• Заманхат
  • 19 Шілде, 2017

Нәзипа Құлжанова – мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы ғалым, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері

Серғазы Қалиұлы, профессор

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында (1920-1930ж.ж)Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, балалар яслилерін) ашу аса күрделі де қиын мәселе болатын. Оның себебі: Біріншіден, мектепке дейінгі мекемелерді ашу үшін орасан мол қаржы керек еді (арнаулы үй, жиһаз, оқу құрал-жабдығы, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, т.б. сатып алу қажет). Екіншіден, балаларға арналған жиһаз, ойыншықтар шығаратын өндіріс орындары жоқ болатын. Сондықтан, оларды шет елдерден қымбатқа сатып алуға тура келді. Үшіншіден, мектепке дейінгі мекемелерде қызмет ететін маман кадрлар тапшы-тын. Оларды даярлайтын арнаулы оқу орындары болмады. Төртіншіден, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне қажетті оқу-әдістемелік құралдар жетпейтін. Міне, осы проблемаларды шешу ісімен алғашқы Кеңес үкіметінің басшыларымен бірлесе отырып А.Оразбаева, Н.Құлжанова, Ш.Шонанова, С.Есова сияқты көрнекті педагог қоғам қайраткерлері айналысты. Олар бұл істегі батыс елдерінің педагог қайраткерлері К.Цеткина, Н.К.Крупская, Е.Тасова, т.б. іс-тәжірибелерінен үйренді. Солардың педагогикалық еңбектерін қазақ тіліне аударды. Сөйтіп, өздері де мектепке дейінгі тәрбиемен байланысты төл оқу-әдістемелік құралдар жазу, кадрлар даярлау істерімен айналысты. Мәселен, Ш.Шонанова 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналына екі еңбегін ұсынды. Оның бірі «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысының болашақ проблемасы», екіншісі «Балалар алаңын құру мәселесі» деп аталды. Ш.Шонанова (1903-1938) 1922 жылы ҚазАССР-і Халық ағарту комиссариаты жанындағы мектепке дейінгі тәрбие ісінің әдіскері, ғылыми хатшысы, инспекторы қызметтерін атқара жүріп, республиканың әр аймақтарында мектепке дейінгі мекемелерді ашу ісімен де айналысты. Ол екі рет медицина институтына (Орта Азия мемлекеттік университетінің биология факультетіне) түсіп, шыққан табына байланысты оқудан шығарылған болатын. 1937 жылы жұбайы, көрнекті лингвист, тарихшы ғалым Телжан Шонановпен бірге тұтқындалып, халық жаулары ретінде 1938 жылы ату жазасына кесілген. Осынау қазақтың педагог ғалым қыздарының алдыңғы легінде жан аямай еңбек еткен педагог ғалым Нәзипа Құлжанова (1887 жыл 26-ы шілде-1934 жыл наурыз) Жангелді ауданында Ы.Алтынсарин ашқан мектепте оқып, кейін Орынбордағы мұғалімдер семинариясын 1914 жылы үздік бағамен бітіріп шыққан. Нәзипа Орынбордағы мұғалімдер семинариясында (1907-1914) оқып жүрген кезінде өзінің идеялық ұстазы Ахмет Байтұрсынов Назипаға өлеңмен хат жолдап, оқу инемен құдық қазғандай ауыр іс. Оған асқан төзімділік, қажымас қайрат қажет. Келешек ел үмітін ақтап шығар алғыр, турашыл, өр мінезді азамат бол дей келіп, Су да болар ол жолда, тау да болар, Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар. Мынау пайда, мынау зиян демек, Ол ерліктің ісі емес, сауда болар. Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар, Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар. Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да, Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар, – деп, сол кездегі саусақпен санарлық бірді-екілі талапты қазақ қыздарының білім жолындағы қиын кедергілерді жеңіп шығуына ағалық ақыл-кеңесін береді. Нәзипа Құлжанова 1914-1920 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинария­сында оқытушы, 1920-1922 жылдары Ақмолада оқытушы,Орынбордағы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі және белсенді авторларының бірі, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналында, ал 1925-1929 жылдарда «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналдарында қыз­мет атқарған. Ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова 1934 жылы Ақмолада дүниеден озды. Нәзипа Құлжанова 1925-1929 жылдары М.Горькийдің, В.Г.Короленконың, А.Куприннің, В.В.Лавренконың, Н.К.Крупскаяның еңбектерін қазақ тіліне аударды. 1919 жылы Семей қаласында Ж.Аймауытов, М.Әуезовтермен бірге Абай мұраларын насихаттаумен айналысып, Семейде Абайдың қайтыс болғанына 15 жыл толуына байланысты Абайды еске алуға арналған әдеби кеш өткізіп, Абайдың ақындық шығармашылығы мен рухани мұрасы турасында екі тілде (орысша, қазақша) ғылыми баяндама жасады. Осы кеште М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді қойылады. Артынан концерт болады. Оған өнер саңлақтары И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Абайдың әнші шәкірті Әлмағамбет, Қ.Сәтбаев, Ж.Аймауытовтар қатынасып, Абай өлеңдерін оқып, Абай әндерін орын­даған. Нәзипа Сегізбайқызы Ахмет Байтұрсыновтың ұстаздық үлгісінен нәр алған адам. Ол өзі де педагогикалық екі еңбек жазды. Оның бірі «Мектептен бұрынғы тәрбие» (1923) деп аталса, екіншісі «Ана мен бала» (1925) деп аталады. Н.Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты еңбегіне Ахмет Байтұрсынов кіріспе сөз жазып, бұл ең­бекке «Қазақстан топырағындағы жаңа тақырыпқа арналған тың туынды» деп жоғары баға береді. Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің жұмыс мазмұнын, атқаратын қызметін айта келіп, баланы тәрбиелеу, өсірудегі ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталады. Үш пен жеті жас аралығындағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін – бала әлемін сөз етеді. Әсіресе, жас баланың айналаны білуге деген құмарлығын, сөйлеуге, сұрақтар беруге бейім болатынын, сол арқылы ойы өсіп, жетілетінін айта келе, баланың ойын дамыту үшін олардың сұрақтарын жауапсыз қалдыруға болмайды. Қазақтар баламен сөйлесуге жете мән бермейді. Сондықтан, олардың сөйлеу мәдениеті толыққанды жетілмейді дейді. Баланы табиғат аясында тәрбиелеудің, табиғат құбылыстары жайында үнемі әңгіме жүргізудің тағылымдық мәніне терең тоқталады. Ол баланы жас кезінен бастап табиғат аясында тәрбиелеудің эстетикалық әсерін айта келіп, «Бала даланың кеңдігінде шолпылдатып суға түсіп, жүгіріп құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын тоғай арасында сайрандай жүріп, көңілі де, жан-тәні де бірдей өсіп, өркендемек» дегенді айтады. Автор осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: «Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл көтеру және денесі еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік сезімді болып келеді» деп мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін сөз етеді. Н.Құлжанова баланы үйде, балабақшада еңбекке бейімдей тәрбиелеудің маңызына тоқталады. Ол үшін әр балабақша жанында биологиялық бұрыш, тәжірибе участогы болуы керек. Бала торғайды, қоянды, тотықұсты, кірпікшешенді, балықты өсіруді білсін, аулаға көкөніс, гүл отырғызып, су құюды үйренсін, сазбалшықтан ойыншықтар жасап үйренсін дейді. Нәзипа Құлжанова баланың санасын оятып, қиялын өсірудегі ойыншықтардың тәрбиелік рөліне ерекше мән береді. «Ойын баланың қиялын өсіреді. Ойнай білу дегеніміз – ойлай білуге үйрету» дейді. Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәр­биенің басты бағыттарын «Тән саулығы», «Баланың сырт сезімдерінің дамуы», «Заттың түр-түсін ажыратуы», «Бала тілінің шеберлігі», «Баланы еңбекке дағдыландыру», «Баланың әдемілік сезімін ояту», «Бала ойындары мен ойыншығы», «Баланы көпшіл болуға баулу» деп жіктей келіп, осы мәселелердің әрқайсысының мән-мағынасын ашып талдайды. Нәзипа Құлжанованың мектепке дейінгі тәрбие туралы жазған еңбегінің құндылығы – біріншіден, оның Қазақстан топырағындағы тұңғыш мектепке дейінгі педагогика ғылымының негізін салушы педагог-ғалым болуымен ерекшеленсе, екіншіден,Н.Құлжанова мектепке дейінгі педагогиканы биология, медицина ғылымдарының жетістіктерімен байланыстыра қарастырады, үшіншіден, ол қазақ этнопедагогикасын әлем елдерінің этнопедагогикасымен үндестіре зерттеді, төртіншіден, Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын бедерленген. Ана мен бала тәрбиесі, әсіресе баланы мектепке дайындау жайында әдістемелік құралдар ана тілімізде күні бүгінге дейін тапшылық етуде. Олай болса, бұдан 94 жыл бұрын жазылған Нәзипа Құлжанованың еңбектері күні бүгінге дейін өзінің құндылығына қылау түсірмес аса құнды еңбек екені даусыз. Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиенің негізін салуда қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш көрнекті педагог-ғалым Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованы мәңгі есте қалдыруда Қазақстан үкіметі арнаулы қаулы қабылдап, оның туған жері Қостанай облысы Рудный қаласындағы педколледжге ғалымның атын берсе, сондай-ақ, Қостанай қаласында Н.Құлжанованың атына бір көше берілсе, 1914-1920 жылдарда өзі жұмыс істеген Семей педколледжінде Нәзипа атындағы стипендия тағайындалса, класс-лаборатория белгіленсе ағартушы, қайраткер, педагог ғалымға жасалған зор құрмет болар еді. Бұл мәселе бұдан он жыл бұрын 2007 жылы көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, педагог ғалым Нәзипа Құлжанованың туғанына 120 жыл толуымен байланысты газет беттерінде көтерілген болатын. Алайда, жергілікті атқарушы органдар мен үкімет басшыларының бұл мәселеге самарқау қарауынан ескерілмей, аяқсыз қалып келді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, ел басқарушы әкімдер әлде де болса халық үніне құлақ асар деген үкілі үміттеміз.

16457 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз