• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2016

Авторлармен байланыс жұмысы

Шындығына жүгінсек, кешегі Кеңес дәуірі тұсында бұқаралық ақпарат құралдары идео­логияның аса қуатты, пәрменді, ықпалы күшті  құ­ралы ретінде қыруар жұмыс атқарды. Ең бастысы, газет-журналдар  оқырман қалың қауым арасында берік ынтымақты, қалыпты түсіністікті  паш еткен алтын көпір қалыптасты. Баспасөз беттерінде алуан салада жұмыс істейтін еңбек адамдары хақында өміршең мақала, нанымды суреттеме, көркем очерк жазу редакцияның басты назарында ұсталынды. Әсіресе, елуінші, алпысыншы жылдар ойға оралады. Әріге барып, өзге дерек іздеп әуре-сарсаңға түспей-ақ, өз басымдағы жайды тілге тие етсем де жеткілікті болар.

Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты, Аралбай ауылындағы Жангелдин атындағы орта мектептің сегізінші, тоғызыншы сыныптарында оқып жүргенде газеттерге мақала жазуға біршама бейімделіп, төселдім. Ауыл тынысын, мектеп өмірін насихаттауға негізделген балауса туындыларым баспасөзде рет-ретімен жа­рия­ланды. Сол 1965-1966 жылдары Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы С. Серғазин, орынбасары Ә. Абдуллин, облыстық «Коммунизм таңы» газеті еңбекші хаттары бөлі­мінің меңгерушісі С.Асқаровтардан жиі хат алып тұрдым. Оқушы, албырт кезім ғой. Беделді бас­пасөз редакциясынан, белгілі қаламгерлерден келіп түскен хаттарға кәдімгідей желпініп, серпіліп, марқайып қалатынмын. Онда «Мақалаңызды алдық.  Деректері аздау екен. Толықтырып қайта жолдаңыз» немесе «Шопан жайлы суреттемеңіз тәп-тәуір жазылыпты. Еңбек адамының бейнесі дұрыс сомдалған. Туындыңыз жақын маңда газетте жарық көреді. Әлі де хабарласып, мақала жазып тұрыңыз» деген жолдарды кездестіруге болады. Республикалық «Жалың» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Мұхтар Шахановтан, сонау, 1980 жылдары келген хат жеке мұрағатымда әлі күнге дейін мұқият сақталған. Алатау баурайынан, буы бұрқыраған, әдеби қазанның қайнаған қойнауынан жолданған хатта «Өлеңдеріңізді алдық. Көркемдік жағынан кемшілік бар. Тағы да тың туындылаңызды жолдаңыз» делінген. Мұнын сыртында, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» «Қазақстан әйелдері» «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан», «Тың өлкесі» сияқты газет-журналдардан бірнеше мәрте хаттар алдым. Шындығын айту керек, редакция журналистері жіберген хаттар штаттан тыс тілшілерді жанрлардың құпия сырларын  тереңнен түсінуге,  деректермен жұ­мыс жүргізудің нақтылы жолдарын  тез та­буға, сөйлемдерді сауатты құрып, ойларды қайталамауға, бір сөзбен айтқанда кәсіби ше­берлікті әбден шындауға баулып, үйрететін.
Қазақ баспасөзін зерттеушілер, әйгілі журна­листер, жазушылар, Т. Ыдырысов, З. Қабдолов, Т. Қожакеев, М. Барманқұлов, Р. Сағынбеков және басқалары киелі сөздің қасиеті, құдіреті  туралы тұжырымды  ойларын шебер  пайымдаған. Мәселен, филология ғылымдарының докторы Б. Жақып «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» атты еңбегінде «Шын мәнінде журналистиканың әлеуметтік қызметтің ерек­ше саласы ретіндегі мәні бұқаралық ақпарат жинақтауымен, өңдеуімен, дайындауымен және таратуымен айқындалады» десе, ғалым Намазалы Омашұлы «Жол үстінде журналист кітабында «Қазіргі журналис­тика біршама жалтақтамайтын, танымын тура айта алатын мінез тапты. Қуанарлығы – бірінің жасқаншақтап, не өресі жетпей айта алмағанын екіншісі айта алатын дәрежеге жеткен. Сөйтіп, қоғамның ақыл, ойы мен мемлекет идеологиясының бос кеңістігі толысып жататын болды» деп жазды. Екі пікір де тастай түйінге ие. Ғалым қаламгерлердің  зерттеу жұмысындағы  нәтижелі пікірлерді баспасөз саласы қызметкерлері ұдайы саналарында сақтаса еш артықшылығы  жоқ.
Жалпы, әр редакцияларда штаттық кестеге сай  жеткілікті мөлшерде шығармашылық қызметкерлері, тілшілері баршылық. Штаттан тыс авторлар не үшін қажет деген заңды сауалды төтесінен алға тартсақ, лезде жауабын табу пәлендей  қиынға соқпайды. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс жүйесі баспасөз беттерінен ойып орын алатын материалдардың тақырып аясын барынша кеңейту, қала, елді мекендерден әлеуметтік маңызы зор тың деректерді қамту жағын қарастыру, сонымен бірге, түрлі салада қызмет істейтін штаттан тыс авторлардың сандарын мелінше арттыру үшін қажет болса керек. Сөз орайы келген кезде, әңгімені одан әрі өрбітсек, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық газет редакцияларының бір айға, тоқсанға, жылға арналған шығармашылық жоспарлары болуға тиісті. Маңызды құжаттың бір бөлігі штаттан тыс авторлармен байланысқа арналғаны жөн. Көкейдегі лебізді тізіп, таратып айтатын болсақ, хат бөлімі елді мекендерден материал жолдайтын қоғамдық тілшілердің аты жөндерін, негізгі қызметтерін, басқа да өмірбаяндық деректерін арнайы журналға жазып отыруды дағдыға айналдырса құба-құп. Екі арада маңызға, мағынаға ие хаттар жүрсе несі айып. Қазір электронды заман билік жасап тұрғанынан бәріміз де хабардармыз. Осы қуатты, тиімді, сенімді техника жоқ кездің өзінде авторлар редакция ұжымдарымен өте тығыз қарым-қатынас   жасап, материалдарды жедел түрде жеткізгеніне біз шың мәнінде куәгер болдық. Редакцияның авторларға ұдайы жолданатын хаттары, түрлі  нұсқаулары, айтарлықтай ақылы, келелі кеңесі өзге мамандық иелерінің тілшілік қызметте тәп-тәуір тәжірибе жинауларына мүмкіндік тудырды. Дәл қазіргі жағдайда редакциялар авторлармен қай деңгейде жұмыс жүргізіп отырғанынан мәлімет аз. Қайталап айтайын Кеңес дәуірі кезеңінде бұл мәселе түкте ұмытылмады.
Кеңес дәуірінде бұқаралық ақпарат қыз­меткерлеріне, штаттан тыс авторларға қалам ақы төлемеу мүлде жат, өрескел, ұят  іс болып саналды. Сол жылдары қаламгерлер радиодан да, теледидардан да, газеттен, журналдан да тиын-тебен алып, дуылдап, шуылдап, жуып, мәз-мәйрам болатын. Менің өзім 1968-1970 жылдар аралығында Марии АССР-ы Йошкар-ола қаласында азаматтық борышымды өтеп жүргенде жазуымды тоқтатпай, қалам тербеп, Қазақстаннан қалам ақы алып тұрғанымды несінен жасырайын. Қуанарлық жай сол, ма­қалаларға төленетін қаржы көлемі әжептәуір еді -ау. Былайша айтқанда, тұрмыстық қажетіне жетіп-ақ тұр. Бұл күнде тәуелсіз Қазақстанда саусақпен санарлықтай ғана ақпарат құрал­дары қалам ақы төлейтіні өзекті өртейтін өкі­ніш. Құбылмалы қоғамда не бір түбірінен түсініксіз жайлар  болып жатыр ғой. Естуімізше, қалам ақы төленбесін деген арнайы құжатты айқайлап көрсететін пенде жоқ. Шындығы, бұл редакция қызметкерлері үшін де, штаттан тыс авторлар үшін де ылғи ыңғайсыз жай.
1958 жылы жеке шаңырақ көтерген қазақ теледидары шығармашылық жағынан өсіп, өніп кемелденіп келеді. Алғашқы жылдары кәсіби шеберлігі жоғары журналистер аз болса қазір олардың қатары көбейіп қалындады. Солай десек те, редакция қызметкерлері бәрінен үлгірмейді. Тақырып ауқымы кең. Географиялық жағын түгел қамту мүмкін емес. Мұндай сәтте әрине авторларға арқа сүйейді. Газет, журналдағыдай емес, радио теледидардың өз тәртібі, заңдары бар. Эфир экраннан сөйлейтін жан түр-келбеті жағынан келісті, дауыс ырғағы ұнамды, ауыз екі лебізге  бейім болғаны абзал. Өзге мамандық иелерін де  тақырыпқа сәйкес жұмысқа тартса түк артықшылығы жоқ. Соңғы жылдары экрандағы хабарлардың денін әншілер жүргізгенін қол көтеріп қол­да­маймыз. Әннің әлемі бөлек, сөздің әлемі бөлек. Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, «Хабар», «Қазақстан»  арналарында бағдарлама жүргізушілердің көбіне көрермен риза пейілде деп айтуға тым ерте. Басты кемшілік дастарқан басындағы сөзбен экрандағы лебізді шатастыру, жаттанды сұрақтарды топырлату, мейманды орынсыз бөлу, жағаласып сөйлеу, артық қимыл, қозғалыс, ретсіз қарқылдап күлу. Мұнын өзі сайып келгенде экран мәдениетін игеру деген сөзге барып тіреледі.
Ғалымдарымыз теледидарды да шама-шар­қынша зерттеп жүр. Құдайберген Тұрсынов «Жұршылық үшін қоғамдық саяси ақпарат алудың негізгі көздері – телеарналар» деп нақтылы ой түйді. Ал, ардагер журналист Совет Мазғұтов «Телевизия – адамзаттың тарихи қоғамдық тәжірибесін кеңінен тарататын аса пәр­менді насихат құралы, өнер мен әдебиеттің не бір үздік үлгілерін қалың көпшіліктің игілігіне айналдыратын, қажетіне асыратын дәнекер, ғылым-білімнің қайнар бұлағы» деп парасатты пайымдады. Сөз жоқ бұл теледидар редакторларына да, сонымен бірге штаттан тыс авторларға да салмақты жүк артады.
Қазақтың көрнекті жазушысы Ақселеу Сейдімбек кезінде теледидарға автор болып  халық қазынасы хақында бағдарлама жүргізді. Жұртшылық талантты әнші, Жүсіпбек мектебінен дәріс алушы, журналист Жәнібек Кәрменовпен жүргізілген сұхбатты ешқашан ұмытпайды. Ақселеу де, Жәнібек те сөзге шебер. Екеуі қатар сөйлескен сәтте інжу маржанды ақтарғандай. Тебіреністері бейне ақ нөсердей төгіледі. Оған Кәрменовтың кестелі, келісті әні қосылған сәтте хабардың ажары ашылып жүре береді. Осы бағдарлама теледидардың алтын қорындағы аса қымбат қазыналардың бірі. Хас таланттардың екеуі де мәңгілік сапар шеккен, бақиға аттанған. Өз басым  аталған  хабарды экраннан қайталанған сайын зор құштарлықпен көргім келіп тұрады. Қазақтың талантты ақыны Өтежан Нұрғалиевтің ұлттық рухани құндылыққа арналған циклды хабарлары да қазақ теледидарына асқақ абырой, биік бедел әкелді деп есептейміз. Өкініші, кәсіби шеберлігі жағынан осы бағдарламалармен иық теңестірер дүниелердің қазіргі таңда  жоқтығы, әйтпесе, аздығы  жанды қинайды.
Журналистік ұзақ жылғы тәжірибеден айқын байқағанымыз авторларды  өздеріне көбірек тартқан ұжым ұлан-асыр шаруаны тап түйнақтай  тындырады, ал, қоғамдық тілші тобырына үрке, үрейлене қарайтындар ұтылады. Ересектер жағынан гөрі мұны ақпарат құралдарында жұмыс істейтің жас журналистер мықтап жадында сақтағандары жөн. Жалпы, авторлармен үнемі байланыс  жасап отыру редакция әрі бұқаралық ақпарат әлемі үшін тағылымы мол игілікті шаруа. Қызметтің бұл түрін жақсартуға, жандандыруға баршамыз ат салысқанымыз абзал. Жан-жақтан редакцияларға ағылған хаттар легі ел мен жердің тынысы, адамдар әрекеті, өмірдің өз көрінісі деп түсінейік.

Нағашыбай Мұқатов,
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Омашұлы «Жол үстінде журналист» Алматы, «Атамұра» 1999ж.
2. Б.Жақып «Қазақ публицистикасының қа­лыптасу, даму жолдары» Алматы «Білім»2004 ж.
3. С.Мазғұтов «Көгілдір экран-өмір айнасы» «Мектеп» Алматы 1967 ж.
4. Қ. Тұрсынов «Көгілдір экран құпиясы» Алматы «Қазақ университеті»1998 ж.

338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз