• Заманхат
  • 02 Маусым, 2017

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАҚТАН ТҰТАР ҚЫЗЫ

Раушанбек Абсаттаров, профессор Найля Сейсен, саяси ғы­лымдарының кандидаты

Туған елі үшін, халқының болашағы үшін аянбай қызмет еткен, еңбегімен, білімімен ел көгерткен қыз­дардан біздің халқымыз ешқашан кенде болған емес. Осын­дай қазақ қыздарының бірі – ұлағатты ұстаз-ғалым, елімізге ғана емес, шетелдерге де қеңінен танымал, ҚР ҮҒА корреспондент-мүшесі, көрнекті мәдениеттанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры – Ақтолқын Құлсариева. Ол бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнап келе жатқан құрметті ұстаз, ұйымдастырушы-басшы, отандық философия мен мәдениеттану ғылымдарының көкжиегін қеңейтуге үлес қосушы ғалым. Жалпы, жаны терең, жүрегі кең, жолдастыққа адал жанның бір көргенде - ақ жүзінен парасатты екені білініп тұрады. Парасаттылық пен бекзаттылық адам баласына әкенің қаны, ананың сүті арқылы сіңетін, туған жерінің топырағынан нәр алатын қасиет қой. Ақтолқын да туған жеріне тартып туған, сол қасиетті топырақтан нәр алған тұлға. Ол Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы шағын ғана Қазақстан ауылында 1969 жылы маусым айының 2-ші күні дүниеге келген.Мерке тауына қарап талпынып, кербез де сұлу табиғаттың нұрына бөленіп, үлкен рухани күш алып өскен. Талант-Тәңірден десек те, оны алып жүре алудың өзі – үлкен дарын. Әрине, дарынды азамат болу оңай емес және ондай биікке көтерілудің өзі екінің – бірінің қолынан келе бермейді.Міне, осындай қасиетті топырақта дүниеге келген Ақтолқын орта мектепті ойдағыдай бітіргесін білімге, ғылымға деген құштарлық албырт жасты сонау алыс солтүстіктегі Ресейдің рухани-мәдени астанасы – Санкт-Петербург (Ле­нин­град) қаласындағы Ленинград мем­лекеттік университетіндегі философия факультетіне алып келді. Профессор Құл­сариева үшін Ленинградтың алар орны ерекше. Жоғарғы білімді табысты бітір­геннен кейін, ол туған еліне оралғасын қа­жыры мен қайратының арқасында өрлеу бас­палдақтарынан биіктей берді. Ақтолқын Тұр­лыханқызының сан қырлы ғылыми және педагогикалық қызметті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Білім мен білікті жадына тұтқан ол алғашында Философия және саясаттану факультетінде философия тарихынан, мәдениет философиясынан, этика-эстетикадан, мәдениеттанудан дәріс берді. Онда бұл жоғары оқу орнының барлық дерлік қызмет баспалдағынан өтеді, ассистент деңгейінен профессор атағына дейін, сол факультеттің деканы қызметіне дейін өседі. Ақтолқын Тұрлыханқызы ғылыми, коғамдық және педагогикалық қызметті 90-шы жылдардан бастап қарқынды дамып келе жатқан жаңа философиялық ғылыми пән – мәдениеттанудың өз еліміздегі және де, ең маңыздысы, өз тіліміздегі негі­зін қалыптастыруға ат салысып, үлкен ықпал етті. Ол республикадағы философия ғы­лымына үлкен үлес қосып, ұлттық дәс­түрлер мен әлемдік рухани ізденістердің алдыңғы қатарлы ойларын қордалаған отандық мәдениеттануды дамытуға, әлі де болса кең таралмаған әрі ғылыми мәртебесі айқындалмаған лингвомәдениеттану сынды таза пәнаралық ғылымның қалыптасуына, аударматануға, тілтану сияқты салаларына философия тұрғысынан негіз салды. Ол 1998 жылы «Мәдениеттер сұхбаты: мәдениет стилінің коммуникативтік мүмкін­шілігі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады, ал, 2007 жылы «Аударма – өркениет феномені» деген тақырыпта докторлық диссертациясын үлкен абыроймен қорғап шықты. Онда аударма жаңа мәдениеттанулық қырынан зерттеліп, жоғары теориялық деңгейде мәдени сұхбаттан өрбитін өркениеттілік даму дәрежесін танытушы дәнекер құбылыс ретінде түсіндіріледі. Ол үшін ізденісте аударманы қажет еткен тілдердің пайда болу, бөліну тарихынан бастап, адамзат мәдениетіндегі қарым-қатынас куәгері болған аударма ісінің өз тарихы, аудармаға қатысты теориялық ізденістер тарихы, аударманың лингвомәдениеттанулық кон­тексті, аударманың мәдениеттер сұх­бат­тас­тығының жемісі – өркениеттілік өнімі екендігі, отандық мәдениеттегі аударма ісі, аудармашы тұлғасының көшпелі-маргиналды тезаурусы және т.б. қамтылды. Дис­сертацияда жүзеге асырылған өзі­нің жан-жақты терең зерттеуінде, автор аударманың теориялық мәселелері мәде­­ниеттануда бұған дейін арнайы зерт­теу нысаны болмағандықтан, оны жан-жақты қамтылған пәнаралық өрісте қарас­тыру әрекеті жалпыфилософиялық, мәде­ниеттанулық, аударматанулық, линг­во­­мәдениеттанулық идеялар негізінде орындалды. Әлемдік адамзаттық құнды­лықтарды тарату мен тасымалдау жолы аударма ісіне байланысты екенін, бұл мақсатқа жету үшін ақылға қонымды шараларды қабылдау қажеттілігін мұқият негіздей келе, ғалым бұл жағдайда елдер мен халықтар арасындағы саяси-экономикалық, рухани, мәдени байланыстар ауқымының ұлғаюы аударма ісінің білікті мамандарын ғана даярлауды қажет етіп қоймай, сонымен қатар, тәржіма туралы теориялық зәру мәселелерді күн тәртібіне ұсынды. Ақтолқын Тұрлыханқызының «Аударма және өркениет» деген монографиясы осы ғылыми-зерттеудің нәтижесі болып табылды. Монографияда аударма мәдениеттану, лингвистика, аударматану, тілтану сынды ғылымдар тоғысында, кең пәнаралық шеңберде қарастырылды. Бұл зерттеуде өркениет феномені болып табылатын аударма мәдениеттанымдық парадигма аясында қарастырылады. Осы күрделі монографияда автор қазақ мәдениетіндегі аудармашылық істің тарихына, жалпы, мәдениеттанулық тұрғыдан төрт негізгі кезеңге топтайды. Бірінші немесе бастау кезеңі көне түркілік ауызекі еркін аударма-түсініктеме басым болған кезең. Онда дағдылы аударма түсі­нігінен гөрі түсіндірме беру, әңгіме етіп баяндау (нарратив) сынды аударма дәстүрін қалыптастырудың алдыңғы сатыларына тән түрлер басым. Екінші кезең автор, қазақ мәдениетінің ірі дүниежүзілік масштабы бар өркениеттік ықпал аймағына өтуіне байланысты орын алған кезеңдерді қарастырады. Ретімен айтар болсақ, екін­ші кезең түркілік негізден бой түзеген көшпелі қазақ мәдениетінің отырықшы араб-мұсылман өркениетінің ықпалына түсуімен байланысты. Ақпарат таратудың ауызекі дәстүрлі жолына негізделген түркі мәдениеті отырықшылық сыйы – жазбаша мәтіндік үлгіге толығымен бет бұрады. Оның үстіне, Араб халифатының тілдік экспансия идеологиясы да оған қосымша болды. Мұнда автор, мұсылмандықтың бір парызы – бес уақыт намаз да міндетті түрде арабша оқылғанын, сондықтан да түркілердің мұсылмандыққа ену тарихының өзі де үлкен діни аудармашылық тәжірибе екендігін көрсетеді. Үшінші кезең келесі бір отырықшы қалалық мәдениет өкілі – Ресей мәдениетімен кездесу-қақтығысу барысында, 300 жыл шамасында орын алды. Соның нәтижесінде батыс-христиандық мәдениет үлгілерімен танысып, ондағы әдеби дәстүрден нәр алу процесі жүрді. Осы кезең төл қазақ аудармашылығының нағыз кітаби, әдеби, жазба тәржімаларға кірісу кезеңі болған еді. Ол кезең күні кешеге дейін көз алдымызда өткен орталықтанған кеңестік идеологиялық кеңіс­­тіктің аудармашылық тәжірибесін де қамтып жатыр. Ал, соңғы, төртінші кезең, автор егемендігін алған еліміздің жа­һан­дану үрдісіне ену барысында өз алдына жасаған негізгі мәдени-өркениеттік қадамы – «Мәдени мұра» бағдарламасына байланысты деп тұжырым жасайды. Әрине, қазіргі уақыттағы аудармашылық белсенділіктің артуына мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының әсері зор. Әрбір мәдениеттің өркениеттілік өресі оның мәдени мұраға деген көзқарасымен анықталады. Өйткені, өз мәдениетіңнің ғасырлар тезінен өткен нәтижелеріне қамқорлық таныту және де өзге мәде­ниеттің құнды жетістіктерін үйрене қабылдау – адамзат өркениетті дамуының сара жолы. А.Құлсариеваның ұсынған қағидалары мен өзіндік методологиялық құндылықтары бұл күндері де өте ма­ңызды. Осы зерттеулердің өзектілігі мен маңыздылығы Елбасымыз Н.Назарбаевтың ақпан айындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқандай, модернизация міндеттемелері әлеумет өмірінің сан саласын қамтығанмен, өзінің түпкілікті мағынасында қоғамды гуманизациялауға бағытталған. Бұл мақалада гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын қалыптастыру міндеті қойылған. Бұл бағдарлама, біріншіден, әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау, екіншіден, қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру міндеті қойылған. Бү­кіл адамзат баласының озық ойлы автор­ларының, өз саласының дүлдүлдері болып есептелетін ойшыл ғалымдардың шы­ғармашылығын қазақ тілінде сөйлету аударма ісі мәдениеттер сұхбаттастығының заңды нәтижесі екендігін көреміз. Міне, қа­рап отырсақ осы тұжырымды профессор А.Құлсариева өз зерттеулерінде болжамдай білген. Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, аударма –  күрделі әрі көп қырлы адам әрекетінің түрі. Күнделікті  аударманы «бір тілден екінші тілге» аудару деп қабылдаймыз, бірақ аударма барысы бір тілден басқаларға ауыстыру ғана емес. Аудармада әр түрлі мәдениеттер, әр түрлі тұлғалар, әр түрлі ойлау құрылымы, әр түрлі әдебиеттер, әр түрлі дәуірлер, дамудың түрлі дәрежесі, әр түрлі дәстүрлер кездеседі. Ау­дарма құнарлы жерге түскен дән іспеттес тамыр жаюы үшін оған деген қажеттілік болуы тиіс. Міне, Ақтолқын Тұрлыханқызы зерттеулері қазіргі өркениетті елдің өрі­сін танытатын аударма ісі мәдениеттер сұхбаттастығының заңды нәтижесі екен­дігінің бірден-бір айғақ болып табылуы­мен құнды. Сондықтан да ғалым-ұстаз қаламынан туындаған дүниелерге зиялы қауым да, ізденімпаз шәкірттер де, жалпы ғылымға құштар оқырман жұртшылық та үнемі қызығушылық танытады. Ақтолқын Тұрлыханқызы жүзеге асыр­­ған ғылыми еңбек тек теориялық-әдіс­­­­­темелік жағынан ғана емес, сонымен бірге, қолданбалы зерттеу тұр­­ғы­­­сынан да маңызды. Зерттеудің қоры­тын­­­­­дылары мен ой-тұжырымдарын тек қа­на теориялық ізденістер саласында мә­де­ниеттанушылар, философтар, лингвис­тер, әдебиеттанушылар, аударматанушылар ғана пайдаланып қоймай, дәл сол сияқты, аудармамен тікелей айналысатын тілмаш-тәржімашылар да керек етеді. Сонымен қатар, оның нәтижелерін «Мәдениеттану», «Тіл философиясы», «Аударма философиясы», «Лингвомәдениеттану», «Аударманың мәдениеттанулық аспектілері» және т.б. осы сынды арнайы курстардан дәріс оқығанда кеңінен пайдалануға болады. Профессор А.Құлсариева шығармашылдық болмысын философия ғылымының түрен түс­пеген тың салаларынан көруге болады. Ғалымның «Мәдениеттану», «Мәдениет және өрке­ниет», «Философия» оқулықтарын жазуы, «Дінтану негіздері», «Мәдениеттану негіздері» оқулықтарын аударуға ат салысуы соның куәсі. А. Құлсариеваның авторлық ұжым құра­мында даярлап шыққан «Мәде­ниеттану» оқулығында мәдениетта­нудың теориялық және тарихи негіздері беріліп, үйреншікті болып кеткен мәдениеттанудың әдеттегі мәселелері ғана емес, сонымен бірге, енді ғана ғылыми көпшілік арасында қызу талқылауға түскен өзекті сұрақтар мен проблемалар көтерілген. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің ұсынған «Мәдениеттану» оқулығының Қазақстанның тәуелсіздігінің 10-жылдығына арналған кітаптар көрме­сінде онжылдықтың ең үздік кітабы деп танылып, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің дипломына ие болуы да, қазақ тілінен орыс тіліне аударылуы да, 6-7 рет қайта басылып шығуы да үлкен көрсеткіш. Ақтолқын Тұрлыханқызы осындай оқулықтың дүниеге келуіне ат салысып, онымен тоқтап қалмай, түрлі жобалар мүмкіншілігін пайдаланып, осы ғылым саласына қатысты сөздіктер мен оқу құралдарын даярлап шықты. Ақтолқын Тұрлыханқызы осы салада сан алуан зерттеулер жүргізе отырып, ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізуде бірнеше шетелдік және отандық қорлардың гранттарын ұтып алған болатын. Атап айтар болсақ, 2004 жылы «Зерде» қоғамдық қорының тарапынан берілген грант негізінде алғашқы аудармасын – Шарль Луи Монтескьенің «Заңдар рухы жайында» деген күрделі де көлемді (50 б.т.) классикалық мәтін аудармасын жасап шықты. Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әл-Фарабидің басты-басты деген философиялық шығармалары: «Диалектика», «Платон философиясы», «Әріптер кітабын» аударған, сондай Вебер, Ницше сынды тағы да бірнеше тұлғалардың классикалық мәтіндерін қазақ­шалады. Профессор Ақтолқын Тұрлы­ханқызы ғылыми-теориялық ізденіс жұ­мыс­тарын ғылыми-ұйымдастырушылық белсенділікпен қатар алып жүруге тырысады. Ол ғылыми ізденістер жасау барысында «Әл-Фараби-Абай: ұрпақтар сабақтастығы», «Қазақстандық даму үлгі­сінің философиялық-мәдениет­таным­дық парадигмасы (Қазақ елі – Жерұйық)» ір­гелі бағдарламалары бойынша ізденіс-шығармашылық топтың белсенді мүшесі болып, ауқымды ұлттық идея тақырыбын зерттеуге қатысты. Соның қисынды жалғасы ретінде бүгінде ғалым «Бар қазақ – бір қазақ», «Интеллектуальный капитал социально-гуманитарных наук и их роль в социокультурной модернизации казахстанского общества», «Толерантность и солидарность как основы межкультурной коммуникации в контексте модернизации казахстанского общества», «Разработка и апробация учебно-методических кейсов на основе исследования социально-экономических процессов развития инновационных компаний Казахстана» деген тақырыптардағы іргелі бағдарлама бойынша ізденіс-шығармашылық топтың жетекшісі болды. Ақтолқын Тұрлыханқызы көпқырлы ғылыми қызметімен баршаға танылды. Ол жүргізген зерттеулердің нәтижесі 2008 жылы «Философияны қайта қарау» деген айдармен Сеулда (Оңтүстік Корея) өткен Әлемдік философиялық конгрестің Қазақстаннан барған 5 қатысушысының бірі болып, онда баяндама жасады. Сондай-ақ, 2013 жылы Афины қаласында өткен Әлемдік фило­софиялық конгреске де, көптеген халықаралық деңгейдегі симпозиумдар мен конференцияларға да белсенді қатынасты. А.Құлсариева шетелдік жоғары оқу орындарында өзінің ғалым-ұстаз-ұйымдастырушы ретінде біліктілігін арттырып тұрады. Атап айтсақ, ол жаңа инновациялық білім беру технологияларын игеру жолында 2008 жылы Лондондағы «Оқытушыларды дамыту» курсына, Жапониядағы білім саласындағы менеджерлердің біліктілігін арттыру курстарына қатысты, 2010-2011 жылдары АҚШ-тың Техас университеті мен Санта-Барбараның Калифорния уни­­верситеттерінде, Иель және Колумбия университетінде, Ұлыбританияның UCL, Оксфорд, Вестминистер универ­ситет­­терінде тағылымдамалық іссапарда болды. 2012 жылы Пенсильвания уни­верситетімен бірлестікте Назарбаев Уни­верситеті өткізген «Лучшие практики корпоративного управления вузами в условиях автономии» деген тақырыптағы ЖОО жетекшілеріне арналған стажировкадан өтіп қайтты. 2006 жылы ол «Диалог Евразия» халықаралық платформасының гранты арқылы Анталия қаласында өткен «БАҚ-тың өркениеттер сұхбатындағы алатын орны» деген тақырыптағы Еуроазиялық конгреске қатысты, 2007 жылы ізденуші Еуроодақтың EUVP (EuroUnion visitors programme) бағдарламасы аясында Брюссель қаласында болып, ондағы Еуропалық Одақ институттарымен танысты. Қазіргі таңда профессор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы басшылық жұмыспен қатар, ғылыми жұмыспен де үздіксіз және белсенді айналысады, өзінің өмірінде осы саланың даму жолдарын барынша табандылықпен, өзіне тән байсалды байыптылықпен жан-жақты зерттеп жүр. Оның 245-тен артық ғылыми мақалалары мен басылымдары, бірнеше күрделі монографиялары, 10-нан астам оқулығы мен оқу құралдары жарық көрді. Ол 2003 жылғы гуманитарлық ғы­лым саласындағы озық еңбектері үшін жас ғалымдарға берілетін М. Әуезов атын­дағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. А.Құлсариеваның 2007 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері екендігін, 2008 және 2010 жылдары ҚР БжҒМ-нің ғылым мен техникадағы озық жетістіктері үшін берілетін стипендиясын жеңіп алған­дығын қоса айтуға болады. Ақтолқын Тұрлыханқызының толассыз еңбегі үкімет тарапынан да, ғылым қауымдастығынан да жоғары бағаланды. 2002 жылы доцент, 2009 жылы профессор ғылыми атағы берілсе, 2012 жылы ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым акаде­миясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ақтолқын Тұрлыханқызы – өзінің ғалымдығын еліміздің қоғамдық қызметімен де ұштастыруда. Ол 2008 жылдан бастап қазірге дейін мәдениеттанудан, философиядан диссертациялық кеңестің мүшесі болып келеді. 2013 жылдан бастап Ұлттық Ғылыми Кеңес мүшесі әрі ондағы «Елдің интеллектуалды әлеуеті» бағыты бойынша ҰҒК-нің хатшысы екендігін де айта кеткен жөн. Ақтолқын Тұрлыханқызы Құлсариева ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін бірнеше марапаттарға ие болды. Ол ҚР БжҒМ «Ғылым дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, қоғамдық ұйымдардың құр­мет грамотоларымен марапатталған. Ай­рықша айта кететін жәйт, ол 2011 жылдың сәуір айында қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алуы. Профессор Ақтолқын Тұрлыханқызы отандық мәдениеттануды дамытуға, әлі де болса кең таралмаған әрі ғылыми мәртебесі айқындалмаған лингвомәдениеттану сынды таза пәнаралық ғылымның қалыптасуына, аударматануға, тілтануға тигізер өзіндік үлесі зор. Қорыта айтқанда, елімізге қадірлі, қазақ халқының мақтан тұтар қызы, ғалым Ақтолқын Тұрлыханқызы өмір жолы мен шығармашылығы, міне осындай. Ол- ғылымға жан-тәнімен берілген, бойындағы оған деген мол дарынын, қарымды қабілеті мен қажыр-қайратын, айтулы таланты мен тәлімді тәжірибесін, бар ықылас, ын­та-жігері мен ой-ниетін өз жүрегімен қалаған осы бір киелі де қастерлі өмір жо­лында жанқиярлығымен аянбай жұмсап келе жатқан, алған бетінен таймаған, ары таза, кемеңгер жан. Ол кім-кімге де әрқашан қол ұшын беруге, ғылымқұмар жандарды ғылымның соқпақты да асулы жолына бастауға әзір тұратын ардақ­ты да асыл азамат. Жалпы алғанда, ғылым жолындағы қазақ әйелдері үшін Ақтолқын Тұрлыханқызының отбасылық бакыты өмірін ғылым мен білім беру жолындағы қажырлы еңбегімен, белсенді қоғамдық, басшы қызметімен ұштастыра білудің жарқын үлгісі болып табылады. Профессор Ақтолқын Тұрлыханқызы бойындағы бар зияткерлік қуат-күшін, қажыр қайратын туған тәуелсіз Республикамыздың игілігіне, өркендеуіне бұдан бұлай да жұмсай бермек. Бүгінде қатардағы қазақ қызының ғылымға, ел мәдениеті мен рухына, білікті жас мамандарды дайындау және тәр­биелеуде әлі де ұзақ жылдар табысты еңбек етіп, Отанымыздың көркеюіне үлес қосуына тілектеспіз.

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз