• Тарих толқынында
  • 19 Шілде, 2017

Халықаралық көрменің тарихы мен жетістіктері

Ақбота Сейсенбаева, философия докторы (PhD)

Дүниежүзілік көрмелер өзінің ауқымы, жалпы саяси және экономикалық мәнділігі бойынша теңдессіз оқиғалар болып табылады. Халықаралық көрмелер әлем елдерінің экономикалық, ғылыми, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндік беретін оқиға ретінде кеңінен танылды және тарихи тәжірибе айнасы, инновациялық идеялармен алмасу, бірігу мен келешекке деген ұжымдық көзқарасты танытатын шара болды. Дүниежүзілік көрмелердің тарихы сонау XIX ғасырдың 50 жылдарынан бастау алады. Негізінен әлемнің алғашқы көрмесінің негізін 629 жылы Дагоберт король қалады. Алғашқы көрме кәсіпкер және дизайнер Генри Коулдің және Альберт Девиз ханзаданың бастамасымен Лондон қаласында «Барлық халықтардың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесі» деген атаумен өтті. Көрме барысында Джозеф Пакстонның басшылығымен салынған викториандық Англияның кәсіпкерлік рухының көрінісі болып табылатын Хрусталь сарайы халықтың назарына ұсынылды. Осы алып өнер туындысы – Хрусталь сарайында, оның әйнекпен толтырылған металл конструкцияларында адам өмірін қайта оралмастай өзгерткен механизмдер мен өнертабыстар көрсетілді. Бұл «Алтын ғасырды» бейнелейтін сарай болды. Бұл шара өзінің маңыздылығымен көптің көңілінен шықты, әрі табысты болды. Осы көрмефден кейін көптеген ірі қалаларда шыны мен темірден жасалынған осы ғимаратқа ұқсас оқу залдары пассаждар, тоғыспалы галереялар салына бастады. Лондон көрмесінен кейін көрмелердің қағидалары тиісті халықаралық нормативтік актілерде бекітіле отырып, жетілдіріле түсті. Олардың басты мақсаты – жаңадан шыққан ғылыми-техникалық жетістіктерді, болашақта дамуын, сондай-ақ, қатысушы елдердің тарихын, салт-дәстүрлерін және мәдениетін көпшілікке көрсету. Бұл көрменің соншалықты табысты өтуі, оны қайталауға шешім қабылдады. Екінші халықаралық көрмені Напалеон Парижде өткен көрмеде алғаш рет көрмеге қатысушыларға өздерінің экспозицияларын қоюға арналған ұлттық павильондар тұрғызуға рұқсат берілді. Осы көрменің негізінде әлемнің жеті кереметінің бірі, әйгілі құрастырушысы Густав Эйфельдің атымен аталған әйгілі Эйфель мұнарасы ашылды. Париждегі бүкіл дүниежүзілік көрмеге 51 миллион адам келді – бұл XIX ғасырдың бүкіл тарихындағы көрермендердің рекордтық саны болды [1]. 1904 жылы АҚШ-та Сан-Луист қаласында өткен көрмеде келушілер алғаш рет мұзы бар шайдың, ыстық бұрақтың, балмұздағы бар түтікшенің дәмін татып көрді және жаңадан туған нәрестелерге арналған инкубаторларды алғаш рет тамашалады. Алғаш рет осы аталған көрмеде 1939 жылы Нью-Йоркте теледидар саласындағы RCA-ның алғашқы жетістіктері және алғашқы су турбиналары көрсетілді. Нью-Йоркте өткен көрме негізінде көрменің сипаты өзгере бастады және олардың қоғамға арналған жарқын болашақты болжай отырып, нақты мәдени тақырыптарға арнады. 1928 жылы Париж қаласында Халықаралық көрме бюросы (ХКБ) құрылды. Сол күннен бастап, ол әлемдегі өкілетті құрылымдардың бірі болып саналады. Өзінің құрылған күнінен бастап, көрмелер халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өткен көрмелерде Бейбітшілік пен ілгерілеуге деген ұмтылыс көрініс тапты. Бұл соғыстан кейін қалжыраған халықтың рухани жаңаруының көрінісі еді. Брюсселдің Атамиумы, Фуллердің геодезиялық күмбезі және 1967 жылғы Монреалдағы Израильдік сәулетші Мое Сафдидің жобалаған «Хабитит 67-сі», Сиэтлдегі «Ғарыштық ине» және Осакадағы «Күн мұнарасы» адамзаттың барлық жаңа және заманауи нәрселерге деген талпынысының көрінісіне айналды. 1974-1998 жж. тоқсаныншы жылдар үміт пен оптимизм сезінген кезең болды. Орталық пен шалғай арасында өзара әрекеттесудің жаңа нысандары пайда болып, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтық қысқарып, БҰҰ-ның халықтар форумы ретіндегі рөлі күшейді, халықаралық қатынастар көп­тараптық сипатқа ие болды. Осымен бір мезетте жаңа технологиялар екпінді дамыды: микропроцессорлардың, компьютерлердің, интернет байланысы, көлік және әр адамның күнделікті өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жаһандану процесі бүкіл адамзатты – «Жер көлеміндегі ауылды» қамтыды.  Көрмелер жаңа тенденцияларды көрсете бастады. Халықаралық көрме 1985 жылы Жапония елінде Цукуба қаласында «Адам тұрмысын жақсарту үшін ғылым мен технологияларды дамыту» атты тақырыппен өтті. Көрменің ресми символы – ғарыш адамы Cosmo Hoshimaru болды. Көрмеге жалпы 20 млн. адам келіп, 111 мемлекет қатысты. Бұл көрменің бір ерекшелігі роботтар басым болды [2]. 1986 жылы Ванкувер қаласының жүз жылдығына орай 2 мамыр мен 13 қазан аралығында «Көлік және байланыс: қозғалыстағы және байланыстағы әлем» атты тақырыпта II санатты дүниежүзілік көрме өтті. Көрмені ханзада Чарльз Уэльский, ханшайым Диана Уэльская және премьер-министр Брайан Малрони ашты. Көрменің ресми символы адамға ұқсас робот Эрни болды. Қатысушы елдер саны жүзге жуық, ал келушілер қатары 6,5 млн адамды құрады. 1988 жылдан бастап, елдер өздерінің көрмелік па­ви­ль­ондарының арқасында өздерінің ұлттық бейнесін жақсартудың әдісі ретінде пайдалана бастады. 1988 жылы Австралияда, Квинсленд қаласында «Техника ғасырындағы бос уақыт» атты тақырыпта көрме ұйымдастырылды. Бұл жасыл құрлықта өткен бүкіләлемдік алғашқы көрме болды. Көрмені Австралия Корольдігінде Элизабет II ашты. Келушілер саны 18 млн. жетті. Бұл көрменің ең бір же­тістігі Квинсленд қаласын Австралияның дамыған қалаларының біріне айналдырды. Осы көрменің арқасында көптеген мүсіндер мен ғимараттар бой көтеріп, бүгінгі күнге дейін сақталды [2]. 1992 жылы Испания елінде Севильес қаласында «Жаңалықтар ғасыры» деген атпен халықаралық көрме өтті. Көрменің символы – ұзын тұмсығы, түрлі-түсті айдары, пілдің аяғы бар үлкен құс Curro болды. Оны жасаған неміс жобалаушысы Хайнц Эделман. Бұл көрме атақты саяхатшы Христофор Колумбтың Американы ашқандығына 500 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Көрмеге 100-ден аса мемлекеттер қатысып, 41 млн. аса адамдар келді. 1993 жылы Оңтүстік Кореяда Тэджон қаласында бүкіләлемдік көрме жалғасын тапты. Көрменің тақырыбы «Дамудың жаңа жолын таңдау». Көрменің басты символы – ғарыштан келген Кумдори сәбиі болды. Символды ойлап тапқандардың пікірінше, сәби техникалық жаңғыртуға жетелеуі керек. Кумдори адамның ғылым мен техника туралы арманын бейнеледі. Бұл көрменің басты жетістігі EXPO Bridge көпірінің салынуы болды. Көрменің мақсаты түрлі елдердің қоршаған әлемді танып білудің ғылыми-техникалық әдістерін әзірлеуге әртүрлі елдердің қосқан үлесін көрсету болып табылады. EXPO-93 көрмесіне дүниенің әр түкпірінен 108 мемлекет қатысты.Корейліктер әдемі сәулет, мазмұнды көрме ұйымдастырды.Сондай-ақ, EXPO «Kumdori» құрметіне Kumdori Land қызықты саябақ зонасы да сән-салтанатымен қызықтырды. Жалпы Кореяда өткен бұл көрме үлкен технологиялық көрсетілімдер арқылы танымал болды. 2000-2010 жылдар арасында (өткен көрмелер) адамдар өздерінің қауіпсіздігіне сенімсіздікпен қарап, лаңкестіктен, жаппай қырудың қару-жарағының таралуынан, климаттың өзгеруінен қауіптене бастады. Халықаралық күн тәртібіне жаңа мақсаттар шығарылды.Оларды орындауға ортақ көзқарас және ортақ қимыл қажет болды. Дүниежүзілік көрмелер бұрынғыдай әлем халықтары кездесетін және өзара байланыстың және қызметтерді бөлудің тиімді жолдарын іздейтін орын болды [1]. 2000 ж. Ганноверде ынтымақтастық пен білім беру басымды бағыттар болып табылатын «Адамзат, табиғат технологиялар» атты тақырыпта көрме өтті. 2005 жылғы Жапониядағы Айчи де өткен көрме ұзаққа созылған дағдарыстан көңілді бұруға мүмкіндік берді. Арасына екі жыл салып 2008 жылы Сарагосада әлемнің 104 мемлекеті қатысқан халықаралық көрмесі өтті. Бұл көрме – орта көлемдегі қалалардың халықаралық масштабтағы шараларды тарту ұмтылысының көрінісі болды. Бұл көрмеге 2008 жылы Қазақстан Республикасы алғаш рет қатысып «С» санатындағы павильондар арасында павильон рәсімдеудің ішкі және сырт­қы критерийлері бойына қола марапатқа ие болды. Осы көрмеде Президент Н.Ә. Назарбаев осындай шараны Астана қаласында өткізу қажеттілігі туралы атап өткен болатын. Су тақырыбында өткен көрме кеңістігі сиқыр мен тосын сыйларға толтырылды: мұнда цунамидің ұқсатқышы және Еуропадағы ең үлкен тұщы су аквариумы болды. Келушілер әлемнің барлық елдерінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, мерекелеріне қатыса алды, сондай-ақ сумен байланысты барлық нәрсені біліп, бәрінің дәмін татты. 2010 жылы Қытай халық Республикасындағы Шанхай қаласында бүкіл дүниежүзілік көрме өтті. Тақырыбы «Жақсы қала – жақсы өмір» деп аталды. Көрмеге 198 ел және 27 халықаралық ұйым қатысты, 70 млн жуық адам келді. Шанхай көрмесінде алғаш рет «Қола құрылысының ең жақсы тәжірибелері» Аймағы ашылды. Мұнда қалалардағы өмір сапасын көтеру бойынша өзіндік жобалар ұсынылды.Аймақ алаң ретінде ойластырылған, онда қалалардың өкілдері қалаларды дамыту және салу салаларындағы тәжірибелерімен алмаса алды. Қазақстан павильоны бұл көрмеде «Азия» аймағында Жапония және Оң­түстік Кореямен көршілес болды. Бұл көр­медегі Қазақстанның мақсаты Астананы халықаралық жайғасы мен әлемнің ең жас және серпінді түрде дамып келе жатқан астана екендігін көрсету болды. Қазақстан ұлттық экспозициясының тақырыбы «Астана Еуразия жүрегі». EXPO – 2010 көрмесі ресурстарды қысқарту, қылмыс деңгейін төмендету, қоршаған ортаны ластауға қатысты мәселелердің тұжырымдамалық шешімін болашақтың қалаларын үлгілеу арқылы ұсынды. Шараны ұйымдастырушыларға 12 млрд доллар кіріс әкелді. Орта бизнестің кірісі ең кем дегенде 20 пайызға артты. 2012 жылы Оңтүстік Кореяда «Тірі мұхит және жағалау» атты тақырыпта өтті. EXPO көрмесінен басқа аумағы 250,000 шаршы метр көрме аумағында EXPO қалашығы, көлік қоятын орын, саябақтар, жасыл желектер, мейрамханалар, мұражайлар мен дәмханалар орын алды. Көрме өзінің тақырыбына сәйкес келетін мұхиттың көрікті жағалауына орналасты. Есу EXPO-2012 халықаралық қауымдастықтың әлемдік мұхиттың және жағалаудың қызметі мен құндылықтары туралы танымын кеңейтіп, теңіз саласында қызметтесуді жолға қою қажеттігін көрсетті. Қазақстан төрт рет ЭКСПО Бүкіл­әлемдік әмбебап көрмесінде өз павиль­онын орнатты. Қазақстан өз павильонын мәдениет пен ғылымдағы бизнес пен туризмдегі дәстүрлерге және инно­вацияларға сәйкес құрды. Павильон су тақырыбына арналып, Қазақстан тарихы мен дәстүрлері, оның заманауи өмірі мен болашақ перспективалары туралы әңгімеледі. Біздің павильон 6 аймақтан тұр­ды. Келушілер бүкіл павильондар бойын­ша көрсетілген интерактивтік шоуды тамашалады. Қазақстан павильоны ол кезде «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге үміткер қала Астанаға ерекше назар аударды. 2015 жылы Италия мемлекетінде Милан қаласында Халықаралық «ЭКСПО-2015» көрмесі өтті. Көрме сансыз экспозициялар, мыңдаған қызықты оқиғалар, мәдени шаралар мен кездесулер, концерттер азық-түліктерді өндірудегі дәстүрлер мен жаңалықтарға арналды. Көрмелік павильондар үшін Миланның солтүстік-батысындағы 1 млн шаршы метрден асатын алып аймақ берілді. Басты экспозиция Fiera Milano көрмелік орталығы болды. Қазақстан бұл көрмеде «Тақырып пен мазмұнның үздік ашылуы» номинациясы бойынша ең үздік павильондардың үштігіне енді. Екі қабатты ғимаратта жалпы ауданы 3000 шаршы метрлік жерде орналасқан Қазақстандық павильонның тақырыбы «Қазақстан мүмкіндіктер елі» деп естіліп тұрды. Біздің еліміздің павильоны көрменің бүкіл кезеңі бойынша көрермендер ең көп келген павильондар санына кірді және көрмені ұйымдастыру комитетінің ұйымдастырған дауыс беру нәтижелері бойынша көшбасшы болды. Осындай жетістіктердің нәтижесінде EXPO Халықаралық көрмелер бюро­сының шешімі бойынша дауыс беру­ге қатысқан 161 мемлекеттің 103-і Қазақстан қаласына беріп, «EXPO – 2017» көрмесін Еуразияның қақ төрінде орналасқан Ел­ор­дамыз Астана жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстанның 20 жылдың ішінде әлемдегі сенімді, демократиялық құндылықтарды қастерлей білетін тәуелсіз ел екенін таныта алды [3]. Жалпы, осы уақытқа дейін өткен дүниежүзілік көрмелер әлем­нің экономикалық және ғылыми байланыстарының дамуы мен кеңеюіне үлкен ықпал етті. Өткен халықаралық көрмелер – әртүрлі елдерде тұратын бірақ бірдей құндылықтар, мүдделер және мақсаттары мен біріккен адамдардың араласуының бірегей мүмкіндігін сыйлады. Көрме нәтижесінде Лондондағы Хрусталь сарайы; Париждегі Эйфель мұнарасы; Париждегі Александр 3 көпірі; Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны секілді ХКБ-ның өзіндік мұрасы пайда болды. Жақын күндері Еліміздің бас қаласы – Астана тарихы үш ғасырға созылып келе жатқан EXPO халықаралық көрмесі салтанат құратын аймаққа айналуда. EXPO көрмесінде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктері халық назарына ұсынылады. Көрме аясында жаһандық дамудың жаңа бағыттары айқындалады. Оған барлық құрлықтардың жүздеген мем­лекеттерінен миллиондаған адамдар қатысуда. Көрме үш айға созылады. Елімізде өткізілейін деп отырған EXPO-2017 көрмесі Тәуелсіз мемлекеттер Дос­тастығы мен Орталық Азияда тұңғыш рет өткізілгелі тұрған бірегей шара болмақ. EXPO ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. «Елдің дамуының «Жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған «ЭКСПО-2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Аста­нада ғылым мен техниканың үздік әлем­дік жетістіктері ұсынылуда. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «бо­ла­шақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» – деді Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында [4]. Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрлері мен қонақ­жай мінезімен таныстырылып, Қазақ­станның әлемдік қоғамдастықтағы таны­малдылығы мен тартымдылығын жоғарылатады. Елорданың мәдени дамуы да маңызды іс. EXPO өткізу кезінде Астана қаласы дүниенің әр бұрышынан келген әр түрлі мәдениет үндеріне толды. Күн сайын көрме аумағында концерттер, шоу, Ұлттық Күндер және басқа ойын-сауық шаралары өтіп жатыр. Көрме аясында Орталық Азиядағы ең ірі музей Қа­зақстан Республикасының Ұлттық музейі халықаралық мамандандырылған еліміздегі рухымызды көтеру жағынан ғана емес, еліміздің төл тарихы мен мәдени мұрасының асыл қайнарларынан сыр шертетін «Сұлтан Бейбарыс және оның заманы», «Сақ Алтындары» және әлемдік өнер жауһарлары болып табылатын шетелден келетін «Ежелгі Мысыр ескерткіштері», «Қытайдың Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері», «Шығыс пен Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ», атты т.б. көрмелері халық назарына ұсынылды.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. https://expo2017astana.com/kz/history-expo/istoriya-ekspo-s. 2. http://bnews.kz/kz/news/nacionalnyi_proekt_expo_2017/astana/spetsproekti/nacionalnyi_proekt_expo_2017. 3. ҚР Президентінің баспасөз қызметінің мәлімдемесі. Париж, 22 қараша, 2012 жыл. 4. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы. -Астана, 14 желтоқсан, 2012 ж.

6271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз