• Заманхат
  • 07 Тамыз, 2012

Жылқының поэтикалық бейнеленуі

Жанат Аймұхамбет, филология ғылымдарының докторы

Жылқы малының поэзияда ерекше асқақ шабытпен жырланғанына әлемдік және ұлттық поэтикалық үлгілерден тамаша мысалдар келтіруге болады. Орыс зерттеушілері ХҮІІІ–ХХ ғасырлар поэзиясына статистикалық шолу жасағанда, жылқы бейнесі 95 рет негізгі мәнде қолданғанын айта отырып, орыс поэзиясындағы анималистік бейнелердің ішінде басты орынға ие болғанын айтады [1,15]. Қазақ поэзиясына келсек, бұл есеп барынша артық екенін көреміз. Қаһармандық эпос пен тарихи жырлардағы Қара қасқа ат, Байшұбар, Бурыл ат, Тарлан, Қубас ат, т.б. батырға серік болған аттар тіпті тіл бітіп, сөйлей де алады. Қиын қыстау жерде иелеріне ақыл беріп, құтқарып алады. Ұлттық поэзиядағы жылқы бейнесінің барынша мифтендірілгенін де естен шы­ғармау керек. Ақан серінің Құлагері де осындай сипат иеленіп, ел аузында бұл жүйріктің қанаты бар еді деген аңыз айтылады. Абайдың әйгілі «Аттың сыны» өлеңі, І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – ұлттық поэзиямызда ерен жүйрік жылқыны жырлаудың биік үлгісі, аса құнды жәдігерлік. Жылқы образы Есенғали Раушанов поэ­зиясынан көп орын алады. Жылқы оған қатысты жалпы және жалқы атаулардың түрлі көркемдік мақсатта қолданылу жиілігі сандық мөлшері төмендегідей: Қамбар ата – 1, ат – 35, тай – 9, құнан – 10, тарпаң – 3, құлын – 6, айғыр – 7, бие – 5, жылқы – 8, жорға – 8, арғымақ – 6, күлік – 1, тұлпар – 7, байтал – 3, қулық – 1, ақ боз – 1, шаңқан боз – 1, сәйгүлік – 2, пырақ – 2, жабы – 2, құла – 4, бесті – 1, қасқа – 1, сәурік – 1, азбан – 3, Көкмойнақ – 6, Құбақан – 1, Қаракөк – 2, Ақсандал – 1, Сүліккер – 1, Көкжұлын – 2, Құлагер – 1, Қарагер – 1. Ал, «Қаракөк айғыр туралы баллада» – жылқының өзіндік ерекше қасиеті мен жаратылысын арқау еткен туынды. Күміс жалды күрең мен қаба жалды қара құнан – ақын өлеңдерінен өзіндік орын алып, поэтикалық бейне дәрежесінде көрінетін метафоралық- символдық бейне. Ақын сезім әлемін бейнелеуде жылқыға қатысты ұғымдарды теңеу, эпитет, метафора ретінде пайдаланады. Құлын сезім, құштар ой тез өшті ме, Қонақтайын бүгін кеп, бүгін кеткен [2, 105]. Сезімнің айқындауышы болған құлын ары қарай метафора қызметіне көшеді: Құлынымды желіңнен босатпашы, Тентек еді ол шіркін отқа ұрынар. Естіртуге өзінің үнін бөлек, Бір бостандық сұрайды ол түбінде кеп. Құлынымды жіберме жүрегіңнен, Жүрек үшін өйткені дүбір керек [2, 105]. Құлынның еркіндігі мен еркелігі, тен­тектігі мен тынымсыздығы сезімді бей­нелеуге толығымен сай келіп, сәтті поэтикалық суреттеуге ұласқан. Өтіп жатқан күндерді күрең қасқа жорға мінген кейіпте кескіндеу – ақынның өзіндік жаңалығы. Бағзы әлемдік ертегілерде түнді қара ат мінген, таңды ақ боз ат мінген адам түрінде суреттеу тәсілі бар. Есенғалидың күрең қасқа жорға мінген күні – өтіп жатқан өмірдің қалпын ақындық танымен бейнелеуінің бірегей мысалы: Қай жаққа бастайсыздар енді бізді, Күндер ай, күрең қасқа жорға мінген [2, 120]. Замана зобалаңын сөз еткенде де жылқы мінезінің өзіндік ерекшелігі көр­кемдік нысанға алынады: Ақсаңдап ауыл тұрды кепкен шал боп, Басына айғыр заман тепкен шал боп [2, 238]. Бұл жолдар «Қазақ ауылы» циклынан алынып отыр. «Ақ қашып, қызыл қуған» заманның қазақ ауылына әкелген зобалаңын көрсетуде «айғыр заман» айқындауы маңызды орынға ие. Қазақ ауылының халі «ақсаңдап тұрған, басына айғыр заман тепкен кепкен шал» бейнесінде көрінсе, бұл заманның қаншалықты қасірет әкелгенін еш баяндаусыз-ақ ұғуға болады. Күз мезгілін жыр еткенде де оны «күрең тай» метафорасымен бейнелейді (Тұратын қасымызда қасынысып // Күз деген күрең тайым қайда кетті? [2,120]). «Күзгі ойлар» өлеңінде қараша мен қауыс айлары «қылағайға мінген құдағайлар» [2,166] болып кейіптелген. Жалпы, ақынның айлары, жыл мезгілдері, уақыт мезгілдері дерлік түйеге немесе атқа мінген қалыпта бейнеленеді. «Түннің көз жасы» өлеңінде лирикалық персонаж дәрежесіне көтерілген түн «меңсіз қара ат мінген» қалпымен бейнеленген. Лирикалық кейіпкер де салт атты болып жиірек көрінеді («Сақ қара атпен салдыртып мен келемін» [2,51]; «Үркексоқтап келеді Құла неге», «Орағытам алды-артын Құбақанмен» [2,13]; «Жағалауда ойнайды кекілді ұл // Құла тайдың мойнына қолын асып» [2, 19]; «Үкілеп әсем қоңыр жорға міндім» [2, 132]; «Кетем өзім керек болмай қалған күн // Күміс жалды күреңіме мінем де» [3, 229]; «Тарпаңды міндім көлік деп» [2, 127] ). «Қаракөк айғыр туралы баллада» – тұлпардың бабы мен бағын, қасиетін пайымдатар, сонымен қатар, тұлпарды жазым еткен білместіктің өкінішін арқау еткен туынды. Қаракөк айғырдың бітімі мен салтанаты ерекше: Ақ қасты ер, жез жалатқан өмілдірік, Жібекпен сүрттім қатқан теріңді үгіп. Жапқаным жабағы жүн киіз емес, Түрікмені қалы кілем төгілдіріп. Әбзелі жараспайтын басқа малға, (Музейде, қазір бәрі астанамда), Сөз болдың маслихат құрғанда ел, Неше бір жайсаңдар мен қасқаларға [2, 31]. Қаракөкті өзінше баптап, көкпар додасына түскен лирикалық қаһарман мінген Қаракөк кенеттен сүрініп, омақаса құлаған. Атсейіс шалдың: – Балам ай, қам екен ғой Қаракөгің, Енді кеш, бір иласын табар едім... Ағат іс жасапсың-ау сен, қарағым, Ұшырдың абыройдың желге барын. Бапкердің өресі тар болса, атқа Кеңдігі неге керек кең даланың, – деп, кеюі, сосын: Соңғы амал, жабырқама секем алып, Алалы жылқы айдап өт, жеке қалып. Дүбірге шыдамайды зылт арғымақ, Не өліп, не түрегеп кетері анық [2, 32] – деп ақыл беруі тұлпарды барынша қастерлеген қазақы болмысты көрсетеді. Тұлпарды жазатайым мерт еткен лирикалық қаһар­манның көңіл-күйін қатарластыра өрген жырдың байламы бөлекше. Тас тұяқ сәй­гүліктер дүбірлеп өткенде тұлпардың ең соңғы рет ышқына ұмтылып барып өліп кеткендігін толғай келе, лирикалық қаһарман былайша түйін жасайды: ...Қалтырап бал құрағы қаралы өңір, Мен жатсам қош айтқалы саған, Өмір, Соңғы рет сом тұяқ жыр болып өт сен, Дүбірлеп тынсын мына дала көңіл [2, 32]. Жырды жүйрікке балаған ақын өзін үнемі сол жүйріктің айналасында көреді. «Қысқы таң» өлеңінде шынайы өмір мен поэтикалық әлем ұштастырыла сурет­теледі: Адымдаймын дем ысып, денем жылып, Басын ала қашады өлең-күлік [2,21]. «Саулап келген топ киік», «бауыры бұлақ бір кез мая», «сом тұяқ» өлең осылайша «күлік» болып та бейнеленген. Енді бірде «Көкмойнақ жыр – ұмтылған көкжиегім // Көкмойнаққа қора емес, кеңдік керек»[2, 24], – дейді ақын. Көкмойнақ туралы әңгімеге сәл кейінірек айналып соғамыз. Асыл текті жылқы малының қасиет-қадыры «Жетісайлық Шәрбан сейістің cары атты бәйгеге қосардағы сөзі» атты өлеңде барынша дәріптелген. Шәрбан сейістің монологы түріндегі жырда сары атқа: Қыз айтқан наздай өтімдім, Шаттанып, көңіл ашарым. Кең қолтық, майда кекілдім, Шаңырақ сауыр шашалым! Екпіні дауыл еренім, Затыңыз хайуан демедім. Жылқыда сары ат сен едің, Жігітте Шәрбан мен едім [2, 92] – деген мадақ айтылады. Ұлттық поэзиямызда жүйрік жылқыны суреттеудің классикалық үлгілері бар. Сонау батырлар жырынан бастап, бүгінгі поэзиямызға дейін әйгілі жүйріктердің тұрпаты барынша идеалдандырылған. Шәрбан сейістің сары атты бәйгеге қосардағы сөзі сол қатардан орын алар дүние. Ертегілер мен қаһармандық эпостарда батырдың ең жақын серігі болып, тіл бітіп сөйлейтін, қысылшаң кезде қанат бітіп ұшатын жылқы малы ұлттық және әлемдік танымда мифтік сатыға көтерілген. Судан шыққан суын, қанатты пырақ, кентавр бейнелері соның мысалы. Ақын өлеңдерінде көп аталатын Көк­мойнақ туралы сөз қозғағанда «Көк­мойнақтың үйірі» атты жырға назар аударғанымыз дұрыс болар. Әуелі ақын­ның өзін сөйлетсек: «Біздің ауылда осындай жыр болатын. Әдетте оны тек кәрі кісілер айтушы еді. Бұл неткен жыр, қалай туған, авторы кім – ол кезде бала болдық та, тек жаттап алуды ғана біліппіз. Мұндағы «Көкмойнақ» деп отырған – Адай жылқысының тұқымы. Қазақ энциклопедиясындағы сипаттамаға жүгінсек, «Адай жылқысы – қазақ жылқысының салт мінетін бір тұқымы. Ұзақ жүріске төзімді, жүйрік, қағылез, безбүйрек. Онда түрікпен жылқысының қаны бар. Бағасы етсіз, көзі кішкентай, жанары мол, мойны қысқа, шоқтығы биік, арқасы түзу, сауыры ұзын әрі салыңқы, аяғы жуан, бірақ етсіз, тұяғы берік болады...Суық пен ыстыққа төзімді келеді, қысы жазы жайылымда болады, күтім талғамайды». Осылай дей келіп, ақын жыр авторының белгісіз екенін, өзінің жадында қалған нобайы бойынша қағазға түсіргенін айтады. Бұл жерде жырдың өңделуі мен толықтырылуы ақын тарапынан болған шығармашылық еңбек екенін ескерте кеткеніміз жөн. Жырдың тарихи маңызы басым. Өйткені, онда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Маңқыстау түбегіндегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайдың бізге белгісіз қырлары ашылған. Көкмойнақтың үйірі жырда айрықша жүйріктік пен тектіліктің белгісі болып көрінген. Тек асыл тұқымды жылқы үйірі емес, ұлт бойындағы, қан тамырындағы тектілік, қасиет, салт-ғұрыптың содыр заманның сойылына кез болуы халық санасында қасірет болып таңбаланғаны ақиқат. Жыршы осы қасіретті тереңнен толғаған. Ел тағдыры мен Көкмойнақ тағдыры қос желі тартып жырланған. Көкмойнақтың үйірі-ай, Домбыра тартсам күйім-ай... ...Көкмойнақ аттың баласы-ай, Көз ұямның қарасы-ай, Көңілімнің наласы-ай, Ере алмайды жүгірсе, Шұбалаң құйрық шұбар да, Қарабайыр арғымақ, Тесік өкпе қазан ат – Жарыса алмас бұлар да, Тобан аяқ жабы емес, Жіліншігі жіптіктей, Жіптік те болса болаттай, Болат оңай сынар ма ... ...Бір атасы құлан ба?.. ...Бір атасы бұлан ба?.. Осылайша Көкмойнақ аттың баласының жүйріктігі ертегілердегі һәм батырлық эпостардағы тұлпарлар бейнесіне барабар дәріптелген. Осындай асыл тұқымды ерен жүйрік жылқының замана қыспағына түсіп, қор болуы бұл түлікті барынша қастерлеген қазақ баласының қабырғасын қайыстырады: Көз алдымнан кетпейді, Абақтының алдында, Арба сүйреп баратып, Арса арса көкмойын, Оқыранып қараған. Тағы да естен кетпейді, «Ер салдырмас сен бе?» – деп, Көк биені сабаған, Ит секілді қабаған, Бағанағы қара адам. Көкмойнақ аттың осы тағдыры да тарихқа айналды. Есенғали поэзиясында қайталай айтылып, астарлы мән беріле жырланатын асыл текті жылқы «Сүгірдің жыр-күйі» өлеңінде ел жадындағы жырда кешкен тағдырымен ауызға алынады: Қысқа күнде қырық шапқан Көкмойнақ ат, Қарабаран жалына от байлап ап, Қаратауды қапталдап, жаудан безіп, Ұшып бара жатқандай қақпай қанат [2,70]. Көкмойнақ – қайратқа қайрат қосып, рух­қа дем беретін жүйрік. Үш қиянды жайлаған қазақ баласы үшін пырақтан ұшқыр, малдан зият жануардың қасиеті ерекше. Оның шабысының өзі «қанат қақпай ұшып бара жатқан» қалыпта бейнеленеді. Біздің елдің жылқысы – кіл Көкмойнақ [2,128]. Осылай толғанған ақын оның жүйрік­тігіне қайрыла соғып отырады. Қанат қақ­пай ұшып бара жатқан жүйрік енді бірде: Шапса бәйге бермеген, Есіл біздің Көкжұлынның тұқымы [2, 164] – деп, асқан сүйсініспен назарға алынады. Үш қиянның көне көз шалдары да Көкмойнақсыз сөз сөйлемейді: Он сегіз деген жасымда, Бас иіп едім кімдерге. Ебейті құдық басында, Көкмойнақ атқа мінгенде [2, 77]. «Түс» өлеңі де осы Көкмойнақ аттың тағдыры туралы толғаныс. «Көкмойнақтың үйірі» жырында айтылатын жүйріктің көрген азабы өлеңде лирикалық кейіп­кердің көрген түсі болып суреттеледі. Психологиялық иіріммен өрілген жолдар арқылы жүйріктің, оның астарында ұлттың тағдыры бейнеленген. Біздің елдің жылқысы – кіл Көкмойнақ, Үйірімен ағекем кірді отқа айдап. Ақ жалынның ішінде алқын-жұлқын, Аласұра шыңғырып жүр көп бейбақ. – Қасқа-ау, қаның қарайды неге мүлде? Ел болудан кетейін дегенің бе? Ырыс басы көк жұлын – ұлыс басы, Қалай, аға, қиясың оны өлімге? [2,128]. Үйірімен отқа түскен Көкмойнаққа жаны ашып, ара түспек болған лирикалық қаһарманды таң қалдырып, көк айғыр сөйлейді: Өртеді деп тұрмысың бүгін ғана, Өлтірдіңдер сан рет бұрында да! – (деп көк айғыр күледі, О, Жасаған, Тым болмаса құтқаршы құлынды ана). Осыны айтып, маған бір қарап алып, Шығады оттан жануар жараланып. Сұйық жалға қызыл шоқ жабысыпты, ...Қара түнде қызыл шоқ барады ағып [2,128]. Көкмойнақ – мифтендірілген жылқы ретінде халықтық ұғымда және ақынның поэтикалық кеңістігінде маңызды орынға ие. От ішіндегі көк айғырдың күлуі, сөйлеуі, жалына қызыл шоқ байлап алып, қара түнде ағуы –мифтік-символдық қалып. Оқиғаның түс болып көрінуінің де мәні бар. Түс те мифологиялық әлем бейнесі. Бұл жерде замана аранына кез болып, тұқымы құрып кете жаздаған Көкмойнақтың азалы тағдыры көк айғыр арқылы бейнеленеді. «Қарабаран жалына от байлап, Қаратауды қапталдай, жаудан безіп» бара жатқан Көкмойнақ пен «қара түнде қызыл шоқ болып аққан» Көкмойнақ бейнелері ақынның көркемдік әлеміндегі тұрақты да тұтасқан поэтикалық суретті айқындай түседі. Көкмойнақ ат бұл жерде бестиалистік тәсілдегі суреттеуге негіз болған. Көк айғырдың дауысын әкем дауысы деп таныған лирикалық қаһарман сол айғырдың соңынан кетпекке бел байлайды: Неге мәз боп сорлы айғыр неге күлді? Күлкі көріп тұр ма екен ол өлімді? Әлгі дауыс әкемнің дауысы ғой, Әкем дауысын танымай не көрінді? Аға да қап жайна, ел де қалып, Өзімді өзім тағы бір жерлеп алып, Екі бірдей шоқ қадап маңдайыма Түнге кіріп жоғалам мен де барып [2,128]. Ұлттық рухты, ондағы бастауды іздеу, сонымен ажырамас тұтастықта болуды қалау «Көк жұлынның соңынан тепеңдеген» лирикалық қаһарманның әрекетінен көрінеді. «Айдала. Ымырт» өлеңінде Көкжұлынның бүгінгі тұқымының бейшара халін көріп, жаны күйзелген ақын: Тұсаулы тұр боз шолақ. Ойқы-шойқы, орда-шорда бітімі, Кетіпті әбден жануардың ыпыны. Бұл – кешегі бір күндерде, Үш қиянның еліне, Шапса бәйге бермеген, Есіл біздің Көкжұлынның тұқымы [2, 164] – деп күңіренеді. Хас жүйріктің тағдыры, ұрпағының жайы осындай. Көкжұлынның тұқымының тұрқы осы болса, мекен мен мезгіл де (уақыт пен кеңістік) тұсаулы тұрған боз шолақтың халімен үндесе кеткен: айдала, ымырт. Ақын осы хронотоптан «есіл Көкжұлынның» тұқымын көреді. Табиғат көрінісі де «мұңлы» бояумен берілген. Лирикалық кейіпкердің жан әлемі қалыс қалмаған. Өткінші өмір, опасыз жалған, ішкі дүниені керген кек лирикалық қаһарманның характерін ашады: Ымырт қамап келе жатыр кең сорды, Дәл осы кеш кеш секілді ең соңғы. Жетімсіреп жауыр құнан қарайды, Жеті атамды түгендеймін мен сорлы. Кең аспанның әр жеріне шоқ түсіп, Төбемде тұр көзі жанып көп мысық. ...Шолақ құнан, шолақ дүние, шолақ сай, Айқайлағың келеді бір кек қысып [2, 165]. Салт пен ғұрыптан, қасиет пен текті­ліктен іргесі ажырамаған өткен күнді Көкмойнақ атпен байланыстыра еске алу арқылы ақын халық жадында өшпей, үнемі жаңғырып отыратын ұлттық рухани кеңістіктің қайталанбас поэтикалық болмысын түзеді. Ақынның көркемдік кеңістігінде текті рух замана қасіретінен соққы жеген, жүйріктігі барынша шырқау биікке жеткізіле бейнеленген Көкмойнақтың үйірі түрінде көрініс береді. Көкмойнақ аттың өзі өлеңнің метафорасына да («Көкмойнақ жыр – ұмтылған көкжиегім») айналады. Көкмойнақ ақынның көркемдік кеңістігінде мифтік қасиетке ие киелі жылқыға айналған. Есенғалидың «Нұрдан жаралған» романындағы Еділ анаға қатысты аңызда «Еділдің Көкмойнағы Нұхтың кемесінен секіріп түсіп, суда туып, қырда өскен суын айғырдан тараған. «Қылқұйрықтың сұлтаны Көкмойнағым» дегенді бұрынғы шалдар соны білген соң айтқан» – делінеді. Суын айғыр – мифологияның еуразиялық кеңістігінде бар дәстүрлі бейне. Су жылқысы туралы мифтанушы С. Қондыбай: «Суын бие – кәдімгі теңіз жылқысы, басқаша айтқанда судың, толқындардың мифтік тұлғалануы» [3, 483], – дейді. Мұнда әңгіме суын бие (айғыр емес) турасында болып тұр. Ал, Есенғалидың «Нұрдан жаралған» романында «суын айғыр» және оның топан су заманында Нұх пайғамбардың кемесінен түсіп қалғандығы айтылған. Мифтік шығармашылық негізіндегі бұл желіні «авторлық миф», болмаса «дәстүрлі мифтің трансформациялануы» десек те болады. Тек Көкмойнақ қана емес, ақынның жан-жүрегін мазалаған «қаба жалды қара құнан да» көп жылқының ішінен «дара бейне» болып суырылып шыққан. «Менің драмам» өлеңінде «ат тағалап, атан қомдап ер жеткен ең соңғы ақын» құмды даламен, кер үлекпен, қара құнанмен қоштасып, сапарға жиналады. Азаттыққа жібермек болған құнаны айналшықтап, қасынан шықпай, өзі де бұзулы көңілін бұза түскен. Елден кетіп, қалаға жеткен ақынның лирикалық қаһарманының ойынан осы құнан кетпейді: ...Сөйтіп елден кеткенмін, Қырсауды да, жүйрікті де көп көрдім. Қаба жалды қара құнан боп мені, Түн ішінде оятады өткен күн [2, 140]. Өткенді аңсау – өткен күнді ғана емес, бағзы күндердегі мөлдір бастауды іздеу тәрізді. Бірақ, түсте көрінген қаба жалды қара құнанның басы жоқ. Баурайында сонау Келінтөбенің, Селтиіп бір тұрады үнсіз серегім. Ер тұрманын, тұрқын тұтас көремін, Басы қайда, Басы неге жоқ оның? [2, 140]. Басы жоқ құнан – бастауымызды таппаған бүгінгі рухани халіміздің бейнесі. Әрі ақынның лирикалық қаһарманының іздеген өткені – алаңсыз балалық шағы. Тым жырақта қалған ғайып күндердің санада көмескіленетіні шындық. Бірақ, мүлде ғайып болуы да мүмкін емес. Өзін ұлттық кеңістік аясынан іздейтін Есенғали ақын осы ойды айғақтай түседі: Шошаяды құранды ердің қасы кеп, Қара тасты қарш қарш турап, шашып от. Баратады баба дала үстінде Қаба жалды қара құнан... Басы жоқ [2, 140] Жылқы жылы, Жақсы тілек тілейінші Құдайдан, Мүмкін мәңгі құтылармын сұм ойдан. Мүмкін, енді түсіме енбес түндерде Қаба жалды қара құнан мұңайған [2, 180]. Лирикалық кейіпкердің сезімі мен көңіл күйіне осылайша әсер еткен қара құнан оны әбден қажытқан. Бүгіннің қаһарманы: Не ойлап тұр – үнсіз түнсіз бұл ғалам, Мен де іштей шырмауыққа шырмалам. Бір сұрақ бар: – Мен кім едім, кім едім? Бір сұрақ бар: – Кім болмақпын, кім болам? [2, 180] – деп толғанады. Ғалам мен адам дағдарысының негізгі себебі тереңде. Өтіп жатқан уақыт, белең алған өркениет, табиғаттан, табиғи бастаудан қол үзу – мұның бәрі рухани әлемнің жапа шегуіне әкеледі. Бүгінгінің кейіпкері қара құнаннан қажыса да, одан қол үзгісі жоқ. Қара құнанды жоғалту – рухани негізден қол үзу. Лирикалық кейіпкер оны қаламайтын жан: Қыс келіп тұр, ақ жаулық сап қайыңға, Бір серпіліп, батам қайта уайымға. Қара құнан... ол жоғалса қайтпекпін, Жо-жоқ мені құнанымнан айырма! [2, 181] Ескілік атаулыдан безіп, жаңалыққа жосықсыз құштар болу рухани дамудың оңтайлы жолы емес екені белгілі. Көне замандардан алтын арқау болып үзілмей жетіп, бүгінгі мәдениетімізге негіз болған рухани дәстүр өміршеңдігі ұлттың өзіндік рухани болмысынан айрылмауының бірегей дәлелі. Қаба жалды қара құнанды сырлас еткен ақын «Сыр» атты Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңінде өзінің ұстанымын, дәстүршілдігін тағы анықтай түседі: Кейде қияс, кейде сіз боп төтелеп, Өткен жолда жоғалтқаным өте көп. ҒТР- дың құзырына мен келдім, Күміс жалды күреңімді жетелеп [2, 228]. Жаныққан жаңа ағындардың екпініне елітпеген ақынның «ескі форма, көнерген теңеуі» өзіне қымбат. Жетегіндегі «күміс жалды күрең» ұлттық поэтикалық дәс­түрдің, қазақы өлеңнің «символы». Ақын одан айрылмақ емес. Сондықтан да: Кетем өзім керек болмай қалған күн, Күміс жалды күреңіме мінем де [2, 229] – дейді. Жорға мен жүйрік өлеңінің өзегіне айналған ақынның көркемдік әлемі ұлт­тық нақыштарға аса бай, ұлттық мазмұн мен пішінді тұла бойына барынша те­рең сіңірген поэтикалық туындылардан түзілген бөлекше кеңістік екеніне жоғарыдағы талдау нысанына алынған туындылары дәлел.

Poetic representation of horse In the article, horse is examined as a basis for literary representations. In the E.Raushanov’s poetry, representation of national identity and existence, as well as multifaceted realness of life through the character of a horse and based on this developing his own system of poetic representations proved through analyses. As a result of analyses conclusions are drawn.

Пайдаланылған әдебиетттер: Эпштейн М. Природа, мир, тайник вселенной. М.,1990. – 178 с. 2. Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жусан. Алматы: Раритет, 2006. – 384 б. 3. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Екінші кітап. Алматы: «Дайк Пресс», 2004. – 516 б.

4589 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз