• Заманхат
  • 21 Тамыз, 2017

Журналистиканың жампозы еді

Белгілі қаламгер, жазушы-журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Омарұлы Кенжалин осы жылдың 24 шілде күні 63 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ж.Кенжалин 1954 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайынды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды. 1973 жылдан 1975 жылға дейін әскер саласында азаматтық борышын өтеді. 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999 жылдан 2006 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан айлары аралығында «Ана тілі» ұлттық апталығының, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. 2009 жылдың ақпан айынан осы кезге дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы. Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2012ж.), «Қалам қанаты» (2014ж.), «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» (2016ж.) деп аталатын кітаптардың авторы. Ж.Кенжалин – саяси ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Журналистика саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, көп­теген медальдармен марапатталды. Ол – ТМД Парламенттік Ассамблеясының «Баспасөзді және ақпаратты дамытқаны үшін» белгісінің иегері, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сый­лығы­ның лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет қайраткері. Жұмабек Омарұлы ұлтжанды тұлға, парасатты жан, жаны жайсаң азамат, өз кәсібінің білгірі, ұйымдастырушылық қабі­леті мол басшы, белгілі қоғам қайраткері ретінде есімізде сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы «Қазақ газеттері» ЖШС-ның ұжымы

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз