• Заманхат
  • 16 Шілде, 2012

ШОВИНИЗМ ТУРАЛЫ

Мұстафа ШОҚАЙ

Большевиктердің атамекеніміздегі ұлт­тық қозғалысқа қарсы қолданып отырған ең залалды құралдарының бірі – бізді «ұлттық шовинизммен» айыптауы болып табылады. Өзінің ұлттық құқығын аз да болса қорғағысы келетін кез келген түркістандықты большевик узурпаторлары «шовинист», «төң­ке­ріс пен пролетариаттың сатқыны» қатарына жатқыза салады. Осындай түр­­кіс­­тандықтар партия мүшесі болса, партиядан аласталысымен үкім шы­ға­рылады да, керітөңкерісшілдерге қарсы большевиктік тәсілмен оқ атуға жаны құмар әуескойлардың нысанасына айналады. Большевиктердің бізге таңып отырған шовинизмі не нәрсе? Енді соған келейік. «Шовинизм» деп басқа ұлт­тар­­дың мүдделері есебінен тар ұлт­шылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмір­лік мүдделерін тек өз ұлтының мүд­­десі үшін құрбан етуді айтады. Шовинизмнің бой көрсетуі үшін шови­­­­низммен айыпталып отырған ұлт өзі өмір сүрген елде үстем орынды иемденуі, мемлекеттік билікті қолында ұстауы шарт. Олай болса түркістандықтарды шовинизммен айыптау үшін, ең алдымен, оларда осы айтылғандай алғы шарттардың бар-жо­ғына назар аударған жөн болар еді. Түр­кістандықтарды шовинизм дертіне шалдықтыратын алғы шарттар мүлде жоқ екенін бірден кесіп айтуға тура келеді. Түркістанда билеуші ұлт – орыстар. Сондықтан, әкімшілік те солардың қолында. Бұрындары бұл әкімдер жәй ғана орыс, ұлы орыс деп аталатын еді. Қазір олар орыс пролетариаты, орыс төңкерісшіл жұмысшы-шаруалары деп аталады. Бұрын Түркістан және Тү­р­кіс­тан түріктерінің ұлттық мүд­десі Ресей мен орыс халқына тәуелді еді. Енді бүгін атамекеніміздің мүдде­сі кеңестік Ресейдің төңкерістік орта­лығына тәуелді. 1916 жылы генерал Куропаткин: «Түркістандықтар өздерінің жер­гі­лікті және ұлттық мүдделерін Ресей және ұлы орыс халқының мүд­делерімен бір қатарға қоя алмайды. Ресей, ең алдымен, орыстар үшін» де­ген еді. Куропаткиннің осы сөзін Мәс­кеу большевиктері «қы­зыл бояумен» бояп былай дейді: «Сіз өзіңіздің жергілікті және ұлт­тық мүдделеріңізді төң­­керіс орталығының, яғни, Ресей­дің мүддесімен бір қатарға қоя алмайсыз. Орыс төңкерісшіл, проле­тариатының мүд­десі бәрінен де жоғары...» Шалуа Элиаваның әділетті түрде атап көрсеткеніндей, Түркістанда жергі­лікті пролетариат жоқ. Бұл жерде орыс пролетариаты билік құрып отыр («Яш Түркістанның» 1-санын қараңыз). Ендеше, патшалық үстемдік кезіндегі сияқты, Түркістанда қазір де орыс шовинизмі билік жүргізіп отыр. Бұрын орыс шовинизмі жыртқыш сипаттағы ұлтшылдық болатын. Қазір ол «төңкерісшіл шовинизм» түрінде көрінуде. Орыстардың үстемдігіне қарсы күре­сіп, өз халқын, ата-мекенін орыс­тармен бірдей деңгейге көтеру үшін ұмтылып отырған түркістандықтарды шовинизммен айыптаудың қисыны бола қояр ма екен? Әрине, болмайды. Атамекеніміздің ұлттық құқығы жолында жүргізіп жатқан күресіміз, тіпті, кейде «демократияның шекарасын» аттап кеткен күннің өзінде ешкім бізді шовинизммен айыптауға қақысы жоқ. Біз ұзақ жылдар бойы зынданда отыруға үкім етілген күнәсіз адам сияқтымыз. Мұндай халге душар болған тұтқын қайткен күнде де зынданнан құтылудың амалын қарастырады. Терезедегі темір торды кесіп тастауға, зындан күзетшісін ұрып­ жығуға дайындалады. Осындай батыл қимылдарына бола ондай адамды «там тесер ұры» немесе «бас­кесер қарақшы» деп таңбалау дұрыс болмас еді. Энгельс кезінде Ресейді «халықтар түрмесі» деп атаған еді. Ресей қазір де халықтар түрмесі күйінде қалып отыр. Біз кеңестік зынданның темір торларын аралап жатырмыз. Біз елімізді қамауда ұстап отырған зындан қарауылдарына қарсы күресеміз және күресуге тиіспіз де. Біз бостандыққа ұмтыламыз. Осы ұмтылысымызды кім­де-кім шовинизм деп айыптайтын болса, онда олардың мұнысы – «ұлттар зынданы» туралы біздің жұмған аузымызды ашпауымыз тиіс деп және оның солай болуын бізге міндетті етіп, сондай-ақ, орыстардың зындан күзетшісі болғанын заңдастырып бер­гендік болып шығады. Біз өзіміздің ұлттық еркіміз бен тәуелсіздігімізді талап етеміз. Біз мил­­лиондаған бауырларымыздың қан­­дары төгілген, сүйегі жатқан ұлт азат­тығы жолымызда орыс үстемдігі, ұлы орыс шовинизмімен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз бұл үстемдікті аударып тастап, оның орнына түркістандықтардың билігін орнатуымыз керек. Патшалық Ресей бізді тұншық­тырды, атамекенімізді қанға боя­ды. Боль­шевиктік Ресей де біз­ді тұн­шықтырып, атамеке­німіз­ді, отба­сы­мызды қанға бояуда. Басқа­ла­ры былай тұрсын, «болашақ­тағы демократиялық Ресейдің» өкілдері делініп жүрген Керенский және оның пікірлестері де біздің өз атамекенімізде орыстармен тең болғымыз келетіні жөніндегі талап­тарымызды құп көрмейді, құқай көрсетеді («Дни» журналының 17-саны қаралсын). Міне, сол үшін де біз орыс билігінің барлық түріне кектене қараймыз. Оның тізгінін қолдарына ұстап отырғандарға қарсы күресіп жа­тырмыз және бұдан соң да күресе бере­тін боламыз. Мұнда тұрған қандай шови­низм болуы мүмкін? Егер, біз өзі­міздің ұлттық өкіметімізді орнатып бекемдеген шағымызда орыстарды және басқа шағын ұлттарды Мәскеу­дің, қазір, бізді «пролетариат дикта­турасы» деген желеумен езіп отыр­ғаны тәрізді езетін болсақ, міне, сол уақытта ғана бізді шовинизммен айып­­тау шындыққа сәйкес келер еді. Мемлекеттік билікті қолында ұстап отырған ұлт қана шовинизмді жүргізе алады. Өкінішке орай, біз зын­данға тасталған кінәсіз адамның халін­деміз. Біз бұрын патшалық Ресей, қазір кеңестік Ресей деп аталған зынданның темір торларын ара­лап жатырмыз. Біз зындан қо­жайын­дарына шабуыл жа­сауымыз, жолымызды олардан тазар­туы­­мыз лазым. Бұл – шовинизм емес. Бұл – халқымыздың ұлттық мұраттары жо­лындағы күрестің табиғи бір көрінісі ғана. 1930 ж. №2

669 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз