• Заманхат
  • 14 Қараша, 2017

Қазақ әдебиетіне модернизм мен постмодернизм керек пе?

Нұрдәулет Омарбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті

Гомер ақынның атақты «Иллиадасында», Гректерге Троя қаласын жаулап алуы үшін, өнер туындысының сеп болғаны бəрімізге таныс оқиға шығар? Ағаштан қиып жасалған аттың алып мүсіні, Троя халқының жеңіске жеткендеріне сендіріп, бөріктерін аспанға атуына жеткілікті болыпты. Дегенмен, бұл оқиғаның соңы немен тынарын айтып жатудың өзі артық. Айтпағым, мүмкін, Гомер ақын өнердің түпкі ойын білмесең, аулақ бол дегенді меңзеп тұрған болар?! «Қой аласы сыртында, адам аласы ішінде» демей ме, атам қазақ?! Адам баласы тудырған өнердің түпкі ойын білмесең, отпен ойнағандай боласың. Алаштың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезовтың: «Өнер­дің өзін танығаның рас болса, төркінінің тегін алдымен таны», – деген сөзі бар. Тəуелсіздік алғаннан кейін, кеңес үкіметі қалыптастырған социалистік реализммен, зерттеліп, бір жүйеге түспеген əдебитіміздің мол мұрасы, жаңа ХХI- ғасырда әдебиетімізді əлемдік деңгейге шығара алмайды деп модернизм мен постмодернизм бағыттарына жармасып жатқан жайымыз бар. Кейбір ақын-жазушыларымыздың шығармаларының сыртқы формасына, мағынасының күңгірттігіне байланысты, «постмодернист» – деп атап, дәс­түрлі бағытта жазып жүрген қаламгерлерімізге қара­ғанда көңілімізді көп бөліп, ашығын айтқанда, көтермелеп келеміз.Төркінінің тегін танымай жатып енгізіп жатқан бұл бағыттардың түпкі ойы мен тарихын қарым-қабілетіміз жеткенше тарқатып көрсек. Сонымен, «модернизм» дегенді – ХХ-ғасыр басында, Еуропа халқының рухани күйреуінен туындаған, дəстүр мен дінді жоққа шығаратын əдеби бағыт деп танып жүрміз. Бастауын философияда Ницшеден алса, əдебиетте Джойс, Кафка, Прусттардан алған делінеді. Рас, «модернизм» – деп ХХ-ғасырда аталғанымен, бұл бағыттың іргетасы Еуропада, Христиан дінінің кемшіл тұстары айқын көріне бастаған XV-ғасырда Коперник пен Галеолейдің еңбектерінен кейін қаланды. Бүгінгі таңда астролог, физик аталып жүрген бұл ғалымдар өз заманында философтар деп аталғанын біреу білсе, біреулер біле бермейді. Сонымен, модерннің түпкі ойы Құдайдың мəнін адам санасынан өлтіріп, дінді жоққа шығару екендігін аң­­даған боларсыздар? Еуропа шіркеуі Ко­­перникті отқа жағып, Галеолейді түр­меге жауып, ойынан бастартқызғаны мен, XVI-XVII-ғасырларда модерндік көз­қарас Еуропа оқымыстыларының санасында нықтап тұрып орын алды. Атақты Декарттың «мен ойшылмын» деген субъекті мен объектіге байланысты айтылған философиясы күллі Еуропада экзистенциялық модерннің бастауына əкеліп соқты. «Адам баласы бәріне сұрақ қоюы арқылы өз ақылымен жауап табады» - деген тұжырымға келген Декарт еңбектері ұйқыда жатқан еуропа халықтарының санасына су бүркігендей әсерін тигізді. XVII- ғасырдағы атақты философтар Нютон, Ларошфуко, Блез Паскальдар да Декарттың филосо­фиясын қолдап, дидактикалық сарында өрбіген экзистенциялық модерннің бүкіл халықтық түсінікке ие болуы үшін ең­бек етті. Модерннің бұл кезеңінде ғылым фи­лософия негізінде дамып, бізге бел­гілі салаларға жіктеле қоймаған кезі. Сон­дықтан, түсінуге жеңіл келіп, Еуропа халқын сан ғасырлар бойы ұстанған діндерінен бас тартқызды. Патшалық билікке қарсы шығып, көтерілістердің көбеюі, бүгінде біздерге таныс демократия мен республика деген ұғымдарды қалыптастырды. «Патша Құдайдың жердегі көлеңкесі, сондықтан, патшаға қарсы шығу – Құдайға қарсы шығу» – деп, бәлен ғасыр халықты басқарып отырған шіркеулердің ықпалы құлап, қоғамда философтар, ғалымдар мен өнер адамдары беделге ие болып, тұлғалардың уақыты туды. Модерннің бұл кезеңі Имануэл Кант философиясы туғанша созылды. Кант философиясынан кейін, модерннің екінші кезеңі интенсивті модерн бастауын алды. Кант Декарттың «мен ойшылмын» деген ойына қарсы шығып, «күмəнданушыдан күмəндан» – деген жаңаша ойлау жүйесін тудырды. Гуссар бастаған бір топ философтар «күмəнданушыдан күмəндан» - деген объекті деп жорамал жасап, объектіні зерттесе, келесі бір топ философтар мұнда субъектіні айтып отыр деп адам санасын зерттеу нысанына айналдырды. Араға ғасыр салып, Фрейдтің психоаналитика мектебі пайда болды. XX-ғасыр басындағы Еуропа жазушыларының адам санасының түпкірлеріне бойлай отырып, психологиялық романдар жазуына Фрейд мектебінің тікелей әсер еткеніне ешқандай күмән жоқ. Сонымен қоса, ғылымдағы жаңалықтар мен технологиялардың пайда болуы қоғамның өзгеруіне, қоғам­ның бір бөлшегі өнер адамдарының психо­логиясына, интелектіне әсерін тигізді. Кант ғылым философия негізінде дамы­май, сала-салаға бөлініп, тереңдей түсу керектігін ұғып, еңбектерінің басым бөлігін ғылымды жүйелеуге арнады. Кант фило­софиясынан кейін математика, физика, биология, химия, астрономия, лингвистика жеке ғылым салалары ретінде бөлініп, ендігі ғылым дидактикалық сарында емес, бүгінгі біз білетін күрделі ғылым ретінде өрбіді. Арнайы университеттерде оқығандар болмаса, XIX-ғасыр басында Еуропа халқының ғылымнан хабары болмады. Дін мен дəстүрден бас тартып, оның ор­нын алмастыруға тиіс болған ғылым түсі­ніксіз, күрделі ұғымға айналды. Шо­пенгауэр мен Ницше, ғылымның дін мен дəстүрдің орнын адамзат баласының кеудесінен алмастыра алмайтынын жазып, жаңаша көзқарастың керектігін ескертті. Интенсивті модерн ғылымның салаларға бөлініп, дамуына жол ашқанымен, қарапайым халықтың санасының тоқырауына алып келді. Осыдан өнерде сентиментализм (күйректік) бағыт қалыптасты. Жəне бұған XX- ға­сырда болған II дүниежүзілік соғысты қо­сыңыз. Біздің елімізге модерн Кеңес үкіметі арқылы ХХ-ғасырда Алашордалықтар репрессияға ұшырағаннан кейін, алғашқы университеттердің ашылуымен келді. Кеңестік жүйе бекітіп берген оқу программасы атеистік қоғам құруға тырысты. Бірақ, модерндік көзқарас біздің дүниетанымымызға жат болғандықтан, сенімімізден айырмады. Мектеп оқулықтарында «Дарвиннің тео­риясын» оқытса да, ғылымның барлық саласы Құдайды жоққа шығарса да ата дінімізден бас тартқызып, Құдайдың құдіретіне деген сенімімізді көкірегімізден сөндіре алмады. Модернизм əдебиеттегі бағыт қана емес, социологиядағы, философиядағы, ғы­лымдағы жаңаша ойлау (Құдайсыз, дінсіз ойлау) жүйесі. Атақты философ Ницщенің: «Құдай бар деген бір ауыз сөз адамды толық еркіндігінен айырады», – дегені болмаса: «Құдай өлді» – деген ойлары Еу­ропа халықтарының санасынан Құ­дайдың мәнінің өлгендігіне дәлел бола алады. Біз оқып жүргендей, модерннің фило­софиядағы бастауын Ницшеден емес Декарттан алып, əдебиетте Кафка, Джойс, Прусттардан емес, XVIII-XIX-ғасырларда туындаған классицизм, романтизм, реализм, сентиментализм, символизм өкілдерінен алады. «Құдай – логика, дін – адамдар арасына тәртіп орнату үшін ғана қажет. Діннің қатып қалған ережелері қоғам дамуы үшін кедергі, ғылым мен өнер Құдайсыз қоғамда ғана дамыйды. Бүкіл әлем біздің соңымыздан еруі керек, болмаса күштеп ертеміз» – деген модерн Еуропа халқын күйретіп, бүкіл əлемде соғыстар мен нəсілдік бөліністерді туғызды. Модерн жіберген олқылықтардың орнын толтыру үшін ХХ- ғасырдың 70-жылдары постмодерн бағыты туды. Біздің əдебиеттанушы ғалымдарымыз жазып жүргендей, постмодерн «кейінгі модерн» емес, «модерннен кейінгі» кезең. Көптеген философтар мен əдебиеттанушы ғалымдар модерн мен постмодерннен ешқандай айырмашылықтар байқай қоймаған. Сондықтан, бұл «измдердің» екеуі бір ұғым деген пікірлерді жиі естіп жүрміз. Бірақ, анықтап қарап көрсек, бұл бағыттар арасындағы өзгешеліктерді көруге болады. Постмодернист философ Жан Франсуа Лиотар: «модернистер экликтика қабырғасын (мұндағы экликтика адам­затты ақиқатқа жеткізбейтін қабыр­ғаның философиядағы атауы) қиратамыз деп сенсе, постмодернистер адамзат экликтика қабырғасын бұза алмайды, бірақ, оны жылжытуға болады деп санайды. Модернистер ғылымның əлі де даму керектігін айтса, постмодернистер ғылым ғасыры өтіп кетті, енді техниканың дəуірі туды деп есептейді. Модернистер «мəңгілік өмір сүрудің құпиясы ашылады» деген сенімде болса, постмодернистер «адам мəңгілік өмір сүре алмайды, бірақ, өмірді ұзартуға болады» дейді. Модернистер отбасылық құндылықтарды сақтап, ұрпақ алдындағы міндетін біліп, еркек – еркек болып, əйел – əйел болып өмір сүрсе, постмодернистер үшін жынысын ауыстыру, бір жынысты некелер қалыпты жағдай. Модернде өнер атаулы адамзат баласына эстетикалық лəззат сыйлап, рухани байытатын болса, постмодернде өнердің ешқандай құндылығы қалмайды» - деп бөледі. Орыс философы Александр Дугин модернизм мен постмо­дернизмнің басты айырмасы: «модерн адам санасынан Құдайдың мəнін өлтірсе, постмодерн санасында Құдайдың мəні өлген адамдардың өзін өлтіруі» – деп ашып көрсетті. Модерн мен постмодерннің тағы да бір үлкен айырымы, модернде өнерді тұлғалар тудырса, постмодернде тұлға орнына тобырлық өнер келеді (бүгінгі шоу бизнес өкілдерін айтып отырмыз). Постмодернист философ Жиль Делёз: «Адамзат баласы соғыстан шаршады, бір- біріне өз ойларының дұрыстығын таңудан жалықты, өмірден мəн іздеуден, жақсы адам болудан шаршады. Сондықтан, енді адамдар өздері қалағанша өмір сүріп, өздері дұрыс деп тапқан еркіндікке жетуі тиіс» – деп, постмодернистердің ұстанымын көрсетті. Жиль Делёздың философиясы бойынша, адамзат баласының ендігі сыйынары табиғат болып, барлық халықтар біртұтас болып өмір сүруі тиіс. Шизофрения, пароноя секілді ауруға шалдыққандарды жынды деп танып, қоғамнан бөліп кемсітпей, басқа адамдардан артық деп қарауға шақырады. Өз тəніне риза болмаған адамдар, өздері қалағанша дене мүшелерін өзгертіп, бет əлпетіне плас­тикалық ота жасаудан қорықпауға үн­дейді. Жиль Делез Гомосексуализмді қол­дап, философияда «ауыспалы ағза» деген түсінік қалыптастырды. Постмодернист, психоаналитик, структуралист Мишель Фуко: «адам баласы алып мұхит жағалауындағы құмнан салынған мүсін сынды, толқын келіп, шайып кетеді», – деп, модерндегі адам өмірінің мəнсіздігін айтып, Жиль Делёздің ойларын қолдайды. Ал, астрофизик Лоуренс Краус: «Модерн ақылды адамдар үшін керек. Ал, постмодерн ақымақтар үшін» – деп ашынып, қазіргі адамзаттың қай бағытта кетіп бара жатқанын көрсетіп, модерннің керектігін жазды. Постмодерн келеңсіздігі жағынан модернненде асып түсті. Күллі адамзат баласын ұлт-ұлтқа бөліп тұрған, тек өзіне ғана тән дәстүрі мен тілін, рухани құндылығын талқандап, сексуалды революцияны орнатып, әйел затының жа­ла­ңаштануына, порнофильмдердің шы­ғуына, жыныс ауыстыруға дейінгі сора­қылықтарды тудырды. Батыс мәдениеті мен саясатының ықпалы зор болғандықтан, бүгінде біздің елімізде постмодерн бағыттың көптеген белгілері көрініс тауып отыр. Мысалға: интернет, батыс музыкасы мен киносы, түрлі техникалар, ұлттық құн­дылықтарды талқандайтын əлеуметтік желілер, АҚШ-та бастауын алып, Оңтүс­тік Корея халқына тасталған «поп» жа­нрын­дағы музыка (біздердегі «91» тобы сынды), музыкадағы джаз, блюз, хип-хоп, рэп жанр­­лары да, Еуропа киім стилі, шаш қою үл­гілері, қыздардың қалыптан тыс бет əрлеуін (make up), мемлекеттік құрылымдағы, ар­хи­тектурадағы өзгерістерді айтсақ болады. Батыс бізге бір емес, екі алып бағытты сыйға тартты. Ішінде не барын білмесек те тамсанып сүйреп келеміз. Сыртына таңырқай бермей, ішіне үңіліп, түпкі ойын білмесек, сан ғасырлар бойы дініміз бен дәстүріміздің, ұлттық танымымыздың сақталуы үшін қызмет етіп келген төл әдебиетіміздің келбеті, Құдайды жоққа шығарған сайтани әдебиет болуы мүмкін!

Қазақ әдебиетіндегі  археомодерн

Әдебиет қоғамнан шеткері өмір сүре алмайды. Қоғамның қалай бағыт алуына байланысты, өзгеріп, түрленіп, жаңарып, дамып отырады. Біздің ұлттық танымымыз бен салт-дәстүріміздің өзгере бастаған тұсы деп, сөз жоқ, Ресей отары болған ХVIII-ғасыр аяғы мен ХІХ-ғасыр басын айтамыз. Бәлен ғасырға созылған хандық биліктің биліктің құлап, мемлекеттік басқарудағы жүйелердің өзгеруі, халықтың бодандыққа түсуі, кең далада еркін көсілген жұрттың діні мен дәстүріне, асқақ рухына әсер еткен құбылыс. Осылай рухани жаншылған, тұрмысы жұтаңдаған қазақтың дәстүрімен бірге тұтасып ғұмыр кешкен өнеріне өзгерістің келуі заңды еді. Осы кезеңде қа­­­зақ өнеріне жаңашылдық алып келген деп Абайды айтамыз. Абайдың жазған өлең­дерінен бастап, әндері, оқу-тоқуы, қа­ра сөздері, дүниетанымы тұнып тұрған жа­­ңа­­шылдық десем артық айтпаған болар едім. Егер, өнерге жаңалық алып келу жаңашылдық болса, онда сөз жоқ, Абай қазақ өнер тарихындағы ең үлкен модернист болып саналуы тиіс. Абайдан кейін қазақ даласына жаңа­шылдықтың көкесін танытқан жеке тұл­ға емес, ел тұтастығы үшін біріккен «Алаш­тықтар» болды. Алаштықтар тұңғыш саяси партия құрып, газет ашып, журнал басып, кітаптар шығарып, ағартушылықты жай сөзбен емес, іспен көрсетті. Модернизмді қазақ әдебиетіне әкелген Абайдың кітабын құрастырып шығарып, күллі қазаққа мәлім етті. Алаштықтар ғылым ана тілімізде сөй­лемей жатып, көзі ашық, көкірегі ояу елге айналмайтынымызды біліп, Еуропа ға­лымдары жүйелеген ғылымды қазақша сөйлетті. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» әдебиеттанудағы күллі әдеби теорияларды бір ауыз бөтен сөз қоспай, батыс әдебиетінің шығармаларынан мысал келтірмей, ке­рісінше, өзіміздің аңыз әңгімелеріміз, батырлық жыр-дастандарымыз арқылы түсіндіруі, сол кещдегі орыс зерттеушілерін таң қалдырған оқиға болатын. Ахаңның бұнымен қоймай, қазақ әліпбиін жасауы, лингвистика саласындағы теорияларды қазақша сөйлеткен «Тіл құралы» кітабын жазуы еңсемізді тіктеп, ғылымға енуімізге қақпа іспеттес болған еңбектер. Бұл кітаптарға, тағы, Маған Жұмабаевтың «Пе­дагогикасын», Жүсіпбек Аймауы­товтың «Психологиясын», Мұхтар Әуе­зовтың «Әдебиет тарихы» еңбектерін қосыңыз. Бәрі де тек қазақ тілінде. Алаш­тықтардың қазақ даласына әкелген жа­ңалықтарын тізе берсек, бұл мақаламыз ұзаққа созылып кетері хақ. Неде болса, Алаш кезінде туған романдар мен повесть, әңгімелерді, барша оқулықтарды қазақ жеріндегі жаңалықтар деп қабылдап, Алаштықтар тудырған өнер туындыларын модернистік бағыттағы шығармалар деуімізге әбден негіз бар. Егер, модернизм әдебиеттегі (жал­пы өнердегі) жаңашылдық деп танып, бағалайтын болсақ, онда модернизм сон­шалықты үрке қарайтын бағыт емес сияқты. Қазақтың бас ақыны атанған Абай атамыздан бастап, ұлт ретінде қалыптасуымызға зор еңбек сіңірген Алаштықтарымыз да осы бағыттың сойылдарын соққан болып отыр. Дәл осылай көлгірсіп кете беруімізге болар еді. Бірақ, «Әдебиет-ардың ісі» – демекші бұған біздің арымыз шыдамады. Біз бір нәрсені анық білуіміз керек. Алдыңғы мақа­ламызда бізді алдап, арбап жүрген екі үлкен «измнің» тарихы мен идеясына азды-көпті тоқталған болатынбыз. Ол әңгімеге сену, сенбеу өз еріктеріңізде. Дегенмен де, Еуропадағы Декарттан бас­талатын философтардың еңбектерін тағы бір оқып, ойланып көріңіздерші!? ХІХ ғасырдағы «Қарғыс атқан ақындардың» шығармаларына қайтадан көз жүгіртіп, ХХ-ғасыр басындағы Пруст, Кафка, Джойс, Камю, Сартр, Хемингуэй, Ремарк сынды жазушылардың шығармаларын басқа қырынан қарап көрсеңіздер, біздің сөздің растығына сенер едіңіздер. Егер, бұл дәлел­дер де аздық етсе , ХІХ-ғасыр­дан бергі Еуропа ғалымдарының әлем­нің пайда болуы туралы шығарған теориялары мен, адамның жаратылысы жайлы ойлап тапқан «Дарвин теориясының» не деп отырғанына мән беріп көріңіздерші!? Мәңгілік өмір сүрудің құпиясын іздеген еңбектерді, шатысып ойлап тапқан «Эволюциялық биологияны», «Эмбриялогиялық биологияларына» мән беріп көрдіңіздер ме? Ғарышты зерттеуге құмартқан астрофизиктердің ұстанымына, ХХ-ғасырдан бастап бері­летін «Нобель» сыйлығы иегерлерінің 95 пайызы атеистер екеніне мән беріп көрдіңіздер ме? Мынауың модернді айтып келіп, неге ғылымға көшіп кетті деген сұрақ туындаған болар? Себебі, «Модерн» тікелей ғылымға байланысты бағыт. «Модерн» қазіргі біз білетін Еуропа ғылымының дамуынан пайда болған. Мәселен, материя, обьекті, субьектілердің қатысына байланысты, психология ғылымында – психоаналитика саласы пайда болды. Психоаналитика дегенде, ойымызға, сөз жоқ, Адлердің мектебі мен атақты Фрейдтің мектептері келеді. Міне, осы психоаналитика пайда болуымен ХХ-ғасыр басындағы Пруст, Кафкалардың шығармаларында адам санасына бойлай отырып, кейіпкердің ішкі диалогтары арқылы психологиясын ашып көрсету пайда болды. Еуропа қоғамының ішіне үңілген сайын, «модерннің» басты идеясы « Құдайдың мәнін адам санасынан өлтіріп, жаңа дін, ғылым дінін әкелу» екендігіне сенімім арта түсуде. Мо­дерннің – «жаңашылдық» – деп аталатын танымының астарында, бізді жегідей жеп тынатын, қатпар-қатпар келеңсіз сырлардың жатқанын көрер көзіміз соқыр болып, алданып қалғанымзды ұғынатын уақыт болған секілді. Біз Абай мен Алаштықтардың жа­ңа­шылдығын айтқанда, көптеген үлкен мәселелерге көңіл аудармай жүрміз. Мо­дернизмнің анықтамасындағы «дәстүр мен дінді жоққа шығаратын бағыт» дегенді байқауымыз керек еді ғой. Жан Франсуа Леотарь: «Франция Темір дәуірінде жетістікке жетпегенін мойындау арқылы, діні мен дәстүрінен бас тартып, жетістікке жетті» – деген болатын. Ал, біздің Абайымыз болсын, Алаштықтарымыз болсын, қайсысы ата дінімізден бас тартып, қайсысы салт-дәстүрімізді жоққа шығарған еді. Осы­ны ойланып көрдік пе? Бәріміз де Алаштықтарды репрессия кезінде «Жапон шпионы» – деп ұстап,атқандарын білеміз және Алаштықтардың расымен де жапон тілін меңгеріп, жапон саясаты мен өнеріне қызыққанын да білеміз. Бірақ, осы қызығушылықтардың неге пайда болғаны туралы ойландық па? Анығында Алаштықтар жапон халқының дәстүрі мен дінін Еуропа халықтарының ықпалынан жұтылып кетуге шақ қалған ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға негіз болған «Арзеомодерн» бағытын зерттеу үшін қызықты. Егер, жапон тарихымен таныс болсаңыздар, ХІХ-ғасыр басында Еуропаның алпауыт мемлекеттері, теңіз жолы арқылы отарлау мақсатымен күншығыстағы жапон жеріне әскер кіргізгенін білесіздер. Әлемді толық отарына айналдырғысы келген үлкен республикалардың жүргізген саясатының кесірінен ХІХ-ғасырдың екінші жартысында жапон халқының тәуелсіздігі қыл үстінде тұрды. Алпауыт елдердің ықпалынан, жапон халқының дәстүрі бұзылуға шақ қалып, жер-жерде самурайлар көтерілісі туындап жатты. Күншығыста орналасқан көзі қысық, діні, салты бөлек ұлт Еуропашаланып кетуге сәл-ақ қалды. Бірақ, Еуропа жеріне келіп, университеттерде оқыған жапон жастары, Еуропаның қаруы болған ғылымын игеріп, туған топырағына әкеліп «Археомодернді» жасап, жұтылып кетудің алдын алды. Бүгінгі күнде сол ХХ-ғасыр басында қолдарынан іс келмейді деп саналған, Еуропада «Қысық көзді топастар» – деп кемсітілген жапондар, ғылымда, технология өндіру мен робот жасауда алдарына жан салмай келеді. Сонымен, Археомодерн дегеніміз – тұрмыста, өнерде, мемлекеттік басқаруда ұлттық құндылығың мен дәстүр-діні­ңе қайшы келмейтін «модерннің» эле­менттерін қабылдап, қайшы келетін тұстарын ұлттық танымыңа икемдеуді айтамыз. Біздің бас қатырып, айтысып, тар­тысып жүрген сұрақтарымызға жауап табыла бастаған сияқты. Сон­дағы біз айтып жүрген Абайдың жаңа­шылдығы, Алаштықтардың жаңа­шыл­дығы Археомодерн болғаны ғой! Тәуелсіздік алғаннан кейін, кеңестік жүйе бекітіп берген социалистік реализмнен құтылған, кейін, әдебиетімізде, жалпы қазақ өнеріне жаңаша бір серпіліс қажет болды. Елімізде тәуелсіздіктен кейін, Абайдан бастап модернист санап, Алаштықтарды модернистер деп танып, Батыс Еуропада модернизмнен кейін келген постмодернизм бағыты біздің бағыт деп таныған «батысшыл» топпен қоса, әдебиетіміз дініміз бен дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды ұлықтау керек деп білетін «ескішіл» топтар да пайда болды. Қай-қайсысының да арманы, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеру екеніне дау жоқ. Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеру үшін постмодернист те, ескішіл болудың да қажеті жоқ. Постмодернизм дегеніміз ұлттық құндылықтарға миф арқылы оралу емес, (Осы тұста бір айта кетерлік жайт бар. XX-ғасырдың екінші жартысында әлемді дүр сілкіндірген Латын Америкасының әдебиеті, постмодерн бағытындағы әдебиет емес. Батыс зерттеушілері атау берген магиялық реализмнің де шең­беріне сия қоймайды. Сонымен қоса Орхан Памук, Мо янь сынды еуропа нәсілінен шықпаған жазушылардың шығармаларына постмодерндік әдебиеттің қатарынан орын беріп жүргеніміз де қате сынды. Батыс зерттеушілері галлюцинациялық реализм деп атаған бұл екі жазушының шығармалары постмодерн шеңберінен шығып кеткеннен кейін қойылған атау сынды.) Ал, ескішілдік, жаһандану қар­қынды жүріп жатқан уақытта, ақ­параттар қалыптан тыс ағылып жат­қан кезеңде, технологиялар күннен-күнге алға жылжып жатқан XXI-ғасырда тығырықтан шығаратын жол емес. Бізге бүйректен сыйрақ шығарудың қажеті жоқ. Ұлы ақынымыз Абай бастап берген, Алаштықтарымыз қалыптастырған Археомодерн бағытын ұстансақ жетіп жатыр. Әдебиеттанушы ғалымдарымыз Археомодернді әдебиетіміздегі бағыт ретінде танып, Алаштықтардың мұрасын осы бағыт негізінде зерттесе, былыққан көп дүниелеріміз реттелер еді. Кейбір әдебиеттанушы ғалымдарымыз Алаштықтардың еңбектерін зерттеу барысында жаңашылдықтарын модернизм деп қарап, осы бағыт аясындағы сентимантализм, символизм, реализм, натурализм, экзистенциализм сынды «измдердің» белгілерін көріп, Мағжан символист, Ілияс сентементалист, Сәкен футурист деген сынды анықтамалар беріліп жүр. Бұл «измдердің» тегін анықтау,біздің басты мән беру керек болған мәселеміз. Мәселен сентиментализмді, «күйректік» – деп қана таныйтын болсақ, онда М.Әуезов атауын берген «зар заман ақындары» нағыз сентименталистер болып шығар еді. Ал, Еуропа сентиментализмінің тегіне алдыңғы мақаламызда тоқталған едік. Дәл осындай проблемалар экзистенциялизм бағытында да жеткілікті. Экзистенциялизм християндық, исламдық, атеистік болып үшке бөлінеді. Еуропада беделі аз Керкагор қалаған христиандық экзистенциялизм мен Гуссарл бастаған атеистік экзистенциялизм бар. Ал, біздікі бастауын Қожа Ахмет Иассауй алатын, кейін Абай, Шәкәрім жалғастырған исламдық, соның ішінде, сопылық экзистенциялизм. Символизм де: батыстық, шығыстық, түркілік, мысырлық, араб­тық, қытайлық болып бөлініп кете береді. Сондықтан, шығарманың формасына, стиліне, ішіндегі «измдерге» қарап, модернистік, болмаса постмодернистік шығармалар деп анықтай алмаймыз. Айта берсек, әдебиеттанудағы проблемалар аяқталмайды. Айтпағым, асыл дініміз бен ұлттық құндылығымызды барынша сақтап қалған, әрі келесі ұрпаққа жол са­лып берген Алаштықтарымызды модернист, постмодернист деп қорламай, өздері қалағанымен атауын, енді, алып отырған Археомодернистер деп танып, барлық қазақ осы жолды ұстансақ, нұр үстіне нұр болар еді!

1741 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз