• Заманхат
  • 04 Сәуір, 2016

Шәкен Айманов өмірі мен шығармашылығы (философиялық талдау)

Шәкен Айманов қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актері әрі режиссері. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы мен дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнады. Қазақ халқы осынау ардақты ұлымен мәңгі мақтана береді. Қазақ киносындағы ұлттық режиссураның дамуына өлшеусіз үлес қосқан төрт классиктің бірі, қалған есімдерді жалғастырсақ,  әрине, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов болып шығар еді. Шәкен Айманов есімі бәрінен бұрын қазақ киносы тарихында тұңғыш рет ұлттық киноны түсірген адам ретінде және оны барынша биікке көтерген талант ретінде ел жадында мәңгілік сақталған.  

Шәкен Айманов (Шаһкерім) –1914 ж. 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Соғыстан бұрынғы жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде, ел ішін ашаршылық жайлаған кезде, Баянауыл тауларының етегінде дүние есігін ашқан таланттың балалық шағы қиын-қыстау күндерге кез келеді. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Ауыл мектебін бітірген соң, 1924 жылы Шәкенді үлкен ағасы Қажымұрат Семейге оқуға алып кетеді. Өзі мұғалім болған соң, Шәкенді де мұғалімдікке тартады. Әуелде Казкоммунаға, кейіннен Халық ағарту институтына оқуға түсірген. Осы институтта оқып жүргенде Шәкеннің қолынан домбыра мен мандолина түспей, неше түрлі көркемөнер  үйірмелеріне қатыса жүріп, халық үйінде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» спектаклінде өнер өміріне жолдама алды. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай режиссердің жастық шағы туралы толғамында: «Мектепті бітіре сала, 1928 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына түсті. Кәдімгі таланттарымыздың томағасын сыпырған Абай, Мұхтардың мекені – қарт Семей, атақты «Ес аймақ» қоғамының отаны, жас таланттардың намысын қайрауда Шәкен табиғатына да едәуір өзгеріс әкелді, бала дарынға леп берді. Өнерін ұштап, көзге түсіп қалған түбіт мұрт бозбаланы 1932 жылы ашаршылықтан зардап шеккен елдің хәл күйімен танысып жүрген ұлы Ғабит Мүсірепов байқап қалады. Шәкен Семейде техникумда оқып жүрген кезі болатын, оның ерекше дарынын сезіп, қолынан жетектеп, Алматыға алып келеді. Жас жүректің өзгеше лүпілі мен зердесін ұққан атақты жазушы болашақ актер бағытын астанаға бұрған. 1932-1933 жылғы маусымнан бастап, қазақ драма театрына алынған Шәкеннің алғашқы рөлдері: Грамофонов (Погодин, «Менің досым») Қодар, Керім («Абай»), Алдар көсе (Құсайынов, «Алдар көсе»), Исатай (Жансүгіров, «Исатай-Махамбет») Шекспирдің 1939 жылғы «Отелло» қойылымында – Кассио және тағы басқалары. Қазақ, орыс және шетел драматургтерінің таңдаулы шығармалары актер репертуарының негізін құрады», – деп жазады.
Шәкен Аймановтың алғашқы бас­палдағы театрдан басталды. Ш. Ай­манов өз шеберлігімен театр­да бәрін де мойындата білген еді.
Теа­тр сахнасында болсын, кино әлемінде болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы тиген дүниелердің бәрі ерекше құнды. Шәкен ойнаған Хлестаков («Ревизор»), Ақан сері («Ақан сері-Ақтоқты»), Кассио («Отелло») рөльдері мәңгілік бейнелер. Актер ретіндегі талантына оның жиырма жылдай театр сахнасында ойнаған рөльдері куә. Ол ойнаған әрбір рөл өзгеше бір әлем, өзгеше бір құдіретті паш ететін. Петруччио, Ақан сері, Абай, сияқты сан рөлдері көрерменін еш жалықтырмады. Кинорежиссердың «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы пе­ріште, «Атаманның ақыры» және т.б. фильмдері шын мәнінде қайталанбас туынды болып қалды. Экранға шыққанына қырық алты жылға жуықтаған «Тақиялы періште» фильмі әлі күнге көрерменін еш жалықтырған емес. Қырық жылдан астам уақытта бірталай ұрпақ ауысты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін «Тақиялы періштенің» әрбір эпизодын жатқа біледі. Кино арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Кино идеологияның құралы екенін коммунистер көсемі Ленин айтты десек те, бүгінгі күні көзіміз оған анық жеткен. Оған қазақ киносының алтын ғасыры саналған уақыт пен бүгінгі кезең куә. 
Шәкен  Айманов  Өмірі  мен  шығармашылығы  (философиялық талдау)Шәкен Аймановтың киноға келу тарихы да өте қызық. Режиссер өз естелігінде: «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссеры – М.Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ, кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме рөл беруін өтініп едім, ол маған рөлдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде рөль беремін», – деп өз уәдесін берді М.Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің рөліне бекітті. Осылайша, мен кино актер болдым», – деп жазады.
Ш.Айманов өзінің киноға кездейсоқ келмегенін айтады. «Мүмкін, мен кино алаңына кездейсоқ келген шығармын. Мүмкін, мен киноға түскім де келген шығар. Бірақ, олар менің дарынымды танып, байқауы үшін ерекше еңбек еттім. Бар күш-жігерімді жұмсадым», – дейді. Болашақ режиссердің Сәрсеннен кейінгі ойнаған рөлі – «Абай әніндегі» Шәріп бейнесі. «Абай әніне» Шәкенді алып келген Қалибек Қуанышбаев болды. Аймановтың бағын жандырған рөльдің бірі – Жамбыл бейнесі. Жамбыл рөліне Шәкен Аймановтың бекітілуінің өзі бір талай әңгімеге арқау боларлықтай еді. Әуелде режиссерге Шаймұхамедтің рөлі тиген екен. Түсірілім басталар сәттен Е.Арон Аймановтың ерекше талантын байқап басты рөлді оған тапсырады. 
Шәкен  Аймановтың  кино  әлеміне енуі­мен кинодраматургия  атты қиын да күрделі жанр қазақ киносына көп қиындықтар тудырды. Бұл 1953 жыл болатын. 1945 жыл­дан 1952 жылға дейін Қазақстанның киноиндустриясы тоқтап қалды. Мықты режиссерлердің көбі Алматыны тастап, орталыққа кетті, бос қалған павильондар мен цехтарда жұмыс істейтін кадрлар жоқтың қасы еді. Кинодраматургияның дәмін татып үйренген режиссерге бұл әлем таңсық емес еді. Осылайша, болашақ режиссерге кино үйінің есігі айқара ашылды.  Дарынды  ұл қазақ кино әлемінде өшпестей ізі бар туындыларды дүниеге  әкелді. Осы тұста тағы бір пікірге көз жүгіртер болсақ, көзкөргендердің көбі Аймановтың мейірімді, білікті, сұлу, ақылды, дарынды, адамгершілігі мол, қайырымды жан екенін көбірек айтады. «Тақиялы періште» фильмінде Айша рөлін ойнаған актриса Шолпан Алтайбаева: «Шәкен Айманов – нағыз қазақ еді. «Менмін» деген әр қазақ дәл Шәкен Аймановтай болса ғой деп армандаймын. Мінезі қандай еді?! Шәкен Аймановтай актердің жанын түсініп, актерді ерекше сүйген режиссер көрген емеспін», – дейді. Расында, тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп бере салғандай еді. Ән өнерінде «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкендей ешкім орындай алған жоқ деседі. Оны өнерге алып келген де ән. Өнер әлемінің есігін қақтырған да ән. Ән болғанда да қандай ән. «Жиырма бес» пен «Екі жирен». Әйгілі «Атаманның ақыры» фильмінде «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын.
 Шәкен Айманов «Оператор да, суретші де, композитор да сөз жоқ талантты болуға тиіс. Тіпті, администратор мен пиротехникте ерекше дарынды болса деймін. Дегенмен, фильмнің жетістікке жетуіне де, құлдырауына да кінәлі адам – режиссер», – дейді. Шәкен Айманов ерекше дарын иесі болмаса, талантты фильмдер өмірге келмес те еді. Кино алаңында дана да, бала да бола білген дара таланттың құдіретінің арқасында мәңгі өлмейтін туындылар дүниеге келді. Ол шын мәнінде аса дарынды суреткер еді. Сонымен бірге Шәкен режиссер ғана бола білген жоқ. Ол әрбір дүниеге келген кино туындысының төл әкесі де болды. Дарынның арқасында әрбір рөльге лайықты мықты таланттарды тани білді. Таланттардың қайсысының икемі қай рөльге келетінін дөп басып білді. Әрі оның бұл интуициясы алдаған жоқ. Ол таңдаған актерлер өз образдарын қалай ойнап шыққанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Егер, Аймановтың қолтаңбасы қалған фильмдер ғажайып болмағанда, қырық-елу жыл бойы телеэкран бетінен көрінбес еді. Әлі күнге ол фильмдер өзінің құнын жоғалтқан жоқ. 
Шәкен Аймановқа тән ерекше тағы бір қасиет – ағаларына, інілеріне, достарына еркелей білгені. Көзкөргендер Шәкеннің қалжыңы да ерекше болғанын айтады. Қазақ театр өнерінің, кино өнерінің алыптарымен бірге әзіл-қалжыңға толы әңгімелері әлі күнге аңыз болып айтылады. Аймановтың қалжыңына алданған қаламгер ағаларымыз да аз емес. Олардың қай қайсысы да Шәкеннің бұл ерекше қырын мақтанышпен еске алар еді. Дара таланттың еркелігін көтере де, еркелете де білді. 
Ой-пікірімізді қортындылар тұста Ш. Аймановтың өмірі мен өнер жолын қысқаша кезеңдерге тоғыстырып көрсетер болсақ мынадай болар еді: ол  1947-51 ж. қазіргі Қа­зақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. «Абай әндері» (1945), «Жамбыл» (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953-70 ж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968). Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970) фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958-70) қызметін атқарды. КСРО Мем­лекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және «Қазақфильм» студиясы (1984) Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. 
Осы деректердің нәтижесінде Шәкен Айманов түсірген әрбір фильм несімен құнды деген сұрақ туатыны заңды. Аймановты нағыз кино режиссер еткен өнерге деген адалдығы еді. Егер, Шәкен Айманов өнерді өзінен артық құрметтемегенде, өнерді өз баласынан артық сүймегенде, бұл фильмдер дүниеге келмес еді-ау. «Он бес жылда он фильм түсірдім. Өзімді әлі толыққанды кинорежиссермін деп айта алмаймын», – дейді. Бұл Өнерді шынайы сүйген жанның өзіне берген бағасы. Бір фильмі шықса, «жұлдыз» ауруымен ауыратындар үшін бұл үлкен сабақ болар еді. Әлемдік режиссерлар туралы мақтанып айтып жүргендер өзіміздегі барды неге бағалай білмейді екен?! Голливудтың, Болливудтың фильмдерімен шектесе алатын фильм түсіру үшін режиссерге Шәкен Аймановтың мектебінен өтсе, жетіп жатыр. Аймановта бар қасиеттерді бойына дарыта білсе бұл ел өнеріне үлкен мерей болмақ. 
Арада ұзақ жылдар өтсе де, Шәкен Аймановтың әрбір сөзі, әрбір естелігі әлі күнге бүгінгі ұрпағына сабақ болып келеді. Кинодраматургияны дамытамын деген, қазақ киносын жаңа белеске көтеремін деген әрбір жас ең әуелгі қадамын Шәкентанудан бастағаны жөн. Шәкен Айманов кино түсіргенде қалай болды? Оның өзге режиссерден кереметі неде? Ол неге өлмейтін, өшпейтін фильмдер түсірді? Оның құпиясы бар ма деген сияқты сан-сауалға жауап іздеген ұрпақ көп болса, қазақ киносының да алтын дәуірі қайта туары даусыз. Сонда ғана қазақ киносының бағы жанады. Сонда ғана қазақ киносын жаңаша деңгейге көтерген алыптардың армандарының орындалары хақ.  

Айдос Сахариянов,   
Абай атындағы ҚазҰПУ
1 курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Б.Нөгербек, Г.Наурызбекова, Н. Мұ­қышева «Қазақ киносының тарихы», Алматы, «Издат-Маркет», 2005. 
2. Қ.Сиранов, «Кино, жылдар, ойлар», Алматы, «Өнер», 1983.
https://www.kinostan.kz
https://kk.wikipedia.org

10465 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз