• Заманхат
  • 15 Қыркүйек, 2016

Ыбыраймен бірге оқыған

Серікбай Оспанұлы, 
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры,
Эльмира Наурызбаева, тарих 
ғылымының кандидаты, Қостанай 
мемлекеттік педагогикалық       
институты «Қазақстан тарихы» 
кафедрасының меңгерушісі.

Патша өкіметі Орынбор шекара комиссиясы жанынан 1850 жылы қазақ балаларына арнап мектеп ашқаны белгілі. Ондағы мақсаты – Қазақ балаларына білім беріп, жоғары қызмет істеулеріне жағдай жасау емес, писерлер мен тілмәштар дайындау еді. Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балалары оқитын мектепке басшылық жасау жөніндегі нұсқаудың бірінші-екінші параграфтарында оқушылардың қазақ сұлтандары, би, старшындары мен карапайым отбасынан шыққандарының барлығы үкімет қарауына беріліп, мектепке тәрбиеленушілер қабылдау екі жыл сайын 22 тамызда жүргізілуі керектігі айтылған. Нұсқаудың үшінші параграфында ордалықтар балаларын мектепке орналастыру үшін билеуші сұлтан мен Орынбор шекаралық комиссиясына өтініш берулері тиіс екендігі көрсетілсе, төртінші параграфында мұсылмандық ғибадатты атқарушыны Орынбор рухани мұсылмандар жиналысы таңдап, шекаралық комиссия ұсынысымен Орынбор әскери губернаторы бекітуі тиістігі, бесінші параграфында сабақ беретін мұғалімдерді орыс және татар тілдерін, көркем жазу мен арифметиканы жетік меңгерген Орынбор Неплюев кадет корпусы оқытушылары мен осы оқу орнында білім алғандар арасынан немесе Қазан университетін бітірушілер қатарынан таңдап, оларды Орынбор әскери губернаторы рұқсатымен бекіту керектігі көрсетілген. 


Тергеу ісі мен кеңсе қағаздарын жүргізу оқы­ту­шыларын Шекаралық комиссиясы шенеу­ніктері қатарынан, солардың ішінде хатшылар арасынан комиссия төрағасы тағайындапты. Сондай-ақ, гимнастика сабағын өткізу де жоспар­ланып, оған мұғалім Неплюев кадет корпусынан шақыртылыпты [Орынбор шекаралық комис­сиясының жанындағы қазақ балаларына арнал­ған мектеп туралы ереже көшірмесі // Орынбор орталық Мемлекеттік мұрағаты, 6-қор, 10-тізімдеме, 561/2-іс]. 
Орынбор шекаралық комиссиясының жанындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектеп туралы ережеде (14 маусым, 1844) мынадай пәндер оқытылуы керектігі көрсетілген: ислам заңдары, орыс тілі, оқу, таза жазу мен грамматика; Арифметика және есеп шотта санау тәсілі; татар тілі, іс жүргізу тәртібі және орыс тілі мен татар тілінде іс қағаздарын жазу.
Татар  тілінен колледж хатшысы Бекчурин, орыс тілі мен арифметикадан титулярлық кеңесші Костромитинов, Мұхаммед заңынан Орынбор мешітінің ахуны Мусин сабақ берген. Дүйсенбі, сейсенбі күндері сабақ 9ºº-де басталып, сағат төртте, сәрсенбі, бейсенбіде сабақ сағат 9ºº-де басталып, 11ºº-де аяқталған. Сенбі, жексенбі күндері сабақ 9ºº-де басталып, сағат төртте аяқталған [Орынбор шекаралық комиссиясының жанындағы қазақ балаларына арналған мектептің сабақ кестесінен // Орынбор орталық мемлекеттік мұрағаты 9-қор, 9-тізімде, 10-іс.].
Аптасына өтетін 20 сабақтың сегізі орыс тілінде, алтауы татар тілінде жүргізілген. Қазақ тілі атымен жоқ. Бұдан ХІХ ғасырдың 50-80 жылдарында қазақ даласында татар тілінің іс-қағаздар тілі болғанын, қазақ тіліне мән берілмегенін аңғару қиын емес. Бұл тілін ұмыттырып, дінінен тайдыру, ділінен айыру, сөйтіп шоқындыру айла-тәсілі еді. 
Мектептің ашылу салтанаты жайында А.В.Васильев «Торғай облысындағы халық ағарту ісі және оның қазіргі күйі туралы очеркінде»: «Шекара комиссиясы жанындағы мектеп 1850 жылдың 22 авгусы күні салтанатты түрде ашылды, оған қырғыздардың барлық игі жақсылары, оқушылардың ата-аналары мен өзге туған-туысқандары қатысты, олардың бәріне мектепте қонақ асы берілді,  сол қонақ асыға Орынбор қаласының барлық білікті адамдары қатысты,- деп жазды, - 23 күні қырғыздарға арналып, қаланың сыртында, халықтық мереке өткізілді, онда ат жарыс, күрес, жаяу жарыс өткізілді, қонақ асы берілді; түнге қарай фейерверк жағылды, оған дала тұрғындары таң-тамаша болып қарады» [Орынбор, 1896. –37-38 б.б.].
Бақылаушылар жалақысы – 400 сом; орыс тілі, көркем жазу, арифметика мұғалімінің жалақысы – 250 сом; татар тілі мұғалімінің жалақысы – 250 сом; Мұхаммед заңдарынан оқытушы ахунның жалақысы – 100 сом; екі унтер – офицер әрқайсысы 80 сомнан 160 сом алып отырған. Барлық жалақы мөлшері жылына күміс 1110 сомды құрады. Тәрбиеленушілерді қамтамасыз ету үшін: тамаққа әрқайсысына 36 сомнан бөлгенде 1080 сом, киімге әрқайсысына 25 сомнан 750 сомды құрады. Барлығы – 1830 рубль. Жылу мен жарыққа, қызметкерлер жалдауға және басқа да шығындарға – 1000 сом. Штатқа бөлінген жалақының жалпы көлемі: 3940 сом болды. 1959 жылдан бастап мектепте орыс тарихы, математика, жалпы және орыс географиясы мен геометрияны оқыту енгізілді. Оқу құралдары Халық ағарту министрлігі тарапынан қамтамасыз етіліп отырды. Бірақ, сонымен бірге, оқу орнының жарғысы бойынша мұғалімдер губерния туралы, оған қоса егін шаруашылығы жайлы мәліметтерді қосып, тарихи, метеорологиялық, топографиялық және статистикалық жазбалар жүргізуге міндеттенді. 
Оқуға Орынбор өлкесінен 30 оқушы қабылданды. Олардың аты-жөні, неше жас­та, кімдердің балалары екендігі Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектеп туралы ережеде таблица жасалынып берілген. Ибраһим Алтынсарин – жасы он бірде, әскери старшина Балғожа Жаңбыршиннің немересі, Едіге Айтоқин жасы он екіде, дистанциялық басшы Айтоқаның ұлы, Тілеу-Мұхаммед Саматов – жасы он екіде, Самат Әбілғазы Сұлтанның, Жүсіп Құлқаев – жасы он екіде, Құлықай Жәнібеков Сұлтанның (қайтыс болған), Смайыл Хисамутдинов – жасы он үште, құрметті қазақ Хисамутдин Байгиловтің, Ихсан Хисамутдинов – жасы он екіде, құрметті қазақ Хисамутдин Байгиловтің, Жақып Аманкелдин - жасы он екіде, би Мұңсызбай Сағыровтың, Қалиолла Құнанов – жасы он бірде, жергілікті басшы Құнан Тілеубердиннің, Момын Байдасов – жасы он екіде, Сегізбай Асқартов – жасы он бірде, Жолмұхамед Байжанов – жасы он екіде, Қалжан Қаржасов – жасы он екіде, Шахмұрат Құлыбеков – жасы он үште, Смағұл Битазов – жасы он бірде, Шаймұрат Көшербаев – жасы он үште, Аманжол Ұзақбаев – жасы он бірде, Құдабай Көпбергенов – жасы он төртте, Жұмағұл Жамбаев – жасы он екіде, қарапайым қазақтардың балалары. Бекболат Күнгірбаев – жасы он бірде, Тілеубай Жамантаев бидің туысы, Сүлеймен Мұхамедғалиев – жасы он бірде, Орданың батыс бөлігінің билеуші – сұлтаны әскери штаршын Мұмхамедғали Тяукиннің, Сағиткерей және Әділкерей Күсепқалиевтер – жастары он төртте, Хурунжи Сұлтан Күсепқали Ормановтың, Өтебай Бердалин – жасы он төртте, Сұлтан Бердалы Сариевтің, Қаншуақ Байтоқов – жасы он бірде, би Байтоқ Айбасовтың, Аймұхамбет Шолақов – жасы он екіде, жергілікті басшы Шолақ Айбасовтың [Орынбор орталық мемлекеттік мұрағаты 6 қ. 10-тізімдеме].
Бұл тізімдемеде 27 оқушының аты-жөні бар. Ал қабылданғандар саны  – 30 шамасы, үш бала сәл кейін қосылған тәрізді. Өйткені олардың аты-жөні мектеп бітіргендердің ішінде бар. Олар – Тоқтамыс Қосуақов, Айтмұхамед Дербісов және Мырзағали Бахтияров. 
Мектепте 1857 жылы 20 қазақ баласы оқып шықса, солардың бесеуі – Шахмұрат Құлыбеков (Ақтөбенің Ырғыз ауданынан), Тоқтамыс Қосуақов (Ақтөбенің Темір ауданынан), Нұрым Мұңсызбаев (Қостанайдан), Ибраһим Алтынсарин (Қостанайдан), Шаһмұрат Көшербаев (Қостанайдан) үздік бітірген. Бұл бес балаға да 1858 жылы 8 қазанда Орынбор жеке корпусы бұйрығымен Муафик – Хорунжий лауазымы берілген (Хорунжий – әскери шен. Оған зауряд қосылса, әскери емес, билеуші). 
Қалған он бес оқушы: Аймұхаммед Дер­бісов (Қостанайдан), Халиолла Қожанов (Қостанайдан), Мерғали Бахтияров (Оралдан), Момын Байдосов (Қостанайдан), Әділгерей Күсенғалиев (Оралдан), Ханшуақ Байтоқов (Оралдан), Сақыпкерей Күсенғалиев (Оралдан), Сегізбай Ақсартов (Қайдан екені жазылмаған), Қалжан Қаржасов (Қостанайдан), Құдабай Көпбергенов (Қостанайдан), Едіге Айтоқин (Қостанайдан), Тілеумағанбет Саматов (Ақ­төбеден), Өтебай Бердалин (Оралдан), Сүлеймен Мұхамедғалиев (Оралдан), Жол­мұхам­мед Байжанов (Қостанайдан) [Орынбор архиві, 6 қор, 10 тізбе, 7325 «а» іс]. 
Мектепті бітіруге тиіс 20 бала болса, олардың 8-і келесі жылға қалдырылады. 
Орынборға Ыбыраймен бірге Жанбайұлы Жұмағұл, Байдосұлы Момын, Амангелдіұлы Жақып, Айтоқаұлы Едіге, Байжанұлы Жол­мұқанбет, Мұңсызбайұлы Нұрым, Ақ­саратұлы Сегізбай, Қаржасұлы Құлжан, Көпбергенұлы Құдабай, Көшербайұлы Ша­мұ­рат барады. 
Мектепті бітірген жиырма баланың ішінде осы Орынборға Ыбыраймен оқуға бірге барған Жанбайұлы Жұмағұлдың, Амангелдіұлы Жақыптың, Мұңсызбайұлы Нұрымның, Көп­бергенұлы Құдабайдың аттары аталмайды. 
1859 жылы бұрынғы шекара комиссиясы Орынбор облыстық басқармасы делініп өзгертіледі. Осы басқарма жанындағы мектеп оқушыларының саны қырыққа, 1863 жылы елуге жеткізіледі. Мектеп 1868 жылы 2 желтоқсанда жабылады. 19 жылда 48 бала бітіріп шығыпты. 1888 жылдан 1901 жылға дейін Омбыдан шығып тұрған  «Дала уалаятының газеті» қазақтардың ұлттық саясатын оятатын дерек көздері басылуы себепті, бұл құбылыстан сескенген проф. Ильминскийдің ұсынысы бойынша жабылып қалған еді» [М.Мырзахметұлы], сол сияқты бұл мектептің жабылу себебін де түсінуге болады. Төрт бала Орынбор шекара комиссиясында қызметке қалдырылады да, көбісі дистанция бастықтарына хат-қағаз жүргізуші болып тағайындалады.  1857 жылы үздік оқыған – Ыбырай Алтынсарин, Нұрым Мұңсызбаев пен Шахмұрат Құлыбеков жаңадан сахарада ашылған мектептерге сабақ беруге жіберіледі. Ыбырай  Орынбор бекінісіне (Тор­ғайға), Шахмұрат Орал бекінісіне (Ырғызға), Нұрымның қайда жіберілгені белгісіз. Ильминский Ыбырай жайын­дағы естелігінде үшеуінен басқа тағы бір адам­ның мұғалімдікке жіберілгенін айтады, бірақ аты-жөнін атамайды. Ә.Сыдықов Сырдариядағы №1 форт жанында (Қазалыда) және Перовск бекінісінде ашылған мектептерге де  осы Орынбор Шекара комиссиясы жанындағы мектепті бітірген адамдар тағайындалғанын айтады. Бірақ, әзірге оларды білмейміз.  Шахмұрат Құлыбеков – Қазіргі Ақтөбе облысы аймағында бірінші рет 1864 жылдың 25 қазанында Ырғызда бастауыш мектеп ашылып, сонда бірнеше жыл мұғалім болған. Мектепте 14 бала оқыған. Мектепте сабақ беруге жағдайы келмегендіктен Шекара комиссиясына тілмаш болып орналасыпты. «...Тоқтамыс Қосуақовқа бір қақтығыста орыс әскерінің оғы өндіршегінен тиіп содан қаза болыпты, басқаларының қандай қызметте болғандары белгісіз» [Ахмедов Ғ. «Алаш «Алаш» болғанда», Алматы. «Жалын» 1996. -120 – 121 б.б.]. Торғай облысының ауылдары мен қалаларында мектеп ашуға Ыбырай Алтынсарин қаржы жинағанда 4 адамның бірі болып Құлыбековтің 100 сом ақша бергені айтылады.
1887 жылы 15 қыркүйекте Қазақстанда тұң­ғыш рет Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының орталығында бір кластық әйелдер училищесі ашылып, оған алғаш 17 қыз қабылданыпты. 1888 жылы училище жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат ашылған. «Бұл училищеге Қостанай, Торғай, Ақтөбе уездері қазақтарының қыз­дары да келіп оқыған. Осы училищенің ашылуына Ы.Алтынсарин бастаған қазақ зиялылары атсалысқан. Олардың арасында Әлмұхамед Сейдалин, Шахмұрат Құлабеков рухани қолдап, қаражаттай да демеушілік көрсетіп отырған» [«Ақтөбе энциклопедиясы», Ақтөбе, 2001. -732 б.]. 1859 жылдың қысында Н. Ильминский қазақтың атақты жырауы Марабай Құлжабайұлынан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп шығарғаны белгілі. Марабайдың айтуымен жырды татар әрпімен қағазға түсірген осы Ш.Құлыбеков екен. Бұл жайында Н.И.Ильминский Ы.Алтынсарин жайындағы естелігінде былайша сыр шертеді: «1859 жылдың қысында батыс жақтағы Марабай (суырып салма, шешен) жайында естіп, В.В. Григорьевтен Орынборға шақыруын өтіндім. Бірақ, жайлы пәтер, қазынаның тегін күтіміне қарамастан дала ақыны өзін бұл жерде тордағы құстай сезініп, қаладан кеткенше асықты. Марабайдың айтуымен Құлыбеков татар әрпімен «Ер Тарғын» жырын әрең дегенде жазып үлгірді». Бұл айтылғандардан, біз Шахмұрат Құлыбековтің де Ыбырай сияқты қазақ балаларының оқып, білім алуына жағдай жасағанын,  мұғалім болғанын, мектептерге үнемі жанашырлық жасап, өз қалтасынан қаржы-қаражат беріп отырғанын, сауаттылығын байқаймыз.
Ыбырай Торғайда мектеп ашуға 1960 жылы кірісіп, он тоғыз жыл ішінде он бір мектеп ашқан. Бұл оңай шаруа емес. Бір шеті мен екінші шетіне ұшса құс қанаты талатын Торғай облысының ауылдарын қысы-жазы аралап, жалынып-жалпайып жұрттан тиындап ақша жинау үшін шыдам керек. Оның үстіне, қараңғы халықтың көбі үмітпен емес, күдікпен қарап, «балаларымызды шоқындырып жі­береді» деуі, өзін «шоқынды» атауы жүрегіне инедей қадалады. Түсінгендері қолдарынан келген көмектерін аямай, барын ұсынады, отын, кірпіш дайындауына қолұшын береді. Ең келеңсіздігі чиновниктердің шовинистік көзқарастары, қазақ даласында мектептер салуға қарсылығы, аяқтан шалып, қудалауы, өтірік-өсек қаулатуы... Осының бәріне төзіп, қолға алған ісін тоқтатпауы – Ыбырайдың ерлігі, елін шексіз сүйгендігі!
Қашан да  халыққа қызмет етіп, ел үшін еңбек еткен адамдардың ғана тарихта аты қалған. Соның бір дәлелі – мектеп ашып, бала оқытқан, жанқиярлық жұмыс жасаған Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбековтің есімінің ел есінде қалуы. Орайы келгенде айта кетейік, Ы.Алтынсарин  білім алған бұл мектепте 1856 жылы Абылхайыр ханның тікелей ұрпағы, Айшуақ ханның шөбересі «Қазақстан тарихының» бірінші авторы Исанжар Асфан­дияровтың әкесі Сейітжаппар Асфандияров та (1889-1939) оқыған. Ерекше қабілетті Сейітжаппар төрт жылдық курсты бітіргеннен кейін репетитор ретінде қалдырылады. Ресей империясы Оңтүстік Қазақстанды өзіне қаратқан соң 1867 жылы Түркістан генерал губернаторының штатында қызмет атқарады.
С. Асфандияров парсы, түрік тілдерін жақ­сы меңгеріп, жаза да білген. Сондықтан да, Түркістан генерал-губернаторының жанында шығыс тілдерінің аудармашысы да болып қызмет істеген. Ол, сондай-ақ, Түркістанның губерниялық ведомостваларындағы «Тұрғы­лықты халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі» атты еңбек жазып, бастырған. Сон­дай-ақ, орыс әскерінің генерал-майор атағын алған айтулы, танымал тұлға.

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз