• Тарих толқынында
  • 08 Қазан, 2017

«Рухани жаңғыру» ұлт таңдауының ұйытқысы

Қазыбек Дауталиев – заң ғылымдарының кандидаты, философия магистрі, ҚР Президенті атындағы халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Ресей ғылым академиясы  Мемлекет және құқық институтының»  ізденушісі

Рухани жаңғыру деген не?

Белгілі француз ғалымы, мәдениеттанушы және философ Ж.-К.Леви-Стросстың біздің заманымызға қатысты «ХХІ ғасыр – гуманитарлық ғылымның ғасыры болады, әйтпесе, ол мүлде болмайды» деп айтқан батыл болжамы бар. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы дер кезінде көтеріліп отырған гуманитарлық мәселелерді қамтиды. ХХ ғасыр Қазақстан үшін индустриялизация дәуірі болып есептеледі. Кеңес Одағында жаппай индустриаландыру процесі жүргенімен, өркениет жолына сай, таби­ғатына лайықты модернизация сана болмысында орын алмады. Сондықтан да, «индустрияландыру» және «модернизациялау» категориялары кеңестік заман тәжірибесінде марксизм-ленинизм тұрғысынан интерпретацияланып («сананы тұрмыс билейді»), олардың Жаңа заман дәуірінен бері тарихи қалыптасқан құндылықтық және мәдени болмысы антогонистік ұғымдар ретінде күй кешті. Бүгінде индус­трияландырудың өз бетінше сананы модернизациялауға алып келмейтіндігін кеңестік тәжірибе көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы жасаған халыққа Жолдауында Қазақстан бүгінде индустрияландырудың жаңа сатысына – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өтуі керектігін жария етті. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі индустрияландыру процестері кезең-кезеңімен енгізіліп, жүйелі түрде қолға алынып отыр. Алайда, индустрияландырудың осынау төртінші сатысы «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген қазақстандық ұстанымның қайта қаралуын, оның ендігі қоғам өмірінде гуманитарлық мәселелерді қозғауға толықтай пісіп-жетілгендігін көрсетуде. Қазіргі заман мәселесін зерттеуші батыс­тық сарапшылардың пікірі бойынша әлемдік жүйенің онтологиялық негізі интеграция мен прогресс идеяларынсыз қалыптасуы мүмкін емес екендігін көрсетіп отыр. Интеграция идеясы бір жағы әлемдік жаһанданудың заманауи негізі болса, екінші жағы осы әлемге имманентті түрде плюрализм қасиетінің тән екендігін таниды. Қазақстанның рухани өмірінде осы күнге дейін жүргізілген мо­дернизациялық процес­тер белгілі бір деңгейде осы талаптардың үдесінен шықты деуге болады. Аталмыш идеялар Қазақстанның ішкі, сондай-ақ сыртқы қарым-қатынастарында ұтым­ды қолданылып келеді. Ішкі саясаттан айтар болсақ, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуі – ұлттық-мәдени плюрализмге лайықты көңіл бөлетін озық конституциялық модельді қалыптастырды. Өз кезегінде БҰҰ тарапынан да оң бағаға ие болып отыр. Ал, мемлекетіміздің сыртқы қарым-қатынастағы көп векторлы саясаты мен интеграциялық процестерде белсенділік танытуы Қазақстанның сенімді әріптес мәртебесін қалыптастырды. Бұл да өз кезегінде айтарлықтай жемісін беруде. Алайда, осы идеялардың сәтті іске асуына мем­лекеттілігіміздің іргесін қалаушы – қазақ хал­қының ғасырлар бойы қалыптастырған субъектаралық коммуникативтіліктің бай тәжірибесі, билер соты арқылы инсти­туцияланған бітімгершілік мінезі және ең бастысы бейбіт өмірден дәулет­құрушылық құндылықты көре білген дүниетанымы әсер етпей қойған жоқ. 1917 жылға дейін қалыптасқан орыс халқының тарихи мінезі мен империялық санасы, деспоттық орталықтанған би­лікпен қарым-қатынас орнатудағы «этатизмге берілгендік», «репрессияға төзім­ділік» сияқты саяси сана элементтері жаңа орнаған кеңестік биліктің мәніне транс­формацияланды. Мұны іліп әкеткен әйгілі маркстік-материалистік фило­софияның «сананы тұрмыс билейді» деген қарабайыр (профанды) көзқарасы өркениетті капиталистік құндылықтар жүйесінің суалып, біржақты талдануына, сөйтіп жуан жұдырыққа, бір ғана «шындыққа» негізделген қоғам ор­натуға алып келді. Ақтаңдақтарға толы кеңес тарихының тағылымы – модер­низациялық өзгерістердің саяси-құ­қықтық санада да қатар жүріп, құқықтың ізгі идеяларына бағынған қоғам орнатуды көздейді. Қоғамдық сана құрылымы бойынша дуалистік (қанаушы-қаналушы), сипаты бойынша таптық (бай-кедей) мазмұнда қалыптасқан кеңестік Қазақстан үшін азаматтық қоғам орнату сұрақтары әлі де күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Шын мәнінде «тарихи уақыт» сығымдауға көнбейтін, өзіндік жүріп өтер жолы бар, кездейсоқтық пен заңдылықтардан тұратын бүтіндей әлеуметтік-мәдени құбылыс. Дей тұрғанмен, адамзат жүріп өткен әрбір тарихи кезеңнің өмір сүру уақыты 2,73 есеге дейін қысқарып отыратындығын осы заманғы зерттеулер көрсетіп отыр (С.П.Капицаның сингулярлық теориясы). Уақыт категориясы әлеуметтік контексте оқиғалардың сандық және сапалық көрсеткіштеріне тікелей тәуелді, олардың жиілігінің һәм қалыңдығының өлшемі. Сондықтан да қазақстандық қоғамдық сананы модернизациялау бір жағы – тарихи уақытты механикалық сығымдаудан аулақ болуы тиіс болса, екінші жағы – тәуелсіздік жағдайындағы уақытты, оның төл құндылығына сай оқиғалар легімен толассыз байытып, түбінде жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнатуды көздеуі керек. Модернизациялау процесі бір мезетте әр түрлі деңгейлерде жүруді қажет ететін, жүйелі өзгерістер енгізуді көздейтін ке­шенді құбылыс. Экономикалық, сая­си, мәдени және құқықтық өзгерістер өз алдына жеке-жеке кеңірек тарқатыла түсуді, тереңірек тамыр жаюды көздеумен қатар, өзара тұжырымдамалық байланыс­тан ажырап қалмауды, оны басты бағдар ретінде ұдайы назарда ұстап отыруды модернизацияның басы шарты ретінде танулары тиіс. Экономист-ғалымдардың пікірінше, модернизацияның типі «қуып жетуге» құрылған қазақстандық экономика үшін (себебі, 30 дамыған елдің қатарына ену мақсатын көздейді) ұзақ мерзімді әрі арзан несиелерді беру – инновациялық технологиялардың өндіріске енуіне оң әсерін тигізеді деп есептеледі. Әсіресе ішкі инвестицияны тарту, біртіндеп оның үлесін арттыру түптеп келгенде отандық өндірістің қалыпты дамуына жағдай туғызады. Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген «Туған жер» концепциясы республикалық және жергілікті масштабтағы іскер азаматтардың өңірлерге инвестиция са­луын идеялық тұрғыдан ғана қолдап қоймайды, ол сонымен бірге, ұйымдық-құқықтық тұрғыдан механизмдерін жетілдіруді де болжайды деп есептейміз. Рухани жаңғыруға кәсіпкерлердің де, әсіресе, шағын және орта кәсіп иелерінің қосатын үлесі жоғары. Елімізде кәсібі дөңгелеген азаматтардың тәжірибелерін, қиыншылықтары мен жетістіктерін, іскерліктегі жолын баяндайтын көптеген кітаптар соңғы кездері жарық көруде. Мұндай жағымды құбылыстың отандық кәсіпкерлік рухты дамытуда үлесі орасан зор екендігі айтпаса да түсінікті. Сол себептен де әрбір іскер азаматтың отан­дық тәжірибемен бөліскен, сол жолда табысқа жеткізген рухани ұстанымдары мен көзқарастары терең ойдың таразысынан өтіп, ұлттық кәсіпкерліктің дүниетанымдық негіздері жүйеге түсе бергені жөн. Түптеп келгенде осындай игі істер кәсіпкердің қоғам алдындағы мерейін үстем қылып қана қоймайды, сонымен бірге, өскелең ұрпақты кәсіпке баулуда таптырмас рухани азық, жолашар құралға айналған болар еді. Рухани жаңғыру дегеніміз тарихи тұрғыдан алғанда кез-келген модер­низациялық процестің бастауында тұра­тын, қалыптасқан сана болмысын күмәнға салып, керек болса Раблеше әжуалап, оны сергітуге бағытталған гума­­нитарлық һәм ұлттық жоба. Батыс Еу­ропа жұрты мұндай жаңғыруды Қайта өрлеу дәуірінен бастады. ХV ғасырдың әйгілі скульпторы Микеланджеломен қа­шалған адамның жалаңаш мүсіндері («Давид», «Бостандықтағы құл» және т.б.) адамның – Адам екендігін, өз алдына дербес гуманитарлық құндылық бола алатындығын паш етті. Тегеурінді өнер идеясы көркем әдебиет образына, одан құқықтанымға ұласып, нәтижесінде «Адам мен азаматтың құқықтары туралы Декларация» жарияланды (1789 ж., Франция). Бұл, рухани жаңғырудың гуманитарлық ойдан, сана болмысынан бастау алатындығын, сөйтіп қана қоғамдық өмірдің өзге қабаттарына жан бітіп, әлеуметтік өмірдің шындығына ұласатындығын көрсетеді. Бір ғана адам образының сана сүзгісінен қайта өтуі – Еуропа ұлтын өнеркәсіптік төңкерістерге бастап, М.Вебердің тілімен айтқанда мәдени капитализмге алып келді. Сол себептен де, Елбасы еңбегінде көтеріліп отырған сұрақтар отандық гуманитарлық ғылым мен шығармашылық ойдың өзегіне айналып, ондағы адамның бейнесі қандай болмақ керектігі туралы идеялар мен көзқарастар жүйесі таным елегінен өтуі тиіс. «Ағымдағы қазіргі заман» (белгілі социолог З.Бауман, Э.Гидденстің анықтамасы) адамымен қатар, қазақстандық ерекшелікке негізделген адам образын қалыптастыру, ойдың тезінен өткізіп, тұлғасын сомдау, оның практикалық іс-қимылдағы мүмкіндіктері мен құнды­лықтарын көрсету, бостандықтарын шы­рамыту – түптеп келгенде болашақ ұр­пақтың тағдырын анықтаумен пара-пар жауапкершілік. Мұндай жауапкершілік барша қазақстандықтарды топтастыратын ортақ рухани құндылықсыз жүзеге асуы мүмкін де емес. Сондықтан да, Елбасы бағдарла­масын­дағы қазақстандық «рухани жаңғыру», кемінде өзара байланысты, бірін-бірі болжайтын келесідей төрт сұрақтың қисынын қамтиды деп есептейміз. Біріншіден – жал­пықазақстандық азаматтық қоғам орнату мұраты түбінде жетуіміз керек айнымас мақсатымыз болуы тиіс. Екіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды мемлекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншісі, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллектуалды әлеуетінің жетіп-артылатын болуы және соған жағдай туғызу мәселелері. Төртіншіден, жалпықазақстандық аза­маттық қоғамның «Мәңгілік Ел» аталатын өркениеттік құбылысқа ұласуы үшін мемлекеттік тілде төл философиялық жүйені қалыптастыру.

Мемлекеттік тіл – азаматтық қоғам орнатудың ұйытушы факторы

2012 жылы Қазақстан халқы Ассам­блеясының XIX сессиясында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты жасаған баяндамасында «Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл – дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады. Бұл үдеріс объективті түрде жүргізілуде» деді. Жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол сонымен бірге бүкіл қазақ­стандықтардың ортақ арманы, азаматтық өремен таңдалған жолы болуы тиіс. Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп бергендей, мемлекеттік тіл – қазақ­стандықтарды ұйытушы бірден-бір фак­торға шынайы айналуы қажет. Онсыз, азаматтық ұлтты – қазақстандықтарды қоғамдық санада орнықтыру мүмкін емес. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей дамудың тарихи сығымдалмаған һәм эволюциялық жолы. Мемлекеттілік пен мемлекет ұғымдарын «Мәңгілік Ел» идея­сы арқылы бітеқайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзгерістерге бой алдырмай, сондай-ақ, тамырын тәуелсіздіктің мұраттарынан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеуметтік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуалын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяларын кезең-кезеңімен, біртіндеп бекітуге кірісуі – мемлекеттілігіміздің баянды дамуының басты кепілі. Әлемде соғыс өрті мен қақтығыстар өршіп тұрған осы күнгі елдердің бәріне тән ортақ бір белгі бар. Ол – шынайы азаматтық қоғамның пісіп-жетілмегендігі. Сол елдерді мекендеуші халықтардың арман-тілегі бір – азаматтық ұлтқа ұласып, ортақ мәмілеге негізделген бейбіт өмірді орната алмауы. Сондықтан да, жалпықазақстандық аза­маттық қоғамды орнату мемлекеттің, бұқара халықтың және ең бастысы ғылым мен шығармашылық адамдарының қасиетті парызына айналуы тиіс. Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрсетіп өткендей, Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің айналасында топтасып, азаматтық ұлт болып ұюымыз қажет. Ол үшін барша қазақстандықтар өз ұрпағының болашағын мемлекеттік тілге сеніп тапсыратындай жағдай жасалуы тиіс. Әлемдік ғылым мен білім жетістіктері мемлекеттік тілде қол жетімді болмай, ортақ отанымызда тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдері ұрпағын қазақ тілінде оқытуға ыхтиярлы бола қоймайды. Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретінде дамуынан әрбір қазақстандық азамат экономикалық мүддесіне сай қанағаттанарлық жауап алатындай болуы керек. Бұлай болмайынша мемлекеттік тіл факторына ұйыған азаматтық қоғам орнату мұраты кейінге қалып, кешеуілдей береді. Интеллектуалды ұлт жобасы мен азаматтық қоғам идеясы сайып келгенде бір арнаға тоғысатын, бірін-бірі толықтыратын қазақстандық әлеуметтік-мәдени құндылыққа айналуы тиіс. Азаматтық қоғам құрып, өмір сүру мұратының негізінде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тіліне айналуын меңзейтін сарабдал саясат жатыр.

Мемлекеттік тіл – ғылым тілі

Жаһандану дәуірі білім алу және ғылыммен шұғылдану саласына едәуір өзгерістерін енгізіп отыр. Білім алудың себебін утилитарлық игілікпен байланыс­тырып келген рационалды ұстаным, осы күні тұлғаның индивидуалды табиғаты мен сұранысына бет бұрып, дамыған елдердің білім беру нарығы күн сайын өзгеру мен бейімделу үстінде. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына мамандығын қызығушылығы бойынша таңдаған, бәсекеге қабілетті, толассыз дамуға ынталы жұмыс күшінің келуін ұлғайтуда. Екінші жағынан өзіміз өмір сүріп отырған ақпараттық қоғам ағындары басты құндылық ретінде материалдық игілікті емес, оны басқаратын ақпаратқа басымдық беріп отыр. Білім мен ғылым осы ақпараттың ең жоғарғы формалары. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, осы күнгі физика ғылымының маманы алдыңғы қатарлы зерттеулердің көшінде жүруі үшін дүниежүзі бойынша өз саласына қатысты 200-ге тарта ғалыммен тұрақты байланыста болуы тиіс деп көрсетеді. Заманауи коммуникациялық технология­лар жаһандану процесін дамытумен қатар, локальды мәдениеттер мен дәстүрлердің қарсылығына да қатар ұшырап отыр. Қазақстандық білім мен ғылым кеңістігін соңғы санатқа жатқызуға болады. Осы орайда келіп жатқан жаңа инновациялар мен отандық жоғары білім және ғылым жүйесінде қалыптасқан сабақтастық сұрақтары әлі де болса, диалектикалық қайшылықтары алынбай, өзектілігін сақтап отыр. Атап айтар болсақ, кеңестік кезеңде қалыптасқан «ғылыми мектептер» нысанындағы зерт­теу­шілік бағыттар мен топтардың қатары сиреп, озық дәстүрлер мен сабақтастық үзілуде. Шынтуайтына келгенде, ғылыми ойдың дамуы – көзқарастары бойынша топтасатын «ғылыми мектеп» дәстүріне тікелей тәуелді. Ғылыми мектепке топтасу дәстүрі ресми емес нысанда қалыптасатындықтан, өз кезегінде азаматтық қоғамды дамытуға да айтарлықтай үлес қосатын мәнге ие. Бұл тұрғыдан келгенде, бір оқпен екі қоянды атқан болар едік. Көрші Ресей елінде ғылыми мектептерге жоғары деңгейде көңіл бөлінген. Үш жылда бір рет жетекші ғылыми мектептерді анықтау мақсатында конкурс өткізіліп тұрады, президенттік гранттар бөлінеді. Арнайы қабылданған бағдарлама негізінде мемлекеттен тұрақты түрде қолдау көрсетіледі. Осы қырынан қарастырар болсақ отандық ғылымды дамытуда ғылыми мектептер нысанындағы озық дәстүрлерімізді үзіп алмауымыз аса маңызды. Оларды сақтауға және ғылыми тынысын ашуға бағытталған кешенді шаралар жүйесі қабылданғаны жөн. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық ғалым өзінің ғылыми мектебін қалыптас­тыратын­дай шынайы мүмкіндіктерге ие болуы тиіс. Мұндай мүмкіндіктердің бір парасын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының негізгі тұжырымдамаларымен байланыс­тырғымыз келеді. Бағдарламада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын қолға алу мәселесі орынды көтеріліп отыр. Алайда, оқулықтардың ғұмыры ғылыми еңбектермен салыстырғанда қысқа келеді. Осы заманғы білім берудің стандарттары бойынша 3-5 жыл сайын оқулықтар жаңартылып отыруы тиіс. Мұндай құбылыс ғылыми еңбектерге тән емес, соның ішінде гуманитарлық бағыттағы іргелі академиялық зерттеулердің құндылығы ғасырдан-ғасырға озып, өміршең келеді. Сол себептен де, оқулық­тармен қатар, әлемдік деңгейдегі ғы­лыми еңбектерді де мемлекеттік тілге аударуды қоса жүзеге асыру қажет. Қо­ғам­дық және гуманитарлық ойды жаң­ғыртуға бірінші кезекте ғылыми және шығармашылық элитаның қосатын үлесі орасан зор. Дей тұрғанмен мемлекеттік тілдің толыққанды ғылым тіліне айналып, ұлттың интеллектуалды әлеуетін көтеретін күшке ие болуы үшін жаратылыстану ғылымында жарық көрген әлемдік академиялық туындыларды да аудару шаралары қабат жүруі керек деп есептейміз. Жалпы, мемлекеттік тілдің ғылым ті­лі ретінде дамытылуы оның мәртебесіне қойылатын аса маңызды шарттың бірі. Сондықтан да ғылыми аударма жұмыстарына да қойылатын талаптар қатаң анықталғаны жөн. Бұл ретте түркі тілдес халықтардың сөздік қорын шолып отыру басты критерийлердің бірі болуы тиіс деп ойлаймыз. Сонда ғана шынайы, төл дүниетанымымызға сай ғылыми ұғымдар мен түсініктер қалыптасады. Мәселен, осы күнгі қазақ тілді құқықтану ғылымында орнығып қалған, мағынасы дәл емес терминдер көп. Солардың бірі «customary law» (обычное право) термині. Ол қазақшаға «әдет-ғұрып құқығы» деп қате аударылып жүр. «Адат» пен «урф» ұғымдарының бірде-біреуі «customary law» ұғымын толық бермейді, керісінше оны мұсылмандық құқыққа икем­деудің (санкциялаудың) әдіс-тәсілдері ретінде өмір сүреді. Бауырлас башқұрт халқында «customary law» терминін «йола хокуғы», яғни, «жол құқығы» деп атау қалыптасқан. 1927 жылы қазақтан шыққан тұңғыш құқық магистрі Ж.Ақпаевтың қазақтардағы құқық ұғы­­мын талдап жазған мақаласында да, оның «жол» ұғымы арқылы көрініс таба­тындығы айтылады. Бізде өз кезе­гімізде, құқықтаным ғылымында «customary law» терминінің «жол құқығы» деп алы­нуын ғылыми дәйегі анық, тілдік дүние­танымымызды толық көрсететін ұғым деп есептейміз және зерттеушілерді де осылай қолдануға шақырамыз. Бір ғана қазақ тілді құқықтану ғылымында мағынасы дұрыс берілмей жүрген ұғымдар өте көп. Сондықтан да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сынсыз қабылданып кеткен ғылыми ұғымдарды қайта қарау мәселесі барлық ғылым саласы мамандары үшін күн тәртібіндегі сұраққа айналып, рухани жаңғырудың мазмұндық қабатын байыта түсуіміз қажет. Рухани жаңғырудың бір мәселесі ретінде «Мемлекеттік тіл – ғылым тілі. Қазақ тіліндегі 100 ғылыми еңбек» деп аталатын жобамен әрбір ғылым саласына қарасты мамандықтар бойынша аударма жұмыстарын жүргізу қолға алынуы тиіс. Академиялық іргелі ғылыми еңбектердің қазақ тілінде сөй­леуі, мемлекеттік бюджеттен жұмсалған қаржыны ақтап қана қоймайды, ол сонымен бірге ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, тиімділігін еселей түседі. Іргелі, сондай-ақ, қолданбалы ғылым саласындағы еңбектерді мемлекеттік тілге аудару жұмысын құрылуы көзделіп отырған Ұлттық аударма бюросына немесе ҚР БжҒМ-нің өзіне тапсыруға болады. Ғылыми аударма қызметіне жұмылдырылатындарды екі топқа бөліп қарастыруды ұсынамыз. Бұлай бөлудің негізіне аударма жұмысына ақы төлеу критериі алынып отыр: І топқа – ақы төленбейтін ғылыми-аударма қызметі жатқызылады. Бұл санатқа мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан PhD докторанттарды жұмылдыруға болады. Себебі, олардың оқуы, шәкіртақысы және екі жыл қатарынан шетелде тағылым­дамадан өтуі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан да, бөлінген мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру – PhD докторантура институтының зерттеушілік тағайынына сай келеді деп есептейміз. 2016-2017 оқу жылына мем­лекеттік тапсырыс бойынша осы күні 585 орын бөлінген. Айта кетуіміз қажет, аударылған ғылыми шығарма толықтай мемлекет есебінен жарияланатындықтан интернет желісінде тегін тарату мақсатында ҚР БжҒМ-нің мерзімсіз пайдаланылуында болады. ІІ топқа – ақы төленетін ғылыми-аудар­машылық қызмет жатады. Оларды 3 санатқа бөліп қарастырамыз: 1) Мемлекеттік және жеке ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамы. 2015 жылғы мәлімет бойынша 38 087 адам осы санатта жұмыс істеп жатқан және оның 51,4 % ғылыми дәрежеге ие. 2) Мемлекеттік, сондай-ақ, мем­ле­кеттік емес ғылыми-зерттеушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері. 2015 жылғы мәлі­мет бойынша елімізде 392 ғылыми мекеме өз қызметтерін атқарып отыр. Олардың ҒЗИ-ты нысанындағысы – 245, ЖОО-дары құрамындағысы – 89, өзгелері – 58. Аталған мекемелерде 18 930 маман-зерттеуші нақты ғылыми ізденістермен айналысуда. 3) Ақылы негізде PhD докторантурада білім алушылар. Әрбір топқа жататын ғылыми аударма қызметінің мазмұнына жеке-жеке тоқталып кетелік. І топқа жататын PhD докторантурада білім алушылар 2007 жылдан бастап еліміздің білім беру жүйесінде ғылыми және педагогикалық кадр ретінде жасақталып келеді. Ғылыми дәреже алудың бекітілген тәртібіне сай PhD докторанттар ғылыми-зерттеудің нәтижелерін нольдік емес импакт-фактормен белгіленетін шетелдік баспаларда (Thomson Reuter немесе Scopus) жариялауы тиіс. 2015 жылғы статистика бойынша PhD докторантура бағдарламасын аяқтаған 533 түлектің тек 175-і ғана (32,8%) диссертацияларын мерзімінде қорғауға шығара алған. Мұндай төмен көрсеткіштің басты себебі – шетелдік басылымға жариялаудың күрделілігі, ақылылығы, уа­қытты ұстайтындығы, басылымның редак­торлық қызметімен жұмыс жасау және т.б. толып жатқан сұрақтардың болуы. Шетелдік баспаға мақаласы дер кезінде жарияланбағандықтан PhD докторанттардың көпшілігі дайын тұрған диссертациялық жұмысын мерзімінде қорғауға шығара алмайды. Бұдан бір жағы PhD докторантура институтының тиімділік көрсеткіштері тө­­мендесе, екінші жағынан жоғары білікті ма­ман­ды қажет ететін отандық еңбек нарығы да ұтылуда. Сондықтан да, 31.03.2011ж. ҚР БҒМ № 127 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми дәрежелерді тағайындау ережелерінің» 6-тармағының тиісті бөлігіне келесідей толықтыру енгізуді ұсынамыз: «Сондай-ақ, шетелдік іргелі және қолданбалы ғылым саласында жарық көрген академиялық еңбекті мемлекеттік тілге аударған тұлғалар үшін рецензияланатын халық­аралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар талап етілмейді».Мұндай шешім, бірінші кезекте PhD докторантура институтының тиімділігін арттырып қана қоймайды, ол сонымен бірге бітірушілердің мерзімінде қорғауға шығуына мүмкіндік берген болар еді. Екіншіден, PhD докторантта демо­кратиялық таңдау мүмкіндігі қалыптасады. Шетелдік рецензияланатын басылымға жариялау немесе тақырыбына қатысты шетелдік академиялық ғылыми еңбекті мемлекеттік тілге аудару сұрағын өз қалауы бойынша анықтайды. Үшіншіден, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тілі ретіндегі мәртебесі нығайып, интеллектуалды әлеуеті артады. Ғылыми ұғымдар мен түсініктердің аппараты, категориялар жүйесі қазақ тілінде сөйлеу арқылы отандық ғылыми ойдың баюына қомақты үлес қосады. Бұл дегеніміз жыл сайын орта есеппен кемінде 300 ака­демиялық ғылыми еңбек қазақ тіліне аударылады деген сөз. Төртіншіден, PhD докторант диссер­тациялық зерттеуімен байланысты еңбекті қазақ тіліне аудару арқылы, ғылымға үлес қосады, уақытын ұтымды пайдаланады, зерттеушілік қабілетін ашады, жазба ойдағы ғылыми стилі қалыптасады және ең бастысы көптеген қазақ жастарының бойында бар отан алдындағы азаматтық парызын орындауға деген ұмтылыстарының көзі ашылады. Жалпы, ғылымды дамытуда патриоттық сезімнің, геройлық образдың болуы аса маңызды. Көтерілген мәселелерді енгізу үшін келесідей шаралар атқарылуы қажет: 1. Әрбір ғылым шифры бойынша 100 іргелі, сондай-ақ, қолданбалы ғылыми еңбектің тізімін әзірлеу. Мұндай тізім кемінде жылына бір рет толықтырылып отырылуы қажет. Бұл ретте ЖОО-ры жанындағы Ғылыми кеңестерге тікелей тапсырма беру арқылы жұмысты үйлестіруге болады. Кафедралардың ұсыныстары негізінде ЖОО-ның Ғылыми кеңестері БжҒМ-не өз тізімдерін бере алады. Рейтинг бойынша тізімнің басында тұрған 100 ғылыми ең­бекті компьютер арқылы таңдап алуға болады. Сондай-ақ, PhD докторант ғылыми жетекшісінің келісімімен тізімге енбеген, алайда зерттеу тақырыбы үшін маңызды деп есептелетін ғылыми туындыны арнайы хат арқылы хабардар ете отырып, бекіттіріп алуына жол ашық болуы тиіс. 2. ҚР БжҒМ-гі жанынан Ғылыми аударманы үйлестіру орталығын құру. Оның міндетіне кемінде 2 түрлі сұрақты үйлестіріп отыру қызметі жатады: 1) интернет желісінен портал ашу ар­қылы әрбір PhD докторантқа берілген аударма жұмысының электронды есебін жүргізу және бақылауда ұстау; 2) аударылған еңбектердің «интернет» желісінде тегін пайдалануға орналастырылуын ұйымдастыру мен авторлық құқық сұрақтарын шешу. ІІ топқа жататын ЖОО-ның оқыту­шылық-профессорлық құрамы (бұдан әрі – ОҚП) мен ғылыми-зерттеушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері ғылыми аударма жұмысын ақылы негізде жүзеге асыратын негізгі контингентті құрайды. Бұл санатқа жататындардың басты ерекшелігі сол, аударылуға жататын шетелдік ғылыми туындыны өз қалау­лары бойынша таңдай алады. Себебі, бұл санат­тағы мамандардың атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік, сондай-ақ педагогикалық тәжірибесі қандай ғылыми туындыға қажеттіліктің бар екендігін жақсы білуге мүмкіндік береді десек артық айтқандық емес. Сондықтан да, ғылыми-аудармашылық бастамаларға тек қолдау көрсетіп, шығармашылық қызметтің еркін дамуына жағдай жасалуы тиіс. Бұл орайда, Ұлттық аударма бюросына немесе ҚР БжҒМ-гі жанынан құрылуы мүмкін Ғылыми аударманы үйлестіру орталығына жұмыс атқарып отырған мекемесінің атынан тапсырыс бере алады. Бүгінгі таңда ғылыми кадрларды әзірлеуде тек қана мемлекеттік тап­сы­рыс­қа негізделген жүйе өзіміз көріп отырғандай кадр тапшылығын қа­лыптастырып отыр. ОҚП-ның ғылыми дәрежелік көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Мәселен, бір ғана философия мамандығына мемлекеттік тапсырыс бойынша 2016-2017 оқу жылына бар-жоғы 3 орын беріліп отыр. Кемінде әр ЖОО-на беріліп келген 3 орын, республикалық деңгей үшін теңізге тамған тамшыдай ғана әсер қалдырады. Сол себептен де соңғы кездері ақылы негізде оқытылатын PhD докторантура қызметі қайта жандана бастады. Бұл жағдай өз қаржысына оқып жатқан PhD докторанттарға ғылыми аударма қызметін ақылы негізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептейміз. Алайда, оның сапасы мен көлеміне қойылатын талаптар нақты айқындалып, бақылау ережелері пысықталғаны жөн. ОҚП мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми-аудармашылық жұмысы келесідей жағымды сипаттарға ие: Ең әуелі, өз саласының маманы ретінде дамуына, зерттеушілік қызығушылығын арттыруға, кәсібилігі мен құзыреттілігін жетілдіре түсуге мүмкіндік алады. Екіншіден, мұндай мүмкіндік ғылыми аударма жұмысы үшін белгіленген тариф бойынша мемлекет есебінен қаржыландырылып, қосымша табыс көзіне ие болады. Бұл өз кезегінде қазақ тілді ғалымның әлеуметтік мәртебесіне оң әсерін тигізбей қоймайды. Үшіншіден, отандық ғылымның ағым­­­дағы сұранысына ең қажетті деген ең­бек­тердің аударылуына, және бастысы өз кәсібінің мамандарымен сапалы аудармалардың жарық көруіне жол ашады. Төртіншіден, ЖОО-ры жанында ғылымды дамыту саясатына оң әсерін тигізіп, университеттердің, ОҚП-ның рейтингтері көтеріледі. Сондай-ақ жеке ЖОО-ры мен ғылыми мекемелердің де ғылыми аударма қызметіне теңдей қатысу арқылы, олардың дамуына қосымша экономикалық мүмкіндіктер ашылады. Мемлекеттік тілге шетелдік іргелі және қолданбалы ғылыми еңбектерді аудару қызметі кемінде 3 түрлі шаралардың кешенінен тұруы қажет: 1) материалдық ынталандыру; 2) идеологиялық-моральдық қолдау; 3) ұйымдастырушылық-құқықтық қыз­мет. Материалдық ынталандыру шаралары: а) ғылыми аударма үшін ОПҚ-ға жо­ғарғы рейтингтік балл беру. Ғылыми қыз­­­меткерлердің еңбегіне ақы төлеу коэ­ф­фициентін өсіру мүмкіндігінің қарас­тырылуы; ә) ғылыми аударманың мемлекет қар­жысы есебінен тегін шығарылуы; б) бекітілген тариф бойынша әрбір шартты баспа табаққа немесе өзге де қолайлы өлшем бірлігін негізге ала отырып ақы төлеу; в) ақы төлеу тарифінің динамизмі, яғни әрбір келесі аударылған ғылыми туын­дыға төленетін соманың өсіп отыруы; Бұл өз кезегінде аударма сапасының артуына жағымды әсерін тигізеді. г) аударылған шығарманың мәртебесі, кемінде, рецензияланатын шетелдік басылымда жарық көрген зерттеу жұмыстарына теңестірілуі. Идеологиялық-моральдық жұмыс: а) республикалық конкурстар ұйым­дастыру арқылы жеңімпаздарды анықтау және марапаттау; ә) аударылған ғылыми жұмыстарды интернетте орналастыру арқылы онлайн бағалау жүйесін енгізу; б) әр ғылым саласы бойынша үздік «10 шығарма» номинациясын ұйымдастыру және т.б. Ұйымдастырушылық-құқықтық қыз­мет: а) ғылыми аудармашылардың қауым­дастығын құру; ә) авторлық құқық туралы заңға тиісті өзгерістер енгізу. Себебі мемлекеттік қаржы есебінен аударылған шетелдік ғылыми еңбек ұлттық ақпарат кеңістігінде тегін тарату үшін ҚР БжҒМ-нің мерзімсіз пайдаланылуында болуы тиіс. б) аударма, соның ішінде ғылыми аударма теориясы мен тәжірибесі туралы конференцияларды ұйымдастырып отыру.

Мемлекеттік тіл – философия тілі. Қазақтың жолы – «Қазақ жолы»

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «прагматизм» сұрағына арнайы тоқталып, оны қазақстандық сананы жаңғыртудағы басты бағыттардың бірі ретінде көте­реді. Маңыздылығын ашу барысында халқымыздың «үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып» келгендігін, «эколо­гиялық апатты аймақтарға», «Арал проблемасына», үш идеология – «коммунизм, фашизм және либе­рализмнің» күйреп қана қоймай, ХХ ғасырды күйретіп кеткендігіне тарихи баға беріп өтеді. Қазақстанды қарпи өткен бұл трагедиялар шын мәнінде бастауын еуропалық ағартушылық дәстүрден алатын рациофундаментализмнің жағымсыз салдарлары еді. Прагматизм қағидасы тұтастай алғанда рационалдылықты жоққа шығармайды, алайда, оның санада бекіп қалған классикалық мағынасына осы күні өзгерістер еніп, екі түрлі тұжырымдамасы қалыптасып отыр. Біріншісі – инструмен­талды деп аталатын, өзімізге белгілі, адамзатты қайғылы оқиғаларға алып келген рационалдылық болса, екіншісі, Франкфурт мектебінің өкілдерімен ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін орныққан коммуникативті рационалдылық бағдарламасы. Көшпелі қазақтардың қоғамдасып өмір сүруінің тәртібінде де осы коммуникативтілік қағи­дасына негізделген жалпы өркениеттік гуманитарлық құндылықтар жатты. Ол тәртіп жалаң ықпалдастықты (коммуникацияны) ғана емес, сонымен бірге, ынтымақтастықты да қатар көздейтін «бітімге келу», «сөзге тоқтау» сияқты парасат өлшемдерінің безбендерін қалып­тастырды. Коммуникативті рацио­нал­дылық жеке адамның өз бетінше тон пішіп, өз ойымен ғана іс қылуын жарамсыз көреді. Бір мәмілеге келіп, пайдалы іске ортақ ақылмен ден қойып, бітіммен, ымырамен коммуникативті әрекет ету – осы заманның рационалдылыққа қойып отырған талабы. Елбасы баяндамасында көтеріліп отырған прагматизм мәселесіде коммуникативті рационалдылықтың өзекті сұрағы. Коммуникативті рацио­налдылықты негіздеу инструменті ре­тінде К.-О.Апель трансценденталды праг­матикаға жүгінсе, Ю.Хабермас оның мағынасын – формальды прагматика ар­қылы түсіндіруге тырысады. Олардың көзқарастары тоғысатын, ортақ екі фундаменталды тұжырымы осы заманның іргелі мәселелерін шешіп отыр. Біріншісі, қоғам онтологиясын – коммуникативті қауымдастық ретінде қарастыру болса, екіншісі – интерсубъективтіліктің праг­матикалық мағынасы тіл һәм коммуникация арқылы ғана ашылады деп жариялауы. Коммуникация дегеніміз одан әрі адам болмысының санада бейнеленбейтіндігін меңзейтін базалық фундаментальды категория. Адамның коммуникациясыз күнелтуінен бөлек, адам болып қалуының өзі күмәнды сұрақ. Сондықтан да, К.-О.Апель мен Ю.Хабермастың адамның фундаментальды қасиеті ретінде коммуникативті интерсубъективтілікті негіздеуі ХХ ғасыр­дың ғана емес, ХХІ ғасырдың да іргелі гуманитарлық мәселелерін шешуде басты роль атқаратыны сөзсіз. Осынау заманауи философиялық технологиялар құрып жатқан мемле­кеттілігімізде, орнатып жатқан азаматтық қоғамда, «коммуникацияға түсетін тілдің мәртебесі қандай болуы керек», деген заңды сұрақты көтереді. Мұның жауабы тағы да сол – мемлекеттік тіл төңі­регінде азаматтық ұлтқа ұласу факторына тәуелді, сондай-ақ, қазақ тілінің фило­софиялық ой мен дискурс жүргізу тіліне айналуын болжайды. Қазақ тілінің философия тілі ретінде ғана емес, түптеп келгенде қазақ ті­лін­де сөйлейтін төл философиялық жүйе­мізді қалыптастыру мәселесі отан­дық гуманитарлық ойдың басты сұра­ғына айналуы тиіс. Себебі, адамзат тарихында көптеген өркениеттер өмірге келіп, уақыты озған соң, тарихтың шаңына көміліп жатқандығын білеміз. Осылай деген күннің өзінде өркениеті мыңжылдықтарға ұласып, әлі күнге дейін мәдени тегі сақталып келе жатқан елдер бар. Сондай көне өркениетті елдің бірі көршілес жатқан алып Қытай мемлекеті. Өркениетке ең ұзақ ғұмыр беретін О.Шпенглердің теориясы, кез келген өркениет 1000 жылдан артық жасамайды деп есептейді. Алайда, байқап отырғанымыздай кемі 3 мың жылдық тарихы бар осынау қытай өркениетінің өміршеңдігін ХХ ғасырда қалыптасқан өркениет туралы іргелі концепциялардың (5 түрлі бағыт бар) көпшілігі түсіндіріп бере алмайды. Қытай өркениетінің мыңдаған жылдықтарға созылып, сақталуының басты сыры – конфуцияшылдық пен даосизмге негізделген төл философиялық жүйесінің, өзіндік дәстүрлі дүниетанымының болуы деп санаймыз. Сондықтан да, мыңжылдықтар бойына Қазақстанның мемлекет, қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін төл философиямызды қалыптастыру өте маңызды. Мұндай ұстаным бастапқы уақытта этнофилософиялық бағытта дамыса, біртіндеп шығыстық дүниетанымның типтік ерекшелігіне сай уникалды дәстүрлі-философиялық ілімге айналуды көздеуі керек. Бұл мәдени оқшаулану деген сөз емес, керісінше қазақстандық қоғам мүшелерін мемлекеттік тілді білу ретіне қарай ортақ құндылықтарға ұйыта түсу, өзгермелі заманға лайықты қазақстандық «жауапты» қалыптастыру деп ұққан жөн. Қазақ халқының «жол» арқылы жүріп-тұрып білім іздейтін, қоғамдасып қатынас орнататын, дүниенің тұруына зер салып, ой түйетін ерекшелігі – дәстүрлі дүниетанымы селкеусіз қалыптасқан әр қазақ баласына ұғынықты. «Жол» ұғымы – космологиялық таным (құс жолы), кеңістіктің парқы (көш жолы), антропоморфтық өлшем (кісі жасы), әлеуметтік категория (ханның, бидің, байдың, батырдың, құданың жолы), саяси-құқықтық абстракция («Қасқа Жол», «Ескі Жол»), діни-сакральды әлем (Йол Тәңірі) сияқты қабаттарға сыналай өте отырып, көшпелі қазақ өмірінің рухани әлемін байытты һәм жүйесін қалыптастырды. Осы орайда, бүгінгі қазақтың ізденісі – Қазақ жолы болуы керек деп ойлаймыз. Қазақ жолы – бұл кемінде «Алты алаш», «Алаш Орда», «Желтоқсан» деген атаулармен қазақ тарихында ойып тұрып із қалдырған саяси бірлесуді, тарихи миссиялар мен еркін рух ізденістерін қорытындылайтын, тұжырымын шығарып, абсолютін белгілейтін дәстүрлі философиялық дүниетанымды қалыптастыруды көздейді. Қазақтың төл философиясын қалып­тастыру бағытында кемінде келесідей 2 мәселеге қатар ізденіс жүргізілуі тиіс: 1. Тіл мәселесі. Философия мәдениеттің жемісі, керісінше емес. Сол себептен де оның тілі не төл мәдениеттің, болмаса бөтен мәдениеттің тілінде сөйлейді. Этнофилософия деңгейінде философияның универсалды категорияларын (қозғалыс пен тыныштық, құбылыс пен мән, өмір мен өлім, мазмұн мен форма және т.б.) таным елегінен өткізу қазақ тіліндегі философиялық жүйені қалыптастырудың бірінші сатысы болмақ. Шынтуайтына келгенде, қазақ философиясының тағдыры мен қазақ тілінің тағдыры тамыры ортақ дүниелер. Сондықтан да, философиялық жұмыстардың қазақ тілінде әзірленуі өте маңызды. Ол қазақша ойлаудың көкжиегін кеңейтіп қана қоймайды, сонымен бірге, төл философиялық жүйені қалыптастырудың келесі сатысы – дәстүрлі философиялық ілімге ұштасуға қолайлы жағдай орнатады. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы типі бойынша шығыстық философиялық ойға жататындығын ескерсек, төл философиямыздың түбінде дәстүрлі ілім ретінде орнығуы – қазақ өркениетін қалыптастырып қана қоймайды, ол сонымен бірге оның мыңжылдықтарға ұласып өмір сүруіне жол салады. Шығыстық философиялық жүйенің басты ерекшелігі де сонда, оның үнемі өзгерістер мен жаңа тұжырымдамалардың жетегінде жүруі емес, керісінше, сабақтастық пен дәстүрді алдыға шығарып, олардың әлеуетін өзгермелі заман шындықтарына оңтайлы пайдалануға негізделеді. Сол себептен де, батыстық қоғам үшін индивидуалды құндылық саналатын авторлық құқық сияқты сұрақтары, қытай дүниетанымында қоғамдық игілік ретінде қарастырылады. Алайда, мұндай ерекшеліктер дәстүрлі философиялық жүйенің утилитарлық мақсатқа ғана құрылып, икемделуге ғана бейім тұрады дейтін жаңсақ пікір тудырмауы тиіс. Жаңа өмір сұраныстарына икемділігі – білімді игеру деңгейімен анықталатын болса, кертартпа һәм өзінің «өзін» индетификациялайтын мінезі – құндылықты қаншалықты дүниетаным өзегіне байлай алғандығымен өлшенеді. Сондықтан да, дәстүрлі философиялық жүйелерге тән, «иіле һәм икемге келе бермейтін» ортақ бір белгі бар, ол – төл мәдениетін сақтап қалуға деген күшті идентификациялық фактордың болуы. Осы орайда «тіл – болмыс мекені» деген М.Хайдеггердің әйгілі тезисі қазақ этнофилософиясын дамытуда концептуалды өзегін құрауы тиіс. Философия еуропацентристік дәстүрде қазақ даласында қалыптаса алған жоқ, себебі, жазбаша ой және оның сабақтастығы орын алмады. Абайдың Бұхар жырауға, Бұхардың Асан қайғыға, оның әл-Фарабиге сілтеме жасап сөз сөйлеп һәм ой өрбітпегендігі бәрімізге белгілі. Қазақ философиясы коллективті ойдың туындысы және соның категорияларынан тұрады. Сондықтан да, қазақша ойлау және қазақ тіліндегі философиялық категориялар жүйесін қалыптастыру (барын жиыстыру, олардың мәнін ашу және заманауи интерпретациясын ұсыну т.б.) ғана ұлттық философияның тынысын аша алады. Мұндай бастамалар да жоқ емес. «Алғықазақ мифологиясы» аталатын С.Қондыбайдың 4-томдық шығармалар жинағында осы бағытта батыл талпыныстар жасалынған. «Ілкі төр», «абақ» сияқты ұғымдарды енгізіп, ой құрауына пайдаланады. Мәселе түптеп келгенде дұрыс не бұрыс білім шығаруда емес, бастысы – қазақ тілінде философиялық ұғымдар мен категорияларды төл дүниетанымымызға сай қалыптастырып, солардың төңірегінде дискурс құру, ой өрбіту. Философия «Мен» мен «әлем» арасын­дағы байланысты рефлексиялайды десек, «тіл» осы екеуін байланыстыратын құрал. Алайда, континенталдық (Хабермас, Апель), сондай-ақ, англосаксондық дәстүрде (Дэвидсон) бүгінгі таңда жеке тұрған беттегі «Мен» толымсыздығын интерсубъективтіліктен һәм коммуникациядан іздеп отыр. Осы тұрғыдан кел­генде, қазақтың этнофилософиялық дүние­танымы «интерсубъективті» сұрып­таудың бір қайнауынан өткен, коллективті «мен» (коммуникацияланған) дәстүрінен һәм мәдениетінен тұрады. «Тіл» мен «коммуникативті интер­субъективтілікті» қатар қойып қана «объективті ақиқат» туралы пікір өрбітуге болады. Сондықтан да, осы күнгі қазақ философиясының бір мәсе­лесі «тілмен» бірге көшпелілер өркениетін қалыптастырған коллективті «мен» сұрағы болуы керек. Бұл ұлттық болмысымыздың фундаменталды сұрақтарын анықтауға мүмкіндік туғыз­ған болар еді. Осы бағытта жүйелі һәм сауатты философиялық ой түзілуі тиіс, жұмыла талдау жасалып «Қазақ Жолын» (футуристік функциясы һәм «болмақ» мәселесі) айқындау керек. 2. Абсолют мәселесі. Жалпы, философияны универсалды ілімге айналдыратын маңызды фактордың бірі, бұл – абсолют мәселесі. Абсолютті іздеп ой кешу дәстүрі әр философтың танымына, ойлау өрісінің кеңдігіне тәуелді. Аристотель үшін абсолют – «өзін өзі ойлай алатын ойлау» болса, Гегель үшін – «Абсолютті Рух», Спинозада – «субстанция», ал, И.Кант оның танылатындығын түгелдей теріске шығарса («вещь в себе»), этикада категориялық императивке балайды. Абсолютті іздеудің шығыстық философиялық жүйедегі тәртібі бөлек. Әдетте абсолют ұғымы Құдайдың образына сәйкес келіп жатады. Сондай-ақ, оның дәстүрлі ілім ретіндегі формалары да бар (мәселен, дасоизмде абсолют дегеніміз – «дао», конфу­цияшылдықта – «тянь»). Сондықтан да, бұл қатарға батыстық философиядағыдай жекелеген философтардың индивидуалды көзқарасы емес, керісінше ойшылдар тұжырымдап-қорытындылаған, діни-дәстүрлі ілімге негізделген коллективті ойдың һәм тәжірибенің нәтижелері жатады. Соңғы мағынада абсолютке іздеу салу дегеніміз ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды ой сүзгісінен өткізу, рухани өресін һәм абстракцияланған биігін табу, оны таңбалау, санада баз кешу, философиялық сенімге ұластыру мен сарынға айналдырудан тұратын трансценденталды акті. Мәселе абсолютті тауып, іс бітті қылуда емес (олай болуы мүмкін де емес), оны таным елегінен ұдайы өткізіп отыру, арадағы «жіпсіз» байланысты, жауаптылық пен бостандықты сезіну түптеп келгенде ұлттық саяси сананың өзегін қалыптастырады. Әрбір қоғам мүшесінің бойын кернейтін рухты күшке айналады. Сол себептен де, болар философиялық ілімдер тек империялық саяси сана институцияланған халықтарда дамыды. Мұндай ізденістер өз кезегінде тәуелсіздік идеяларын тұғырландырып, сая­си сана биігін айқындауға мүмкіндік береді. Қазақ халқының мұсылман екендігін ескерсек, абсолют мәселесін іздеудің қа­жеті жоқ болып шығады. Себебі, Ислам дініндегі абсолют жалғыз, ол – Алла. Серік қосуды қабылдамайды. Алайда, ислам құндылықтарына қайшы келмейтін ұлттық дәстүрге құрметпен қарауды, олардың құндылықтарын өзара сабақтастыра түсіндіруді шари­ғат теріс көрмейді. Керісінше, бірін-бірі толықтырып, байытып отырады. Қазақ мұсылманшылығының кемінде мыңжылдық тарихы бар бай тәжіри­бесі қалыптастырған дәстүрлі діни дүние­таным, соңғы уақыттарда радикалды ислам фундаменталистерінің шабуылына ұшырап, дағдарыс жағдайында тұр. Тараз, одан кейін Ақтөбе қалаларында орын алған діни-экстремистік оқиғалар осыған мысал бола алады. Бұл қазақ фило­софиясының мәселесі ретінде дәстүрлі дүниетанымның қадау-қадау катего­рияларын Ислам құндылықтарымен жарастыра, қазақ мұсылманшылығы аясында қарастыруды, ой електен қайта өткізуді талап етеді. Осы орайда, «ата-баба аманаты» мен «жол» категориялары қазақтың дәстүрлі философиялық жүйе­сінің негізін қалай алады деп есептейміз. Шығыстық дүниетанымда қоғам­ның мәдениеті оның өліге көрсеткен құр­ме­тімен өлшенеді. Бұл өз кезегінде қазақтардың дәстүрлі мәдениетінде «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін ата-баба культін қалыптастырды. Қазақы мұсылмандықта «ата-баба аманатына» құрметпен қарау культі құдайға серік қоспау қағидасын бұзбай, өзара жарасымда өмір сүрді. Исламдағы абсолютпен бірге, дәстүрлі дүниетаным кате­го­рияларының да қатарласа рухани қызмет атқаруы бір-бірін толықтыра әрі байыта түсетін құндылықтар. Мәселен, конфуцияшылдықта маңызды рөл атқаратын ата-баба культі («сяо») абсолютпен («тянь» – аспан) қатар қолда­ныла беруіне еш кедергі тудырған жоқ. Керісінше, мұндай дәстүрлер жүйесі қоғам мүшесі үшін өмір иірімдеріне тереңірек үңіліп, одан этикалық, сондай-ақ, практикалық тұрғыдан ақталатын тиімді шешімдерді қабылдауына кең мүмкіндік береді. «Ата-баба аманаты» деген сөзді тарихи санасы қалыптасқан, дүниетанымына сызат түспеген көне көз қариялардың, ел билігінде жүрген азаматтардың, ғылым мен шығармашылық адамдарының аузынан жиі естіп жатамыз. Тілдік қорда бейсаналы түрде қолданылып келе жатқан осы бір рухы биік ұғымды естігенде селт етпейтін қазақ кемде кем. Себебі, «ата-баба аманатын» алып жүру әр азамат үшін бір жағы ауыр жүк болса, екінші жағы абырой, ұжымдық сана сенімі. Түптеп келгенде, «ата-бабалар аманаты» қазақтың шежірелік дәстүріне негізделеді. Әрбір қазақ түбінің бір, тағдырының ортақ екендігін сезінеді. «Жол» ұғымы өзі тұрған бетте қазақ­тың дәстүрлі дүниетанымын бойына толықтай сыйдырып көрсете алатын, сонау тарих қойнауларынан бері ұмы­тылмай, рухани өмірдің әр саласында қолданылып келе жатқан, қала берді, көшпелі өмірдің сыңарындай біте қайнасқан, қазақтың өткені мен бүгінін, алдағы жетер болашағын тұтас қамти алатын мазмұны бай философия. Сол себептен де, әлемді тәртіптеуі (онтологиясы) «жолға», практикалық қызметі «ата-баба аманаты» императивіне негізделетін қазақтың дәстүрлі-философиялық жүйесі һәм «Қазақ жолын» қалыптастыру мәселесі – осы күнгі рухани жаңғырудың басты сұрағына айналып, оның өзге де дәстүрлі құндылықтар жүйесімен байланысын, ондағы алатын орны мен рөлін анықтау – ел болып талқылауды, ұлт болып ой біріктіруді қажет етеді. Дәстүрлі дүниетанымдағы өзек жарды ұғымдардың жүйесі, олардың ара-қатынасы, иерархиясы, бүгінгі өмір шындықтарымен байланысы, экономикалық әлеуеті мен этикалық мәселелері, саяси қияны және т.б. сұрақтар ой мен зерде сүзгісінен өтіп, өмірімізге рухани жаңғыру алып келуі тиіс.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттік билік егеменділігін іске асырудың   негізгі құралы

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретін­дегі мәселесі жиі көтеріліп келеді. Көп жағдайда эмоцияға, этноцентристік түсіндірулерге кетіп қалып жатамыз. Тарихи тағдыр тоғыстырып, еліміз көп ұлтты болып қалыптасқандықтан қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың ғылыми-объективті һәм бей­тарап негіздемесі болуы керек. Алайда, Конституцияға берілген ғылыми-түсін­дірмелік жинақтарда мемлекеттік тілдің мәртебесі саясаттанушылық қырынан ғана келіп ашылып, оның теориялық-құқықтық болмысы негізделмей қалып жатады. Құқықтық мәртебесін ашып бере алды дегеннің өзінде юридикалық позитивизм тұрғысынан ғана көрсетіп, заң нормаларына сілтеме жасаудан ары аспай жатады. Юридикалық позитивизм методологиясының басты кемшілігі – құқықтық нормадан норма іздейтін және бірінен екіншісін шығаратын шектілігі, таным қызметінде құқықтық өмірдің шындығы мен заңдылықтарына көңіл бөлмеуі. Мұндай олқылықтар мемлекеттік тілдің мәртебесіне деген бірінші кезекте толымды құқықтық ғылыми көз­­қарастың қалыптаспағандығын көр­сетсе, екіншіден қоғамдық санада ниги­­листік пиғылдардың көбейе түсуіне әкеп соқтыруда. Осы себептен мемлекеттік тілдің құ­қықтық-теориялық негіздемесін келесідей тәртіпте ашып көрсетеміз. Біріншіден, мемлекеттік тілдің құқықтық табиғатын һәм шығу түбін көрсету үшін ойымызды мемлекет теориясында қалыптасқан «мемлекет егеменділігі» және «мемлекеттік биліктің егеменділігі» категорияларын қатыстыру арқылы беруге тырысамыз. Мем­лекет егеменділігі («егесі мен» – суверенитет) ұғымы қоғамдық санада кең қолданысқа енген. Сол себептен де, кү­манға салмай, оны туа бітті құбылыс ретінде қабылдаймыз. Шын мәнінде мемлекет егеменділігінің – мемлекеттік билік егеменділігіне қатысты екінші қатардағы һәм туынды құбылыс екендігі назардан тыс қалып жатады. Сондықтан да, мемлекеттік билік егеменділігі – мемлекет егеменділігінің субстанциясы, оның бастапқы һәм айырылар нүктесі. Бұл тұрғыдан келгенде тәуелсіз ел тарихында «Егеменділік туралы» декларацияның алғашқы болып қабылдануы кездейсоқтық емес. Себебі, мемлекеттік билік егеменділігінің негіздері анықталып, өмірде қалай аталғанына қарамастан жаңа мемлекет келді. Екіншіден, мемлекеттік билік егеменділігі базалық категория ретінде мемлекет егеменділігінің сұрақтарын ғана анықтап қоймайды, ол сонымен қатар мемлекеттік тілдің де мәртебесін белгілеуде фундаменталды қасиетке ие. Біз қарастырып отырған мемлекеттік тіл бірінші кезекте осы мемлекеттік билік егеменділігін іске асыратын негізгі құрал. Осы себептен де, мемлекеттік тіл дегеніміз бірінші кезекте мемлекеттік билік органдарының тілі. Содан кейін барып қана мемлекеттің белгісі ретінде рәміздік мәртебеге ие болады. Мұндай теориялық байламдар, мем­лекеттік тілдің – мемлекеттік билік орган­дарының субъективті құқығы болып табылатындығын көрсетеді. Сондықтан да, мемлекеттік билік органы басқарып отырған салада тіл заңдарының бұзылу фактілері орын алған жағдайда сот органдарына тиісті арыз­бен шағымдануға хақылы. Мемлекеттік тіл түптеп келгенде қазаққа, не өзге ұлт өкілдеріне емес, бірінші кезекте мемлекеттік билік органына тиесілі конституциялық құқығы. Үшіншіден, мемлекеттік тілге мемлекеттік билік егеменділігін іске асы­рудың негізгі құралы ретінде қарау – оның құқықтық реттелу кеңістігін айқындайды және тек мемлекеттік билікпен ғана байланысын көрсетеді. Сондықтан да, мем­лекеттік тілді білу мәселесі тек мемлекетпен жария-құқықтық қатынаста тұратын мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне қойылатын құқықтық императив. Төртіншіден, мемлекеттік билікті іске асыруда негізгі емес құрал ре­тінде орыс тілінің қатар қолданылуы оның коммуникативті мәртебесін кемсітпейді, сондай-ақ мемлекеттік мәртебеге де ие еместігін қатар білдіреді. Мұндай тұжырым негізгі емес құралдың қай ұлттың тілі екендігіне қарамастан белгісіз уақытқа дейін пайдалануда болатындығын, алайда мемлекеттік тілді дамытуға біржақты һәм ашық басымдық берілетіндігін болжайды. Негізгі емес құрал қоғам қажеттілігіне қарай өз инерциясымен жүретін, оның аясын мемлекет тарапынан өз бетінше тарылтуға, сондай-ақ кеңейтуге де болмайтындығын көздейтін мемлекеттік билікті іске асыру тілінің ерекше мәртебесі. Мұндай мәртебе тарихи қалыптасқан жағдайларға негізделеді және олардың объективті мәртебесіне тікелей тәуелді һәм диалектикалық байланыста. Алайда, мемлекеттік билікті іске асырудағы негізгі емес құралдың – негізгі құрал болып табылатын мемлекеттік тілден заңи мүмкіндіктері кем емес. Олар заң шығару ісінде, іс жүргізуде, мемлекеттік басқару мен сот өндірісінде, т.б. салаларда теңдей қолданылады. Бұлай ажыратып қараудағы басты айырмашылық негізгі емес құрал болып табылатын тілдің тек мемлекеттік билік өмірімен ғана шектелетіндігін білдірсе, негізгі құрал болып табылатын мемлекеттік тіл – одан бөлек қоғам өмірінің барлық қабаттарына тарқайтындығын, сөйтіп түптеп келгенде азаматтық қоғамды қалыптастыруда басты факторға айналуды көздейтін жалпыазаматтық мәртебеге ие. Сондай-ақ, мемлекеттік тілге үш түрлі талап қойылады: нормативтілік, ғылы­ми тіл ретінде қалыптасқандығы және бірың­ғайлығы. Нормативтіліктің басты шарты – мемлекеттік тілде заң және заңға негіз­делген актілердің әзірлену мүмкіндігі, заңи-лингвистикалық әлеуетінің жеткілікті болуы. Себебі, мемлекеттік би­лік органдары өздерінің басқарушылық қыз­меттерін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау және оларды орындау арқылы ғана жүзеге асырады. Басқарудың басқа жолы – орнатып жатқан құқықтық мемлекет идеясының қағидаларына қайшы. Сондықтан да, бірінші кезекте мемлекеттік тілде заң және заңға негізделген актілерді әзірлеу сұрақтары жүйелі шешімін табуы тиіс. Бұл ретте құқықтың әр саласы бойынша терминологиялық сөздіктерді жасау, құқықтық ұғым-түсініктер мен кате­гориялардың мәселелеріне арналған жыл сайынғы ғылыми-тәжірибелік конференцияларды өткізу дәстүрін енгізу, қазақ тілінде заң әзірлей алатын мамандарды жұмылдыру және біліктіліктерін ұдайы арттырып отыру мәселелерін шешу қажет. Мұны ҚР Әділет министрлігіне қарасты Заңнама институтының базасында және осы мекеменің тікелей ұйым­дастыруымен жүйелі түрде атқаруға болады. Заң тілінің – қазақ тілінде әзірленуі құқықтық дүниетанымды байы­тып қана қоймайды, ол өз жолымен дамып, құқықтық жүйемізге ыңғайлы әрі ұтымды модельдерді өмірге алып келеді. Мемлекеттік тілге негізделген ортақ һәм қазақстандық құқықтық сананы қалыптастырады. Бірыңғайлық шартының да іске асқан жері осы болар еді. Жалпы әлем, соның ішінде құқықтық өмір шындықтары – тілде бейнеленеді деп қарайтын болсақ, қазақ тілінің заң тілі ретіндегі әлеуеті – эмпирикалық ойлаудың бай тәжірибесінен тұратын және осы себептен де англо-саксондық құқықтық дүниетаныммен когнитивті белгісі бойынша туысатын таным құралы. Екі түрлі құқықтық дүниетанымды эмпирикалық ойлау тәртібі ғана емес, ең бастысы, олар­дың әділ сот құндылықтарын құрмет тұтып, сот билігі актілерін – құқықты қалып­тастырудың негізгі көзі ретінде қарастыру ұстанымдары біріктіреді. Қазақтың юриспруденция әлемін бірінші кезекте тек сот деп білетіндігі де сондықтан. Мұндай ментальды ерекшелік түптеп келгенде ағылшын тілінің дүниетанымына негізделген әлемдік жаһандану үдерісіне жақындай түсуге оң әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жағдайлар мемлекеттік тілдің ғылым тілі ретінде дамытылуын да қатар болжайтындығын айта кетуіміз керек.

***

Айтылған ойды қорытындылай келе, рухани жаңғырудың өзекті тақырыбына айналып, мемлекет пен шығармашылық ой өкілдерінің қолдауына ие болуы тиіс «Қазақ тілі – үш тұғырлы тіл» жобасын қолға алуды ұсынамыз. Мұндай жобаны әзірлеу және іске асыру қазақ тілінің: ғылым-білім тілі; мемлекеттік тіл; философия тілі һәм филосо­фия­лық жүйе ретіндегі мәрте­белерін орнықтыруды көздейді. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде орнықтыру – ойдың, ойлау жүйесінің тәуелсіздігін бекітсе, мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі – мемлекеттік билік егеменділігін нығайта түседі, ал, философия тіліне айналуы сананың дербестігіне, автономдылығына және ең бастысы қазақ әлемінің онтологиясын анықтауға жол бастайды.

845 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз