• Заманхат
  • 11 Сәуір, 2017

ҚАЗАҚ ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАРЫНЫҢ ЖАСАЛУ ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫН БІР ЖҮЙЕГЕ КЕЛТІРУ

Қазіргі қазақ тіл білімінде фонема (дыбыс) теориясы екі бағытта зерт­те­ліп жүр­гені мәлім. Бірі – дәстүрлі, ак­центті-фонологиялық бағыт, екіншісі – син­гор­­мониялық бағыт. Син­гормониялық ба­ғытты ұстанатын ғалым­дар өзге тіл­дер­ден келген дыбыстарды есепке алмай, өз зерттеулерінде А.Байтұрсынұлы қисынымен қазақтың төл дыбыстарымен шектеліп, 26/28 әріптен құралған әліпбиді ұстанса, дәстүрлі, акцентті-фонологиялық бағытты ұстанатын ғалымдар қазақтың төл дыбыстарына қоса әліпбиімізге күштеп енгі­зілген орыс дыбыстары мен шығыс тіл­дерінен енген дыбыстарды да зерттеу нысандарынан шығармай, өз жұмыстарында 42 әріпке негізделген әліпбиді ұстанады. Қай бағытты ұстанса да, қазақ ға­лым­дары арасында дауыссыз дыбыстарды жасалу орны бойынша жік­теуде бірізділік байқалмайды. Қа­зақ дыбыстарының жасалу орнына байла­нысты ғалымдардың пікірлері ара­сындағы қайшылық және жіктеудің бір жүйеде болмауы қазақ дауыссыз дыбыстарын өзге тілдердегі дауыссыз дыбыстармен салыстыра, салғастыра зерттеу жұмыстарын жүргізуге және қазақ тілінің дыбыстық жүйесін үйренемін деген өзге тіл өкілдеріне кедергі келтіретіні мәлім. Сондықтан да, оларды бір жүйеге келтіру заман талабы деп ойлаймыз. Ғалым І. Кеңесбаев қазақ тіліндегі дауыс­­сыз дыбыстарды жасалу орнына қарай сегіз топқа бөледі: 1. Ерін (билабиаль) фонемалары: п, б, м, (у); 2. Тіс пен ерін (лабиальденталь) фонемалары: ф, в; 3. Тіс (денталь) фонемалары: т, с, з, д, ц; 4. Тіл ұшы (альвеоляр) фонемалары: н, л, ч; 5. Тіл алды (палаталь) фонемалары: р, ш, ж, й; 6. Тіл ортасы (препалаталь) фонемалары: к, г; 7. Тіл арты (веляр) фонемалары: қ, ғ, ң, х; 8. Көмей (фарингаль) фонемасы: һ [1, 376]. Ғалым С. Мырзабеков қазақ дауыссыздарын жасалу орнына қарай алдымен үш топқа бөледі: а) Ерін (лабиаль) фонемалары: п, б, ф, в, м, у; ә) Тіл (лингваль) фонемалары: т, д, с, з, ш, ж, ц, ч, к, г, қ, ғ, ң, н, л, р, й; б) Көмей (фарингаль) фонемасы: һ. Сонан соң ерін фонемаларын іштей: - Еріндік: п, б, м, у; - Ерін мен тіс: ф, в; - тіл фонемаларын: - Тіл алды: т, д, с, з, ш, ж, ц, ч, н, л, р; - Тіл ортасы: й; - Тіл арты: г, ғ, к, қ, ң, х, деп қарастырған [2, 33]. Н.Сауранбаев дауыссыздарды жасалу орнына қарай төрт топқа бөледі: 1) тіл арты дыбыстары: қ, ғ, х, һ; 2) тіл ортасы дыбыстары: к, г; 3) тіл алды дыбыстары: н, р, л, ч, ш, ж, й, т, с, д, з; 4) еріндік дыбыстар, оның ішінде: а) қос еріндіктер: п, б, м; б) тіс еріндіктер: ф, в. [3, 36]. С.Исаев қазақ дауыссыздарын жасалу орнына қарай жеті топқа бөлген: 1) Ерін дауыссыздары: б, п, м, у; 2) Тіс пен ерін дауыссыздары: в, ф; 3) Тіс дауыссыздары: з, с, д, ж, л, ц; 4) Тіл алды дауыссыздары: ж, ш, щ, ч, н, р, л, й; 5) Тіл ортасы дауыссыздары: к, г; 6) Тіл арты дауыссыздары: қ, ғ, ң, х; 7) Көмей дауыссызы: һ [4, 16]. Ә.Жүнісбек: «Қазақ тілі дыбыс­тарының жасалу орны ерін, тіл ұшы, тіл ортасы, тіл арты және тілшік болып табылады. Оның ішінде ... ерін [п, б, м, у(w)] (E1), тіл ұшы [т, д, н, с, з, р, ш, ж, л] (Е2), тіл ортасы [к, г, й, ң] (Е3) және тілшік [қ, ғ, й, ң] дауыссыз дыбыстарға жатады» [5, 36], – деген. Мысалдардан байқағанымыздай ғалым­дардың б, п, м, у дыбыстары еріндік дыбыстар, в, ф дыбыстары ерін мен тіс дыбыстар екендігінде ғана пікірлері бірдей. Сингормониялық бағытты ұстанатын Ә.Жүнісбек өз еңбегінде өзге тілдерден келген дыбыстарды есепке алмай, еш қоспасыз қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана талдау жасағандықтан орыс және шығыс тілдерінен келген дыбыстарды қарастырмаған [5, 15]. С.Мырзабеков т, д, с, з, ш, ж, ц, ч, н, л, р дыбыстарын тіл алды дыбыстары десе, І.Кеңесбаев осы дыбыстардан т, с, з, д, ц дыбыстарын тіс (денталь) фонемалары, н, л, ч дыбыстарын тіл ұшы (альвеоляр) фонемалары, р, ш, ж, й дыбыстарын тіл алды (палаталь) фонемалары деп бөлген және й дыбысын тіл алды фонемаларына қосқан. Н.Сауранбаев та н, р, л, ч, ш, ж, й, т, с, д, з дыбыстарын тіл алды дыбыстары деп, олардың қатарында й дыбысын да қосқан. С.Исаев осы дыбыстарды тіс дауыссыздары (з, с, д, л, ц) және тіл алды дауыссыздары (ж, ш, щ, ч, н, р, л, й) деп екіге бөлген және ол да й дыбысын тіл алды дауыссызына жатқызған. І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев және С.Исаев тіл ортасы дыбыстарына к, г дыбыстарын жатқызып, й дыбысын тіл алды дыбыстарына қосқан. С.Мырзабеков тіл ортасы дыбысына й дыбысын ғана жатқызған. Ал, Ә.Жүнісбек к, г, й, ң дыбыстарын тіл ортасы дыбыстары деп қарастырған. І.Кеңесбаев пен С.Исаев тіл арты дыбыстарына қ, ғ, ң, х дыбыстарын жатқызса, С.Мырзабеков бұл дыбыстардың қатарына к, г дыбыстарын да қосқан. Н.Сауранбаев ң дыбысының орнына һ дыбысын қойып, тіл арты дыбыстары қ, ғ, х, һ дыбыстары деген пікірде. Ә.Жүнісбек «тіл арты» терминін жуан дауысты [а, ы, ұ, о] (Е4) дыбыстарына ғана қолданады. Ал, дауыссыз дыбыстарға қатысты «тілшік» терминін қолданады. Оның пікірінше тілшік дыбыстар [қ, ғ, й, ң] дыбыстары. І.Кеңесбаев, С.Мырзабеков және С.Исаев һ дыбысын көмей дауыссызына жатқызса, Н.Сауранбаев оны (һ дыбысын) тіл арты дыбысына жатқызған. Мақсатымызға жету үшін ғалым­дардың дауыссыз дыбыстарға жасаған зерттеу жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, өз тарапымыздан талдау жұмыстарын жүргізе отырып, осы ала-құлалықты бір ізге салуға тырысып көрейік. Қазақ тіліндегі п, б, м удыбыстары қос ерін, ф, в дыбыстары ерін мен тіс арқылы жасалатынында ғалымдар арасында талас жоқ болғандықтан бұл дыбыстарға тоқталуды жөн көрмедік. І.Кеңесбаев: «с, з дыбыстары тіл ұшы астыңғы күрек тіске жуықтаудан пайда болады» [1, 372], – десе, С.Мырзабеков: «с, з фонемаларын айтқан кезде тілдің ұшы төменгі тіске тіреліп, ортасы аздап ой түседі. Ауа осы тесік арқылы өтіп, үстіңгі күрек тістердің арасынан сүзіліп шығады» [2, 35], – дейді. Н.Сауранбаев: «с– тіл жайылып көтеріледі де, астыңғы тістің ернеуіне жақындайды. Ауа екпіні тілдің ұшынан астыңғы тіске тиіп, ысқырықтанып шығады. Сондықтан, бұл ысқырықты қатаң дыбыс болады. З – бұл да солай жасалады, бірақ, ауа екпіні тіске соқпай, тіл науасынан ызылдап шығады» [3, 36], – дейді. Ә.Жүнісбек с, з дауыссыз дыбыстары тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасымен жинақы жуысуы арқылы жасалатынын айтып, оның астыңғы не үстіңгі күрек тіс-қызыл иек екенін ажыратып көрсетпеген [5; 77, 83]. Біз бұл жерде С.Мырзабеков айтқандай тіл ұшы төменгі тіске тіреледі және тіл ортасы аздап ойысып, ауа осы тесік арқылы өтіп, үстіңгі күрек тістердің арасынан сүзіліп шығады деген пікірімен келісеміз, алайда, бір қоса кететін жай ауа тек үстіңгі күрек тістердің арасымен емес, шамалы арыдан, яғни, үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасынан ызыңдап шығады. Нақтырақ айтқанда тіл ұшы астыңғы тіске тиіп тұрғандықтан ауа тіл алды мен үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасы арасынан ызыңдап шығады. Бұл жерде тіл ұшы активті қызмет атқарып тұрмағандықтан біз І.Кеңесбаевтың пікірімен келіспейміз. Өйткені, үстіңгі күрек тістің түбі мен қызыл иек шекарасына, яғни, с,з дыбыстарының жасалатын жеріне жуықтайтын тіл ұшы емес тіл алды.Ал Ә.Жүнісбектің бұл дыбыстар тіл ұшы күрек тіс-қызыл иек шекарасына жинақы жуысуы арқылы жасалады дегеніне де келісе алмаймыз. Өйткені, біріншіден бұл дыбыстарды айтқанда тіл ұшы төменгі күрек тіске тіреледі, яғни тоғысады, екіншіден, тіл алды үстіңгі күрек тістің түбі мен қызыл иек шекарасына жуықтап, ауа осы екі аралықтан ызыңдап шығады. Демек, бұл дыбысты айтқанда тіл ұшы астыңғы тіске тірелгенімен, яғни тоғысқанымен бұл жер с, з дыбыстарының жасалу орны бола алмайды. Бұл мәселені қ дыбысын мысалға ала отырып түсіндіруге де болады. Мәселен, қ дыбысын айтқанда тіл ұшы астыңғы тіске тиіп тұрғанымен біз бұл дыбысты тіл ұшы дыбысы емес, дыбыстың жасалып тұрған жерімен тілшік дыбысы дейміз. Сол секілді с, з дыбыстарын да тіл ұшы дыбыстары дей алмаймыз. Сонымен с, з дыбыстары тіл алды дыбысы, яғни, тіл алдының үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасына жуысуы арқылы жасалады дейміз. І.Кеңесбаев: «Д, т фонемалары тіл ұшы үстіңгі күрек тістің ішкі жағына нық тиіп (жымдасып), содан соң кілт ашылуынан пайда болады» [1, 368], – десе, С.Мырзабеков: «Т, д фонемаларын айтқанда тіл ұшы (немесе алды) үстіңгі күрек тіске жабысып, ауа жолын бөгейді де, тез ажырайды» [2, 35], – дейді. Ә.Жүнісбек бұл дыбыстар тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасымен тоғысуы арқылы жасалатынын айтады [5; 76, 82]. Біз бұл мәселеде С.Мырзабековтің жақша ішіндегі (немесе тіл алды) үстіңгі күрек тіске жабысады дегенімен келіспейміз. Өйткені, бұл дыбыстарды айтқанда І.Кеңесбаев айтқандай тіл ұшы үстіңгі күрек тістің ішкі жағына нық тиеді, яғни, тоғысады, ал, тіл алды қызыл иектің алдыңғы бөлігіне жабысып (тоғысып) тұрады. Бұл екі дыбыстың жасалу орнын Ә.Жүнісбек нақты көрсеткен. Демек, т, д дыбыстарытіл ұшы дыбыстары, яғни, тіл ұшының үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасымен тоғысуы арқылы жасалады, бұл кезде тіл алды қызыл иектің алдыңғы бөлігімен тоғысып тұрғанымен активті қыз­мет атқармайды. І.Кеңесбаев пен С.Мырзабеков р фонемасы тіл ұшы альвеолға тиіп, фонациялық ауа қарқынымен дірілдеуінен пайда болатынын айтады [1, 364],[2, 42]. Альвеол дегеніміз үстіңгі қызыл иек [6, 17]. Ә.Жүнісбек бұл дыбыс тіл ұшы мен күрек тіс-қызыл иектің шекарасы арқылы жасалатынын айтады [5, 89]. Біз бұл мәселеде І.Кеңесбаев пен С.Мырзабековтің пікіріне қосыламыз. Ал, Ә.Жүнісбектің пікірімен келісе алмаймыз. Өйткені тіл ұшын күрек тіс-қызыл иектің шекарасына қойып р дыбысын айту мүмкін емес. Оны әркім өзіне тәжірибе жүргізу арқылы оңай анықтауға болады. Демек, р дыбысы тіл ұшы дыбысы, яғни, тіл ұшының қызыл иекке тиіп, іштен шыққан фонациялық ауаның қарқынымен дірілдеуі арқылы жасалады. І.Кеңесбаев: «л фонемасын айтқанда тіл ұшы альвеолға бір тегіс, көлденеңдеп тиеді; бұл фонеманы айтқанда, имплозия басым болу себепті, фонациялық ауа тілдің екі жағын ала шығады, сондықтан л-ды латераль (бүйір) фонема дейміз» [1, 364], – десе, С.Мырзабеков: «Л фонемасын айтқанда тілдің ұш жағы үстіңгі күрек тіс пен қызыл иекке тіреледі де, орта тұсы ой түсіп, арт жағы жұмсақ таңдайға қарай көтеріліп кейін тартылады, тілдің екі бүйірі төмен түсіп ауаның өтуіне мүмкіндік береді. Мұны әдетте қос бүйір фонема дейді» [2, 41], – деген.Ә.Жүнісбек л дыбысын айтқанда тіл ұшы күрек тіс-қызыл иектің шекарасымен тоғысып, екі жаны ашық қалатынын айтады [5, 90]. Біздің ойымызша бұл дыбысты І.Кеңесбаев айтқандай тіл ұшын қызыл иекке (альвеол) ғана тигізіп айтуға да болады. Алайда, бұлай айтуда тілді табиғи қалпында қалдырмай, еріксіз күштеп артқа тартатын тәріздіміз. Сондықтан бұл мәселеде С.Мырзабеков пен Ә.Жүнісбектің пікіріне қосыламыз. Демек, л тіл ұшы дыбысы, яғни, тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасына тоғысуы нәтижесінде жасалады. І.Кеңесбаев: «Н фонемасы тіл ұшы аль­веолға тию арқылы жасалады: бұл екі мүше бір-біріне нық тиеді де, фонациялық ауа мұрын арқылы шығады. Сондықтан, оны мұрын жолды үнді дейміз» [1, 366], – дейді. С.Мырзабеков: «Н фонемасы тіл алдының үстіңгі күрек тіске (не қызыл иекке) нық тиіп тез ажырауынан жасалады. Тіл ұшы төменгі күрек тіске тіреледі не, сәл жоғарырақ тұрады» [2, 41], – дейді. Ә.Жүнісбек: «Н дауыссыз дыбысы тіл ұшы мен күрек тіс-қызыл иектің шекарасы арқылы жасалады» [5, 88], – дейді. Бұл дыбысты да І.Кеңесбаев айтқандай тіл ұшын қызыл иекке (альвеол) ғана тигізіп айтуға болады. С.Мырзабековтің «тіл алдының үстіңгі күрек тіске (не қызыл иекке) нық тиіп» деп «қызыл иекті» жақша ішіне алып қоюы да сондықтан болар. Алайда, бұлай айтуда тілді табиғи қалпында қалдырмай, еріксіз күштеп артқа тартатын тәріздіміз. Сондай-ақ, С.Мырзабековтің «тіл алды нық тиеді» дегенімен қосылмаймыз. Бұлай еткен жағдайда тіл табиғи қалпын сақтамай, ұшы еріксіз төменгі тіске тиіп тұрады. Демек, нық тиіп тұратын тіл алды емес, тіл ұшы. Сондықтан бұл мәселеде Ә.Жүнісбектің пікіріне қосылып, н тіл ұшы дыбысы, яғни, тіл ұшының күрек тіс-қызыл иектің шекарасына тоғысуы арқылы жасалады дейміз. І.Кеңесбаев: «Ш, ж фонемалары тіл алды таңдайға жуықтауы арқылы пайда болады» [1, 371], – десе, С.Мырзабеков: «Ш, ж фонемаларын айтқанда тілдің ұшы (с, з-ны айтқандағыдай) көтеріледі де, екі бүйірі жоғары тістерге тіреліп тілдің үстіңгі жағы екі жерден таңдайға жуықтайды. Сондықтан бұлар қос фокусты дауыссыздар делінеді» [2, 36], – дейді. Ә.Жүнісбек бұл екі дыбыс тіл ұшы күрек тіс-қызыл иектің шекарасымен жайылыңқы жуысуы арқылы жасалатынын айтады [5; 77, 84]. Бұл мәселе біраз талдауды қажет етеді. Біз І.Кеңесбаевтың «тіл алды таңдайға жуықтайды» және С.Мырзабековтің «тіл ұшы көтеріледі» дегенімен қосылмаймыз. Өйткені, бұл дыбыстарды айтқанда тіл ұшы керісінше төменгі қызыл иекке қарай түседі. Мұндай жағдайда, яғни, тіл ұшы төменгі қызыл иекке қарай түскен жағдайда тіл алдының таңдайға қарай көтеріліп жуықтауы мүмкін емес. Демек, бұл дыбыстарды айтқанда тіл алды қатыспай бейтарап қалады да, таңдайға қарай тіл ортасы көтеріліп жуықтайды. Сондай-ақ, Ә.Жүнісбектің тіл ұшы күрек тіс-қызыл иектің шекарасымен жайылыңқы жуысады дегенін де қолдамаймыз. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай бұл дыбыстарды айтқанда тіл алдымен қатар тіл ұшы да активті қызмет атқармай, (тіл ұшы) төменгі қызыл иекке қарай түседі. Бұл пікіріміздің растығын ш, ж дыбыстарын тіл алдымен жасалатын с, з дыбыстарының айтылуы кезіндегі жуысы нүктелерін анықтайтын қарапайым тәжірибелер арқылы да анықтауға болады. Мысалы, «сыш, сыш» дегенді өте баяу қайталап айтып көрейік. С дыбысынан бастаған кездегі тіл алды мен үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасындағы жуысу нүктесі ш дыбысымен аяқтаған кезде ары жылжығанын, яғни, тіл ортасы мен қатты таңдай арасына қарай жылжығанын (нақтырақ айтқанда тіл ортасы саналатын аумақтың алдыңғы бөлігі мен қатты таңдай арасына қарай жылжығанын) байқаймыз. Сол сияқты «шыс, шыс» дегенді дәл солай өте баяу қайталап көрсек, ш дыбысын айтқан кездегі тіл ортасы мен таңдай арасындағы жуықтау нүктесі (нақтырақ айтқанда тіл ортасы саналатын аумақтың алдыңғы бөлігі мен қатты таңдай арасындағы жуықтау нүктесі) с дыбысын айтқанда бері жылжығанын, яғни, тіл алды мен үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасына қарай жылжығанын байқаймыз. Бұл тәжірибені «жыз, жыз» және «зыж, зыж» дегендерді өте баяу қайталау арқылы ж, з дыбыстарына да жасап, жоғарыдағы пікіріміздің дұрыс екеніне көз жеткізуге болады. Демек, ш, ж тіл ортасы дыбыстары, яғни, тіл ортасының қатты таңдайға жуысуы арқылы жасалады. І.Кеңесбаев: «Й фонемасы тіл алды алғы таңдайға жүйткуінен пайда болады» [1, 365], – десе, С.Мырзабеков: «Й фонемасын айтқанда тілдің ұшы төменгі күрек тіске, екі шеті бүйір тістерге тиеді де, ортасы жұмсақ таңдай мен қатты таңдайдың түйіскен тұсына қарай көтеріледі» [2, 42], – дейді. Ә.Жүнісбек: «Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшік арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік дауыссыз дыбыс болып табылады. Й дауыссыз дыбысы тіл ортасы мен таңдайдың жуысуы арқылы жасалады» [5, 90], – дейді. Біз үшін Ә.Жүнісбектің бұл пікірі түсініксіз. Өйткені, тіл түбі мен тілшік арқылы жасалатын дыбыс­ты айтқанда тіл ортасы мен таңдай бір-біріне жуысуы мүмкін емес. Немесе керісінше, тіл ортасы мен таңдайдың жуысуы арқылы жасалатын дыбысты тіл түбі мен тілшік арқылы айтылды дей аламыз ба? Бұл олқылықты теру кезінде баспада кеткен қателік болар деп, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты дайындаған «Қазақ грамматикасының» фонетика бөлімінде қарастырылған й дыбысымен салыстырдық. Онда: «1) Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшік арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік дауыссыз дыбыс болып табылады. 2) Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшіктің жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады» [7, 25], – делінген. Осылайша қателік баспада теру кезінде кеткен техникалық қате екені анықталды. Демек, Ә.Жүнісбектің пікірі бойынша й дыбысы тіл түбі мен тілшіктің жуысуы арқылы жасалады. Біз Ә.Жүнісбектің бұл пікіріне қосылмаймыз. Өйткені, бұл дыбысты айтуда тіл түбі мен тілшіктің қатысы болмайды. І.Кеңесбаевтың тіл алды алғы таңдайға жүйткуінен пайда болады деген пікірін де қолдамаймыз. Себебі бұл дыбысты айтқанда тіл алды таңдайға қарай жүйткімей, керісінше төмен қарай ойысады. Оны С.Мырзабековтің «тілдің ұшы төменгі күрек тіске, екі шеті бүйір тістерге тиеді» деуінен де аңғаруға болады. Бұл мәселеде С.Мырзабековтің тіл ортасы жұмсақ таңдай мен қатты таңдайдың түйіскен тұсына қарай көтеріледі деген пікірін қолдаймыз. Демек, й тіл ортасы дыбысы, яғни, тіл ортасы мен таңдайдың жуысуы арқылы жасалады. І.Кеңесбаев: «Г, к фонемалары тілдің орта шені таңдайдың орта шеніне нық тиіп, жабысып, сонан соң бірден ашылып кетуі арқылы пайда болады» [1, 369], – десе, С.Мырзабеков: «К, г фонемалары тілдің артқы шенінің таңдайға тіреліп, тез ажырап кетуінен жасалады» [2, 36], – дейді. Ә.Жүнісбек к, г дауыссыз дыбыстары тіл ортасы мен таңдай арқылы жасалатынын айтады [5; 76, 83]. Біз бұл мәселеде С.Мырзабековтің «тілдің артқы шені таңдайға тіреледі» дегенімен келіспейміз. Өйткені, бұлай айтылса дыбысталуы қ, ғ дыбыстарына (ұқсамаса да) жақындап кететін тәрізді. Сонымен қатар, С.Мырзабеков к дыбысын қ дыбысымен бірге тіл артынан жасалады деген. Біз оның бұл пікірі дұрыс емес екенін қарапайым тәжірибе арқылы дәлелдегіміз келеді. Мәселен, ауызды барынша ашып «қақ, қақ» деп айтуға болады. Ауызды тура осы қалыпта ұстап «как, как» немесе «кәк, кәк» деп айту мүмкін емес. Дұрысы – І.Кеңесбаев пен Ә.Жүнісбектің пікірі. Демек, к, г тіл ортасы дыбыстары, яғни, тіл ортасы мен таңдай арқылы жасалады. Жоғарыда ж, ш дыбыстарын да тіл ортасы дыбысы деген болатынбыз. Алайда к, г дыбыстарының жасалу орны ж, ш дыбыстарының жасалу орнынан аз да болса арырақта орналасқан. Басқа сөзбен айтқанда ш, ж дыбыстары тіл ортасы аумағының алдыңғы бөлігі қатты таңдайға жуысуы арқылы жасалса, к дыбысы тіл ортасы аумағының артқы бөлігі жұмсақ таңдайға тоғысуы арқылы жасалады. Оған қарапайым тәжірибе арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, «шык, шык» дегенді өте баяу бірнеше рет қайталап айтып көрейік. Ш дыбысынан бастап айтқанда тіл ортасы мен таңдай арасындағы жуысу нүктесі к дыбысын айтқанда шамалы арырақ, яғни қатты таңдайдан жұмсақ таңдайға жылжып барып тоғысқанын байқауға болады. Сол сияқты «кыш, кыш» дегенді өте баяу бірнеше рет қайталап айтып көрейік. К дыбысынан бастап айтқанда тіл ортасы мен таңдай арасындағы тоғысу нүктесі ш дыбысын айтқанда шамалы берірек, яғни, жұмсақ таңдайдан қат­ты таңдайға жылжып барып жуысқанын байқауға болады. І.Кеңесбаев: «ң фонемасы тіл арты артқы таңдайға нық тиюі арқылы жасалады. Кішкене тіл төмен түсіп, ауыз жолын кептеп тұрғандықтан, фонациялық ауа мұрыннан шығады. Сондықтан, ң – мұрын жолды үнді (сонар)» [1, 366], – дейді. С.Мырзабеков: «Ң фонемасын айтқанда тілдің арт жағы жұмсақ таңдаймен жымдасады да, тез ажырайды, ауа мұрын жолы арқылы шығады» [2, 41], – дейді. Ә.Жүнісбек ң дыбысы тіл түбі мен тілшік арқылы жасалатынын, яғни, тіл түбі мен тілшіктің тоғысуы арқылы жасалатынын айтады [5, 88]. Біз бұл жерде тіл арты мен жұмсақ таңдай арқылы жасалады деген С.Мырзабековтің пікірін қолдаймыз. Өйткені, ң дыбысының жасалу орны тіл арты мен тілшік арқылы жасалатын қ дыбысының жасалу орнынан аз да болса беріректе орналасқан. Оны тәжірибе арқылы да анықтауға болады. Мысалы, «қың, қың» деп айтқанда алғашында, яғни қ дыбысын айтқанда тіл түбі мен тілшіктің тоғысқанын, ң дыбысымен аяқтағанда тоғысу нүктесінің тіл түбі мен тілшіктен берірекке, яғни, тіл арты мен таңдайға қарай жылжығанын (ауысқанын) байқауға болады. Осыны керісінше «ңық, ңық» деп айтсақ, ң дыбысынан бастаған кезде тіл арты мен таңдайдың тоғысқанын, қ дыбысымен аяқтағанда тоғысу нүктесінің тіл арты мен таңдайдан арырақ жылжығанын, яғни тіл түбі мен тілшікке қарай жылжығанын анық аңғаруға болады. Демек, ң тіл арты дыбысы, яғни, тіл арты мен таңдайдың тоғысуы арқылы жасалады. І.Кеңесбаев: «Қ фонемасы тілдің артқы шені таңдайдың артқы шеніне нық тиіп жабысып, сонан соң бірден ол екі мүше ажырап кетуі арқылы жасалады [1, 370]. Ғ фонемасының жасалу орны жағынан қ тәрізді; басқаша айтқанда, бұл тілдің артқы шені (түбі) таңдайдың артқы жағына жуықтау арқылы жасалады [1, 372]», – дейді. С.Мырзабеков: «Екеуінің жасалу орны бірдей. Айырмасы тілдің арты жұмсақ таңдайға қ-ны айтқан кезде нық тиіп, тез ажырайды да, ғ-да жуықтап тұрады, кішкене тіл дірілдеп тұрады» [2, 37], – дейді. Ә.Жүнісбек қ, ғ дыбыстары тілшік пен тілдің түбі арқылы жасалатынын, яғни, тілшік пен тіл түбінің тоғысуы арқылы жасалатынын айтады [5; 76, 83].Біз бұл мәселеде С.Мырзабековтің тілдің арты жұмсақ таңдайға (қ-ны айтқанда) нық тиеді немесе (ғ-ны айтқанда) жуысады дегенімен келіспейміз. Өйткені, бұл екі дыбысты тура солай айтып көрсек, тіл артын табиғи қалпынан күштеп алға жылжытқан боламыз. І.Кеңесбаевтың «тілдің артқы шені таңдайдың артқы шеніне нық тиіп жабысып ...» деп, бір шама жақындатқанымен, онысы нақты емес тәрізді. Бұл жерде қ дыбысы тілшік пен тілдің түбі арқылы жасалады деген Ә.Жүнісбектің пікірін толық қолдаймыз. Ал, ғ дыбысының жасалу орны біздің ойымызша қ дыбысының жасалу орнына қарағанда аз да болса арыда жатқан тәрізді. Нақтырақ айтқанда көмейдің бастау алар жері немесе көмей үсті. Бұл пікірімізді х дыбысының жасалу орнын анықтау барысында дәлелдей түсеміз деп ойлаймыз. І.Кеңесбаев х фонемасы жасалу орнына қарай қазақтың байырғы фонемасы қ-мен ұялас келетінін айтады [1, 37]. С.Мырзабеков: «х дыбысы жасалуы жағынан ғ-ға ұқсас. Айырмашылығы ғ – ұяң, х – қатаң» [2, 38], – дейді. Ғалым қ, ғ дыбыстарының жасалу орны бірдей деген болатын [2, 37]. Біздің ойымызша х дыбысының жасалу орны да ғ дыбысы тәрізді қ дыбысының жасалу орнынан аз да болса арыда орналасқан, яғни х дыбысының жасалу орны ғ дыбысымен ұялас дегіміз келеді. Нақты айтқанда тіл түбі (тіл арты емес) мен көмейдің бастау алар жері немесе көмей үсті. Екеуінің айырмашылығы х қатаң, ғ ұяң дыбыс. Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін кішігірім тәжірибе жасап көрелік. Мәселен, тамақтың х дыбысы дыбысталатын жерінде бөгде зат тұрып қалды делік. Әлгі затты х дыбысы анық естілетіндей етіп қақырынып сыртқа шығаруға болады. Тура сол жерде тұрған бөгде затты қ дыбысы естілетіндей етіп қақырынып шығару мүмкін емес. Бұл тәжірибеден х дыбысының жасалу орны қ дыбысының жасалу орнынан аз да болса арыда жатқанын байқаймыз. С.Мырзабековтің кішкене тіл дірілдейді деуінің жаны бар. Оның себебі, бұл дыбыстарды айтқанда көмейдің бастау алар жеріндегі дыбыстау мүшелерінің, дәлірек айтқанды тіл түбі мен (тілшіктен арырақ орналасқан) көмей үстінің жуысуынан пайда болған тар саңылаудан ауа қарқынды шығады. Сол ауаның қарқынынан бейтарап тұрған тілшік дірілдейтіні рас. Алайда, бұл дірілдің х, ғ дыбыстарының жасалуына ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймыз. Сонымен х, ғ дыбыстары тіл түбі мен көмей үстінен жасалады, яғни, бұл екі дыбысты айтқанда тіл түбі мен көмей үсті бір-біріне жуысады. І.Кеңесбаев: «Һ – қазақ тілінде бірден-бір көмейден шығатын фонема. Екінші сөзбен айтқанда, бұл фонема тікелей экспирация арқылы жасалады. Дауыс шымылдығы бұл фонеманы айтқанда өзара өте жуық тұрады да онда діріл (вибрация) болмайды; фонациялық ауа сүзіліп шығады, сондықтан бұл ызың (фрикатив) фонемалардың тобына жатады. Өзге дауыссыздардан мұның айырмасы, ауа бөгетсіз, қарқынды шығады» [1, 373], – десе, С.Мырзабеков: «Һ – бірден-бір көмейден айтылатын фонема», – деген [2, 39]. Н.Сауранбаев: «Һ – бұл дыбыс тіл арты дыбысы болғанмен, тілдің қимылымен жасалмайды. Өкпеден шыққан ауа екпіні күшпен, бірақ, айтылады да, ешбір мүшеге қақтықпай, сол тіл артында жасалып бітеді» [3, 36], – дейді. Бұл дыбысты айтқанда тіл арты қимылсыз қалады дегені, жасалуына тіл арты қатыспайды дегенді білдіреді. Демек һ дыбысы өзге ғалымдар айтқандай тіл артында емес одан арыда, яғни көмейде жасалады. І.Кеңесбаев: «Ц қазақтың айтуында тіл ұшы үстіңгі күрек тіске нық тиіп, шапшаң айтылады (екі мүше бұл фонеманы айтқанда бірден кілт ажырап кетуі арқылы жасалады); ал ч тіл ұшы альвеольға (үстіңгі қызыл иекке) тиюі арқылы айтылады; бұл фонеманың жасалу жолы ц-мен бірдей; сондықтан ц, ч – әрі қосынды (африкат), әрі шұғыл фонемалар» [1, 371], – десе, С.Мырзабеков: «Ц, ч фонемалары африкат (қосынды) дауыссыздар делінеді. Ц фонемасы т мен с элементтерінің жымдасқан (жай құлаққа олардың жігі сезіле бермейтін) қосындысы болып келеді. Оны айтқанда тілдің ұшы астыңғы күрек тіске, алдыңғы жағы (үсті) үстіңгі күрек тіске (не етіне) нық тиеді де, тез ажырап кетеді... Ч фонемасы т және ш элементтерінің кірігуінен құралған, алдымен тіл ұшының күрек тіске, одан соң тіл алдының таңдайға тиюінен жасалады» [2, 40], – дейді. Біз І.Кеңесбаевтың ц дыбысы тіл ұшы үстіңгі күрек тіске нық тиюі, ал, ч тіл ұшы альвеольға (үстіңгі қызыл иекке) тиюі арқылы айтылады дегенімен қосылмаймыз. Өйткені, жоғарыда бұл африкат екі дыбыстың бірінші элементі саналатын т дыбысы тіл ұшы дыбысы, дәлірек айтқанда тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасымен тоғысуы арқылы жасалады деген болатынбыз. Ал, ц дыбысының екінші элементі саналатын с тіл алды дыбысы, дәлірек айтқанда тіл алдының үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасына жуысуы арқылы, ч дыбысының екінші элементі саналатын ш тіл ортасы дыбысы, яғни, тіл ортасының қатты таңдайға жуысуы арқылы жасалады деген болатынбыз. Олай болса африкат ц және ч дыбыстарын бірінші элементінің жасалу орнына сүйеніп тіл ұшы дыбыстары дейміз бе, әлде екінші элементтерінің жасалу орны бойынша ц дыбысын тіл алды, ч тіл ортасы дыбысына жатқызамыз ба? К.Аханов: «Тіл-тілде ызың дауыссыздар мен шұғыл дауыссыздардың ерекшеліктерін бірдей қамтыған дауыссыз дыбыстар да кездеседі. Мұндай дауыссыздар африкат дыбыстар деп аталады. Африкаттар (ц, ч...) шұғыл дауыссыз дыбыстың элементінен басталып, ызың дауыссыз дыбыстың элементімен аяқталады. «Элементтері» деп отырғанымыз мынадан: ц африкаты – толық т мен с дыбыстарының механикалық қосындысы емес; бұл – африкат аталған дыбыстардың элементтерінің бір-бірімен жымдасып бір бүтін дыбыс болып кетуінен жасалған. Ч африкаты да осы тәріздес. Бұл африкат та дербес т мен ш дыбыстарының толық қосындысы емес, аталған дыбыстар элементтерінің органикалық байланысуынан, жымдаса кірігуінен жасалған дыбыс» [8, 296], – дейді. С.Мырзабеков т дыбысының жасалу орнын көрсеткенде тіл ұшы (немесе алды) үстіңгі күрек тіске жабысып, ауа жолын бөгейді де, тез ажырайды десе [2, 35], ц дыбысын айтқанда тілдің ұшы астыңғы күрек тіске, алдыңғы жағы (үсті) үстіңгі күрек тіске (не етіне) нық тиеді де, тез ажырап кетеді... Ч фонемасы..., алдымен тіл ұшының күрек тіске, одан соң тіл алдының таңдайға тиюінен жасалады» [2, 40], – деп, жеке т дыбысының жасалу орны мен ц, ч дыбыстарының құрамындағы т дыбысының жасалу орнынан басқаша көрсеткен, яғни жеке т дыбысын айтқанда тіл ұшы үстіңгі күрек тіске жабысса, ц, ч дыбыстарын айтқанда тіл ұшы үстіңгі күрек тіске тимей, керісінше астыңғы күрек тіске тиеді және ол (тіл ұшы) мұнда ешқандай да активті қызмет атқармайды. Біз бұдан айтылғанда элементтерінің бір-бірімен жымдасып бір бүтін дыбыс болып кететіндіктен әр африкат дыбыс екі жерден емес бір жерден жасалатынын аңғарамыз. Олай болса, африкат ц дыбысының құрамындағы т дыбысы екінші элементі саналатын с дыбысының жасалу орнынан жасалады, яғни ц дыбысы тіл алды дыбысы, яғни, тіл алдының үстіңгі күрек тіс-қызыл иек шекарасына тоғысып барып, жуысуы арқылы жасалады. Сондай-ақ, африкат ч дыбысының құрамындағы т дыбысы екінші элементі саналатын ш дыбысының жасалу орнынан жасалады, яғни ч дыбысы тіл ортасы дыбысы, яғни, тіл ортасының қатты таңдайға тоғысып барып, жуысуы арқылы жасалады. Мақаламызды қорытындылай келе, қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстарды жасалу орнына қарай еріннен бастап көмейге қарайғы реттілік пен еріндік, еріндік-тіс, тіл ұшы, тіл алды, тіл ортасы, тіл арты, тілшік, тіл түбі және көмей дауыссыздары деп төмендегіше жіктеуді ұсынамыз: 1. Еріндік дыбыстар: п, б, м, у; 2. Еріндік-тіс дыбыстар: ф, в; 3. Тіл ұшы дыбыстары: т, д, н, л, р; 4. Тіл алды дыбыстары: с, з, ц; 5. Тіл ортасы дыбыстары: ш, ж, ч, к, г, й; 6. Тіл арты дыбысы: ң; 7. Тілшік дыбысы: қ; 8. Тіл түбі дыбыстары: х, ғ; 9. Көмей дыбысы: һ.

Қалдыбай ҚЫДЫРБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, PhD докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімінің мәсе­лелері. – Алматы: Арыс, 2008. – 608 б. 2. Мырзабеков С. Қазақ тілінің фонетикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 136 б. 3. Сауранбаев Н. Қазақ тілі. – Алматы: Сауранбаев қоры, 1953. – 236 б. 4. Исаев С.М. Қазақ тілі. – Алматы: Қайнар, 1996. – 220 б. 5. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы: Арыс, 2009. – 312 б. 6. Розенталь Д.Э. Теленкова М.А. Справочник лингвистических терминов. – Москва: Просвещение, 1972. – 495 с. 7. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөз­жасам, морфология, синтаксис. – Астана: Астана полиграфия, 2002. – 784 б. 8. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: ЖОО қауымдастығы, 2002. – 664 б.

11936 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз