• Тарих толқынында
  • 01 Тамыз, 2016

Ғасырлық дәстүрді сабақтастырған қала

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемле­кеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, зиялы қауымның, іскер топтар мен мәдени-ағартушылық ортаның өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы биыл Астана күні ай­рықша мәнге ие екенін, өйткені, ел Тәуел­сіз­ді­гінің 25 жылдығы аясында тойланатынын айтты.


– Елорда кез келген елде бар жақсы нәрсенің бәрін өзіне шоғырландыра отырып, мемлекеттің нақты өмірін бейнелейді. Елорда – әрбір ұлттың ұстыны. Қазақстандықтар үшін Астана да осындай мегаполиске айналды. Жаңа елорданың негізін қалау Отанымыздың тәуелсіздік тари­хының алтын парақтары болып саналады. Астана біз үшін – бірігудің, тұтастықтың, халқы­мыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің рухтандырушы рәмізі. Астана рухы ғасырлық дәстүрлерді, даналықты, ха­­лық­тың шығармашылығын, Қазақстан хал­қының өткенін, қазіргісі мен келешегін са­бақтастырады. Біздің мемлекетімізде, экономика мен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбе­гейлі өзгерістер елордамызда айнадағыдай көрі­ніс тапқан, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдары Астанада қаланың одан әрі дамуына ықпал еткен халықаралық деңгейдегі көптеген ірі іс-шаралар өткеніне тоқталды.
– Астана ЕҚЫҰ-ның жаңа мың­жылдықтағы алғашқы саммитін қабылдады, ЭКСПО дүниежүзілік көрмесінің 17-ші астанасы атанды. Мұнда әлемнің ислам мемлекеттерінің көшбасшылары қатысқан конференция және Қазақстанды танымал еткен басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті. Бұл – біздің аста­намыздың әлемдік қоғамдастыққа жоғары дең­гейде танылуының көрсеткіші. Астана бү­гінде болашаққа көз тігеді, қаланың даму қар­қыны оны өмір сапасының жаңа стан­дарт­тарының үлгісіне, бүкіл Еуразия үшін инновациялық дамудың урбанизациялық моделіне айналдырады. Мұнда жаңа өндірістер іске қосылып, шағын және орта бизнес дамып жатыр. Қала инфрақұрылымы жақсаруда, жаңа мәдениет және демалыс нысандары ашылуда, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елорда қазіргідей күрделі уақытта да даму қарқынын түсірмей, қалған өңірлерді қолдап, бүкіл Қазақстанға сарқылмайтын күш-қуат беріп отыр.
– Осы уақыт ішінде үлкен жолды артқа тас­тадық, көп нәрсе жасалды, бірақ атқара­ты­нымыз әлі де көп. Біз бұған дайынбыз, ол үшін  қажетті  мүмкіндіктер  мен құлшыныс бар. Астана біздің тәуелсіздігіміздің, дамудың шынайы көрінісіне, азаттық пен инновация рухына айналды. Қазақстандықтар үшін жаңа елорда, бұл – Отанымыздың жүрекке жақын, тартымды орталығы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы барша Қазақ­стан халқын мерекемен құттықтап, бақыт пен бақ-береке тіледі.

273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз