар­ды мектеп қабырғасында-ақ еңбекке бау­луды кешенді түрде жүргізу қажеттігі ай­қын байқалады. Тіпті, жоғарғы сынып оқу­шыларына Елбасының қаламынан  туған «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыр­тылуы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ға­мына қарай 20 қадам» деп аталатын мақа­­ласының түпкі мәнін түсіндіріп, оны оқу бағдарламаларына енгізсе де артық бол­мас  еді. Өйткені мұнда отаншылдықты, жас­тардың бойында патриотизмді қалып­тас­тырудың нақты тегершіктері айқын  көрсетілген.

 

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз